6 C
Almaty
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023

Дұға мен бата: Құл мен Раббысы арасындағы алтын көпір

Алла мен құлының арасындағы байланыс – ең маңызды, ең керек байланыс. Бұл байланыс әлсіресе, дүниеден мән кететіндей. Алла мен құлының арасындағы байланыс деп кез келген құлшылық түрін айтады. Бұл мақалада сол байланысты күшейтетін дұға туралы айтамыз.

Дұға – құлы мен Раббысының арасындағы алтын көпір. Бұл да – құлшылықтың бір түрі. Дұға – жан дүниеңді соны жаратқан Аллаға ақтарған сәт. Дұға – алып әлемде әлсіз һәм бейшара екеніңді мойындайтын кезің. Дұға – сол әлемді алақаныңда сыйдыра алатын кезің. Дұға – мұсылманның мықты қорғаны. Бұл мақала дұғаның маңызын жеткізуге тырысып, әдебімен таныстырады.

Дұғаның психологияға әсері

Дұға – адам психологиясына оң әсерін беруші дәрумен. Әркез дұға ететін адам көңілі тоқ һәм жүрегі тыныш болады.

Біріншіден, дұға еткен адам әрдайым позитивті ойлайды. Ал позитивті ой иесі жағымды энергияға толы жүреді. Барлық уайым, қайғы сынды сезімдерді энергия алып қояды. Ал дұға ете алған, жасаған дұғасына сене алған адам негатив ойлардан ада жүреді. Энергия «жейтін» қайғы, уайым сынды сезімдер дұға еткен сайын азаяды. Себебі «Рағыд» сүресінің 28-аятында айтқандай, Алланы еске алу арқылы жүректер тынышталады.

Екіншіден, дұға ету жарқын болашаққа үмітті оятады. Себебі дұға еткен адам келешегіне тек жақсы нәрсені сұрайды. Ертеңіне деген қорқыныштан арылтады. Ал болашақтан қорқу түрлі сырқаттарға, эмоционалды күйзеліске алып келеді. Зерттеулердің нәтижелері де бұны растайды. Зерттеулер бойынша, дұға адам баласының рухани саулығына жағымды әсер етеді екен.

Үшіншіден, дұға ететін адам армандай алады. Қиялдау, армандау – адамның потенциалын аша түсетін, ерік-жігерін көбейтетін бірден-бір құрал. Дұғаның күші тартылыс күшінен кем емес. Арман мен қиялы асқақ адамның мақсаты да биік болады. Өмірге құлшынысы да жоғары болары хақ.

Осылайша дұға адам психологиясына оң әсерін береді. Алладан ғана пана тілеп, оған ғана бас иіп, дұға ету арқылы кез келген адам қайғы-мұңнан, қорқыныштан арылады. Болашағынан зор үміт күтіп, арманы асқақ болады.

Дұғаның маңызы

Адам – әлсіз жаратылыс. Ол әркез қолдауға, қорғанысқа мұқтаж. Алла Тағала ешкімге мұқтаж емес. Шексіз, шетсіз Алла Тағаладан қалағанымызды сұрай аламыз. Алла Тағала әркез жанымызда. Бір күнде жиырма төрт те жеті біздің жанымызда. Алла Тағала келесі бір аятында «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын…» дейді. («Бақара» сүресі 2:186). Осы аят арқылы Алла Тағала дұғаның қандай күшке ие екенінен хабар беріп тұрғандай. «Дұға – құлшылықтың негізі» деген де хадис бар. (1) Бұл хадистен де дұғаның барлық құлшылық түрінің өзегі екенін аңғаруға болады.

Жаратушы түгілі адамнан өзіңізге керек маңызды дүниені сұрарда, сөзіңізді дайындап, асықпай ойланамыз. Ал Әлемдердің Раббысы Алладан өзімізге қажеттіні сұрағанда не үшін әдепке салынбасқа? Сондықтан дұға етудің де өзіндік әдептері бар.

  1. Дұға етудегі шынайылық.
  2. Тазалық.
  3. Алланың көркем есімдерімен дұға ету.
  4. Адал ас ішу.

 

Дұға етудегі шынайылық

Енді осы әдептердің әрқайсына жеке тоқтала кетейік. Ең алдымен шынайылық дегеніміз не? Дұға етуде қалай шынайы боламыз? Шынайылық – жүректегі Алла ғана білетін сыр. Шынайы амалдар – Алланың атымен басталған, Алла үшін ғана жасалған амалдар. Мұндай амалдар тек Аллаға ғана тиесілі. Әрі оны Алла Тағала ғана бағалайды. Басқа ешкімге тиесілі емес амалдың бағасын Алладан өзгенің беруі мүмкін емес. Адамның шынайы амалы үшін өзгеден баға күтуі де ақылға сыймайды. Өзгеден баға күту, оның жауабын күту амалдың шынайы еместігін білдіреді.

