21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

ҰЛТТЫҚ  БАЛА ТӘРБИЕСІ

Дүниеге шыр етіп сәби келгеннен бастап, ер мен әйелдің ата-аналық махаббаты ояна бастайды. Өзі ішпей- жемей жүрсе де, баласының киімі бүтін, қарны тоқ болуы үшін барын салады. «Табаныңа кірген тікен, маңдайыма кірсін», дейтін тілеуі бар қазақтың. Баласы ауырып қалғанда,«осы ауруды саған емес, маған берсе ғой» деп, тілеп жатады аналар. Бұның бәрі Алланың сіз бен бізге деген махаббаты. Ата – ананың балаға деген махаббатының ар жағында Алланың махаббаты жатыр.

Хазреті Омар (р.а) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.у) құзырына хауазин тайпасынан қолға түскен тұтқындар әкелінді. Тұтқындар арасында емізулі бір әйел бар еді. Ол әйел баласын жоғалтып алыпты. Әйел омырауына толған сүтін тұтқындар арасындағы емізулі балаларға беріп жатады. Кенет әйел өз баласын тауып алады да баласын бауырына басып, құшақтап емізе бастайды. Әйелдің баласына деген махаббатын көрген Пайғамбарымыз (с.а.у) бізге: «Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?» деп сұрайды. Біз: «Жоқ, әрине! дегенімізде, Алла Елшісі (с.а.у): «Алла Тағала да құлдарына мына әйелдің баласына деген махаббат пен мейірімінен де артық мейірімді, әрі жұмсақ» деді.[1]

Тәлім- тәрбиенің мектебі,  имани білім  ошағы іспеттес- әдет ғұрпымыздың «бала тәрбиелеу » тұжырымы қайдан бастау алады?  Қазіргі «заманауи» тәрбиеде:«киімі бүтін, қарны тоқ болса, не сұраса, соны аямау керек, өзінің қалауымен өссін, шектеу болмау керек» дейтін жаңсақтау қағидалар да кездесіп жатады. Әлбетте, бұлар да өз мөлшерінен аспаса, бір қажеттілік болып табылады. Десек те, тәрбие деген ұғым осымен бітті ме? Мұсылман халқы ретінде, ата дініміздің  даналығына бір үңілсек, өзіміздің қанға біткен қазақы салтымызда қалыптасқан «Бала тәрбиесі» көз алдымызға келеді. Үлкендеріміз әдепсіздікті көрсе,«Итін кет демеген, баласын тек демеген» дейтін бір ескертуді құлағымыз шалатын. Балаға зорлық көрсету, құқығын шектеуден аулақ бола тұрып, қамқорлықпен «тек» дей білу де ата-ананың даналығынан. Асыл дінімізде де асыра сілтемей,тым шектемей, әр нәрсенің орташасын ұстануды құптайды.

Баланы дүниеқұмар етіп тәрбиелемеңіз

Қазіргі қоғамда көпшілік баланы тәрбиелемейді, тек асырайды. Мектепке барды, тамағын жеді, болды. Мектепте не оқыдың? Кіммен дос болдың? Өмірлік ойың қалай қалыптасып жатыр?  Қарны тоқ, көйлегі көк болса болды. Яғни асырап бағудан әрі аспайды.  Балаға кішкентайынан қымбат дүние алып беріп, оған қамқорлық еттім деп ойламаңыз. Бір миллионер айтқан екен: «сен балаңа дұрыс тәрбие бергің келсе, оған бергің келген ақшаның жартысын бер» деп. Қанша аз берсеңіз, сонша дұрыс тәрбие. Қанша қарапайым киіндірсеңіз, соншалық оның мінез -құлқын қарапайым етіп тәрбиелейсіз. Киімі бүтін, жылы, өзіне қонымды болса болғаны. Қымбатшылыққа үйренген баладан шығатын нәтиже, баланы тек дүниеқұмарлыққа үйрету, ертең басына түрлі сынақ түсіп, таршылық жетсе, молшылыққа үйренісіп қалған бала төзімсіз, қанағатсыз келеді,- деп жатады психологтар.

Қазақтың алып тұлғасы Хәкім Абай атамыз :

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын…» деп, сырты толып, іші  азған ұрпақтың мұндай жеңілтектікке  баулитын тәрбиеден еш пайда алмасын меңзейді.

«Перзент сұрау»

Перзент -Алланың берген сыйы және сынағы. Алла Тағала, мал мен бала-шағаны осы өмірдің сәні,-деп айтады. Халқымызда да сөз бар: «Өмірдің бар қызығы бала деген» дейтін.

