, , , ,

Абай ілімі немесе «Кемел адам» концептісі 

igz Avatar

Қазақ халқы ғана емес, әлем халықтарының да Абайды тануға, оның ілімін зерделеуге қызығушылық танытып отырғаны мәлім. Оның еңбектерін діндарлар да, әдебиетшілер де, тарихшылар да, әлеуметтанушылар мен философтар сынды түлі саланың мамандары зерттеп, бағыт-бағдарына айналдырып жүр. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қазақта Абайдан көп басылым көрген ақын, зерттелген данышпан, зерделенген ғұлама жоқ»[1] деп әділ баға берген. Өйткені, Үндінің ұлы дегдары Рабиндранат Тагордың: «Адамзат мәдениетінің тарихына жалғыз да болса дара данышпан тудыру арқылы үлес қоспаған ұлттың өркениетті заманда өмір сүруге қақысы жоқ»[2], – дегеніндей, қазақ халқынан адамзат өркениетіне үлес қосқан данышпандар көп болса, соның бірі еңбектері көп тілдерге аударылған Абай Құнанбайұлы.

Абайдың тұлғалық келбетін тану үшін әуелі оның өмірлік дүниетанымы қалай қалыптасты, неге уайымдап өтті? деген бірнеше сұрақтарға жауап іздеуді жөн санадық. Абай дүниеге діндар отбасында келіп, діни тәрбие алып өсті. Білім жолын медреседен бастады. Балалық шағынан мұсылмандық тәрбие көріп, бойына сіңіріп өскен Абай, медреседе үйренген аят, хадис және діни еңбектердегі бұлтартпас дәлелдік теорияларымен шынайыланды. Медреседен саф көңілімен түлеп ұшып келіп халық атты өмір өзенінің ағысына бір тоғытылған Абай, өзін басқа бір әлемнен шыққандай сезінді. Әділдік, теңдік және мейірімділік деген сынды дін негіздерінен мардымды ешнәрсе көре алмады. Білгісі келетіндердің, ғылым-білімге құлшынатындардың саны тіптен аз. «Бір малымды қайтсем екеу қылам» деп қарабасының қамын жеп, ауыл арасының күйкі тірлігінен аса алмай жүрген халқын көрді.

Не істемек керек? Халқымды қалай ағартам? Қоғамдағы әділетсіздік, теңсіздікке қайтсем арашашы болам? Елімді өркениетті халықтардың қатарына қалай қосам? деген сынды жанын жегідей жеген ойлары ауылында байыз таптырып жатқызбады. Әкесінің рұқсатын алып, боқшасын арқалап Семей қаласына қайта тартты. Медреседен алған білімін шықдамақ, медреседе ұстаздары кітаптарынан көп сөз ететін әл-Маржани, Пушкин сынды әлемдік тұлғаларды қайта оқымақ. Иә, оқыды. Білетін дін ғылымын терең зерттеп, өмір сауалдарына айтарлықтай жауап тапты.

«Аманту» (иман келтіру) оқымаған кісі бар ма?

«Уәктубиһи» (кітаптарымен) дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлықпен – ол сіздерге, сіз де – оларға,

Заман, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезегімен нәби (елші) келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф Алла (Алланы таныту) еш жерде өзгермеді»[3] деген әділ қағиданы күллі адамзатқа ағартушылықтың басты шарты ретінде ұсынды.

Абайдың «Алла өзгермес» деген сөзі иман, иманның шарттары және дін негіздері болған құлшылық-ғибадаттардың қанша ғасыр өтседе өзгермейтінін айтып отыр. Ал «адамзат күнде өзгерер» сөзінің мәнін «Адам өмір сүрген уақытының перзенті» деген тәмсілмен ашықтауға, әркім өмір сүрген ортасының шарттарына сай өркениет негіздерін орнатуды міндеттеп отыр. Сондай-ақ, «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» өлең жолының түсіндірмесі келесі, «Қағида шариғаты өзгерсе де» дінді жеткізудің тәсілдері өзгерсе де, «Тағриф Алла еш жерде өзгермеді» деген жолдары десек болады. Абайды тұлғаландырған, уақыт өткен сайын қадірін арттырған екі дүние ісін, иман мен тіршілік арасын бір бүтін қараған идеологиялық пайымы, имандылық аясында әділдік, теңдік және өркениетті қоғам түсініктерін қарастыруы болып тұр.

Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде «Кемел адам», «Шынайы мұсылман» концепсиясы ұсынылады. Оның басты шарттары ретінде үздік әрқырынан қайталанып, сабақтастығын жоғалтпайтын «Имандылық», «Ағартушылық» және «Еңбек сүйгіштік» сияқты бірнеше маңызды мәселелерді айтуға болады. Осы негіздер аясында адам баласы зерделі ақылы мен еркіндігінде болған күш-жігерін иманға байлай отырып, мағыналы ғұмыр кешуі мен ақыретке «ақ өліммен» аттануын іске асыра алмақ. Енді, осы ұғымдардың әрбіріне Абайдың еңбектері негізінде тоқталып көрелік.

 

Имандылық

Абай иман мәселелерін көптеген өлеңдері мен қарасөздерінде жан-жақтылы баян еткен. Оның он екінші, он үшінші, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, отыз төртінші, отыз бесінші, отыз алтыншы және отыз сегізінші қарасөздері толығымен жаратушы Алла Тағаланың даралығын, барлығын әртүрлі дәлелдермен дәлелдеуден тұрады. Яғни, Абай Аллаға дәлелді көзқарастарымен сенгенін жасырмай жазады әрі әрбір насихатын сол имани көзқарасы негізінде артына қалдыра білген.

Енді, Абайдың иман туралы қозғаған кейбір ойларына тоқтала кетер болсақ, он үшінші сөзінде: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз (ортағы жоқ), ғайыпсыз (айыбы жоқ), бірлігіне барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәсәллам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ»[4] деп иман шарттарын, мәнін түсіндірсе, он екінші сөзінде: «Әуелі – иманның иғтиқадын (байламын) махкемлемек (бекіту) керек, екінші үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек»[5] деу арқылы сенімін дәлелді көзқарасымен өмірлік бағыты етуге үндейді.

Жиырма сегізінші сөзінде: «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман – парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат – парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман – парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды оны ойлама дегенімізге бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ»,[6] – дейді.

Абай бұл жерде иманға қатысты бірнеше маңызды мәселені көтеріп отыр. Әуелгісі, ақылды адамға иман – парыз. Ақылды адам жаратылысқа қарап бір ұстасының, жаратушысының барын мойындауы, иман етуі міндет екендігін айтады. Имам әл-Бабурти: «Әбу Ханифа ақылға жүгініп иман ету уәжіп (міндет) деді. Әлбетте, Мұхаммед әл-Хәкім «Мүнтақа» еңбегінде Әбу Ханифаның: «Аспан әлемдерін, өз болмысын және басқа жаратылысты көре тұрып Жаратушысын танып, білмей өткен адамда ешбір үзір жоқ (қияметте уәж айта алмайды). Әрі адамзатқа елші жіберілмесе де, адам баласы ақылымен Жаратушысын танып иман етуге міндетті» дегенін жеткізді»[7] деген. Бұл мәселеде имам Әбу Ханифа және имам Матуриди мен өзге сенім мәзһаб ғалымдарының көзқарасы арасында айырмашылық бар. Ал Абайдың имани бұл түсінігі имам Әбу Ханифа және имам Матуриди көзқарасынан бастау алатынын көруге болады.

Екіншісі, иманның бір шарты болған тағдыр мәселесі мен ерік берілген саналы адам баласының іс-әрекетін салыстырмалы сөз етеді. Ислам тарихында тағдыр мәселесін дұрыс түсінбеудің салдарынан Жәбрия және Қадария атты адасқан ағымдар ортаға шыққан. Жәбрия ағымы бойынша, «Адам тағдырға тәуелді, іс-әрекетінде ешқандай рөлі жоқ. Пешенесіне жазылғанды ғана көреді» десе, ал Қдария ағымы, «Алла адамның ісіне араласпайды, пенде өзі барлық ісін ерікті таңдауымен жасайды, тағдыр деген жоқ»[8] деген көзқарасты ұстанады.

