10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Ана құрсағындағы нәрестенің даму кезеңдері және құқығы

Адам баласы – жаратылыстың ең көріктісі һам үстемі етіліп жаратылған. Оның көріктілігі мен үстемдігі рухына сана (ақыл) беріліп, күллі жаратылысты игілігіне жарата алатындай икемді етіліп жаратылуында. Алла Тағала Құранның көптеген аяттарында адамзат жаратылысы, ана құрсағында өткізетін кезеңдері, дүниеге келуі, дүние мен ақыреттік өмірі егжей-тегжейлі сөз етіледі. Құранда: «Ол сендерді әу баста топырақтан, содан кейін (ер мен әйелден бөлініп, әйелдің жатырында тұрақтайтын) бір тамшы судан, содан соң жатырға (сүліктей) жабысқан жасушадан жаратты. Кейін бәріңді (ана құрсағынан) қызылшақа нәресте етіп, жарық дүниеге шығарады. Содан соң сендерді ақыл-ес һәм күш-қуат жағынан толықсытып ер жеткізеді. Соңында қаусаған қарт болғандарыңша өмір сүргізеді. Сондай-ақ араларыңнан кейбіреулер қарттық келмей (Алланың жарлығымен) дүниеден озады. Қалғандарың ажалдарың жеткенше белгілі мерзімге дейін өмір сүресіңдер. Бәлкім, осының бәрін ақылға салып ойланып, ғибрат аларсыңдар!» («Мүмін» сүресі, 67-аят) делінеді.

Құрандағы «Хаж» сүресі, 5-аят, «Муминун» сүресі, 14-аят, «Қиямет» сүресі, 37-39, («Нәжм» сүресі, 32-аяты және т.б. аяттарында адам баласының ана құрсағындағы кезеңдер туралы айтылады. Бұл кезеңдер әдетте «نُطْفَة (нутфа)» (шәуеттің бір тамшы суы), «عَلَقَة (алақа)» (жабысқақ ұрықтанған клетка) және «مُضْغَة (мудға)» (бір тістем ет көрінісіндегі жаратылыс), « عظم (азм)» (шеміршек сүйектері), «لحم (лахм)» (сүйектерге ет кигізу)  сияқты сөз тіркестері арқылы білдіріледі. Ал «Қиямет» сүресі, 37-аят. «Сәжде» сүресі, 8-аят сияқты кейбір аяттарда «нутфа» сөзінің орнына «المني (сперма, ұрық)» сөз тіркестерінің қолданылғанын көреміз. Сонымен қатар, «Зүмәр» сүресі, 6-аятында ана құрсағындағы кезеңдер туралы сөз етілген уақытта «үш бірдей қараңғылық» тіркесі қолданылады.

«Нутфа» сөзі араб тілінде көбінесе, аз мөлшердегі суды білдіреді. Мысалы, шелектің түбінде қалған аз суды «нутфә» деп атайды. «Мәни» мен «нутфа» кейбір аяттарда «су (мә)» деп те келтіріледі. Құранда: «Ол кезінде ытқып шыққан мәнидің (шәһуаттың) бір тамшы суы емес пе еді?!», – деп, «нутфа» бала бітіретін мәниден бөлінген бір бөлігі екендігі білдіріледі.  Мәниге «нутфә» делінуің себебі аз мөлшерде болуына байланысты деген көзқарас да бар[1] . Яғни, «мәни» мен «нутфа» бір мағынадағы синоним сөздер.

«Сәжде» сүресі, 8-аятта: «Содан кейін оның нәсілін түкке тұрғысыз сөл судан жаратты» делінген. Аятта «аз, әлсіз, қарапайым, құнсыз» деген мағына беретін «Мәһин» сөзінің қолданылуының екі түрлі сыры бары айтылған. Біріншісі: «сперма, ұрықтың» қарапайым әрі әлсіз ретінде сипатталуы, Алла Тағаланың өте қарапайым бір сұйықтықтан, мықты тіршілік иесін жаратқандығында жатыр және де Өзінің ғаламат Құдірет иесі екендігін көрсетеді. Екіншісі: Адам баласы жаратылған элементінің (ұрығының) бұлай сипатталуы, бір жағынан мүшіріктердің Илаһи уахи мен Пайғамбарлыққа қатысты өркөкіректік танытып, тәкаппарлық көрсеткен қарым-қатынастарына, «өте қарапайым және әлсіз нәрседен (элементтен) жаратылған адам баласының мен-мендікке салынуының жараспайтын қылық екендігіне ишара етеді. Бұл туралы Әли (р.ғ.): «Жаратылысы сасыған су, соңы жиіркенішті өлексе және бойында лас нәрселер тасыған адам баласы қай қылығымен тәкәппарланады?!» деген.

