,

МОТВАЦИЯЛЫҚ ТЕОРИЯЛАРҒА ИСЛАМДЫҚ КӨЗҚАРАС

igz Avatar

Мотивациялық тұжырымдардың бүгінгі зерттеудегі қолданылған типтері үлкен екі бөлікке бөлінеді. Алғашқысына діни емес сипат тән: Х және У теориясы, әділдік теориясы (Equity Model), өздігінен шешім қабылдау теориясы; екіншісі діни мазмұнды қамтитын теориялар: исламдық және христиандық кеңістікте пайда болған тұжырымдар. Исламдыққа тақуа теориясы, «әл-хауф уа-р-ража» теориясы; ал, христиандық бағытта күту теориясы (Expectancy Theory) қарастырылды.

Танымал батыстық мотивациялық тұжырымдамалардың бірі күту теориясы. Теорияның атауы «Expectancy Theory» сөзі «күту», «болжау», «үміттену» деген мағынаға саяды. Теорияның негізін қалаған Виктор Врум белсенділік пен мотивацияландыратын үмітшілдіктің өзара байланысты үш факторын көрсетті: жасаған әрекеті мен жұмсаған күшінің нәтижесін күту; қол жеткізілетін нәтиженің сыйақылы болатындығынан үміт ету; күтілетін нәтижелі еңбектен алынған сыйақы қандай да бір құндылыққа ие болу, оны валенттілік деп атайды. В. Врум егер адам өз еңбегінің нәтижесі мен қалаған сыйақы арасындағы байланысты көрмесе, онда оның жемісті еңбекке деген мотиві әлсіз болады деп атап көрсетеді (Зарубина, 2016: 43). Яғни, мақсат пен оған жеткендегі сыйақысы неғұрлым көп болса, мотивация соғұрлым күшті бола бермек. Бұл теория көбінесе өндірістік мотивтерді арттыруға қолданылады, ал, оны дінмен қатыстырып зерттеу кейінірек орын алды.

«Expectancy Theory» тұжырымдамасын діннің мәнімен байланыстырып, дамытқан зерттеуші Марин Доусон. Оның «Metaphysical motivation: an expectancy – value perspective on why religious beliefs motivate» атты зерттеуінде «үміт» теориясын дінмен байланыстырған. Доусон «сенім өте күшті қозғаушы күш, ол жеке адамдарға және халықтарға қозғау сала алады, сенім үшін соғыс жүргізіліп, бейбітшілік орнатылады, адамдар өздерін құрбан етеді, сүйеді және жек көреді». Оның тұжырымдамасына сәйкес үлкен мақсат пен оған жетудің орындалу ықтималдығына сендіру – жоғары мотивация бере алады дегенге саяды. Дін «жоғары мақсаттарды», жоғары тәртіп құндылықтарын, сонымен қатар қалаған нәтижеге жетудің жоғары тиімді әдістерін ұсынады, яғни ол үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік береді деп бағалайды (Ясин, 2016: 58). Адамдардың қойған мақсаты мен объективті фактілердің арақашықтығында бірқатар ерекшеліктері болуы мүмкін. Адам мақсаты кешіккен сайын оны жақын және ұзақ уақыттан кейінгі болашақты «міне, міне келеді» деп күтуі мүмкін. Кейінге қалдырылып, үнемі созылатын мақсаттар үлкен күш-жігер мен табандылықты талап етеді. Мақсаттың уақыттан алыстауының әсері қазіргі уақыттағы белсенді әрекеттерге әкеледі. Доусон осы тұжырым арқылы діни мотивацияны қамтиды деп санайды. Мұны, аврамдық діндердегі оның ішінде ислам сеніміндегі «қиямет күні» түсінігімен салыстыруға мүмкіндік бар. Құранда «(Мұхаммед Ғ.С.) олар саған «Қиямет қашан болады?,- деп сұрақ қояды. (42) Ол жөнде түсінік беру сенің ісің бе? (43) Оның қорытындысы, Раббыңа байланысты. (44) Негізінен сен қияметтен қорыққан кісілерге бір ескертуші ғанасың. (45) Олар қияметті көрген күні, дүниеде бір кеш немесе бір сәске тұрғандай ойлайды» (Құран, Халифа Алтай). Яғни, қиямет күнінің уақыты мұсылмандар дереккөздерінде нақты белгіленбеген. Қиямет уақытының алыстығы немесе жақындығы белгісіз болуы сенуші көкейінде оның кез-келген уақытта орын алатындығын белгілейді. Нәтижеде, оған сенуші мұсылманның қияметтегі жауапкершілікті сезіне отырып, күнделікті құлшылық пен діндегі игі амалдарды белсенділікпен орындауына құлшындырады.

