10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Ислам және мәдениет – егіз ұғым

Ислам – күнделікті ұстанатын діннің ережелері ғана емес. Ислам – адамның өмір сүру салты. Дәлірек айтсақ, дінімізде оның киім киісі, жүріс-тұрысы, тамақтануы, сөйлеуі, адамдармен қарым-қатынасы кеңінен қаралған. Осының бәрі адамның дінінен хабар беретіндей. Олай болса, ислам және мәдениет – егіз ұғым.

Мәдениет дегеніміз не? Алдымен сол сұраққа жауап беріп алайық. Мәдениет – адам сауаттылығының өлшемі әрі оның жан-дүниесінің көрінісі. Мәдениет – пенде баласының айнасы. Ол – жеке тұлғаның ойы мен сөзін, жасаған әрекетін әдемі етер әдеп жүйесі. Адам – әлеуметтік тұлға. Біз қоғамда өмір сүреміз. Сондықтан дініміз ислам адамның қоғамда да, жеке қалғанда да өзін дұрыс көрсету үшін оның жаны мен тәнін тәрбиелеп отырады. Мәселен дінімізде тамақ ішу мен киінудің, қарым-қатынас жасап, сөйлесудің өзіндік әдебі бар. Ендеше, олардың әрқайсына жеке тоқталып, екеуі егіз ұғым іспетті ислам мәдениетінің қайнарынан бірге сусындайық.

 

Исламдағы тамақтану мәдениеті

 

Әлемдердің Раббысы Құранда: «Әй, Адам баласы! Әрбір құлшылықтарыңның орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер), жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Күдіксіз, Алла ысырап етушілерді сүймейді», [1, 1] – дейді. Тағы бір аятта: «Ей, иманға келгендер! Біз сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер әрі Аллаға шүкір етіңдер, егер құлшылықтарыңды тек Оған арнап жасаушы болсаңдар», [2, 1] – деп бұйырады. Яғни, тамақтану кезінде ең бірінше ескерілетін әдеп – ысырапқа жол бермеу. Екіншісі, тек қана жақсысынан, яғни адал болған тағамнан жеу екен.

Тамақ алдында қол жуу – ақырғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) сүннеті. Қазір бұл күнделікті іс-әрекет. Себебі қазір тамақ алдында қол жуу адамзатқа ортақ мәдениеттің бір бөлшегіне айналды. Себебі денсаулық сақтау саласының мамандары адамдарды зиянды бактериялардан сақтану үшін қолды үнемі таза ұстауға шақыратыны – баршаға мәлім. Ақиқатында, кейбір халықтар мүлдем шомылмауды әдетке айналдырған дәуірде бұл әдепті он төрт ғасыр бұрын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) үйреткен еді.

Тым тойып тамақ жемеу. Тирмизиден жеткен хадисте: «Асқазанды толтыру қажет болса, оның үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын», – деген Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бұл орайда дініміз тамақты шектен тыс көп жемеуді ұсыныс етуде. Этикет бойынша да адамның дастарқаннан қатты тойып тұруы құптарлық іс емес.

Дастарқан басына барлық отбасы мүшелерінің отырғанын күту. Ислам мәдениеті уақытымен ішілетін асты барлық адам келген соң ғана бастағанды құп көреді. Бұл да – қарапайымдылық пен сыйластықтың белгісі. Сондай-ақ бұл адамның жоғары мәдениетін көрсетеді.

Тамақты оң қолмен жеу. Алла Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім тамақ жесе – оң қолымен жесін, сусын ішсе – оң қолымен ішсін» деп айтқан. (Муслим) Тамақ ішу әдебі бойынша да қолды бір қолмен жеу керек. Әрі оны оң қолмен алу абзал. Сонымен қатар орайы келсе, тамақты тек қолмен жеу де – сүннет. Өйткені қолмен алынған тағамның температурасы тері арқылы миға сигнал жіберумен белгілі болады. Ғылыми дәлелге назар аударалық: «Британдық мамандардың жас балаларға жасалған зерттеулерінің қорытындысы тамақты қолмен жегеннің пайдалы екенін анықтады. Анасының төсінен енді ажырап тамаққа араласа бастағна сәбилерді екі топқа бөліп тәжірибе жүргізді. Тәжірибе барысында байқалғаны қолымен тамақтанған балалардың тойымдылығы  мен қасық немесе басқада құралдарды қолданған сәбилерден гөрі жоғары болатыны анықталды. Сонымен қоса қолымен тамақтанатын балалардың семіруге бейімділігі,  құрал қолданып тамқатанатын баларадан анағұрлым төмен екені байқалды». [3, 1] Он төрт ғасыр бұрын Алла елшісі (с.а.у.) үйреткен игі істің пайдасының осы заманда ғылыми түрде дәлелденуі кімді таңқалдырмай қоймасы анық.

