Хақ дін Исламның басты қағидаты – Мейірім мен Әділдік. Шариғатымыздағы бүкіл үкімдер осы екі қағидаттың айналасына топтасады. Қасиетті Құран аяттары мен сүннетке зер салсақ, адам баласының қарым-қатынас мәселесінде рухани дамудың үш сатысынан өтетінін байқаймыз. Алғашқы сатыдағы пенде: «Сен маған, мен саған» немесе «жанға жан, қанға қан» деген қағидамен өмір сүреді. Екінші сатыға көтерілген пенде кектен гөрі кешірімді, жазадан гөрі жанашырлықты алдыңғы орынға шығарады. Ал, үшінші сатыға көтеріле алған адам жамандыққа жақсылық жасай алатын қасиет-қабілетке ие болады.
Қасиетті Құрандағы қысас үкімдері, хадисте айтылған мұсылманның, өзгелерге харам болған, қол сұғылмайтын үш қастерлі (малы, жаны, ар-намысы) меншігі-сипаты – адамдар арасындағы әділдіктің сақталуына кепіл дүниелер. Мысалы мына аятты бір дәлел ретінде келтірсек болады: «Бір жамандықтың жазасы – өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп жарасса, онда оның сыйлығы – Аллаға тән. Күдіксіз, Ол залымдарды жақсы көрмейді… Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы!» («Шура» сүресі, 40,43-аяттар.)
Осы секілді аят-хадистерден шариғатымыздың «жамандыққа жауап берілгенде тек сол мөлшерде ғана зиян тигізілуі керек; артығы – күнә, қиянат-зұлымдық» деген қағидаты шығады. Көріп отырғанымыздай, аятта хақыңды қалпына келтіру, кек қайтару рұқсат етілгенімен, абзалы – кешірім екені бірден айтылады. Құдіретті де Мейірімді Иеміз Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында осылайша әділетті жазадан кеңпейіл кешірімнің артық екенін, сабыр етіп, кешірімді болудың ең маңызды іс екенін ескертіп отырады. Енді халқымыздың «Тас атқанға ас ат», «Жақсылыққа жамандық – ез адамның ісі, Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі!» деген ғажап ұстанымына негіз болған аятқа зер салайық: «Жақсылық пен жамандық – тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта араларыңда дұшпандық болған адам – өте жақын достай болып кетеді. Бұл қасиет – сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ, бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады!» («Фуссиләт» сүресі, 34-35-аяттар.)
Осы аятқа түсіндірме берген ғалымдар: «Жамандыққа жақсылық жасау үшін адам бойында әуелі сабыр деген қасиет әбден орнығуы керек. Өйткені, бірден ашу мен әрекетке бой ұрған адам, болған жайды сарабдал ақылға салмаған адам ашуға бой ұрып, Ақыреттің қамын емес, нәпсінің қалауын іске асырмақ; ал ақыреттік сауап пен Жаратушы Иесінің разылығын ойлаған жанның екі дүниедегі несібесі зор болатыны сөзсіз», – дейді. Расында, иман келтірген адам үшін Раббысының разылығынан артық еш нәрсе жоқ. Сол себепті сабыр – сауаптың негізі, кешіру – кешірілудің себепшісі, мейірімді болу – мейірімге бөленудің шарты екенін түсінген әрбір мұсылман мінезінің көркем, әрекет-амалының дұрыс болуына мән береді.
Әлемдерге рахмет ретінде жіберілген сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) да бізге мейірім мен кешірімді басты өмірлік ұстаным қылуымызды өсиет еткен еді. Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өмірбаянын оқыған адам ол кісінің ешқашан жеке басы үшін ешкімнен қайтарым-кек алмағанын, тек дінімізге қатысты мәселелерде ғана қаттылық, принципшілдік танытқанын көреді.
Екі дүниедегі ең жақсы қасиет жөнінде Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) айтқанын қараңыз: «Дүние мен Ақырет тұрғындарының ең жақсы қасиеті неде екенінен хабар берейін бе? Сенімен қатынасын үзгендерге дұрыс қатынас жасау, саған бермегенге беру және саған әділетсіздік істегендерді кешіру» (Хаким жеткізген). Айтқанына амалы сай, бұйырғанына болмысы сай, адамшылықтың асқақ үлгісі болған ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) кешірімділігінің арқасында бұрын адасып жүрген, тіпті дұшпандық жасап жүрген талай жанның тура жолды тапқандығын тарихтан білеміз. Сәл байыптап қарасақ, бұл кешірім – арадағы пенделік қарым-қатынасты түзеген жалаң кешірім емес, адамның адасудан арылып, қараңғылықтан жарыққа шығуына сеп болған керемет кешірім еді! Мұндай кешірімге ие болғандар иман шуағына бөленіп, Ислам нұрына қауышқан болатын. Олар өмірге жаңа келгендей, жан-дүниелері тұтас түлеп, қайта туылғандай өзгерісті бастарынан кешкен еді. Сондықтан да бұл кешірім – жамандыққа жасалған жақсылық болды! Шындығында, ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) кешірім арқылы өзіне өлім тілегендерге өмір сыйлаған болатын: жалған дүниедегі уақытша өмірлеріне мағына мен абырой сыйласа, Ақыреттегі мәңгілік Жәннаттағы шынайы өмірге деген үміт пен ұмтылыс сыйлаған еді!
Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде былай дейді: «Жақсылыққа жақсылық жасау – жетістік емес, нағыз жетістік – жамандыққа жақсылық жасау!» (Тирмизи жеткізген хадис). Бұл өсиетті орындау ішін, яғни жамандыққа жақсылықпен жауап беру үшін әуелі жеке бастың қамынан көтеріле алған кең көзқарас – жалпы өмірдің мәні мен мағынасын түсінген имани таныммен қатар мейірлі жүрек, ізгі тілек қажет екені даусыз. Бұл жайлы ой толғаған атақты сахаба, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) күйеу баласы Хазіреті Әли (Ол кісіге Алла разы болсын!): «Жүрегін кек жаулаған адам пайдалы істер істей алмайды. Өйткені, жүрек екі қарама-қайшы әрекетті бір жерге жинақтайтындай кең емес», – деп ескертеді. Яғни иман мен амалдың шуағы арқылы, кешірім арқылы жүректі тазарта білгенде ғана, жамандыққа жақсылықпен жауап бере алады екенбіз.
Әрине, кешірімнің әлсіздікпен, кексіздіктің тексіздікпен, намыссыздықпен ұласып кететінін де ұмытпауымыз керек. Біздің айтып отырғанымыз ол емес. Біз адами кемелдіктің кілті болған иманның талабын айтып отырмыз. Шындығында, жамандыққа жақсылық жасау үшін пенделік емес, имани өлшем керек, нәпсі қалауына емес, ар-иман талабына бағыну керек. Жамандыққа жақсылық жасау – жалған өмірдегі пенделік қанағаттан гөрі ар-иманның ләззатын артық көрген; уақытша тоқмейілсуден гөрі Ақыреттегі зор сауапты артық көрген; адамдардың мақтауынан гөрі Алла Тағаланың разылығын артық көрген жанның ғана қолынан келер шаруа!..
Жәннаттық адамдардың сипаттары айтылған мына аятқа назар салып көрейік: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктердей Жәннатқа жарысыңдар. Олар – кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ, олар – ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді». («Әли Ғимран» сүресі, 133-134-аяттар.) Ғалымдар осындағы «Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» деген сөздің мағынасы – жамандыққа жақсылық жасау екенін айтады.
Иә, ең үлкен сыйы Ұлы Раббымыздың дидарына қауышу болған мәңгілік Жәннатқа лайық болу – оңай шаруа емес. Абыройыңа нұқсан, өміріңе зиян тигізіп жатқан пендені кешіру үшін кең кеуде, мейірлі жүрек, сәулелі сана керек. Ал, енді саған жамандық жасаған адамға жақсылықпен жауап беру үшін, шын мәнінде мызғымас иман, ғаламат жігер керек: бір сәттік ләззат пен бір күндік пайда үшін бәріне дайын өзімшіл, менмен нәпсі мен әзәзіл шайтанның азғыруына қарсы тұра алатындай қайсарлық пен табандылық қажет. Яғни, әуелі өзіңді өзің жеңуің керек. Сын өмірдегі күрестің (жиһадтың) үлкені де осы!
Бүкіл жаратылысты «Ұлы Жаратушының мүлкі» деп білген, өзіне тілеген жақсылығын бауырына да тілеген, сол себепті әр пенденің ақыретін, қайта тірілетін күнгі жағдайын ойлаған адам – кешіре де алады, жамандыққа жақсылықпен жауап та бере алады. Аталарымыз айтпақшы, «Су бермегенге сүт беру» үшін, «Таспен атқанда аспен ату» үшін әуелі иман керек, ар-иманға сүйенген ақ-адал ғұмыр керек. Алла Тағала баршамызға жамандыққа жақсылықпен жауап беретін Ерлердің қатарынан болуымызды нәсіп етсін!
Алғадай Әбілғазыұлы