10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Діни топтардың пайда болуы

Адам әлеуметтік сипаттағы жаратылыс болғандықтан айналасындағы адамдармен тығыз байланыста болатыны сөзсіз. Сол себепті әрдайым бір топтың мүшесі болу, бір-біріне жәрдемдесу, белгілі бір топқа өзін тән сезіну сияқты құбылыстар адамның ажырамас табиғи сипаты болып келген.  Кез-келген әлеуметтік топтың қалыптасуы үшін жағрапиялық байланыс немесе топтың ішіндегі жеке тұлғаларда ортақ сипаттардың болуы жеткілікті бола бермейді. Керісінше, тікелей қарым-қатынаста болмаса да, әртүрлі ортадан шыққан және мінез құлықтары мен ерекшеліктері бірбіріне ұқсамайтын адамдардың арасында белгілі бір әлеуметтік топты қалыптастыратын ортақ түйіндер бола алады. Әлеуметтану ілімінде белгілі бір қоршаған ортада бірге өмір сүруден басқа ешқандай ортақ ерекшелігі жоқ топтарға «тобыр» сөзі қолданылады. Ал ортақ ерекшеліктері бар топтарға «әлеуметтік топ» деген атау беріледі. Қай-қайсысының да мүшелері арасында қарым-қатынас бар болса онда олардың жалпы атауы топ болады. Олай болса екі немесе одан да көп тұлғадан құралған топтарды әлеумет деп атауға болады. Өйткені жеке тұлғалар арасында міндетті түрде ара қатынас, байланыс орнайды.

Адам баласының ең алғашқы әлеуметтік тәжірибесі, бір топтың мүшесі болуымен басталады. Өйткені шыр етіп дүние есігін ашқан сәби үшін оның әлеуметтік тобы өзі дүниеге келген отбасы болады. Сол сәттен бастап оның отбасындағы орны жынысына, нешінші бала болғанына т.б. байланысты белгіленеді және осы нәрсе отбасының басқа мүшелерімен өзара қарым-қатынастарында тікелей рөл ойнайды. Сол сәттен бастап адам баласы әрдайым әлеуметтік топтардың ішінде болады, әлеуметтік топтар қалыптастырады. Әлеуметтану ілімінде сол себепті «топ әлеуметтануы» деген зерттеу субьектісі пайда болған. Бұл сала әсіресе АҚШ қоғамында кең тараған және америкалық әлеуметтанушылардың ең бірінші маңыздылыққа қоятын саласы ретінде қалыптасқан.

Әлеуметтік рөл

Әлеуметтік рөл дегеніміз, кез-келген әлеуметтік топтың мүшелерінің жасауға тиісті немесе жасамайтын іс-әрекеттері мен сөздері. Этикалық нормалар мен этикеттер осы түсініктің негізінде қалыптасады. Әлеуметтік рөлді қоғамдағы топтар белгілейді. Тұлғалардың сол топқа мүшелігін әрі қарай жалғастырып жалғастырмауы ол тұлғаның рөлін атқарып атқармауына байланысты болады.  Топ мүшелерінің өзара ішкі байланысы осы мүшелік ұғымына және берілген рөлдер жиынтығына қарай дамып отырады. Сол себепті әлеуметтік топтарды рөлдердің жүйеленген түрі ретінде де қарастырсақ болады.

Бір тұлға бірнеше әлеуметтік топтың мүшесі бола береді. Сонымен қатар мүше болған барлық тобының оған жүктеген міндеттерінің барлығын қатар орындап жүреді. Осы рөлдердің жиынтығы ол тұлғаның дүниетанымы мен әлеуметтік сипатын қалыптастырады. Мүшесі болған топтар тұлғаның іс-әрекеттерін белгілеп беретіндіктен тұлғаны не шектеп тастауы немесе тәуелсіз етуі мүмкін. Бір тұлғадағы әртүрлі топтардың міндеттеген әр алуан рөлдері көбінесе әртүрлі уақытқа немесе жағдаятқа қарай іске қосылатындықтан рөлдер арасы қақтығыс пайда болмайды. Сонымен қатар, бір біріне қатысы жоқ немесе қарама-қайшы рөлдердің де бір тұлғаның бойында жиналған болуы мүмкін. Мұндай қақтығыстар әсіресе дамыған дәуірдегі қала тіршілігінде жиі кездеседі.

Қандай да бір әлеуметтік топтың пайда болуы және өміршең бола алуы үшін топтық сананың болуы қажет. Ауызбіршілік пен топтық сезім мүшелерде әлеуметтік топ психологиясының қалыптасуына да үлкен ықпал етеді. Тұлғаның белгілі бір топқа өзін мүше сезінуі, ол топтың құндылықтарын мойындап, қабылдауына байланысты. Осылайша топта рөлдер пайда болады және барлық әлеуметтік топтарда өзіндік тіл, термин қалыптасады. Бұл, мүшелердің рөлдерін орындауының нәтижесінде пайда болады. Оның пайдасы, мүшелер арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, мүшелердің бір-бірне арқа сүйер болуына жол ашады.