Матуридилік сенім бойынша, Алла Тағала әзәлда (лаухул махфузға) әрбір адамның қашан, қай жерде өмір сүретінін, Аллаға бойсұнып кешірілуін немесе қарсы болып күнә табуын, әдемі яки көріксіз болатынын белгілеген. Алла Тағала адамзатты жаратудан бұрын адам баласының дүниеде қалай өмір сүретінін әзәли білімімен біліп, тағдыр етіп жазған[9]. Яғни, Алла Тағала пендесін жаратпай тұрып, әзәли ілімімен бұл дүниеде адам баласы өз қалау, еркін қалай пайдаланатынын білгендіктен тағырына соны жазған. Адам баласының ізгілік жолына талпынбай, кертартпалық жасап тағдырға кінә тағуы жоғары да атап өткен адасқан ағымдардың жолы болып табылады. Бұл мәселеде де Абай сүнниттік жолды ұстана отырып, халқын қате түсініктен сақтандырады.

«Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

 

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен –

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде»[10].

Абай бұл өлең шумақтарындағы «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» деп адам жанының мәңгі болатынын сөз етіп, сенімге қатысты тағы бір талас мәселені қозғап отыр. Матуриди мәзһабы бойынша, жәннат пен тозақтың және ол екеуіне кіргендердің (мұсылман, кәпірдің) мәңгілік  қалады. Ал Жәһмия ағымы жәннат пен тозақ та және ол екеуіне кіргендер де белгілі бір уақыттан кейін жоғалады. Себебі жәннат пен тозақты және оған кіргендерді мәңгі дейтін болсақ, жаратылған жәннат пен тозақты және адамзатты Жаратушы Аллаға ұқсатқан боламыз дейді[11].

Имам Матуриди Жәһмия ағымының бұл көзқарасы қасиетті Құранда: «Олар онда мәңгі қалады» (Бақара сүресі, 25-аят) деген  аятқа қайшы екенін айта келіп, ақыл тұрғысынан Алла Тағаланың әуелден бар болуы мен мәңгі тірі қалуы оның Жаратушылық затына тән қасиет. Ал жәннат пен тозақ жаратылған соң мәңгі болуы Алла Тағаланың қалауымен болған іс деп тойтарыс береді. Немесе Жаратушының мәңгі тірі болуы мен жәннат пен тозақтың және оған кіргендердің мәңгі жалғасуында ешқандай ұқсастық жоқтығын айтады[12].

Жаратушы мен жаратылыс арасындағы байланысты, тепе-теңдікті дұрыс түсінбеген жағдайда сенімнің өзі адамды жалқаулыққа, кертартпалық түсінікке, өзгелерді кінәлауға апаратыны анық. Осы тұрғыдан Абайдың тағдыр мәселесін еңбектерінің бірнеше жерінде сөз етуін кездейсоқтық деуге келмейді. Керісінше, қоғамның басты дертінің бірін дұрыстау жолындағы жасалған қадамдардың бірі болып табылады.

Абай сүнниттік сенім бағытын берік ұстана отырып, өзге сенімдік ағымдардың шетін пікірлерін де жақсы білген. Сенім төңірегіндегі талас мәселелерде әрбір тараптың көзқарасын жеке-жеке талдап көрсетпегенімен, сүнниттік сенімдегі маңызды тұстарын кейбір өлеңдері мен қарасөздері арқылы қысқаша, нақты баяндап өткен. Жиырма сегізінші қарасөзінің өзінде маңызды бірнеше мәселені сөз еткенін көрдік. Отыз төртінші, отыз бесінші, отыз алтыншы қарасөздерін Исламдағы эсхотология мәселелерінің тағы басқа қырларына тоқталған болса, отыз сегізінші қарасөзін Ислам ақидасын толығымен қамтыған деуге болады. Әрине, басқа да қарасөздері мен өлеңдерінде иман мәселелесі жайлы пікірлері көп. Оның бәріне талдау жүргізу үлкен бір ізденісті талап етеді. Біздің айтпағымыз, Абайдың «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол»[13] дегеніндей, дәнішпандық ойлары имани көзқарасынан туындаған, имани түсінігін қалыптастырған Құран, сүннет және Ислам ғұламаларының еңбектері. Абай әрдайым халқын, күллі адамзатты имандылыққа, діндегі ағартушылық пен еңбек сүйгіштікке шақырған. Оны тұлғаландырған міне осы!!!

