Ислам – ғылымның қайнар бұлағы. Ислам – білім шыңы. Жаратқан иеміз Алла тарапынан жіберілген төрт кітаптың бәрі де ілімге негізделген әһлі-кітаптар. Алайда 1400 жыл өтсе де түп негізін жоймай, құндылығын сақтап келе жатқан қасиетті Құран кәрім басқасынан мүлде өзгеше. Өйткені бұл кітап Жаратушы тарапынан қалай түссе, бір әрпі де өзгермей дәл солай қияметке дейін жасай береді. Бұған дәлел Алла Құранда: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз», [1, 1] – деген. Құранда ғылыми тұжырымдар мен тарихи дәлелдерге толы аяттар мол. Түскеніне мың жылдан астам уақыт болған кітапта айтылған кей дүниенің сыры өткен ғасыр мен осы ғасырда ашылып жатыр. Әлемнің Нобель сыйлығын алған небір мықты ғалымдары жасаған ғылыми зерттеулердің түйіні Құраннан табылуда. Бұның өзі оның адамға емес, Аллаға тиесілі кітап екеніне бұлтартпас дәлел болмақ. Құран Жәбірейіл (а.с.) періште жер бетіне түсіріп, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) адамдарға жеткізуі арқылы алты құрлыққа тараған. Осы кезде Пайғамбарымызға (с.а.с.) қазіргі таңдағы керағар пікірлілер сынды кей адамдар «Құранды ол өзі ойдан құрап, шығаруда» деген секілді түрлі жала жапты. Ал, адамдардың осынау жаңсақ пікіріне Жаратқан Алла былай деп нақты түрде жауап берген: (Уа, Мұхаммед!) «Ант етемін! Егер күллі адамзат пен жындар дәл осы Құран сияқты бір кітап жазу үшін жиналса, тіпті сол мақсатта бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетіп, күш біріктірсе де, бәрібір, дәл сондай кітап жаза алмайды», – деп айт». [2, 1] Міне, мейлі пайғамбар, мейлі әулие, не керемет шайыр болса да, пенде баласы мұндай кітапты жаза алмайтынын Раббымыз жеткізуде. Алланың мына бір ескертуі де бұрынғыларға қатысты болғандай бүгінгі кей күмәншіл қауымға жауап болмақ: «Егер құлымызға түсірген Құранның ақиқаттығына шәк келтірсеңдер, қане, соған ұқсас бір ғана сүрені ойдан шығарып көріңдерші, сондай-ақ егер (Мұхаммед оны өз ойынан шығарған деген) сөздерің рас болса, (онда сол бір ғана сүрені ойдан шығару үшін) Алладан басқа өздерің сенетін бүкіл медеткерлеріңді (шайырларың мен пұттарыңды) жәрдемге шақырыңдар». [3, 1] Жоқ, бұл мүмкін емес. Әсте адам баласының қабілеті мол болғанымен, оның мүмкіндігі шектеулі. Өйткені VI-ші ғасырда өмір сүрген адамдар білмеген көп тылсым дүниені Алла сол заманда жерге түсірген. Әлбетте сол дәуірдегі ең мықты шайырдың өзі мұндай дәрежесі зор мұғжиза кітапты жаза алмас еді. Себебі оның білімі өлшеулі ғана әрі ол Алла жеткізген ақпараттан бейхабар. Осыдан 1400 жыл бұрын орын алған бұл құбылыс дамыған осы заманда да қайталанып жатыр. Өйткені Алланың кітабында адамдар әлі де нақты жауап таба алмай жатқан тылсым дүние көп. Тіпті, аяттарындағы кей әріптің де мағынасы толық ашылмаған ұлы Құранды адам жазды деу – ақылсыздық. Ақиқатқа қарсы шығу – қашанда жеңіліске апаратыны хақ. Алла тарапынан түскен бұл кітапқа ұқсатып бір кітап жазу – ойға сыймас дүние. Ендеше, мұндай іске келгенде қауқарсыздығын түсінген адам тәкаппарлықтан аулақ боп, өзінің шамасы жетпеген дүниені әп сәтте бар қылатын Аллаға бас июі қажет. Егер адам баласы Тәңір Тағаланың шексіз шеберлігіне шүкір ету керектігін біле тұра, күпірлік қылса, оның жағдайы ауыр болмақ. Өйткені Жаратқан иеміз: «Оны істей алмасаңдар, әсте істей алмайсыңдар, ендеше, кәпірлер үшін әзірленген отыны адамдар мен тастардан тұратын тозақ отынан (Аллаға, елшісіне және Құранға иман келтіру арқылы) сақтаныңдар!» [3,2] – деген.
