21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

ҒАЖАЙЫП АРА

«Раббың бал арасына: «Тауларға, ағаштарға, адамдар жасаған жаппалар (күркелер) мен омарталарға да ұя сал. Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қорегіңмен) Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолдарына түс», – деп аян берді. Араның қарнынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті шәрбат (бал) шығады. Расында, осында да терең әрі жүйелі түрде ойланатын қауым үшін анық белгі, айқын ғибрат бар». («Нахыл» сүресі, 68-69 аят)

Бұл мақала Құран кәрімнің ғылыми мұғжизасы «Нахыл» (ара) сүресінің екі аятында (68 және 69) қалай көрінетіні жөнінде әрі бұл аяттардың мағынасын ашқан тәпсір кітаптарында, хадистерде, араб тілінің түсіндірме сөздіктерінде не делінгені жөнінде айтылмақ. Сондай-ақ осы сала бойынша зерттеу мен тәжірибе нәтижесінде бүгінгі ғылымның қандай жетістіктерге жеткені туралы да баяндалады. Яғни, аралар туралы аяттар сыры салыстырмалы түрде жақында ғана ашылған фактілермен салыстырылып, араның Құрандағы сипаттарында илаһи уахи бар екені көрсетіледі. Сонымен қатар материалдар осы ерекшеліктерді танып, бағалай білетін ғалымдар мен мамандарға, жалпы оқырманға арналады. Сондай-ақ мұндағы аралар, олар мекендейтін орындар мен солардың мінез-құлқы және дайындайтын өнімі туралы фактілер Құран Кәрімде ғылыми иджазаның бар екенін дәлелдеу үшін жеткілікті.

Ара (араб. نَحْلَةٌ [naḥlyaẗ]‎) — ұшатын, шаға алатын, балшырындарды өңдейтін, жарғаққанаттылар санатына жататын жәндік түрі. Қасиетті Құрандағы сүрелердің бірі «Нахл» («Ара») деп аталады. [1]

Кейбі Құран тәпсіршілерінің айтуынша, Раббымыз араларға «аян берді» деген тұсты оларға тура жолды көрсетіп, гүлді шалғындарға жетуді нәсіп қылған деп түсіндіреді. Сондай-ақ аралар Алла дарытқан қабілет пен дұрыс нұсқаудың арқасында гүлдерден керегін алып ұяларына қайта жол таба алады.

Шынында да, Құран Кәрімнің тұтас бір сүресінің жәндіктердің атымен аталуы, содан кейін олардың табиғаты, мінез-құлқы мен өндіретін өнімі туралы осы сүренің бірқатар аяттарында нақты және жеткілікті түрде егжей-тегжейлі сипатталуы тек араларды дәріптеуді көздемейді. Керісінше, мынадай белгілермен ерекшеленетін өзіндік ғажайыптың бар екендігін көрсетеді.

  1. Құран Кәрімнің алғашқы артықшылығы аралар әлемін, олардың қабілетін және өздері жинайтын балды дайындау процесін көрсетуінде жатыр. Ал осынау аят ғылым дамымаған, тіпті адамдардың көбі зерттеу тұрмақ оқу-жазуды да білмейтін дәуірде түсті. Бұл – Алла тарапынан түскен Құранның ақиқат кітап екендігіне айқын дәлел.
  2. Аралар әлемі ғажайып алуан түрлі, ол тек уақыт өте келе түсінуге болатын ғылыми деректерге толы. Сондықтан аталмыш аяттар тарихи дәуірдің бәрінде Құран Кәрімнің ғылыми мұғжизасы көрініс тапқан тақырып болып қала бермек. Арабтар «аян» деп бір адамның жасырын, сырлы бірдеңені бірінің екіншісіне айтуын атайды. Сонымен, аятта «аян» сөзі: «Раббың бал арасына аян берді (түсірді)» боп қолданылады. Яғни, Ол араларға қабілет дарытып, оларға өздеріне жайлы ұяларға қоныстануға, осы ұяларды тауларға, ағаштарға және адам тұрғызған баспаналарға салуды бұйырды. Алла тағаланың араға уахи етіп, оған саналы адамның да ойына кірмейтін, қолынан келмейтін ғажайып жұмысты жасатуының өзі керемет. Сондықтан олар өз ұяларын тауларға да, ағаштарға да, адамдар пайдаланатын ғимараттарға да салады.