Доусон діни мотивациялардың күш алуына ықпал ететін бірқатар категорияларды тізбектеді. Олар: жоғары дәрежедегі уәде етілген марапат – бұл жұмақ немесе нирвана; осындай нәтижелерге (жұмақ немесе нирванаға) қол жеткізетін мінез-құлық моделі; иман келтірген адамға көрсетілген модел бойынша іске асыруы күрделі немесе қиынға соғатын әрекеттер, олар соңғы нәтижеге (жұмақ немесе нирванаға) жол ашатын әрекеттер жиынтығы. Бұл ретте ол оң мотивация (ұмтылу), сондай-ақ ол қарастырған бес әлемдік дінде бар теріс уәждемені (тыйылу) ерекшелейді (Ясин, 2016: 63). Бұл жерде сыйақы жұмақ, оған жеткізетін тәсіл діни рәсім тәсілдері мен ережелері, ал, нәтижеге жол ашатын әрекеттер жиынтығы ретінде нақты орындалатын қайырымдылық іс-шаралары мен рәсімдерді жатқызуға болады. Ал, ислам сеніміндегі уәде етілген сыйақы «жәннәт» деп белгіленіп, оның деңгейлері келтіріледі, ал, оған алып баратын тәсіл «шариғат», іс әрекеттер «а`мал», «ниет» және «иман» көріністерінен тұрады. Құранда «Ал және сондай иман келтіріп, түзу амал істегендер, жұмақтық болып, олар мәңгі қалады» (2:82) делініп, жұмаққа жетудің шарты ретінде амал жасауы міндеттеледі және  «Іштеріңе, өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әpi үкімдерін үйрететін сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін Елші жібергеніміз сияқты»… (2:151) делінген аятта тәсіл, яғни шариғатты үйретуші пайғамбар екендігін баяндайды (Құран, Халифа Алтай).

Зерттеуші Дж. Аткинсон күтілетін нәтиженің деңгейі мен рахаттану күйі әр тұлғаның іштей өзі белгілеген өлшемдері бойынша бағаланады және көп жағдайда мұндай «бағалаулар» санасыз күйде іске асады деп тұжырымдайды. Оң нәтижені ескере отырып және маңызды саналатын құндылықтарды көре білген адамдар нәтижеге жету үшін ынтасы мен мақсатқа бағыттаған күш-жігерін арттырады. Әрине, Дж. Аткинсонның бұл тұжырымдамасындағы «санасыз» түрде іске асады деген пікірі, әлі эмпирикалық дәйектеуді қажет етендігі байқалады. Осыған қарамай, Құрандағы «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13:28) деген аятта адамның сенім арқылы рахаттану және жан дүниенің ерекше позитивті күйге ие болатындығы баяндалады және «Ол ынталылар, Раббыларына шын жолығатындықтарын ойлап әрі Оған анық қайталыратындықтарын да біледі» (2:46) деген аятта «жолығатындықтарын ойлап» бөлігінде сенушінің өз-өзін бағалау үрдісі жүретіндігін дәйектейді. Ал, Доусонға сәйкес рахат алуға қолдау көрсету сияқты сыртқы факторлар және адамның өзін-өзі бағалауы мен өзін қабылдау деңгейі себеп болады деп тұжырымдайды. Сонымен қатар сенім бастапқы қозғаушы нүкте функциясын атқарады, сенуші өмірде нақты жағдайларға тап болған сәтте нәтижеге қол жеткізу ықтималдығын өлшейді, нәтижеде діндардың іс-әрекеттерін бағыттайтын құрылғы мотивация жүйесін бойына енгізеді.  Құранда «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» (2:45) делінген және жоғарыда келтірілген (2:46) аяттарда «ынталылар» категориясын белгілейді және әр сенушіні ішкі өлшемін осы категорияға бағыттайды. Нәтижеде сенуші «ынталылар» талаптарына сәйкестенуге тырысады (Құран, Халифа Алтай). Бұл жерде сенушілердің шынайы өмірдегі діни рәсімдер мен белгілеген әрекеттерді орындау барысындағы туындаған қиыншылықтарды еңсеру үшін исламның бағыт-бағдар беру жүйесіндегі алдын-ала дайындау және жігерлендіру шаралары ретінде бағалауға болады.