Дінімізде тағамды әркім өз алдынан жеуі керек. Оның аз ғана бөлігін ауызға салып, мұқият шайнаған жөн. Адам аузындағысын жұтпайынша, асқа қол созбасын делінеді. Оған қоса, Пайғамбарымыз (с.а.у) ыстық тамақты ауызбен де, мұрынмен де үрлеуге тыйым салған. Берекесіз болатындықтан, тамақты өте ыстық күйінде ішу де сүннетте құпталмайды. Тамақ жеу әдебіне сәйкес, ыстық тамақты үрлеу зиянды бактериялардың тамаққа түсетініне байланысты құпталмайтын әрекет.

Осыдан кейін мәдениеттің бастауы исламда екен ғой дерсіз. Себебі тамақ жеу мәдениетінің негізін Пайғамбарымыз (с.а.у.) қалаған екен. Бұған анық көзіміз жетті.

 

Киіну мәдениеті

 

Алла Тағала Құран кәрімде: «Киіміңді таза ұста. Жаман нәрселерді таста», [4, 1] – деген. Алланың бұйырғанына дереу амал ететін Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса: «Ақ киім киіңіздер, ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы…» – деп, тазалықтың нышанындай көрінетін ақ киім киюдің артықшылығын жеткізген. Киіну мәдениетінің ең маңызды қағидасы да – киімнің таза болуы. Алла Тағала Құран Кәрімде де: «Ей, адам баласы! Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер», [5, 1]  – деген. Расымен таза әрі әдемі киіну – мәдениеттің бір бөлшегі.

 

Қарым-қатынас мәдениеті

 

Адамның мәдениеті мен мінезі басқалармен қарым-қатынасында көрінеді. Мәдениетті адам – мінезі жайдары, жұмсақ, мейірімді келеді. Бір сөзбен айтқанда, көркем мінезді жан – мәдениетті адам. Дініміз исламда да иманның деңгейін көркем мінезбен өлшеген. Оған дәлел Алла елшісі (с.а.у.): «Мүминдердің иман тұрғысынан кәмілі – мінезі көркем болғаны», – деген. Ал көркем мінез өлшемі – дұрыс қарым-қатынас. Сондықтан Пайғамбарымыз: (с.а.у.): «Адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса», – деп өсиет еткен. Алла тағала адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуымызды бұйырып, хадис құдсиде: «Жамандық жасағанға жақсылық жасаған, келмегенге өзі барған, алшақтағанға жақындаған, тағам ұсынбағанға тамақ берген адам – ең үстем болған адам. Кешіріңдер, айыптарды жабыңдар, мейірімділік жасаңдар, сонда мейірімге қауышасыңдар! Адамдардың алдында жақсы мінезді болған пендені жақсы көремін және адамдарға да оны жақсы көргіземін» – деген. Расымен, мәдениеттің ең биік көрінісі – жамандыққа жақсылық жасаған емес пе? Бұны халқымыз «Таспен атқанды аспен ат» деген бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген.

Күліп жүру де – сүннет амал. Қазір мәдениетті деп жымиып жүрген жайдары адамды да айтады. Оған қоса Құранда Алла: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», [6, 1]  – дейді. Бұл аяттан да әділеттілік адамды қалай әрлейтінін көруге болады. Жақсылық жасап, туысқанмен ара-қатынасты үзбеу де жан-дүниенің кеңдігін, мәдениетін көрсетеді.

Өзге үйге кіру мәдениеті жайлы да қасиетті Құранда жазылып қойған. 14 ғасыр бұрын рұқсатсыз үйге кірмеу жайлы айтылып, қарым-қатынас мәдениетін негізі қаланыпты. Келесі аятқа көз жүгіртсек, онда Раббымыз: «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің босағасынан үй иелерінен рұқсат сұрамайынша һәм сәлем бермейінше аттамаңдар. Солай істегендерің өздерің үшін қайырлы әрі лайықты болмақ. Ендеше, ойланып, осы пәрменнің байыбына барып, хикметін түсінерсіңдер. Егер үйде ешкім болмаса, өздеріңе қандай да бір жолмен рұқсат етілмейінше ол үйге кірмеңдер. Ал егер сендерге: «(Дәл қазір) кіруге болмайды, қайтыңдар», – делінсе, қайтып кетіңдер. Сол сендерге әлдеқайда лайықты. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді жақсы біледі, [7, 1] – деген.

