Адам баласының жаратылысынан бастап күнімізге жеткен әр түрлі тарихи және археологиялық деректерге көз салатын болсақ әр қоғамда діни таным мен діни түсінік болғанын байқаймыз. Тылсым мен құпияға толы бұл сала адам мен оның жаратушысы арасында ерекше байланысты көрсетеді. Әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдардың дамуының нәтижесінде адам баласының құпияға толы әлемі аз-аздан болса да айқындалып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, психология ғылымның бір бөлімің құрайтын дін психологиясы, әлеуметтік психология, когнитивтік ғылымдардың дамуы себепті діндерді зерттеуде жаңа бағыттар мен әдістерді ұсынып отыр.
Бұл мақалада Құран және хадистегі адам типологиясына сай діннің қабылдануы ерекшеліктеріне талдауға басымдылық берілген. Адам тоипологиясының мәдени және менталдық кеңістігінде түрлене қабылдануы ислам тарихындағы көрінісі арқылы айшықталды. Өз кезегінде бұл оқырмандарға ислам дінінің әр мәдениетте қалай қабылданғанын және салдары неге әкеліп соқтырғанын түсінуге жол ашады.
Адам баласының зихниеті (менталитеті, түсінігі) өмірге көзқарасы, мінез-құлқы, сезімдері, қимыл-әрекеттері өсіп жетілген әлеуметтік ортаға байланысты түрленеді. Ал материалды әлемде адамның санасында қалыптасқан таным жүйесі түрлі мәдени өнім ретінде көрініс тауып отырады. Яғни адамның мінез-құлқы (ділі, санасы) белгілі бір оқиғаны немесе жағдайды қабылдауда, бағалауда, салыстыруда негізгі рөлді атқарады [1, б. 20-22]. Кез-келген діннің субъектісі адам. Сол себепті дінді түсінетін де, ұстанатын да адам. Діндер тарихын зерделеп қарағанда, әрбір үлкен діннің орныққан кеңістігінде уақыт өте келе кіші діни топтар пайда болағанын байқауға болады. Бұл адамның менталитетіне, түсінігіне немесе адам типіне байланысты түрленіп отырды. Ислам мәзһабтарының қалыптасуы мен түрленуі де осы процесстен өткен [2, б. 55]. Яғни, адамдар арасында әр алуан түсінік пен көзқарастың болуы табиғи жағдай.
Адамның типологиясы бойынша батыс ғалымдары көптеген зерттеулер жүргізді. Бұл бағыттағы негізгі зерттеушілер ретінде У. Джеймс, М. Вебер, Э. Дюркгейм секілді ғалымдарды айтуға болады. Алайда бұл ғалымдардың зерттеу объектілері христиан діні болғаны үшін ислам дініне жасалған еңбектері қанағаттандырарлық жағдайда емес. Мысалы Түрік ғалымы Сабри Үлгенер «Zihniyet ve Din» атты еңбегінде М. Вебердін ислам діні және ислам экономикасы қатысты зерттеулеріне жауап ретінде жазып, сын айтады. М. Вебер Ислам экономикасының дамымау себебін Ислам әлемінің артта қалуы ретінде негізгі екі себепті келтіреді. «Біріншісі, Ислам діні феодалды дін, яғни, Ислам өз алдына бір өнім ұсына алмай, тек шапқыншылық пен соғыс арқылы мәдениетін құрған деп бағалайды. Екіншісі, Ислам дініндегі тассауф және сопылық ілімдер мұсылмандарың санасында фаталисттік менталитетті қалыптастырып Ислам мәдениетін экономикалық тұрғыдан ынталандырмады деген тұжырымын келтіреді» [3, б. 62-65].
Ислам дінін түсінуде қалыптасқан адам типологиясына келер болсақ, діни еңбектерде классикалық типологияларды қолданған. Олар: мүмин, мүшрік, мұнафық, кәпір деген топтағы адамдар табиғатына, мінез-құлқына анализ жасалған [4]. Ал қазіргі кездегі дін ғылымдарын зерттейтін еңбектеріне келер болсақ, Құран мен хадистен негізгі төрт түрлі топты қарастырады. Мысалы, түрік зерттеушісі С. Кутлуның «Tarihsel Din Söylemleri Üzerine Zihniyet Çözümlemeleri» (Тарихи дін дискурстарына менталды талдау) атты еңбегінде былайша атап көрсетеді:
- Tepkisel-Kabilevi (реакцияшыл-рулық),
- Akılcı-Hadari (рационалды-мәдени),
- Gelenekçi-Muhafazakar (дәстүршіл-консервативті),
- Politik-Karizmatik(саяси-харизматтық) [5, б. 21].
