Міне, осы Кітапта күдік жоқ. Тақуалар үшін тура жол көрсетуші»
Бақара, 2
Аспанды тіреусіз, жерді тегіс етіп, күллі мақлүқатты бір адамның ырқына бағындырып, дүниедегі әрбір нәрсені мүлтіксіз жаратқан Раббымыз адамзатқа жазған ұлы Хатында өмір сүру нұсқаулығын айқын көрсетті. Бұл айнымас мұғжиза тура жол іздеушілерге бағыт беріп, тас түнекте басқан ізіңе сәуле бітірер нұр іспеттес. Құран – шешендік пен даналықтың алтын көмбесі. Алла Тағала бұл Кітапты тек бұйрықтар мен тыйымдарын жеткізу үшін ғана емес, Абай атамыз айтқандай «Атым адам болған соң, қайтіп надан болайын?!» деп кемелдікке ұмтылған әр пенде үшін мотивацияға толы, қиын қыстау заманында жұбаныш, мәселесіне шешімін берер насихатпен толысқан сыр сандық етіп түсірді. Ұлы Кітаптың ғажайып бір тұсы – бізге дейін өмір сүрген қауымдардың басынан өткізген түрлі оқиғаларын, ардақты пайғамбарлардың парасат жолында кешкен бейнеті мен зейнеті қатар жүрер ғұмырларын, қарапайым адамдар арасындағы тақуалықты ту еткен жандардың Алла жолындағы жанкештілік әрекеттерін көркем баяндау арқылы бейнебір өзің де сол бір тарих сахнасында жүргендей күй кештіретін даналыққа толы қиссалар. Құрандағы қиссалар өзінің ақиқаттылығымен, мазмұнының тереңдегімен және сан ғасыр өтсе де тәлімінің көркемділігімен ерекше. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіне алаңдап, нәтижелі әдіс-тәсілдер іздеп жүрген ата-аналар үшін де Құран Кәрім – нағыз тәлім бұлағы. Ендеше, мақаланы оқымас бұрын Сізден сұраймыз: ең алдымен, бұл мекенде, бұл уақытта жүрегіңізбен болыңыз, пайданы беріп, құпияны Ашушы – бір Алла ғана. Сондай-ақ, мүмкіндігіңіз болса, қолыңызға Құранның қазақша мағынасын алыңыз. Біз Сізді Раббымыздың Сөзіне бірге үңіліп, ғибрат алуға шақырамыз!
Алла Тағала Құрандағы ең ұзын сүре – «Бақара» сүресінде таңғажайып оқиғаларды баяндап, Құдіретін паш ете құлдарына керемет тәрбие береді. Аталмыш сүренің 257-аяты былай басталады: «Алла Тағала иман келтіргендердің Досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады. Ал қарсы болғандардың достары шайтан, оларды жарықтан қараңғылықтарға шығарады. Міне, солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады». Назар аударыңыз! Раббымыз аятты иман келтіргендер жайлы айтып бастап, «Аққа Құдай жақ» деген мағынаны ұсынды. Осы ойды мықтап ұстаныңыз, әрі қарайғы әңгіме осы төңіректе өрбімек. Келесі аятта: «Өзіне Алла патшалық берді деп, Ибраһим (ъ.с) мен Раббы жайында таласқанын көрмедің бе? (Бұл «Құдаймын» деген Бабыл патшасы Намруд) Сол уақытта Ибраһим (ъ.с): «Раббым өлтіреді де, тірілтеді» деді. Ол: «Мен де өлтіремін де, тірілтемін» деп (өлімге бұйырылған біреуді қоя беріп, жазықсыз біреуді өлтіреді) Ибраһим (ъ.с): «Расында Алла күнді шығыстан келтіреді, сен оны батыстан келтірші» деді. Сонда кәпір абыржып қалды. Алла залым елді тура жолға салмайды» деп жалғасады. Мағынасына үңілсек, Алла Тағала Ибраһим (ъ.