10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

ЖАРАТЫЛЫСЫНАН ӨЗГЕРМЕГЕН ЗАҢДЫЛЫҚ

Үздіксіз қозғалып, дамылдамай тіршілік қып жатқан ғаламның Алла жасаған мінсіз құрылымы саналы адамды таңдай қақтырмай қоймасы хақ. Ол жаратқан жаратылысқа қарап ойланып, Оның құдіреті шексіз жалғыз Құдай екенін мойындап, Оған шынайы шүкір ету – құлшылық. Демек ғылымға бойлап, ізденіс жасау сауапты іс болмақ.

Раббымыздың қалауымен әр жаратылыс өмір сүруін бастап, іске қосылғаннан бері бір құбылыс қалыбын жоймай келеді. Ол – тәртіп. Яғни, жер бетіндегіден бөлек ғарыш кеңістігіндегі түрлі нысан мен ғалам бір тәртіп бойынша әрекет жасайды. Бұдан біз аспан әлеміндегі дәл тепе-теңдікке көз жеткіземіз. Алла әр нәрсеге белгілі бір өлшем берген. Ал бекітілген өлшем Ол қаламайынша бір елі өзгермесі анық.

Бұл жөнінде Құранда: «Ол – көктер мен жердің иелігі, бар билігі бір Өзіне тән болған сондай ұлы Құдай. Ол ешкімді де Өзіне бала етіп алған емес, сондай-ақ шексіз билікте Оның ешқандай ортағы да, серігі де болмаған. Ол бәрін бір Өзі жаратып, әрбір жаратылысқа белгілі бір өлшем, жүйе мен тағдыр тағайындады», – делінген. («Фурқан» сүресі 25:2)

Аятқа қарасақ, ондағы белгілі бір өлшем деген сөз Алланың жаратылысқа бекіткен бұлжымас заңдылығын айқындай түседі. Егер ол заңдылық сақталмаса, ғаламда тіршілік болмайды. Бәлкім сол тәртіп бұзылса, аспан әлемінде жойқын жарылыс, жер бетінде ірі апат орын алар еді. Ендеше, тіршіліктің үзілмей, өмір сүруі үшін қандай заңдылықтар сақталуы қажет? Осы сауалға жауап іздесек, көп заңдылықтың өзіндік өлшемін көріп, таңқаламыз.

 

Ғарыштағы мінсіз заңдылық

Алдымен аспан денелерінің орналасу заңдылығынан бастайық. Жер мен бірге бір галактика бойында қозғалыс жасайтын ғаламшарлардың арасында өзгермес өлшем бар. Егер олардың бірі көрші тұрған планетадан алыс не жақын орналасса, онда тұрақсыздық белең алып кетуі ықтимал.

 

Тартылыс

Тіршілік етуге бірден бір себепкер бұл – Жердің тартылыс күші. Аталмыш күштің қазіргі қалыпты жағдайдан өзгеріп, қуаты арта түссе, жердің атмосферасы өзіне сырттан (ғарыш кеңістігі) шамадан тыс аммиак пен метан тартып алатын еді. [1] Дәл осындай жағдайда тіршілік те болмайды. Ал тартылыс күші керісінше баяу болса, жер суды ұстап тұра алмай қуаншылық орнауы мүмкін. Аталған екі жағдайда да тіршіліктің жойылатыны анық.

Күн мен Жердің арасы

Сонымен қатар біз үшін маңызды нысан саналатын Күн мен Жердің арасындағы қашықтықта да заңдылық орнаған. Әртүрлі деректерге қарап, ортақ шешімге тоқталар болсақ, Күн бізден 150 млн. км қашықтықта жатыр. Қызығы, адам баласы күнге жаяу (5 км/сағ.) бару үшін тоқтаусыз 3415 жыл жүруі керек екен. [2] Егер сондай ұзақ жыл өмір сүрер болса, бұдан үш мыңнан астам жыл бұрын өмір сүрген Мысыр перғауыны Тутанхамон сол ыстық шарға табан тіреген болар ма еді?! Әрине, бұл әсте мүмкін емес. Өйткені дамыған біздің заманда да әлі де Күнге бару түгілі маңына жақындап, зерттеу жасауға арналған скафандр да ойлап табылған жоқ. Алайда біз айтқан қашықтық кейде өзгеріп отырады. Өйткені Жер элиптикалық жазықта орналасқандықтан, қаңтар айының 2-сі және 5-і аралағында Күнге қарай жақындағанда екеуінің арасындағы қашықтық 147 млн. км-ді құрайды. Жер сол ыстық шарға жақындайтын бұл құбылыс астрономияда «перигелион» деп аталады. Ал жаз мезгілі кезінде шілденің 2-сі мен 5-сі аралығында Жер Күннен 152 млн. км алыс болады. Бұл құбылысқа «афелие» делінген. [2] Жыл сайын орын алатын осы заңдылықтар бекітілген тәртіппен ғана жүзеге асады. Ал сол заңдылық бұзылса не болуы мүмкін? Егер Жер Күнге қазіргі қашықтықтан тым жақындап кетсе, табиғаттың су айналымына қауіп төніп, ғаламшарымыздың күлі ғана қалуы ғажап емес. Ал біз Күннен тым алыста тұрсақ, жылу жетіспегендіктен Жерде мұз дәуірі орнап, тіршілік көзі қалмас еді. Шығыстан жарқырап шығып, батысқа қарай қызара бататын Күннің Алла бекіткен өлшемі сәл бұзылса, қандай жағдай орын алатынын көріп отырмыз.