Неге сый және сын?

  1. Сый болатын себебі, Алла біреуге береді, біреуге бермейді. Бала көз қуанышың, деп жатамыз. Құдай берген нығметті дұрыс бағалап, күтімін жасау керек.
  2. Сын болатын себебі, оның бар ыстығы мен суығы, жақсылығы мен жамандығына әке- шешедей ешкім күйініп, сүйінбес. Соның жақсы да, жаман тәрбиесіне сіз ат салысасыз, сіз жауаптысыз. Жақсы қарайсыз ба, жаман қарайсыз ба, бұл сізге аманат, бұл сізге сынақ. Қазақта: «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» дейтін тағлым бар.

Хәкім Абайдың 10-шы қара сөзінде, мынадай  ғибрат бар: «Біреулер Құдайдан бала сұрайды. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын,- дейді. Артымнан Құран оқысын,- дейді. Қартайған күнімде асырасын,- дейді. Осыдан басқасы бар ма?! Балам орнымды бассын» деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе?! Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің?! Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?!» [2,1]

Яғни, дүниені жұрттан қызғанып қайтесің?! Өзіңнің дүниең емес қой ол, Алланыкы, Алланың несібесі емес пе?! Қазақта және сөз бар: «Әкенің малы-балаға мал болмайды». Абайдың айтпақшы болған сөзінің төркіні, Құдайдан әйтеуір бала сұрама,-дегені. Өйткені, сол оныншы қара сөзінде тағы айтылады.  «…Баланың жақсысы-қызық, жаманы –күйік»[2,2] деп.

Және сөзінің соңында, тәрбиеге тамаша тағылым түйген: «…Әуелі балаңды өзің алдайсың. «Әне оны берем, міне мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?!» [2,3]

Осы тұста  бала тәрбиесіне қатысты ата дініміз салып кеткен сара жол еріксіз еске келеді. Бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а) Пайғамбырымыздың (с.а.у) үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:

-Балам, келе қойшы, саған бір нәрсе беремін,-дейді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.а.у) дереу одан:

-Ұлыңызға не бермексіз?- дейді.

-Құрма берейін деп едім,-дегенінде:

-Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге  «өтірік айтты» деп жазылар еді,-деп ескерткен. [3]

Абай айтады, одан кейін өзіңнің күнәңді артқаныңмен қоймай, балаңды да күнәһар қылдың ба?! Шын ақыретіңді ойласаң, балаңа өлім тіле, одан гөрі,- деген мағынада. Өйткені, күнәсі аз күйінде көз жұмып, Жәннатқа кірсін,- дегені. Неге олай күйінеді? Өйткені, сіз бен біз бала тәрбиесінде орасан қателіктер жіберіп жатамыз. Қазіргі күнге дейін, дұрыс тәрбиені үйренбедік. Абайша айтсақ:

«…Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір-қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болды деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің?! Осы баладан қайыр күтесің бе?!…» [2,4]

Құдайдан бала сұрайсыз ба? Зәкәрия Пайғамбар былай дейді: «Аллаһым, маған Өзіңе жақын болатын біреуді бер!». Өйткені, Құдайға жақын болса, балаңыз сізді ешқашан тастамайды, ешкімге қиянат қылмайды. Одан ешбір жаманшылық көрмейсіз. «Балаңа Құран үйрет, Құран бәрін үйретеді», дейтін  өсиет қандай тауып айтылған десеңізші?! Перзент сұрасаңыз да, перзентіңізге перзент тілесеңіз де, Құдайға жақын болатын перзент сұраңыз. Өйткені, адам баласының өмірге келгендегі мақсат-мұраты, Құдайға құлшылық ету ғана екенін Құранда Алла  Тағала басып айтады. «Мен адамзат пен жындарды Өзіме Құлшылық етулері үшін жараттым» [4]деп.

«Жақсы сөз жарым ырыс»

Үздіксіз қабыл болатын дұғалардың бірі, осы ата-ананың балаға жасаған дұғалары. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінің бірінде: «Үш түрлі дұға сөзсіз қабыл болады: Жәбір көрушінің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-анасының баласына жасаған дұғасы»  [5] дейді.

