10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Тіршілік нәрі

Өмір сүруге қажет нәрсе – су. Сусыз ешбір жаратылыс ғұмыр кеше алмасы анық. Тірі материяның ең басты элементі де – су. Бұл суға қатысты ғылыми дәл анықтама әрі ғылымдар мойындаған ортақ тұжырым.

Зерттеулер нәтижесінде сусыз өмірдің жоқ екендігі дәлелденіп қойғалы қашан. Өткенге көз жүгіртсек, 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясында (UNCED) Дүниежүзілік су күнін  (World Day for Water или World Water Day) енгізу туралы ұсыныс айтылған. Дәл осы жыл адамзаттың басты игілігі саналған судың әлемдік деңгейде қадірін арттырды деуге толық негіз бар. Бұндай шешім ғаламшардағы ауыз судың күрт азайып жатқандығына қатысты туды деуге толық негіз бар. Өйткені су жетіспеудің салдарынан әлемде қаншама адамның жарық дүниемен қош айтысып жатқаны да жасырын емес. БҰҰ жасаған статистикаға сүйенсек, жер бетінде әр секунд сайын бір бала ауыз судың жетіспеуінен және соған қатысты аурулардан көз жұмады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 2 млн адамға жетсе, ересектер арасындағы өлім саны тағы 3 млн адамды құрайды. Ал, болашаққа қатысты шамамен болжам көңіл көншітерлік емес. Ғалымдар судың жетіспеуінен 2050 жылға қарай ғаламшарымыздың 50 не 70 млн тұрғыны көз жұмады деген тұжырым жасаған. Бұл сан 6-7 шағын мемлекеттегі адамның көрсеткіші.

Сондай-ақ адамзат күнделікті тұрмыстық қажеттілігіне жалпы құрамдағы 10% су мөлшерін қолданады. Тағы да, қорлардың біркелкі бөлінбеуіне байланысты су әр түрлі жолмен жұмсалады. Қызығы, Америка Құрама Штаттарында суды күнделікті тұтыну көлемі 700 литрге дейін жетуі мүмкін, ал Африкада көпшілік адам тәуліктік ең аз дегенде 20 литр суға да қол жеткізе алмайды. Жер шарындағы суды тұтынудың тәуліктік нормасы 7 млрд тоннаны құрайды. Қарапайым ғана мысал, бір Мәскеу тұрғыны жуынатын бөлмедегі шүмекті ашып, тәулігіне 500 литрге жақын су ағызады. Ал оның ойына Африкадағы кей адамдардың күн сайын су іздеуге шамамен 5-6 сағат жұмсайтыны кіріп те шықпайды. [1]

Зерттеу жұмысына зер салсақ, ғаламдық теңсіздікті көреміз. Жер бетінің бір нүктесінде адамдар суды қажетінен тыс ысырап етсе, енді бір аймақта су тапшылығы кездеседі. Әрине бұл – адамдар тарапынан кететін қателік. Ал бізге ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Өзеннің жағасында дәрет алсаң да, суды ысырап етпе», – деп өсиет қылған.

Назар аударарлық жайт, жер бетінің 70%-ы судан тұрғанмен, оның 97,5%-ы тұзды су. Қалған 2,5% тұщы су, 68,7%-ы мұздықтар саналады. Планетаның жалпы су ресурстарының тек 1%-ы ғана адамға қажет. [2]

Су мен әлемнің жаратылысы – бір-біріне өте жақын ұғымдар. Өйткені су – жаратылыстың негізгі құрамы. Ол – тазару мен жаңарудың нышаны. Сондықтан ол исламнан өзге де діндер де қастерлі саналады. Әйтсе де дінімізде оған қатысты көпшілік біле бермейтін мағлұмат айтылған. Сіз судың аспанда һәм жерде тіршілік еткен негізгі элемент екенін білесіз бе? Бұндай дерекке алғаш кезігіп отырсаңыз, Құранға назар аударыңыз:

«Ол күллі аспан әлемі мен жерді алты күнде жаратты. Оның Аршы судың үстінде еді. Жер мен көкті жаратқандағы мақсаты – сендерді сынау арқылы араларыңнан кімнің (Раббысының өзін көріп бақылап тұрғанын терең сезіне отырып) игі істер істейтінін анықтау. Егер адамдарға: «Өлгеннен кейін барлығың қайта тірілесіңдер», – деп айтсаң, күпірлік қылғандар (осы ақиқатты жеткізген Құранды меңзеп): «Бұл нағыз сиқырдан, айқын көзбояушылықтан басқа түк те емес», – дейді». («Һуд» сүресі 11:7) Мұнда ғаламшарға қатысты ақпаратпен қатар адамның не үшін жаралғандығы айтылған. Осы аятқа түсіндірме жасаған ғалымдардың пікіріне тоқталайық: «Аяттағы Алланың «Аршы судың үстінде еді» деген сөзді, «тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық» («Әнбия» сүресі, 30-аят) деген аятпен бірге алып қарағанымызда, қат-қабат аспан әлемі мен жер жаратылып, жердің тіршілік етуге қолайлы күйге келген кезеңі, сондай-ақ барлық тіршілік иелерінің негізі су екені меңзеледі. Бүгінгі ғылыми зерттеулердің нәтижесінде белгілі болғандай, біз қатты деп білетін барлық физикалық денелердің де негізі су болып табылады. Сондай-ақ Алла елшісіне (с.а.с.) телінетін бір мінәжатта: «Жерді қатайған судың үстіне төсеген Алланы ұлықтаймын», – делінген. Осыған орай тау, тас – барлығы судың қатаюы нәтижесінде пайда болған және олардың уақыт өте келе үгітілуі нәтижесінде топырақ пайда болған. Сонымен қатар, суды құрайтын қос элементтің бірі «сутегі» ең жеңіл әрі ең қарапайым элемент болумен қатар, барлық физикалық денелердің негізін құрауы, жаратылыс кезеңдерінің бірінде Арштың судың үстінде болуы, һәм барлық тіршілік иелерінің судан жаралған болуы тұрғысынан үлкен мәнге ие». [3]

 

Біз ішетін су

Сусыз тіршіліктің жоқ екенін айттық. Ол бізде бар. Сіз дәл қазір немесе қалаған уақытта қолайлы жерде қалағаныңызға су іше аласыз. Бұған шүкір етіңіз. Өйткені бұл – нығмет. Өйткені бұл – Алланың бізге төккен рахым нұры, шексіз жомарттығының айқын дәлелі. Дәл қазіргі сәтте жер әлемде қанша адам су таппай сандалып, қаншасы қыршынынан қиылып жатыр екен?! БҰҰ келтірген зерттеуге қарасақ, біздің қалдің өзгелерден әлдеқайда жақсы екенін көреміз. Иә, бізден ілгеріде өмір сүрген бабалардың небір зұлматты бастан кешкенін білеміз. Біз – бір тілім нан мен бір жұтым суға зар болған нәубетке куә болған ұлтпыз. Қазір іргеміз берік, бауырымыз бүтін. Ал біз осыған шүкір ете алсақ, Жаратқан нығметін арттыра беретіні хақ.

Бар дүниені жоқтан бар еткен ұлы құдіреттің Иесі біз ішетін суды меңзеп, былай дейді: «Сондай-ақ ішіп жүрген суларыңа қарамайсыңдар ма? Оны бұлттан жаудырған сендерсіңдер ме, әлде жаудыратын Біз бе? Қаласақ, оны тұзды қылар едік. Ендеше, шүкіршілік етулерің керек емес пе?» («Уақиға» сүресі 56: 68, 69, 70) Аятқа мән берсек, ғылыми тұжырыммен байланысты көреміз. Алла суды бұлттан жаудырып, ішу үшін тұщы қылғанын жеткізген. Ғылымға сүйенсек, тұщы судың қайнары саналатын көп өзендердің бастауы тауларда жатыр. Ал тау шыңы қатпарлы мұздықтарға бай. Сондай-ақ олар шыңдарға соғылып, жауын-шашынға айналатын ірі бұлттарды басына үйіреді. Содан мұздықтардан еріген су сарқырама боп ағып, бұттардан жаңбыр боп құйып өзендер арнасына толады. Міне, осылай біз ішетін тұщы су пайда болады. Күнделікті тұтынатын басты қажеттіліктің оңайлықпен келмейтініне көз жетті. Ендеше, біз сонау шырқау биіктегі бұлтқа әмірін жүргізіп, адамдар мен жан-жануар, жәндік пен өсімдік жайлаған жер бетін сумен қамтамасыз ететін Жаратқанға шүкір етушілерден болмаймыз ба?!