Екі бөлікке топтастырылған аралардың жеті тұқымдасы бар:

 

 1) шолақ тұмсық

 2) ұзын тұмсық

 

Оларға бал аралары жатады. Бал аралары төрт түрге бөлінеді. Олардың мінез-құлқы ұқсас, бірақ кәрезі мен өздерінің ұяларын салу әдісімен айтарлықтай ерекшеленеді. Оларға мыналар жатады:

 

  1. Бал тасымалдаушылар немесе бал жинаушылар;
  2. Тау-тас аралары;
  3. Ұсақ аралар;
  4. Үнді аралары.

 

Ұжымшылдық тәртіппен өмір сүретін бал аралары тұқымдасында әрбір ара қатаң белгіленген міндет атқарады. Дәлірек айтсақ, аналық ара жұмыртқа салып, отбасындағы тәртіпті сақтайды, аталықтары аналықтарды ұрықтандырады, жұмысшы аралар барлық басқа жұмыстармен айналысады. Бұл жұмыстардың түрі жұмысшы араның жасына байланысты: алты қырлы кәрезіден шығып, ара белгілі бір жұмысты орындайды, ал белгілі бір жасқа жеткенде бұл жұмыстың түрі өзгереді. Ал ұжым ішінде жұмыстан жалтарған араға құрмет жоқ: өз міндеттерін орындамау оны өлімге әкеледі.

 

Араның мекенжайы қайда?

«Раббың бал арасына: «Тауларға, ағаштарға, адамдар жасаған жаппалар (күркелер) мен омарталарға да ұя сал» деп аян берді» деген осы аятты тәпсірлеген ғалымдар Алла Тағала араларды жаратып, оларға өз ұяларын тауларда, ағаштардың ойпаңдарына, ғимараттардың төбелері мен қабырғаларына және т.б. жерге салуды бұйырған дейді. Аралардың ұялары үй ретінде саналады, өйткені олардың құрылысы таңғажайып жүйеге негізделген. Олардың шеберлікпен, ұқыптылықпен салынғаны соншалық, адам санасы кейде абдырап қалады.

 

Аналық араға айтылған бұйрық

Құран аятында араларға тауларда, ағаштарда ұя салу айтылған дедік. Әрі мұнда «иттахизи» (салу) сөзіне назар аудартатын таңғажайып тілдік элемент бар. Мұнда қолданылған бұйрық райдың арабша формасы аралардың аналық текке (женский род) бағытталғанын көрсетеді. Аралар – жиынтық атау, яғни олар еркек һәм аналық араға да қатысты айтыла береді. Бірақ аяттағы сөздің аналық тек тұрғысынан қолданылуы сол аналық араларға қатысты айтылуда. Яғни популяциядағы барлық жұмысты тек аналық ара жасайды. Ал аталықтар тек ұрықтандыру үшін қажет және олар тек жұптау маусымына дейін пайда болады, содан кейін өліп, жоғалады. [1]

