Қазіргі кезде ислам – қанатын кеңге жайған әлемдік дін. Мұсылмандардың саны дүние жүзі халқының төрттен бірін құрайды. Алайда, мұндай көлемге ислам діні шамамен мың төрт жүз жылдан аса уақыттың ішінде қол жеткізді. Таралу кеңістігі мен қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктеріне сай әр түрлі діни ағымдар пайда болып олардың арасында пікір қайшылықтары орын алып отырды. Сондай ағымның бірі муғтазила – бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған діни-философиялық мектеп. Муғтазила ағымының қалыптасуы мен қызметіне қатысты бұл жазба оқырмандарға ислам тарихын тереңірек түсінуге және тарихи оқиғаларға сыни көзқараспен қарауға өз үлесін қоса алады.
Муғтазила – исламның тарихында алғаш рет ақыл мен қисынды ойлауды жүйелеп және осы бағытта өздерін арнайы топ ретінде танытқан кәләм мектебі. Бұл мектеп өкілдері мұсылмандар арасындағы орын алған келеңсіз тарихи оқиғаларға діни баға беруден бас тартып, тарапсыздық ұстанымымен және Құран мен хадистен гөрі ақыл мен логикаға көп орын беруімен ерекшеленеді.
Топтың қалыптасуының тарихы алғышарттары:
Муғтазила тарихи сахнаға келмей тұрып-ақ мұсылмандар арасында тарапсыздық ұстанымымен танылған адамдар болған. Бірақ өздерін арнайы топ ретінде танытуға немесе ақылды нақлдан жоғары қоюға ұмтылмаған. Сондықтан бұл сипаттағы мұсылмандардың кәләмші муғтазилалармен байланысы жоқ.
Деректерге көз жүгіртсек тарих беттерінде әділетті төрт халифтің үшіншісі Осман ибн Аффан (р.а.) мен төртінші халиф Әли ибн Абу Талиб (р.а.) тұсында саяси және діни қақтығыстар мен мұсылмандардың өзара жікшілдікке салыну оқиғаларының орын алғанын көреміз. Ал, мұндай қақтығыстар мұсылмандарға «екі тараптың бірін таңда!» деген шартты бөліністі алып келді. Дегенмен, күрделі жағдайлар сахабалардың арасында тарапсыз көзқарастағы мұсылмандардың да қалыптасуына әсер етті. Яғни, өзара бөлінуден немесе екі тараптың біріне шығып өзгесін айыптаудан бас тартуды қолдайтын сахабаларды айқындады. Нақтырақ көрсету үшін аталмыш екі халифтың тұсындағы кейбір оқиғаларға тоқтала кетсек.
Осман ибн Аффан (р.а.) халифалығының алғашқы алты жылында әлеуметтік және діни ахуал тұрақты болғанымен, кейінгі алты жылы шиеленіс пен күрделі жағдаймен өтті. Шиеленістің арты 35\656 жылы орын алған Османның (р.а.) өлімімен одан әрі өрши түседі [1, б. 205]. Осман (р.а.) көтерілісшілердің қолынан қаза тапқаннан кейін Араб түбегінен Мауреннахрға дейін созылып жатқан Ислам халифаты басшысыз қалып, ішкі саяси шиеленіс шегіне жетеді. Осындай күрделі жағдайда халиф болып тағайындалған Әли (р.а.) саяси-діни тұрақтылықты қалыпқа келтіру барысында көптеген қиыншылықтарға кез болды. Ең бірінші мәселе жаңа халифтан Османның (р.а.) өліміне кінәлілерді табу және оларды жазалау талап етіледі. Алайда, билікке нық орнықпаған Әли (р.а.) үшін көтерілісшілерді басу немесе жазалау оңай емес еді. Сондай-ақ көтерілісшілердің саны да аз болмағаны деректерде келтіріледі. Мысалы, Куфа, Мысыр және Басра қалаларынан Мәдинаға келген көтерілісшілер мен жергілікті топтарды қосқанда жалпы 10 мыңға жуық адамды құраған [2, б. 40]. Дегенмен, Әлиден (р.а.) Османның (р.а.) кегін алуды және кінәлілерді жазаға тартуды талап етушілер күннен күнге көбейіп, жаңа Халифті айыптаушылардың қатары арта берді. 36\657 жылы орын алған Жәмәл соғысы да Османның (р.а.) өліміне жауапты адамдарды жазалауды талап етіп, Әлиді (р.а.) әрекетсіз отыр деп кінәлаудан шыққан қақтығыс еді. Артынан 37\658 жылы Османның (р.а.) туысы Шам билеушісі Мұғауия ибн Әбу Суфян тарапынан дайындалған топ пен Әли (р.а.) әскері Сыффин соғысын бастан кешірді. Бұл екі қақтығыстың себебі Османның (р.а.) өліміне кінәлі адамдардан кек алу еді. Сонымен қатар бұл қақтығысқа қатысты зерттеушілер исламға дейінгі кезеңде орын алған Умей әулеті мен Хашим әулеті арасындағы билікке таласушылықтың қайта жанданғанын келтіреді [1, б. 205, 239] және [3, б. 88]. Бүлікке толы осы кезеңде тарапсыз болуды дұрыс көрген сахабалар аталмыш оқиғалар орын алған тұстарда бой көрсеткен. Мысалы, Абдулла ибн Омар (р.а.) Әлиге (р.а.) жазған хатында ол бұл істерге араласпайтындығының (мұғтазила) және оның жанындағы бір топ адамдардың осы пікірді ұстанатыны жайында баяндаған [4, б. 15].
