10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

САУ ТІС

Тіс – адам үшін ең қажет маңыздылық екені көпке мәлім. Тісті күтіп сақтау – аманат. Өйткені адамның денсаулығы оның жауапкершілігіндегі нәрсе. Демек тіске де көңіл бөліп, оның күтімін жасау бізге – міндет.

Тіс құрылысына тоқтала кетелік. Әрбір жеке тістің сауыты, мойны және түбірі болады. Тістің ауыз қуысынан шығып тұрған бөлігі тіссауыт деп аталады. Оның сырты жылтыр кіреукемен (эмаль) қапталған. Тіс кіреукесі – адам денесіндегі ең қатты ұлпа. Оның бір шаршы миллиметр ауданы 400 килограмдай салмаққа төтеп береді. Кіреукенің бұл қасиеті, оның құрамындағы бейағзалық заттарға тікелей байланысты. Ал баланың тісіндегі кіреуке құрамында минералдық заттар аз болғандықтан, ол жұқа болады. Тістің келесі бөлімі – тіс мойын. Тістің үшінші бөлімі – түбірі. Тіс түбірі жақсүйектердегі арнайы ұяшықтарда орналасқан. Күрек және сойдақ тістердің түбірі бір-бірден болса, азу тістердің түбірі екеу (кіші азу тістерде) немесе үшеу (соңғы үлкен азу тістерде). Тіс түбірінің ұшында кішкене тесік болады. Осы тесік арқылы тістің ішіне қантамырлары мен жүйкелер енеді. Тіске келетін қантамырлар оны қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Тіс ауырғанда немесе тісті жұлғанда сезілетін ауырсыну осы жүйкелердің әсерінен болады. Ал тістің негізгі бөлігін дентин (лат. «dens» – тіс) заты құрайды. Дентин өте тығыз сүйек ұлпасынан түзілген. Оның құрамының 70%-ы фосфаттардан, фтордан және кальций карбонаттарының қосылыстарынан тұрады. Микробтардың әсерінен тістің дентин затының бұзылуынан болатын ауру тісжегі (кариес ) деп аталады. [1]

Тістің жалпы құрылысымен таныс болдық. Егер тіс саулығына мән бермесек, түрлі аурудың пайда болатынын ескеруіміз қажет. Қазір түрлі ем-дом шаралары мен замануи кеңестер жетерлік. Алайда біз үшін қияметке дейін пайдалы болатын медициналық нұсқаулық бар. Ол – ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті.

 

Алла елшісі (с.а.у) үйреткен күтім

«Мына төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеті: қарапайымдылық, әтір себіну, мисуак қолдану және некелесу». (Тирмизи, Неке, 1) «Мисуак қолданыңыздар, ол ауыз тазалығына әрі Жаратушының разылығына себеп». (Суюти. әл-Жамиғ әс-сағир, 4832) Иә, Алланың елшісі (с.а.у) тіс күтімінде мисуакқа ерекше мән берген.

«Мисуак» деген не? Мисуак – араб жазирасында өсетін «Әрак» (араб.     أراك) деп аталатын ағаш бұтағы. Әрак – Африка мен Оңтүстік Азияның шөлді аймақтарының қолайсыз ауа-райына шыдап өсетін ағаш. Міне, дәл осы ағаштан жасалатын мисуак ислам қанат жаймастан бұрын да шығыс халықтарында қолданылған. Медицина мәліметіне сүйенсек, мисуак құрамында 20-дан астам табиғи пайдалы зат бар екен.