Мотивациялық теорияның тағы бір түрі Х және У теориясы. МакГрегор бұл теорияның ХУ деген екі санатын көрсетті. Х теорияның сипатына сәйкес көп жағыдайда басқа біреу, яғни, сыртқы күш арқылы мотивацияланады. Ал У теорияның сипаты ол өз-өзін мотивацияландыру тән. Бұл теория негізінен өндірістің өнімділігі мен қызметкерлердің белсенділігін анықтауға бағытталған. Х теориясына тән қызметкерлерлердің көбісі өз міндетін атқарудан қашқақтайды. Жұмыс күнін қысқартуға немесе әртүрлі сылтаулармен берілген тапсырманы толық орындамауға бейім (Moona, 2013: 716). Яғни, Х теорияның сипатына сәйкес жұмыс жасауда жалқаулық пен жауапкершіліктің ара-қатынасы басты категория саналады. Адамдар, жүктелген міндеттің өмірдегі басты нәрсе екендігін сезінсе де оны орындау барысында жауапкершіліксіздікке салынуы ықтимал. Өз кезегінде бұл өнімділіктің кемуіне, жұмыс берушінің сынына ұшырауға алып келеді. Әдетте бұл мәселені жұмыс беруші қатаң бақылау мен әр тапсырманың орындалғандығын қатаң қадағалау арқылы шешуге тырысады. Яғни, жұмысшының ынтасы мен мотиві тікелей жұмыс беруші басшылары немесе өзге де сыйақы (жалақы) тағайындау құзіреттілігі бар тараптың талабы немесе құлшындыруы негізінде туындайды. Көбіне бұл сөгіс беру, жұмыстан босату, лауазымын түсіру секілді жазалау шаралары арқылы іске асады. Сонымен қатар тіпті мәжбүрлеу әрекеттері де орын алу мүмкіндігін көрсетеді. Ал, У санатындағылар әлде қайда белсенді және жұмыс істеуге дайын, сонымен қатар жауапкершілікті өзіне ала білетін тұлғалар. У теориясы адамдардың белгілі мақсатқа жету жолында өз-өзін бағыттап, бақылай алуын белгілейді. Мұндағы, басқару тетігі тек міндеттердің азаюы мен көбеюіне қатысты орын алады. Х санатында жұмысшы басшылықтың қалауы мен белгілеген ережелері бойынша ғана өнімділікті арттыруы тиіс болса, У санатында жұмысшы басшылықпен өз пікірі мен тәжірибесін бөлісе отырып, өзіне ыңғайлы тәсілдермен мақсатқа жетеді. Бұл тұста қандай да бір жұмыстың аяқталғандағы нәтижесі жұмысшының негізгі мотиваторына айналады. Мысалы, жұмыс беруші жұмысшымен келісім-шарт түзеп, нәтижеде жұмысшы белгілі бір мерзім аралығында келісім-шартта қойылған міндеттерді орындауы талап етіледі. Шарттағы мерзім мен талапқа сай жасалған жұмыс ақысы өтеледі. Осы тұста жұмысшы тарапынан міндетті орындауға деген құлшыныс – тапсырманы тезірек аяқтап, сыйақыны алуға деген құштарлықтан туындайды. Алайда, бұл теорияда дін элементі нақты қарастырылмаған. Дейтұрғанмен, адамның өз-өзін рухтандыру мен бір нәрсеге бағыттау қабілетін, діни міндеттерді орындау барысында да қолдана алады деген түйін жасауға болады. Құранда «Дінде зорлау жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші» (2:256) делінген аятта сенушіге дін ісінде мәжбүрлік жоқ екендігі, керісінше адамның қалау еркіндігі мен құштарлығы себебінен діни міндеттерді орындауы баяндалып тұр. Ислам діні, тіпті жалпы діни мотивацияның көзі осы У санатындағы секілді ішкі құлшыныс саналады. Құранда «Әй Израил ұрпақтары! Берген нығметімді еске алыңдар! Уәдемді орындаңдар. Мен де серттеріңді орындаймын. Әрі Менен ғана қорқыңдар» (2:40) және «Олар: «Бізді тозақ оты санаулы күндер ғана (азапта) ұстайды» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Алладан уәде алдыңдар ма? Алла уәдесін сірә бұзбайды. Немесе Аллаға білмегендеріңді айтасыңдар ма?»,- де. (2:80)» және «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла (Т.) сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші. (2:268)» деген аяттарда Жаратушы мен адам арасындағы уәделесу немесе У теориясындағы жұмысшы мен жұмыс берушунің арасындағы келісім-шарт көрінісі іспеттес міндеттер белгіленуде. Яғни, Құран аятында мұсылман үшін уәделі істерді орындаған жағдайда сыйақы алатындығы белгіленіп, сенушіні ешқандай қатаң бақылаусыз-ақ сол міндеттерді орындауға құлшындыруда. Яғни, ішкі мотивацияны туындатуда.

