-6.1 C
Almaty
Сейсенбі, Наурыз 21, 2023
Сейсенбі, Наурыз 21, 2023

Исламдағы тамақтану мәдениеті

Бұл дүниеде адамның екі қажеттілігі бар. Бірі, физикалық қажеттілік болса, екіншісі, рухани қажеттілік. Физикалық қажеттілігі – адамның тағамға мұқтаж болуы. Тамақтану – күш-қуат көзі. Онсыз адам әлсіреп кетеді. Сол үшін дана халқымыз «Ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған. Олай болса, тамақтану – өміріміздің басты бөлшегі. Дініміз ислам – өмір сүру салты десек, тамақтану мәдениеті де – дініміздің бір бөлшегі. Ислам өміріміздің барлық саласын қамтитынын ескерсек, тамақтануға қатысты қандай өлшемдер мен қағидалар барына тоқталайық.

«Сен немен тамақтансаң, сол – сенің өмірің» деген қанатты сөз бар. Денсаулығымыздың жақсы болуы не ішіп, не жейтінімізге тікелей байланысты. Сол үшін де дәрігерлер дұрыс тамақтануды насихаттайды. Әрі осы тақырып аясында семіздік мәселесімен жиі дабыл қағады. Семіздіктен зардап шеккен балалар саны әлем бойынша 2025 жылға дейін 70 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы Дәрігерлерінің есебі. Мұны «XXI ғасырдың дерті» деп те атап кеткен. Қазақстандық балалардың 20 %-ы да дәл осы семіздік ауруынан зардап шегетін көрінеді. [1] Осылайша, күнделікті тамақтану арқылы не шымыр, ширақ болуыңыз мүмкін. Һәм дәл сол тамақтану арқылы семіздікке шалдығып, науқас болуыңыз да мүмкін. Таңдау сізде.

Өміріміз қарбалас. Асығып, ішкен-жегенімізге аса мән бермей жатамыз. Дұрыс тамақтанудың денсаулыққа берер пайдасы мол. Бұны көріп те жүрміз. Медицина саласындағы мамандар дәлелдеп те жүр. Енді исламдағы дұрыс тамақтануды қарастырайық.

Исламда құпталмайтын әрекет – қомағайлық, ашкөздік. Одан әр мұсылман сақтануы керек. Тоя жеу денсаулыққа зиян екені мәлім. Тоя жеудің соңы – семіздік. Ал семіздік қан қысымына зиян, әрі жүрек ауруларына әкеп соғады. Тоя тамақ жейтін адамдарды Пайғамбарымыз да (с.а.у.) ұнатпаған. Бірде бір мұсылманың тойып алғаннан өзіне жараспайтын кейіпте кекіре бастағанын байқаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кекіруді тоқтат. Өйткені, дүниеде тоя жеген адамдар қиямет күні ұзақ уақыт аш қалатындар», – деп қатаң ескерткен. [2] Халқымызда «Өле жегенше, бөле же» деген дана мақал бар. Бұл сөз тойып жеуден гөрі, басқаларға бөлісуге шақырады. Тойып жемеу арқылы денсаулығыңа пайда әкеліп, өзіңе жақсылық жасайсың. Өзгемен бөлісу арқылы басқаға да жақсылық етесің.

Ал, дініміздегі мына тарихи оқиғаға көз салсақ, Жебеле бин Сухайм Ибн Зубайр екеуміз соғысқан жылы қатты ашаршылық болды. Бізге тамақ орнына құрма таратылды. Құрманы жеп жатқанымызда Абдуллаһ бин Омар қасымыздан өтіп бара жатып бізге былай деді: «Құрманы қос-қостап жемеңіз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с) бізге құрманы қос-қостап жеуімізді шектеді». [3]