Құдіреті шексіз Раббымыз осынау алып Күн жөнінде: «Сондай-ақ (оған) жарқырап жанған шамшырақ орнаттық», – деген. («Нәбә» сүресі 78:13)

Ғалымдарымыз осынау шамшырақ шар жөнінде айта келе, осы аятқа мынадай түсінік береді: «Жер әлемге миллиондаған жылдар бойы жарығы мен жылуын толассыз төгіп тұрған Күннің бір күндік қуатын қолдан жасау үшін бұл дүниедегі қуат көздерін түгелдей жағу керек болады. Ал «Күн» деп аталатын осынау ғаламат қуат көзі Алланың бір ғана «Бол!» деген пәрменімен Жер бетіне жарығы мен жылуын толассыз төгуде!» [3].

Пленатамыздың негізгі бөлгінің бірі – жер қыртысы. Жер қыртысы құрлықта және Дүниежүзілік мұхитта қалыңдығы мен қабаттарының саны бойынша ерекшеленеді. Материктік жер қыртысының қалыңдығы 75 км-ге дейін жетеді. Ол 3 қабаттан тұрады. Жоғарғысы – шөгінді, онда шөгінді жыныстар басымырақ. Ал мұхиттық жер қыртысының максималды қалыңдығы – 5 км. Ол 2 қабаттан құралған. Жоғарғы қабаты – шөгінді, төменгісі – базальт. Мұхиттық жер қыртысында гранит қабаты жоқ. Жазық астындағы құрлықтық жер қыртысының қалыңдығы 30-50 км болса, таулар астында 75 км-ге дейін ұласады. Ал мұхиттық жер қыртысының қалыңдығы 5-тен 10 км-ге дейін болады. [4] Жер қыртысы Күн жүйесінің басқа планеталарында да бар, бірақ тек Жерде ол 2 түрге бөлінеді: құрлықтық және мұхиттық. Егер ол қазіргі қалыбынан сәл қалыңдау болса, атмосферадан оған келіп тұратын оттегі шамадан тыс көбейіп кетуі ықтимал. Ал осы уақыттағы қалыңдығынан жұқалау болса, жаңартаулар оянып, вулкан атқылап кету қаупі жоғары. Раббымыз қойған өлшеммен тұрған жер қыртысында осындай жағдайлар орын алса, алып шарымыздың тіршілік сағаты тоқтар еді. [1]

Жердің айналу жылдамдығы

Біздің өмір сүруімізге қажет заңдылықтың тағы бір түрі – Жердің өз осінен айналу жылдамдығы. Оның жылдамдығы 1670 км/сағ құрайтынынан хабардармыз. Ол егер содан аз жылдамдықта қозғалса, не болуы мүмкін? Мәселен, алып ғаламшарымыз өз осінен 1337 км/сағ жылдамдықпен айналып жатыр делік. Дәл осылай болса, күн мен түн арасындағы температураның айырмашылығы әдеттегіден үлкен болады. Ал егер Жер өз осінен қатты жылдамдықпен айналса, атмосфералық желдердің де жылдамдығы көз ілестірмес күйге енеді. [1] Ол аздай дамылдамас дауыл мен тоқтаусыз сел тіршілік атаулыны тып-типыл қып, жойып жіберер еді.

