-15.1 C
Almaty
Жексенбі, Қараша 27, 2022
Жексенбі, Қараша 27, 2022

Имам Матуридидің ғылыми әдісі және ерекшеліктері

Имам Матуриди ғылыми тұжырымдарын баяндағанда һәм қарсыластарының пікірлерін теріске шығарғанда негізінен «нақылмен» қатар «ақылға» да жүгініп, әдет-ғұрыпқа және тіл білімі, әлеуметтану және тарих сынды түрлі ғылымдарға негізделген дәлелдер келтіруге ерекше мән берген. Осылайша, ол таухид, «иман» және «имамат» (басшылық) сынды мұсылмандар арасында талас-тартыс тудырған мәселелерді қарастырып, өз тұжырымдарын негіздегенде бір жағынан «нақылға» сүйенген дәлелдер келтірсе, енді бір жағынан «ақылға» негізделген қисынды дәлелдерге жүгіну арқылы семантикалық, әдет- ғұрыптық, әлеуметтік және тарихи дәлелдермен де қарсыластарының пікірлерін теріске шығарып отырған. Тіпті, ол кей мәселелерде «ақылға» негізделген дәлелді ең үлкен әрі бұлтартпас дәйекке балаған. Мысалға, оның пікірінше, Алланың жалғыз екендігінің ең үлкен дәлелі «ақылға» негізделген. Ол – бұл ғаламдағы мінсіз жүйе мен ғаламат үндестік [2].

Имам Матуриди осынау әдісі арқылы өз заманындағы мұсылмандар арасында пайда болған түрлі сенімдер мен көзқарастарды, сондай-ақ өзге дін және пәлсапалық ағымдар өкілдері тарапынан алға тартылған түрлі пікірлерді «нақыл» мен «ақыл» призмасымен қарастырып, дәйекті де, тұшымды жауап беруге тырысқан. Бұдан біз имам Матуридидің қарсыластарын әрдайым «нақылға» және «ақылға» негізделген дәлелдермен иландыру жолын таңдап, дәйексіз құр сөзді, демогогия мен сыңар езулікті және белгілі бір көзқарасты күшпен таңуды құп көрмегенін анық байқаймыз.

Имам Матуридидің пікірінше, Алла Тағала адам баласына ізгіліктен айнымауына әрі өзін жан-жақты дамытып, кемелдене түсуі үшін екі бірдей жол көрсеткен. Соның бірі «ақыл» болса, ендібірі «уахи». Матуридидің айтуынша, «ақыл» мен «уахи» адамды бір жолға, бір мақсатқа бастайтын қос құрал болып табылады. Сондықтан «ақыл» мен «нақыл» бір-біріне әсте қайшы келмейді, орынды һәм лайықты түрде қолға алынған жағдайда екеуі де адамға дұрыс мәлімет беріп, ақиқатқа бастайды. Әйтсе де, барзах әлемі, ақиреттегі жағдайлар және періштелер әлемі сынды ғайыпқа/метафизикаға қатысты мәселелерді жалаң ақылмен білу әрі түйсіну мүмкін емес [2]. Әсілі, бұлар тек «уахи» арқылы ғана білінетін мәселелер [2]. Себебі адам ақылының өрісі шектеулі. Онымен негізінен жария әлем мен ондағы жаратылыс заңдылықтарын ғана белгілі деңгейде танып-білу мүмкін. Ал адам ақылы жетпейтін ғайып әлеміне келсек, ол жайлы мәлімет адамға тек «уахи» арқылы ғана жетеді. Міне, сондықтан да имам Матуриди бәрінен бұрын «нақылды/уахиді» негізге алып, оны дұрыс түсініп, дұрыс талдай білу үшін «ақылға» жүгінген. Осылайша, ол «ақылды» «уахиді» дұрыс түсінудің бірден бір құралы деп бағалаған. Өйткені оның пікірінше бұл өмірде қандай да бір мәселеге қатысты дұрыс шешім қабылдап, жемісті нәтижеге қол жеткізу тек ақылға салып, ойлану арқылы ғана мүмкін болмақ. Себебі әр алуан түстерді бір-бірінен ажырата білу үшін қырағы көзге, әр алуан дыбыстарды ажырата білу үшін өте күшті есту қабілетіне жүгіну керек болғандай, сан алуан пікірлердің қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екенін анықтап білу үшін сөзсіз, сау «ақылға» жүгіну керек [2]. Сол себепті, имам Матуриди «нақылға» талдау жасағанда буквализмге бой алдырмай ондағы сөздердің астарлы мағынасы мен мәніне үңілген.