Шүбәсіз бұл кітап – Алланың адамзатқа жіберген сыйы, саналы жанға оқы деп ұсынған хаты. Талай кереметті ішіне сыйдырған ол – біз үшін баға жетпес құндылық. Демек, алты жүз төрт беттен тұратын Құранның алты құрлықта ғұмыр кешіп жатқан адам баласына айтары мол. Ал мұсылман үшін ондағы ғылыммен, танымды кеңейтер ақпараттармен танысып, көкжиегін кеңейткені абзал. Ендеше, осы кітаптағы ғылыми дәлелдер мен пайдалы білімге бірге шолу жасайық.
Астрономия туралы тылсымға толы аяттар
Жер – біздің ортақ үйіміз. Мұндағы тіршілік атаулының жаратылысы саналы жан үшін жай дүние болмасы анық. Құдіреті күшті Раббымыз асқан дәлдікпен жасаған әр дүниеде бір сыр бар. Ізденген адамды ғылым-білімнен қайтармайтын асыл дініміздің негізгі қағидаларының бірі де бірегейі оқу екендігі көпшілікке аян. Алла Құранда баяндап, ардақты елшіміз Мұхаммед (с.а.у.) хадистерінде жеткізген әр ақиқат білімге ашылған қақпа іспеттес. Өйткені Құрандағы «Бәлкім, ойланарсыңдар?», «Сендер ойланбайсыңдар ма?» деген мағынада келген аяттар оқыған адамды ізденуге шақырады.
«Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші». Иә, қазақтың хақты жеткізген осы сөзі құдіреті шексіз Суреткердің теңдессіздігін паш еткендей. Алла бұл ғаламда еш нәрсені өлшеусіз, артық не кем етіп жаратпаған. Оған өзара үйлесімділікпен жасалған аспан денелері мен қыбырлаған жаратылыстың бәрі дәлел. Осы жөнінде Алла Құранда былай дейді: «Сондай-ақ, Ол жеті қат көкті бірінің үстіне бірін келтіріп, асқан шеберлікпен жымдастырып, сондай үйлесімді етіп жаратты. Рахманның жаратуынан ешқандай ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Көз тігіп қарашы: қандай да бір ақау көре аласың ба?» [4, 1] Мінеки, бұл анық дүние. Өмірде адам қолымен жасалған әр заттан бір кемшілік тауып алуға болар, алайда Алла жаратқан нәрседен титтей ағаттық табылмайтыны шындық. Құранның бұл аяты да адамды ойлануға шақырады. Раббымыз әрі қарай: «Содан соң тағы да қайта-қайта көз жібер, ақырында жанарың (Алланың шексіз құдіретінің алдында) қор болған әрі (Оның жаратқанынан еш ақау таба алмай ұнжырғасы түсіп) талған күйде кері қайтады». [4, 2] Қалаған нәрсесі «бол» десе, жүзеге асатын Алла бұл сөзінде қабілеті зор болғанмен, анығында дәрменсіз халді адамға «қайта-қайта көз жібер» деп оны ізденуге шақыруда. Анығында Құран – саналы адамның қос өміріне қажет нұсқаулық. Құран – ғылымның қайнар көзі. Олай болса осы бір ғана аят мағынасын бізге таныс бүгінгі ғылыммен аша түселік. Біз түрлі ғаламшарлардың бір жағы өз осінен, екінші жағы өздері кіретін жүйелермен бірге айналатынын физика ғылымынан білеміз. Ғарыштағы жылдамдықтың өзі қызық дүние. Мәселен, біздің жер ғаламшарымыздағы жылдамдық пен ондағы қарқынды салыстыруға келмейді. Өйткені ғарыш кеңістігіндегі жылдамдықтың күші бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал, салмағы миллиард, тіпті триллиондаған өлшеммен анықталатын бізге саны шамалап қана айтылатын беймәлім ғаламшарлар мен үлкендігі күннен де асқан жұлдыздар да – таңғажайыбы мол жаратылыстар. Оларды өзіне сыйдырған галактикалардың да есебі Аллаға аян. Ол жаратқан аспан денелері біз бұрын-соңды көрмеген жылдамдықпен қозғалып жатыр. Алдымен өзіміз мекен ететін Жер планетасын алайық. Жер дара күйде өз осінен 1670 км/сағ жылдамдықпен айналады. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, нысанаға алғанын жайратып салатын баллистикалық зеңбіректен атылған оқ 1800 км/сағ жылдамдықпен ұшады. Демек, жер де өз осінен осындай жойқын жылдамдықпен айналады деген сөз. Ғаламның кереметі бұнымен тоқтап қалмақ емес. Тіршілік атаулына жарық сыйлап, мұқым жаратылысқа жылу беретін алып шар күн екені белгілі. Біздің жер сол күнді айнала қозғалады. Жердің өз осінен қандай жылдамдықпен айналатынын айттық. Ал ғаламшарымыз сол алып күнді шамамен 108 000 км/сағ қарқынмен айналуда. Бұл дегеніміз баллистикалық зымыранның оғынан 60 есе жылдам деген сөз. Жер – бізге таныс 9 планетаның бірі ғана. Бұлар – тек күн жүйесіне жататын ғаламшарлар. Бұдан бөлек басқа ғаламшардың бәрі Құс жолы галактикасы тобына кіретінін білеміз. Аталмыш күннің сол Құс жолы галактикасының ортасын айналуы шамамен 720 000 км/сағ жылдамдықты құрайды. Байқасақ, Алла жаратқан көзге көрінбейтін бактериядан бастап, алып ғаламшарлар да бір қозғалыс үстінде. Ал, шамамен 200 млрд. жұлдыздан құралған галактикамыз ғарыш әлемінде шамалап алғанда 950 000 км/сағ жылдамдықпен қозғалып жатыр. Мұндай орасан зор жылдамдықты, көз ілеспес қарқынды кім жарата алуы мүмкін? Ондағы тіршілік атаулының астан-кестенін шығармай, асты-үстін аман ұстап тұрған кім? Осындай асқан дәлдік пен үйлесімділік кімге тән болуы мүмкін? Мінеки, әр жаратылысқа, аспан мен жерге, жұлдыздарға қарап ойлана білген жан үшін бұндай жаратылыстың артында бір құдіреттің тұрғаны анық. Екі ғана аяттың өзі қандай сырға толы екеніне көз жетіп отыр. Ал, осындай жылдам айналым жасап жатқан жер шарында біз қалай ұшып кетпей, аман жүрміз деген сауалға келсек, мұның бар сыры гравитация ұғымында.
«Гравитация» – бұл планетамыздағы барлық денені жерге тартып тұратын күш. Біз соның әсерінен ешқандай қауіпті бастан кешпейміз. Неғұрлым дене салмағы ауыр болса, соғұрлым тартылыс күші де мықты болады. Бір ғана гравитацияның әсерінен жердегі әр зат бір тәртіппен қозғалыс жасайды. Егер ол болмаса, адамдар ауада қаңбақтай қалқып, іш құрылысымыздың да астан-кестені шығуы ықтимал. Өсімдіктер де өспей, тіршіліктің мәні жойылар еді. Жерде атмосфера болмай, дүниежүзілік су айналымы да тоқтайды. Тоқетерін айтқанда, жерде тіршілік ету мүмкін болмайды. Мұны елестетудің өзі қиын. Жалпы гравитация ұғымын XVII-ғасырда Исаак Ньютонның ашқанын оқулықтан білеміз. Десе де, осынау тартылыс заңы жайында Ньютаннан 700 жыл бұрын өмір сүрген ислам ғалымы Ибн әл-Хайсәмнің еңбектерінде айтылған. Ең ғажабы дәл осынау құбылыс жөнінде он төрт ғасыр бұрын түскен Құранда былай делінеді: «Біз жерді жиналу орны етпедік пе?! (Яғни, жер ананың үстін) тірілерге, (астын) өлілерге (тұрақ етпедік пе)?!» [5, 1] Аят мағынасына үңілсек, мұндағы « كِفَاتًا » сөзі гравитация ұғымын беруде. Бұл қалай дейсіз ғой. Жоғарыда гравитация жердегі денелерді ұстап тұратын күш дедік. Ал, дәл осы сөз «бір денені екінші денеге жинау, қамту, тарту» деген мағыналарды береді. Сонда толық қамтып айтсақ, аятта Алланың бұл ғаламшарды адамдарды теңселтпей тартылыс күшімен ұстап, олар онда жайлы өмір сүруі үшін жер бетін қолайлы еткені баяндалған. Құран бір сөзінің өзі бірнеше мағынаны ішіне бүгіп жататын араб тілінде түскен. Раббымыздың адамзатқа арнаған нұсқаулық кітабын бұл тілде жеткізуінің де бірден-бір себебі осы шығар. Көпшілік Ньютон тапқан деп білетін тартылыс заңы 1400 жыл бұрын түскен Құранда айтылса, ол ақиқат кітабы емей немене?!