Нутфа (шәуеттің бір тамшы суы):  Бұл медицина тілінде «зигота» деп аталады. Араласу (ұрықтану) нәтижесінде бір жасуша және жиырма үш жұп хромосома түрінде пайда болаған зигота, бұл кезеңде, әлі нәресте болып саналмайды. Өйткені ұрықтанған жұмыртқа жаңа тіршілік иесінің денесін қалыптастыру үшін митозикалық (денеге жасушалардың бөлінуі) жолмен бөліне бастайды[2] және құрсақтағы орынға әлі орналаспаған.

Адамдар көпке дейін сәбидің жынысы аналық клеткалар тарапынан айқындалады деп есептеп келген. Алайда, VII ғасырда түскен Құран Кәрімде бұл мәселе туралы басқаша мағлұмат беріліп, сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық сперматозоидтан жаратылғаны айтылады:  «Алла ұл мен қызды ытқыған бір тамшы ер кісінің шәуетінен жаратты» («Нәжім» сүресі, 45-46).  Құранда баяндалған бұл деректің растығы генетика мен микробиология ғылымдарының дамуы нәтижесінде дәлелденіп отыр. Жыныс еркектен келетін аталық клетка тарапынан айқындалады, ал әйел ағзасы бұл жерде ешқандай рөл ойнамайды[3].

Алақа (жабысқақ ұрықтанған клетка): Ұрықтанған жұмыртқа, яғни «нутфә», бір аптадан кейін жатыр қабырғасына сүліктей жабысқан жасушалар жиынтығына айналады. Мұны «алақа» деп атайды. Бұл мезет – жасушалардың барлығына тіршілік нәрі беріліп нәрестеге айналатын кезең, алайда, рухы әлі үрленбеген кезең[4]. Құранның төрт жерінде «алақа» туралы баяндалады. Соның бірі: «Содан соң ұрықты жатырға (сүліктей) жабысқан ұйыған қанға айналдырдық…» («Муминун» сүресі, 13-14 аяттар).

Зиготаның бұлайша өсуі бос алаңда мүмкін болмағандықтан, ол ана құрсағына жабысып, ілініп тұрады. Осылайша өзінің өсуі үшін қажетті қоректі ана ағзасынан емуіне де мүмкіндік туады. Талайды таңғалдырған бұл ақиқат Құран аятында былайша баяндалады:  «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды жабысқақ нәрседен (жатырға жабысқан клеткадан) жаратты» («Алақ» сүресі, 2-3 аят)[5].

Бүгінгі күнге дейін зиготаның ана құрсағында «жабысып ұйысу» мағынасы толық анықталмаған кезде «алақ» сөзіне әртүрлі мағына беруге тырысты. Алайда эмбриологияның дамуы аяттағы түсіндірменің ана құрсағында болатын оқиғаны сипаттайтынын анықтады.

Мудға (бір тістем ет көрінісіндегі жаратылыс): Бүгінгі медицина ғылымының нәтижелеріне сәйкес, бір апталық кезеңде «алақа» сипатындағы ана құрсағында жабысып ұйысқан нәресте 25-ші күннен бастап бір кесек етке айналып, «мудға» сатысына өтеді. Мудға алғашқы төрт күнде «ғайри муғаллака» яғни пішіні (формасы) белгісіз бір кесек ет болса, ол жиырма сегізінші күннен бастап «муғаллака» яғни дене мүшелері, беті де пішінделіп белгілі бола бастаған кезеңді көрсетеді. Нәрестенің көз, тіл, ауыз және еріндерінің жаратылуы арқылы бұл процесс бесінші аптаға дейін жалғасады[6]. Нәресте «мудға» сатысында толық адам кейпіне енеді. Құран Кәрімде мудға кезеңі екі жерде келтіріледі. Оның бірі: «…содан соң жатырға (сүліктей) жабысқан ұйысқан жасушадан һәм содан кейін жаратылысы белгілі деңгейде қалыптасқан, алайда толық қалыптаспаған бір шайнам етке ұқсаған шақалақтан (эмбрионнан) жараттық…» («Хаж» сүресі, 5-аят).

