6 C
Almaty
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023

Құран аяттарындағы бала түсінігі және оған тәрбие берудің жолы

Отан – отбасынан бастса, бала отбасының негізгі бір бөлігі. Отанның да, отбасының да келешек еншісі болған ұрпақ тәрбиесі әрқашан маңызды орынға ие болған. Құранда «бала» мағынасын беретін «дефл», «сабий», «уәләд», «ғулам», «ибн», «зүррият», «хафәдә», «иәтим», «рәбайб» және т.б. сөздердің әрбірі бірнеше реттен қайталанып қолданылады[1]. Аяттардың мәніне үңілу барсында әуелі оларға өмір сыйлау, яғни, ана бойына біткен баланың дүние есігін ашуына жауапкершілікпен қарау, оның өміріне қиянат жасамау мәселесі ескертіле келіп, өмірге келген баланы бағып-қағып өсіру, дұрыс тәрбие беру ата-ананың міндеті екендігі егжей-тегжейлі баяндалады. Құран аяттарындағы бала туралы ұғымдардың әрбіріне аяттардан бір мысалдан бере кетелік:

«طِفْل (дефл)» сөзі «нәресте» мағынасын береді. Құранда: «Кейін сендерді нәресте етіп, жарық дүниеге шығарамыз» («Хаж» сүресі, 5-аят) делінген.

«صبيّ (сабий)» сөзі «сәби, нәресте» мағынасын береді. Құранда: «Сонда Мәриям (мынадан сұраңдар дегендей) сәбиін нұсқады. Қауымы: «Бесіктегі сәбимен қалай сөйлесеміз», – деді» («Мәриям» сүресі, 29-аят) делінген.

«وَلَد (уәләд)» сөзі «бала» мағынасында болып, көпшесі «أَوْلَاد (әуләд)» түрінде келеді. Құранда: «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл (үкім) баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін…» («Бақара» сүресі, 233-аят) деген.

«غُلَام (ғұлам)» сөзі де «бала» мағынасын береді. Құранда: «(Сонда Алла періштелері арқылы): «Уа, Зәкәрия! Сені есімі Яхия болатын ұлмен сүйіншілейміз. Біз бұған дейін ешкімді оған аттас қылған емеспіз», – деп уахи етті» («Мәриям» сүресі, 7-аят) делінген.

«ذُرِّيَّة (зүррия)»  сөзі «ұрпақ» мағынасын береді. Алла Тағала: «Сол кезде Зәкәрия Раббысына: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің», – деп мінәжат етті» («Әл-Имран» сүресі, 38-аят) деген.

«ابْنُ (ибн)» сөзі де «бала» мағынасын беріп, көпшесі «أَبْنَاءَ және بَنِين» түрінде келеді. Ал «بنات» сөзі «қыздар» мағынасын береді. Құранда: «Шүбәсіз, Мәриямұлы Иса Мәсіх – Алла» дейтіндер, сөзсіз, күпірлік қылды» («Мәйда» сүресі, 17-аят) делінген.

«حَفَدَة (хафәдә)» сөзі «немере» мағынасын береді. Құранда: «…Жұбайларың арқылы сендерге бала-шаға, немере-шөбере сүйгізді…» («Нахыл» сүресі, 72-аят) делінген.

«يتيم (иәтим)» сөзі «жетім» мағынасын береді. Құранда: «Ендеше, жетімді әлсіз екен деп ақысын жеуші болма, қорлама» («Духа» сүресі, 9-аят) делінген.

«ربيبة (рабиба)» сөзі «өгей қыз» мағынасын береді. Құранда: «...қайын енелеріңмен және қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді» («Ниса» сүресі, 23-аят) делінген.

 

Балаға тәрбие берудің жолдары

Құрандағы бала туралы аяттардан маңыздысы ретінде Алладан салихалы ұрпақ сұрау, балаға жақсы ат қою, жадына таза сенімді сіңіру, салихалы ұрпақ тілеп, дұға ету және жас мөлшеріне қарай балаға дұрыс тәрбие беру. Енді, осылардың әрбіріне жеке-жеке тоқтала кетелік.

Әуелгісі, салихалы ұрпақ тілеп, дұға ету: Ата-ананың міндеттерінің бірі де – Алладан салихалы ұрпақ тілеу. Құранда адам баласы ұрпағының ізгі амал жасап, адамзатқа өмір сүрудің озық үлгісін ұсына алатындай ұрпақ сұрауы керектігі білдіріледі.