Толығырақ айтайық. Аралар бал жинайтын колониядағы ауыр жұмысты жұмысшы аралар атқарады. Аралардың бұл категориясы аналық деп аталады, бірақ оның патшайым арадан айырмашылығы олардың ұрпақ көбейтуге себепкер органдары дамымаған боп келеді. Бұл аралар өмір бойы жұмыс істейді, ұяны тазартады, жаңа туған араларға қамқорлық жасайды, аналық патшайым мен аталық араларды тамақтандырады. Егістіктерді аралап ұшып, гүлдерден бал өндіруге қажетті тозаң мен шырындарды, суды, шайырды жинайды, кейін оларды ұяға апарады. Жалпы бал ұяларын салу, бал өндіру, ұяны желдету және ондағы белгілі бір температураны сақтау, аралар тобының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бәрі – сол аналықтардың жұмысы. Ара ұяларында тек аналықтардың жұмыс істейтіні тек 20 ғасырда ғана тәжірибе нәтижесінде анықталды. Ал мұсылмандар бұл туралы қасиетті Құран кәрімнен арқылы1400 жылдан астам уақыт бұрын хабардар бола бастады. [2]

Қасиетті Құранның ғылыми мұғжизасының бірі, жоғарыда айтылғандай, ара мекен ете алатын орынның бәрі туралы ақпарат берілуі. Мысалы аралардың жоғарыда аталған түрлерін осы аспекті бойынша қарастырсақ, олардың таулар мен үңгірлерде, жерде (әртүрлі топырақта) және ағаштар мен өсімдіктердің діңдерін, саз балшықтан, ағаштан жасалған құбырларды немесе арнайы ағаш жақтауларды мекендейтіні анықталады.

 

Араның болмысы

Қарапайым бақылау немесе зертханалық зерттеулер арқылы араның және оның мүшелерінің құрылысын, олардың дамудың әртүрлі кезеңдерінен өтуін және солармен байланысты араның болмысын (мінез-құлқын) «жеңіл» деген сөздің аясында зерттейтін адам Алла Тағаланың: «Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолдарына түс»дегеніне назар аударуы қажет. Сонда ол Құран кәрімнің ғылыми мұғжизасының бар екендігін растайтын деректерге сүйене отырып, құрылым мен мінез-құлық арасында тығыз байланыс бар екенін міндетті түрде анықтайды.

 

Аралар дайындайтын дәрі

Алла Тағала түсірген аяттың жалғасындағы ғылыми деректерге назар аударыңыз: «Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қорегіңмен) Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолдарына түс», – деп аян берді. Араның қарнынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті шәрбат (бал) шығады».

Қазір біршама ғылыми дерекпен дәлелденген бұл ақпараттар ғылым дамымағанға дейін Құран кәрімде айтылған және олар Құран Алла Елшісі Мұхаммедке (с.а.у) түсірілген кезде адамзатқа белгісіз болған.

 

Араның азығы һәм дене құрылысы

Ара да кез келген тіршілік иесі сияқты өзінің өсіп-өнуі мен тіршілігіне қажетті қоректік заттарды қажет етеді. Ол тіршілікке қажетті энергияны шырындардан алады, оның құрамында көмірсутектер мен су бар. Бұл оның функцияларын орындауға көмектеседі және атап айтқанда, көп мөлшерде тұтынылатын энергия қажеттіліктерін қанағаттандырады. Мысалы, бұлардың ұшу үшін қажеті зор. Ал ара жинайтын тозаңға келетін болсақ, ол организмнің, әсіресе жас аралардың өсуін қамтамасыз ететін ақуыздың көзі ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, тозаң құрамында минералды тұздар мен витаминдер бар. Ал оны жемістерден жеп, гүлдерді айналып ұшып, қажеттінің бәрін алуы үшін Алла араның жолын жеңілдеткен. Алла Тағала оған күш-қуат беріп, міндеттерін қарапайым әрі жеңіл орындауға мүмкіндік берді. Оның өз жолымен «оңай» жүруі үшін ол оның кеудесін кең ыдысқа айналдырып, бірінші құрсақ буынын үш кеудемен байланыстырды. Бұл ыдыста қанатты қозғалысқа келтіретін бірқатар күшті бұлшықет орналасқан. Онда кеуде мен іш қуысын толтырып, оның ұшуын жеңілдететін ауа қапшықтары да бар.