Ана құрсағындағы сәбидің өсіпжетілуін зерттейтін эмбриология ғылымы – көпке дейін сүйектер мен бұлшық еттер бірге құралады деген қате тұжырымда болып келген еді. Тек технологияның дамуы нәтижесінде ақиқат айғақтарына қол жеткізіліп отыр. 14 ғасыр бұрын, яғни ғылымның дамымаған, микроскоп, УЗИ сияқты құралдардың жоқ кезінде құрсақтағы сәбидің өсіп-жетілу, даму кезеңдерін дөп басып, бүге-шігесіне дейін дәлме­дәл айтып кеткен Құранның жаңалықтарын соңғы технологиялардың көмегімен енді ғана тапқан қазіргі эмбриология ғылымы Құранға еріксіз таңқалса, ар-ожданы ояу жандар: «Бұл кітап – Алланың шынайы сөзі» деп иман келтіруде[7].

Азм (шеміршек сүйектері): Алтыншы аптада бір кесек ет ретінде түсініктеме берілген «мудға» қаңқа құрайтын сүйектерге айналады. Содан кейін бұлшық еттер сүйектердің айналасында қалыптаса бастайды. Құранда бұл кезең «азм» сөзі арқылы баяндалады: «...Содан кейін әлгі бір шайнам етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық…» («Муминум» сүресі, 14-аят).

Лахм (сүйектерге ет кигізу): Жетінші аптаның басынан бастап қалыптаса бастаған сүйектер сегізінші аптада ет қапталып «лахм» кезеңіне өтеді. Дәл осы кезеңде нәресте адам бейнесіне енеді және бұл кезең аяқталуымен нәресте қозғалысқа келеді. Бұл құрылымның пайда болу тәртібі: «…Содан кейін әлгі бір шайнам етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық. Сөйтіп ол сүйектерге ет кигіздік...» («Муминун» сүресі, 14-аят).

Атеисттік көзқарастағы топтар, «Құран аяттарын сынап, сүйекке айналдыру, содан кейін бұл сүйектерге ет кигізуді ғылыми негізге сай елмейді», – деп қарсылық білдірген. Қазіргі заманғы эмбриология ғылымы Құранда баяндалған бұл дәйектілікті растайды. Құранда айтылғандай, эмбрион алдымен ана құрсағына бір кесек етке айналады, содан кейін шеміршекке алмасады және сүйекке ауысады, содан кейін бұлшық ет жасушалары шеміршекті орап алып, аятта айтылғандай «ет кигізу» әрекеті орын алады. Осыдан 1400 жыл бұрын Құранда баяндалған бұл жаратылыс кезеңі туралы ғылым жақын кезеңге дейін хабарсыз еді. Яғни, сүйектер мен бұлшық еттер бірге пайда болады деп ойлап келген болатын. Алайда микроскоптар мен құрсақты (жатырды) түсіретін микро камералар қасиетті Құранның ақиқатын дәлелдеп отыр.

Рухтың үрленуі: Сүйектер етпен оранғаннан кейін, нәрестенің жаратылыс кезеңі тәмәмдалып эмбриологиялық кезеңі аяқталады. Нәрестенің басқа бір жаратылысқа айналуы рухтың үрленуімен жүзеге асады. Бұл кезең Құран аяттарында былай түсіндіріледі: «Кейін оған (ана құрсағында) ең лайықты да, ең керемет кескін-келбет берді һәм Өзінің рухынан үрлеп (жан бітірді). Сондай-ақ сендер үшін (яғни, өмірге бірте-бірте бейімделу үшін) есту қабілетін, көздерді және жүректерді (яғни жүректегі рухани сезімдерді) жаратты. Әйтсе де, сендер Оған өте аз шүкір етесіңдер» («Сәжде» сүресі, 9-аят).

Адам баласының негізін құрайтын рухтың мәні туралы бүгінгі позитивистік ғылымдар нақты әрі тұшымды жауап бере алмады. Құранда да рух туралы көп мәлімет кездеспейді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) рухтың мәнін Алла Тағаланың іліміне қалдырды. Құранда: «Сондай-ақ олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», – деп айт» («Исра» сүресі 85 аят) делінген. Яғни, адам баласының осы уақытқа дейін өз рухының мәні туралы нақты әрі тұшымды жауап ала алмауының өзі бір ақиқаттың белгісі.