Шынайылық дегенді ықылас, шын көңіл деп түсінсек те болады. Алла Тағала Құранда «Әйтпесе оларға да хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, «таухид» сенімімен бір Аллаға риясыз құлшылық ету, намазды кемеліне келтіріп, ақсатпай уақытылы оқу және зекеттерін толық өтеу бұйырылған еді…» делінеді. («Бәйинә» сүресі  98:5) Аталмыш сүреде «хақ дінді шын көңілден толық қабылдап», деген сөздерден-ақ, шын көңілдің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Аяттың жалғасында «риясыз құлшылық» деп, шынайылық мәселесі тағы қозғалып тұр. Алла елшісі (с.а.с) мүбәрак хадисінде: «Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді» дейді. (2)

Ниетіміздің түзу болуына да мән берген абзал. Дұғамызды қандай ниетте сұрап жатырмыз? Жақсылық қалап сұрап жатырмыз ба? Әлде эмоциямен, әлдекімге абайсызда жамандық тілеп қоймадық па? «Жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деп Пайғамбарымыз (с.а.с) сөздің қаншалықты маңызды екенін жеткізген.

Тазалық

         Дұға етуде тазалық маңызды рөл атқарады. Адамның дәретпен болуы – дұға етудің бір әдебі. Дәрет алу ­– құлшылықтардың бірі. Намаздың қабыл болуы, дәреттің дұрыстығына тікелей байланысты. Сол секілді дұға еткенде де адам бойының таза болуы, дәретте болуы маңызды.

«…Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» дейді Алла қасиетті Құранда. («Бақара» сүресі 2:222)

Алланың көркем есімдерімен дұға ету

Алла Тағала Құранда барлық сұрақтың жауабын жасырған. Мәселен, Өзіне қалай дұға ету керектігін де айтқан. Ендеше Құранның келесі бір аятына көз жүргізейік. «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Ендеше, Оған сол есімдерімен үн қатып, дұға етіңдер». («Ағраф» сүресі 7:180) Осы аяттан оқығанымыздай, Алла Тағаланың есімімен дұға етудің артықшылығы басым. Мұндай дұғаның қабыл болу ықтималдығы да жоғары.

«(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар, «Алла» деп атаңдар, қаласаңдар, «Рахман» деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!» – деп айт…»  («Исра» сүресі 17:110) Бұл аяттан да байқағанымыздай Алла Тағаланы ең көркем есімдерімен атап, дұға етудің маңызы зор екенін меңзеп тұр.

Адал ас ішу.

Құлшылықтың қабыл болуы не болмауы ішкен асымызға тікелей байланысты. Дұға – құлшылықтың мәйегі. Сондықтан дұға етудің бір әдебі –адал ас ішу.

Ал Қасиетті Құранда Алла Тағала «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің адал, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер»  («Бақара» сүресі 2:172) Пайғамбарымыз (с.а.с): «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады», – дейді. (3) Яғни, тамақты адалынан жемесек, ол біздің бойымызда сақталады. Содан ол біздің дұғамыздың қабыл болуына, не болмауына жауап береді. Адал тамақпен ғана қоректенген адамның дұғасы қабыл болары сөзсіз.

 

Бата мен дұға

Қазақ салт-дәстүрі мен ислам діні тығыз байланыста. Қазақ мәдениетіндегі Ислам дінімен байланысты рухани қазынаның бірі – бата. (4)

Бата ­– шын жүректен жиі айтылатын дұға түрі. Қазақта керемет мақал бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген дана халқымыз. «Жөн сөз – көңілді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді» дегендей, сөз қадірін түсінген адам қазақ айтылған сөзге, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан өмірдің әр сәтінде бір-біріне тілек тілеу, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлшегі болып кетті. (4)

«Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды. Дәулетті, бақытты, кекшіл емес, кешірімді болуын тілейді. Жерін, елін қорғауға, талапты боп ержетуге талпынтады», – дейді ғалым Серік Негимов.