Нақты пайдасы қандай? Мисуактан асқан профилактикалық құрал, тіс ауруларына қарсы пайдалы өнім кемде-кем деп пікір айтушы мамандар оның алдымен тіс жегіндегі дақтарды кетіріп, ағартатын алға тартады. Мисуактың құрамы кремний қоспаларына бай болғандықтан ол тістегі бактерияның көзін жойып отырады. Сондай-ақ мисуактағы триметиламин тісі жаңадан шығып жатқан балаға – ем, ал тісті құрт жайлағанда – соққы болмақ. Иә, мисуакты балалар да қолданғалы абзал. Себебі ондағы флюидті заттар бүлдіршіннің тісіне түскен құртты құртады дейді мамандар. АҚШ-тағы зерттеушілер мисуакпен тазаланған ауыз қуысы 80 %-дай микробтан тазаратынын айтады. Тәулік бойы әсерін жоғалтпайтын тазарту тісті қара дақ басудан сақтап, қызыл иектің мықты болуына әсер ететін көрінеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) айтқан әрбір сөз оның көкейіне Алла тарапынан түскен. Оның айтқаны біз үшін екі дүниеде де пайда бермек. Сол Алла елшісі (с.а.у) мисуакты қанша рет қолдану керектігіне қатысты былай деген: «Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде әр намаздың алдында мисуакпен тіс тазалап тұруды бұйырар едім». (Бұхари, Жұма, 8)

Сонымен қатар мисуак тек ауыз қуысындағы тістің қызыл еті мен олардың арасындағы биологиялық нүктелерге де әсер етпейді қоймайды екен. Ал осынау нүктелер бе сезім мүшесі яғни құлақ, көз бен мұрын, тіл мен жұтқыншаққа һәм 28 арқа жүйесіне әсер етіп, көп органның қызметін қалыпқа келтіреді. [2]

Енді сіз мисуактың жоғарыдағыдай орасан зор пайдасын білген соң оны қанша рет қолданасыз?

 

Ортағасырлық зерттеу

Белгілі ғалым, ортағасырда өмір сүрген ғұлама Ибн Қайим «Пайғамбарлық медицина» кітабында мисуактың мынадай пайдалы қасиеттерін атап өткен:

  1. Ауыз қуысын жаңартады;
  2. Тістерді нығайтады;
  3. Шырыштың бөлінуін тоқтатады;
  4. Көруді жақсартпақ. (Тістің тамырынан шыққан нервтер адамның бетінің іргелес бөліктерімен байланысты);
  5. Тіс тасын алып тастауға жәрдемдеседі. (Бұл қарапайым тіс щеткасымен тазалау арқылы алынып тасталмайды, өйткені ол негізінен тістің мойнында орналасқан);
  6. Дауыс желбезегіне әсер етеді;
  7. Асқазандағы ас қорыту процесіне де ықпалы бар;
  8. Адамның жалпы тонусын (жүйке жүйесі мен бұлшықеттердің күш-қуаты) көтереді;
  9. Адамның Құранды оқуға, Алла тағаланы еске алуға, намаз оқуға деген ықыласын арттырады;
  10. Денедегі әлсіздікті жояды;
  11. Алла Тағаланың періштелерін таң қалдырады;
  12. Қиямет күні адамның жақсы амалдарының санын арттырады.

Осылай жалғастыра берсе, мисуактың пайдасы мол. Алайда ғалым айтқан кеңесті негізгі ақпарат деуге болады. Расында біз бұған қарап, мисуактың осы және о дүниеде адам үшін пайда келтіретінін көре аламыз.

Химиялық құрамын білгім келеді…

1986 жылғы зерттеуінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мисуакты табиғи таза өнім деп танып, оны қолдануды кеңес еткен. Өйткені оның химиялық құрамы тіс пен ауыз қуысына пайдалы затқа бай.

Мисуак құрамы:

  • дубил қышқылы;
  • сода бикорбонаты;
  • целлюлоза;
  • эфир майы;
  • хош иісті шайырлар (смолы);
  • алкалоидтар;
  • минералды тұздар;
  • фтор;
  • күкірт заттары;
  • кремний қостотығы;
  • С дәрумені;
  • сапониндер;
  • стирол;
  • флавноидтар;
  • триметиламин. [3]

 

Мисуакты қалай таңдаймыз?

