21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

ҒАЛАМДЫ ЖОҚТАН БАР ЕТКЕН…

Дүниені тануға ұмтылған пенде баласының сан қилы сұраққа жауап іздеп, қанағаттанбайынша дамыл таппайтыны рас. Әсіресе осы заманда жиі қойылатын сауалдың бірі – ғаламның қалай пайда болғаны. Бұған Алла былай деп жауап берген: «Ол – күллі аспан әлемі мен жерді жоқтан жаратқан Алла. Оның жұбайы болмаса баласы қайдан болсын?! Ол жаратылыс атаулыны бір Өзі жаратты. Ол – барлық нәрсені лайықты түрде білетін шексіз ілім иесі». («Әнғам» сүресі 6:101) Он төрт ғасыр бұрын айталған бұл ақиқатқа бүгінде небір ғалымдар табан тіреуде. Өйткені адамдар арасында осы сұраққа байланысты бөлінушілік пайда болып, кейде соның соңы дауға ұласып жатады. Ал Хақ Тағаланың құдіретін таныған жандар Құран сөзінің ақиқат екенін мойындауда. Ғылыми тұжырым бойынша, ғалам мен кеңістік және уақыт пен материалдық денелер осыдан шамамен 15 млрд. жыл бұрын ірі жарылыстан пайда болған. Алланың әмірімен жаралғаннан бері сол ғалам үздіксіз кеңейіп жатқаны да рас. Астрофизиканың ақпаратына сүйенген ғалымдар бұған ғылыми айғақтар келтіреді.

 

Тоқтаусыз кеңейіп жатқан ғалам

Алдыңғы мақалалардың бірінде айтылған ғаламның кеңею процесі кімді болмасын қызықтырмай қоймас. VII-ғасырда Сахара шөлінде адамдардың тіпті ғарыш туралы түсінігі қалыптасып үлгермеген кезеңде Құранда Алла осы құбылыс жөнінде аят түсірген. Әрине ақиқатты танимын деген жан үшін осы аяттың өзі хақ дінді мойындауға жеткілікті. Аятта: «Көкке келсек, Біз оны құдіретімізбен тұрғыздық, оны толық меңгеріп, үнемі кеңейтіп жатқан да – Біз. Расында Біз – шексіз құдірет пен шексіз билік иесіміз», – дейді Раббымыз. («Зәрият» сүресі 51:47) Назар аударыңыз, бұл аяттағы «аспан» сөзі арабшада «ассәмә» ٱلسَّمَآءَ боп айталады. Сондай-ақ ол қасиетті Құранның бірнеше аятында «ғарыш» немесе «ғалам» мағынасында қолданылады. Мәселен, «Біз оны кеңейтеміз» деген сөйлемдегі «муси’ун» сөзі «кеңейту» деген мағынаны береді. Себебі ол «аусаа» етістігінен туындаған. Ал «лә» демеулігі зат есім мен сын есімнің алдыңғы жағында тұрғанда, күшейтпелі орында жұмсалады. Яғни «өте көп» немесе «күшпен» деген мағыналарды қамтиды. Демек, «Әз-Зәрият» сүресінің 51-аяты «Көкке келсек, Біз оны құдіретімізбен тұрғыздық, оны толық меңгеріп, үнемі кеңейтіп жатқан да – Біз» деп аударылады. [1] Біз бұдан дамыған заманда астрономия ғылымы алға тартатын әлем мақұлдаған тұжырымның Құранда 1400 жыл бұрын айтылғанын көреміз. Раббымыздың құдіреті неткен шексіз еді. Расында ақиқат дін дегеніміз осы емес пе?!

 

Жер қалай пайда болды?