Реакцияшыл-рушылдық
Бұл типтегі адамдар Құран мен хадис мәтіндерінен кездеседі. Мысалы, “اَعْرَابِ” сөзі өте маңызды орыны бар. Ағраб сөзі – ислам жаңа таралып келе жатқан кезде араб түбегіндегі көшпелі өмір салтын ұстанатындар үшін қолданылған. Олардың шөл мен сахарадағы қатал ауа-райы мен тіршілікте қалыптасқан мінез-құлқы қалалық мәдени құндылықтардан бірқатар айырмашылығы болған. Бәдәуилер осы ортаның шарттары әсерінен қалыптасқан түсінік немесе призма арқылы дінді қабылдады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) елшілік қызметі кезінде менталды тұрғыдан осы тайпалармен келіспеушіліктердің орын алғанын баяндайтын аят хадистер бар. Мұның себебі ретінде ислам діні қалада орнығып, кейін Мекке мен Мәдине төңірегіндегі көшпелілер арасында таралғанынан іздеуге болады. Яғни, екі менталитеттің бір-біріне бейімделу үрдісінде орын алған сәйкессіздіктер ретінде қарастыруға болады. Құран аяттарында бұған қатысты былайша баяндайды:
«Тәубе» сүресінің-90 аятында «Бәдәуилерден… өздеріне рұқсат берілсін деп келді. Сондай-ақ Аллаға, Пайғамбарға өтірік айтқандар да отырып қала берді. Олардан кәпір болғандарына күйзелтуші азапқа ұшырайды» («Тәубә сүресі» 90-аят).
«Бәдәуилер, қарсылық… тұрғысынан қаттырақ. Сондай-ақ олар Алланың Елшісіне түсіргендерінің шегін білмеулеріне аса бейім. Алла толық білуші, аса дана» («Тәубә сүресі» 97-аят).
Бұл аяттардан пайғамбарға тікелей қарсылық көрсетілгені байқалады. Ұзақ жылдар бойы көшпелі өмір салтының нәтижесінде қалыптасқан мінез-құлықтары мен әлеуметтік құрылымы пайғамбардың әкелген дініне және ол діннің әлеуметтік-саяси жүйесіне сәйкес келмеді. Шығыстанушы әрі ислам тарихын зерттеген Велхаузеннің тұжырымдауы бойынша жаңа діннің келуі сол кездегі көшпелі өмір салтынан отырықшы өмір салтына ауысуды талап етті [6, б.10]. Сонымен қатар бәдәуилер шөлдің қатал шарттарында көшіп-қонып, қалалық мәдениеттен алыс болғаны және сол шарттар негізінде қалыптасқан менталитеті негізінде жабық қоғамды қалыптастырды. [7, б.160]
«Бәдәуилер: “Иман келтірдік” деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді” де. («Хужурат сүресі» 14-аят)
Бұхари хадис жинағында келген мына хадис бәдәуилердің ислам дінің қабылдаудағы түсінігі жайынды маңызды мәліметті ұсынады:
«Бір бәдәуи Алла елшісіне келіп, мұсылман болуы үшін куәлік етеді. Біраз уақыттан кейін ол ауырып, Ол Пайғамбардан оның куәгін жоюды сұрады. Алла елшісі мұны қабылдамады. Бәдәуи екінші өтінішіне теріс жауап алғанда, Мәдинадан шығып кетті. Пайғамбарымыз осы кезде: «Мәдина (қала) жаманды кетіретін, жақсыны қалдыратын темір ұстасы секілді дейді» [8, б. 16].