Алдымен мисуак құрамына мән беріңіз. Мисуак тұзды топырақта өссе, олардың дәмі де тұзыдылау болуы мүмкін. Бұндай мисуак таяқшаларының бетінде ақ қақтың пайда болуы ықтимал. Ақ қақ пайда болса, тисінше мисуак сапасы жоғары деген сөз. Ал мисуакта тәтті дәмнің болуы синтетикалық қоспаларды қосу арқылы оның сақтау мерзімін ұзарту үшін жасалады. Негізінде мисуакты қосымша консерванттарсыз сатып алғаныңыз жөн. Себебі оның құрамындағы табиғи заттар оны өзін-өзі бүлінуден сақтау үшін толықтай жеткілікті. Егер ол сапалы жерде һәм қаптамаға жаңа оралған болса, бұл жүзеге асады. Сондай-ақ қосымша дәмі бар мисуакты сатып алмағаныңыз жөн. Мәселен, жалбыз дәмі бар мисуак. Мұндай өнімнің құрамында синтетикалық қоспалар бар. Ал, ол мисуак сапасын төмендетеді.

Жіңішке талшықты мисуак. Мұндай мисуактардың диаметрі 1 см-ге дейін созылады. Олар жұмсақ әрі шайнауға оңай болады және көп шырын бөле алады. Ал шырынның құрамындағы элементтер ауыз қуысындағы микро флораға әсер етеді. Мисуактың осы түрі – жиі қанайтын қызыл иек үшін таптырмас ем.

Ал талшықтары бар мисуактың ағарту әсері молырақ болады. Оның қалың әрі қатты талшықтары шайнауға арналған тістерді тазалауда қиындық туғызады. Көбіне жақсы мисуактың жағымды хош иісі болатынын ескеріңіз. Сондай-ақ мисуак талшықтарының тым қалың әрі ұзын болмау керектігін де ұмытпаңыз. Яғни орташа 15-20 см болғаны абзал.

 

Мисуакты қалай дұрыс қолдану керек?

Мисуак таяқшасын сатып алғаннан соң не істейміз?

  1. Жаңа мисуакты қаптамадан шығарыңыз;
  2. Сумен шайыңыз;
  3. Сыртындағы қабығын пышақпен немесе қайшымен шамамен 1,5-2 см алып тастауға болады. Алайда мисуактың құнарлығы көбірек сақталу үшін оны сол күйінде қалдырған дұрыс;
  4. Шағын щетка пайда болғанша ұшын шайнаңыз. Егер шайнау қиын болса, оны суға салып, жібіту керек. Бірақ суда тұрғанда мисуактағы құнарлы заттардың бір бөлігі сонда кетеді. Содан соң ол щетка секілді тіс тазалауға ыңғайлы болғанша шайнаңыз. Айта кету керек, мисуак шайнау процесінің өзі емдік әсерге ие. Таяқ шырынына малынған сілекейді жұтуға болады, бұл ас қорыту жолына пайдалы. Бірақ бұлай жасау қабыну мен инфекцияға қарсы тұра алмайтын ауыз қуысы үшін кері әсерін тигізуі ықтимал.
  5. Тістеріңізді тазалап, қызыл иектеріңізді уқалаңыз.
  6. Таяқшаны сумен шайыңыз.
  7. Тісіңізді мисуакпен күніне кемінде 2 рет тазартыңыз. Ал ең абзалы, әр тамақтан кейін қолданғаныңыз жөн.

Кейбір дереккөздерде щетканы бірнеше рет қолданып, содан кейін ғана жаңа щетканы кесіп, шайнауға болатыны айтылады. Бұл әдіс мисуакты үнемдеу тұрғысында айтылады. Сол арқылы ол көпке дейін жетеді. Бірақ пайдаланылған бөлікті күн сайын немесе кем дегенде екі күнде қайшымен кесіп тастаған дұрыс. Бұл жағдайда мисуактың пайдасы барынша артады. Бұл әсіресе мисуак патогендік микрофлораны жою және қызыл иекті берік ету үшін емдік және профилактикалық мақсатта пайдаланылған кезде өте маңызды.

 

Мисуакпен тісті қалай тазалаған жөн?

