34 C
Almaty
Сәрсенбі, Маусым 29, 2022
Сәрсенбі, Маусым 29, 2022

Мұса Бигиевтің қазіргі ислам ой-танымындағы орны

Мұса Жаруллаһ Еділ-бұлғар татарларының үлкен ойшылы. Ол мұсылман әлемін схоластикалық түсініктен арылтудың жолын іздеді. Діни танымға және білім беру саласына реформа қажет деп тапты. Ол мұсылман қоғамын көзсіз еруден (тақлид) құтқарып, ояту үшін ағартушылықпен айналысты. Сол үшін бірқатар діни ілімдер саласында еңбектер жазды. Мұсылман үмбеті дағдарыстан арылуы үшін Батысқа еліктеуді доғарып, өзінің төл құндылықтарына бет бұруы қажеттігін алға тартты.

Жаңа замандағы түрік-ислам ой-танымы ХІХ ғасырдың соңғы кезеңдері мен ХХ ғасырдың бас кезінде маңызды оқиғалар мен өзгерістердің платформасы болды. Саяси тұрғыдан бір жағынан Осман империясының ыдырай бастауы, екінші жағынан түрік әлемінің маңызды бөлігін құрайтын Ресей империясының әлсірей бастауы ыслахат (жаңару) әрекеттерін күн тәртібіне шығарды. 1850 жылдары басталған бұл жаңаруға деген талпыныс уақыт өте келе Батыс қоғамына еліктеуге себеп болды. Дегенмен бұл талпыныстың түпкі мотиві мәдени және діни әрі әлеуметтік қажеттілік еді. Түрік әлемінің маңызды бөлігі саналатын Еділ-бұлғар аймағында 1800 жылдары басталған діни таным мен білім беру ісіндегі жаңару түсінігі қысқа уақыт ішінде түрік әлеміне үлгі болатындай қалыпқа келе бастады. Жәдитшілік деп аталған бұл түсінік 1850 жылдардан бастап Шиһабуддин Маржани мен ерте дүниеден озған шәкірті Хусейн Файзхари екеуі бірігіп, философиялық-сопылық ойлау жүйесін құрып, шамамен 1880 жылдары қырымдық Исмайыл Гаспыралының қатарға қосылуымен күш алған қозғалысқа айналды. Біз бұл мақалада осы қозғалыстың негізгі тұлғаларының бірі Мұса Жаруллаһтың басты көзқарастарына тоқтаймыз.

Мұса Жаруллаһты өзге зерттеушілерден ерекшелеп тұрған оның өткенді мансұқтамауы, сонымен қатар оларға сын көзбен қарауды да естен шығармауы, Құран, хадис, фиқһ, ақыл, еркін ойлау, қоғамдық өмір, саясат және білім беру секілді салаларды зерттей отырып, өзі өмір сүрген кезеңдегі мұсылман әлемінің түйткілді мәселелерін терең талдау жасап еңбек жазуы. Ташкенттен Қашқарға, Токиодан Бхопалға, Мусулдан Каирге, Берлиннен Стамбулға дейін сапар шегіп, Ислам әлемінің мәдени орталықтарында зерттеу жүргізіп, бүкіл ғұмырын ғылыми ізденісте өткізуі еді.

Мұса Жаруллаһ түрік-ислам әлемінде жетіліп шыққан ойшыл тұлға. Ол 1900 жылдардың басынан бастап сол аймақтағы саяси әрекеттерге араласады және Ресей мұсылмандарының жиындарына қатысады. Сонымен қатар «иттифақ-у муслимин» (Ресей мұсылмандарының одағы) деген атаумен құрылған саяси ұйымның басты мүшелерінің бірі болады. Мұса осы жиындардың және жалпы Ресей мұсылмандарының ыслахат (жаңару) әрекетінің деректерін хатқа түсіріп кеткен.