Ал сіз адам сусыз қанша уақыт өмір сүре алады деп ойлайсыз? Ғылыми тұжырымдар бойынша, адам 30 тәулік тамақсыз және бір аптаға жетпейтіндей уақыт сусыз жер басып жүре алады екен. Әйтсе де бұл дәл шама емес, өйткені әр адамның денсаулығы әртүрлі деңгейде екенін ескерсек, мұны дөп басып айту қиын. Су туралы фактілерге келсек, адамда судың 2 пайызы жоғалған кезде шөлдеу пайда болады, ал оның ағзасындағы су 6-8%-ға азайса, адам есінен танады. Судың 10%-ы кетсе, елестету қабілеті нашарлайды. Қызығы 12% су жоғалғанда, адам өледі. Көрдіңіз бе, біз кейде қара су деп қадірін білмей жататын заттың рөлі тым жоғары. Әлемде ат тұяғы жеткен жердің бәрін өз дәргейіме қаратам деген небір қолбасшылар да берілместей көрінген алып қалалардың қақпасын осынау су арқылы оп-оңай ашқан. Бұл қалай дейсіз бе? Кейбір деректерге сүйенсек, атақты Шыңғыс хан Орта Азияда даңқы шыққан Хорезм еліне шабуыл жасап, соның ірі шаһарларының бірін шабуылсыз алған. Ол әскерімен қала сыртын қоршап, соған кіретін керуендерді тоқтатады. Ал ауыз су қалаға сол керуендер арқылы кіретін. Алайда жолы кесілген саудагерлер шаһарға бір жұтым да су кіргізе алмайды. Тиісінше ондағы бұқара халық сусыз қинала бастаған. Күннің ыстығында құтылары мен алып бөшкелері бос қалған қала тұрғындары мен ордадағы ел билеушілерінде сырттағы жауға төтеп берер шама жоқ. Соны аңғарған Шыңғыс хан әскеріне бұйырып, қала сыртына су толы бөшкелерді қойған екен. Оны көрген қамал ішіндегі сарбаздар қақпаны ашып, моңғол әскері әкелген суға тұра ұмтылады. Соғысуға шамасы жоқ Хорезмдіктердің мұнысына куә болған Шыңғыс хан әскері алып шаһарды қан төкпей-ақ басып алған деседі. Енді бір басқа деректерде Шыңғыс хандай жер жүзін билеп-төстеймін деген билеушілер ен далада сусыз шөлдеп өлген екен. Мінеки, тарихта біреулер су үшін қаласын ашып берсе, енді бір асып-тасқан пенделер судың жоқтығынан бақиға аттанған. Ал біз ше? Егер Алланың әмірімен үйдегі құбырдан ағып, жаңбыр боп жауып, өзен боп тасып жатқан ауыз су әп-сәтте тып-типыл тыйыла қалса, не істемекпіз? Ойланыңыз! Барыңызға шүкір етіңіз!