 

Ағартушылық

Жоғарыда сөз еткен имандылық тақырыбының аясы өте кең, оның мәні мен мазмұнын ғылым ашады. Ғылым ағартушылық жолымен хасыл болмақ. Ағартушылыққа дін білімін үйрену де, дүние білімін үйренуде кіреді. Хақпен ағарған адамның бойына әділдік де, мейрімділік де және т.б. ізгі қасиеттер де үйір болады, өмір сүрген ортасына пайда әкеледі. Дін ықылым заманнан бері қоршаған ортаның руханиятын көтерудің, сол негізде тұрмыс-тіршілігін реттеудің рөлін атқарып келген болса, Абай осы діни сенімімен халқының руханиятын көтеруді, ағартушылық жолдарының тетіктерін ұсынды.

Абай, жетінші сөзінде: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз»[14] деп, жас ұрпақты білімге баулып өсіру, әу бастағы ғылымға болған құштарлығын жоғалтпауға, өміріне қиянат жасамауға шақырады.

Сонда Абай әуелі балаларға қандай білімді үйретуге, білімнің мәйегі неде? Енді соған көңіл аударайық:

«Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы.

Жас өспірім, көк өрім,

Бейне қолдың саласы.

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы.

Ойында жоқ олардың,

Шариғатқа шаласы».

Демек, мәселе әрбір балаға законды үйретуден, дүниелік білімдерді үйретуден әуел шариғат білімін үйрету керек екен. Абай имани біліммен жан дүниесін тәрбиелемеген адам ертең закон біліп лауазымға келуінің несі қорқынышты? Себебі әрбір істеген ісін шексіз ғылымымен біліп тұрған Жаратушы Хақты санасына сіңіріп, көкейінде сақтамаған адам қоғамның қайдай саласында болсада, көп жағдайда жеке мүддесінің қамын жеуден аса алмайды. Әйтеу бір жолын тауып, адамдарды алдап, мемлекет қазынасын тонап болса да баюды мақсат етеді. Міне, Абай осыдан қорықты, оның «Ойында жоқ олардың, шариғатқа шаласы» деуі, әуелі балаларға діни білімнің берілуінен қашпауы осыдан. Ойын ашық айтады, қоғамда ізгілік қалыптастыру жолында көптің қабағына қарап жалтақтамайды.

Абай шығармалары негізінен ғылым-білімді игеріп, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу болса, ол екеуінің өзегін имани таныммен байлайды. Отыз сегізінші сөзінде: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға (шариғатқа) муафых (лайық) болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс»[15].

Ихсан – адамның имани кемелдік дәрежесі, діннің таза рухына сай риясыз өмір тіршілігі. Әркім кәсіп етіп жеткен ғылымын, өнерін шариғат шеңберінде, яғни, әділдіктен таймай қызмет еттіруме болады.

Абайдың ұсынған діни білім жолы – шариғат жолы, мұсылмандық ағартушылық жолы екені анық болды. Бұдан тыс діни-ағартушылық жолды мүлдем қабыл етпеді, қабыл ету былай тұрсын аза бойы, қаза болып қарсы тұрды. Сырт көзге қамқоршы, ақылшы болып көрінген миссионерлер Абайды жағаттап, өз қатарларына тартпақшы болған кездерінде: « – Менің халқым діндар болмаса да өздерін мұсылманбыз деп санайды. Оның тарихы, болашағы жақсылыққа ауысып өзгереді, өседі деп үміт еткенде, мен мүлде дінді өзгерту арқылы жақсылыққа жетеді екен деп ойлаған емеспін. Халқым шала мұсылман болса, мен өзім де сондай ғана мұсылманмын. Шала діндар күйінде күн кешемін. Бұл жасқа дейінгі өмірімде дін ұстазы, дін өсиетшісі болып көргенім жоқ. Сөйтіп, мен нашар молда болған кісі едім. Енді, менен «жақсы поп жасауға болады» деген сіздердің сенімдеріңіз қалайша туғанын әлі аңғарып болғаным жоқ» – деп қасқайып тұрып меселделерін қайтарды, мұсылмандық дініне адыл екендігін көптің көзінше тағы бір пәш етті, халқының арасындағы күпті көңіл болып жүргендерін сабасына түсірді.

