Адамның жақсы не жаман екенін оның бізге деген қарым-қатынасынан біліп жатамыз. Көркем қарым-қатынас жасаса, жақсы адам деп түйеміз. Жаман қарым-қатынасын байқасақ, аулақ жүруге тырысамыз. Сонда адамның жасаған қарым-қатынасы – сол адамды тануға көмектесетін басты құрал. Осы жерде Исламдағы қарым-қатынас мәдениеті туралы сөз ете кетелік.
Қарым-қатынас адамның өзін ғана танытушы құрал емес. Қарым-қатынас сол адамның дінінен, қағидаларынан хабар береді. Күнделікті өмірде түрлі топтағы адамдармен қандай байланыста боламыз. Мәселен, ата-анамыз, бауырларымыз, достарымыз, ұстаздар мен шәкірттеріміз. Олардың әрқайсымен бірдей қарым-қатынас жасамаймыз. Әр адамның жүрегіне түрліше жол таба білген дұрыс. Мәселен, достарымызбен әзілдесіп, сырласуымыз мүмкін. Ал ұстаздарымызбен бұндай қарым-қатынас жасау әдепсіздік болады. Бауырларымызға «Қолым бос емес. Кейін жауап берейін» деп айта алуымыз мүмкін. Ал ата-анамызға олай жауап бермейміз. Сонда көркем қарым-қатынас деген қандай болады? Әр адамның жүрегінен жол таба алу үшін Алла Тағаланың сөздеріне мән берейік. Келесі бөлімдер Исламдағы ата-анамен қарым-қатынас, отбасымен, туысқандармен, дос-жаранмен байланыс туралы болады.
Исламдағы ата-анамен қарым-қатынас
Өміріміздегі ең маңызды тұлғалардың бірі – ата-анамыз. Алла Тағала бізді өмірге әкелуде дәл осы жандарды себепкер етті. Құранда Алла аналарымыздың қандай қиыншылықпен дүниеге әкелгенін сипаттайды. Ендеше келесі аятқа көз жүгіртсек: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылады…» («Ахқаф» сүресі 46:15). Аятқа айтқандай анамыздың бізді дүниеге әкелгені үшін оған сондай қарыздармыз. Сондықтан олармен нәзік қарым-қатынаста болған дұрыс.
Исламдағы бауырлармен, туысқандармен қарым-қатынас
Туыс-туғандар мен бауырлар дінімізде де маңызды рөлге ие. Халқымыз «Ағайын – ағайынның айнасы», «Ағайынға карап бала өсер, Қарағайға карап тал өсер» деп ағайынның маңызын, оның өскелең ұрпаққа әсерін ерекше атап өткен.
Туған-туысқа жақсылық жасаудың қаншалықты сауапты іс екенін «Нахыл» сүресінде жеткізеді. Ендеше сол аятқа назар салсақ: «Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, Алла тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді» («Нахыл» сүресі 16:90). Бұл аятта Алла Тағала мұсылманның бойынан табылатын қасиеттерді тізіп айтып бергендей. Ең алдымен әділдік, сосын Алланың өзін көріп тұрғанын жадында ұстау. Одан кейін игі істер істеу мен туған-туысқа жасалған көмекті жақсы көретінін жеткізген. Ақыр соңында жамандық атаулыдан сақтануға шақырып отыр. Туыс-туғанға қол ұшын созу – Алла сүйетін ізгі амал екеніне көзіңіз жеткен болар.
Тағы бір аятында Алла Тағала «…Аллаға қарсы келіп, асы болудан һәм туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алла – сендерді әрдайым көріп, бақылап тұрушы» дейді. («Ниса» сүресі 4:1) Бұл аятта да Алла Тағала Өзіне қарсы келуден соң, туыстық қарым-қатынасты үзуге қатаң тыйым салып, сақтануымызды сұрап тұр. Алламен байланыстың қаншалықты маңызды екенін білеміз. Алла Тағала осы байланыспен қатар туыстармен байланысты еске салып отыр. Соған қарағанда туысқандармен ара-қатынасымыз Раббымызбен байланыстай маңызды болғаны.
Ыбырай Алтынсарин атамыз да бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» дейді. Ағартушылықпен айналысып, мектептер ашқан педагог Ыбырай Алтынсарин тәрбиеде сыйластыққа үйретудің маңызды екенін айтқан. Әсіресе, ата-ананы, туған-туыс пен дос-жаранды сыйлау – жақсы тәрбиеден екенін жеткізген.
Абай атамыз да иманым толық болсын десең, «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…», – деп босқа айтпаған.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып біл,
Басты байла жолына, малың түгіл» – деп Абай иманның ақиқаты осы үш махаббаттан тұратынын айтып кеткен. Сонда иманымыз кәміл болуы үшін алдымен Алланы сүймек керек. Сосын адамзаттың бәрін сүю керек. Һәм Алланың түзу жолын, осы хақ жолды әділетті деп санап, оны да сүймек керек. Осы үшеуі иманның асылы дейді Хәкім Абай. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 177-аятында нағыз тақуаларды сипаттайды. Бұл аятта Алла Тағала иманның шарттарын сипаттай келе, мал-мүліктен садақа ретінде ең алдымен жақын туыстарға беруге шақырады.
ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Содан болар бұрынғыдай әр қазақ туысқандарымен етене жақын байланысып, қазаны бірге қайнап жатады деп айту қиын. Бәлкім үлкен қалалардың көбеюі, адамдардың жұмысбастылығы әсер еткен болар. Дегенмен бабаларымыз аштық пен соғыс заманында да бауырдан бас тартқан емес. Қандай қиын заманда да, туысқанды ұмытпаған халықпыз. Ендеше, қазіргі заманның мәселелеріне қарамастан туысқанмен байланысты үзбеген дұрыс. Бабаларымыз көрсеткен бауырластықтың көркем үлгісін өскелең ұрпаққа да көрсете білейік. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Осылайша бауырмалдық азайса, береке қашатынын бір ауыс сөзбен жеткізген.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) мүбәрак хадистері де туыстық қарым-қатынастың нығаюы – берекенің кілті екенін дәлелдейді. Әнас ибн Мәліктен жеткен мынадай хадис бар: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» [1]
Пайғамбарымыз (с.а.с) бір сөзінде жұмаққа кірудің жолдарын баяндайды. Ол әуелі сәлемді жаюды насихаттайды. Сосын мұқтаждарға көмектесуге шақырады. Үшінші амал – туыспен байланыс болса, төртіншісі – түнгі құлшылық дейді. Осылардың бәрі болса, жәннатқа кіресіңдер деп сүйіншілейді. Сонда жәннатқа кіру үшін туыстық қарым-қатынастың маңызы жоғары болғаны. Ендеше сол хадиске көз жүгіртсек: «Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар,аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жәннатқа кіресіңдер». [2]
Исламдағы дос-жаран қарым-қатынасы
Адам – өзгелермен бірлесіп қоғамда өмір сүретін жаратылыс. Адам жаратылғалы бері жалғыз өмір сүрген емес. Әркез топтасып, біріге өмір сүреді. Бірлесіп шешілген іс те берекелі болатынын білген. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп, өзгелермен ақылдаса, біріге шешілген жұмыстың қате шығуы екіталай екеніне ишара етілген.
«Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең – істің бәрі бос» – деп Хәкім Абай істің дөңгелеуі мен кәсіптің берекесі үшін бауырмалдық пен достық сезімнің орнын ерекше атап өткен. «Достық дәнін егу – даналықтың жартысы» деп хазіреті Әли (р.а) әлдекімнің жүрегіне жол тауып, досы болудың маңызын кереметтей жеткізе білген. Ендеше исламда қандай адамдармен дос болған жөн? Һәм исламда достармен қарым-қатынас қандай болу керек?
«Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр..» («Хужурат» сүресі 49:10) Осы аятта айтылғандай барлық мүміндер бір-біріне бауыр екенін айтып, мұсылмандар бір-бірін қолдап жүру керектігін айтады. Мүміндер бір-біріне жай ғана дос емес, туысқан, бауыр екенін жеткізген. Ал мұндай қарым-қатынас шынайы ықылас пен махаббатқа негізделген қарым-қатынасы болса керек.
Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак хадисі бар: «Ізгі жолдастың мысалы – қош иісті әтір сынды» дейді. [2] «Әтір» дегені жақсы мінез, көркем әдеп. Жақсылармен дос болсаң, өзің де сол жақсы мінезге қалайша ие болғаныңды білмей қаласың. Ескілердің «Адамды танығың келсе, досына қара» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөзден екі дос бір-біріне ұқсап кететіні жайлы айтылған. Жақсы болсын, мейлі жаман қасиеттері болсын, ұқсап кетеді екен.
Алла Тағала мүміндердің дос болуын қалайды. Себебі жүректердің Иесі Алла құлының әркез тура жолда болып, тура бағытты ұстанғанын қалайды. Оған келесідей аяты дәлел: «Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарас-тырды. Шүбәсіз, Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі)». («Әнфәл» сүресі 8:63)
Осы орайда мүміндермен Алла разылығы үшін достасу туралы тағылымы мол оқиғамен бөліссек: [3]
«Бірде Аллаһ тағала Мұса пайғамбарға:
«Әй, Мұса! Мен үшін жасаған амалың бар ма?» – деп сұрайды. Мұса (а.с.):
«Уа, Раббым! Сен үшін намаз оқыдым, ораза ұстадым, садақа бердім, сәжде жасадым. Саған мақтау айттым, кітабыңды оқыдым, сені еске алдым», – деп жауап берді. Бұны естігенде Аллаһ тағала:
«Әй, Мұса! Бұның бәрі өзің үшін: намаз – сенің жол көрсетушің, ораза – қалқаның, садақа – өзіңе көлеңке, сәждедегі айтқан тәсбихтарың – жұмақта өзіңе саялы ағаш болады. Кітабымды оқуың сәнді сарай мен хор қызына қолыңды жеткізеді. Мені еске алуың өзіңе сәуле болып жарығын төгеді. Ал сонда таза Мен үшін не істедің?» дейді Алла Тағала.
