-6.1 C
Almaty
Сейсенбі, Наурыз 21, 2023
Сейсенбі, Наурыз 21, 2023

Ислам және ұлттық құндылықтар

Әр ұлттың сан ғасырлар бойы қалыптасқан, жан-жақты құралған ұлттық, рухани, материалдық, әлеуметтік құндылықтары болады. Соның ішінде заң болып қалыптаспаса да, әр халықтың бойында, жүріс-тұрысында, тынысында көрініс табатын ұлттық құндылықтар ерекше рөл ойнайды. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары деген кезде бірден қонақжайлық, мейірбандық, қамқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, инабаттылық қасиеттері ойға оралатыны сөзсіз. Алла Тағала әр ұлтты жаратқанда өзіне тән құндылық, қасиеттерді дарытады. Бұл туралы қасиетті кітабымыз Құран кәрімде былай делінеді: «Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық». [1. 1] Демек біз бекерден-бекер әртүрлі ұлтқа бөлінбедік. Өзіміздің бойымызда кездесетін құндылықтармен ерекшелену арқылы бір-бірімізді тану үшін солай дараландық.

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер мұсылманшылықтың аяқ басуымен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды. Ислам діні мен қазақтың ұлттық құндылықтарын бөліп жарып қарауға болмайды. Себебі ислам діні көрсететін мұсылманның бойынан табылу керек асыл қасиеттер қазақ халқына тән ұлттық құндылықтармен өзара үндеседі.

Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Солай бола тұрса да, заманымыз тарылған уақта «қазақтар көшпелі болды, жазу-сызу дамымады, олардың арасында мұсылмандық та жөнді тарамаған» деген жаңсақ пікір бұқара арасында үстем боп келді. Соның салдарынан ұлы далада туып өсіп, дүниежүзілік өркениетке үлес қосқан көптеген мұсылман ғалым бабаларымыздың аттары ғасыр парақтарында қалып қойды. Жаратқан бізге Тәуелсіздік сыйлап, өз елімізге тән рухани, діни, мәдени жәдігерлерімізді қайта жаңғыртуға қол жеткізді. Олардың біразын қайта зерттеп, көмілулі қазынамен қайта қауышып жатқан жайымыз да бар. Иә, ілгеріде өткен бабаларымыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті. Оларды игеріп қана қоймай, зерделеп, қастерлеуіміз керек. Өйткені Ислам – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі, тірегі. Тіпті Ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестете де алмаймыз. Сол себепті қай кезде де Ислам біздің рухани дамуымыздың негізгі ұйытқысы боп келді және де солай бола бермек. Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлы Ислам дінін берік ұстанып, Ислам ілімін өз Қара сөздері арқылы қазақ халқына жеткізе білді. Осылайша қазақтың рухани баюына, ізгі құндылықтарды бойына сіңіруіне күш салды. Абай Құнанбайұлының Қара сөздері, өлеңдері арқылы Ислам діні мен ұлттық құндылықтардың бірегей екенін, үндес екенін біле аламыз. Хәкім қырық бірінші сөзінде қазақты түзеймін, ақыл беремін деген адамға екі нәрсе керек дейді. Ол жолда қазақты медреседе оқытып, мұсылман ғылымын бойына сіңіруді алға тартады: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді» [2. 1]. Бұл Қара сөзден Абайдың қазақтың рухани әрі ұлттық құндылықтарға бай, жан-жақты болып қалыптасуы үшін әуелі Исламға деген қадамның маңызын айтып тұрғанын ұғамыз.

Ислам тарихындағы ұлы тұлғалардың әрекеті мен қазақтың ұлттық құндылықтары арасындағы ұштастықты байқауға болады. Мысалы, Халиф Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) кішкентай баланы көріп қалғанда айтқан мынадай сөзі бар екен: «Мына балаға көз тиіп кетпесін, иегінің астына күйе жағып қойыңдар». Қазақ халқы сәбиге тіл, көз тимес үшін қара күйе жағып, жамандық атаулыдан сақтанғаны баршамызға мәлім.

Екінші құндылықтың бірі ретінде кішіпейілділікті айта аламыз. Қазақ халқының бойына сіңген адамға кішіпейіл болу, қонақжайлық пен ілтипат көрсету – мұсылманның асыл қасиетінің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) – кішіпейілділігімен әлемге үлгі бола білген жан. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) адамзат атаулының ең ардақтысы деген абыройды тарту етті. Алайда атағы жоғарлаған сайын Пайғамбарымыз (с.а.у.) кішіпейілдіктің тамырын тереңге жая берді. Қады Ияд Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл қасиеті жайлы былай деген екен: «Құлдардың шақыруын қабылдап, қонаққа баратын. Сахабаларымен араласып, бір жиынға барғанда басқа адамдарды орындарынан тұрғызып әуреге түсірмеу үшін шеттегі бос орынға жайғасатын», – деп сипаттаған.