Бұл мәселеге қатысты Құран аяттары ұрпақ сұрағанда қалай дұға жасау керектігін үйреткен. Құранда Зәкәрияның (ғ.с.) шын жүрегімен Аллаға жалбарынып, былай дұға жасағаны баяндалады: «Сол кезде Зәкәрия Раббысына: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің», – деп мінәжат етті» («Әли Имран» сүресі, 38-аят). Зәкәрия (ғ.с.) Алладан Алланың дініне шақырып, дін қызметінде болатын ұрпақ беруін сұрады. Ұрпақ сүюдегі басты мақсат – ата-ананың көңілін марқайтып, ұлтының, тіпті адамзаттың тірегіне айналатын иманды ұрпақ сұрау екендігін ұқтырды.

«Бақара» сүресі, 128-аят; «Әли Имран» сүресі, 36-аят; «Саффат» сүресі, 100-аят; «Ибрахим» сүресі, 40-аят; «Ағраф» сүресі, 189-аят; «Фурқан» сүресі, 74-аят;  және т.б. аяттар Пайғамбарлардың (ғ.с.) Аллаға ешнәрсені ортақ қоспай, құлшылығын толық орындаған және адамзатқа пайдасы тиген салихалы ұрпақ сұрағаны айтылады.

Хақ Тағала олардың шынайы көңілмен жасаған дұғаларын қабыл алып, Ибрахим пайғамбардың ұрпағынан жүздеген пайғамбарлар, ал оның ұлы Исмаилдың ұрпағынан адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) шығарды. Құранда берілген дұғалардан адамзат үшін ізгі ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Себебі, пайғамбарлардың өзі кейінгі ұрпағының тақуалығын тілеген. Біз пендешілікпен міндетті түрде ұрпақ бере гөр, немесе ұл болсын не қыз болсын деп сұрап жатамыз. Ал оның қандай болып өсетінін көп ойлана бермейтіндігіміз ақиқат. Сондықтан Ұлы Жаратушыдан салиқалы ұрпақ сұрау керек. Ал оған қол жеткізудің жолы – ұрпағымыз бұл дүниенің есігін ашпай тұрып, алдын-ала осындай дұғалармен Алла Тағалаға шын көңілден жалбарыну[2].

Екіншісі, бала жақсы ат қою: Құранда 25 пайғамбардың есімдері, соның ішінде Пайғамбарымыздың «Мұхаммед» есімі үш рет, «Ахмет» есімі бір рет келеді. Бұдан өзге Лұқман, Хызыр сияқты салихалы адамдардың есімдері де кездеседі. Ислам діні қазақ даласына келуімен Құранды басшылыққа алған дана халқымыз балаларына Құранда келген есімдермен бірге, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының аттарын қоюды тәбәрік деп білген. Баланы мұсылмандық жақсы атпен шақыруды бала үшін жасалған бір тілек әрі болашақта бағыт-бағдарын түзеуге көмектесер қыбланамасы болар деген жақсы ниетте болған. Адам ержете келе өзінің атының мәнін түсінген сәтінде, «Е, мен мұсылманның баласы екенмін» деген байламға келіп, дініне көңіл аудара бастайтыны анық. Қазақ халқының басым көпшілігі мұсылмандық есімдермен шақырылып жүргені соның нақты дәлелі болып табылады. Бәрін айтпай-ақ, қазақ даласынан шыққан Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, Махмуд қашқари, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Мәшһур Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұқағали (Мұқаметқали), Сәкен Сайфуллин (Сайфулла сахабаның аты) және т.б. көптеген ұлы тұлғалардың есімдерін тізбектеп жаза беруге болады. Адам есімінің өміріне әсері барын ескерер болсақ, қазақ халқы мұсылмандық тәрбиені балаға, оған ат қоюдан бастағанын көреміз.

Үшіншісі, жадына таза сенімді сіңіру: Құрандағы Лұқман (р.х.) хәкімнің балаларына айтқан («Лұқман» сүресі, 12-19 аяттар) өсиеттерінде бала тәрбиесіндегі негізгі мәселелер айтылады: «Лұқман ұлына: «Балам, Аллаға серік қоспа! Біле білсең, Оған серік қосу ең үлкен қиянат!» – деп насихат айтты» («Лұқман» сүресі, 13-аят). Лұқман хәкім бұл аяттарда: «Уа, Балапаным!», – дей отырып, Аллаға ортақ қоспауға, намазды (әрқандай құлшылықты) кемеліне келтіріп өтеуге, әрдайым жақсылықтың жаршысы болуға, қандай қиындыққа жолықсаңда сабыр етуге, қолға алған ісіңді табандылықпен соңына жеткізіп істеуге және нәтижелі істің сауабы мәңгілік үзілмейді. Тәкаппар болма, Алла тәкаппарды жақсы көрмейді …» деген сынды көркем нәсихаттарымен баланың жадына кіңіріп отырғаны баяндалады. баяндалады.