Бұны естігенде, Мұса пайғамбар сасқалақтап:
«Уа, Алла тағалам! Сен үшін жасалатын амал болса, білдірші, мен соны жасайын?» – деп сұрайды. Сонда Ұлы Жаратушы:
«Әй, Мұса! Мен үшін біреуді өзіңе дос тұтып, басқаны жек көре білдің бе?!» – деді.
Сонда барып Мұса пайғамбар (а.с.) Аллаһ тағала жақсы көрген пендесін жақсы көріп, жек көрген пендесін жек көрудің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізді.
Осы оқиғадан-ақ исламдағы дос болудың мақсаты – Алла Тағаланың разылығы екенін білуге болады.
Ал достың дос алдындағы ақысы қандай? Бұл жайлы Пайғамбарымызбен болған мына оқиға дәлел бола алады:
«Күндердің күнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) орманға кіріп, бірі қисық, бірі түзу – екі мисуак алып шыққандығы келтірілген. Қасында сахабалардың бірі болады. Өзіне қисығын қалдырып, сахабаға түзу мисуакты ұсынады. Сонда қасындағы сахаба: «Уа, Алла Елшісі! Менен гөрі түзу мисуакқа сіз лайықтысыз», – дейді. Оған Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай жауап берген екен: «Адам баласы біреумен бір сағат бойы дос болатын болса да Қиямет күні ол Алла алдындағы достық парызын өтеді ме әлде жоқ па деп сұраққа алынатын болады» [2]. Ал басқа бір хадисте: «Екі адам дос болса, біреуі екіншісіне қатысты мейірбан әрі жұмсақ қарым-қатынаста болса, сол Алла Тағаланың алдында сүйкімдірек болады», – деген. [2] Бұл хадистен жақсы дос болу үшін мейірбан әрі жұмсақ болу керектігін аңғаруға болады.
Жақсы дос – жан сарайыңды жұмақ етеді. Ізгі дос – тек бұл дүниеде сырласушы, сүйеуші ғана емес. Нағыз дос – о дүниеде де шапағатшың болатын ізгілік иесі. Ізгі досың ақірет күні құтқарушың болуы мүмкін. Оған келесі бір оқиға дәлел:
Асылында, Жұмақ мекендеушілері Жұмаққа кіріп бұл дүниеде жақсы амалдар жасауда бірге болған достарын таппай Жаратушыға былай деп тіл қатады:
«Уа, Жаратушы, бізбен бірге құлшылық етіп, ораза ұстаған достарымыз болып еді. Бірақ біз оларды көрмей тұрмыз» дейді.
Сонда оларға Алла Тағала: «Тозаққа барып, жүрегінде иманның ұшқыны бар достарыңды шығарып алыңдар», – дейді. [4]
Ал белгілі сопы Хасан әл-Басри былай айтқан еді: «Көптеген мүміндермен дос болыңдар. Ақиқатында, олар – Қиямет күні сендердің шапағатшыларың болады» [4].
Алла Тағала бізге ізгі достар нәсіп етсін! Әрі бізді де ізгі достардан етсін! Бірге ораза ұстап, намаз оқитын достарымыз көп болсын!
Қарым-қатынас – адамның өзін танытатын құрал. Өзіңнің қандай екеніңді білгің келсе, басқалармен қарым-қатынасыңа қара. Ата-анамен, бауырларыңмен, достарыңмен тілдесуің – мінезіңнің айнасы. Бір адам мен келесі адамның дос не дұшпан екенін олардың қарым-қатынасы анықтайды емес пе?! Дұрыс қарым-қатынас арқылы Жәннатқа жетуге болады. Сол үшін исламда кіммен қандай қарым-қатынаста болу керек екенімізді білейік.
Жаннұр Таласбаева
Пайдаланылған әдебиеттер:
[1] (Бухари) https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2018-09-11/21846-islamdayi-tuyistyi-aryim-atyinas-zhma-uayizyi/
[1] (Ахмад, әт-Тирмизи, ибн Мәжә) https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2018-09-11/21846-islamdayi-tuyistyi-aryim-atyinas-zhma-uayizyi/
[2] https://kazislam.kz/dostykty-martebesi/
[3] «Тағылым тамшылары» кітабы, Құдайберді Бағашар, 29-бет
(әл-Хаким мен ибн Хиббан).
[4] https://asyldin.kz/article/view/id/12830.html