Аңғарсақ, халқымыздың ең құнды қасиетінің бірі – қонақжайлылығы. Дәстүрді білетін қазақ босағасын аттаған қонағын қайтсем, төрге шығарамын, қайтсем, көңілін табамын деп алдына барын ұсынады. Қазақ халқының бойына сіңген бұл ұлттық код исламның негізгі ерекшелігінің бірі әрі Алла елшісінің (с.а.у.) сүннеті. Қасиетті Құран кәрімде адамның кішіпейіл боп, тәкәппарланбауы керектігі жайында: «Оларға: «Ішінде мәңгі қалатын тозақтың есігінен кіріңдер. Тәкаппарлардың орны нендей жаман!» – делінген. [3. 1] Бұл туралы ардақты Елшісінің (с.а.у.): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген (мұсылман) болса, қонағын құрметтесін», – деген сөзі бар. Одан бөлек Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде: «Кім өзінің қонағына сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады», – деп айтқан.

Қонақжайлылық жайлы сөз болғанда Ибраһим пайғамбардың (а.с.) ісі бізге өнеге болады. Тіпті бұл туралы қасиетті Құран кәрімде баяндалған: «Олар Ибраһим (а.с.)-ға кіргенде: «Сәлем» десті. Ибраһим (Ғ.С) да оларға: «Сәлем, бөгде қауым», – деді.  Дереу үйіне барып, семіз бір бұзау әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіңдер ме? – деді». [4. 1] Аяттағы оқиға бойынша Ибраһимге (а.с.) адам кейпінде екі періште келеді. Ибраһим (а.с) оларды танымаса да, кім екенін, қайдан келе жатқандарын, ас ішіп, ішпесін сұрамастан жалғыз бұзауын сояды. Алайда қонақтар алдына қойылған астан дәм татпай отырғанын көріп, секемденіп қалады. Періштелер Ибраһимге (а.с.) Исмаил есімді пайғамбар болатын ұлмен сүйіншілеуге келген Алланың хабаршылары екенін айтады. Жоғарыдағы аяттан Ибраһимнің (а.с) қандай қонақжай екенін көре аламыз.

Бұдан бөлек оның мына бір оқиғасында да біз алар ғибрат мол. Күндердің күнінде Ибраһимге (а.с.) отқа табынушы қарт адам келіп, түстеніп, қонып кетуді сұрайды. Ибраһим пайғамбар (а.с.) болса: «Сен отқа табынасың, қалай сені үйіме кіргіземін? Жалған дініңнен бас тартпайынша табалдырығымнан аттатпаймын», – деп қайтарып жіберді. Осыдан соң Ибраһимге (а.с) Алладан аян келді: «Әй Ибраһим! Құдайы қонақ болып келген кәрі кісіні иман келтірмегені үшін үйіңе кіргізбедің бе? Бір түнетіп, қонақ етсең, ол саған зиян келтірмес еді. Ал Біз болсақ оның күпірлігіне қарамастан оған жетпіс жыл ризық беріп келеміз», – деді. Алланың ескертуінен кейін Ибраһим (а.с.)  әлгі қартты іздеп тауып алады. Оны үйіне кіргізбеген пайғамбардың бұл әрекетін түсінбеген қария себебін сұрайды. Ибраһим (а.с.) Алланың берген аяны жайлы баяндайды. Сонда әлгі қария: «Мен күпірлік етсем де, Алла маған мейірімді екен», – дейді. Содан кейін Ибраһимге (а.с.) қарап: «Мен, бір Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңірдің жоқ екендігіне және Сенің Алланың елшісі әрі құлы екеніңе куәлік етемін» – деген екен. [5. 1]

Уақыт өте келе, әр қоғамның орнын жаңа топ өкілдері басады. Бұл кезде әрине заман өзгеріске ұшырайды, заманның, қоғамның талабы, қалауы жаңарады. Алайда қанша ғасыр өтсе де, өзгеріссіз келе жатқан ислам тәрбиесі қашан да құндылығын жоймай, сақталып қала бермек. Ұлттық кодымыз саналған құндылығымызды қай заманда болсын ислам мәдениетімен, ислам жоралғыларымен үйлестіре білсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Жадыра Жанарбек

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. («әл-Хужурат» сүресі 49:13)
  2. https://abai.kaznu.kz/?p=214
  3. («Ғафир» сүресі 40:76)
  4. («Зәрият» сүресі, 25-30)
  5. https://www.muftyat.kz/

Әділбаева Ш. Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз. – Алматы: Көкжиек, 2011. – 280 б.

Uniface.kz ашық база қоры.

 

 

 

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here