Бүлдіршінге, Аллаға ортақ қоспауды қалай үйрете аламыз? деген сұрақтың да туындауы мүмкін. Дана халқымыздың, «Ағаш ағаштан мәу алады, адам адамнан тәлім алады» дегеніндей, сәби бала ата-анасының әрбір сөзіне бағып, іс-әрекетін қайталап өседі, соны өмірлік ұстанымына айналдырады. Яғни, отбасында ата-ана баласын еркелеткен кездерінде «Құдай бере салғаным», бір істі жасау алдында «Аллаға тәуекел ет», «Алла қаласа істейміз, Алла қала барамыз», жасап жатқан істерінде «Алланың жәрдемімен бітіреміз» және бір қиындыққа жолыққанда «Алладан тіле», «Алладан үмітіңді үзбе» деген сияқты сөздер үлкендер арасында көп қайталанса, оны көріп, естіп жүрген жас баланың көңілінде өзінің лидер тұтатын, бәрін істей алады деп білген әке-шешесінен де мықты «Алла» деген Құдіретті күштің бары жадына сіңеді, әрбір істі «Аллаға сыйынып» жасасам сонда ғана жақсы, нәтижелі болады деген оймен ержетеді. Ержеткен шағында қандай жетістікке жетсе де «Алладан» деп біледі, Аллаға ортақ қосуға апаратын «Мен-мендік» сөздерді көп айтпайды. Сондай-ақ, Лұқман хәкімнің басқа өсиеттеріндегі ержеткенде баланың ата-анасына жақсы қарауы, игілікті істерге құштар болуы, намазын қаза етпеуі және тәкаппар болмауы сияқты жақсы мінездердің қалыптасуы Аллаға ортақ қоспаудан, Аллаға деген таза сенімнен бастау алады десек қателеспейміз.

Төртіншісі, балаға дұрыс тәрбие беру: Құрандағы дүние есігін ашқан балаға тәрбие беру мәселесін соған қатысты жазылған еңбектер негізінде келесі топтарға бөліп қарастыруға болады.

А) Сәбилік кезең, 0-2 жас аралығы: Қасиетті Құранда: «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл (үкім) баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін…» («Бақара» сүресі, 233-аят) деп, бұл жас баланың ана сүтімен қоректенетін кезеңі екендігін білдірген.

Психологтардың айтуынша, баланың өз-өзіне сенімді болу-болмауы, тұйық немесе ашық-жарқын, тартыншақ немесе батыл болуы да осы кезеңде қалыптасады екен.  Тіпті ата-ананың, әсіресе сүт емізіп жатқанда ананың сәбиді мейірлене құшағына басуының өзі маңызды. Осыған қарай баланың бойында оптимистік немесе керісінше жағдайда пессимистік көзқарас негіздері пайда болады. Сондай-ақ баланың зерек, еңбекқор және өмірге бейімді өсуіне әсер ететін нерв жүйесі де осы кезден қалыптаса бастайды. Сондықтан сәбилік кезең де өз алдына маңызды[3].

Сүт бауырластық қай жаста болатынын немесе қай жаста ему некелесуді харам ететіндігі жайлы мәзһаб ғалымдарының мынандай тұжырымы бар. Имам Әбу Ханифа отыз ай (екі жарым жыл) десе, имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф екі жыл деген. Имам әл-Кәсани мәзһаб имамдарының көзқарасын қуаттап: «Жалпы сахабалар мен бүкіл ғұламалардың көзқарасында кішкентай баланың омырауды емуімен емізген әйел оның сүт анасы болады. Ал, үлкейген кездегі омырауды ему некені харам етпейді. Себебі харам етудегі әсер сүттің қорек болуы, еттің толуы, сүйектің өсуі»[4] – деген. Яғни, сүт еметін жастан асып, басқа тамақпен қоректене алатын жастағы адамның бір әйелді емуі некені харам етпейді. Мысалы: бір адам әйелін емсе, некелері бұзылмайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ему сүйекті өсіріп, етті толтырғанда ғана болады»[5] десе, сахих Бұхариде: «Екі жастан кейінгі (бір әйелді)ему емген (сүт баласы) саналмайды»[6], – деген.