Мәселен, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолында» Құнанбайдың баласы Абай үшін Ахмет Риза хазреттен бата сұратқаны бар. Бұл игі дәстүрдің түп негізі Исламда жатыр. Сахабаларымыз Пайғамбарымыздың (с.а.у) дұғасын алуға тырысқан. Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен кездеседі. Сонда баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) оның ұлына жақсылық, құт-берекет тілейді. Сол дуалы сөзден шыққан ізгі тілектер қабыл алынып, Сәбиттен әлемге Әбу Ханифа атымен мәшһүр болған Нұғман есімді ұл дүниеге келеді. [6] «Жақсыдан шарапат» деген осы.

Дініміздің осы қадірлі ұғымын жақсы меңгерген қазақ ғұрпында, «үлкеннен бата алу» үрдісі  қалыптасқан. «Батасыз ұл жарымас» дейтін қазақпыз. Балаға айыбын сөгіп, ақыл үйретемін деп, әрдайым бетінен қақпаңыз. Жақсы сөзіңізбен, ісіңізбен қолдау көрсете біліңіз. Және қосымша бір- екі нүктені айтып өткім келеді. «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деген сөз бар қазақта. Сондықтан балаңыздың хидаяты, Алланың тура жолына түсуі, ол Алладан, сіз оны тура жолға сала алмайсыз, тек дұрыс бағыт- бағдар беріп, сыртынан қайырлы дұға жасап,тәрбиелей аласыз. Ол ақиқатты бүкіл ғаламның Жаратушысы ашып айтады: «Расында, жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады» [7]

Баланы зорлық қылып, ұрып- соғып тыңдатқан ұзаққа бармайды. Керсінше, жүрегінде өкпе- ыза қалмас үшін, ақыл-насихат  мейірім, сабырмен, көркем түрде жүруі тиіс. Құрани Кәрімде айтады: «Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр…» [8] деп.

Европа елінде, баланың психологиясына байланысты, оны тыңдату мақсатында, әрі баланы өз ойын жасқанбай, еркін айтуға қалыптасу үшін, баламен сөйлескенде, баланың алдына тізерлеп төмендеп, жүзіне тік қарап сөйлеседі екен. Сонда, бала өзінің сөзі тыңдалып жатқанын, үлкендер онымен силы адам ретінде санасатынын сезінеді екен. Бұл европа елінің  бала тәрбиесіндегі мәні бар бір психологиялық  әдісі болып табылады.

«Адал ас беру»

Адал нәпақа қанға берілген тәрбие болады. Халықта сөз бар: «Сен не жесең, солсың» деген. Халқымыз баяғыда жылқы етін көп жеген. Қандай боран болса да, қасқайып көкірегін тосып, шыдамды болғаны да содан. Қой жеп момын болғаны да содан. Қанға сіңген нәрсе, жанға сіңеді, ішкі болмыстағы дүние сыртқа көрініс береді. Харам ас  жүріс-тұрысыңызға, денсаулығыңызға әсер етеді. Жүрісіңіз бұзылса, мінезіңіз бұзылады. Ал, бұзылған мінезқұлық – өміріңізге ықпал етеді. Бала Анасының ішінде жатқан кезден бастап-ақ, сол адал асқа көңіл бөліну керек.

Харам астың биологиялық әсеріне бір мысал келтіре кетсек. Қазіргі замануи  медициналық зерттеулер бойынша, иісі мұсылманға арам етілген, шошқа етінің зиянын атап көрсеткен. Тіпті, өзге дін өкілдері де қазіргі таңда бас тартуда шошқаның етінен. Органикалық әсері: өттің қабынуы, аппендицит, ішек қабынуы, әртүрлі жаралар, артрит, грипп, ревматизм, қан қысымының көбеюі, жүрек ангинасы, инфаркт, рак сияқты қатерлер.

Моральдық әсерлер: Шошқа етін жеген адамда  намыссыздық  артатындығы анықталған. Өйткені, ол Е дәруменін азайтады. Одан нәсіл азаяды. Ол дәруменнің жоқтығы махаббат, ғашықтықты жоқ қылады. Жарын, жақынын қызғанушылық сезімі азаяды. Қысқасы, мінез- құлқы үлкен кері өзгерістерге ұшырайды. [9]

«Ас- адамның арқауы», «ауру –астан» дейтін қазақтың сөз тіркестері осы тұжырымнан қалыптасқан. (Әлбетте, «адал ас жеу» әдебі өзінше бір бөлек үлкен білім. Ол жайлы алдағы тақырыптарда кеңінен шолу жасармыз.)