Фредерик Герцбергтің екі факторлы теориясы 1959 жылы әзірленді. Герцберг өнімділік деңгейін анықтайтын екі фактор тұжырымдамасын анықтады. Мотивациялық факторлар – бұл қызметкерлердің жұмыспен қанағаттануын арттыратын ішкі факторлар; гигиеналық факторлар – қызметкерлердің қанағаттанбауын болдырмайтын сыртқы факторлар болып табылады. Герцберг қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру үшін мотивациялық факторларды ескеруді ұсынды. Теория А. Маслоудың қажеттілік теориясындағы иерархияларымен тығыз байланыстырылған, бірақ мұнда индивид мотивтерінің өлшемін анықтауға бағытталған бірнеше факторларға арнайы тоқталады. Теория бойынша индивидтердің төмен қажеттіліктерін қанағаттандыру сыртқы немесе гигиеналық факторлардың баламасы ретінде қарастырылады. Ал, төмен қажеттіліктер адамдарды нақты мақсатқа бағыттауда әлсіздік танытады. Сондықтан жетістікке жетуге немесе өзге де әрекетте күш салуға және ынталандыруға көп әсер ете бермейді. Төменгі қажеттіліктер тек адам бойындағы қанағаттанбаушылық сезімін болдырмайды деп тұжырымдады (Wan, 2013: 22). Адамдарды ынталандыру үшін жоғары деңгейдегі қажеттілікті қамтамасыз ету қажет. Олар ішкі немесе сыртқы мотивациялық факторлар. Сыртқы және ішкі факторлардың бір-біріне міндетті түрде қарама-қарсы болуы шарт емес. Бұл жердегі төменгі қажеттіліктер адамның өмір сүруіне ең қажетті тамақтану, демалу, ұйқы секілді, ал жоғарғы қажеттіліктер шығармашылық, комфорт, жетістікке жету секілді дүниелер кіреді. Ислам діні бойынша жоғарғы қажеттіліктің бірі «Алланың разылығы», «жұмаққа кіру» саналады. Құранда «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым. (51:56)» «Ал енді кім, Раббыны; алдына тұрудан қорқып, нәпсісі соққан нәрседен тежеген болса, (79:40) Негізінде оның барар жері жұмақ (79:41)» делінген аяттарда мұсылманға «нәфс» деп аталатын төменгі қажеттіліктерге бейімделген қалауларға ермей, жоғарғы «жұмақ» пен «құлшылық» етуге ынталануды туындатуда. Өз кезегінде бұл ішкі мотиватор ретінде қарастырылады.

Тағы бір теория – өздігінен шешім қабылдау теориясы сыртқы және ішкі мотивацияның адам әрекетіне әсерін көрсетуге бағытталған. Аталмыш сыртқы және ішкі модел көп жағдайда мекемелерде, қандай да бір топтарда, өздерінің жұмысшылары немесе белгілі топ мүшелерінің өзара мотивациялауда кеңірек қолданылатын теориялардың бірі болып табылады. Бұл теориядағы ішкі мотивацияны сыйақыға жетудің бір құнды позитивті көзі ретінде қарастырады. Өйткені, адам осы үрдістегі қандай да бір іс-әрекеттің жасалу барысында өзінің іштей қанағаттануы мен қуануын жағымды бір күшке теңеп, одан ләззат алады. Ал, сыртқы мотивация өзге адамдар арқылы, сыртқы күш арқылы беріледі. Көп жағдайда материалдық сыйақыға бағытталады. Бұл теория бойынша: егер қандай да бір мекеме жеке тұлғаларды мотивацияландырса және сол жердегі факторларды сәйкестендіре алса онда үлкен жетістікке жетуге жол ашылады. Теорияның алғаш зерттелуі XX ғасырдың 50-ші жылдарына тиесілі. Олпорттың (The Individual and His Religion) кітабында ішкі уәждемелік сенім қайнаркөзіне сүйенетін, кемел діндарлықты және сыртқы көрініске негізделген: құлшылық үйіне бару, діни қауымға қолдау көрсету, өзге адамдар арасында діни сенімін көрсету арқылы сипатталатын толық емес діншілдікті ажыратуды ұсынды. Оған сәйкес сыртқы діншілдік дінде бекітілген қағидаттар мен діни рәсімдерді орындаудан тұрады, ал іштей діндарлық жоғарғы күшпен қарым-қатынасқа түсу арқылы ішкі қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Белгиялық зерттеуші Барт Найринк пен оның әріптестері аталмыш теориядағы ішкі мотивация мен ішкі діндарлық бір-біріне сәйкес келетінін көрсетті, бірақ сыртқы діндарлық сыртқы уәждеумен әрдайым байланысты бола бермейді. Сырт көрінісі діни адам іштей діндар болуы мүмкін, бұл ретте сыртқы қысым болуы міндетті емес (Neyrinck, Vansteenkiste, 2010: 427). Теориядағы сыртқы діншілдік сипаттамасы ислам дініндегі мунафиқтар сипаттамасына біршама ұқсас тұстары бар. Құранда «Мунафиқтар Аллаһты алдамақшы болады. Негізінен Аллаһ оларды алдауға ұшыратады. Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Аллаһты өте аз еске алады» (Ниса 4:142) делініп, мунафиқтардың Алламен қатынасынан гөрі сыртқы көрініске аса мән беретіндігін байқауға болады. Ал, ішкі діндарлыққа қатысты «Алла Тағала тақуалықты бекем ұстанушыларды жақсы көреді» (Әли Имран, 76 аят), «Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар» (Бақара, 152). Хадисте «Алла Тағала айтады: Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын. Ол Мені еске алса, онымен біргемін. Құлым Мені жеке еске алса, оны жеке еске аламын». Яғни, Құран концепциясына сай Жаратушымен байланысуға құштарық теориядағы ішкі діндарлық санатын аша алады.