Ескерту: Әбу Ханифа сүт еттен пайда болады. Ал адам етін жеу харам. Сондықтан, ересек адамның бір әйелді емуі де харам. Сәби бала басқа азықтық жей алмайтындықтан сүт емуге мұқтаж, зәрулік бар. Зәрулік болғандықтан сәби бала үшін сүт халал етілді деген[7].

Ә) Балдырған кезеңі: 2-6 жас аралығы: Әлем ғалымдары, баланың тілі шығып «Анау не, мынау не?», – деген сұрақтар қойып білсем, ұқсам деп тұратын уақытын көргені мен естігенінің бәрі санасына жазылып, өмірлік дүниетанымының негізі қалыптасатын маңызды сәтіне жатқызады. Осы жерде қазіргі балдырған балалардың негізгі ермегі мен тәрбие тетігінің бірі болып табылатын мультфилімдер жайлы қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.

Имам Матуриди, Құрандағы: «Анығында, еститіндер ғана шақыруға құлақ асады. Алла өлілерді (шақыруға құлақ аспағандарды) де қабірде қайта тірілтеді. Содан кейін бірі қалмай Аллаға қайтарылады» (Әнғам сүресі, 36-аят) деген аяттың тәпсірінде: «…Алла Тағала әрбір адамға екі құлақ, екі көз және екі өмір берді. Рухани терең түсінікке ие есту мен көруді мәңгілік ақырет әлемімен байланыстырады. Ақырет өмірінің өзі де мәңгілік. Ал, материалдық көз, құлақ болса, жалған өмірден ғибрат. Мәңгілік болған ақырет өмірін танып, біле алмайды. Материалдық көзқараспен шектеліп қала береді. Адамға берілген ақыл да осындай екі негізде болады»[8] деп, адамға берілген сезім мүшелерінің екі жағы болатынын айтады. Бірі сол нығметтерімен (сезім мүшелері арқылы) Жаратушы Иесін танып, құлдық етуге себепкер болады. Екіншісі де, сол нығметті жаратылыс мақсатқа лайық пайдаланбай, күпірлік қылғандарды жатқызады.

Имам Матуриди, «Алла Тағала әрбір адамға екі құлақ, екі көз және екі өмір берді. Адамға берілген ақыл да осындай екі негізде болады» деген көзқарасын ғылым-техника да дәлелдеп отыр. Жәй көзіміз арқылы бір заттың сыртқы болмысын көре алғанымыз сияқты рухани (ішкі түйсік) көзімізбен сол заттың хикметін де байқай алады екенбіз. Өкініштісі, Алла Тағаланың адамзатқа берген бұл (жасырын түйсік) нығметін ғылым-техникасы дамыған елдер теріс жолда пайдаланып, сол жасырын түйсікке (мидың қатпарларына) зиянды информацияларды толтыру арқылы адамзат өмірін талқандап жатқаны БАҚ-да айтылып жатыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде, «Правда о мультиках, растление молодежи (полностью)»[9] және «Что скрыто в мультфильмах ведь их смотрят ваши дети!»[10]дағы видеолық қойылымдағы іс-әрекеттер жарнама және мультфилім арқылы жас ұрпақтың ми қатпарларына (25 кадр) жазылып, санасын улап, бойына жаман қасиеттерді сіңіреді екен. Мысалы: «Skittles» маркалы школадтың қорабында, «MONEY $EXCHANCE» жазуында «Жыныстық қатынас» деген мағына беретін сөздер жасырылса, «Пингвин» және «Арыстан» сияқты хайуанаттар бейнеленген кейбір мультфилімдерінің де көріністерінен материалдық жәй көзбен сыртқы алдамшы әрекеттерін көрумен ғана шектелсек, ал рухани түйсік арқылы жарнама немесе мультфилімдердегі жасырылған жыныстық қатынастыққа әуес қылатын қитұрқы, бұзақылық қылықтар жас буынның ми қатпарларына жазылып, іс-жүзіндік нәтижесін береді екен.