Адам – теңдессіз жаратылыс. Себебі бізді ақыл иесі етіп жаратқан. Ал ақыл иелерінде әркез таңдау болады. Астың адалынан іше ме, әлде арамынан іше ме – өз еркі. Өз кезегінде Алла Тағала қасиетті кітабы Құранында құлдарына жол көрсетеді. «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің адал, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер. Егер шынымен бір Өзіне ғана құлшылық ететін болсаңдар, Аллаға шүкіршілік етіңдер». («Бақара» сүресі 2:172) Пайғамбарымыз (с.а.с) да: «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады», – дейді. [2] Бұдан бөлек бір хадисінде: «Адал жеу – сауап, арам жеу – күнә», – деген. [2] Адамның өміріне үлкен әсер ететін фактор – адал ас ішу. Мәселен құлшылығының қабыл болуы не қабыл болмауы асының адал болуына қатысты. Тіпті, адамға жақсы ойлардың келуі үшін де асы адал болу керек. Дінтанушы Рауан Чингужановтың: «Адал тамақпен ас ішпеген адамда адал ойлар келмейді», – деген сөзі бар. Адал астың қаншалықты маңызды екені осымен-ақ түсінікті болар.

Адал асқа нендей ас жатады? Енді соған тоқталайық.

Асың адал болуы үшін алдымен еңбегің адал болуы керек. Сол асты сатып алар ақшаң адал термен келуі тиіс. Адал еңбекпен тапқан нәпақа мен оған сатып алынған тамақ үшін де сауап беріледі.

Екінші мәселе Алла Тағала арам еткен дүниелерден аулақ болуымыз керек. Құранда Алла Тағала не нәрсеге рұқсат еткені, не нәрсеге рұқсат етпегені жайлы анық жазған. Олай болса, келесі аяттарға көз жүгіртейік. «Ендеше оларға: «Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын. Тек өлексе, ағызылған қан, доңыз еті – өйткені доңыз – арам жануар – немесе хақ жолдан тайғандықты білдіретін, Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса, оның жөні бөлек. Алайда кімде-кім басына аштан өлу қаупі төніп, бұлардан жеуге мәжбүр болған жағдайда, мұқтаждық шегінен (яғни, жүрек жалғайтындай ғана мөлшерден) асырмау һәм біреудің ақысына қол сұқпау шартымен (жесе болады). Шүбәсіз, Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айт». («Әнғам» сүресі 6:145) Осы аятта өлексе, ағызылған қан, доңыз етінің харам екені нақты жеткізілген. Ойымызға бірден «Ал өлген балықты жеуге болмай ма?» «Ұйылған қан яғни бауырды да жеуге болмай ма?» деген сұрақтар келеді. Алла Елшісінің (с.а.у.) мынадай бір хадисі бар: «Сендерге екі өлексе (өлген мал) және екі қан халал етілді. Екі өлексе – балық және шегіртке. Ал екі қан – бауыр және көк бауыр». (Ибн Мажа) [4]

Құрамында күмәнді қоспалардың болмауы. Қазіргі таңда көптеген тәттілердің, сусындардың құрамында таза немесе таза емесі беймәлім күмәнді заттар болады. Ондай астан сақтану үшін құрамына мән берген дұрыс. Сатып алмас бұрын құрамын оқып, бір зерттеп алған жөн. Мысалы, құлпынай қосылған көптеген айрандардың бояғышы – кармин. Бояудың бұл түрі кошениль қоңыздарынан жасалады. Карминнің зияны да ұшан теңіз. Ол ұйқысыздық, астма, терінің қабынуы сынды ауруларға алып келеді екен. Шариғи үкімі бойынша, Ханафи, Шафиғи, Ханбали мәзхабы ғұламаларының айтуы бойынша шегірткеден өзге жәндіктердің бәрі харам. [5] Бұл кармин сүт өнімдері мен тәттілерде жиі кездеседі. Әдетте құрамында «кармин» деп жазылмағанмен, «Е120» атауымен беріледі. Бұл оның қысқаша атауы.

Мұсылманша мал сою шарттарын білу керек. Еті адал, таза мал да дұрыс сойылмаса харам болады.