Абай ұсынған діни-ағартушылық жолы өзі білім алған медресенің, еңбектерін жастана жатып оқитын әл-Маржанидың, яғни, жәдидшілдік ағартушылық жолы деуге болады. А.Машанов: «Қарқаралыда, Семейдегі медреселерде Маржанидың тікелей өзінен тәлім алған адамдар оқытқан. Абай – Семейде сол Маржани шәкірттерінен оқығандардың бірі. Абай еңбектерінде Маржанидың қозғаған мәселелері көп кездесетіндігі осыдан. …С.Маржанидың «Аһли ғылым ай басында» деген тамаша сөзі бар. Абайдың «ғашарани уа мубашарани» деп келетін қағидасы С.Маржанида айтылған. С.Маржани өнерді, музыканы жарататын адам болған»[16], – деп көрсетеді.

Жәдидшілдік – ғалым Жұртбай Тұрсынның: «Жәдидшілер: «Құранды» түзету – күнә, бірақ шариғаттың қағидаларын түсіндіріп, оның астарлы сырын ашып, мүміндерді дұрыс жолға бағыттап, заманға үйлестіре қолдану – парыз деп тұжырым жасады»[17] деп атап өткеніндей дін негіздерін мәнсұқтамайды, керісінше, діннің әр кезеңде туындаған мәселелерге жауап беруге әлеуеттілігін көрсететін ағартушылық бағыт.

XX ғасыр басындағы ақын-ағартушылардың барлығы дерлік қазақ өмірін өзгертуге жұмылған жәдитшілдікті қолдады. Олар шығармаларына мұны жалаң емес, ағартушылық негізге сүйеніп жырлады. Ұлт тағдыры талқыға түскен ауыр шақта Шәңгерей Бөкейұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы. Нарманбет Орманбетұлы, т.б. аға буын өкілдерінен бастап, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Сералин, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатұлы, Спандияр Көбейұлы сияқты орта буынның ұйытқы болуымен және Байбатыр Ержанұлы, Бекмұхамед Серкебайұлы, т.б. жастардың қоштауымен оқу-ағарту саласының сапалық деңгейге тезірек өтуіне себепші негізгі ағартушылықтың іргетасын қалаған әдебиет дүниеге келді[18].

Демек, Абай әрбір ғылымның іргетасы ретінде шариғат білімін қадап айтып, жас ұрпақты әуелі сонымен сусындата отырып, ары қарай басқа мамандықтарды оқытуды міндеттейді. Қырық бірінші сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді»[19] деп халқының ағаруын, өркениетті елдердің қаратына қосылуын армандап, артына хатын қалдырды.

 

Еңбек сүйгіштік

Еңбек сүйгіштік – бұл әуелі діннің әмірі, Абай осыны халқына ұқтырғысы келді. Адам баласының Жаратушы Иесіне болған махаббатын бойындағы күш-жігерін, іскерлік қабілетін бәрін Алла Тағаланы разы ету жолында қолданумен өлшеді:

«Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін».

Абай, иманды сақтауды – екі дүниесін сақтау деп есептейді. Екі дүние ісі дегеніміз – адамзат игілігі үшін жаратылған күллі жаратылысты иегру, қажетіне жарата білу. Әрі жаратылысты игеруде әділдіктен ауытқымау, яғни, шариғат заңдылықтарына сай әрекет ету. Бұл туралы Абай, «Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (айналайын) жаным, соған бек сақ бол, (ол) әсіресе әуелі-құдайдық (Алланың), екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибараттың (үлгі, дәстүрдің), бесінші – ақылдың, ардық (қысқасы) – бәрінің дұшпаны. Олар бар жерде (уайымсыз салғырттық бар жеред) – бұлар (Алла, халық, дәулет, ғибарат, ақыл, ар) болмайды», – дейді.