Мұса Қазан, Бұқара секілді білім орталықтарында діни, философиялық және жаратылыстану пәндері бойынша білім алды. Бұған қоса Стамбул, Бомбей, Токио, Шам, Тегеран, Каир, Қашқар, Мекке, Мәдина, Тебриз және Бағдат секілді бірқатар қалаларда болып, сол жердегі ғалымдармен пікір алмасады және сол жерлерде еңбектерін жазады. Ислам ой-танымы қалыптасқан шаблон бойынша немесе өзге мәдениетке еліктеуге (тақлид) негізделмеуі керек, керісінше өз жолымен жүретін, өзінің құндылықтарын биік тұтатын, іштен құндылық өндіретін санаға жетуі керек деп есептеді. Мұса Бигиев бір жағы Абдунасыр Курсави және Шиһабуддин Маржани секілді татар жәдидшілерінен, Бұқараның бай кітапханасы мен дін ғұламаларынан әсер алса, екінші жағынан Ресей университетіндегі модерн біліммен сусындап, құқық саласындағы жаңа трендтерді зерттеді. Ол ерекше маңыз берген еңбектердің қатарында Ибн Арабидің «Футухаты», өзі алғаш басып шығарған Шатыйбидің «Муафақаты», Маарридің «Лузумиаты» бар. Матуриди мен Ашғари мектептері арасындағы нәзік айырмашылықты жетік білген Жаруллаһ уақыт өте келе өзінің Матуриди мектебінің өкілі екендігін ашық айтады. Десе де оны белгілі бір мәзһабқа да байланбай, өз алдына еркін ойға ерік берген ғалым деуге болады. Оның негізгі ұстанған ұстанымы ақылға сүйенсе де, ақыл мен интуицияның (ождан) бірлігіне әрқашан маңыз бергенін аңғарамыз. Каир мен Стамбулда болған кезеңдерінде Мысыр өлкесіндегі ыслахат әрекеттерінен және Осман империясының жаңашыл интелектуалдарынан әсерленеді. Қазан, Мәскеу, Оренбург, Сант-Петербург, Стамбул секілді көптеген қалаларда шыққан газет-журналдарда мақала жазады. Қысқа уақыт аралығында Османлы және түрік әлеміне ерекше көзқарасымен әсер еткен Жаруллаһ ХХ ғасырдың басынан бастап Ресейдің қоластындағы түркі халықтарының санасын сілкіп, оята бастайды. Бірқатар медреселерде дәріс беріп, өзінің идеясын таратады.

Тұтас өмірін білімге, мұсылман әлемін, соның ішінде түркі әлемін оятуға арнаған Мұса Жаруллаһ 1917 жылы большевиктер революциясынан кейін 1930 жылдарға дейін Ресей елінде болады. Содан кейін оған қысым жасала бастағаннан кейін елін тастап кетуге мәжбүр болады. 1930 жылдан өмірінің соңына дейін (1949) Ислам әлемінің әртүрлі өлкелерінде өмір сүреді. Каир қаласында дүние салады.

Мұса Жаруллаһ Құран мен сүннетке ғана негізделген шекарадан шығып, өзі «ижтиһад» жасайды. Құранды тұтастығымен, құрандық ұғымдармен және Құран түскен замандағы араб тілі арқылы түсіну қажеттігін алға тартты. Құранды түсінуде ақылға маңыз берді.