Әрине, осынау жаратылыстың жалғыз әрі шын иесі – Алла Тағала. Ойлаңызшы, сіз осыған дейін орта есеппен алғанда 150-200 км/сағ жылдамдықпен қозғалып бара жатқан көлікке мініп, 300-500 км/сағ жылдамдықпен жүйіткитін ұшаққа отырып көрген боларсыз. Мұндай қарқынмен қозғалған транспорт ішінде біз сөзсіз жоғары жылдамдықты сезінеміз. Тіпті кей адамдардың осындай кезде басы айналып, мазасы қашады. Өзгелер кейде лоқсып, құсып та жатады. Енді біреулер денсаулығында кінәрат болса, талып қалуы да мүмкін. Немесе ауруына байланысты кейбір адамдар ұшаққа да отырмауға мәжбүр. Ал біздің жер ғаламшарымыз қандай жылдамдықпен «ұшып» бара жатқан еді? Біз көрген ең жоғарғы жылдамдық 500 км/сағ делік. Ондай жылдамдыққа шыдай алмайтын да адамның ахуалымен таныстық. Ал біз жайбарақат тіршілік ететін ғаламшар болса, шамамен 1670 км/сағ қарқынмен айналып жатыр емес пе?
Ғылыми дәлелдерге сүйенген ақпараттарға қарасақ, біз үздіксіз жалғасатын бір құбылысты байқаймыз. Ол – жаратылыс біткеннің бәрінің қозғалыс үстінде болуы. Айналаға қараңыз, жарқырап тұрған күн намаз уақыттарын көрсетіп, шығыстан батысқа қарай жылжып бара жатыр. Түн болса, жұлдыз біткен жымыңдап, күн санап ай да пішінін өзгертуде. Өзен мен арық дамылсыз ағып, теңіз бен мұхиттың толқыны таудай боп жағаға ұруын тоқтатар емес. Тіпті, жерде өскен шөп пен ағаш бұтағындағы жапырақ атаулы да өз қарқынымен өсіп жатыр. Көзге байқалмайтындай болғанымен, оларда да қозғалыс бар. Біз оны бір гүлдің дән боп түскен шағынан, жайқалып өскеніне дейін түсірілген эксперимент бейнероликтерден көре аламыз. Жаны бар заттың бойынан табылған ғаламның осы заңдылығы өмірге деген ынтасы өшіп бара жатқан кейбір адамға ой салса екен дейміз. Адам бұл ғұмырда мүмкіндігінше мәнді де сәнді өмір сүріп, Алланың парыз еткенін орындауы қажет.