 

Ең таза су

Жер бетіндегі ең таза әрі ең құнарлы су – Зәмзәм. Оның құрамы қарапайым судан мүлде бөлек. Білсеңіз, Зәмзәм денедегі жасуша жүйесін нығайтуға септігін тигізеді. Ал оған қатысты Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Әлемдегі ең жақсы су – Зәмзәм суы. Оның жағымды дәмі бар, әрі ол ауруларға ем». Зәмзәм құдығы – Меккедегі қасиетті құдық. Қағбадан оңтүстік-шығысқа қарай 20 м жерде, қара тасқа (Хажар ул-Асуад) қарама-қарсы орналасқан. [5] Зәмзәм Меккеде 4000 жылдан астам уақыт бойы ағып келеді. Әлемдегі кез келген судың сынамаларында бактериялар бар, алайда ғалымдар зәмзәм суында артық еш нәрсе жоқ екенін және оның сондай таза екенін дәлелдеді. Жылы климаттағы бұлақтар балдырлар сияқты өсімдіктердің өсуіне қолайлы екені белгілі. Бірақ Зәмзәм кез келген биологиялық қоспалардан таза. Оның үстіне Зәмзәмнің әлемдегі ең таза су екені де дәлелденіп қойған. Айталық, Эвиан – француз Альпісінің ең биік шыңындағы су. Ол минералы жоғары және бикарбонаттың жоғары болуымен белгілі (357 мг/л) және әлемдегі таза сулардың бірі саналады. Ал Зәмзәм суының құрамында бикарбонаттар одан да көп. Олардың саны – 366 мг/л. [6] Демек ол – әлемдегі ең таза су. Сондай-ақ Пәкістандағы «Хадж» оқыту орталығының аналогты зерттеулерінің нәтижесінде Зәмзәм суының ерекшелігі, ешбір суға ұқсамайтындығы дәлелденді. Аталмыш орталықтың атқарушы директоры Сами Ункави былай дейді: «Біз зерттеу барысында әрбір тартып алған сайын жаңа су алып отырдық. Зерттеулер көрсеткендей, Зәмзәм суынан бірде-бір микроб табылмады. Біз Зәмзәмді басқа заттардың әсерінен, мысалға ыдыстармен тасығанда, құбырлармен тасымалдағанда құрамы бұзылатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ол еш ластанбай тап-таза күйінде қала берді. Бұл – оның ерекше табиғилығының әсері. Бір таңқаларлығы бұл құдық Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманынан келе жатса да, әлі таусылмақ емес. Кез келген құдықты алсақ, қанша тұруы мүмкін? Ары барса, 50 немесе 100 жыл өмір сүретін болар. Онда да оның суы өзгереді, не болмаса мүлдем құрып кетеді. Зәмзәм құдығы әрқашан сол қалпында, ешқашан суы таусылмайтын секілді көрінеді». Иә, құдіретінде шек жоқ әрі жасағанында кемшілік жоқ Алла бұл сумен өзінің Хақ Жаратушы екенін дәлелдеуде. Ойлаңызшы, мұндай ғылыми зерттеумен дәлелденген су жер астынан қалайша тап-таза күйінде шығып жатыр? Ол аз десеңіз, Еуропалық зертханаларда зерттелген Зәмзәм суының зерттеу нәтижесі басқа зертханалардан алынған нәтижелермен сәйкес келген. Басқа суларға қарағанда, зәмзәм суында кальций тұзы мен магнийдің көптігі анықталған. [5] Назар аударсақ, Жаратқан Алланың бізге берген нығметі саналатын осынау Зәмзәмнің емдік шипасы басымырақ. Алла құлына жамандық ойламайды. Демек оның жаратылысында адамзатқа пайда һәм бір хикмет бар. Қызығы, біз Зәмзәмді қандай мақсатта ішсек, сол нәрсе болады екен. Мәселен, Ибн Аббас (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Зәмзәмді не мақсатта ішсең, сол үшін болады. Оны емделу үшін ішсең, сені Алла емдейді. Егер сен оны қарныңды тойдыру үшін ішсең, Алла сені тойдырады. Егер шөліңді қандыру үшін ішсең, Алла шөліңді басады. Егер оны жәрдем тілеп ішсең, Алла сені қорғайды».