Бата сөзінің шығу төркіні

«Бата» сөзі «фатиха» сөзінен шыққан. «Фатиха» – Құран Кәрімнің ең бірінші сүресінің атауы. Қасиетті Құран кітабы дәл осы «Фатиха» сүресімен басталғандықтан, «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіретін «Фатиха» атауы берілген. (5)

Халқымыз Пайғамбарымыздың «Фатиха» сүресі жайлы айтқан хадистеріне сүйеніп, дұға жасағанда, Құран бағыштағанда, сауабы ұшан- теңіз «Фатиха» сүресін оқуды әдетке айналдырған. Яғни «Бата» сөзінің дұға ретінде қолданылуы дана халқымыздың Пайғамбар сүннетін ұстану ниетінен туындағаны байқалып тұр. Құран оқып, оқылған аяттардың сауабын марқұмның рухына бағыштау, оған Алладан дұға тілеу- өлі алдындағы ұрпағының борышы. Сондықтан марқұм болғандардың артынан Құран оқылғанда, Құрандағы ең ұлы сүре – «Фатиха» сүресі оқылған. Хасан Басри: «Алла тағала барлық иләһи кітаптардың мазмұнын Құранда жинақтаған, ал Құранның мазмұнын «Фатиха» сүресінде топтаған», – деп айтады. (4)

Бір хадисте Пайғамбарымыз «Фатиха» сүресін «Үммул-Китаб», «Үммул-Құран», яғни «Құранның анасы» деп атаған. (6) Дана халқымыз осы хадисті мақалдатып: «Бата – Құранның анасы, ердің данасы» деп, батаның «Фатихамен» байланысын меңзеген.

«Бата» сөзінің «фатиха» сөзінен шыққанына тағы бір дәлел: Санкт-Петербург университеті кітапханасында сақтаулы көне қолжазба кітаптағы қазақтың бата-тілектері жайлы үшінші бөлімі «Фатһа қазақ. Яғни анлар бата деирлер. Қазақ ділінше» («Фатиха қазақ. Яғни олар бата дейді. Қазақ тілінде») деп тақырыпталған.

«Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деген дана сөз қалған. Себебі бата – дұға, ал дұға өз кезегінде Раббымыздан өз жауабымен қайтарылады. Содан ел көгеріп, дами алады.

Қазақтар жолаушылап келген қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Себебі Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с) «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады: зұлымдық көрген адамның (залымға жасаған теріс) батасы, қонақтың (үй иесіне берген) батасы және әкенің баласына берген батасы», – деген. (7)

«Баталы ер арымас» деген сөзді есепке алып, аузы дұғалы қарттардан бата алып тұрған дұрыс.

«Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін» («Мүмін» сүресі 40:60)

«Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын!» («Фурқан» сүресі 25:77)

Батаның егіз атауы – дұға

Дегенмен бата мен дұғаның өзіндік айырмашылықтары да бар. Төменде бата мен дұғаның айырмашылықтарына тоқтала кетсек:

1) Бата өзге біреуге арнайы игі тілекте болу, ал дұға – өзіне де, өзгеге де Жаратқаннан жақсылық тілеу.

2) Бата көпшіліктің алдында айтылады. Ал дұға көппен бірге айтылғаны секілді көбіне жеке қалғанда айтылады.

3) Бата белгілі бір ортада, белгілі бір уақытта айтылады. Ал дұға кез келген уақытта, кез келген жерде айтылады.

Осы жақтан алғанда батаның өзі дұғаның бір түрі болып саналады. Сондықтан дұғаның қолдану аясы батаға қарағанда кеңірек.

Қалай дұға ету керек

Біз барлық қажеттілігімізді Алладан тілейміз. Бірақ, өкінішке қарай, не сұрайтынымызды қалай сұрайтынымызды білмей жатамыз. Тілеп жатып тілегіміздің дереу орындалуын қалаймыз. Орындалмаған тілекті «қабыл болмады» деп мұңаямыз. Мұндай ниетпен жасалған дұғалар Алла тағала мен құл арасындағы байланысқа жатпайды. Оның әдісі мен әдебіне бағыну – дұғаның қабыл болуының ең негізгі шарттары.

Ең алдымен, дұға еткенде, Алла тағаланың қабыл ететініне шүбәсіз толық сеніммен сұрау қажет. Айтқан дұғаға сенімсіздік танытып дұға етуге болмайды. Өйткені Алла тағаланың ризық қазынасы өте кең әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Қаласа, бір сәтте пақырды патша қылады.

Екіншіден, біз сұрайтын нәрселерді беруге Алла тағаланың құдіретінің жететініне имандай сенуіміз керек. Яғни, «Жаннатты бізге дайындап қоюға Алланың құдіретінің жететініне иман етіп», Одан жаннатты сұраймыз. Сол себепті бұл тек жай ғана қажетіңді сұрау емес. Мұның астарында Ұлы Жаратушының кәміл сипаттары мен көркем есімдеріне иман етіп, оны ұлықтау жатыр. Міне, осындай кейіптегі дұға шынайы құлшылық болып саналмақ, әрі ешқашан кері қайтарылмайды.

Сонымен қатар, дұға еткенде, сенімсіздік танытпай, қайта табанды болу, жалықпай қайта-қайта сұрау керек. Мысалы, мешіттердің алдында қайыр сұрайтындар соншалықты жалынышты халге түсіп, жыламсырап жағдайын айтқан кезде, адам дар оларға міндетті түрде бір нәрсе беру керек деп ойлайды. Яғни, олар жалықпастан сұрайды. Міне, біз де Раббымызға осылай табанды түрде жалбарынуымыз қажет. Сонда ғана бізге Раббымыздың мейірімі түспек.