Имам Матуриди ғылыми көзқарастарын негіздегенде Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін негізгі дәлел ретінде қабылдайды. Сондай-ақ ол аяттар мен хадистерді ақылға салып, жан-жақты талдау арқылы ғалымдар арасында талас тудырған тақырыптарға қатысты «ақылға» қонымды дәлелдер келтіреді. Мысалға ол «иман» және «ислам», «мүмін» және «мұсылман» сөздерінің мағынасы бір екеніне дәлел ретінде Құраннан: «Сөйтіп, (елшілеріміз әлгі күнәһар қауым жайлаған жерге келіп жеткендерінде) алдымен ол жердегі

«мүміндерді» (азапқа ұшырайтын ауылдан) шығарып, аулақ әкеттік. Біз ол арадан бір отбасынан басқа «мұсылман» болған ешкімді таппадық» [3], деген аяттарды келтіріп, былай деген: «Бұл аяттарда Алла Тағаланың азаптан құтылатын жандарды алғашында «мүмін», содан соң «мұсылман» деп атауы «иман» және «ислам» сөзінің мағынасы бір екенін көрсетуде. Сондай-ақ Алла Тағаланың Құранда о дүниедегі мәңгілік азаптан құтылып, мұратына жететіндерді сүйіншілегенде оларға қатысты бірде «иман», бірде «ислам» сөзін қолдануы да екі сөздің мағынасының бір екенін көрсетеді. Алла елшісінен (с.а.у.) жеткен:

«Жәннатқа тек «мүмін» ғана кіреді» деген хадистің басқа бір риуаятта «жәннатқа тек

«мұсылман» ғана кіреді» деп жетуі де осы сөзімізді қуаттайды» [2].

Имам Матуриди өз тұжырымдарын дәлелдегенде мұсылмандар арасында сан ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен салт-санаға да жүгінген. Мысалға оның айтуынша, ислами қоғамда әр мұсылманға мүмін, әр мүмінге де мұсылман делінетіні белгілі. Бұл мәселеде ешкімнің таласы болмасы анық. Сондай-ақ кісіні иманнан жұрдай қылатын іс-әрекеттің оны исламнан да шығаратынын, ал исламнан шығаратын іс-әрекеттің оны иманнан да жұрдай ететіндігін әрі о дүниедегі мүміндер мекенінің мұсылмандарға да мекен болатынын және онда мүміндерге берілетін нығметтердің мұсылмандарға да нәсіп болатындығын барлық мазхаб өкілдері бір ауыздан мақұлдайды [2].

Имам Матуридидің сенімге қатысты кейбір мәселелерді дәлелдегенде нақылмен қатар тарихқа да жүгінгенін көреміз. Ол әлемнің Жаратушысының жалғыз екенін, Оның ешбір серігі мен ұқсасы жоқ екенін түсіндіргенде аят пен хадистен басқа тарихи дәйектер де келтірген. Мысалға, оның айтуынша, тарих бойынша барлық қауымдардың Құдайдың жалғыз екенін бір ауыздан мақұлдағаны, бір Құдайдан басқа бірде-бір болмыстың өзін құдаймын деп жарияға жар салып, өзінің құдай екенін көрсететін бұлтартпас айғақ келтірмегені ақиқат. Сондай-ақ тарихтағы пайғамбарлардың қауымдарына көрсеткен мұғжизалары да Алланың жалғыз екенін көрсететін бірден-бір айғақ болып табылады [2].

