Сөз – жүректің айнасы. Ал жүрек – біздің болмысымызды айқындайтын орын. Себебі Алла Елшісі (с.а.с): «Шындығында, денеде бір кесек ет бар. Егерде сол ет түзу болса, бүкіл дене түзу. Ол – әрине жүрек емес пе?!», – деген. [1] Мұсылман ретінде дұрыс мәміле құрып жүрміз бе? Бұл сұраққа жауап алу үшін исламдағы сөйлеу мәдениетіне тоқталайық.
Жақсы сөз
Жүрек сырын ақтарар сөздің адам өміріндегі орны ерекше. Сондықтан болар Алла Елшісі (с.а.с) ең алдымен жақсы сөз айтуды бұйырған. Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде: «Не жақсылық айтсын, не үндемесін!» – деген. [2] Адамның жанын жадыратар жақсы сөзді сауап іске теңеген. Осыған орай айтылған ардақты Елшінің (с.а.с): «Жағымды сөз – садақа», – деген хадисі көбімізге мәлім. [3]
Адамның жүрегін жаулаудың бес жолы бар көрінеді. Оны Гэри Чепмен «Пять языков любви» кітабында айтқан. Оның пайымдауынша, махаббаттың бес тілі бар. Соның бірі – сөз. Яғни, кез келген мақтау сөз, қолдау сөз, жылы сөздер – махаббаттың бір тілі. Демек, адам жүрегін жаулауда сөздің атқарар орны маңызды екен.
Дауыс ырғағы
Екінші мәселе – дауыс ырғағы. Алла Тағала біздің барынша көркем мәміле құрғанымызды қалайды. Қасиетті Құранында соған дәріптейді. Жақсы мәміленің бір белгісі – дауыс ырғағының бірқалыпты болуы. Алла Тағала бізді дауыс көтермеуге әрі мәміле кезінде байсалды болуға шақырады. Келесі аятқа көз жүгіртсек: «Жүргеніңде һәм әр ісіңде байсалды бол! Сөйлегенде, дауысыңды қатты көтерме! Біле білсең, ең сүйкімсіз дауыс – (өңеші жыртылғанша ақыратын) есектің дауысы». («Лұқман» сүресі 31:19)
Психологтардың айтуы бойынша, сөйлеу барысындағы дауыс ырғағы адамға мықты әсер етеді. Яғни, мәміле кезінде байсалды, қоңыр дауысты болған дұрыс. Сонда ғана адам айтылған сөзді ақылмен қабылдай алады. Эмоцияға берілмейді. Қоңыр үнмен әсем сырласу – сөйлеу мәдениетінің бір көрінісі.
Ғайбатсыз сөйлеу
Сөйлеу мәдениетінде келесі ескерілетін маңыздылық – ғайбаттамау, өсек айтпау, жамандамау, өзгенің сыртынан сөз айтпау. Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) сахабаларынан: «
- Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме? – деп сұрайды.
Сахабалар:
- Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі, – деседі.
Сонда Алланың елшісі (с.а.с.):
- Ол – бауырыңды сыртынан өзі ұнатпайтындай еске алып, сөз айтуың, – дейді.
Бір сахаба:
- Ал сондай сипат оның бойында болса ше? – деп сұрайды.
Пайғамбар (с.а.с.):
- Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан саналасың, – деп жауап береді. [4]
Жалпы ғайбаттау – адамды сынау деген сөз. Ал сынау – адамның ісі емес, Алланың ісі. Алла Тағала да қасиетті Құранда бұл жайлы көркем түрде ескертеді: «Рахман әрі аса Рақымды Алланың атымен (бастаймын)! Әрбір (елжұртты менсінбей) сынап-мінеуші, ишарамен ымдап келемеждеп, кемсітушінің жағдайы қандай өкінішті!» («Һумәзә» сүресі 104:1)
Бір кісі Хасан әл-Басриге:
- О, Хасан, пәлен деген кісі сен туралы ғайбат айтты, – дейді.
Сонда Хасан әл-Басри ғайбат айтқан адамға ыдыс толы құрма беріп жібереді екен. Сосын:
- Сенің маған сауапты істеріңді сыйға тартқаныңды естідім. Сондықтан саған алғыс айтқым келді, – деген екен. [5]
Яғни, ғайбаттау арқылы барлық сауапты ісімізді сол адамға беріп қоямыз. Ақырет күні Алла Тағала ғайбатталған адамға: «Сені ғайбаттағаннан қалағаныңша сауабын ал», – дейді екен. Сауабымыз ғайбатымыз үшін төгілгенін қаламасақ, лайым жақсы сөз айтайық.