Сондай-ақ кемшіліктен пәк Алла оның аузын ұзын тұмсық тәрізді етіп жасады. Ара сол арқылы түріне байланысты мөлшері әртүрлі, терең немесе беткі қабатта орналасқан шырындары бар белгілі бір гүлдерге бейімделді. Ол гүлдердің немесе жемістердің ішінен шырын сорып алу үшін, тұмсықтың ерекше иілгіш құрылымын қолданады. Солай жұтқыншақпен зобқа балшырындарды қабылдауға көмектеседі.

Араға шырын жинау процесін жеңілдетіп қана қоймай, Алла оған тозаңды оңай жинауға қажет құрылғыларды да берді. Яғни, оның денесі қалың бүршіктермен қапталған, артқы аяқтарында тозаң себетіне ұқсас нәрсе бар, ал алдыңғы жақтары ішіндегі тозаңды алу үшін қораптарды жаруға бейімделген. Мұның бәрі оған кейін жас араларды тамақтандыратын, олардың өсуі мен дамуындағы белгілі кезеңдерді өтуін қамтасыз ету үшін пайдаланылатын тозаңды көп мөлшерде жинауға мүмкіндік береді.

Тапсырманы орындауды жеңілдететін тағы бір орган – антенналар. Олар – қашықтықтан жанасу және сезу мүшесі. Сондай-ақ олардың сезімталдығын ештеңе нашарлатпауы үшін оған антенналарды тазалауға арналған алдыңғы табандарға «сүрткіштер» беріледі. Бұл антенналар әрқашан таза болуы үшін, әсіресе тозаң жинау процесінде қажет.

Ғылым аралар бірге өмір сүретінін, бірақ сонымен бірге олардағы әр отбасы бөлек тұратынын дәлелдеді. Сонымен қатар бір отбасының жеке мүшесін басқасымен шатастырмайтынын да алға тартады. Өйткені әр отбасында араның құрсағында орналасқан безден шығатын, оны екіншісінен ерекшелендіретін өзіндік ерекше иісі бар.

Сондай-ақ, араның иіс сезімі бар, бұл оның өз отбасының мүшесін анықтауға мүмкіндік береді. Араларды жаратудағы Жаратушының рөлін көрсететін ең айқын көрсеткіштердің бірі – олар жас араларды өсіруге арналған үй-жай немесе бал мен балтозаң сақтайтын қойма ретінде пайдаланылатын мыңдаған алтыбұрышты ұяшықтардан (бал ұяларынан) тұратын балауыз құрылымдары. Таңқаларлық нәрсе, алтыбұрышты жасау кезінде құрылыс материалының (балауыз) аз мөлшері болса жетеді екен. Сонымен қатар, алтыбұрыш – аймақтарды толтыру кезінде бос орындарды қалдырмайтын оңтайлы геометриялық фигура. Белгілі бір кеңістікте орналастырылған бұл пішіннің ұяшықтарының саны сол кеңістіктегі кез келген басқа пішіндегі ұяшықтардың санынан асып түседі.

Ара ішінен (қарын) түрлі түсті сұйықтық бөледі. Қасиетті Құран тәпсіршілері аяттың жалғасына мынадай түсініктеме береді. «Араның қарнынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті шәрбат (бал) шығады».

Ғалымдар Алла бұл сөйлем арқылы аралардан ғажайып нәрсе шығатынын және бұл оларға түсірілген рақым екенін көрсету үшін аралар туралы баяндап келіп, адамдарға пайдалы ақпарат береді. Алла Тағала аятта «шәрабун» (шәрбат) сөзі арқылы «балды» меңзейді. Әрі қарай аятта: «… түрлі түсті» деп, Алла ақ пен сары, қызыл мен қара және басқа да түстерді жеткізген. Өйткені ара шырынды өсімдіктер мен түрлі түсті гүлдерден алады. Ал Алла Тағала оны қарнынан, дәлірек айтсақ, аузынан сілекей тәрізді бөлетін балдың сәйкес түсіне айналдырады.

