27 C
Almaty
Дүйсенбі, Маусым 27, 2022
Дүйсенбі, Маусым 27, 2022

Кеңес үкіметі және имамдар

1917 жылдың 24 қарашасында кеңес үкіметі «Ресей мен Шығыс мұсылмандары үшін» декларациясын жариялады, онда былай делінген еді: «Ресей мұсылмандары… сіздер барлықтарыңыз, мешіттерің мен намаз оқитын үйлеріңіз бұзылып, сенімдерің мен салт-дәстүрлерің патшалық Ресейдің зұлымдығына ұшырады: бұдан былай сіздердің сенімдеріңіз бен әдет-ғұрыптарыңыз, ұлттық және мәдени институттарың әрдайым еркін және оған қол сұғылмайды. Құқықтарыңыз, Ресей құрамындағы барлық халықтардың құқықтары секілді, революцияның күшті қорғанысы астында болатынын біліңіз…».

Осылайша революциядан кейін дінге,  сенім бостандығына дәстүрге құрметпен қарайтындығы туралы жариялаған большевиктердің исламға қарсы саясаты  1920 жылдан бастап біртіндеп өзгерді. Әсіресе елдегі имамдар мен кез келген діни рәсімдерді жүзеге асыратын мешіт қызметкерлері «аса қауіпті элемент» ретінде танылды.. Өз кезегінде партиялық кеңестік органдар діни сана сезімін мұсылмандардың ең маңызды міндеті ретінде қарастырып, имамдардың беделін  түсіруге тырысқан. Діни саясаттың әкімшілік-пәрмендік және репрессиялық-мәжбүрлі әдістері И.В.Сталиннің 1927 жылы 9 қыркүйекте жасаған баяндамасында анық айтылған: «Партия, жұмысшылардың санасын уландыратын кертарпа дінбасыларына (имамдар мен мешіт қызметкерлері) қатысты діни бейтараптық таныта алмайды. Біз реакциялық көзқарастағы дінбасыларымызды жойдық па? Ия, жойдық. Алайда ең үлкен мәселе болып тұр, біз оларды түбегейлі әлі жоя алмадық».

Міне, осылайша өз табиғаты жағынан бір-бірін толықтырып келген большевиктік, социалистік және коммунистік жүйенің түбегейлі мақсаты – идеологиялық кеңестікте бәсекелеске қауқарлы кез-келген басқа көзқарас пен дін атаулыны жою еді. Кеңес билігі мұсылмандық институттардың ішінде  ислам шариғатының барлық шарттарын орындайтын әрі халық арасына кеңінен таратушы ретінде ишан, ахунд, қожа, молдаларды, имамдарды қауіпті күш деп есептеген.  Аталған инситуттарға қарсы күрес саяси және идеологиялық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан, оған жаңа әлеуметтік тәртіп ретінде жүзеге асқан. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында партия мен діндар арасындағы идеологиялық ымыралыққа қарамастан,  большевиктік саясаттың түпкі көздегені дінбасыларының мұсылман қоғамындағы ықпалын әлсірету-тін. 1919 жылғы РКП (б)-ның бағдарламасында, мысалы, «діни фанатизмді біріктіруге әкелетін имамдардың іс-әрекетіне кез келген қорлаудан мұқият сақтану керек» деуі осыған айғақ.

Кеңестік кезеңді, хронологиялық ауқым бойынша бөлетін болсақ, 1920-1950 жылдары мұсылман дінбасыларының екі категориясы болды, олар діни қызметті ресми түрде орындайтын имамдар мен діни әкімшіліктің рұқсатынсыз және жергілікті кеңеске тіркелмей діни рәсімдерді жүзеге асырған молдалар.  Екінші  топтағы  молдаларға кез келген діни рәсімді орындауға тыйым салынған және оларға түрлі әкімшілік шаралар қолданылған. Елдегі діни ұйымдарды басқарудың әкімшілік әдістерінің бір көрінісі ретінде, айта кету керек, мұндай айырмашылық жасанды түрде жасалды.  Бұл  көрсетілген сатыдағы екеуі де социалистік құрылысқа және коммунизмге «қауіпті» элемент ретінде мемлекет қадағалауында болды. Діни әдет-ғұрыптарды орындауға және намаз оқыту қызметтерін атқаруға уәкілетті және рухани әкімшіліктің рұқсатынсыз қазақстандық имамдар қудалауға ұшырап тұрды, осылайша, КСРО әкімшілігі имамдарды жіті бақылауға алды.