Әлеуметтік топтың бір-бірімен жақсы байланыс құруы ішкі интеграцияны пайда болдырады. Топтардағы интеграцияның деңгейі топтың құрамына тікелей қатысты болады. Сол себепті кішкентай топтарда интеграция жылдам қалыптасады.

Тұлғалардың іс-әрекеттері мүше болған тобының ішкі нормаларымен жылдам біте қайнасып қабылдап кетсе онда бұл «нормативті интеграция» болады. Бұндай интеграция түрінде әлеуметтік топ  мүшелері өздерінің мәдениеттерін басқалардан жоғары санайтындықтан топ іші қарым-қатынастар үшін жақсы болады. Алайда топтар арасы қарым-қатынаста бұндай интеграция түрі қиындық тудырады немесе жайсыз нәтижелерге алып барады. Өйткені бір адам тек қана өзінің тобына қатысты сипаттармен болмысын безендірсе басқа топтармен мәмілеге келе алмау, олармен арасы жараспау секілді көріністер пайда болуы мүмкін.

Мүшелерінің міндеттері әртүрлі болуына және бірінің кемшілігін екіншісі тәмамдауына байланысты бірбірімен біте қайнасқан интеграция түрі «функционалды интеграция» деп аталады. Интеграцияның мұндай түрі топтың ішкі механизмін қолайлы қылып, жұмыс істеу әлеуетін арттырады.

«Рухани интеграция» деп аталатын үшінші интеграция түрі, әртүрлілік үлгісіндегі тұлғалар көбінесе оларды бір арнаға тоғыстырып тұрған құндылықтар негізінде бір-бірін тәмамдап интеграцияланады. Бұл интеграция көбінесе діни, ұлттық сипаты басым топтарға тән болады.

Топтың хабар алмасу және байланыс құру ерекшелігі барлық мүшелерінің қатысуымен іске асады. Бұл уақыт өте келе одан ары дами түседі де, әлдеқайда көп құндылық тудыратын нәрсеге айналады.  Осылайша осы үрдіс жалғасады береді және сол топқа тән құндылықтар жүйесі, өмір салты, көзқарас, және де әртүрлі түсініктер жиынтығы бірігіп кішігірім суб-мәдениет болып қалыптасады. Осы суб-мәдениет топтың сипатын белгілейді.

Әлеуметтік топты түсіну үшін мүшелерінің жасауға тиісті болған нормалармен әдет-ғұрыптарды танып білу қажет. Бұл нормаларды мүше болған жеке тұлғалар жасауға міндетті және де оларды жасаудағы бұйрықтың демократиялық жолмен немесе күшпен жасалуына байланысты сол құндылықтардың рөлі анық болады.

 

Діни топтар

Әлеуметтік топтар көріп отырғанымыздай өте ауқымы кең және әрдайым жаңарып, дамып отыратын ұғым екендігі түсінікті болды. Осы топтарды зерттеудің тиімді жолы салалап, бөліп жеке-жеке қарастыру болмақ. Біздің бұл мақалада көздеген мақсатымыз діни топтар. Әуелі әлеуметтік топ пен діни топқа қатысты негізгі түсінікті қалыптастырып алғаннан кейін, жалқы түрде ислам дініндегі жамағаттар мәселесіне тоқталатын боламыз.

Діни топ деп, діни мақсаттар мен мүдделер аясында қалыптасқан топтасуды айтамыз. Діни топтар да басқа әлеуметтік топтар секілді ерекшеліктеріне қарай әртүрлі классификацияға бөлінеді. Ерекшеліктерін құрылымына, функциясына, сүйенетін пікірлеріне, үлкен немесе кішілігіктеріне, көшбасшыларына т.б. қарай бөліп қарауға болады. Әртүрлі сипаттағы діни топтардың шығуы әлеуметтік, саяси, мәдени структураның жылдам өзгеріске ұшырауына және қоғамдағы діни тәжірибенің дамуына байланысты.