Дұрыс сойылудың нендей шарттары бар?

Біріншіден, сойып жатқан адам мұсылман болуы шарт. Сондай-ақ ол Алланың атымен бауыздалуы қажет. Оған мына бір аяттар дәлел: «Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және
Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам етілді».
(«Мәида» сүресі  5:3) «Біз (адамзат тарихындағы пайғамбарлардың соңынан ерген) әрбір иманды үмбет үшін құрбан шалу рәсімін межелі уақытта һәм межелі жерде орындалуы ләзім құлшылықтың бір түрі қылдық. Біз мұны олар Раббыларының өздеріне ризық ретінде берген малын Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын деп істедік…» («Хаж» сүресі 22:34) Ұсынылған екі аятта да Алла кез келген рұқсат етілген малды «Бисмилләһ» деп, Алланы еске ала отырып союға нұсқайды.

Алла Тағаланың кейбір малды халал етіп, ал кейбірін харам етуінде хикмет бар. Құранда бұл туралы: «…Сол пайғамбар оларды жақсылыққа үндеп, жамандық атаулыдан тыяды. Оларға таза һәм пайдалы нәрселерді адал етіп, лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады...» («Ағраф» сүресі 7:157) Аятта зиянды нәрселерді харам еткенін ашық айтып тұр. Расымен, жоғарыда қарастырған карминнің денсаулыққа зиян екенін анықтадық. Сондай-ақ шариғатта доңыз еті де арам етілген. Доңыз еті – өте майлы. Оның құрамында «сутоксин» деген улы заты бар. Денеге енген бұл улы заттың сыртқа шығуы үшін лимфа бездері шамадан тыс көп жұмыс істеуі қажет. Осылайша бұл лимфа бездерінің асқынуына, медицина тілімен айтқанда «доңыз ауруына» алып келеді. [6] Бұл тек бір ғана зияны. Одан да басқа зарары қаншама.

Тамақтану мәдениетінің келесі қағидасы – ысырапқа жол бермеу

Ысырап дегеніміз не? «Ысырап» сөзі араб тілінен енген. «Босқа шашу», «мөлшерсіз жұмсау» дегенді білдіреді. Сонда ысырап деген – Алла Тағаланың тарту еткен несібесіне немқұрайлы қарау. Нығметті, ризықты бет алды шашу. Тамақтанғанда ысырапқа жол бермеген жөн. Себебі Алла Құранда былайша ескерткен: «…(Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі 7:31). Ислам дінінде әр әрекеттің мән-мағынасы, себебі мен хикметі болады. Мәселен, тамақты тек асқазан толтыру үшін жемеу керек. Тамақтанудағы басты мақсат – ісімізде, Аллаға деген құлшылығымызда қуаттырақ болу. Адам не нәрсеге ниет етсе, сол болады. Сол үшін Алла разылығы жолында еңбек етіп, жұмыс жасау үшін тамақ ішу керек.

Ислам мәдениеті бойынша келесі амалдар құпталады:

  • Алланың атымен ас бастау;
  • Қатты тойып тамақ ішпеу;
  • Дастархан басында отырғанда үлкен адамның бастауын күту;
  • Асты оң қолмен жеу;
  • Өзгенің тамағына қол созбай, өзінің алдынан жеу;
  • Тамақты оң қолмен жеу;
  • Ыстық болса да, тамақты үрлемей жеу.

Тамақ жеуде қарастыратын мәселе – тазалық

Ислам діні – тазалыққа негізделген дін. Сондықтан тамақ жеуде ескерілетін қағида – тазалық. Пайғамбарымыз (с.а.у.):  «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда» – деген. [3] Сол үшін тамақ алдында қол жуу – ақырғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у) сүннеті. Қазір бұл күнделікті іс-әрекет. Себебі қазір тамақ алдында қол жуу рәсімі мәдениеттің бір бөлшегіне айналды. Себебі денсаулық сақтау саласының мамандары таза жүруге шақырады. Ғылым қол жуудың зиянды бактериялардың алдын алатынын білді. Ақиқатында мәдениеттің бұл түрі он төрт ғасыр бұрын үйретілген еді.