Имамдарға деген салық жылдан-жылға көтерілді және балаларының білім алуларына шектеу қойылды, ауылдық аймақтарда жер телімі оларға тең бөлінбеді, «жұмысқа жарамсыз» деп танылып, әлеуметтік жәрдем ақыдан қағылды, отбасысымен қоса азаматтық құқықтарына шектеу қойылды және мемлекеттік қызметке жұмысқа тұруға тыйым салынды [5]. 1930 жылдардың ортасындағы ұжымдастыру мен қуғын-сүргін саясатының екінші толқыны кезінде имамдарға қарсы қыспақ күшейе түсті және ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне әкелді. Соғыстан кейінгі жылдары имамдардың басым бөлігі өз қызметіне қайта оралмады.

1931-1933 жылдары ОАК-нің берген ақпарында Қазақстанда бар жоғы 499 мешіт өз қызметін жалғастыра білген. Осы мәліметтерді тұтастай облыс бойынша жіктейтін болсақ, Семей округында бар жоғы 10 мешіт, Оңтүстік Қазақстанда 24, Алматы қаласында 7, Жамбыл облысында 12 және т.б. мешіттер қызметін жалғастырған. Көптеген мешіттер жасырын түрде жұмыстарын жүргізіп, имамдар уағыздарын құпия түрде жүргізген.

Имамдардың барлығы дерлік Уфа, Қазан және Ташкентте «жәдиттік» білім алған, олардың Алматы облысы бойынша көрсеткен діни қызметі жоғары бағаланған және халық арасында үлкен абырой сыйға ие болған. 1900-1910 жылдары туылған имамдар тап большевиктердің билікке келген сәтте білімдерін жергілікті мектептер мен медреселерде алып, жоғары білімдерін сол ұжымдастыру мен индустриялау науқанында Ташкент, Самарқанд және Бұқара қалаларында жалғастырып, соғыс қарсаңында имамдық қызметтерін атқарған. Алматы қаласы бойынша жоғары білім алған имамдар бар жоғы 7 адам болды, олардың жасы 60 тан асқан. Сонымен қатар облыс бойынша табылған мұрағаттық құжаттарда 14 имамның жасы 60-68 аралығын және  12 имам 70-75 жас аралығын көрсетті.

Революцияға дейін дүниеге келген имамдардың бастапқы діни білім мен оқу сауаты жоғары болған. Жалпы Алматы облысы бойынша тіркелген 34 имамның, 27 «жәдиттік» мұсылман мектебінің түлегі болып шықты. Тоғыз мұсылман имамы өз уақытында медреселерді бітіріп, орта және жоғары рухани білім алған. Мұрағат құжаттарында кездесетін, ұйғырлардың басым шоғырланған аудандарында 15 имамның білім алу деңгейі анықталмаған. Тізімге қарағанда олардың ең кемі ислам негіздерінен сауат ашқан. Мәселен, сауалнама арқылы анықталған 1940-шы жылдардың қарсаңында мұсылман мектебінде оқитын алты татар имамы болғаны туралы мәліметтер келтірілген. Мұрағат құжаттарынан анықталған 11 имамның 7-і революцияға дейінгі кезеңде Алматы облысы бойынша мешіттерде имамдық қызметін көрсеткен. Олардың дерлік барлығы бастапқы білімін жергілікті мешіт құрамындағы мектептерде алып, жоғары деңгейде сауатты болған. Соған қарағанда бұл имамдар текті әулеттен шыққан, себебі кеңес билігінің алғашқы жылдарында коммунистік идеологияның бір тармағы «атеизмге» қарсы уағыздарын жүргізіп, оның қазақтың мұсылмандық қоғамына мүлдем жат екендігін жұма намаздарында айтып отырған. Мәселен, Алматы облысы Тарғап елдімекенінде 1918-1931 жалдары имамдық қызметін атқарған Абаш Ғарифуллович Ғарифуловтың жеке ісінде, оның халық арасында коммунистерді «кәпірлермен» теңеп, жаңа құрылған биліктің қазақ қоғамында «антисоветтік» іс-әрекеті үшін қуғынға ұшырағандығы жазылған. 1920 жылдардың ортасынан бастап исламды жоюға бағытталған кең ауқымды большевиктік шаралар үдеген кезде  имамдар мен мешіт қызметкерлері  өздерін қалай ұстады?