Матуриди өз тұжырымдарын дәлелдегенде сөздердің тілдік мағынасына да ерекше көңіл бөлген. Мысалға ол иман сөзінің діндегі терминдік мағынасының жүрекпен растау және бекіту екенін айтып, бұл пікірін жан-жақты дәлелдегенде, өзге дәлелдермен қоса, иман сөзінің сөздіктегі тілдік мағынасын да өз алдына бір дәлел ретінде келтірген [2].

Имам Матуридидің пікірінше, «ақылға негізделген дәлел», негізгі бес сезім мүшесі арқылы қол жеткізілген мәліметтерді ақылға салып саралау нәтижесінде пайда болады [2]. Оның түсінігіндегі «ақылға негізделген дәлел» ‒ семантика, тіл білімі, әлеуметтану, тарих, әдет-ғұрып, салт-сана және басқа да адам өміріндегі маңызды салаларға жүгіне отырып, қол жеткізілген ақылға қонымды мәліметтерді пайымдап, тұжырымдау болып табылады. Міне осылайша, Матуриди өзінің ғылыми тұжырымдары мен көзқарастарын негіздеп, қарсыластарының пікірлерін теріске шығару үшін Құран мен хадиске арқа сүйеумен қатар, ақылға негізделген тұшымды да, қисынды дәлелдер келтіру мақсатында әр түрлі жолдарға да жүгінген [1].

Ислам тарихының белгілі бір кезеңінде мұсылмандар теологиялық мәселелерге қатысты көзқарастарына және аталмыш сала аясындағы мәселелерді талдауда қолданған ғылыми әдіс-тәсілдеріне байланысты өз араларында әр түрлі топтар мен бағыттарға бөліне бастады. Осы тұрғыдан алғанда мұсылмандарды негізгі үш топқа бөліп қарауға болады. Олар: Нақылшылдар (әһл ан-нақл), ақылшылдар (әһл ан-назар), сопылар (әһл әл-кәшф). Осы негізгі бағыттардың әрқайсысы өз ішінде шектен шыққандары әрі орта жолды ұстанғандары бар көптеген топтарға бөлінеді.

Нақылшылдарға негізінен хадис және фиқһ ғалымдары, заһириттер (буквалистер) ‒ мушаббиһалар мен мужассималар (антропоморфистер) және хашуиялар жатады. Бұл бағыттағылар діннің негізі саналатын теологиялық мәселелерді пайымдауда һәм талдауда діни мәтіндерді, яғни Құран мен хадис мәтіндерін басшылыққа алады. Дегенмен, хадис және фиқһ ғұламалары және аталмыш өзге буквалистер арасында діни мәтіндерді пайымдау мәселесінде едәуір айырмашылық бар. Алғашқы топ өкілдері діни мәтіндерді пайымдауда антропоморфизмге бой алдырмай, әсіресе муташабих аяттар мен хадистерді пайымдағанда

«тафуид» принцібін ұстанады. Ал шектен шыққан мушаббиһалар мен мужассималар болса, бұл мәселеде антропоморфизмге жол береді. Нақылшылдардың түсінігінде діни танымның қайнаркөзі – нақыл, яғни діни мәтіндер болып табылады.

Ақыл таразысына салғандарға келсек, бұл бағытқа діни мәтіндерді жан-жақты пайымдап, талдауда нақылмен қоса, ақылға да жүгінетін философтар мен «мутакәллимдер» (теологтар) жатады. Мутакәллимдер өз араларында діни мәтіндерді пайымдап, талдауда қолданатын ғылыми әдіс-тәсілдеріне байланысты муғтазилиттер, матуридилер және әшғарилер болып үш топқа бөлінеді. Бұл бағыт өкілдері үшін ақыл діни танымның негізгі қайнаркөздерінің бірі болып табылады. Философтар мен теологтар арасындағы негізі айырмашылық та ғылыми методологиядан туындайды. Алғашқылар ақылды шектемейтін болса, екінші топтағылар негізінен ақылды нақылға бағындырады, яғни ақылды нақылды пайымдап, түсінудің құралы ретінде қабылдайды. Сондай-ақ олар діни мәтіндердің ақиқаттығы мен қасиеттілігіне кәміл илана отырып, ақылды өз сенімдерін қорғау мақсатында қолданады.