Тіршілік ісіне де, ақырет ісіне де бей-жәй қарау, қаннен қаперсіз өмір сүру, жалқаулық Құдайға да, адамға жақпайтын іс екендігін айтады. Иманына пысық адам халқына білімімен болсын, байлығымен болсын пайда әкеледі. Дәулетті адам деген сол, ол нағыз мұсылмандық. Сөзінің жалғасында Абай, «Сол уайым-қайғысыздықтан құтылатын орынды харакет табуы керек һам (солай) қылу керек. Әрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпайды, орынды харакетпен азайтады!»

Абайдың айтып отырған орынды харакеті әуелгісі, имани ағартушылық. Ол жайында жоғарыда қысқаша сөз еткенбіз. Екіншісі, адам білгеніне лайықты халқына, адамзатқа пайдалы іспен айналысу. Ісінің нәтижесін, пайдасын көрген адам бос уайым-қайғыға салынбайды, ісін дамытуды, көркейтудің қамымен шаршағанын да ұмытып кетеді. Міне, осындай қоғамдық деңгейдегі жүйелі механизмнің қалыптасуын, халқының бір тұтас орынды харакетпен шұғылдануға шақырды.

«Мазлұмға (зұлымдыққа ұшыраған) жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін»[20].

Абай осы жерде «Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған» Алланың адам баласына берген сансыз нығметін, яғни, өмір, ақыл-парасат, денсаулық және біздің қамымыз үшін жаратылған күллі жаратылысті есімізге сала отырып, Аллаға жағу, Алланың сүйген ісі деп «көптің қамын» ойлауды, сол бағытта бірігп жұмыс жасауды айтып отыр.

Абай шығармаларына үңіліп қарайтын болсақ, «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз», «Түп Иесін көксемей бола ма екен?» деген сияқты терең ойларымен иман иріміне бет бұра отырып,

«Дүниеге дос ақиреті бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ытық, мәғшарға (есеп күніне) амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас»[21] деген сөзін «…Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға (шариғатқа) муафых (лайық) болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс»[22] деген тұжырымдамасы негізінде түсінген дұрыс. Мал ғылым табуға, ғылым иманды сақтауға керек. Сонда ғана дүние мен ақырет ісі бірдей болмақ.

Қорыта айтар болсақ, Абай хәкімнің сусындаған ғылым бұлағы да, көрсеткен бағыт-бағдары да – Ислам діні болды. Осы жерде кейбір Абайтанушы ғалымдарымыздың пікірлеріне де тоқтала кетелік, М.Әуезов, «…Абай ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып кетті» десе, ал Абай өзі «Ақылға сыймас ол Алла, тағрипқа тілім қысқа аһ!»[23] дейді. Сонда Абайдің өзі әлі Аалланы тануға әлсіз болып жүргенін айтуы, Ислам шеңберінен әлдеқайда ары асып кеткенін білдіре ме?! М.Мырзахметұлы, «Абай Исламияттың кейбір түрлі ұғымдарын сыншыл ақын сынға салып, оны өзіндік таным тұрғысынан адамгершілік дініне айналдырды» десе, Абай «Патша құдай сыйындым, тура баста өзіңе», – дейді. Әр ісінде Құдайға сыйынып, туралықты сұрап жүрген Абай, қалай дінді түзетуші, бас-аяғын бұтап жөндеуші болады?! А.Омаров, «Абай дін насихатшысы емес, Алланы танытушы, хикметін зерттеуші хакім…», – дейді. Алланы танытушы адам, қалай дін насихатшысы болмайды?! Мұндай тұжырымдар Абай хакімнің діни сеніміне терең үңілмей, діни ойларына әлеуметтік тұрғыдан ғана қарастырудан туындаған деуге болады.