Әлемдік кең таралған мотивация теорияларының бірі әділдік теориясы (Equity Model) саналады. Бұл теорияны Стэйси Адамс дамытты. Теория бойынша адамдар өздерін өзге адамдармен қаншалықты дәрежеде және қалай салыстыратындығы назарға алынады. Яғни, өзге адамдарға қарағанда өзінің қатынасы мен жасаған әрекетінің қаншалықты әділ екендігін іштей сезіну. Сол арқылы өзін басқалармен теңестіріп немесе ілгері озу, артта қалуды іштей өлшеп отырады. Көбінесе өзі жеткен жетістіктері мен жасаған әрекетінің эффектілігін салыстыру арқылы көрініс береді. Осы арқылы іштей қанағаттанады немесе өзіне көңілі толмайды. Егер адамдарға әділ қатынас жасалса, оларда бір нәрсені орындауға деген жоғары мотивация болады. Ал, егер оларда әділетсіз қатынас орын алып жатса, жұмыс барысында не басқа да іс әрекеттерді іске асыруға олардың мотивациясы өте төмен болады. Дегенмен, тепе-теңдікті қарастыратын бұл әділдік теориясының іс жүзіндегі бірқатар нақтылануы тиіс тұстары ортаға шыққан. Ол мекемелерде ұзақ мерзімдік жоспармен іске асатын әділдік орнату барысында эмпирикалық нәтижеге қол жеткізе алмауға байланысты байқалған. Бұл жерде діни аспектілерге де аса көңіл бөлінбеген. Дегенмен, әділдік ұстанымы ислам діні мәтіндерінде де қамтылған (Койчуев, 2011: 112). Ислам діні бойынша әділдіктің қатынас жасау объектісіне қарай  үш түрі көрсетілген: Алламен қатынастағы әділдік, индивидтің өз-өзіне әділдігі және өзге жаратылыстармен қатынастағы әділдігі. Әділдіктің антонимі ретінде зұлымдық белгіленеді. Аллаға әділдік оның шариғатына бойұсынып жүру кірсе, ал өзгелермен әділ қатынаста болу жайлы Құранда ««Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі) Нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші» (4:135) делінген. Бұл аятта өзге адамдардың арасындағы теңдікті сақтау белігіленген және туыстық немесе өзге де жеке қатынастарға қарамастан объективті шешім шығаруды мазмұнында қамтып тұр. Әрине, осы тұста мұсылман үшін өз іс-әрекетінің Алла тарапынан қалай бағаланатыны маңызды екендігі анық. Яғни, жоғарыдағы үшеуінен өзге Жаратушының құлдары арасындағы әділдігі ерекше назар аудартады. Бұл тұжырым діндарлар арасындағы өзара санасуды және жасаған күнә, сауап ретінде бағаланатын әрекеттерінің өлшенуі мен ескерілуін белгілейді. Осы өлшемдерді назарға алғанда сенушіге өзін іштей қанағаттануына және мотивациялануына жол ашылады. Мысалы, адамдар арасындағы «мен өзгеден қарағанда діндармын немесе анау адам күнә жасаса да маған қарағанда бай, жетістігі көбірек» деген секілді пікірлердің орын алуы мүмкіндігі бар. Ал, Құран концепциясы осы мәселені «О дүниедегі» есеп арқылы Алланың әділдігін тұжырымдайды. Құранда: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді. (2:7-8)»  аяттар әрбір әрекеттің Алла тарапынан нақты ескерілетіні баяндалады. Өз кезегінде бұл сенушілердің мотивациясын жоғалтпауға, керісінше Жаратушының назарын аудару үшін құлшынысын арттыруға бастайды.

Мотивацияның адамға қатысты күрделі бір кешенді зерттеу объектісі болғандықтан, тақырып діндар ғалымдардың назарын да өз тарапына бұра алды. Мұсылман ғалымдары адамның табиғатын түсіну үшін жоғарыда келтірілген мотивациялық моделдердің тұжырымдамаларын мотивацияны кеңірек талдауға қолдануда. Исламдық теорияларды батыс мотивация теориялары мен мұсылман зерттеушілерінің тұжырымдамаларының ассимиляцияға түскен теориялар ретінде бағалайтын зерттеушілер де бар. Яғни, қазіргі мұсылман әлемінде өзінше бір теориялар өмірге келген жоқ, көп жағдайларда батыстық түсініктегі мотивация ұғымымен исламдық моделдің ассимиляциялану нәтижесінде ортаға келетін дүние деп қабылдайды. Осы тұста, батыс теориялары исламдық контекстегі адамның мотивациясына қатысты толық сипаттамасын беру деңгейі төмен екендігі ескерілуі тиіс. Олар адамның бірқатар мотивациялық сипаттарын бергенімен исламдық мазмұндағы ерекшеліктерін ашық көрсетуде толық құзыреттілігі жете бермейді. Әсіресе, ислам дініндегі ең бірінші категория Жаратушының, рухтың, діннің ерекшеліктерінің ескерілмеуі мотивация тақырыбында мұсылмандық мәтіндерге жүгінетін жаңашыл зерттеулерді қажет ететіндігін көрсетуде. Ислам концепциясында әрбір жетістікке жетудің кілті Алламен байланыстырылады. Яғни, қарапайым теориялармен ислам дініндегі теориялардың басты айырмашылығы ретінде осы аталғандар қарастырылады. Дінге сенушілер сенімді басты категория ретінде қарастырып, Жаратушының тыйған тыйымдары мен бұйырған әмірлерін басшылыққа ала отырып жетістіктерге жетеді. Соңғы отыз жылдықта бірнеше мұсылман философ зертеушілерінің зерттеу нәтижесінде жоғарыдағы ерекшеліктерді ескеретін әртүрлі мотивациялық моделдер мен теориялар өмірге келді. Олардың қатарында тақуа моделі, әл-хауф уа-р-ража, жалпы мотивация моделі және қасиеттілік мотивация моделдері бар. Оның ішінде тақуа теориясы танымалдылығы жоғары саналады.