Дұға шынайы ғибадаттың рухын білдіретіндіктен, адамдар аз болсын, көп болсын, әйтеуір еш уақытта дұғадан қол үзген емес. Алла тағала құлдарының үнін міндетті түрде естиді. Алайда олар кейде білместікпен өздеріне кері әсер ететін нәрселерді сұрайды. Сол себепті олардың сұрағанынан да қайырлысын береді. Ғалымдардың мысал еткеніндей, пенде Ұлы Жаратушыдан ұл бала сұрап жалбарынады. Алайда Жаббар Ие оған әзірет Мәриям секілді қайырлы перзент нәсіп қылады.

Ең жақсы дұға

Әкесіменбаласықармақтарынкөлдіңжағасына қойып, қонақүйге келді. Бір сағаттан кейін қайта барғанда, қармақтарына 4-5 балықтың ілінгенін көреді. Баласы:

– Балықтардың қармаққа ілінетінін біліп едім, – деді.

– Қайдан білдің?

– Дұға еттім, сол үшін білемін. Баласының жауабы әкесіне ұнады. Қармақтарын қайта даярлап, екеуі ерекше қуанышты көңіл-күймен қонақүйге қайтады. Тамақтаныпболып, көлгекелгенде, қармақтарына тағы да бірнеше балық түскенін көреді. Баласы қармақтарға қарап тұрып:

– Осындай болатынын біліп едім, – деді.

– Қайдан білдің?

– Дұға етіп едім, сол үшін білемін. Әкесі мен баласы қармақтан балықтарды алып, қайта суға батырады да, қонақүйге келеді. Түнде ұйқыға жатпастан бұрын, қармақтарына келіп қарағанда, бірде-бір балықтың ілінбегенін көреді. Бала бұл кезде:

– Мен балықтың қармаққа ілінбейтінін біліп едім, – деді. Әкесі баласының берер жауабын шамаласа да:

– Қайдан білдің? – деп сұрады.

– Дұға етпеген едім, сол үшін білдім.

– Неге дұға етпедің?

Жауап адам таңқаларлық еді. Ең маңыздысы да осы емес пе? Бала:

– Қармаққа жем салуды ұмытып кетіппін, сол үшін, – деп жауап береді.  Бұл әңгімеден шығатын қорытынды сол: балықтың да, өзеннің де, қармақтың да, адамның да иесі – Алла тағала. Болған жағдайларға тек бір жақтан ғана қарауға болмайды. Себеп пен нәтижені бірге ойлау керек, адам баласы бүкіл дүниесін берсе де, жаратушы бермеген соң, бір түйір дәнді де жей алмайтындығын, бір тамшы суды да іше алмайтынын ұмытпауы керек.

Себептерге қарай әрекет ету – Оның Рахман қазынасының есігін қағу деген сөз. Бірақ есік қағылмастан ашылмайтындығы секілді, тек қана есікті қағу да оның ашылуы үшін жеткілікті шарт емес.

Есікті қақтыратын да, ақиқатқа ашатын да – Алла. ол үшін дұға шынайы жүрекпен және тілмен жасалғаннан кейін, әрекетпен оңы қолдау керек. Иә, бір нәрсені қалап, тілмен айтқан адам қолын ұзатпаса, қалағанын ала алмайды. Балықты ұстау – тілдің және жүректің дұғасы, жем ілу – әрекеттің және денеміздің дұғасы.

Дұға – мұсылманның қаруы. Дұға – Раббысы мен құлы арасындағы мәміле. Дұғасы болмаса, Алла құлын қалай бағалайды?! Дұғасы арқылы құлы ризашылығын, мадағын айтады. Дұға арқылы мұқтаж екенін көрсетеді. Ал бата –  қазақтың көпшілікке, ең жиі айтылатын дұғасы. Алла ақсақалдардың батасын, ізгілердің дұғасын қабыл етсін!

Жаннұр Таласбаева

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Тирмизи, дағуат 1, н. 3371.
  2. Күдікпен күрестен, Қ. Жолдыбайұлы, 2008 ж
  3. http://mazhab.kz/kk/maqalalar/din-men-dastur/islamdagy-tamaqtanu-adebi-1248/
  4. Баталар, өсиеттер, дұғалар кітабы, Қ. Сұлтанбекұлы, 2021 ж
  5. https://shakhibbeker.ucoz.kz/news/imandyly_isharattary/2019-08-16-982
  6. Тирмизи, Китабутәфсирил-қуран, хадис №3124.
  7. Тирмизи, Бирр, 7.
Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here