Шынында да, имамдар мен мешіт қызметкерлердің діни рәсімдерді орындауды табандылықпен жалғастырған.  Қазақстанның кейбір өңірлерінде ашық түрде, орыс халқының көптеп шоғырланған солтүстік және шығыс аймақтарында жасырын түрде, әсіресе қоғамдық және жұма намаздарында уағыздарын жүргізе берген. Оны біз жергілікті билік өкілдерінің жоғары билікке имамдар мен мешіт қызметкерлерінің «діни қолайсыз үрдістерін» жалғастырғандығы туралы агентуралық ақпараттардан аңғара аламыз.

1920 жылдың басынан бастап Қазақстандағы мұсылман халықтарының күнделікті мәдени өмірін өзгерту бағытында ОКП РКП(б)-ның «Ауылдық жерлерді тексеру бағдарламасы» әзірленді. Осы бағдарламаға сәйкес Түркістан АКСР-ін межелеу саясатымен қатар 1924 жылы ауылдық жерлерде партияның экономикалық-шаруашылық өзгерістердің нәтижелері, мұсылмандыққа қарсы жұмыстарының тиімділігі дәрежесін анықтау тапсырмалары берілді: имамдардың мәдени және білім беру қызметін анықтау, мешіттердегі имамдардың уағыздарының экономикалық, саяси немесе діни бояуын анықтау, молдалардың жергілікті халыққа деген рухани әсерін тексеру; дінге қарсы коммунистік өкілдерінің насихаттық жұмыстарының бағытын белгілеу, мұсылмандардың әдет-ғұрыптарын сақтаудағы имамдардың рөлін белгілеу.

1920 жылдардың басында ОАҚ КП (б) Орта Азиялық бюросының Пленумында вакуфтық жерлерді мектептер мен мешіттерге қайтару жөнінде бұйрығы жария етілді. Соның нәтижесінде 1923 жылы Уфа қаласында Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өтті. Съезд қазақ халқына үлкен әсер етіп, оған  алдын ала дайындыққа белсенді түрде кірісті. Халықтың мұндай белсенділігі ОГПУ-ның қызығушылығын арттырып, әрбір мешіт имамының артынан аңду жұмыстары жүргізілді.Алматы қаласы бойынша төрт имам 1918-1941 жж. өз қызметін жүргізді, тағы төрт адам муедзін қызметін атқарды. 1920 жылдардың аяғынан бастап мемлекеттің репрессивті қысымымен көптеген имамдар бұл қызметті тастап кетуге мәжбүр болды. ОГПУ-ның хаттамаларында өзінің өмірбаянында Талғар елді мекенінің жаңадан сайланған Ф.Мардығалымұлы орталық мешітінің имамы «1928 жылы мемлекеттің бұйрығы бойынша имамдық қызметінен өз еркімен бас тартты». Бұл кездейсоқ емес, Алматы облысы бойынша төрт жаңадан сайланған имам 1930 жылдары қылмыстық кодекстің 58, 60, 61, 169 баптарына сәйкес сотталды.

Мұсылман дін қызметкерлеріне қарсы қуғын-сүргіннің екі толқыны белгілі. Бірінші толқын 1928-1929 жылдары жүзеге асты, бұл кезде көптеген имамдар үш жылға бас бостандығынан айрылды, Орал мен Сібірдің лагерлеріне жер аударылды. Жазасын өтегендер босатылды, бірақ 1930 жылдардың ортасында екінші рет  репрессияға ұшырады.

Имамдар мен өзге де сатыдағы діни қызметкерлердің халық арасындағы беделін анықтау мақсатында 1926 жылы жаңа үлгідегі «Тексеру бағдарламасы дайындалды». Осы бағдарламаға сәйкес имамдардың жаңа қалыптасып келе жатқан жұмысшы тап өкілдеріне деген әсерінің деңгейін, әсіресе жастар мен әйелдерге деген ықпалын, азаматтық және мұсылмандық некелік қатынастарға қатысуын, қайтыс болған адамды жерлеу рәсімдеріндегі жаназасын шығарудағы қызметін, діни мерекелердегі салт-жоралғылардың орындалуын қадағалау тапсырмасы берілді.