Тақуа теориясын Шәфиқ Фалах Алаунай дамытқан. Алаунайға сәйкес тақуа моделі бірнеше фактордан құралады: иман, Алладан қорқуды білдіретін тақуалық, тәубе, тахрид. Бірінші фактор саналатын иман – Аллаға деген сенім, соның негізінде исламдағы белгіленген иман шарттарының барлығына илану. Мұсылман ғалымдары иманды білімнің ең жоғарғы деңгейі деп көрсетеді. Өйткені, адам осы арқылы білім мен ғылымның деңгейі жете бермейтін білімге қол жеткізеді деп санайды, Яғни, транцендентті түсінікке ие болуын, үлкен білім ретінде бағалайды. Сол арқылы Жаратушы тарапынан ұсынылатын жоғарғы білімді қабылдай алады деп санайды. Ислам сенімі бойынша шынайы мұсылманның басты мақсаты Алланың разылығына жету. Ол үшін шариғатта белгіленген барлық іс-әрекет түрлерін нәтижелі орындау талап етіледі. Ол Алла алдында есеп беретіндіктен жауапкершілікті сезінеді. Материалдық сыйақыдан да құнды саналатын игілікке ұмтылады. Бұл мотивтің маңызды құрамдас бөліктері Аллаға деген берік нық сенімнен туындайды (Ruhul, Golam, 2016).

Тақуалық теориясында Алладан қорқу тақуалыққа жатқызылады. Яғни, Құдайдан қорқу, Оның бұйрықтарын орындау немесе тыйғандарынан тыйылу арқылы қаһарына ұшыраудан қорқу. Ал, тахрид жоғары бір сыйақыға жетуге деген ынтызарлық. Құдай атынан берілетін сыйақыны алуға деген құштарлық айтылады. Құштарлығы оянған сенуші өзі қалаған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін салатыны анық. Тақуалық жайлы қасиетті Құранда 258 рет, ал, тахрид тек бір рет қана кездеседі. Сондықтан ислам сенімінде тақуалықтың орны зор. Ал, тағы бір фактордың бірі – тәуба ұғымы кез келген жаман әрекетті тастап шын жүректен жақсылыққа қарай бет бұруды білдіреді. Міне, осы тұста тәуба факторы адамды өз бағытынан бірнеше градусқа өзгеруге күш-қуаты жетеді. Тәуба концепциясында адамның тәубеге келу арқылы қандай да бір дұрыс емес қылық жасағаннан кейін өзін қайта түзете алатындығына сендіру жатыр (Khair, Ahmad, 2016: 10). Ол жасаған қателігінің орнын толтыру үшін өзін күн сайын жақсы әрекеттерге бағыттауға тырысады. Мотивацияның тақуа моделі 1-кестедеде берілген.

Кесте 1 – Тақуа моделі

 

Сыртқы немесе ішкі ынталандыру  

 

à

Алладан қорқу және тыйым салынған нәрселерден аулақ болу  

 

à

Алдыңғы жаман әдетті жоятын мінез-құлық  

 

à

Қорқыныш күйінің азаюы, жағымды сезімге бөлену

 

Жалпы, бұл теория иман, тақуа, тахрид және тәуба категорияларының сыртқы және ішкі тұрғыдан сенушіге әсер ету деңгейін қарастырады. Мұсылманның қызығушылығы мен қорқынышын ояту арқылы оның іс-әректіне өзгеріс енгізе алуын бағамдайды.