Ақиқатқа жетуде ақылды еркін қолдану қажет деп есептеді. Себебі діни мәтіннің (насс) дұрыс екендігін ақылмен ғана біле аламыз [1.9 б]. Оның айтып отырған ақылы жеке адамдағы ақыл емес, философиялық ойлау жүйесіндегі ақыл. Әрбір мұсылманның өз ойын еркін білдіре алуын қамтамасыз ету, білікті ғалымдарға ижтиһад жасау құқын беру керектігін алға тартқан Жаруллаһ тек қана объективті заңдылықтарды белгілеуде яғни, әлеуметтік, саяси және діни мәселелерде дәстүрге айналатын заңдарды айқындау құқын ижма (ғалымдардың бірауыздан қабылдайтын шешімі) институтына беру керектігін айтады. Жаруллаһтың айтуынша бұл өлшем жалпы қоғамның еркіндігін қамтамасыз етеді. Ал еркіндік бар жерде даму болады. Мұса Бигиев ижманы дәлел көзі ретінде емес, ықпалды күш ретінде қарастырады. Ол жоғарыда айтқан үш негіз тақлидке таңылған, мәзһаб аралық талас-тартысқа шатылған мұсылман үмбетін пікір құлдықтан әрі саяси құлдықтан құтқарады [2.43].

Мұса Жаруллаһ дін мен білімнің арасындағы байланысқа тоқталып, ақыл мен уахи бір нүктеде түйісетінін алға тартады. Дін мен білімнің, ақыл мен нақылдың бірімен-бірі ұштасып жататынын, ал мұны қарама-қарсы қою фанатизмнің салдары екендігін айтады. Дін мен дүниені бөліп қарастырудың салдары ақыли білімдер, нақыли білімдер деген бөлініске алып келеді. Оның айтуынша Исламның аясы кең, аталмыш екі нәрсені бөліп қарау қате. (3.9-10) Жаруллаһ бұл көзқарасына дәлел ретінде Құран мен сүннеттің тек шариғи мәселеде ғана емес, ақыли мәселелерде де дәлел бола алатынын айтады. Сонымен қатар кейбір діни мәтіндер адамның ақылын алдыңғы орынға шығару арқылы ғылыми әрі әлеуметтік дәлелдер ұсынатыны белгілі. Мәселен, Құдайға қатысты Құранда келген дәлелдер ақыли болса, ішімдіктің харамдығы мәселесінде медициналық және қоғамдық зиянын айту арқылы, сонымен қатар зекет пен мирастың қоғамдық пайдаларын сөз етуін мысал етуге болады [3.5-7]. Сол себепті ол өмірдегі ең басты қажеттіліктер мәселесінде Құран мен сүннеттен дәлел іздеудің қисыны жоқ деп есептеді.

Мұса Жаруллаһ жоғарыдағы көзқарасын қуаттай түсу үшін қисын тұрғысынан зәрури екендігі айқын мәселелерде (әйелдерді оқыту, шет тілдерін оқыту және басқа да ғылымдарды игеру т.б.) дінде орны бар екендігін бекіту үшін арнайы дәлел келтірудің қисынсыз екендігін алға тартады. Мәселен, дінде рұқсат (жайыз) етілгендігі анық нәрселерге ахад хабармен дәлел келтіру қате болатындығы секілді, адамдарды өмірдегі басты қажеттіліктер (зәрурият) мәселесінде күмәнға салып қоятын дүниелерден алыс болу керек деп есептейді. Себебі, ол нәрселердің онсыз да қажет екендігі басқа да аят, хадистерде айтылған. Жаруллаһ бұл жерде тар түсінікті кеңейтіп, уақыт өте келе пайда болған қажеттіліктерді (ислахат) хадистер мен пәтуа кітаптарға үңіліп шешуді емес, шариғат негіздеріне, Құранға (умуми маслахат және адамның басты құқықтары т.б. тұрғысынан) жүгіне отырып шешуді ұсынады [1.12-16]. Оның бұл ұстанымы сол заманда ғана емес, қазір де өзекті. Адамдарды діннің рухына сай келмейтін дүниелермен қинау, дамудың, жаңа ижтиһадтың жолын жабу, дәстүрлі фиқһтың қалыптарына келмеген нәрсенің бәріне тыйым салу – Ислам әлемінің басты проблемасы болып тұр. Бүгінгі таңда мұсылмандардың айтарлықтай бөлігі колониялдық тұтқында, тағы бір бөлігі мүмкіндік болса крест жорығын жасауға бейілді, ал қалған бөлігі әртүрлі тармаққа бөлініп алып, бірін-бірі өлтіруге даяр, әйелді оқытуға болма ма, болмай ма деген сұрақтың артында жүр. Сонымен қатар философияға, ақыл мен білімге деген дұшпандық жасайды. Мұса Бигиевтің және басқа да сол секілді ойшылдардың ең маңызды ұсынысы мынау: діни дәстүрлерге сыни көзбен әрі жаңаша көзбен қарау және Исламның аясы өмірдің аясы секілді кең екендігін түсіну арқылы жаңа бір мәдениет құру.