Бір деректе «мин бутууниха» (қарнынан) сөзінің: «ауыздан шыққан» дегенді білдіретінін және ауыздың «ішке» жататынын айтылады. Өйткені ол ас қорыту мүшелеріне жататын, сонымен қатар жасырын және ішкі қуысы көрінбейтін мүше саналады.

Енді аралар атқарар жұмыстың нәтижесі мен адам өміріне тигізер әсеріне келсек, оның мәні Алла Тағаланың: «…онда адамдарға шипа бар» деген сөзінде жатыр. Демек, араның «ішінен» шыққан «шәрбат» «адамға шипа», яғни оны пайдалану адамды көптеген аурулардан сақтайды. Дәлірек айтқанда, «көптеген» емес, «барлық» десек те болады. Құран мәтініндегі «шифа» (емдеу) сөзі артикль арқылы анықталмай, айқындалған (әшшифа) болғандықтан, ол жалпылық пен жан-жақтылықты білдіреді. Ислам жер бетіне алғаш қанат жайған кезден бастап, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мен оның саңлақ сахабалары балға емдік құрал ретінде мән берген. Дәлел ретінде айтар мысалдар да жетерлік.

Бұрын белгісіз болған бұл фактілердің дұрыстығын қазіргі ғылым растады. Араның балды дайындау процесі де күрделі. Сондай-ақ бал тек бір ғана түрмен шектелмейді. Балдың сапасы мен түсі әр өнім мен маусымға байланысты өзгереді. Нақтырақ айтсақ, цитрусты және беделі бал, түр-түсі суға ұқсайтын бал, мақта-кәріптас немесе ашық қоңыр, құрма және қою қоңыр түсті лотос балы.

 

Ара тек бал өндіре ме?

Көпшілік Құрандағы «шәрбат» сөзі балға ғана қатысты деп есептейді. Шындығында, арадан шығатын өнім тек балмен ғана шектелмейді, ал бал – бұл ара дайындайтын өнімнің бірі ғана.

Аралар жасайтын балауыздың да мұндағы «шәрбатқа» жататыны оқырманды таң қалдыратын шығар, өйткені балауыздың негізі сұйық және балауыз бездерінен бөлінген кезде ол сұйық күйде болады, бірақ қоршаған ауаның әсерінен ол қыртыс күйге айналып, қатып қалады. Ол қыртысты ара жақтарымен шайнап, бізге таныс массаға айналдырады екен. Балауыздың сапасы араның немен қоректенетініне байланысты өзгереді.

Аралар бөлетін «шәрбатқа» жұмысшы аралар бастың алдыңғы жағында орналасқан арнайы безден бөлетін гормондық зат аналық ара сүті де кіреді. Аминқышқылдарға, минералды тұздарға, көмірсуларға және дәрумендерге бай сүтті аралар аналық және дернәсілдерді тамақтандыру үшін пайдаланады. Оның түсі жыл мезгіліне және ара тұтынатын тағам түріне байланысты, ақшылдан кілегейге дейін өзгеріп тұрады.

Бұған аралардан бөлінетін у да кіреді. Аралар оны қорғану үшін пайлаланса, яғни адамды шаққан кезде біз оған шыдай бермейміз. Қазіргі уақытта ол «шәрбаттың» басқа түрлері сияқты емдік мақсатта қолданылады.

 

Араның дәрет сындыруы

Алла Тағаланың шеберлігіне дәлел жетерлік. Құдіреті күшті Ол араларға отбасымен тұратын өз ұясында дәрет сындармауды да үйреткен. Сондықтан аралар дәретті қысып ұстап, тек сыртқа шыққанда ғана ішін босатып, нәжісін төгеді. [1]

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) рецептін білесіз бе?