Ғылымға ашылған қақпа іспетті Құран кәрімде Жердің жаратылуына қатысты бірнеше аят бар. Солардың бірінде: «Кезінде көктер мен жер тұтасқан бір бүтін еді, Біз ол екеуін бір-бірінен ажыраттық, күпірлік қылғандар соны көрмей ме? Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда әлі де иман келтірмей ме?», – делінген. («Әнбия» сүресі 21:30) Аяттағы «бір бүтін» сөзі арабшада رَتْقًا «ратқ» боп берілген. Бұл сөзді ана тілімізге аударғанда «біртұтас», «бір-бірінен бөлінбес», «кіріккен» деген мағына шығады. Сонымен қатар бұл сөз ажырамайтын бір бүтінді құрайтын екі субстанцияны сипаттап тұр. Ал «бөлдік» деген етістік араб тілінде «фатк» деп келеді. Ол арабшада «екіге айырылу», «бөліну» деп қолданылады. Сондай-ақ бұрын «ратқ» болған, яғни бөлінбейтін тұтас болған заттың сыртқа жарылуын білдіру мақсатында айтады. Қара жер астына көмілген дәннің не тұқымның жарылып, өз уақытымен өсіп шығуы да арабшада осы «фатк» етістігімен түсіндіріледі. Қайтадан аятқа қарасақ, онда алдымен жер мен көктердің ажырамайтын құрылым болғаны, қысқасы «ратқ» қалпында болғаны баяндалған. Содан кейін сол аспан мен жер бөлінеді. Бұл жағдайды Алла «фатк» етістігімен түсіндіреді. Яғни аятта олардың бірі екіншісін жарып сыртқа шыққаны айтылуда. [1] Шынында, біз бұдан Құрандағы ғаламның пайда болуына қатысты хабардың бүгінгі ғылыми тұжырыммен сәйкес екенін көреміз. Астрономия бұл жөнінде былай дейді: «Жойқын жарылыс (ағылш. Big Bang) – Әлемнің бұдан 13.7 миллиард жыл бұрын жойқын ғарыштық жарылыс нәтижесінде пайда болғанын және өзгеріп бүгінге жеткенін сипаттайтын ортақ космологиялық модел. Бұл модел қазіргі ғылыми зерттеу мен өлшеулер арқылы белгілі бір деңгейге дейін расталып отыр. Космологтар дәріптейтін бұл теория бойынша, әлем бұрын шекті уақыттың алдында айырықша тығыз, ерекше жоғары темпратураға ие алғашқы күйден өзгеріп келген. 2013 жылғы Планк спутнигі қол жеткізген ең жоғары өлшеулер арқылы аталмыш жойқын жарылыс бұдан 13.798 (± 0.37) миллиард жыл бұрын болған көрінеді». [2]

Байқасақ, Құран кәрімде осыдан 1400 жыл бұрын біртұтас ғаламның қақ бөлініп, жарылуы айтылған аят осы заманда ғана дәлелденіп отыр. Ал Құрандағы бұндай деректі сонау VII-ғасырда құдіреті шексіз Құдай Тағаладан өзге кім айта алуы мүмкін? Бұл керемет Алланың хақ, Исламның ақиқат дін екендігін білдірмей ме? Ойланып көріңізші…

 