Енді осы «кішкентай бүлдіршіндерімізге беріліп жатқан тәлім-тәрбиенің негізі неде? көп уақыттарын қалай өткізеді?» деген сұрақ төңірегіне оралар болсақ, бүгінгі таңда бүлдіршіндерімізге тәрбие негізінен мультфильмдер арқылы беріліп жатыр. Өйткені тартымдылығы бала тұр ғой үлкендерді баурап алатын, шетелдің идеологиялық мультфильмдерін балалар таңнан кешке дейін теле­дидар алдынан кетпей отырып көруден жалықпайды. Көргенін жүрегімен ұғып, санасына сі­ңі­реді. Сөйтіп, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балаларымыздың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Тіпті, өзге діннің, өзге елдің салт-дәстүрін қадірлейтін, өз дінімізге, ұлттық дәстүрімізге қарсы тұратын ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Ең сорақысы, жоғарыда атап өткеніміздей кейбір мультфильмдерде жыныстық қатынасқа жақын немесе жыныстық қатынастың көлегейленіп көрсетілуі болып отыр. Әсіресе, осындай мультфилімдерді көріп ер жеткен жас ұрпақтың бойында өсе келе адамзат қоғамына мынандай зиянды келтіруінде болып отыр. Олар:

  • Ер әйелді, әйел де ерді құрметтемейтін, бір-бірін тек пайдаланып тастай салатын зат ретінде қарау көзқарасын қалыптастырады.
  • Кейбір мультфилімдерде тұрмысқа шықпай дене бітімін (фигурасын) әдемі сақтаған қызбен қатар дене бітімі кескінсіз көп балалы әйелді қатар көрсетеді. Бұндай екі көріністі салыстыра отырып, сыртқы әсемдігін сақтауға мән берген қыздар ардақты ана болудан махрұм қалады.
  • Кішкентай қыздардың мектеп құшағында жүкті болып қалу және аброт жасатып, түсік тастатуға себеп болады.
  • Әкесі кім екені белгісіз жетім балалар көбейіп, жетімдер үйі мен қарттар үйі арта түседі.
  • Өте ерте жыныстық қатынасқа түсу – баланың психикасын қалпына келмейтіндей етіп бұзады. Ой-санасының дамуын тежейді. Мультфилімдерде көргеніне әуестеніп ғылым-білім сынды келелі істерден кенже қалып, кері тартып тұрады.
  • Шетелдің идеологиялық мультфилімдерін көріп өскен баланың ой-санасы бүкілдей сонымен уланып, ата-анасын түсінісе алмайтын мәңгүрттік хәлге жетеді. Сөйтіп, ата-ана мен бала арасында үлкен келіспеушілік шығады. Нәтижеде, отбасы ойрандалады.
  • Балалардың сана-сезіміне, бүтін психологиясына түрлі бұзақылық, суи­цидтік және жезөкшелік сынды қылмыстық әрекеттер сіңіп, өмірде сол қылмыстық істерді жасауға құштар болып тұрады, т.б.

Жас ұрпақтың бойына жаман қылықтарды қалыптастыратын шетелдік идеологиялық мультфилімдердің бәрі әдейі жасалып отырған сұрқия саясаттың ісі деуге болады. Мұндай мультфилімдер сол елдердің өзінде де көрсетілмейді. Айбек Қуандықұлы, «Мультфилімнің бала өміріндегі рөлі» атты мақаласында: «Көптеген елдерде бала тәрбиесіне, соның ішінде балаларды мультипликациялық кино арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Мәселен, Жапонияда балаларға салт-дәстүрін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфилым арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәндерінің негіздерін оқытуды мақсат ететіні байқалады. Ал Қытай болса, анимация өнері бойынша бірінші орында. Олар ұлттық мүддені ғана көздейтін мультфилымдерді шығару арқылы бала санасына Отанға деген сүйіспеншілігін оятуға тырысады. Оған қоса, Қытайда шетел мультфилімдерін көруге тыйым салынған. Неге? Себебі, әр ел өздерінің фильмдері арқылы өздерінің саясатын, салт-санасын, идеологиясын жас көрермендер санасына сіңіруді басты назарға алады. Осы орайда біздің елде ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тәрбиеге негізделген, әлемдік бәсекеге қабілетті анимациялық фильмдер жасала қоймағаны жұртшылық арасында қынжылыспен айтылып жүр»[11] деп, әлемдегі алпауыт елдердің мультипликациялық кино арқылы бала тәрбиелеу тәсілдерінен де өнеге алу керектігін айтады.

Қазақ халқы өзінің рухани болмысы мен ұлттық салт-дәстүрін, ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздігін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру арқылы ғана сіңіріп, баянды ете алмақ. Сондықтан, түрлі идеологиялық шетелдік мультфилімдерден гөрі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Керей және Жәнібек хандар» сынды тәрбиелік мәні терең қазақ халқының рухани танымы мен салт-дәстүрінен туындаған, қазақ ертегілерінен алынған анимациялық мультфильмдерді көбірек шығару арқылы ұлттық тәрбиеміздің негізін қалыптастыруымыз керек.