Магниттік өріс

Жер туралы сөз болғанда оның магниттік өрісі туралы айтпай кете алмаймыз. Алла адамды қауіп-қатерден сақтағаны секілді тұтас ғаламшарды да сыртқы апаттан қорғай алады. Өйткені Ол – бәрінен ұлы, бәрінен үстем Азиз. Сондықтан да Алла осынау магнитті өрісті жерді қорғап, сыртқы жауға тойтарыс берер қамал іспетті жасаған. Бұл жөнінде ғылыми деректерде біраз айтылған. Географиядан білетініміздей, Жердің ортасында ядро бар. Ал ол балқыған темір сұйықтықтан құралған. Сол аталмыш ядро ғарыш жүйесінің біраз аймағына дейін жете алатын қуаты күшті өрісін таратады. Бір жағынан бұл ғаламшарымызды қорғайтын бөлік. Өйткені оның күші жер бетін мекендеген тіршілік атаулының ғарыштан келетін радиация мен Күннен туатын зиянды сәуледен аман болуына сеп болады. Елестетіп көріңіз, егер бұл жүйе қазіргісінен артығырақ жұмыс жасаса, жердің бетінде алапат қуаты бар магниттік толқындар тұрып алуы мүмкін. Ал ол керісінше баяу жұмыс істесе, бідің ғаламшар күн тарапынан тарайтын қаупі басым жалын мен қажетсіз сәулеге төтеп бере алмайды. [1] Жайбарақат ғұмыр кешкен біздер Жаратқанның ғаламшарымызға осындай нығметті үйіп-төгіп бергенін біле бермейміз. Расында біз Оның құдіретіне қарап, ой жүгіртіп, шүкіршілігімізді үздіксіз арттыра беруіміз қажет.

 

Атмосфера

Жерді сыртқы күштен қорғау жұмысы тек магниттік өріспен шектелмейді. Ғаламшарымызды газдан тұратын жамылғы сынды ауамен толтыратын атмосфера жүйесі бізді аспан әлеміндегі қауіптен сақтап отырады.

Бұл жөнінде Құранда былай делінген: «Аспанды (шайтандардан һәм құлаудан) қорғалған (сақтандырылған) берік күмбез қылдық. Алайда кәпірлер ондағы (Менің бар екенімді, құдіреті күшті жалғыз билеуші екенімді көрсететін) мұншама дәлелдерді көргілері келмейді, әлі де сырт айналады». («Әнбия» сүресі 21:32)

Аталмыш атмосфераның жоғарғы қабаты стратосферада оттегінің өзгеше түрі саналатын озон бар. Ол ғарыштағы ультракүлгін сәулелерінің 99 пайызға жуығын бізге жеткізбей тойтара алады. Дәл осылай жұмыс атқаратын озон қабаты адамдар мен оттегі тудыратын планктонмен қатар, тіршілік иелерін қауіпті радиациядан қорғайды. Озонның мөлшері өзгеріп отырады. Ультракүлгін сәулелер күш алған сайын, ол да соларға сай соққы береді. Сондай-ақ Жерге қалқан секілді қызмет қылатын атмосфера ғарышта қайда барып соғылары белгісіз метеориттер мен өзге де қауіпті нысандарға тосқауыл бола алады. Атмосфераны бізге қажетсізді қайтарып, қажеттіні қабылдап отыратын қақпа дерсіз. Себебі ол Күннен келетін жылу мен жарыққа бөгет жасамайды. Ол керісінше, Жерге қажет жылуды әлемнің түкпір-түкпіріне таратып, оны түнгі уақытта бір қалыпты жылумен қамтамасыз етеді. Әрі бұл қабат бізді адам төзгісіз суықтан сақтауда. Себебі ғарыш кеңістігіндегі суық -270 °C-қа дейін ұласады. [1] Ал сондай салқындықты өткізбей, Жер шарын жабылған қалың тоңдай қауіптен қорғап тұрған атмосфераны Алладан басқа кім жасай алуы мүмкін?!

Аталған магниттік өріс пен атмосфера қабаты сондай керемет дәлдікпен жаратылып, олардың ақ пен қараны ажырататындай ерекшелікке ие екеніне көз жетті. Неге олай дейміз? Өйткені екі негізгі бөліктің сырттан келетін қауіпті жойып, пайдалы нәрсені өткізе алатынын білдік. Шынында, осындай алып шардың бір емес, екі сауытпен қорғалуы кездейсоқ құбылыс болуы мүмкін бе? Олар өздігінен пайда болған деген миға қонымды теория ма? Әсте олай емес. Бұндай мінсіз туындылардың жалғыз әрі хақ авторы – Алла Тағала.

Көміртек пен су мөлшері

Атмосферамыздағы көміртегі мен су мөлшерінде де заңдылық бар. Айталық, ол қазіргі мөлшерінен көп болса, тиісінше атмосферадағы температура дереу межесінен асып кетеді. Ал азайып кетсе, бұл кезде де тіршілік тоқтайды.