Соққысы жойқын жұлдыз

Ғажайыпқа толы Құранда радио сәуле таратушы аспан денесі саналатын жұлдыз туралы айтылғанын білесіз бе? Сөзімізге дәлел теңдессіз кітапта бұл жөнінде Алла былай дейді: «Көк аспанға және түнде жарқ етіп шығатын «Тариқ» жұлдызына серт! Тариқтың не екенін сен білесің бе?! Ол – тас қараңғы түнекті жарып шығатын жап-жарық жұлдыз». («Тариқ» сүресі 86:1, 2, 3) Алғашқы үш аятына назар аударып отырған сүре «Ат-Тариқ» деп аталған. Сүре атауы араб тілінде «қатты соғу», «тесіп шығу», «соққы дыбысын шығару», «қатты соқтығысу» деген мағыналарды беретін «тарқ» сөзінен шығады. [1] Біз осынау мағыналар арқылы Құранда айтылған хабардың бүгінгі ғылым ашқан жаңалықтармен байланысы барын көре аламыз. Тарихи дерекке қарасақ, мынадай тұжырымды табамыз: «1967 жылдың қазан айында Кембридж университеті Кавендиша зертханасы (Cavendish Laboratory) Антоний Хьюиш (Antony Hewish) профессордың 24 жасар аспирант қызы Jocelyn Bell Burnell радиотелескопқа келген ақпарларды тексерген кезде кейбір дыбыс сигналының өте тәртіпті екеніне назар аударады. Олардың периоды тұрақты болып, шамамен 1.337 секунд болады. Алғашында ол мұны бөгде ғаламшарлық «кішкентай жасылдар» (LGM) жіберген ақпар болуы мүмкін деп есептейді. Бірақ былайғы жарты жылда ол бұл түрдегі сигналдардың әртүрлісін анықтайды». [3]  Жүрек қағысына ұқсаған осы дыбыстың қайдан шығып жатқанын сол кезде ғалымдар білмеді. Кейіннен аталмыш дыбыстар өз осінен жылдам айналып жатқан нейрон жұлдыздардан шығатыны анықталған. Зерттеле келе бұл ақпарат расталады: «Кейін адамдар бұл түрдегі аспан құбылысын жаңаша аспан денесінің құбылысы ретінде танып, аталған жұлдыздарды Пульсар (Лүпілжұлдыз) деп атайды. «Пульсар», «Квазарлар», «Ғарыш микротолқынды фоны», «Жұлдызара молекула» төртеуі ХХ ғасырдың 60 жылдарындағы «төрт астрономиялық жаңалық» есептеледі. [3] Жалпы пульсар жаңа жұлдыздардың жарылуынан пайда болады екен. Жұлдыздың сәулелену қуаты оның айналу кезінде шығады. Сол үшін де оның айналу жылдамдығы жаймен өсе береді. Ал жасы үлкен кей жұлдыздардың жылдамдығын елестетудің өзі оңай емес екен. Дерек бойынша, олар өз осінен секундына 600 мәрте айналады. Аталмыш «пульсар» сөзі ағылшын тіліндегі «pulse» етістігінен туған. «American Heritage» сөздігі осынау етістікті «A regular or rhythmical beating» – бірқалыпты және ырғақты (ритмді) соққы деп аударған. [4] Ал «Webster» сөздігі оған «the rhythmic contraction and expansion of the arteries with each beat of the heart» – жүректің әр соққысымен артериялардың ырғақты жиырылуы мен кеңеюі деген анықтама берген. [5] Біз бұдан «соғушы» деген мағынаны білдіретін арабшадағы «ат-тариқ» сөзі мен «пульсар» термині арасында бір байланыс бары анықталды. Ал сол жұлдызға Пульсар деген ат берген ғалымдар сонау 60-шы жылдары Құранның «Ат-Тариқ» сүресіндегі өздері тапқан «жаңалық» баяндалған аяттардан бейхабар болғандығы әбден мүмкін. Деректерге назар аударсақ, онда былай делінген: «Антоний Хьюиш профессор пульсарды байқағаны үшін 1974 жыл физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты болды. Ал бұл жұлдызды шындап алғаш байқаған Jocelyn Bell Burnell бойжеткеннің Нобель сыйлығын алмай қалуы қоғамда біршама талас туғызған болатын». [3] Қараңыз, 1400 жыл бұрын жер бетіне түскен ақпаратты ХХ-ғасырда ғана дәлелдеп шыққаны үшін бір ғалым әлемдегі ең мықты атаққа ие болған. Ал Раббымыз Алла сол ақпаратты күллі адам баласына әлдеқашан жіберіп қойды емес пе? Бұдан кейін Оның құдіретіне қалай тамсанбайсыз, қалай бас имейсіз?!

 