Бұл аят және хадистен көретініміз бәдәуи түсінігінде ислам діні бір тайпаның діні болып қабылданды. Себебі бәдәуилердің басқару жүйесі рулық-тайпалық жүйе арқылы құрылған және әр тайпа өз басшысын сайлап, өзге тайпалардан әрқашан қорғанатын болған. Сондықтан, Пайғамбар (с.ғ.с.) алып келген жаңа бір орталыққа бағынған, заңдық шариғи жүйеге бәдәуилердің бейімделуі оңай болмады. Рулық-тайпалық бәдәуи қоғамында ең маңызды әрі негізгі құндылықтардың бірі ру-тайпа даңқы мен абыройы еді. Климаттық шарттарға байланысты өмір сүруді жалғастырудың тиімді жолы ру-тайпалық одақ болған. Сол үшін ру-тайпа мәселесі бірінші орында тұратын. Бір рудан бір адамға кінә тағылған болса жеке адам емес, толық ру жауапты болатын [9, б.170]. Жоғарыда келгендей Пайғамбарға мойынсыну, яғни дінді мойындау бір рудың астына кіру деп қабылданғаны байқалады. Хадистерде орын алған келесі мысалдан осы қарсылықтарды көре аламыз. «Бір күні пайғамбар ғазауаттан түскен олжаны бөлісіп жатқанда бір бәдәуи келіп «Әділ бол, ей Мұхаммед! Әділдік жасап жатқан жоқсын» деп қарсы шығады» [10, б. 2223].
Дәстүршіл-консервативті
Ислам дінінің алғашқы таралу кезеңінде дәстүршіл-консервативті топтағы адамдар дінді жаңашылдық ретінде қабылдап, дәстүр мен ата-баба сенімімен үйлеспейді деп бағалаған. Құран аяттарында бұл көзқарастағы адамдаға қатысты мынадай мәліметтер беріледі:
«Қашан оларға: “Алла түсірген Құранға және Пайғамбарға келіңдер” делінсе, олар: “Аталарымызды тапқан жол өзімізге жетеді” дейді. Ата-бабалары еш нәрсе білмеген және тура жолда болмаған болса да ма? («Мәида сүресі»104-аят)
Бұл аяттан дәстүршіл-консервативті түсінікті көре аламыз. Адам баласы үздіксіз жалғасатын әдеттері үзілмеуін қалайды. Сол себепті адам табиғаты өмір салтында бір жүйеге тұрақтылыққа бейім келіп, жаңашылдыққа қарсылық танытады. Бұл себептер адамда дәстүршіл-консервативті ұстанымдарды қалыптастырады. Психологиялық зерттеулер бұл жағдайды былай ашықтайды: «Адам болмысының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – ертеде өмір сүрген «алтын ғасырға» қайта оралуға немесе қайта өмір сүруге ұмтылуы. Бұл жеке адам санасының қасиеті, өмірінің алғашқы жылдарын өмірінің ең жақсы жылдары ретінде есте сақтайды. Бұл адамдағы қасиет тарихтағы жетістіктерін қайталауға ұмтылады» [11, б. 71]. Осы секілді Құран аяттарында, хадистерде, сияр кітаптарында кейбір адамдардың ислам дінің қабылдамау себебі – өз дәстүрлерінен бас тартпай, бұрыннан жалғасын тауып келген өмір салтын бұзғысы келмеуі жиі баяндалады.
Рационалды-мәдени
Адам баласының басқа жаратылыстардан ең негізгі ерекшелігі ойлау жүйесі мен саналы ақылы екені мәлім. Адам кез келген заттың мәніне үңіліп, одан мағына іздейді. Сол бағытта өзіне сұрақ қоя біледі және өзі қызыққан нәрселерді, салыстыра алатын тіршілік иесі. Адам баласы дүниеге келгеннен бастап, дүниеден озғанға дейін білім алу мен үйренуіді тоқтатпайды. Алайда, білім мен мәдениет халықтардың тұрған ортасы мен кеңістігіне қарай әртүрлі қабылданады. Ортағасырлық кезеңде білім орталықтары қалалық жерлерде шоғырланды. Тіпті діни білімнің негізгі қайнарлары қала мәдениетімен тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгі «рационалды-мәдени» типологиясына қала мәдениеті дамыған жерлерде және қалалық қауымға өкілдерінің үлесі көп. Қаланың әлеуметтік құрылымы әртүрлі ұлт және дін өкілдерінен құралғаны үшін бұл түрде жеке ру-тайпаның емес бүтін халықтың пайдасы негізге алына отыра қалыптасқан. Жауапкершілік, қылмыс және жазалар жеке индивидке тиесілі. Сондай-ақ, тайпалық құрылымға қарағанда қалалық жерде адамдар жеке сенім мен ойларын басқаларға күштеп қабылдату ықтималдығы аз. Бұл мәселенің қызық тұсы – қасиетті Құранда есімі айтылған пайғамбарлардың барлығы қалалық қоғамнан шыққаны. Имам Матрудидің көзқарасы бойынша пайғамбар мәдени қоғам арасынан тағайындалады [12, б. 379]. Ал пайғамбарлар білімді және өте мәдениетті жандар болған. Құран аяттары мен хадистерде кеңінен қолданылған «білу», «үйрену», «ақыл жүгірту», «хикмет іздеу», «ғибрат алу» секілді түсініктер бар. Бұл жайында төмендегі Құран аяттарына көңіл аударсақ:
«Сонда Ибраһим: «Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсет», – деп (өтінді). Аллаһ тағала: «Сен сенбеймісің?» – деді. Ол: «Әрине, (сенемін). Бірақ жүрегім орнығу үшін», – деді» ( «Бақара» сүресі, 260-аят)
Сонда екеуі; өз тарапымыздан игілік беріп, өз қасымыздан ғылым үйреткен құлдарымыздан бірін тапты. («Кәһф сүресі» 65-аят).
