Ысырап жайлы қазақта «Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ» деген сөз бар. Ысырап кез келген дінде болсын, ұлтта болсын құпталмайтын іс. Қазақтың ұлттық құндылығының бірі деп ысырапқа жол бермеуді айта аламыз. Кішкентай баланың өзіне «нан қоқымын жина, шашпа» деп үйретеді. Осы орайда бала кезде жаттап өскен «нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар, теріп алып қастерлеп, торғайларға тастаңдар» деген жолдар еріксіз есімізге түседі. Бұның бәрі де сәби кезімізден біздің бойымызға қоқымның өзі үлкен маңызға ие екенін ұқтырады.
Ысырапқа қатысты батыстық таным
Ысырап етушілер, ысырапты сүйетіндер түптің түбінде жақсылыққа тап болмайды. Бұл әлемдік деңгейде дәлелденген құбылыс. Шотланд экономисі, философ Адам Смит «кез келген ысырапқор – қоғамның жауы, кез келген үнемшіл адам – жарылқаушы» деп айтқан. Қоғам – адамнан құралатын болғандықтан, бір адамның ысырапқа жол беруі тек өзінің ісіне емес, бүкіл қоғамның қозғалысына әсер ете алады. «Мен ғана осылай істесем, ештеңе өзгере қоймас» деп айту және солай жасау – ең үлкен қателік. Жалғыздың үні шықпауы мүмкін, алайда бір адамның әрекеті екінші адамның қандай қадам жасайтынын көрсетеді. Біз бір-бірімізге үлгіміз, сол үшін де ысырапқа жол бермеу – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Ысырапшылдық туралы сөз еткенде бірден ақшаны, материалдық дүниені оңды-солды шашу көз алдымызға келеді. Алайда ысырапшылдық тек бұнымен шектелмейді. Сөз, уақыт, жеп-ішу және тағы басқа кезде де ысырапшылдыққа жол беріп қоюымыз әбден мүмкін.
Сөзді ысырап ету
«Он күнәнің тоғызы тілден» демекші, тілім бар екен деп артық сөз, қажетсіз сөз сөйлеу ысырапшылдыққа жатады. Бұдан бөлек «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Кісі етін жемеңдер» яғни өзгені өсектемеу сынды ескертулер қазақ халқының бойына сіңген. Артық, қажетсіз сөз ешқашан береке алып келмеген. Ысырап болған сөз жайлы исламда да айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген. Алла елшісі (с.а.с) орынсыз, мағынасыз сөйлегенге қарағанда үндемеу артық екенін алға тартады. Сонымен қатар, сөз ысырып болуы – адамның иманының әлсіреуіне алып келеді. Айтылған сөз, атылған оқ екенін бәріміз білеміз. Артық кеткен сөзді қайтара алмаймыз, орнын түзете алмаймыз. Сол үшін де сөзіміздің ысырап болмауын қадағалауымыз керек. Себебі, сөзіміз ісімізге, ісіміз әрекетімізге, әрекетіміз өмірімізге тікелей байланысты болады. Біздің орынды, жөнді сөзіміз арқылы Алланың алдында дәрежеміз көтеріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны жәһәннамның түбіне лақтырады», – дейді.
Артық ас – ысырап
Ысыраптың тағы бір түрі – әрі ұнамсызы ішіп, жеуден ысырапшылық жасау. Құранда Алла бұған қатысты былай деген: «….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді». («Ағраф» сүресі, 31-аят) Бұл туралы Расулалланың (с.а.с) мынадай хадисі бар: «Ысырап пен тәкәппарлық етпестен ішіңіз, жеңіз және садақа беріңіз». [1] Тамақты ысырап етпей, дұрыс, адал ішіп-жеудің ислам дінінде маңызы өте зор. Исламның дәуірі жаңа басталған кезеңде сахабалардың жағдайы қандай қиын болғаны белгілі. Олардың тіпті бір түйір нанға зар болған кездері болды. Бұған дәлел Уруа (р.а): «Айша анамыз (р.а) маған:
- Уа, жиенім! Алланың атымен ант етейін! Бір кездері біз жаңа туған айды, содан соң келесі айды, содан кейін және бір айды, яғни екі айдың ішінде туған үш айды қатарынан көрсек те, Алла елшісінің (с.ғ.с) үйлерінің еш бірінде от жағылып, қазан асылмайтын еді»,-деді.