Ислам тарихындағы қаралы оқиғалардың тағы бірі Кербала оқиғасы. Кербалада да Хз. Хусейн және Мұғауия арасындағы қақтығысқа араласпауды дұрыс көрген бір топ сахабалар өздерін осылайша тарапсыз ұстанымдарын танытқан [5, б. 154]. Өйткені, бұл оқиғалардың орын алуы қоғамда иман-амал байланысы жайында көптеген сұрақтар туындата бастаған еді. Әсіресе, мұсылманның мұсылманға қару көтеруі мен дүрдараздықтардың нәтижесінде жасалған күнәләр көпшілікті толғандырмай қоймады. Олар «иман етудің өлшемі не?», «иман мен амалдың байланысы бар ма?», «үлкен күнә жасаған адамның дүниедегі және ақыреттегі жағдайы қалай болады?» – деген секілді сұрақтар еді. Бұл үлкен қақтығыстар халық санасына қайшылықты пікірлерді туындатуы мен бірге күрделі ақидалық, кәләмдік ұстанымдарды тудырды. Себебі халифа Османның (р.а.) өліміне себепкер болған адамдар өздерін мұсылман деп санайтын. Сонымен қатар Жәмәл (36/656), Сыффин (37/657) қақтығысында да екі жақ әскерлері мұсылмандардан жасақталған болатын. Осы оқиғаларға байланысты әр түрлі ұстанымдар пайда болып Харижи, Мүржия, Шиа, Мұғтазила секілді топтардың қалыптасуына алғышарттар дайындады [6, б. 123–146].
Топтың атауы шығуы мен ағымның қалыптасуы
Муғтазиланың атауына байланысты әртүрлі пікірлер бар. Солардың бірі тілдік мағынасы мен бастауына қатысты. Мұғтазила (المعتزلة) – тілдік мағынада «оңалашану, жекелену» мағынасында қолданылатын «а’зл» ( عزل) түбірінің сипатынан келеді [7, б. 484]. Ал муғтазила ағымын беделді жетекшісі Қады Абдулжаббар муғтзиланы жоғарыда айтқан саяси-діни қақтығыстарға қатысты бір жақты көзқарасты ұстанбайтын топ ретінде қарасытырады. Бұл пікірді қолдаушылар Құрандағы Кәһф сүресінің 16-шы аятында келген «Әйтеу елдеріңнен де олардың Алладан өзге табынғандарынан да айрылдыңдар; енді үңгірге бекініңдер» деген аятындағы «и’тизал» [1] (اعْتَزَلْ) сөзімен байланыстыра отыра, Мұғтазила атын Құраннан алғанын алға тартады [8].