         Б) Ақылдасу кезеңі, 7-15 жас аралығы: Құранда Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмаил арасында болған оқиға былай баяндалады: «Сөйтіп, (Алладан тілеп алған сүйікті) перзенті ержетіп, өзінің қасында жүріп, қолғабыс көрсетуге әбден жараған шағында: «Балапам! түсімде өзіңді құрбандыққа шалып жатыр екенмін. Бұған не дейсің?!» – деді. Сонда бала жігіт: «Уа, әкетай! Сен өзіңе бұйырылғанды істе, Алла қаласа, менің өте сабырлы жандардың бірі екенімді көресің», – деп, жауап берді» («Саффат» сүресі, 102-аят). Имам Құртубидің тәпсір еңбегінде Исмаил пайғамбардың сол кезде 13 жаста болғандығы айтылады[12].

Тағы бір аятта Жүсіп пайғамбар мен әкесі Яғқұб пайғамбар арасындағы әңгіме былай баян етіледі: «Сонда әкесі: «Балапам! Бұл түсіңді бауырларыңа айтпа! Олар (қызғанышпен) саған тұзақ құрып жүрмесін» («Юсуф» сүресі, 5-аят). «Сафуатүт-Тәфәсир» еңбегінде Юсуф пайғамбардың 12 жасында болғандығы айтылады[13].

Пайғамбарлық тәрбиенің арқасында әр екеуі бастарына келген небір қиындықты еңсере білгендіктен, Пайғамбарлық міндетті жалғастыруға лайықты етілді. Ал «Пайғамбарлық» статус адам баласына берілген ең жоғары мәртебе әрі ең ұлы жетістік. «Пайғамбарлық» міндет аяқталды, алайда кез-келген адам баласына жоғары деңгейде тәрбие берілетін болса,  ұлы тұлғаға айналып, керемет жетістіктерге қол жеткізе алмақ.

Әуелгі аятта әкесі басындағы жағдайды баласына айтып, көзқарасын білсе, екінші аятта тәрбие көрген бала түсін әуелі әкесіне келіп жорытады. Әр екі аяттан маңызды істерді әке мен бала кеңесіп шешу керектігін әрі соған баланы үйретудің де әке міндеті екендігін көреміз.

Аяттардан байқап отырғанымыздай, Жақып пайғамбар да, Ибрахим пайғамбар да балаларымен әңгімелескенде «балапаным» деп сөзге бастайды. Баланы баурап алар осындай жылы сөздердің әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасын жақындатып, ашық-жарқын әңгімелесуге сеп болары айқын. Тағы да бір ескеретін мәселе, «Саффат» сүресінде Ибрахим пайғамбардың (а.с.) ұлымен ақылдасу үшін оны серуенге шақырғанын көруге болады. Демек, балаңызбен ақылдасар сәтте оған арнайы уақыт бөліп, серуен, дәмханада тамақтану немесе саябақта  қыдыру секілді сәттерді пайдаланған жөн. Олардың пікірін бастан-аяқ байыппен тыңдау қажет. Жоғарыдағы аятта көріп отырғанымыздай, Жақып пайғамбар (а.с.) ұлының түсін басынан-аяғына дейін зейін қойып тыңдап, сол жайлы өз пікірін білдіреді. Бұдан алар сабағымыз, біз де ата-ана ретінде баламыздың бізге айтпақ болған нәрселерін құлақ салып тыңдап, оның да пікірін сұрап, сосын бірге ақылдасып шешкенде, баланың бойында ата-анасына деген құрметтің арта түсері анық[14]. Бұдан өзге де Құран қиссаларында ата-ана мен балалар арасындағы мәселелерді оңтайлы шешудің әртүрлі мысалдары келтірілген.