  1. Таяқшаны жоғары және төмен қимылмен қозғалтып, тістерді тазалаңыз. Бұл әдіс алдыңғы күрек тістер үшін маңызды. Ескере кетер жайт, тіпті қазіргі тіс щеткасын да осылай қолданған дұрыс. Өйткені әдеттегідей щетканы оңға-солға қимылдаптып, тіс тазалау эмальді кетіреді дейді мамандар. Сондай-ақ мисуакпен тістердің алдыңғы жағын да, ішін де тазалау керек.
  2. Артқы тістерді, оның ішінде шайнау бетін де мұқият тазалау керек. Яғни, тістерді жан-жақты тазарту қажет.
  3. Тіліңізді де тазалауды ұмытпаңыз. Әсіресе қатты қақ болса көбірек тазартыңыз.
  4. Қажет болса, қызыл иекке қосымша жеңіл массажын жасаңыз. Мұны істеу үшін бір қолыңызбен жоғарғы/төменгі ерінді ашып, екінші қолыңызбен қызыл иекке массаж жасайсыз.

Соңында ауызды шайыңыз. Ауыз қуысын емдеу неғұрлым мұқият жүргізілсе, емдік әсер де соғұрлым жақсы болады.

 

Ескертулер:

  • тіндерге зақым келтірмеу үшін мисуакты тіс эмаліне және қызыл иекке қатты баспау керек;
  • таяқшаны қатты қысып ұстап тазаламаңыз;
  • пайдалы заттар ауыз қуысында қалып, әрекет ету үшін мисуакты сормау керек;
  • жұқа және сезімтал эмаль үшін тістерді өте мұқият тазалау керек.

Мисуакты тек ересектер ғана емес, балалар да тіс гигиенасы үшін пайдалана алады. Нәрестелер мұны ересектердің бақылауымен жасағаны дұрыс. Балалардың щетканы тістеп, жұтып қоймасы үшін оларды қадағалау керек.

Қалпына келтірілген тістер болса да, мисуак қолдануға рұқсат етіледі. Бірақ жасанды тістердің эмалі өзгеріссіз қалатынын, ал қалған тістер ағаратынын есте ұстаған жөн.

Мисуакты жүктілік кезінде, сондай-ақ бала емізу кезеңінде де қолдануға болады. Өйткені оның табиғи құрамы әйел мен баланың ағзасына пайдалы. [4]

 

Біз қандай тіс пастасын қолданып жүрміз?

Тістер мен ауыз қуысының амандығы үшін сау иммундық жүйе, дұрыс күтім, диетадағы кальцийдің болуы маңызды. Ал стоматологиялық және ауыз қуысын күтуге арналған ең танымал өнімдер – кәдімгі және тіс пасталары мен шайғыштар. Алайда олардың халал болуы маңызды.

Жарнамалар мен дүкен сөрелерінде кеңінен ұсынылған өнімдер бұл ауыз қуысына қатысты мәселелерді шеше ме? Өкінішке орай, әрдайым бәрі біз ойлағандай нәтиже бермейді. Кәдімгі пасталары мен шайғыштар арқылы аурулардың алдын алу мүмкін емес. Ал тазалау, дезинфекциялау және дезодорациялау функциясын зияны пайдасынан әлдеқайда көп болатын күшті химиялық компоненттер атқарады.

Аузыңызды шаюға арналған көптеген брендтердің құрамында алкоголь бар. Әдетте олар денатуратталған болады. Кішкентай балалар ауызды шаю кезінде оны кездейсоқ жұтып қоюы мүмкін. Бұл нәрестенің денсаулығына қандай зарар келтіретіні айтпаса да түсінікті.

Егер бала құрамында 30 грамм алкоголь бар ауыз шайғышты жұтып қойса не болады? Ол кезде ми зақымданып, инсульт тууы мүмкін. Ал қайғыға душар болу үшін 140 грамм да жеткілікті. Әрине бұдан сақтанғанымыз жөн.