Муғтазила ағымының қалыптасуына түрткі болған негізгі себептер
Діни себептері
Мұғтазила діни терминінің қалыптасуы жайында ғалымдар арасында пікір алуандығы болғанымен, көпшілігі бұл ағымның бастауы табиғин Хасан Басридың мәжілісінен бөлініп шыққан Уасыл бин Атамен байланыстырады. Бұл оқиғаны Шахристани «Миләл уә Нихәл»( الملل والنحل) еңбегінде былай сипайттайды: Хасан Басридың жанына келген бір кісі, «Ей ғалым, күнімізде үлкен күнә істеген адамдарды кәпір деген бір топ шықты. Олардың ұстанымы бойынша үлкен күнә істеген адам діннен шығады (харижилерді меңзеп тұр). Басқа бір топтың ұстанымы бойынша үлкен күнә істеген адамның жағдайын Аллаға тапсырып, иман еткен жағдайда ешқандай күнә имандарына зарар бермейтінің алға тартуда. Олар амал иманның бір бөлігі емес, күпірлікке жақсылық қалай әсер ете алмаса, иманға да күнә әсер етпейді дейді (мүржияны меңзеп тұр). Хасан Басри жауап беріп үлгерместен бұрын жанында тұрған шәкірті Уасл ибн Ата «Үлкен күнә істеген адам кәпір де емес мүмин де емес. Ол екі ортада, күпір мен иманның арасында» – дейді және (Уасл ибн Ата) ұстазының мәжілісінен бөлініп жеке ортасын қалыптастырады» [9, б. 62]. Қазіргі таңда мұғтазила тобының аталуы мен шығу тарихын көпшілік ғалымдар осы риуаятпен байланыстырады. Алайда бұл топ өздерің «әһлу-а’дл уа-л-таухид» яғни «Әділдік және таухид жамағаты» деп атаған. Бұлай аталудың негізінде топтың мүшелері өздерін Ислам дініндегі әділеттілік пен таухидты қорғаушылар ретінде танытуы жатыр [10, б. 125–126].
Саяси себептері
Мұғтазила тобының шығуына әсер еткен факторлардың бірін саяси оқиғалармен байланыстыруға болады. Ислам тарихында бірінші фитна деп аталатын «Жәмәл», «Сыффин» соғыстарының нәтижесінде қоғамда бір жақты жауап беруге мүмкін болмаған діни сұрақтар өзекті тақырыпқа айнала бастады. Бұл кезеңдегі негізгі проблема «үлкен күнә жасаған мұсылманның ақыры не?» мәселесінің аясында өрбіді. Саяси оқиғаның әсерінен психологиялық пікір қайшылығын басынан кешірген мұсылман қоғамы «әһлі суннадан» өзге қарама-қарсы үш ойдың негізінде топтасты:
– Харижилік топтың ұстанымы: «үлкен күнә істеген адамды кәпірге балап, діннен шығатынын айтатын;
– Мүржилік топтың ұстанымы, «үлкен күнә істеген мұсылман мүмин болып қала береді, маңыздысы үммет бірлігі» деп саяси бірлікті дін арқылы негіздейтіндер;
– Уасыл ибн Ата, Абдулла ибн Убәйд бастаған муғтазила тобы: үлкен күнә істеген адам не тозақтық, не жәннаттық емес. Олар осы екеуінің ортасында қалады, яғни «әл манзилатул фил манзиләтәйн» принципін қалыптастырады [4, б. 125–126]. Сонымен қатар діни авторитеттердің Құран және хадиске келген мәртебелері бола тұра өзара саяси тартысқа түсуі қарапайым мұсылмандар арасында түсініспеушіліктерді туғызды. Өз кезегінде бұл саяси оқиғалар дін ғұламаларының түсіндүрмесі мен пікірін талап етті. Жоғарда келтірілген риуаятта негізгі топтардың ойларын айтқан болатынбыз. Олар үлкен күнә жасаған адамның діни статусына байланысты болатын. Себебі, Орта ғасырда діни статус пен мемлекеттік азаматтық бір ұғымды білдірді. Сәйкесінше үлкен күнә жасаған бір мұсылманға кәпір статусын беру, ол адамның мұсылман мазарына жерленбеу, оған үйленуге рұқсат бермеу, мирас алуды тыйым салды. Осылайша бір адамның иманына күмән келтіру, мұсылман екенін мойындап бірақ үлкен күнә жасаған адамға кәпір статусына енгізу, бұл «Ислам мемлекеті»-нен қудалаумен тең болды [11, б. 619]. Бұл ойдың ұстанушыларына қарсы болған Мұғтазила ағымы бұл ұстанымның дұрыс емес екендігін алға тартты. Екінші Мүржилік топтын үлкен күнә істеген адамның статусы мүмин болып қалатын ойға да қосылмады. Бұл жағдайда күнәһар адам мен тақуа арасында еш айырмашылық қалмайтынын айтты. Осылайша екі жақтағы ұстанымға қарсы шығып үлкен күнә жасаған адамның пасық болғанын алға тарта отыра үшінші статусты енгізді [4, б. 228].