Әзірге тақырыпқа оралсақ, баланың «тілазар» болуының үш себебі бар дейді Ислам ғалымдары:

  1. Ата- ана өзі мойнындағы парызы болған намаздан қашуында;
  2. Балаға адалынан ас бермегеннен тілазар болады, (жоғарыда зерттелгендей мінез құлыққа тікелей әсері бар ас-судың.)
  3. Баланы иманнан, дінінен бейхабар етіп өсіруінде, дұрыс тәрбие бермеуінде. Бала өсіп, жеткіншек болғанға дейін, имани іргетасын қаламағаннан, адал мен арамның аражігін ажырата білмейді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

«Сүт ана»                                                                                  

Ананың тәрбиесі қаннан балаға сіңеді сүтімен. Осы жерде тағы бір мәселе туады. Тәрбие сүтпен бітетін болса, анасының сүті құнарсыз болған жағдайда, кім көрінгенге еміздіруге болмайды. Себебі, баланың тәрбиесінің бір бөлігі, осы ананың сүтінен дариды,- дедік. Сіз емізіп жатқан бөтен әйелдің өмір сүру салтымен, тәлім тәрбиесінен бейхабарсыз. Және ол мәселені әкесі шешу керек. Егер ерінің рұқсатынсыз әйел баласын өзгеге еміздірсе, Қияметте ақысы сұралады. Біздің Ханафи мазхабымыз бойынша, кімнің сүтін ішсе, бала соның баласы есебінде саналады. Сол үшін әркімге баланы емізе салуға болмайды. Ол таныс, туған- туысы болса мақұл. Бөтен біреу болса, ертең олардың балалары да бір-біріне бауыр есебінде болып саналады. Өмірде бәрі болуы мүмкін. Болашақта сол бір ананы емген ұл мен қыз бірін-бірі ұнатып жатса, үйленулері дұрыс болмайды.

 «Мейірім»

«Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды жақсы мінезқұлықпен тәрбиелеп өсірсе, қиясына қондырып, оларға мейірім төгуін жалғастырса, ол кісі Жәннаттық» дейді Пайғамбарымыз (с.а.у). [10] «Қыздың жолы жіңішке» деп содан айтқан қазақ. Оның тәрбиесі, жүріс-тұрысына өте қатты мән берілу керек. Қыз бала мейіріммен өсуі керек. Жүрегі мейірімге толы қыз бала, кейін өзі от басын құрғанда, мейрімді ана, мейірбан жар бола алады.

Жалпы, ұл- қызды шектен шығармай, еркелете білу де, баланы тәрбиелеу құралы десек болады. Қазақ қызын жат жұрттық деп, төріне отырғызған. Кішіпейіл, ұяң болсын деп, басынан сипаған. Ұлын ел басқаратын басшы, отбасына жауапты отағасы деп, өр мінезді, батыр болсын деп, арқасынан қағатын болған. Пайғамбарымыздың (с.а.у) тәрбиесін алған мектеп сол еді. Пайғамбарымыз немерелерін тізесіне отырғызып, ойнататын, иығына мінгізіп, ат болатын. Ал, намазда тұрғанда, немересі мойнына шығып алатын. Өзі Имамдық етіп тұрады, мойнында немересімен намаз оқиды.

Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у) бір бәдәуи, балаларын еміреніп, сүймейтінін айтады. Сонда, Алла Елшісі (с.а.у): «Алла Тағала жүрегіңдегі мейірімді алып қойған болса, мен не істейін енді» деп реніш білдірген екен.

«Сіз баланың айнасы!»

Сіз өзіңізден аяп, барыңызды балаңызға бөлгеніңіздің бала қадірін білмейді. Сіз бірінші өзіңізге беріңіз. Қазақта сөз бар: «Майың болса, алдымен өз басыңа жақ, артылса біреуге жағарсың»,-дейтін. Исламда да айтылған. Пайғамбарымыз с.а.у. айтады: «Ең әуелі өз нәпақаңды өз қажетіңе жұмса, өзіңнен артылса әйеліңнің қажетіне жұмса, әйеліңнен артылса, балаларыңның және басқа жақындарыңның жағдайына қара.  Дүние байлығың болғанда, малыңды осы көріністе садақа ет»- [11])деп. Балаға дұрыс өнеге көрсеткіңіз келсе, алдымен өзіңізден бастаңыз. Киім киіс, жүріс- тұрысыңызға, әдебіңізге, күтіміңізге мән беріңіз. Сіз солай тәлім тәрбие беру арқылы, бала сізге қарап, бой түзеп өседі. Ал, керсінше, балаңызды үлде мен бүлдеге орап, өзіңізге еш көңіл бөлмесеңіз, балаңыздың санасында, «отбасы деген осылай болуы керек екен. Ата – анаға сол да жетеді екен» дейтін таяз түсінік қалыптасуы мүмкін. Перзентіңіз өскесін, өзінен аямай, әке -шешесіне аз көңіл бөлуі содан қалыптасады.