Мінеки, мұсылман адамның қарым-қатынастағы әдебі осындай. Алланың үнемі бізді көріп, естіп тұрғанын сезінудің өзі қоғамдық жерде де, жеке қалғанда да мәдениетті, байыпты болуға шақырады.

 

Сөйлеу мәдениеті

 

Сөз адамның ақыл-ойынан хабар береді. Жүрек пен санадағыны сөз арқылы ұғамыз. Демек, өмірімізде сөздің орны ерекше. Сол себепті де халқымызда да сөз шешендерін ерекше құрметтеген. Жақсы сөйлеу – өнер. Сөзіне қарап адамын һәм оның мәдениетін тануға болады. Ендеше, исламдағы сөйлеу мәдениетіне шолу жасайық.

Алла Тағала Құранда қатты дауыс көтермеуді әрі мәміле кезінде байсалды болуға шақырады. Оған мына аят дәлел: «Жүргеніңде һәм әр ісіңде байсалды бол! Сөйлегенде, дауысыңды қатты көтерме! Біле білсең, ең сүйкімсіз дауыс – (өңеші жыртылғанша ақыратын) есектің дауысы». [8, 1]

Ислам дінінде жақсы сөз айтудың маңызы жоғары. Оны садақаның сауабына теңеген.  Бұған байланысты Пайғамбарымыз  (с.а.у.): «Жағымды сөз – садақа» – деген хадисі бар. (Бұхари) Алла елшісі (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім ақырет күніне сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін!» – деген. (Бұхари). Расымен, сөйлеу этикасы бойынша да жылы сөйлеу, жағымды сөз айту жөн саналады.

Ал, Алла Тағала Құранда не деген екен? «Ей, иман келтіргендер! Бір қауым, басқа бір қауымды келемеждеп сөкпесін! Бәлкім, ол қауым, әлгі қауымның өзінен де артық шығар. Әйелдер де басқа бір әйелдерді келемеждеп сөкпесін! Бәлкім, ол әйелдер әлгі әйелдердің өздерінен де артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар….» [9, 1] Келемеждеу, былапыт сөз айту – мәдениетсіздіктің көрінісі екенін білеміз. Алла Тағала мұсылманның бұдан алыс болуын қалап, ескерту жасауда. Лақап ат қойып, қоғамдық жерде сол атпен шақыру да – адам мәдениетінің деңгейін көрсететіні сөзсіз.

Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Бұл оның басты құндылықтарынан айқын көрінеді. Исламға дейінгі уақыттың қандай болғаны көбімізге мәлім. Заман адамды өсіреді. Ислам келгелі мәдениетті қоғамға қадам жасалды. Адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырғанына көзіміз жеткен болар. Хәкім Абай да қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді», [10, 1] – дейді. Ислам өмір салтымызға кіргелі, мәдениеттің мәні артты. Адам бойындағы жаңа өлшемдер – махаббат, үміт, сенім және т.б. құндылықтар жаңа сатыға көтерілді. Себебі ислам – діни ережелер жиындығы ғана емес. Ислам – адам дүниеге келгеннен өмірден өткен дейін маңыздылығын жоймайтын өмір сүру қағидасы. Ислам – мәнді де сәнді ғұмыр кешудің жолы. Олай болса, қолда бар алтынның қадірін ұғынып, лайықты амал ете білейік.

 

Жаннұр Таласбаева

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. («Аъраф» сүресі, 31-аят)
  2. («Бақара» сүресі, 172-аят)
  3. https://halykemi.wordpress.com
  4. («Мүддәсир» сүресі, 4-5)
  5. («Ағраф» сүресі, 31-аят)
  6. («Нахыл» сүресі, 90-аят).
  7. («Нұр» сүресі 24:27-28).
  8. («Лұқман» сүресі 31:19)
  9. («Хужурат» сүресі 11-12);
  10. https://www.zharar.com
Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here