Мен одан:
- Уа, апатай! Сонда нені азық етіп, күн көрдіңіздер? – деп сұрадым.
Ол:
- Қос қараны, яғни, қара құрма мен қара суды талғажау еттік. Сондай-ақ, Алла елшісінің (с.а.с) біршама сауын түйе ұстайтын ансарлық көршілері бар болатын, солар Алла елшісіне (с.а.с) шұбат жіберіп тұратын. Соны бізге ішкізетін, – деп айтатын», – деген. [2]
Ғибратты оқиға
Ислам діні ысырапшылықтың кімге де болса қиындық алып келетінін көрсетеді. Исламдағы тұлғалар бұны жіті түсінген. Бұл құндылық қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің ұлттық құндылығы болуы тиіс. Жағдайы бар болса да ысырапты сүймейтін патшаның мына бір оқиғасы бәрімізге үлгі бола алады.
Аббасилық халифа Харун Рашит (ө.ж. 193/809) бірде түскі асқа түйе етін сұратты. Еттен бір кесіп аузына салғаны сол еді, қасындағы уәзірі Жафар Бермеки сықылықтап күліп жіберді. Аяқ астынан уәзірін күлкі қысқанына таңырқаған Харун Рашит бұның мәнісін білмек болды. Сол кезде Жафар Бермеки былай дейді:
- Уа, барша мұсылмандардың басшысы! Алдыңыздағы мына түйенің етіне бола қанша пұл шығындалды деп ойлайсыз?
- Көп болса төрт дирхәм ақша жұмсалған шығар…
- Жоқ! Сізге өтірік, маған шын, бұған тұп-тура төрт жүз мың дирхәм кетті.
- Бұл қалай болғаны?
- Ол былай: Бірде сіз аспазшыдан түйенің етін сұратқан едіңіз. Алайда ол күні ас үйде түйе еті жоқ еді. Мен содан бері сіз сұратып қала ма деп, күн сайын ас үйге түйе етін алғызуға бұйрық бердім. Сол күннен бергі сойғызған түйеге кеткен шығынды есептесек, төрт жүз мың дирхәм ақша болыпты. Бір қызығы, сіз сол күннен бері еш түйе етін сұратпай, етке тек бүгін ғана қол салып отырсыз. Халифамыздың бір жеген етінің өзі төрт жүз мың дирхәмға шықты ғой деп менің күлуімнің себебі сол еді…
Бұны естігенде Харун Рашит еріксіз жылап қоя берді. Түскі уақыт келгенде мешітке барып намаз оқыды. Үйіне келген соң тағы да жылады. Артынша Мекке мен Мәдина кедейлеріне, Бағдат мүсәпірлеріне, Басра мен Куфаның жарлы-жақыбайларына сансыз дирхәм ақша садақа ғып таратылуын әмір етті. Кейіннен мешітке барып намаз оқыды. Сөйтті де екі көзі бұлаудай болып кешке дейін жылады. Кеш түсе мешітке қайта барып, жамағатқа намаз оқып үйіне қайтты. Дәл осы мезет қасына келген Әбу Юсуф қазы оның неліктен егіліп сонша жылағанын сұрады. Халифа жай ғана бір жеке басының қалауы үшін осыншама ақшаның босқа ысырап етілгеніне өкінетінін, сол үшін жылағанын айтты. Әбу Юсуф бұл қылықтың ондағы Құдайдан қорқу екендігін, сондай-ақ көп қып таратқан садақалардың барлығының оған үлкен сауап әкелетіндігін айтып, қуантып әрі жұбатты. Харун Рашиттың қатты мұңайғаны сонша, сол күні таң атқаннан нәр татпаған күйі тек кешкі асқа ғана мойын бұрған еді… [3]
Әлемдік және Қазақстандық статистика
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі ұйымының дерегі бойынша, Америкада тағам өнімдерінің 40 пайызға жуығы, ал Еуропада жыл сайын 100 млн тонна азық-түлік өнімі қоқысқа тасталады екен. Бүкіл дүниежүзіндегі далаға лақтырылған тағамдардың көлемін есептесе, ол Мексиканың аумағын алады. Елімізде де әр жылы белгілі бір көлемде тағамдар ысырап етіледі. Мәселен, Қостанай облысында 1 жылда 32 мың гектар астық орылмай қалған. Бидайдың да қар астында қалатын кездері де кездеседі. [4] Яғни ысырапшылдық қай кезде де, қай елде де арын алады. Алайда бұл – еш жерде құпталмайтын іс. Этнограф Болат Бопай ысырыпшылдық қандай қиындыққа алып келетіні туралы былай деген:
- Көк шөпті жұлма, шөптей орыласың.