Ислам ғалымдары, адам рухы туралы зерттеп-зерделеуді, ғылыми тұрғыдан талдау жасауды әбестік санамаған. Ана құрсағында рух үрленгенге дейінгі кезең және рух үрленгеннен кейінгі кезең деп екіге бөліп қарастыру керек. Өйткені нәрсете үшін туындайтын фиқһи мәселелер соған қарай әртүрлі болып келеді. Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді: ризығын, қанша өмір сүретінін, істейтін амалын, бақытты не бақытсыз болатынын»[8] деген.

Берік орынға (ана жатырына) орналастыру: Құранда ана құрсағының беріктігі туралы былай делінеді: «Біз сендерді болмашы судан жаратпадық па?! Артынша оны белгілі бір уақытқа дейін (яғни, ұрықты) берік орынға (ана жатырына) орналастырдық.» («Мурсәләт» сүресі, 20-22 аяттар). Бүгінгі технологиялық мүмкіндіктері мен зерттеу нәтижелері ана құрсағының ерекшеліктерін анықтап, жоғарыдағы Құран аяттарында айтылғандай нәресте үшін арнайы жасалған (берік) баспана секілді орынның бар екендігін анықтады.

Құрсақ – бұлшық еттермен қоршалған, ұзындығы 8, ені 5, биіктігі 2,5 см болатын қуыс бір мүше. Әдетте кішкентай бір мүше болып табылатын құрсақ, жүктілік кезінде нәрестемен бірге кеңейіп үлкейеді. Алғашында 50 грамм болып келетін құрсақ, жүктілік мерізімінің соңына қарай 1 кг-ға дейін жетеді. Кейбір жағдайларда тіпті 5 кг-ға дейін үлкейеді. Мұндай өзгеру қабілетімен құрсақтың адам ағзасында маңызы ерекше. Ешбір орган қысқа мерзімде құрсақ секілді өзгермейді. Құрсақ, тығыз және қалың орналасқан бұлшықеттері арқылы нәрестенің қажеттілігіне қарай біртіндеп дамып, оны сыртқы қауіп-қатерлерден қорғайды. Аятта айтылғандай, өте берік бір орын (құрсақ) пайда болдырады.

Ана құрсағында нәрестенің жалпы даму кезеңдері «Зүмәр» сүресі, 6-аятында «فِي ظُلُمَاتٍ ثَلَاثٍ» (үш қараңғылық) теориясымен түйінделген десек болады. Оразбек Сапархан: «Ана құрсағындағы «үш қараңғылық» атты мақаласында: «Бұл үш қараңғылық – құрсақтың қараңғылығы, жатырдың қараңғылығы және баланы қорғаштап тұратын бала жолдасының қараңғылы. Заманауи биотехнологиялық жаңалықтар де жүктіліктің барысы үш кезеңнен тұратынын анықтады. Біріншісі, «бастапқы (передэмбироналды) кезең[9]». Бұл «бірінші қараңғылық» ішіндегі «бір жаратылыс». Яғни, хорион қабаты ішіндегі ұрық көпіршігінде жүзіп жүретін ұрықтанған аналық ұрық клеткасы.   Екіншісі, «ұрықтық (эмбрионалды) кезең»[10]. Бұл кезең аятта айтылған «екінші қараңғылық» болып, ұрық кіндікке ілініп қағанақ сүйықтығының ішінде жүзіп жүретін адам бейнелі жаңа бір жаратылысқа айналады. Үшіншісі, 8-9 аптадан бала өмірге келгенге дейінгі «нәрестелік (феталды) кезең»[11].

Әлемдегі эмбриология саласының саңлақ ғалымдарының бірі, Канаданың Торонто университетінің (University of Toronto) анатомия факультетінің деканы, эмбриология ғылымының профессоры Кис Моур ( Prof. Dr. Keith Moore, кейіннен Ислам дінін қабылдаған) «Зүмәр» сүресінің 6-аятында айтылған «үш қараңғылықтың» ананың құрсағы (қарны), жатыр, нәрестенің шаранасы екенін айтады[12].