Демек, жердегіден бөлек галактикаға шоғырланған аспан денелерінің бәрі де қозғалыс үстінде екен. Бұл – ғаламның кеңейіп жатқанының айқын көрінісі. Ғылыми тұжырымға сүйенсек, 1929 жылы амарикандық астроном Эдвин Хаббл бізге ең жақын тұрған бес-алты галактикадан өзге барлық галактика атаулы өз қашықтықтарына сәйкес жылдамдықпен бізден тоқтаусыз алыстап бара жатқанын дәлелдеген. Оның тұжырымына қарасақ, жарық жылдамдығымен алғанда өзімізден миллион жыл шамасында алыста жатқан бір жұлдыз бізден шамамен 168 км жылдамдықпен, екі миллион жылдық қашықтықтағы жұлдыз екі есе қарқынмен, енді келесісі үш есе жылдам күшпен ұзап бара жатыр. Ал, тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылына дейін бұл ақпаратқа әлем жұртшылығы куә болмады. Көпшілік бұл ғаламның басы мен аяғы жоқ деген тұжырымда жүрді. Бұндай көзқарас Жаратушы бар демейтін материалистік түсініктің негізі болған десек, қателеспеспіз. Алайда бұған тосқауыл болар талай бақылаулар мен ғылыми зерттеулер жүргізілген. Десек те, біз сол зерттеулердің әлем қабылдап, тәжірибе барысында қалыптасқан тұжырымдарын ғана есепке ала аламыз. Ал, жоғарыда мысалдармен айқындалып жатқан ғаламның үнемі кеңею процесі – естігенді елең еткізбей қоймас құбылыс. Расында бұл идея ХХ-ғасырдың басында орыс және бельгиялық ғалымдардың тұжырымдарынан туған-ды. Бірнеше есептеуден кейін олар ғаламның үнемі қозғалыста екендігіне көз жеткізді. Кейін 1929 жылы бұл пікір астроном Хабблдың зерттеуімен нақтыланды. Ғалымның естеліктеріне сүйенсек, ол өзінің алып телескобымен көк жүзіне көз жүгірткенде, таралып, бір орында тоқтамай, өз аумағынан алыстап жатқан жұлдыздарды көреді. Демек, бұдан өзге галактикалардың тоқтаусыз кеңейіп жатқандығын түсінеміз. Алла Құранда бұл жөнінде: «Көкке келсек, Біз оны құдіретімізбен тұрғыздық, оны толық меңгеріп, үнемі кеңейтіп жатқан да – Біз. Расында Біз – шексіз құдірет пен шексіз билік иесіміз» [6, 1], – дейді. Жаратылыстың сырын ұғынғысы келген жан үшін осы аяттың өзі жеткілікті емес пе?! Анығында қасиетті Құранда Алланың жалғыз құдай, исламның хақ дін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы елші екенін айқындайтын аяттар мол. Тек ақиқатты танып, мойындай білер жан болса, ол үшін дұрыс бағытқа бет бұру әсте қиын болмайды.
Жер – біздің ортақ үй дедік. Ал оның мұндай қарқында қозғалып жатуы бізге еш зиянын тигізбейді. Тигізген де емес. Тіпті кей адамдар оның осындай жылдамдықта екенін, ғаламның кеңейіп, гравитация әсерінен жер бетінде еркін жүргенімізді білмеуі де мүмкін. Көз ілеспес қарқынмен қозғалған жердегі тіршілік қалай аман тұр? Ғалам неліктен кеңеюде? Бұл –саналы адам жауап іздейтін сауалдар. Шындығында, Жаратқанның өзі айтқандай адам оның жасағанына қанша қарап, қанша зерттеу жүргізгенімен, одан еш ақау таба алмақ емес. Алланың аспан денелерін бір қалыпта ұстап тұруынының өзі бір зерттеу жұмысына түрткі болар мысал. Мәселен, ғарыш кеңістігінде тартылыс күшінің жоқ болу әсерінен онда ұшқан ғарышкерлер жай ғана қалқып жүретінін білеміз. Тіпті олар мінген ғарыш кемелерін басқарып отырмаса, ол да көрінген жаққа ығып кетуі де мүмкін. Осындай тартылыс күші жоқ, кеңістігіне шыққан дене қалқып қана жүретін ғарышта Алла өзі жаратқан планеталарды қалай бір қалыпта ұстап тұр? Бірізділікпен айналып жатқан галактикамыз неге шашырап, қаңбақтай бытырап, ұшып кетпейді? Әрине, бұл шексіз құдіретке ие – Алланың ісі. Оған таңданбасқа шара жоқ. Расында ғылымға негізделген Құран сөзі адамзатты Алланың құдіретін тануға шақыратыны хақ. Адамзат үшін берілген нұсқаулық кітаптың бізге айтары мол. Тек соны оқыған мүміннің иманы артып, білімі кеңейсе, қасиетті кібамыздың ақысы берілді деп білеміз. Ал исламмен енді танысып жатқан адам үшін бұл кітап әлемдердің жалғыз Раббысы болған Алланың құдіретіне көз жеткізіп, хақ жолды табуына себеп болары анық.
Ораз Елмұрат.
Пайдаланған әдебиеттер:
- («Хижр» сүресі 15:9)
- («Исра» сүресі 17:88)
- («Бақара» сүресі 2:23)
- («Мүлк» сүресі 67:3, 4)
- («Мурсәләт» сүресі 77:25, 26)
- («Зәрият» сүресі 51:47)