Коммунистік билік органдары исламға қарсы белсенді жүргізілген үгіт-насихаттық шараларымен, кеңестік нормативтік-азаматтық тәжірибенің  енгізумен мұсылмандарының дәстүрлі отбасы мен күнделікті өмірін өзгертуге  ұмтылған, бұндай жұмыстарға имамдар табанды діни қызметімен үнемі кедергі келтірген. Мәселен, 1925 жылдың коммунистік биліктің баяндамасында «қазақ халқының, әсіресе шаруалардың арасында имамдар рухани кездесулер ұйымдастыруда, олардың «мухтасибтері» ауылдарды аралап, намаз үйлерін (мешіттер) ашуды және мұсылмандық мектептерді қалпына келтіруді талап етуде» деген ақпараттар бар.

Казкрайком ВКП (б)-ның 1926 жылғы 15 қазандағы дінге қарсы насихаттау жұмыстарының қорытынды жиналысында: «Қазақстандағы имамдар мен ауылдық «қаңғырып» жүрген молдалар өз әсерін, әсіресе жастарға тигізуде. Сауда-саттық, шағын-буржуазиялық және кулактық-мещандық топтарға сүйеніп, өздерінің діни мектептеріне оқушыларды тартуда. Олар осы тұрғыда кеңестік мектептердің әлсіздігін пайдалануда. Сондықтан біз негізгі билік ретінде халықтың арасында имамдардың үстемдік іс-әрекеттеріне шек қою керекпіз» деп жазылған.

Кеңес билігінің 1930 жылдардағы түрлі құйтыртқы саясатының тағы бір көрінісі – діни салт-жораларды сақтап, жұма намаздарында уағыз айтқан, Рамазан және Құрбан айттары күндері мешітке барған имамдардың, молдалардың, мүәзіндердің, мешіттің жанындағы мектептер мен медреселерде білім берген имамдардың тегіс барлығы «еңбекке жарамсыз элементтер» және «қоғамды арандатушылар» санатына жатқызылуы. Осы тұрғыда имамдар өздерін «атеист» және «қоғамға пайдасы жоқ» ОГПУ-ның мәлімдемелеріне қол қойып, «өтірікші» екендерін мойындауға мәжбүр болды. Мұндай мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқан имамдар қудаланды, түрмелер мен концлагерьлерге қамалды. 1930-1937 жылдар аралығында Қазақстанда жүзеге асқан репрессивті саясатың салдарынан молдалар мен имамдар жер аударып, ауылдық аймақтарда көптеген мешіттер мен діни мектептер бос қалды. Осы жағдайды пайдаланған кеңес билігі атеистік саясатын жүзеге асыру мақсатында «лениндік бұрыштарды», атеистік мұражайларды, кеңестік коммерциялық қоймалар мен дүкендерді, театрлар мен кинотеатрларды, би залдарын, ветеринариялық пункттерді ашып, имамдардың, соның ішінде олардың уағыздарын «кеңестік пен большевизмге қарсы арандатушылық» әрекеті деп халық арасында үгіт-насихаттар жүргізді.

Ислам дін өкілдеріне қарсы жүргізілген саясаттың қатыгездігін біз 1932-1937 жылдарды кеңес билігі «Құдайсыз бесжылдық» деп жариялануынан аңғарамыз. Бесжылдық аяқталғанда КСРО көлемінде бірде бір діни қызметкер қалмау керек деген жоспармен, ал мұсылман халқының санасынан «жаратушы» деген түсінік мүлдем сілініп тасталуы тиіс деген ұранмен жүзеге асты. Исламға және діни қызметін жүргізген имамдарға қарсы қудалау саясатының өрістеуіне, мешіттер мен оның жанындағы мектептердің жабылуына, кең таралған атеистік насихатқа қарамастан Кеңес Одағының құрамындағы  халықтардың мұсылмандығын бүтіндей жойып жібере алмады.

 

Темур Аманқұл – Дінтану ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы.

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here