Жер осінің енкіштігі

Жер осінің енкіштігі де бір тәртіпке сай жұмыс істеуде. Жердің айналу осі жер орбитасының жазықтық перпендикулярынан орташа 23º-қа ауытқи енкиіп тұр. Жыл мезгілдері де осы енкіштік градусының әсерімен төрт түрге бөлінген. Егер сол градус бұдан сәл басқаша болса, төрт мезгіл арасындағы температурада да біраз айырмашылық болары сөзсіз. Сонда біз адам төзбес ыстық жаз бен қақаған суық жайлаған қысқа куә болар ек. [1] Ал сіз бұндай жайт орын алса, жер бетінде қыбыр еткен тіршілік иесі сақталады деп ойлайсыз ба?

Ай мен Жердің арасы

Ғаламшарымызға серік болған Ай мен сол Жердің арасындағы арақашықтық та өзгермес заңдылықпен өлшеніп, қойылған. Жалпы екі нысанның арасы 384 400 км-ді құрайды. Біз мекендейтіннен бөлек аспан денелерінің ішінде адам табаны тиген жалғыз орын да – осы Ай. [5] Егер ол аталмыш қашықтықтан Жерге тым жақын болса, ол ғаламшарымызға соғылып, ірі апат орын алады. Керісінше, алыстау жүрсе, тартылыс күшінің әлсіреуі себепті Ай бізден ұзап, ғарыш кеңістігінде ізім-қайым жоқ болуы мүмкін. Ол бостан-бос Жердің серігі қызметін атқармайды. Ай оны тұрақты деңгейде ұстап тұрады. Ол болмаса, Жер айналу осінен қатты шайқалып, ортақ үйіміздің ойраны шығар еді. Шынымен Ай бізге қазіргісінен қатты жақындап кетсе, оның ғаламшарымызға әсер етуінен жүзеге асатын теңіздің тасу һәм қайту процесі бұзылады да, бұрын-соңды болмаған дүрбелең туатыны анық. Тіпті мұхит суы да құрлықтың ойпан жерлеріне кеп құйылып, су үйкелісі тууы мүмкін. Содан мұхит температурасы күрт жоғарылап, жердегі тіршіліктің болуына жағдай жасайтын дәл температуралық тепе-теңдік те бұзылып кетер еді.

Температура мен көміртек

Жердің температурасы мен қоршаған ортаның көміртегіне негізделуі де – бір заңдылыққа құралған жүйе. Тіршілік етуде айтарлықтай үлесі бар көміртегі белгілі бір температуралық шарттарға тәуелді. Жалпы көміртегі болмаса, жер жаһанда тіршілік сағаты тоқтар еді. Аталмыш физика мен химия ғылымында осынау элементтің өмір сүру процесінде аса маңызды рөл атқаратындығы айтылады. Ал көміртегінің қосындылары өзгермесі үшін, біз үшін маңызды қоршаған ортаның темпаратурасы цельсий бойынша +120 °C-тан жоғары, -20 °C-тан төмендемеуі қажет екен. Айталық қалыптасқан -20 °C төмендеп кетсе, органикалық биохимия болмайды. Таңқаларлығы, Жердің температуралық режимі осынау екі аралықта тұр. [1] Егер осы аралықтардың бірі төмендеп, енді бірі жоғарылап кетер болса, бұдан жағдайды елестете де алмаймыз.

Біз ғылыми теориялардан мысал келтірдік. Байқағанымыздай, он сегіз мың ғаламға орнаған бір тәртіп бар. Егер Жаратқан қойған сол заңдылық сәл ғана өзгеріп кетсе, қыбырлап жатқан жәндіктен, құмырсқадай құжынап, қауырт тіршілік еткен адамға дейінгі жаратылыс атаулы жарық дүниемен қош айтысар ма еді?! Алайда Алла Тағала бізге жайлы өмір сүру үшін барлығын қауіпсіз еткен. Бұл жөнінде Раббымыз: «Біз жер бетін бесік қылмадық па?!» – дейді. («Нәбә» сүресі 78:6) Олай болса, осынау нығметке шүкір деп, құлшылық ету – біз үшін парыз екен. Кей адамдар әлем адамзатқа қауіпсіз болса, неліктен түрлі табиғат апаттары орын алуы мүмкін дер.

Осынау сұраққа Алла әлдеқашан жауап берген: «Міне, бұл (азап) – өз қолдарыңмен істеген күнәларыңның қарымы. Алла құлдарына әсте қиянат (әділетсіздік) жасамайды». («Әли Имран» сүресі 3:182)

Демек, Оның тарапынан жіберілетін әртүрлі апат адам баласы жасаған қате-кемшілік үшін екен. Әсте жер жаһанда болатын сондай ауыр жайттарды көрсек, оның бізге жасалған ескерту екенін білуіміз қажет.