«Алма ағашынан алыс түспейді»

Халықта сөз бар, «қауын- қауынға қарап түс алады» дейтін. Сіз өзіңіздің өмір сүру салтыңыз, мінез- құлқыңызбен, ісіңізбен балаға үнсіз насихат айтып жүрсіз. Бала сөзден емес, істен өнеге алып өсетінін қазіргі замануи психологтарымыз да басып айтуда. Ананың ішінде жатқанда- ақ, бала ананың тәрбиесін бойына сіңіреді.

Омар халифадан, «баланың әкесіндегі ақылары қандай?» деп сұрағанда, халифа:  «Анасын дұрыс таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі» [12]-дейді.  Қазақта да бір жақсы сөз бар: «Жігіттің жақсысы- нағашыдан»,-деген.  Ананың тәрбиесі қандай болса, бұл қаннан жұғып балаға барады, әкенің тәрбиесі қандай болса, көзден жұғып, жанға барады. Ұрпағына сондай жақсы ананы табу- ақылды еркектің ісінен. «Алма- алма ағашынан алысқа түспейді», дейтін бір жақсы ұғым бар. Сіз  өзіңізге жұп таңдаған кезден- ақ,  балаңыздың тәрбиесін жасап қойдыңыз. Себебі, «анаға қарап қыз өседі, әкеге қарап ұл өседі».

«Баланың даму сатысы»

Орта Азия халқы бойынша бала тәрбиесі төмендегі сатыларға бөлінеді:

  1. Жеті жасқа дейін патша болсын;

Бұл жаста бала еркін ойын баласы, еркелікпен, мейіріммен, аса күтіммен өсуі қажет. Осы сатының өзінде, баланың өз кезеңіне сай тәрбие мектебі қалыптасып жатыр деп біліңіз.

«3 жастан бастап, 6-7жасқа дейінгі аралық, психикалық даму кезеңі. Негізгі қимыліс әрекет ойын болып табылады. Ойын барысында басқару қызметінің негізгі тәсілдерін игеру орын алады. Құрастыру және сурет салу дағдылары қалыптасады, қоғамдық мінезқұлық ережелері белгіленеді. [13]

  1. Жетіден он төртке дейін құл болсын;

Баланы лайықты тәрбиелеуге қазақ халқы 7 жастан бастап шындап кіріскен. Осы кезде оларды жынысына қарай айыру негізінен стихиялық сипат алған. Бұл балаларды кішкентайынан үй шаруасына баулудан басталады. Тіпті, өз заманымызда қалыптасқан норма бар, ол балаға 6-7жастан бастап қана мектеп табалдырығын аттату кәдуілгі заманауи үрдісімізге айналды.

Ислам дінінде бала тәрбиесінде «тәмииз» жасының маңызы зор. «Тәмииз араб тілінде «ажырату», «айыру»деген мағына береді. Яғни бұл жаста, бала әрнәрсені ажырата біледі. Ғалымдарымыз: Тәмииз жасы 7-10 аралығында басталады деп тұжырымдайды. Пікірлеріне дәлел ретінде, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисін келтіреді. «Жеті жасқа келгенде, балаға намаз оқуды үйретіңдер. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, тәртіпке салыңдар. Әрі олардың жатын орындарын бөлектеңдер». (Имам Ахмет, Абу Дәуіт) Осы жастан бастап, балаға намаз, иман шарттары, әдеп саласы үйретіле бастау керек. Балиғат жасына 10-13 жасқа толғанда ұл мен қызға намаз оқуы бұйырылады. Қысқаша айтсақ, жетіге толғаннан бастап, бала жүйелі түрде тәлім, тәрбие алуға рухани тұрғыдан дайын».[14]   

Өйткені, осы жастан бастап, бойында еліктеушілік қасиеті ояна бастайды баланың. Қазақта балиғат жасы еліктеушілік, тез еріп кеткіш кезең деп біліп, баланың жүрістұрысына осы жас аралығында аса мән беретіні барша исі қазаққа белгілі.  Сол үшін осы жаста, көбірек баланың оң мен солын көрсетіп, бой көтеріп келе жатқан шыбықтай баланы, өзіңіз бен сөзіңізге идіру арқылы, әр нәрсеге жұмсап, бұйырумен тәртіпке, еңбекқорлыққа баулисыз. Баланы біреуге, тіпті өзіңізге ұқсауға талап етпеңіз. Бала өз-өзіне ұқсасын. Өз бойындағы бар жақсы қасиетін дамытсын. Сіз сол бағытын түзу алып жүруіне дұрыс жәрдем берсеңіз болғаны.                                                                  