Мұса (Ғ.С.) ол кісіге: “Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?”,-деді. («Кәһф сүресі» 66-аят).
«Алла; күндізбен, түнді ауыстырады. Рас бұнда, қырағылар үшін әрине ғибрат бар», – делінген. («Нұр» сүресі, 44-аят).
Осы секілді аят жолдарында адам баласының бойында білімге құмарлықты көре аламыз. Сонымен қатар бұл жерде Ибраһим мен Намруд патшанын Құранда баяндалған қиссасында да ақыл мен ой жүгіртудің орнын айқындап көрсеткен.
Сонымен қатар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) білім турасында мәшһүр хадисінде былай айтқан:
«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»
Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында хадисте: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді.
Осы секілді Құран аяттары мен хадистер рационалды-мәдени типологияны қамтығанын көреміз.
Саяси-харизматтық
Адам табиғатында билікке ұмтылу, басқару, топтасу секілді түсініктермен қатар, тәуелсіз болу, еркін, егемен болу секілді түсініктер мен мотивтер қамтылады. Адамның бұл типологиясын саяси-харизматты деп атай аламыз. [13, б. 21] Қасиетті Құран және хадистерде осы мағынаны қамтитын немесе осы түсініктің пайда болуына итермелейтін мәтіндер бар. ХIV ғасырлық Ислам тарихында көптеген билеушілер мен ағымдар бұл мәтіндерді өз биліктерін заңдастыру үшін бұрмалап қолданғысы келген.
«(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын!»,- деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктаудамыз» деді. Алла: «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!»,- деді. (Алла, Адамды топырақтан жаратып оған жан салды» («Бақара» сүресі. 30).
Мұхаммед пайғамбар: «Мен сендерді Мәһди туралы хабармен қуандырамын, ол адамдар арасында бүлік пен алауыздық көп орын алған кезде жіберіледі және ол оғынға дейін зұлымдық пен езушілікке батқан әлемді әділдік пен игілікке толтырады. Жер мен көкті мекендеушілер оған разы болады» [14, б. 36].
Тирмизи және Мүслим хадис жинағында келген: «Сендерге екі аманат қалдырдым: Алланың кітабы және әһли бейтім (әулетім)». [15, б. 169] және Бұхари хадис жинағында келген: «Маған қағаз бен қалам әкеліндер, сендерге жазу жазып қалдырайын, менен кейін адасуға ұшырамайсыңдар» – деген хадис уақыт өте келе «қалам мен қағаз» оқиғасы деп аталып, әр түрлі топтарда саяси-харизматты лидерге мұқтаждық тудыруға себеп болды. [16, б. 169] Осылайша ислам әлемінде «мәһди» түсінігі кеңінен тарала бастады. Қоғамдағы қандай да бір проблема ортаға шықса, бұл проблемалардың шешілуін сыртқы күшпен байланыстырып, құтқарушы бір тұлғаға жауапкершілікті арту, құтқарушы тұлғаны күту қоғамның дамуына емес, қайта кері кетуіне әсер ететінің ғалымдар алға тартады. [17, б. 637-650] Осы секілді діни мәтіндерді әрбір топ өз мүдделеріне қолданып, үмметтің сенім жүйесін саясаттың ығына жығуға тырысқан.
Тақырыбымызды қорытындылай келе, Құран мен хадистегі адам типологиясының төрт түрі көрсетілді.
– реакцияшыл-рулық сана – қарсы шығуы, келіспеу, туысқандық, рушылдық және тайпалық секілді түсініктерді қамтиды. Бұл жабық қоғам үлгісіндегі көзқарас діни санаға боялып ислам тарихындағы хауариж секілді діни түсінікті қалыптастырды.