2. Құстарды қырма, бағыңнан айырыласың.
3. Құстардың жұмыртқасын бұзба, бетіңе секпіл түседі.
4. Суды лайлама. Көңіліңді жабырқау басады.
5. Нан қоқымын аяқпен баспа, береке қашады.
6. Тұзды жерге төкпе, тұрмысың ащы болады.
7. Құмырсқа илеуіне тиіспе, шырқың кетеді.
8. Дәм татқан құдығыңа түкірме, несібең сарқылады.
9. Асқан тамақты далаға, қоқысқа төкпе, ашаршылық болады. Бір тоқтықтың бір жоқтығы болады.
10. Соғымға сойған малдың сүйегін далаға жайратып тастама, ақ сүйек жұт болады.
11. Ақты, сүт, айран, қымыз, шұбат, іркіттерді суға төкпе, су қоспа, мал желіні ақ ауруға ұшырайды. Мал суалады, жұтайды.
12. Аста-төк той жасап, мал-дүниені шашпа, байлығың сарқылады.
Осы секілді тағы да басқа тыйымдар табиғат пен жаратылысты аман тұруына азда болса септігін тигізері хақ. Қазақтың құндылығы іспеттес осындай тыйым сөздер дінмен біте қайнасып жатқандығын көреміз. Өйткені жаратылыс атаулыны бағасын білмей, ойына келгенін жасау, аста-төк шашылу – ысырап. Ал ысырап – Алла құптамайтын іс. Бұл жөнінде Құранда былай делінген: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді». («Әнғам» сүресі, 141-аят)
Қазақтың ұлттық құндылығы терең біліммен, иманмен, тәрбиемен ұштасып жатыр. Байқасақ, ысырапшылдыққа қатысты тыйымдар ислам мен дәстүрімізде біте қайнасқан. Әлемнің бір бұрышында қара су таппай қиналып отырған жандар барын әркез есімізде ұстасақ, ысырап жасау біз үшін қылмыстай көрінер еді. Хакім Абай Құнанбайұлы он сегізінші қара сөзінде киімді ысырап етіп, атақ үшін киюдің қателігі туралы айтады: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі». Расымен де қоғам қашан сыртқы келбетпен, алдамшы әдемілікпен жарысып, салыстыруын қойса, сол кезде рухани өсе бастайды. Сонда адам бұл дүниеге бір кірпіш болып қалануды мақсат тұтады. Ысырап жасамау – сараңдық пен есепсіз шашудың арасындағы алтын орта. Әр нәрсені ысырап көріп, сараңдық танытудан да аулақ болуымыз керек. Бәрінің өз шегі, ортасы, есебі болса құпталады.
Жадыра Жанарбек
Дереккөз:
[1] Бухари, Китабул-Либас, 1.
[2] (Бухари, риқақ 17: Мүслим, зүһд 28)
[3] Akikat.kz
[4] Ecoinfo.kz