Сіз білмейтін тау

Оқыған сайын санаң нұрланып, білімің толысатын Құранда таулар толы қызықты ақпарат бар. Онда жай таудың жаратылғаны емес, оның атқаратын геологиялық қызметі баяндалған. «Жер айналғанда, адамдарды шайқамасын деп, онда берік қазықтар (тауларды) орнаттық. Діттеген жерлеріне адаспай жетсін деп, олар үшін кең жолдар мен өткелдер жараттық». («Әнбия» сүресі 21:31) Жер өз осінен біз үшін елестету қиын жоғары жылдамдықпен айналып жатқанда, ғаламшар тұрғындарын теңселтпей ұстап тұратындай таулардың қандай ерекшелігі бар? Аятқа қарасақ, біз оның тағы да бүгінгі ғылыми дәлелмен тұспа-тұс келгенін аңғарамыз. Жер қыртысын құрайтын үлкен қатпарлардың қозғалып, соғылысуы нәтижесінде тау пайда болады. Геологияда бұған дәлел бар. Бізге таулар жердің үстіндегі биік құрылымдай көрініп тұруы мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Ондай биік дененің нық тұруы үшін астыңғы бөлікте қосымша нәрсе болуы қажет. Сондықтан әр таудың астында өзінен бірнеше есе үлкен тамырлары болады. Олар жер үстіндегі таудың биіктігінен 10-15 есе ұзын. Бұлардың көмегімен таулар жер қыртысындағы қатпарларды құдды бір қазық секілді ұстап тұра алады екен. Салыстырмалы түрде тауларды тақтайға қағылған ірі шегелерге теңей аламыз. Мысалы Эверест тауының биіктігі 9000 м-ге жуық болғанымен, оның тамыры шамамен 125000 м тереңдікте орналасқан. Жалпы таулар мен олардың тамырлары жер қыртысын құраушы үлкен тақтайлардың соқтығысынан пайда болатынын білдік. Сонда екі қатпарлы бөлік соғылысқан кезде, екеуінің күштісі астына бойлай береді де, үстіне шыққаны уақыт өте келе тауға айналады. Солай астыңғы бөлік таралып, үстін ұстап тұратын қазыққа айналып шыға келеді. [1] Қызығы, дәл осы «қазық» сөзі қолданылған Құран аятында Алла былай дейді: «Тауларды (жерді мықтап ұстап тұратын) қазық етпедік пе?!» («Нәбә» сүресі 78:7) Өзі жаратқан әр затты бізден анағұрлым жақсырақ білетін Жаратқанның бұл сөзі сәйкестік болуы мүмкін емес.

 

Жүзетін таулар…

Раббымыз Құранда таулар туралы бір емес, бірнеше ақпарат берген. Солардың бірі – таудың қозғалатындығы. Көзімізге бір орнында тұрғандай көрінетін оның қимыл үстінде болатынын білесіз бе? Ал дәл осы дерек Құранда былай келтірілген: Тауларға қарап, оларды бір жерде тапжылмай тұр екен деп ойлайсың, әйтсе де, олар да бейне бір бұлттардың көшкеніндей көшуде. Міне, бұл – барлық нәрсені кемеліне келтіріп, мінсіз етіп жасайтын Алланың шеберлігі. Шүбәсіз, Ол не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар. («Нәмл» сүресі 27:88) Аятты толық оқып, келесі фактілерге мұқият назар аударыңыз. Ғылымда дәлелденгендей таулардың қозғалуына тікелей әсер ететін бөлік – олардың астындағы жер қыртысы. Ол орнынан қимылдаған кезде, таулар да қозғалады. [1] Жер қыртысы геологияда мантия деп аталатын қатпардың жоғарғы бөлігінде орналасқан. Құрылысы жағынан ол тығыз болады. Оған жақын жер қыртысы үнемі баяу қарқында жылжып жатыр. Қызығы, аятта таулардың қозғалатыны баяндалғанда, «жүзу» етістігі қолданылған. Ал таудың расымен қозғалып жатқанын дәлелдеген ғалымдар да дәл осы етістікті пайдаланған. Әйтсе де олар Құрандағы аятта сол «жүзу» сөзі келтірілгенін білмеген. Бұл таңқаларлық жайт емес пе?! Нақтырақ ғалымдар термин ретінде ағылшынша «continental drift» сөзін таңдаған. [1]

 