Ислам дініндегі тағы бір тұжырымдама «әл-хауф уа-р-ража» қазақ тіліндегі қауіптену және үміттену деген мағынаға саяды. Термин танымал ислам ғұламасы имам әл-Ғазалидің Ихия У`луми-д-дин еңбегінде келтіріледі. Мұндағы «хауф» мұсылманның құдай қаһары мен тозағына түсіп қалу ықтимал екендігін сезіну, одан қорқу. Ал, «ража» қауіппен қатар Алланың мейіріміне бөлену мен жаннатқа кіруге үміттенуді білдіреді. «Хауф» сөзі Құранда бірнеше жерде кезігеді. Әл-Ғазалиге сәйкес «әл-хауф уа-р-ража» дұрыс жолды таңдау бағытында жақсылықты үміт ету және сонымен бірге қорқу. Өз кезегінде бұл қорқу мен үміт Аллаға жақын болуды, Аллаға сүйікті құл ретінде танылуға бағытталуы керек. Бұл түсінік көптеген мұсылман ғалымдарының зерттеулерінде мотивацияны түсіндіру барысында қолданылады. Аталмыш мотивация теориясында Құдайдан сыйлық берілу, сауап берілу немесе жазалану түсініктері бірге қолданылады. Олар «әл-хауф уа-р-ража» ұғымының бір көрінісі ретінде қарастырылады. Қауіптенген адам жазаланудан қорқады, ал, үміттенген адам сыйақы мен жақсылықты күтеді. Дегенмен, осы екі ұғым мен «сыйақы», «жаза» ұғымдары арасында бір шама айырмашылық бар. «Әл-хауф уа-р-ража» теориясында адам қорқынышты да, сыйақыны да Алла тарпынан күтеді. Яғни, бұл жерде жаратушы Құдай деген түсінік басты орында тұр. Сондықтан мұндағы қорқыныш тікелей діндар адамға қатысты. Ал, «сыйақы» және «жаза» Алладан қорқу мен үміт етуден өзге де сәттерде қолданылуы мүмкін. Дінге сенбейтін де, сенетін де адам жазаланады немесе сыйақы алады.

Жоғардағы тұжырымдарды қорытындылау барысында ислам және батыстық мотивациялық теорияларында біршама ұқсастықтар айқын көрінді. «Expectancy Theory» тұжырымы ұсынған «мақсат пен оған жеткендегі сыйақысы неғұрлым көп болса, мотивация соғұрлым күшті бола бермек» ұстанымы ислам дініндегі Алла уәде еткен мол сыйлық пен жұмақ концепциясының өндірістік баламасы. Х және У теориясындағы жұмысшы тарапынан міндетті орындап, өзінің еңбекақысын көбейтуге деген құлшыныс – діндегі діни рәсімдер мен, жәннәтқа жетуге деген құштарлықтың мазмұнымен сәйкес. У санатындағы өзін-өзі құштарландыра алатын жұмысшы жетістікке тез жететіні секілді Құран аятында да мұсылманға уәделі істерді орындаған жағдайда сыйақы алатындығы белгіленген. Өз кезегінде бұл сенушіні ешқандай қатаң бақылаусыз-ақ сол міндеттерді орындауға құлшындырады. Өздігінен шешім қабылдау теориясындағы сыртқы мотивация исламдағы мунафиқтар сипаттамасына біршама ұқсас және ішкі мотивация тақуа санатына келеді. Әділдік теориясындағы адамдарға әділ қатынастың өз міндетін орындауға деген жоғары мотивация туындатуы, діндар адамның да жаратушының әділдік сипатын тану арқылы діни міндеттерді орындауға деген құлшынысының артуын анықтауға мүмкіндік береді. Исламдық «тақуа» теориясы иман, тақуа, тахрид және тәуба категорияларының сыртқы және ішкі тұрғыдан сенушіге әсер ету деңгейін қарастырады. Мұсылманның қызығушылығы мен қорқынышын ояту арқылы оның іс-әрекетіне өзгеріс енгізе алуын бағамдайды. Тағы бір исламдық теория «әл-хауф уа-р-ража» дұрыс жолды таңдау бағытында жақсылықты үміт ету және сонымен бірге қорқу. Өз кезегінде бұл қорқу мен үміт Аллаға жақын болуды, Аллаға сүйікті құл ретінде танылуға бағытталуын белгілейді. Жалпы, діни және діни емес тараптардың мотивациялық ұстанымдарына адамды құштарландыру, мақсатын айқындау, сол арқылы іс-әрекетті бағыттау тән. Адамды қандай да бір жетістікке жетелеу тәсілдерін қамтиды. Діни емес теориялардың басым бөлігі әртүрлі мекемелердегі жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталғандықтан басымдылық материалдық игіліктерге құлшындыруға бағытталған. Алайда, батыстық теориялардағы адамды құлшындыру тәсілдері мен Құран концепциясында сәйкестіктер көрінді. Әрине, бұл тұста Құрандағы негізгі құндылық материалдық игіліктерді негізгі мақсат ретінде қоймауымен ерекшелене түседі. Батыстық діни мотивациялық теориялардың діни емес теорияларға қарағанда ұқсастықтары ислам ұстанымдарымен біршама жақын. Бірақ, батыстық діни мотивациялық теорияларға қарағанда исламдық теорияларда діни мәтіндер мен сенімнің орны ауқымдырақ қарастырылады. Сонымен қатар діни мақсатқа жетуге деген құлшыныс өте ықпалды. Бүгінде танымал мотивация теорияларының көбісі ислам мотивациясынан мына мәселелер бойынша ерекшеленеді: Алланы құлшыныс нүктесі ретінде қарастыру; жақсы іске ниеттену; сауапты амал; иман; жоғарғы күштің жазасы мен сыйақысы; жәннәт пен тозақ.