Жалпы бұл уақыттағы кез келген ислам ағымы нақыл шеңберінде діни доктринаны қорғау яғни апологетикалық ниетте қалыптасты десек қателеспейміз. Әр бір топ Ислам сеніміндегі қағидаларды жүйелеу барысында жаңа бір бағыт болып қалыптасты. Мұғтазила да солардың біреуі болып бұл ислам тарихындағы ең қарбаласқан діни-саяси оқиғаларды реттеуге тырысқан бір сенімдік модел ұсынды.
Ислам дінің басқа діндер мен мәдениеттерден қорғау психологиясы
Жаңа топтың қалыптасуына әсер еткен келесі фактор ислам дінің басқа діндер мен мәдениеттерден қорғау психологиясы. Хазреті Осман ибн Аффан тұсында халифаттың шекаралары Мысыр, Хорасан, Грузия, Арменя, Оңтүстік Африка, Иран, Албания т.б. дейін созылды. Бұнын астарында жаңа Ислам халифатының астына кірген түрлі-түрлі мәдениеттер мен ұлттарды жаңа дінге үйрету, бейімдеу керектігі мәлім еді. Дін феномені адамның барлық болмыс қабатына толықтай байланыс орната отыра, оның ойлауына, менталитетіне, мақсатына, мотивациясына, танымдық жүйесіне тікелей әсер ететін жүйе. Сондықтан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық-мәдени құндылықтарын, танымың бір сәтте өзгерте алмайды .[12, б. 20] Ислам халифатының шекарасында өмір сүруін жалғастырған басқа дін мен мәдениет өкілдері уақыт өте жаңа діни жүйелермен танысып, қоғамда діни тартыстар белең ала бастады. Осы тұста мұғтазила тобы Ислам дінің қорғау негізінде ақыл мен қисынды көп қолдануымен тарихта қалды. Мұғтазила ғалымдарының бірі Хузейл Аллаф пайғамбарлық тақырыбында ең алғаш яһуди ғалымдарымен тартысқаның баяндайды. Басраға келген Хузейл бір топ яһудилердің хз. Мұсаның пайғамбарлығы жайында мақтау сөздер айтып, діндерінің дұрыс екенің баршаға жариялап, хз. Мұхаммедті пайғамбар ретінде мойындамайтының білдіреді. Хуйзейл бұл екі тұлғаның пайғамбарлығын айырмай, бір құдайдан келгенің алға тарта отыра дін аралық тартысқа түсті. Яһудилер хз. Мұсаны пайғамбар екенің мойындайсын ба? – деген сұрағына былай жауап береді:
«Сұрап жатқанын Құрандағы Мұса және онын шариғаты болса, ол пайғамбар және оған жіберілген қасиетті кітап екеніне иман етеміз, одан басқа нәрсе болса қабыл етпейміз» дейді.
Содан соң Тәурат жайында сұрағанда:
«Тәурат бойынша екі түрлі көз-қарастамыз. Бірінші, хз Мұхаммедті пайғамбар екенін қабылдайтын, Мұсаға түскен кітап болса мен оны хақ екеніне сенемін. Екінші, сен айтып отырған қасиетті кітапты меңзесең оған сенбеймін» дейді [13, б. 270]. Басқа бір мәліметте Мұғтазила ғалымы Жәһмнің Алла жайында буддисттармен тартысуын айтуға болады [13, б. 326].
Аудару шаралары мен Пәлсапаның әсері
Умәйя халифатының соңғы және Аббасилардың бірінші жарты ғасырында діни түсініктер мен сенімдер жүйесі реттеле бастаған уақыт. Діни сенім нақли білім мен ақли білімдерге сүйене бастағанын осы тұста көре аламыз. Әмәуилер дәуірінде медициналық, астрономиялық және химияға байланысты кітаптардың аудармасы қолға алынған болатын. Бұл аударма шаралары Абу Жаппар Мансұр (158) тұсында парсы, латын, арамей тілдерінен аудармалар жасала бастаған. Харун Рашид (193), Мәмун (218/833) тұсында бұл аударма іс шаралары ең жоғарғы деңгейге жетті. ІХ ғасырдың басында грек тілінен философиялық кітаптар сонымен қатар басқа діндердің, үнді, иран, яһуди мәдениетінің кітаптарын араб тіліне аудару жаппай белең алды. Ислам дінінің сенімдік сұрақтары мен философиялық түсініктеріне күрделі мәселелерді алып келді. Грек ойшылдарының идеялары осы іс шара негізінде Ислам кеңістігінде кеңінен тарала түсті. Әсіресе, Мұғтазила ағымының соңғы буыны саналатын Наззам (212), Жахз (255), Хузайл (227) секілді тұлғалардың еңбектерінен осы пікірімізге жеткілікті дәйектерді көруге болады. Осы кезден бастап Мұғтазила ислам ғылымдарының біріне айналып, қазіргі таңға дейін жалғасын тауып келген «Кәләм» ілімінің негізің салды [10, б. 127].