Дастархан басындағы құрмет

Халқымызда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұғымы бар. Осы ұғымға сәйкес дастархан басында үлкен адамның ас ішіп бастауын күтеді. Ас ішіп болған соң да, үлкен адамның не мәртебесі жоғары адамның батасын алуға тырысады. Исламда да дәл осыны дәріптейді. Ибн Асакирден жеткізген хадисте былай делінген: «Дастархандағы тамақты ең бірінші сол елдің әмірі немесе үй иесі немесе қауымның жақсысы бастасын» [3]. Хузайфа атты сахаба «Пайғамбарымызбен (с.а.с) бірге тамақтанғанда ол кісі бастамай асқа қол сұқпайтынбыз», – деген. [3]

Қазақта тамақ ішіп болған соң үлкендерден бата сұрайды. Бата – Аллаға Тағалаға шүкір етіп, дұға ету. Исламда – тамақтан кейін шүкір мен мақтау-мадақ айту құпталатын амал. Әнәс ибн Мәликтен (р.а) жеткен хадисте былай делінген: «Ақиқатында, Алла тамақ жеген соң, Өзіне мақтау айтатын немесе сусын ішкен соң Өзіне мақтау айтатын пендеге разы болады». (Муслим). [3]

Тағамды әркім өз алдынан жеуі керек. Бұл – басқаларға құрмет, сыйластықтың белгісі. Дегенмен бұл сүннет барлық тағамдарға қатысты емес. Мәселен, жеміс, салат және т.б. тағамдарды алу үшін қол созуға болады. Бұл әрекеттің еш әбестігі жоқ.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ыстық тамақты үрлеуге, су не ас ішіп жатқан ыдысқа дем шығаруға тыйым салған. [7] Себебі бұл тамақтың берекесін қашырады. Берекесіз болатындықтан, тамақты өте ыстық күйінде ішу де сүннетте құпталмайды.

«Ішіп-жеу үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін ішіп-жеңіз»

Әлеуметтану ғылымының негізін салушы, тарихшы Ибн Халдун исламдағы тамақтану әдебі жайлы керемет зерттеу жүргізіпті. Ол адамдар мен жануарларды бақылап, бір қорытынды шығарады. Сол зертеуге көз жүгіртейік.

Ибн Халдун қоғам мен жан-жануарларға бақылау жүргізген. Ол сол арқылы ішкен су мен желінген астың адам мінезіне әсер ететінін дәлелдейді. Оны тамаша мысалдармен түсіндірген. Ғалымның айтуынша, көл-көсір дүниенің арасында шалқып, молшылықта өмір сүріп, тағамның небір түрін жеп жүрген адам мен жоқшылықтың қыспағында жүрген адам мен жейтін асы санаулы адамның арасында  үлкен айырмашылық барын айтқан. Айтуынша, ауылдық жерде, шөл далада өмір сүріп, арпа, жүгері секілді қарапайым тағамдарды тұтынатын адамдардың  дене бітімі  ширақ, түр-түсі реңді, әдемі, мінез-құлқы қалыпты, ілімге зейіндері алғыр болып келеді. Тіпті, шөлді, құрғақ жерде тіршілік ететін жануарлардың терілері мығым, кескін-келбеті әдемі, ағзалары қалыпты екенін айтады.