Жалпы, жоғарыда қарастырылған батыстық және исламдық теориялардың бүгінгі қазақстандық діндарлар арасындағы практикалық мәнін талдау тақырыптың одан ары терең зерттелуіне жол ашады. Сондықтан тақырып аясында далалық зерттеулер нәтижесіне жүгіну қажеттілігі туындауда. Осы орайда дінтану ғылымының зерттеу тәсілдерін қолдана отырып, исламның құлшындыру күші мен оның келесідей бағыттарын талдау өзектілігі ұсынылады: білім беру; еңбек өнімділігі; діни рәсімдер; психологиялық тұрақтылық; туризм; отбасы; мәдениет; спорт салаларында.

 

Әдебиеттер

 

Демеуова А.А. Ислам в современном казахстанском обществе // Вестник КазНУ. Серия философия. Серия культурология. Серия политология. 3 (44). 2013. 64-68 C.

Зарубина Е.В., Петрова Л.Н. Основные теории мотивации // Аграрное образование и наука. 2016. № 4. – С. 41-47.

Ясин М.  Психологические исследования религиозной мотивации // Государство, религия, церковь в России и за рубежом. 2016. №4 (34). – С. 51-67.

Құран. Қазақ тіліндегі аудармасы. Ауд: Халифа Алтай // kuran.kz

Moona H.M. The Relationship between McGregor’s X-Y Theory Management Style and Fulfillment of Psychological Contract: A Literature Review. // International Journal of Academic Research in Business and Social Sciences. 2013, Vol. 3, No. 5. P. 715-720.

Wan F.Y., Shen K.T. Herzberg’s two factors theory on work motivation: Does its work for todays environment? // Global Journal of Commerce & Management Perspective. 2013. Vol. 2(5). pp. 18-22

Neyrinck B., Vansteenkiste M., Updating Allport’s and Batson’s Framework of Religious Orientations: A Reevaluation from the Perspective of Self Determination Theory and Wulff’s Social Cognitive Model. Journal for the Scientific Study of Religion (2010) 49(3). pp. 425–438.

Койчуев А.А. О концепции справедливости в исламе // Власть. 2011. №3. . Р. 111-114.

Amin M. R., Golam M. Motivating people in organizations: The Islamic way //Proceeding of the International Conference on Management from Islamic Perspectives (ICMIP), May. – 2007. – С. 15-16.

Khair, Z., Ahmad, N., and others., Motivation in Islamic Perspective: A Review // Proceeding of 1st International Research Conference on Economics Business and Social Sciences, Penang. 12-13 April 2016. Р. 3-12.

 

Рашимбетов Р.Т.

Дінтанушы

 

“МОТВАЦИЯЛЫҚ ТЕОРИЯЛАРҒА ИСЛАМДЫҚ КӨЗҚАРАС” бір пікір

  1. Zhibek Zinelova Avatar
    Zhibek Zinelova

    МОТвациялық деп қате кетіп қалыпты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Comment moderation is enabled. Your comment may take some time to appear.

Author Profile

John Doe

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit, sed do eiusmod tempor incididunt ut labore et dolore magna aliqua. Ut enim ad minim veniam.

Search
Tags

"Діни білім беру" ұғымын зерттеудің ерекшеліктері (1) igz (7) igz kz (7) Дана Талғатқызы (3) Жадыра Жанарбек (2) Жаннұр Таласбаева (3) Жаруллуах (1) Жаруллуаһ (1) Жәдидшілдік (1) Ислам (6) Ислам және мәдениет (1) Классикалық Ислам құқықы (1) Лизингтік қаржыландыру мен ислам құқығындағы жалдау арасындағы мәселелер (2) Муса Бигиев (1) Муса джаруллах (1) Мұса Бигиев (1) Мұса Жаруллаһ (1) Нұрбол Сейілбекұлы (1) Ораз Елмұрат (9) Раян Болатқызы (3) Сакралды құндылықтарды талдаудың дінтанулық қырлары (1) Самет Оқан (1) Самет Оқанұлы (6) Сәдібеков Медет (2) Темур Аманқұл (2) Хұсам ад-дин Ас-Сығнақидың "Иләһият" танымындағы әлемнің жаратылуындағы метафизикалық құбылыстарды дәлелдеу тәсілдері (1) абай (1) бала тәрбиесі (3) дәстүр (1) игз кз (2) ислам және дәстүр (3) ислам мәдениеті (1) ислам туралы (5) ислам әдептері (1) куран казакша (1) куран туралы (1) материалдық (1) рухани (1) сәмет оқан (1) сәмет оқанұлы (1) Құран қандай кітап (1) құран туралы (1) құран қазақша (1) ұлттық (1) әлеуметтік құндылық (1)