Француз ғалымдарының зерттеулері бойынша, іштегі баланың есту жүйесі тек вибрациялық қана, яғни діріл толқындары арқылы сезеді. Есту мүшесі 16-шы аптаға дейін дамып жетіліп, 20-шы аптадан бастап әртүрлі дыбыстарды ажырата алатын болады. Анасының жүрек соғысы, сөйлеген кездегі дауыс ырғағы арқылы да анасының көңіл күйін 100 пайызға біліп жатады. Егер анасы алаңдап, ты-нысы бұзылса, құрсақтағы бала қатерді сезінгендей қимылсыз қалады екен. Ал, егер де анасы ашу-ланса, баласына теріс эмоциялардан түзілген гормондар бөлініп, сәби нағыз қауіп қатерді сезіп, көңіл күйі бұзылады. Іштегі жеті айлық бала сырттағы шуларды да естиді. Онымен әңгімелескен адамдардың дауыстарын естіп, мейірімді, не қатігез дауыс екендігін де ажыратып, белсенді түрде өз көзқарасын білдіреді. Қатты дауыстар, айқай-шу, зеку, ұрсу, төбелес кезіндегі дауыстарды тез ажыратып, мазалана бастайды. Дәл осы кезде іштегі сәби әуенқұмар келеді. Жайлы, баяу ойналатын әуендерді тыңдағанды ұнатады[13]. Сондай-ақ, жүктіліктің қай кезеңі болсын жақсы әңгімелер мен Құран әуенін тыңдату құрсақтағы нәрестенің көңіл-күйі мен рухани тәлім алуына пайдалы екендігін ұмытпау керек.

 

Жәнинге қатысты үкімдер

Шариғатта ана жатырындағы эмбрионның жаратылыс белгілері байқалып, жан біткен шақалақты «жәнин (нәресте)» деп атайды. Жәнин сөзінің фиқһи терминологиядағы мағынасы сөздік мағынасымен төркіндес келеді. Жәнин – әлі туылмаған немесе туылғанға дейін ана құрсағында болған нәрестеге берілген ұғым.

Ислам діні адам баласын жаратылыстардың ең мәртебелісі ретінде қарастырып, осы шеңберде оған тиесілі материалдық және рухани құндылықтарын танытып, құқықтарын қорғайды. Адам баласының құқықтары ана құрсағындағы кезеңнен бастап туылғанға дейін және туылғаннан өлгенге дейін қорғалып, өміріне зиян келтіретін кез-келген әрекетке тыйым салады.

Ана құрсағында нәресте, мейлі ананың бөлігі ретінде болсын, мейлі өз алдына бір тіршілік иесі ретінде болсын, өмір сүру құқығына қайшы келетін кез-келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейді және мұндай әрекеттерге барғандарға ғұрра[14] және мирастан тыю секілді жазалар қарастырылған. Көпшілік Ислам құқықшылары, нәресте үшін өтелетін ғұрра (өтемақы) толық диәттің (құнның) жиырмада бірі (20/1) десе, Ханафи фақиһтары төмендегі хадисті негізге ала отырып нәрестенің құнын бес жүз (500) дирхам күміс (шамамен 1500 грамм күміс тең келеді) деп белгілеген. «Ұл және қыз нәресте үшін бес жүз дирхам құн (ғұрра) төленеді[15]».

Ана сұлулығын, дене пішінін сақтап қалу, айыбын (зинамен жүкті болған жағдайда) жасырып қалу немесе жанұядағы басқа жоспарлар себепті нәрестенің өмірін тоқтатуға (түсік жасатуға) жол берілмейді. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин ешбір себепсіз баланы түсіруге рұқсат жоқ деген. Ол өз сөзінде: «Оны (бала түсіруді) халал деп айтпаймын. Өйткені мухрим (қажылық парызын өтеп жүрген адам) құстың жұмыртқасын жарса құнын төлейді. Ал жұмыртқа құстың негізі. Егер жұмыртқаны жарғанына жаза қолданылса, онда себепсіз түсірілген баланың жағдайы одан кем емес (яғни, күнәға батады)»[16].

Ана құрсағындағы түсік белгілі бір себептерге (қатты қорқу, жығылу және т.б.) байланысты ананың қалауынан тыс жүз берсе ата-анасы күнә арқаламайды. Ал белгілі бір себептерге қатысты түсік жасатуға мүмкіндік беру туралы пәтуа көп дауыстың қолауымен Меккеде  өткен Әлемдік ислам лигасының Ислам заң Кеңесінің 12-ші сессиясында қабылданған (1990 ж. 10-17 ақпан). Пәтуа бойынша, түсік жасату қатаң түрде тек маманданған, білікті дәрігерлер тарапынан нәресте дұрыс бітпеген және оның өмірі өзіне де, оның ата-анасына да қиындық туғызады деген қорытындыға келсе ғана орын алатынын бекіткен. Даму кемістігі емделмейтін, өте қауіпті болғанда, ұрықтану мерзімі 120 күнге жетпеген жағдайда ғана түсік жасауға болады (соңғы менструальдық циклдан бастап емес ұрықтанған күннен бастап есептеледі). Осы пәтуа негізінде, Сауд Арабиясының ауруханаларында туа біткен кемістіктері бар нәрестелерге түсік жасалады[17]. Демек, әйел босанған жағдайда баланың да, ананың да өміріне қауіп төнетін болса немесе жатырдағы баланың денесінде үлкен кемістік бары анықталып, туылғаннан кейін өмір сүруі қиын болатын болса, осы екі жағдайда білікті дәрігерлердің кеңес беруімен түсік жасатуға рұқсат етілген.