  1. Он төрттен жиырма бірге дейін досың болсын;

Әр кезеңнің өз даму сатысы мен психологиялық өлшемдері бар. Досыңдай сырласатын осы бір кезеңді, «балиғат» жас деп атайды. Есейіп, дұрыс пен бұрысты толық ажырата білген бұл жаста, баланы  ендігі кезекте құлша  жұмсай алмайсыз. Балиғат жасына жеткенше, сіз жұмсап жүріп берген тәрбиені бойына әбден сіңіріп үлгерді. Енді, бойжетті, ержетті. Бала сізбен еркін ойын айтып, ісімен ақылдаса алатындай, арада достық болуы керек. Сонда, ол өзі шешім шығара білетін, сенімді, салмақты, ақылды ересек тұлға болып қалыптасады. Қазақта «13 те орда бұзар», «болатын бала 15 інде баспын дейді, болмайтын бала 30-ында да жаспын дейді» деу арқылы, баланың осы жас шамаларында ақыл ес- тоқтатқан ересекке айналу керегін меңзейді.  Ол ендігі әрі ұрсып, жұмсайтын «жас бала» емес.

 Жиырма бірден ары қарай қоя бер баланы.

Өсіп кеткесін, тамыры қатайған бұтақты түзетемін деп, оған балта шаппаңыз. Баланы жеті жастан бастап тәрбиелеу қадірлі сүннетіміз бен байырғы салтымыздың сара жолы болып табылады. Оған қатысты : «Жастай берген тәрбие-жас шыбықты игендей» деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен тамаша тағлым қалдырған ата-бабамыз. Бала алатын нәрін алып, біліммен сусындап, «жеке өміріне» қадам басқан шағында, қолыңды мезгілінен кеш сермеудің қажеті жоқ. Ендігі кезекте, оның жиырма жасқа дейінгі бойына сіңіріп алған этика-эстетикасы  өз тәжірибесінде  жұмыс жасауы керек. Дұрыс орта, дұрыс мамандық, дұрыс жұп таңдауында, сіз өз дегеніңізбен жүргізе алмайсыз. Тек аналық , немесе әкелік қолдау көрсетіп, қажетті мөлшерде ғана кеңес бере аласыз.

Қорытынды:

Баланы жастайынан  «Малым-жанымның садақасы, жаным-арымның садақасы» деп ар намысты етіп, ұятты беттің пердесі, қымбатты ердің зердесіне балаған, қазақтың ұлттық мәдени ұраны «Ұят болады» дейтін бір ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Көркеммінез құлықтың кемелдісі, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у): «Иман алпыс, немесе жетпіс тармақтан тұрады. Ең абзалы – Алладан басқа Құдай жоқ,- деп айту. Ең төменгі дәрежесі, жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят та иманның бір тармағы»[15] дейтін өсиетіне сүйенсек, тәрбиенің бастауы- ұят, ұяттың жемісі-иманды ұрпақ екенін жете түсінген ұлтымыз, дініміздің тұнық тәрбиесін түп тамырына әбден сіңіріп алғандай.

Раян Болатқызы

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] Муслим, Бухари;

[2,1] Абай, қара сөздер, adebiportal.kz      

[2,2] Абай, қара сөздер, adebiportal.kz      

[2,3] Абай, қара сөздер, adebiportal.kz      

[2,4] Абай, қара сөздер, adebiportal.kz      

[3] Абу Даут риуаят еткен;

[4] «Зәрият» сүресі, 56-аят;

[5](Абу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжа)

[6]  дереккөз: muftyat.kz

[7] «Қасас сүресі, 56-аят;

[8] «Нахыл» сүресі, 125- аят;

[9] дереккөз: islamdini.kz

[10](Әбу Дәуіт, Ахмад ибн Ханбал)

[11] дереккөз: sunna.kz

[12] (риуаят sunna.kz сайтынан алынды)

[13]  дереккөз: https://www.unicef.org

 [14] дереккөз : muslim.kz

[15]Сахих Муслим, 1-том, 35-хадис;

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here