Өзгенің ісіне араласпай сөйлеу
Сөйлеу мәдениетінің тағы бір қағидасы – өзге адамның ісіне араласпау. Ол үшін өзіңе қатысы жоқ дүниелерді сұрамау керек. Кейде біліп, кейде білмей өзге адамның өміріне тым қатты араласқымыз келеді. Байқаусызда өзімізге қатысы жоқ әлемге қол сұғамыз. Нағыз мұсылман – өзге адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдырмайтын, өзгенің ісіне араласпайтын мәдениетті жан. Расулымыз Мұхаммед (с.а.с): «Исламды жақсы ұстанудың белгісі – (адамның) өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуы», – деп айтқан. [6]
Шын сөйлеу – мұсылманның белгісі
Нағыз мұсылманның сөйлеуіндегі ең маңызды дүние – шындықты айту. Халқымызда осыған қатысты керемет нақылдар бар. Мәселен, «Өтірік сөз жанға қас, Өткір пышақ қынға қас», «Өтірік өрге баспайды», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Халқымыз осылай өтіріктің қандай жаман әрекет екенін бірер ауыз сөзбен-ақ жеткізген. Дініміз ислам да тек шындықты айтуға тәрбиелейді. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде былай деген: «Пенденің иманы оның жүрегінде туралық болмайынша тура болмайды. Һәм оның жүрегі де оның тілі туралықта болмайынша тура болмайды». [7] Тағы бір сөзінде Алла Елшісі (с.а.с): «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа тартады. Өтіріктен сақтаныңдар, өтірікшілік күнәға, ал күнә жаһаннамға тартады», – дейді. [8] Пайғамбарымыздың сүйікті жары Айшаның (р.а): «Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә – өтірік болатын. Өйткені олар өтірікпен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді», – деген. Осыдан-ақ мұсылманның сөйлеу мәдениетінде жалғанды қоспай, шын сөйлеудің ең маңызды қағиданың бірі екендігін көреміз.
Көркем мінезбен сөйлеу – сүннет
Сөйлегенде ашулы болмау да – мәдениеттің белгісі. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Күрескенде жыққан адам мықты емес. Ашуы келгенде өзін ұстай алған адам мықты», – деген. [9] Ал мәміле кезіндегі ашуымызды қалай жеңеміз? Ондай кезде не істеу керек? Тағы да Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) өнегесіне жүгінейік. Расулымыз (с.а.с) ашулы кезде үндемеуді ұсынады. «Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме», – деген. [10] Сөйлегенде ашулы болмау керек. Ашулы болсақ, сөйлемегеніміз абзал.
Аз сөйлеп, көп тыңдаңыз
Алла Тағала ауызды біреу, құлақты екеу етіп жаратуы бекер емес. Бәлкім, аз сөйлеп, көбірек тыңдай білсін дегені болар. Сөйлеу мәдениетінің тағы бір қағидасы – аз сөйлеу һәм көбірек тыңдау. Хәкім Абай сөзді ұғынудың маңызы жайлы былай дейді: «Қарны тоқ аса маңғаз ұқпас сөзді, сөзді ұғар көкірегі болса көзді». Абай тек көкірек көзі ашық адам ғана айтылған сөзді ести алатыны, санасымен ұғына алатыны айтқан. Айтушыны ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін кейде үнсіз тыңдауға тура келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының мынадай керемет даналығы бар: «Маған кейде бір адам бір мəселе жайлы айтады. Мен оны ол дүниеге келместен бұрын естіп қойсам да оған құлақ саламын. Кейде, бірінші рет естіп тұрғандай күй көрсетемін». [11]
Психологтардың айтуы бойынша, адам басқа адамға проблемалары жайлы айтып жатып, оны өзі-ақ шеше алады екен. Оны тек тыңдау керек екен. Себебі көбіне проблеманың шешімі – өзімізде. Заманында бір ғұлама сөзі: «Өмір маған адамдарды әдемі, тартымды сөздермен баурап алуды ғана емес, көп сөйлей бермей, олардың сөздеріне құлақ сала білуді, осылайша жүректерін жаулап алуды үйретті. Өзгелерді тыңдай білу шеберлігі оларды бізбен болған отырыстарында бақытты етеді», – деген. Сол үшін жақыныңызды, досыңызды, туысыңызды бақытты еткіңіз келсе, тыңдауды үйреніңіз. Тіпті кейде ұрыс-керістен бас тартып, үнсіз қалған дұрыс. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра талас-тартыстан бас тартса, мен оған Жәннаттың шетінен зәулім сарай берілуіне кепілмін», – деп тартыстан қашқан үмбетін сүйіншілейді. [12] Расымен, сөз қадірін таныту үшін кейде үнсіз қалғанның да қайыры бар.
Дана халқымыз «Басқа пәле тілден» деп бекер айтпаған. Бәледен аулақ болу үшін сөзімізге мән берген абзал. Ж. Баласағұнның: «Ақыл-ойдың көркі – тіл. Тілдің көркі – сөз», – деген қанатты сөзі бар. Исламдағы сөйлеу мәдениетін дұрыс ұстансақ, адамдармен қарым-қатынасымыз көркем, Алла алдында абыройымыз биік болары сөзсіз.
Жаннұр Таласбаева
Пайдаланған әдебиеттер:
- (Бухари, Мүслім хадистер жинағы) http://mazhab.kz/kk/maqalalar/gibratnama/jurek-bir-bassein-sekildi-4409/
- (Бұхари хадистер жинағы)
https://www.islamdini.kz/articles/555
- (Бұхари хадистер жинағы)
https://furqan.kz/makala/item/3303-zhagymdy-soz-sadaka.html
- http://fatua.kz/ru/post/view?id=441
- https://muslim.kz/article/gayibattyn-ne-ekenin-bilsek-te
- (Тирмизи, ибн Мәжә)
- (Анас (р.а) риуаяты)
- (Бұхари хадистер жинағы)
http://www.ihsan.kz/kk/articles/view/1151
- (Бұхари, Муслим хадистер жинағы)
http://mazhab.kz/kk/maqalalar/hadis-jane-sunnet/undeme-undeme-undeme-7545/
- (Ахмад хадистер жинағы)
https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2017-11-08/21891-ashulanu-auyir-dert/
- https://adyrna.kz/post/18796
- (Тирмизи хадситер жинағы)
http://mazhab.kz/kk/maqalalar/hadis-jane-sunnet/undeme-undeme-undeme-7545/