Діни топтардың түрлері

Жаңа діни ағымдардың немесе топтардың пайда болуы әрдайым діни тұрғыдан жаңа діни тәжірибе пайда болғанының белгісі деп түсінуіміз керек. Діни топтың қандай-да бір қоғамда пайда болуы сол қоғамда қалыптасқан әлеуметтік табиғи ортаның белгілі бір діннің өкілдері болып қалыптасатын болса табиғи діни топтар пайда болады. Олардың қалыптасу үрдісі кем дегенде екі үш буынға жалғасқаннан кейін орнығады. Бұған мысал ретінде қазақ халқының ата бабасынан бері мұсылманбыз деп айтатынын келтіруге болады. Табиғи діни топтарда белгілі бір діни мақсаттардың аясында топтасу, топ құру мәселелері болмайды. Топ мүшелері онсыз да бір қоғамның мүшелері болғандықтан олардың діни тұрғыдан да ортақ тұстары болады және солай жалғаса береді. Бұндай жағдайда діннің рөлі қоғамның ұйытқысын, ынтымақтастығын одан әрі күшейту болады. Әлеуметтанушылардың айтуынша табиғи діни топтар көбінесе кішкене немесе дәстүрлі қоғамдардың діндері болып келеді. Алайда бұл пікірге толықтай қосылу мүмкіе емес. Өйткені үлкен қоғамдардың да табиғи діни топтары бар екендігін бүгінгі таңда көптеген елдерден байқауға болады. Бұндай топтарды анықтаудың ең айқын жолы, қоғамда дінмен дәстүр, күделікті тұрмыстық жағдайлар біте қайнасып кеткен болады.

Мүшелерінің арасында діни негіздерге құрылған байланыс болған әлеуметтік топтар діннен пайда болған топтар деп аталады. Діннің қоғамда көрініс табуы, өзіне тән әлеуметтік сипатта басқалардан даралануымен ерекшеленеді. Отбасы, достық, отандастық секілді қоғамды біріктіретін іргелі рухани-әлеуметтік ұйытқылар ең басты әлеуметтік топтар қатарына жатады.  Ал діннен пайда болған топтар осы негізгі ұғымдар адамдардың қажеттілігін өтей алмайтын жағдайға жеткенде іске қосылады. Бұндай топтар көбінесе жаһандық діндерден шығады.

Бір діннен діни топтың пайда болуында ол діннің құлшылық, немесе басқа да ритуалдарының ерекшелігі және әртүрлілігі маңызды рөл ойнайды. Осы құлшылықтардың немесе діни жоралғылардың өте жоғары деңгейде орындалуы діни топтардың ықпалымен іске асады. Бір діннің мүшелері бола тұра сол діннен шыққан үлкенді кішілі діни топтардың шығуы және діндарлық деңгейлері бір бірінен асып түсуі, сол діннін қасиетті мәтіндерін интерпретациялауға байланысты. Өзі ұстанған пікірді басқаларға қарсы қорғауға түскен топ мүшелері кейде толығымен дінді қорғап жатқандай жағдайға түседі. Яғни адамның өзінің діни ұстанымы кейде толығымен дін деген осы деген сияқты пікірді қалыптастырады. Діни топтардың барлығының ішкі бір ізділігі мен ауызбіршілігі белгілі бір ортақ тұжырымдарға негізделеді. Бұл тұжырымдар наным сенімге қатысты мәселелерді ашықтау, құлдың құдаймен ара қатынасын күшейту, құлшылықтарды жоғары деңгейге жеткізіп орындау т.б. сияқты рухани сипатта болады. Діни топ үлкейген сайын бұл интерпретацияларды қайта жаңартып, күшейтіп отыруға қажеттілік пайда бола береді. Діни топтың үлкеюіне байланысты тағы маңызды бір мәселе, жаңадан қосылған мүшелер саны көбейген сайын мүшелер арасындағы қарым-қатынас та кең ауқымды болып кетеді және топтың көшбасшысы қайтыс болғаннан кейін топ ішінде басқа көзқарастар мен пікірлер пайда болады. Бұл үрдіс кей жағдайда топтың ішінен бөлінуіне әкеліп соғады.

Діни топты ыдыратпай ұстап тұратын факторлардың тағы бірі дін ұғымының эмоциялық тұсы. Топ мүшелерінің ортақ рухани сезімдердің тоғысуынан пайда болған эмоциялық күш әлеуметтік өмірде өте әсерлі болып келеді. Күнделікті өмірге қатысты рационалды ұғымдарды дінге негіздеудің немесе діннің ықпалында ұстауға тырысудың себебі осында. Мысал ретінде мына ұғымдарды келтіруге болады; құқық Алла тарапынан белгіленген, отан қасиетті ұғым, Алла әрдайым бізбен бірге т.с.с. Иррационалды және эмоция басымырақ сезімдердің рационалды әлеуметтік ұғымдарға өміршеңдік пен динамизм сыйлайтыны осыдан байқалады. Тұрмыстық өмірдің көптеген мәселелері мен қажеттіліктері діни сипаттағы бояумен қанығатыны да діннің эмоциялық зор күш екенін байқатады.

Діннен неге діни топтар шығады?