Ал сопыларға келсек, олар ақиқатқа жету үшін ақыл мен қисынға жүгінетін философтар мен кәләм ғалымдарының жолынан мүлде бөлек жол ұстанып, жан-дүниені тазарту арқылы жүрек көзін ашу жолы мен аянға жүгінеді.

Сопылар мен кәләм ғалымдарының ортақ тұсы екеуі де діни мәтіндердің ақиқаттығы мен қасиеттілігіне толық иланады және иман негіздеріне кәміл сенеді. Бірақ олар өздері сенген ақиқатқа жету және соны дәлелдеу үшін бір-біріне кереғар екі түрлі жолды немесе әдісті ұстанады. Алғашқылар субъективті сипатта рухани тазару, жүрек көзін ашу және ғайыптан келетін аян арқылы ақиқатқа көз жеткізуге және соны дәйектеуге тырысса, кейінгілер ақиқатқа рационалды дәлелдер арқылы жетуді көздейді. Сөйтіп, екі бағыт бір-бірінің ұстанған жолы мен әдісін теріске шығарады. Мысалға, кәләм ғалымдары, әсіресе, имам Матуриди сынды ғалымдар сопылар сияқты аянды танымның қайнаркөзі ретінде қабылдамайды.[1]. Олардың пікірінше, аян немесе «кәшф» жолымен қандай да бір ақиқатқа көз жеткізілген күннің өзінде, ол субъективті дәлел болады, өзгелер үшін әсте дәйекті дәлел саналмайды. Ал рационалды дәлелдер, ақыл иелерінің бәріне бірдей дәлел болады. Дегенмен, кейде бір-біріне кереғар бұл екі жолдың біріне-бірі ықпал етіп, үйлесім табатын кездері де болады. Яғни жекелеген діни тұлғалар ақиқатқа жету үшін кейде аян мен «кәфш» жолын таңдаса, кейде олардың ақыл мен қисынға жүгінетін кездері де болады.

Сондай-ақ кәләм ғалымдары мен нақылшылдар да бір-бірінің діни мәтіндерді пайымдау жолы мен талдау әдісін қатаң сынға алған. Нақылшылдар кәләм ғалымдарын сокралды сипаттағы діни мәтіндерді, әсіресе, «муташабиһ» аяттар мен хадистерді өз бетінше пайымдап, интерпретациялаумен айналысты деп кінәласа, кәләм ғалымдары оларды діни мәтіндердің мәнін түсінбейтін, астарына үңілмейтін, оларға тиісінше әрі жан-жақты талдау жасай алмайтын топ ретінде қабылдаған. Осыған орай, сопылық жол мен кәләм ілімінің белгілі деңгейде үйлесім табуы мүмкін болса, соңғы екі жолдың үйлесім табуы қиынның қиыны деуге болады. Бұған тарих куә. Өйткені тарихтан әшғарилер мен матуридилерден құралатын кәләм жұртшылығының, сопылық дәстүрмен біте қайнасқанын көреміз. Әсіресе, әшғари мазхабында сопылық сарыны анық көрініс тапқан. Мұны аталмыш мектептің маңдайалды өкілдері имам Ғазали, имам Рази және әл-Ижи сынды ғұламалардың ілімі мен еңбектерінен анық көруге болады. Ал кәләм жұртшылығы мен буквалистердің діни мәтіндерді   пайымдап,   талдау   әдістерінің   үйлесім   тапқанын   және   діндегі   «тәуил»,

«муташабих» аяттар мен хадистер, «иман», «амал» сынды негізгі ұғымдарға қатысты

ой-пікірлерінің бір жерден шыққанын көру мүмкін емес.