Ал әр түрлі жеміс-жидек пен көкөніс өсетін молшылық жерлерде  өмір сүретін һәм өлшеусіз ішіп-жейтін адамдар таяз ойлайтын, дене бітімі алдыңғыға қарағанда өзгеше болып келетінін айтады. Ғалым мұның себебін былай түсіндіреді: «Көп тамақ жеуден ағзада жағымсыз иіс туады. Сол себепті  ағза өсіп жетілу барысында тепе-теңдігін жоғалтады. Семіздіктің себебімен түсі тартымсыз һәм түрі  ұсқынсыздау болады. Осылай тамақтанған адамның миы, ақыл-ой және ойлау қабілеті бәсеңдейді. Нәтижесінде  уайымсыз салғырттыққа, ғапылдыққа душар болып, бүкіл жақсы қасиет атаулыдан мақұрым қалады». [8]

Ибн Халдун көп тамақ жеудің тек денеге ғана  емес, мінез-құлық пен құлшылыққа да айтарлықтай  кері әсері барын айтқан. Оның айтуынша, жайлы   өмір сүріп, жылы жұмсақ тағамдарды тұтынатын  адамдарға қарағанда жоқшылықта, таршылықта  ғұмыр кешетіндер әлдеқайда діндар болып келеді екен. Тіпті, көп ет жейтін, небір  түрлі тағамдарды тұтынатын адамдардың жүректері  қатты һәм ғапылдыққа жақын болатынын, сол себепті қалада өмір сүретіндердің арасынан діндар адамдардың аз шығатынын, құлшылыққа құмар, дүниеге деген қызығушылығы жоқ адамдардың таршылықта өмір сүретіндердің ішінен шығатынын айтады. Сондықтан, мүмкіндігінше тамақты аз жеу қай қырынан болсын пайдалы екендігін жеткізген. [8]

Бұл жерде тамақты шамадан тыс көп жеудің зияны нақты айтылған. Шамадан тыс көп жеу адамның қарны тойса да, көзі тоймай жеуі. Осыған орай Пайғамбарымыздың (с.а.у) мынадай бір хадисі бар: «Адам баласы еш уақытта  өзінің қарны секілді жаман ыдысты  лықа  толтырған емес. Асылында,адамға әлденіп алу үшін аз ғана тағам жеткілікті. Ал егер оған міндетті түрде ішіп-жеу керек болса асқазанының үштен бірін тамаққа,үштен бірін сусынға толтырсын. Қалған үштен бір бөлігін тыныстау үшін бос қалдырсын». [9]

«Ішіп-жеу үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін ішіп-жеңіз» деген қанатты сөз бар. Тамақтану – физикалық қажеттілік. Күш-қуат та дәл осы тамақтану арқылы алынады. Жай ғана тамақ жеу арқылы мол сауапқа кенелсек те болады. Ол үшін ислам шеңберінен шықпай, ас ішкен жөн. Ішкен-жегеніміз үшін, сауапқа кенелте алатын Алла Тағалаға шүкірлер болсын!

 

Жаннұр Таласбаева

 

Ақпарат дереккөзі:

 

[1]   https://tengrinews.kz/medicine/elmzde-10-16-jas-aralyigyindagyi-jasosprmder-arasyinda-367457/

[2]  http://mazhab.kz/kk/maqalalar/din-men-dastur/islamdagy-tamaqtanu-adebi-1248/

[3] https://ummet.kz/islam-tarihy/365-paigambar-tarihy/13140-pajgambarymyzdyn-s-g-s-tamaktanu-adebinen-onege.html

[4]  https://www.islamdini.kz/articles/view/1293

[5]  https://islam.kz/kk/questions/arturli/karmin-e120-tagamdyq-qospasy-haram-ba-1215/#gsc.tab=0

[6] https://islam.kz/kk/articles/iman-alippesi/kudikpen-kures/donyz-eti-nelikten-haram-69/#gsc.tab=0

[7]  http://mazhab.kz/kk/maqalalar/din-men-dastur/islamdagy-tamaqtanu-adebi-1248/

[8]  https://massaget.kz/blogs/26504/ Н.Қалдыбеков.Адал астың артықшылығы. —Алматы:Көкжиек  баспасы,2017. —126 б.

[9]   http://mazhab.kz/kk/maqalalar/hadis-jane-sunnet/tandauly-hadister-men-magynalas-maqal-matelder-1689/

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here