Батыс халқы өздерінің киелі кітаптары Библияны жас ұрпақты қызықтыратын суреттер мен өлеңдер кіргізіп, деңгейлеріне қарай, яғни, бөбектерге арналған «Baby’s First Bible, Baby Bible», мектеп алдындағы (бала бақша) балаларына арналған «The Preschoolers Bible, One Year Bible For Children» және мектеп балаларына арналған «Early Reader’s Bible, The Beginner’s Bible, My First Catholic Bible»[15] деген сияқты әртүрлі кітаптармен дәстүрлі діни сенімдерін кішкентай кезінен беретіндіктерін көреміз. Сондай-ақ, бізде қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген Ислам дінін ұрпағымыздың жадына сіңіріп, өмірлік ұснамына айналдыра білу үшін Құрандағы сенім негіздерін, қиссаларды, адами құндылықтар мен өмір сүрудің қағидаттарын балаларға арналған кітап, газет, журналдар шығарып, мультфилымдер түсіру арқылы үйретуіміз керек. Әйтпесе, түрлі ағымдардың жетегінде кетіп, тарихи болмысымыз бен қазақы құндылықтарымызды мәнсұқтайтын дүбәра ұрпақтың ортаға шығара сөзсіз.

 

«Бала он жасында намаз оқымаса, ұрыңдар» хадисін

қалай түсінуге болады?

Хадисте: «Балаларыңа жеті жасынан бастап намаз оқуды үйретіңдер. Он жасында намаз оқымаса, ұрыңдар»[16] делінеді. Бүгінде бұл хадистің мағынасын тікелей қабылдаған бір бөлім адамдар, «Ислам діні әлі ақылы тола қоймаған балаға қалай намазды міндеттейді? Балаға бір істі ұрып, мәжбүрлеп жасату ақылға қонымсыз іс емес пе?!» деген сынды уәж айтып, дінді сынға алып жатады. Бұл хадистегі көпшілікке түсініксіз болып тұрған тұсы да «Он жасында намаз оқымаса ұрыңдар» деген жері. Хадистің мәніне тоқталудан бұрын, діни мәтіндегі (аят немесе хадистегі) бір сөздің сыртқы мағынасы негізінде үкім шығару көп жағдайда қателікке ұрындыратынын айта кеткен жөн.

Хадистегі «Д-Р-Б» үш әріпінен құралған «дараба» сөзінің «ұру»-дан басқа да «мысал беру», «жол көрсету», «қозғау» және «қайталау»[17] сияқты бірнеше мағынасы бар. Сөйлемнің құрылымдық орнына қарай «дараба» сөзінің мағынасы өзгеріп отырады. Хадистегі «Дараба» сөзіне ұру мағынасын берудің орнына намаздың мәнін мысал беру жолымен түсіндіру, дұрыс жол көрсету, намаздың мәніне көзін жеткізу мағыналарын берген дұрысырақ. Бұл мағыналар діннің негізгі мазмұны болған «Мейрімділік» түсінігінің аясына саяды. Құранда Алланың «Рахман» және «Рахим» есімдерінің 113 сүренің басында қайталанып келуі діннің негізгі мазмұны мейрімділік екендігін көрсетді. Ал кез келген бір істі күш көрсету арқылы орындату, ұрып-соғу діннің негізгі мағынасына қайшы болып табылады. Сондай-ақ, «Дараба» сөзінің «ұру» мағынасын қажеттілік жағдайда, яғни, он жастағы бала жойдақсыз кетіп, теріс жолға түсіп бара жатса «жеңіл ұру» арқылы тәрбие беру кезінде кездесуі мүмкін. Ата-ананың мұндай әрекетке баруының өзі баласының келешегіне алаңдаудан, мейрімділіктен жүз беретін сирек жағдай деуге болады.

Имам Матуриди, «Адам бір істен нәтиже шығару үшін әрдайым сол істі ойлап, талмай еңбек ету керек. Адам қабілетін ұштап, жетістікке жетуі оңай іс емес. Тіпті, жетістікке жету үшін кейде материалдық пайдадан да, өмірдің ләззатынан да бас тартуға тура келеді. Сол себепті, Алла Тағала әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы балаға намаз оқу сияқты ғибадаттарды үйретуге шақырды. Ол баланың жастайынан еңбекқор, табанды болып ер жетуіне, есейген шағында жауапты ісін тыңғылықты істеуінің кепілі. Сондай-ақ, бір ғимараттың салынуы яки кеменің жасалуы үшін соларды жасай алатын іскер, білімді адам керек. Білімсіз адамның қолынан мұндай үлкен іс келмейді. Қолынан іс келмеген адам өзгелерге кіріптар болумен өтеді»[18] деп, шариғатта әлі бұғанасы қатпаған баланы намазға бейімдеудің мәні ісіне жауапкершілікпен қарауға, ұқыпты болуға тәрбиелеу екендігін айтады.