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

[1] Жұртбай Т.Қ., Сүре сөз: Публицистика. – Алматы: Экономика, 2005. – 400 бет. 387 б.

[2] Жұртбай Т.Қ., Сүре сөз: Публицистика. – Алматы: Экономика, 2005. – 400 бет. 247 б.

[3] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 56-57 бб.

[4] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 101 б.

[5] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 100 б.

[6] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 115 б.

[7] Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, 58 б.

[8] Смайыл Сейтбеков. Мәзһабтар тарихы. – Алматы: «Көкжиек» баспасы, 2015. – 448 бет. 148 б.

[9] Шархүл ғақидәтид Тахауйя әл-Мүсәмма баянүс сүннати уәл жамағати, 104 б.

[10] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 12 б.

[11] Мұхаммед ән-Нәуихи, әл-Уасит фи ақаидил имамил Матуруди, 117-бет.

[12] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әбу Мансур әл-Матуриди, 1-том, 63-бет.

[13] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 58 б.

[14] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 96 б.

[15] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 140 б.

[16] Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 бет. 85-89 бб; Дихан Қамзабекұлы, Алаштың рухани тұғыры. – Астана: Ел-шежіре, 2008. – 360 бет. 60 б.

[17] Жұртбай Т., «Күйесің, жүрек… сүйесің…»: (Абай: «Жан бостандығы» немесе рухани тәуелсіздік). – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2009. 4-т. – 464 бет. 358 б.

[18] Дихан Қамзабекұлы, Алаштың рухани тұғыры. – Астана: Ел-шежіре, 2008. – 360 бет. 101 б.

[19] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 148 б.

[20] Жыр маржаны: Қазақ поэзиясының антологиясы/ Құраст. Мереке Құлкенов, Гүлсім Мұқышева. – Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Т.II. – 2014. 528 бет. 13 б.

[21] Жыр маржаны: Қазақ поэзиясының антологиясы/ Құраст. Мереке Құлкенов, Гүлсім Мұқышева. – Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Т.II. – 2014. 528 бет. 19 б.

[22] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер. – Алматы: Жазушы. – 2005. – 336 бет. 140 б.

[23] Абай Құнанбайұлы шығармалары. 2-том. — Алматы, 2004. 98-99 бб.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Comment moderation is enabled. Your comment may take some time to appear.

Author Profile

John Doe

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit, sed do eiusmod tempor incididunt ut labore et dolore magna aliqua. Ut enim ad minim veniam.

Search
Tags

"Діни білім беру" ұғымын зерттеудің ерекшеліктері (1) igz (7) igz kz (7) Дана Талғатқызы (3) Жадыра Жанарбек (2) Жаннұр Таласбаева (3) Жаруллуах (1) Жаруллуаһ (1) Жәдидшілдік (1) Ислам (6) Ислам және мәдениет (1) Классикалық Ислам құқықы (1) Лизингтік қаржыландыру мен ислам құқығындағы жалдау арасындағы мәселелер (2) Муса Бигиев (1) Муса джаруллах (1) Мұса Бигиев (1) Мұса Жаруллаһ (1) Нұрбол Сейілбекұлы (1) Ораз Елмұрат (9) Раян Болатқызы (3) Сакралды құндылықтарды талдаудың дінтанулық қырлары (1) Самет Оқан (1) Самет Оқанұлы (6) Сәдібеков Медет (2) Темур Аманқұл (2) Хұсам ад-дин Ас-Сығнақидың "Иләһият" танымындағы әлемнің жаратылуындағы метафизикалық құбылыстарды дәлелдеу тәсілдері (1) абай (1) бала тәрбиесі (3) дәстүр (1) игз кз (2) ислам және дәстүр (3) ислам мәдениеті (1) ислам туралы (5) ислам әдептері (1) куран казакша (1) куран туралы (1) материалдық (1) рухани (1) сәмет оқан (1) сәмет оқанұлы (1) Құран қандай кітап (1) құран туралы (1) құран қазақша (1) ұлттық (1) әлеуметтік құндылық (1)