Біз темірді де түсірдік…

Астрономиядан бөлек Құранда химиялық элемменттер жөнінде түскен аяттар бар. Ал сіз көпшілікке таныс металл саналатын темір жайында Алла не дегенін білесіз бе? Назар аударыңыз: «…Сондай-ақ болмысында (әсіресе, соғыс құралына айналғанда) зор күш-қуат болған әрі адамдар үшін пайдасы мол темірді де түсірдік. Алла (оны) Өзін көрмесе де, дініне һәм елшілеріне қолдау көрсеткендерді анықтау үшін (түсірді). Шүбәсіз, Алла Қауи (тым күшті) әрі Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы)». («Хадид» сүресі 57:25) Аятынан үзінді келтірілген сүренің атауы – «Хадид». Ал «хадид» сөзінің араб тілінен «темір» деп аударылады. Темірдің өзі – Жер шарында көп кездесетін металл түрі.  Жер қыртысының 5%-ы дәл осы темірден құралған. Біз бұл көрсеткішке қарап, оны Жер шарының өзінде пайда болған деуіміз мүмкін. Осы замандағы астрофизиктер темірдің ғаламшарамызға ғарыштан келгендігін дәлелдеді. Сондай-ақ аталмыш металдың үлкен жұлдыздардан жеткенін анықтаған зерттеулер де жоқ емес. Бұл дерек тек астрофизикада ғана айтылған десек, қателескен боламыз. Таңқаларлығы сол, Алла темірдің Жерге ғарыштан түскенін Хадид сүресінің 25-аятында әлдеқашан баяндап қойған. Нақтырақ айтсақ, аятта «әнзәлнә» деген сөз бар. Мағынасы: «түсірдік», «құлаттық». Бұл сөз идиомалық жағынан «адамның пайдасы үшін берілді» деген мағынаны да береді. Десек те, бұл сөз араб тілінен «көктен жаңбыр» немесе «күн сәулесі сияқты түсіру» деп те аударылады. [1] Біз осынау мағыналарға қарап, Құранда ғылым дәлелдеген керемет деректің барына көреміз. Темір тек Жерге емес, жалпы күн жүйесіне ғарыштан келген. Себебі темірдің қалыптасуы үшін жалғыз ғана Күннің қызуы жеткіліксіз болады. Демек, темір пайда болатын мекенжай деп жап-жаңа жұлдыздарды айтамыз. Ол қалай пайда болады? Дәл осы жұлдыздар жеміс ағашына ұқсайды. Өйткені сондағы өнім саналатын темір мерзімі жетіп, межелі шағына жеткенде, жұлдыздан ажырайды. Яғни, іштен тулаған массаның әсерінен жұлдыз жарылады. Ал темір массалары метеориттер боп аспан әлеміне шашырап кетеді. Содан соң сол метеориттер кеңістікте айналып жүреді де, өзге ғаламшардың тартылыс күші әсерінен сонда барып түседі. Демек, темір Жерде пайда болмаған. Ол бізге ғарыштан келген. Бұл – Құранда айтылған факт. Сол дерек баяндалған «Хадид» сүресі – Құранның 57-ші сүресі. Қызығы, сүре атауы саналатын «Әл-Хадид» сөзінің сандық мағынасы да 57 санына тең болады. «Әл» артикілінен бөлек «хадид» сөзінің сандық мағынасы 26-ға тең. Ал Менделеевтің кестесінде темірдің атомдық нөмірі 26-шы боп берілген. [1] Қараңызшы, астрофизика мен химия, сондай-ақ математика ғылымдарын қамтыған бір ғана аяттың өзі өз мұғжизасын танытып тұр емес пе?!

 

«…Сендердің Одан басқа арқа сүйер қамқоршы иелерің де, өздеріңе арашашы болар шапағатшыларың да жоқ. Сонда да ойланбайсыңдар ма?!»

(«Сәжде» сүресі 32:4)

 

Ораз Елмұрат

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Мақаладағы ғылыми тұжырымдар Nurmura.kz-тен алынды.

https://www.youtube.com/watch?v=oRfaS4eriFs&list=PL8flygBo_83vzRwejM0PUkipNCQ-pcDKR

  1. Уикипедия ашық энциклопедиясы

https://kk.wikipedia.org/wiki/Жойқын_жарылыс

  1. Уикипедия ашық энциклопедиясы

https://kk.wikipedia.org/wiki/Пульсар

  1. https://ahdictionary.com/
  2. https://www.webster-dictionary.org/

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here