Ислам діні, жүкті әйелдерге маңызды ғибадаттардың бірі болып саналатын ораза кезінде ораза ұстамауға рұқсат береді. Өйткені жүкті әйелдің денсаулығы мен оның ішіндегі нәрестенің саулығын ойлап, өмір сүру құқығын негіз етеді. Мұндай жағдайда ұстай алмаған оразаларының орнын кейіннен толтырулары жеткілікті деп санаған. Ал, егер әйел жүктілік кезінде немесе жүктіліктің алдында жасаған бір қылмысы әшкерленіп жазаланатын жағдай орын алса және бұл жағдайдан нәрестеге зиян әкелетін болса, баланы заңды немесе некесіз жолмен көтергендігіне қарамастан, анаға берілетін жаза бала туылғаннан кейінге, тіпті, нәресте уызға жарығанға дейін және оған қамқорлық жасайтын адам табылғанға дейін кешіктіріледі.

Күйеуімен ажырасқан әйел басқа ермен тұрмыс құрғысы келген жағдайда әйелдің идда (тазару) мерізімін күтуінің де әртүрлі себептері мен мақсаттары бар. Солардың бірі – тегінің араласпауы және іштегі нәрестенің қорғалуы. Егер ажырасқан кезде әйелі жүкті болса, еркек жүктілік кезеңі аяқталғанға дейін яғни босанғанға дейін нәпәқасын тауып беруге міндетті. Бұл да құрсақтағы нәрестенің зиян көрмеуінің бір жолы.

 

 

Исламтанушы

Самет Оқанұлы

 

 

 

[1] Ибн Манзур, Лисан әл-Араб, VIII том, 600-бет.

[2] Мұхаммед Әли әл-Бар, Куран Керім ве Модерн Тыбба Гөре Инсанын Яратылышы, Аударған: Абдулуаһһаб Өзтүрк, Түркие Диянет Ваукфы баспасы, Анкара, 1996, 49, 71 беттер.

[3] Қайрат Жолдыбайұлы, Имани гүл – Алматы; 2011 -384 бет. 134-135 беттер.

[4] Ибрахим ибн Мұхаммед Қасым ибн Мұхаммед Рахим, Аһкамул Ижһад фи әл-Фиқһ әл-Ислами, Мәдина, 2002, 143 бет.

[5] Қайрат Жолдыбайұлы, Имани гүл – Алматы; 2011 -384 бет. 135-бет.

[6] Мұхаммед Әли әл-Бар, Куран Керім ве Модерн Тыбба Гөре Инсанын Яратылышы, Аударған: Абдулуаһһаб Өзтүрк, Түркие Диянет Ваукфы баспасы, Анкара, 1996, 108, 112 беттер.

[7] Қайрат Жолдыбайұлы, Имани гүл – Алматы; 2011 -384 бет. 136-137 беттер.

[8] Бұхари, 3208.

[9] Бұл кезеңді бір ғалымдар алғашқы бір апта десе, енді бір ғалымар алғашқы екі жарым апта екенін айтады.

[10] Бір ғалымдар 2-8 апта аралығы десе, енді бір ғалымдар жетінші аптаның соңына дейінгі барысты қамтитындығын айтады.

[11] Бұл сегізінші аптадан туылғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

[12] https://www.muftyat.kz/kk/articles/woman-and-family/2018-04-13/18686-ana-rsayindayi-sh-arayilyi/

[13] https://imam.ucoz.kz/publ/38-1-0-204

[14] Себепсіз нәрестеге түсік (аборт)  жасатуға байланысты берілетін қаржылық өтемақы.

[15] Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, II том, 438 бет.

[16] «Хашияту Родди әл-Мухтар», 3-то, 192-бет.

[17] Албар M.A. Консультация по вопросам генетических заболеваний: с исламской точки зрения //  Журнал Здоровья Восточного Средиземноморья. – V том. – 6 выпуск. – 1999. – Стр. 1129-1133; https://old.sunna.kz/kz/last/view?id=205

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here