Сонымен қатар, канцероген көптеген заманауи тіс тазалау өнімдерінің құрамдас бөлігі саналады. Ол – қатерлі ісікті күшейтетін немесе тудыратын зат. Көптеген жылдар бойы ол тістегі сау эмальды жақсартатын өнім ретінде танымал болды. Ол тіс пасталарының құрамына енгізіліп, тістердің дамуы кезінде қажетті компонент ретінде балаларға ұсынылды. Осыған қарамастан 1977 жылы Америка Ұлттық институты фторид пен қатерлі ісік арасындағы байланысты көрсеткен. Фтор ағзаға фторид ретінде түспеуі керек. Ол ішке аз мөлшерде қажет түрде және тамақ арқылы сіңеді. Артық фторид тістердің жағдайын жақсартпайды, тіпті эмальды бұзуға да апарады. Қазір фторидті тіс пасталары соншалықты танымал емес. Гигиенистер оларды басқа пасталармен ауыстырып, аптасына тек 1-2 рет ғана қолдануға кеңес береді. Тұрғындары жарнамаға сенетін кейбір елдерде ғана фторлы пасталарды қолдану жалғасуда.

Ешбір компания тіс пасталары мен шайғыштардағы SLS (SLES) – натрий лаурилсульфатының (лаурет сульфаты) мазмұнын жарнамаламайды. Бұл анионды жуғыш заттар класына жататын арзан көбіктендіргіш. Ол теріге және шашқа сырттан қолданғанда да зиянды. Ал бұл затты оңай сіңіретін және қан арқылы бүкіл денеге тарататын ауыз қуысы туралы не айтуға болады. Егер сіз паста немесе шайғыш заттың бір бөлігін жұтып қойсаңыз немесе тістеріңізді тазалағанда, аз мөлшерде болса да қабылдасаңыз, денсаулыққа зиян келетіні анық.

Кейбір пасталарда триклозан, хлоргексидин, бисаболол, биклотимол және т.б. сияқты күрделі микробқа қарсы ингредиенттер бар. Ал  бұл өнімдер патогендік микрофлораны бұза отырып, қорғаныс функциясын атқаратын ауыз қуысының қалыпты флорасын да бұзады. Шырышты қабаттың дисбактериозы шырышты қабықтың зақымдалуына және тістің бұзылуына әкеледі. Сондай-ақ тіс протездерін киетін науқастарда жиі кездесетін кандидоздың (молочница) дамуын тудырады. Антибиотигі бар пасталарды ұзақ уақыт қолданғанда оның зияны ішек микрофлорасына да тиеді. Дәлірек бұл оның дисбиозына әкеледі.

Көптеген брендтер тіс пасталарында оларды тартымды ету үшін хош иістендіргіштерді, тәтті дәм беретін химиялық қоспаларды қолданады. Ал балалар сақтанудан бейхабар болғандықтан тіс тазалау кезінде пастаның 30%-ын еріксіз жұтады. Тәтті дәм қоспасы пастаға ерекше әсер беретіндіктен, құмары оянған бала оны «жеуін» тоқтатпауы мүмкін. Тәттілендіргіш ретінде қолданылатын сахариннің мөлдір канцероген екені дәлелденді. Пасталарға ашық түс беретін бояғыштар да канцерогенді саналады. Хош иістер мен тәтті дәм қоспасы – нағыз аллергендер мен тітіркендіргіштер.

 

Қандай паста қолданған дұрыс?

Енді халал тіс пасталарының құрамдас бөліктеріне тоқталайық. Өкінішке орай, халал-паста өндірушілері кейбір компоненттерден 100 пайыз бас тарта алмайды. Бірақ олардың алкогольді пайдаланбайтынына сенімді бола аласыз, бірақ ондай пасталарда глицерин болуы мүмкін. Ал фторидтер мен антибиотиктер кездепеуі ықтимал. Олардың дәмі табиғи, сондықтан халал пасталар көбіне тым арзан болмайды. Олар SLS (SLES) – натрий лаурилсульфатынан (лаурет сульфаты) бас тарта алмайды, өйткені бұл «тіс тазалаудың» негізгі элементі. [5]

Ең абзалы әрі Пайғамбар (с.а.у.) сүннетіне сай өнім мисуакты қолдансаңыз, әлдеқайда көп пайдаға көз жеткізесіз.