– рационалды-мәдени сана – ақыл иесі болған адам бойында ойлану, салыстыру, қызығу, себеп салдарын іздеу секілді түсініктерден қамтылған. Бұл топтың өкілдері ретінде: Рай мектебі (ханафилер), мұғтазила, мүржия, ашарилік мектепті қалыптастырған топтарды айтуға болады.
– дәстүршіл-консервативті сана – адамның өзінің жас кезіндегі немесе өткен шақтағы кезеңдерін аңсау және қайта сол уақытқа қайтуға ұмтылу, сонымен қатар өзгерістерге дискомфорт сезіну табиғаты бар. Бұл типологияның діни өкілдері ретінде: захирилік, сәләфилік және қазіргі фундаменталистік діни танымдарды айта аламыз.
– саяси-харизматтық сана – адам баласының табиғатында топтасу, басшы шешу, бағыну, тәуелсіз болу секілді табиғатын айтқан болатынбыз. Бұл типологиялың діни өкілдері ретінде: шиа топтары, исмайлілік, батыни, зейдилік, ахмедия, бахайлік, алевилік секілді топтарды жатқыза аламыз [18, б. 21].
Әдебиеттер
- Gaston Bouthoul. Zihniyetler. Edebiyat Fakultesi Basımevi. Istanbul, 1975.
- Kutlu Sonmez. Mezhepler Tarihine Giriş. DEM yayınları. Istanbul, 2019
- Sabri F. Ülgener, Zihniyet ve Din. İslam, Tasavvuf ve Çözülme Devri İktisat Ahlaki. Derin Yayınları, İstanbul 1981.
- Толық мәлімет үшін Rıfat Oral, Kuran’da İnsan Tipleri, Diyanet İşler Başkanlığı Yayınları, 2021. Ankara; Sabiha Ateş Alpat, Kuran’da İnsan Tipleri, Beka Yayınları, 2019.
- Kutlu Sonmez, Tarihsel Din Söylemleri Üzerine Zihniyet Çözümlemeleri. Otto yayınları. Ankara 2020. 3-ші басылым.
- Julius Wellhausen, İslamiyetin İlk Devrinde Dini-Siyasi Muhalefet Partileri, Türk Tarih Kurumu Basımevi, Ankara. 1989.
- İbn Haldun, Mukaddime, Yeni Şafak Yayınları. İstanbul, 2004. 1 том.
- Hakki Ünal, 40 Hadis yorum, Diyanet İşleri Başkalığı Tatınları, Ankara. 2019; Buhari, Akham, 45.
- İbn Haldun, Mukaddime, Yeni Şafak Yayınları. İstanbul, 2004. 1 том, б. 170; Akyol Taha, Haricilik ve Şia, Kubbealtı Neşriyatı Yayınları. İstanbul, 1988.
- (2009). Sahih Buhari. (Çev: Mehmet Sofuoğlu). İstanbul: Ötüken Yay., б. 2223.
- D. Henry C. McComas, The Psychology of Religious Sects, Fleming H. Revell Company. New York, 1912.
- Hasan Onat, Sönmez Kutlu. İslam Mezhepleri Tarihi. Grafikler Yayınları. Ankara. 202
- Kutlu Sonmez, Tarihsel Din Söylemleri Üzerine Zihniyet Çözümlemeleri. Otto yayınları. Ankara 2020. 3-ші басылым.
- Müsned-i Ahmed, c.3, s.36, hadis: 10887; http://www.islamkutuphanesi.com/turkcekitap/online/imammehdi_ansiklopedisi/onikiimam_kimdir_short/onikiimam/mehdi/ehlisunnet.htm#_edn3
- Hasan Onat, Sönmez Kutlu. İslam Mezhepleri Tarihi. Grafikler Yayınları, Ankara. 2021. 10-шы басылым.
- Hasan Onat, Sönmez Kutlu. İslam Mezhepleri Tarihi. Grafikler Yayınları, Ankara. 2021. 10-шы басылым.
- Hasan Onat. “Mehdilik Meselesini Nasıl Anlayalım”, Uluslararası Mehdilik Sempozyumu 2018
- Kutlu Sonmez, Tarihsel Din Söylemleri Üzerine Zihniyet Çözümlemeleri. Otto yayınları. Ankara 2020. 3-ші басылым.
Сәдібеков Медет
Рашимбетов Рахымжан