Көптеген ғалымдар муғтазилиттер мен матуридилер арасындағы айырмашылықты былай түсіндіреді: Муғтазилиттер ақыл барлық нәрсені өз бетінше танып-біле алады деп сенеді. Ал матуридилердің пікірінше, ақыл танымның құралы ғана. Ақиқатында адамға бір нәрсені парыз немесе міндетті етуші Алла Тағала. Яғни Алла адам баласына ақыл арқылы міндет жүктейді. Сондықтан да, бұл жерде ақыл міндеттеуші күш емес, арадағы себепші құрал әрі Алла Тағаланың адам баласына ақиқатты танысын деп берген баға жетпес сыйы.

Ал матуридилер мен әшғарилер арасындағы методологиялық айырмашылықты шығыстанушы Т. Голд былай түсіндірген: «Жалпы алғанда, матуридилердің көзқарастары мен тұжырымдарына қарасақ, олардың әшғарилерге қарағанда анағұрлым ақылшыл және еркін ойлауға бейім екенін көреміз» [8].

Ал Зәһид әл-Кәусаридің пікірінше, әшғарилер хашуиттер (нақылшылдар) мен муғтазилиттердің ортасынан жол тапқан, матуридилер болса, әшғарилер мен муғтазилиттердің ортасынан жол тапқан [9, 304-305 бб.]. Бүгінгі таңдағы ғалымдардың дені осы пікірді құптайды.

Ал біздің тұжырымымыз бойынша, Имам Матуриди және жалпы матуридилер діни- сенімдік мәселелерді пайымдап, тұжырымдағанда бәрінен бұрын антропоцентристік діни сананы басшылыққа алады. Ал әшғари сенім мектебі өкілдері және нақылшылдар діни- сенімдік мәселелерді теоцентристік сана негізінде пайымдап, тұжырымдайды. Міне осы екі түрлі діни түсінік себепті, аталған мектептер арасында сенімге қатысты кейбір тармақ мәселелер бойынша пікір алуандығы мен принциптік айырмашылықтарды көруге болады.

 

А. Әкімханов, исламтанушы

 

Әдебиеттер

  1. Ак Büyük Türk Alimi Maturidi ve Maturidilik. ‒ İstanbul: Bayrak matbaası, 2008. ‒ 216 s.
  2. el-Maturidi, Ebu Mansur Muhammed ibn Kiabüt-Tevhid Açıklamalı Tercüme / çev. B. Topaloğlu. ‒ İstanbul: T.C.D. Vakfı İSAM, 2014. ‒ 613 s.
  3. Құран Кәрім қазақша түсіндірмелі аударма / ауд. А.Б. Әкімханов., Н.С. Анарбаев. ‒ Алматы: Көкжиек баспасы, ‒ 624 б.
  4. Бәсәллум М. Муқаддимат тахқиқ Тә’уиләт әһл әс-суннә // Тә’уиләт әһл әс-суннә. ‒ Бейрут: Дар әл- кутуб әл-‛илмия, ‒ Т. 1. ‒ 343 с.
  5. Молла Али әл-Қари, «Шәрһу әл-Фиқһ әл-Әкбар», – Дамаск: Дәрун Нәфәәйс, – 271 б.
  6. М. Ибн Асғад, «Шарх әл-῾Ақайд әл-῾Адудия», ‒ Каир: әл-Матбаа әл-хайрия, 1904. 179-180 бб.
  7. Шахристани, Әбу-л-Фатх Мухаммад ибн ‛Абд әл-Кәрим. Әл-Миләл уә-н-нихал / тахқиқ А.А. Мәһнә., А.Х. Фаур. ‒ Бейрут: Дар әл-Ма‛рифа, ‒ Т. 1. 658 с.
  8. Т. Голд, «әл-῾ақида уә әш-шари῾а фи әл-Ислам», / ауд. М. Ю. Муса. ‒ Каир: Дәр әл-Катиб, 99 б.
  9. М.Ә.А. Әбу әл-Хайр, Ақидат әл-Ислам уә әл-Имам әл-Матуриди. ‒ Дакка: әл-Муәссәсә әл-исламия, 550 б.

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here