Қорытындылай келе муғтазила ағымының пайда болу алғышарттары ретінде негізгі төрт себіне тоқталды:
– саяси себептері – ислам халифаты көлемінде орын алған саяси оқиғалардың діни көзқарастарға әсер етті және діни ағымдардың пайда болуына түрткі болды. Оның ішінде үлкен қақтығыстардың орын алуы мұсылмандарға саяси әрекеттерге діни баға беру үшін қажеттілігінен туындайды;
– діни себептері – үлкен күнә, иман мен амал секілді тақырыптардың өзектілігінің артуы діни алғышарттар жасады. Бұл, сұрақтарға әртүрлі жауап нұсқаларын діни топтар мен ағымдар өз ұстанымдарына дайындады. Мутазила, кәләм ілімінде өздерін «әһлу-а’дл уа-л-таухид» жамағаты ретінде танытуға күш салды.
– ислам дінің басқа діндер мен мәдениеттерден қорғау психологиясы – ислам әртүрлі ұлттар мен мәдени кеңістікке таралу нәтижеінде туындаған мәселелерге жауап ретінде орын алған. Мұндай функцияны көбіне дін ғалымдары атқарды. Кейде мұндай міндетті арнайы діни ағымдар мен мектептер де атқарған.
– аудару шаралары мен пәлсапаның әсері – исламның өркендеп, таралу аймағы кеңейген тұста өзге тілдегі философиялық еңбектердің аудармасы мен мазмұныны мұсылмандар арасына ене бастады. Өз кезегінде бұл дінге қатысты көптеген сұрақтары туындатты. Сұрақтардың көптігі мен өзектілігі діни ағымдарды, оның ішінде муғтазиланы да өзіне тартты.
Сәдібеков Медет
Рашимбетов Рахымжан
(Мазһабтар тарихы сериясы)
- İbrahim Sarıçam. Emevi-Haşimi İlişkileri / İslam Öncesinden Abbasilere Kadar. DİYANET VAKFI YAYINLARI, 2021. 442 б.
- Fığlalı E.R. İbadiye’nin doğuşu ve görüşleri. Ankara: Ankara Üniversitesi İlahiyat Fakültesi, 1983.
- İbn Kuteybe. el-İmame ve’s-Siyase Hilafet ve Siyaset. ANKARA OKULU YAYINLARI, 2017. 587 б.
- Kādî Abdülcebbâr b. Ahmed. Şerhu’l-Usûli’l-Hamse.
- İbnü’r-Râvendî. Fadîhatü’l-Mu‘tezile.
- Recep Ö. İman ve mahiyeti konusunda mu’tezîle ile ehl-i sünnet polemiği // Ondokuz Mayıs Üniversitesi İlahiyat Fakültesi Derg. 2015. № 39. Б. 121–146.
- Жасұлан Жүсіппек. Арабша-Қазақша сөздік.
- İlyas Çelebi. MU‘TEZİLE – TDV İslâm Ansiklopedisi [Electronic resource] // TDV İslam Ansiklopedisi. URL: https://islamansiklopedisi.org.tr/mutezile (accessed: 25.01.2022).
- Muhammed eş-Şehristani. Milel ve Nihal / Şehristani. 488 б.
- Hasan Onat, Sönmez Kutlu. İslam Mezhepleri Tarihi. 672 б.
- Muhammed Abid El-Cabiri. İslam’da Siyasal Akıl. 746 б.
- Bouthoul G. Zihniyetler: kişi ve toplum açısından zihin yapılarına dair psikososyolojik bir inceleme. İstanbul Üniversitesi Edebiyat Fakültesi, 1975. 109 б.
- Osman Aydınlı. Akılcı Din Söylemi Farklı Yönleriyle Mu’tezile Ekolü.
[1] Бұл жерде саяси қақтығыстар, яғни фитналардан алыстаған бөлінген мағынасында