Жаруллаһ ақылға қайшы секілді көрінген аяттарға тәуил жасау қажет деп есептейтіндермен келіспеді. Бірақ ол тәуил жасауды толыққанды жоққа шығармады. Өйткені ол тәуил жасауды «қажет» деу, кісіні кәпірге шығару түсінігіне жол ашады деп есептеді. Ол тәуилді «сөздің сыртқы мағынасын алу» деп түсінді. Мәселен, кәләмшылар өздерінің жасаған қате әрі субъективті тәуилін діннің негізі етіп көрсету арқылы, қарсы келген адамдарды кәпірге шығарады. Осылайша олар Исламның аясын мейлінше тарылтады. Жалғанды ақиқат деп ұсынып, әуесіне еріп шариғи мәтіндерге тәуил жасайтындар, әсіресе кәләмшылар діни мәтіндерді кейде сыртқы мағынасын, кейде тілдік мағынасын астарлы айтылған мағына (мәжәз) деп атап, Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін бұрмалайды. Мұса Бигиевтің айтуынша бұл нәрселер әртүрлі ағымдардың көбеюіне, тар мәзһабшылық түсінікке, яғни, өзінің таңдаған мәзһабынан басқасының бәрін адасқан санау, кісіні кәпірге шығару түсінігіне жол ашатындығын айтады. Осы тұста Жаруллаһтың мына бір сөзі ой саларлық: «Біздің Ислам әлемінде Зәкәрия әр-Рази, Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд секілді адамзат қоғамының ұлы философ ғалымдары кәпірге шығарылып, Халил, Сибауайһ секілді ғалымдардан басқа әдебиет ғалымдарының барлығы да сөгіс алып, пасық деген айдар тағылған. «Мәнәқиб» және, «Табақат» кітаптарына үңіле қалсаң, тіл мамандары мен ислами ілімдерді игерген ғалымдарды ақидасында яки дінінде кінәрат бар деп айыптаған адамдар болған [1.43-44].

Көріп отырғанымыздай Жаруллаһ бүгінгі таңдағы біздің ең үлкен мәселемізді тілге тиек етіп отыр. Бұл Ислам әлемінің білім мен пәлсапа адамдарынан қаншалықты алыс қалып, оларды жат санайтындығы. Расында да тарихтағы өркениет қалыптастырған философтарымызды грек философиясының фанаттары ретінде көретін мұсылмандар жетерлік.

Классикалық Ислам құқықшыларының шариғи дәлелдер мен үкімдерге деген танымындағы қателіктер фиқһтан да көрініс тапқанын айтқан Жаруллуаһ әйгілі усул кітаптарын қатаң сынға алды. Бигиев мәтіншілдікке қарсы шықты, мағынаны, түпкі мәнді негізге алу керектігін алға тартты. Ол өмір бойы Ислам әлемін ұйқыдан оятуға талпынған идеалист ғалым.

 

Нұрбол Сейілбекұлы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Carullah Musa. Edebiyat-ı Arabiye, Kazan.
  2. Carullah Musa. İslam ‘ın Elifbôsı, Ankara: Seba Yayınları. 1997
  3. Carullah Musa. Mülahaza, St. Petersburg. 1914

 

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here