 

Тісім сау болсын десеңіз…

Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын!» деген сөз бар. Осы тұста біз тіс саулығына қатысты керемет кеңес айтқан тіс дәрігері, білікті маман Айдар Амантайұлынан алған пікірімізді назарларыңызға ұсынамыз:

«Тіс саулығын сақтауға арналған ақпарат өте көп. Менің ойымша тіс үшін ең маңызды бұл – дұрыс тамақтану. Адам дұрыс тағам тұтынса, оның ауыз қуысы да ойдағыдай болады. Мәселен, аптасына кем дегенде екі-үш мәрте ақ сүзбе (творог) жеп тұру, аптасына бір мәрте балық өнімдерін жеу – тіс сапасына тікелей әсер ететін қағидалар.

  1. Одан соң тісті қандай щеткамен тазалап жатқаныңызға мән беріңіз. Оны әр 3 ай сайын ауыстырып тұруды ұмытпаңыз.
  2. Тіс пастасының құрамын да мұқият қараңыз. Бұл қызыл иек үшін де маңызды.
  3. Сондай-ақ ең маңыздысы 6 ай сайын тіс дәрігеріне қаралғаныңыз абзал. Ауыз қуысы күнделікті қызмет атқаратындықтан кейде тамақ қалдықтары тіс арасында қалып кетеді. Сол үшін дәрігерге көрініп тұрудың маңызы зор.
  4. Тісті дұрыс тазалауда да мұқият болған жөн. Оны таңертең және кешке тазалау – міндетті. Жалпы тісті 3 мин тазалау керек деп жатады әріптестеріміз. Алайда бұған адам бірден үйрене қоймайды. Сондықтан аз-аздан, мәселен 1 мин болса да тазалауды қолға алыңыз.
  5. Келесі, тамақтанып болған соң міндетті түрде ауызды сумен шайқаңыз. Үйде, мейлі қонақта болсаңыз да, ерінге су тигізумен шектелмей, ауыз бен тамақты жақсылап шайыңыз. Немесе ауыз шайғыш өнімдерді қолдануға да болады. Олар: күнделікті және емдік мақсатта пайдаланатын болып екіге бөлінеді. Емдік мақсатта пайдаланатын ауыз шайғыш тісті емдеу кезінде қызыл иек үшін маңызды. Ал күнделікті қолданатын түрі тіс саулығын бір қалыпта ұстауға септігін тигізеді.
  6. Сонымен қатар тісіңізді тіс шұқығышпен емес, медициналық жіппен (флосс) тазалағаныңыз әлдеқайда тиімді. Неге тіс шұқығыш тиімсіз? Ағаштан жасалатын тіс шұқығыш тістің қызыл иегіне зақым келтіреді».

Бұл мақалада тіс саулығына қатысты бірқатар ақпарат берілді. Бойымдағы Жаратқанның бар нығметі – аманат деп білетін оқырманымыз маңызды мәліметке қанық болдыңыз деген ойдамыз. Алла елшісінен жеткен мына хадисті қаперде ұстаңыз: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт».

 

Ораз Елмұрат

 

Дереккөз:

  1. https://kk.wikipedia.org/wiki/Тістің_құрылысы_және_гигиенасы
  2. https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-gylym/misuaktyn-paidasynyn-gylymi-dalelderi-197/#gsc.tab=0
  3. https://vseotmine.ru/goods/сивак-мисвак/сивак-мисвак.htm#:~:text=Химический%20состав%20мисвака%3A%20Доказано%2C%20что,дубильная%20кислота.%20—%20бикарбонат%20соды
  4. https://jasmine-blog.ru/travy-dlya-krasoty/misvak-naturalnaya-palochka-dlya-chistki-zubov/
  5. https://salsabil.me/blog/халал-зубные-пасты/

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here