Ара туралы аяттардан туындайтын маңызды аспектілердің бірі балдың емдік қасиетіне байланысты. Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) шипалық рецепті саналатын хадистерінің біріне тоқталсақ: «Емдік күш үш нәрседе: балды жұту (ішу), сүліктің кесуінде (қанның шығуы) және отпен емдеу. Бірақ мен ізбасарларыма отпен емдеу әдісін қолдануға тыйым саламын». Ардақты Пайғамбардың (с.а.у) өзі аш қарынға балды жылы сумен сұйылтып ішкен.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) тағы бір сөзіне тоқтала келе: «Екі дәріге ерекше назар аударыңыздар. Олар – бал мен Құран», – деген. Кейбір дін танушы мамандар бұл хадис ең маңызды екі шипа көзі туралы білім береді деген қорытындыға келеді: біріншісі адам физиологиясы үшін маңызды болса, екіншісі оның руханияты үшін пайдалы болмақ. Пайғамбардың (с.а.у) бұл қысқаша хадисі тән мен жанға қажет қос шипаны анық көрсеткен.

Сенімді дереккөздерден бір оқиға мысал келтірейік. Күндердің күні бір адам ардақты Пайғамбарға (с.а.у) келіп, ағасының іші ауырып жатқанын айтады. Пайғамбарымыз оған бал беруге кеңес берді. Сол кісі Пайғамбарымызға (с.а.у) тағы бірнеше рет келеді, ал Алла елшісі (с.а.у) әр жолы оның науқас бауырына бал беруді ұсынады. Бірақ ауыр ағасына дәл солай әрдайым бал берген інісі ағасының асқазаны одан сайын нашарлап жатқанын жеткізеді. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Алла шындықты айтты, ал сенің бауырыңның іші өтірік айтты! Оған бал беріңіз». Пайғамбар айтқандай әлгі адам ағасына бал беруін жалғастырған, кейін науқас ағасы сауығып кетеді.

Мүминнің болмысын сипаттауға қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзінде де ара туралы айтылған: «Мүмін ара сияқты, ол тек жақсылықтан басқа ештеңе жемейді, сондай-ақ соңынан тек жақсылық қалдырады». [2]

Алланың уәдесі

Біз үшін шәрбатың таза әрі шипалы болсын деп араға әмір еткен кім? Кішкентай ғана жәндікке бүкіл өмірін белгілі бір тәртіппен өткізуді бұйырған кім? Расында, бұл біздің Жаратушымыз Алла!

Құран жаратылыс сырын ашуда ғылымнан озып тұрғанын тағы да айта кеткен жөн. Мәселе Құран кәрімнің Алланың көкте және жерде жаратқаны туралы ой жүгіртуге, әрі қарай зерттеуге шақыруында ғана емес. Сонымен бірге ғалымдардың кейінгі ғасырларда ғана фактілерін Құранның бірінші боп хабарлауында жатыр. Көпшіліктің таңданысын тудыратын бұндай аяттар мұсылмандардың Алланың ұлылығына деген шүкір еткізіп, Құранға деген ықыласын арттырары хақ. Бүгінде Исламның ақиқат дін, Құранның мұғжиза кітап, ал Алла елшісі (с.а.у) айтқан хадистердің қияметке дейін азық қазына екеніне талай нақты дәлел бар. Осының барлығы Құран кәрімде: «Біз оларға жер-көктегі һәм өз болмыстарындағы (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) ап-айқын дәлелдерімізді ашып көрсетеміз. Сөйтіп, ақырында оларға Құранның бастан-аяқ ақиқат екендігі айқын көрінетін болады» («Фуссилат» сүресі 41:53) деген Хақ Тағаланың уәдесінің орындалғанын растайды.

 

Ораз Елмұрат

Дереккөз:

 

  1. https://www.erfan.ir/ru/81901.html
  2. https://ru.quranacademy.org/encyclopedia/article/nahla
Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here