Барлық аспан денелері мен Жердің құрылысында бекітілген тәртіп барын, егер сол тәртіп бұзылса, не боларын да білдік. Демек, күллі ғарышты қатерден сақтап, бізді жамандықтан қорғап бір құдіретті күштің бары анық. Ол кім? Шүбәсіз ол – Алла. Дәл осылай табиғаттың тылсым сырына ой жүгірткен жан баласы түбінде хақ құдайдың кім екендігіне көз жеткізері сөзсіз. Ал ақыл көзі дәлелді көріп, естіп тұрса да, бәрібір ақиқатты мойындамайтын тәкәппарлар айтқанынан қайтпай қала беруі мүмкін.

Бұл туралы Құранда: «Біздің аяттарымызды тек уәдесінде тұрмайтын опасыздар мен рақметі жоқ пасықтар ғана жоққа шығарады», – делінген. («Лұқман» сүресі 31:32)

Олардың жүрегіне Алла иман нұрын нәсіп етсін дейміз.

Жарытылыс біткенді панасына алып, бар дүниені дамылдамастан қоритын тек – Раббымыз дедік. Құрандағы ең ұлы аят саналатын Аятуль-Күрсіде осы тұжырым кеңінен тарқатылып айтылған. Аятта: «Алла, Одан басқа құдай жоқ. Ол – Хай (мәңгі тірі), Қайиум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір Өзі ұстап, меңгеріп тұрушы). Ол әсте қалғымайды, Оны (ғапылдық та,) ұйқы да баспайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі барлық нәрсе бір Өзіне тиесілі. Оның дәргейінде рұқсатынсыз біреу үшін шапағат етіп, ара түсе алатын кім бар? Ол күллі жаратылыстың алдындағы болашағын да, артындағы өткенін де толық әрі жақсы біледі. Ал олар болса, Оның шексіз ілімінен еш нәрсені толық ұға да, меңгере де алмайды, тек Оның Өз қалауымен ұғындырып, үйреткен нәрсесі болса, оның жөні басқа. Оның (шексіз билігінің көрінісі болған) Күрсісі барлық аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қызғыштай қорып, сақтап тұру Ол үшін бұйым емес, Ол – Али (бәрінен биік, асқақ), Азим (бәрінен ұлы, бәрінен зор), – делінген. («Бақара» сүресі 2:255) Бұл аятта Жаратушымызға тән бірнеше сипат айтылған. Ендеше, мәңгі тірі боп, еш нәрсенің көмегінсіз, шексіз құдіретімен бар ғаламды кім басқарып, аман сақтап тұруы мүмкін? Ол әрине бәрінен үстем, бәрінен биік – Алла. Оның мінсіз әрі асқан шеберлікпен жасаған күллі жаратылысына қарап, ой жүгіртсек, қашанда Раббымыздың құдіретін тани беретініміз анық.

 

«…Сендердің Одан басқа арқа сүйер қамқоршы иелерің де, өздеріңе арашашы болар шапағатшыларың да жоқ. Сонда да ойланбайсыңдар ма?!» («Сәжде» сүресі 32:4)

 

Ораз Елмұрат

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Мақаладағы ғылыми тұжырымдар Nurmura.kz-тен алынды.

https://www.youtube.com/watch?v=oRfaS4eriFs&list=PL8flygBo_83vzRwejM0PUkipNCQ-pcDKR

  1. Какое расстояние от Земли до Солнца в километрах? https://zen.yandex.ru/media/id/5c5926d54c240600b03fded7/kakoe-rasstoianie-ot-zemli-do-solnca-v-kilometrah-5c59430e18708200aaf5d1c0
  2. Анарбаев Нұрлан СайлауұлыӘкімханов Асқар Болатбекұлы, Құран кәрім (қазақша түсіндірмелі аударма). – Алматы: Көкжиек, 2015, – 624 б.
  3. Я Класс. Строение земной коры.

https://www.yaklass.ru/p/geografiya/5-klass/litosfera-56809/litosfera-i-zemnaia-kora-62628/re-9e756a8a-264c-42f6-bf97-e0b5a42c328b#:~:text=Земная%20кора%20—%20самая%20верхняя,до%20(75)%20км%20(на%20материках)

  1. Расстояние от нашей Земли до единственного спутника планеты — Луны.

https://zen.yandex.ru/media/kosmosgid/rasstoianie-ot-nashei-zemli-do-edinstvennogo-sputnika-planety–luny-5d889c58f73d9d00ae8e5289

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here