Діни топтардың діннен немесе өз ішінен бөлініп, жол айрығына түсуінің себептері діннің ішкі себептері және діннің сыртынан келген себептер деп екіге бөлінеді. Ішкі себептер діни тәжірибенің сипатына, орындалуына, діннің доктриналары мен теория практика арасындағы қарым қатынас және оны түсіндіріп жеткізу (интерпретация) сияқты факторларға байланысты. Сыртқы себептер болса техникалық, мәдени, саяси, әлеуметтік және экономикалық факторларға сүйенеді.

Дінтанулық немесе діндердің тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ діни топтардың құрылымы, сипаттары, даму үрдістері әлемдік діндерге ұқсайды. Ол топтар ауқымы кішкентай, бірнеше ғана адамның бетпе-бет қарым-қатынасына негізделген топтар болып бастайды. Ол адамдарды бір жерге шоғырландыратын ең басты фактор, құрушысының харизмасы болады. Ал мүшелерге қатысты тұсы болса, бірлік рухы, көшбасшының дінді түсіндіру (интерпретациялау) үлгісінің барлық мүшелер тарапынан қабылданылуы мен мойындалуы сияқты факторлардан құралады.

Тағы бір ескеретін мәселе, діни топтардың құрылу мақсаты сол діннен немесе дін өкілдерінен бөлініп шығу емес. Діни топ болып қалыптасу, дінді әлдеқайда жақсырақ немесе ең кемеліне жеткізіп өмірде және қоғамда іске асыру, яғни кәміл діндар болу мақсатының нәтижесі. Мүшелердің жаппай қолдайтын ортақ мүдделері дінді толыққанды ұстану. Міне осы ұлы мақсат топтың ауызбіршілігін ұстап тұратын негізгі тұтқасы. Басқа адамдармен ортақ діни тәжірибеге қосылған адам психологиялық тұрғыдан ішкі жан дүниесінде тұрақтылық, сенімділік және батылдық сияқты сипаттарға ие болады. Сол себепті дін дегеніміз адам психикасына қатысты феномен ретінде тұлғаны басқалармен қарым-қатынасқа кіруге итермелейтін күш болады.

Қорытынды
Қорытындылай келсек, топ дегеніміз қанша жерден әр алуандық болса да бірден көп мүшелерден құралады және мүшелерінің арасында өзара демеу болу ерекшелігі болады. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, жеке қалғанда әлсіз болып қалатын тұлғалардың бір мақсат аясында шоғырлануын топтасу десек болады. Тұлғаның белгілі бір топқа қосылуы ол тұлғаның ерекшеліктеріне қарай дүниеге келу, басқалардың оны сол ортаға шақыруы, азаматтық, ұлт т.б. сияқты себептермен іске асады. Алайда ескеретін бір жай, тұлғаның сол топпен біте қайнасып сіңіп кетуі оның рухани немесе материалдық қажеттіліктерінің өтелуімен тығыз байланысты. Адам топтың қалыптастырған мәдениетіне қарай қоршаған ортаны, сыртқы дүниені танып, біліп қарым-қатынас құрады. Сонымен қатар, дүниетанымы бірдей және ұқсас көзқарастағы тұлғалармен байланыс құру және олармен арқа сүйер болу адамда сенімділік пен психологиялық қанағаттану сезімі пайда болады. Адамның іс әрекеттері мен көзқарастары қоғамдық шытырманның ішінде өзінің мүше болған тобының арқасында жүйеленіп қалыптасады. Өйткені жоғарыда айтылғандай дүниетаным мен құндылықтарды белгілеп беретін фактор тұлға үшін өзінің мүше болған тобы болмақ.  Қоғам, ішіндегі көптеген топтармен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан олармен арасында әсер ету үрдісі жалғасып отырады. Қоғамның әрбір мүшесі осы топтардың бірнешеуіне мүше болады. Қоғамның белгілі бір деңгейде интеграцияға жетуінде, тұлғалардың қоғамның ең маңызды құндылықтарын қастерлеуі және «біз» деген санаға жете алуы өте маңызды рөлге ие.

 

Жанболат Құмархан, Исламтанушы

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Акюз Н. Діннің ұйымдасудағы ықпалы: Діни топтар. Анкара: Гүндүз вэ Еитим баспасы. (2007)
    2. Фрайер Х. Дін әлеуметтануы. Анкара: Анкара университеті баспасы (1964)
  2. Менщинг Г. Дін әлеуметтануы: Дін, қоғам және мәдениет арақатынасы. Стамбул: Литератүрк баспасы (2012)
  3. Топмсон И. Топтық әлеуметтану: Дін әлеуметтануы. Бирей баспасы (2006).
  4. Вэбэр М. Дін әлеуметтануы.‎ Бикон пресс баспасы (1993)
Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here