Ғалымдар зерттегендей, Зәмзәм пайдалы дәруменге толы. Біз келесі тұжырыммен Алла елшісінің (с.а.у.) сөзін қуаттай түсеміз. Дәлірек Зәмзәмнің құрамында: PH 7.8, ALK Total 300, T.H 680, Сa.H 470, Mg.H 210, кальций 188, магний 51, натрий 253, калий 121, аммиак 6, нитрит 1, нитрат 173, хлор 340, сульфат 372, фосфат 0,25, натрий бикарбонаты 366 мг/л-дан тұрады. Сонымен қатар судың құрамына темір, марганец, мыс, кальций, магний, хлоридтер мен сульфаттар бар. [5]

Сондай-ақ бұл су минералға да бай. Жалпы су түрлері құрамындағы минералды заттардың құрамына қарай ажыратылып, үш түрге жіктеледі:

Құрамында минералды заттар азырақ кездесетін сулар: 1л суда 50 мг минералды тұз болады; минерал орташа болатын сулар: 1л суда 500 мг минералды тұз болады; минералды заттарға бай сулар: 1л суда 1500 мг минералды тұз болады. Ал, Зәмзәм суының құрамындағы минералды заттардың мөлшеріне келер болсақ, онда 1 литрде 2000 мг минералды тұз болады. Сондықтан Зәмзәмді минералды сулардың теңдесі жоқ үздігі дей аламыз.

Зәмзәм суы – газға да бай. Сулар бикарбонатқа толы болса, газдалған саналады. Кез келген су газдалған болу үшін ондағы натрий бикарбонатының мөлшері 250 мг/л-ді құрауы керек. Ал, біз Зәмзәм суының құрамында натрий бикарбонат мөлшері 366 мг/л-ды құрайтынын айттық.

Зәмзәмнің толық қырын ашу үшін оған әлі талай зерттеулер жасалуы керек те шығар. Өйткені оның қасиетті әрі пайдалы су екенін бірі білсе, бірі білмес. Әйтсе де осынау Зәмзәмнің көздегі дақты (кератит) кетіріп, қатерлі ісіктің бетін қайтарғанын, несеп жолдарындағы тасты шығарып, түрлі ауруға ем боп жатқанын естіп те, көріп те жатқандар аз емес. Жоғарыда айтқандай бұл су – ең таза су. Сөзімізге дәлел керек десеңіз, дәрігер Ахмал әл-Мұхандис былай деп тұжырымдайды: «Зәмзәм суы – ең таза су. Бұл Дүниежізілік денсаулық сақтау (ДДС) ұйымымен дәлелденген. Профилактикалық сараптама нәтижесінде Зәмзәм суының таза, түссіз, иіссіз екендігі, аздаған спецификалық дәмі барлығы анықталды. Судағы натрийдің көп мөлшерлігі ДДС-ның барлық талаптарына жауап береді». [5] Десек те, су атаулының төресі саналған Зәмзәмға қатысты дәл әрі саналы жанға жауап күмәнсіз анықтаманы ардақты Елшіден (с.а.у.) асырып ешкім айтпаса керек. Ол (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Зәмзәм суы – ауруға шипа, тойымды су», – деген.

 