Ислам ғұламалары, жеті жас пен он жас аралығында бірлі-жарым балалар болмаса, көбі он үш жастан кейін, тіпті, климаттық ортаға байланысты одан да кеш балиғат жасына толуы мүмкін дейді. Балиғат жасына толуымен діни парыздарды (намаз оқуы) орындауы керек болады. Хадисте не үшін жеті жас пен он жастағы баланы намазға бейімдеу айтылды дейтін болсақ, оны имам Матуриди көзқарасы негізінде түсінген дұрыс. Өйткені, бала осы шағында физиологиялық-психологиялық даму үдерісінен өтеді. Физиологиялық тұрғыдан баланың бойының үздіксіз өсу уақыты. Күніне бес уақыт намаз оқыған баланың буыны мен бұлшық еттері көп әрекетке түсіп жетіледі, қиямда тұру бойын тік ұстап жүруге және т.б. физиологиялық дамуына көмектеседі. Ал психологиялық дамуы болса, намаз оқыған бала ойын жинақтауға, күнделікті ісін реттеуге әдеттенеді. Сол арқылы әлеуметтік өмірге тез бейімделіп, өзін қоғамның жоғын жоқтап, кемін бүтіндеуге лайықты жан ретінде сезіне бастайды, сөйтіп толық адамға айналады.

Қорыта айтар болсақ, хадисте әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы баланы намазға бейімдеу, он жасқа толғанда онымен көбірек жұмыс істеудің мәні баланы өзі өмір сүрмеген уақыттың талаптарына жауап бере алатындай етіп дайындау керектігін ұқтырады. Яғни, баланың ой-санасы өмір сүрген уақытының талабынан алда жүріп отырмаса, бір күні діни әрі ұлттық, қоғамдық пікірі өзінен әлдеқайда озық адамға жолығатын болса, іштей өз құндылықтарынан жерініп, соның артынан кетіп қалуы мүмкін. Демек, дінде жас ұрпақты даналықпен намаз оқуға баулумен бірге, ораза ұстауға және т.б. құлшылықтарға ертерек әдеттендіру ұрпақтың жан-жақты жетілуіне жол ашады.

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 

 

[1] «Бақара» сүресі, 233-аят; «Али-Имран» сүресі, 40, 47 аяттар; «Ниса» сүресі, 11-12, 176 аяттар; «Юусуф» сүресі, 19, 21 аяттар; «Луқман» сүресі, 33 аят; «Хаж» сүресі, 5 аят, «Нур» сүресі, 31 аят; «Мүмін» сүресі, 67 аят; «Мәриям» сүресі, 8-20, 12-29 аяттар және т.б.

[2] Бағашар Қ. Исламдағы бала тәрбиесі – Алматы; «Көкжиек-Б» баспасы, 2011. – 228 бет.

[3] Бағашар Қ. Исламдағы бала тәрбиесі – Алматы; «Көкжиек-Б» баспасы, 2011. – 228 бет. 37-38 бб.

[4]Има әл-Кәсани, Бәдәиғус санайғ фи тартибиш шарайғ, 3-том, 400-бет.

[5]Әбу Дәуіт, бабу ридағатил кәбир, 2060-хадис.

[6]Бұхари, 5102-хадис.

[7]Қадая мұғасара, жәмиғатүл Азхар күллиятүл шариға, 1-том, 184-бет.

[8] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 5-том, 56 б.

[9] https://www.youtube.com/watch?v=KnrjG21SmVI

[10] https://www.youtube.com/watch?v=7NNYMXmU3XU

[11] http://www.slideshare.net/Aybek82/ss-47342059.

[12] Әл-Жәмиғ ли әхкамил-Құран тәфсирул-Құртуби, «Мәктәбә Сафа» баспасы, 2005. 15-том, 288 б. 73 бет.

[13]Мұхаммад Әли Әс-Сабуни, Сафуатүт-Тәфәсир, «Мәктәбә ғасрия» баспасы, Бәйрут – 2004. 2-том, 543 бет.

[14] Бағашар Қ. Исламдағы бала тәрбиесі – Алматы; «Көкжиек-Б» баспасы, 2011. – 228 бет.

[15] Профессор, доктор Әли Фуат Билкан, Батыда Чожуклара иөнелік діни иайынлар, Анкара-2007. 175 б.

[16] Әбу Дәуіт, Салат/26.

[17] Мунжид фил-лұғати уәл әғлам, 1-том,  448-449 бб.

[18] Матуриди, Китәбут тәухид, 18-19, 140, 175 бб.

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here