Су бәрінде бар

Жер бетін жайлаған тіршілік иесінің бәрі де судан құралған. Жануарлардың 75%-ы, өсімдік атаулының 80%-ы, тіпті көзге көрінбес микроағзалардың 75-80%-ы судан тұрады. Адамның денесі ше? Ол 70% суға толы екен. Ғылым қандай да болсын тіршілік етуші жаратылыстың судан құралатынын дәлелдей алды. Тіптен кішкентай жасушаның негізгі бөлігі саналған қоймалжың сұйықтық цитоплазманың 80%-ы су. Бұл – биологиялық оқулықтарда келтірілген анықтама. Осы орайда жасушаның не екендігін түсіндіріп өтелік. Жасуша – тіршіліктің ең кіші бөлігі саналады. Бізге таныс не таңсық тіршілік атаулының бәрі содан құралған. Жасуша терминін ең алғаш 1665 жылы ғылымға енгізген – Роберт Гук. Ал сол жасушаның судан құралатыны бүгінде микроскоптар арқылы дәлелденген. Су оған не үшін қажет? Жасушада су еріткіш қызметін атқарады. Өйткені жасуша ішіндегі әртүрлі химиялық реакциялар тек еріген заттар арасында жүреді. Қорек заттар да жасушаға еріген, сұйық күйінде ене алады. Оның 80%-ы судан тұратыны тағы бар. Ондағы қажетсіз қалдықтар мен зиянды дүниелер су арқылы сыртқа шығады. [7] Құдіретті шексіз Жаратқан Құранда аталмыш су жөнінде: «Алла жер басып жүретін әрбір тіршілік иесін судан жаратты. Олардың кейбіреуі бауырымен жорғалап жүреді, кейбіреуі екі аяғынан тік тұрып жүреді, енді біреулері төрт аяқтап жүреді. Алла қалағанын жаратады. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді», – деген. («Нұр» сүресі 24:45) Тағы бір аятта былай дейді: «Кезінде көктер мен жер тұтасқан бір бүтін еді, Біз ол екеуін бір-бірінен ажыраттық, күпірлік қылғандар соны көрмей ме? Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда әлі де иман келтірмей ме?» («Әнбия» сүресі 21:30) Ғылым осы соңғы ғасырларда дәлелдеп шыққан тұжырым қасиетті кітабымызда 1400 жыл бұрын айтылып қойған болса, нағыз ғажап осы емес пе?! Жаратушымыз бұл аятта екі үлкен кереметті жеткізген. Оның алғашқысы, «Үлкен жарылыс» теориясы болса, екіншісі, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрінің жаратылыс бастауы – су екендігі. Ал, жаратылысқа қатысты осынау құнды хабардың әлем ойшылдарының пікірімен астасып жатқанын көргенде таң қалмасқа шара жоқ. Философия ғылымдарының докторы, профессор И.Л. Андреев ұсынған дүниежүзі ғалымдарының суға қатысты пікіріне назар аударыңыз: «Ежелгі грек философы Фалес: «Су – барлық жаратылыстың бастауы», – деп түйген. Екі мың жылдан кейін Леонардо да Винчи: «Су – өмір нәрі, өйткені Жердегі барлық тіршілік судан «шыққан» және оның құрамында негізгі табиғи компонент бар», – деген. Екі ғасыр өткен соң Людвиг Фейербах су бетіне қарап: «Адам өзін тани бастады», – деген қорытындыға келді. Сондай-ақ ғалым Вернадский әлемде бірінші болып біздің планетамыздың тарихындағы судың жан-жақты рөлін түсінді: «Негізгі, ең үлкен геологиялық процестердегі рөліне қарасақ, онымен салыстыруға болатын табиғи дене жоқ. Жердегі минерал зат пен тау жыныстарын не қандай да бір тірі нәрсені алып қарасақ та, оның құрамында су бар. Жердегі барлық онымен тығыз байланыста. Биосферадағы сусыз өмірді елестетудің өзі қиын». [8]  Құранның мұғжизаға толы кітап екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, ғалымдар жасаған тұжырымдар ондағы Алланың сөзі күмәнсіз рас екенін, Оның дінінің ақиқат сенім екенін дәледемесе, жоққа шығармайды. Дегенмен, ақиқатты мойындап, Ұлы Жаратушының құдіретіне бас ию – Алла қалаған саналы жандарға ғана бұйырар бағасы жоқ бақ.

 

Ораз Елмұрат

 

Дереккөз:

 

  1. https://tri-kolodtsa.ru/news/problema-1-nehvatka-pit-evoj-vody.html
  2. https://www.islam.plus/ru/civilizaciya/ekologiya/voda-bescennyi-dar-allaha
  3. Анарбаев Нұрлан СайлауұлыӘкімханов Асқар Болатбекұлы, Құран кәрім (қазақша түсіндірмелі аударма). – Алматы: Көкжиек, 2015, – 624 б.
  4. https://www.healthwaters.ru/articles/vse-o-vode/
  5. https://muslim.kz/article/zamzam-suynyn-qasieti-men-erekshelikteri
  6. https://asyldin.kz/article/view/id/9802.html
  7. https://www.youtube.com/watch?v=kbWWhM03bPU&list=PL8flygBo_83vzRwejM0PUkipNCQ-pcDKR&index=38
  8. https://vodopoint.ru/interesnye_razmyshleniya_uchenyh.html

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here