с) арқылы тірілту Құдіретін айтуда. Ал Сіз оқып отырып «Аллаһым расында қалай тірілтеді?» деген ойға қалмадыңыз ба? Бұл күмәннан туған сұрақ емес, жүректің орнығуы үшін жолданған сауал болса, ойшыл адамның көрінісі. Міне, сондай бір ойшыл, Жаратушысының Қиямет күні қайта тірілтетініне шүбәсіз сенген, алайда сол бір мұғжизаға куә болып, жүрегін тыныштандырғысы келген құлының жайын Раббымыз келесі аятта баян етеді. 259-аятта: «Немесе сондай қабырғалары төбесіне құлаған бір кенттен өткенді көрмедің бе? (Бұл – Ғұзайыр (ъ.с) Ол: «Алла бұны өлгеннен кейін қайтіп тірілтеді?» деді. Алла оны жүз жыл өлтіріп, сонсоң тірілтіп: «Қанша жаттың?»,- деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлімі жаттым» деді. Алла: «Олай емес, жүз жыл жаттың. Енді тамағың мен сусыныңа бір қара! Өзгермеген. Ал енді есегіңе қара! Сені адамдарға үлгі үшін өстідік. Ал енді сүйектерге қара! Оны қайтып құрастырып, сонан соң оған ет кидіреміз» деді. (Ғұзайыр (ъ.с) шіріген сүйектердің құдіретше құралып, ет бітіп, жанданып түрегелгенін көрді). Бұл жағдайдар оған ашықша білдірілгенде: «Сөзсіз, Алланың әр нәрсеге күші жететінін білдім» деді». Иә, бұл шынайы болған оқиға. Тәпсірші ғалымдардың айтуынша, жүрегі Аллаға байланған пенде Иерусалим маңындағы қирандыны көзі шалып: «Раббым мұны қалай тірілтеді екен?» деп ойға қалған [1]. Алайда, бұл бір Раббысына шәк келтіріп, Оны сынамақ болып туындаған сұрақ емес еді. Міне, осы озық ойы үшін Алла Тағала оны мұғжизасын өз денесіне, өз сезіміне орнатуымен ардақтады. Ғұзайыр (ъ.с.) жүз жыл өтіп, ауылына оралғанда, оны, тіпті, өз ұлы танымай қалған. Себебі, әкесі кеткенде, ұлы жиырма жаста ғана болған еді. Ғасырды артқа тастап, қарт кісіге айналған ол үшін өзінен жас адамның «Ұлым!» деуі таңданысын тудырған еді. Бұл сол кезеңдегі адамдар үшін мұғжиза, насихат болды. Бала тәрбиесіндегі әдісті іздеп отырған біздер қандай сабақ алмақпыз? Оны соңында түсінетін боламыз. Құранмен саяхатымызды жалғастырайық. Тоқтаған жеріңізден жаңылмай, әрі қарай оқиық. «Бақара» сүресінің 260-аятында Алла Тағала келесі қиссаны әңгімелейді: «Сонау заманда Ибраһим (ъ.с): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің? Маған көрсетші» деді. Алла: «Маған сенбейсің бе?», – деді. Ибраһим (ъ.с): «Әрине, сенемін. Бірақ жүрегім орнықсын» деді. Алла Тағала: «Құстардан төртеу ұста да, өзіңе үйірлестіріп, сойып араластыр. Сонсоң әр таудың басына бір бөлшегін қой да, сонан кейін оларды шақыр. Дереу саған жетіп келеді. Күдіксіз Алланың өте үстем Хикмет Иесі екенін біл» деді. Ибраһим (ъ.с) бұйрықты орындады. Алланың әмірі бойынша құстар тіріліп келді». Елестеттіңіз бе? Көз алдыңызда сойылып, еттері араласып кеткен, тіпті, әртүрлі таудың қуыстарына жасырылған құстар Жаратушысының күш-құдіретін жар сала қайта тірілді! Яғни, Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың көз алдында Өзі үлгі көрсетті. Мұндай теңдессіз тәрбиені көрген пайғамбардың жүрегі Раббысына құлаған үстіне құлай түсті. Үшінші қиссаны зерделеу үшін Құранның жүрегіне айналған «Ясин» сүресін ашамыз. Осы сүренің соңғы аяттары (76-аяттан басталады) сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) кезеңінде орын алған оқиғаны баян етеді. «Олардың сөздері сені кейітпесін. Әрине Біз олардың көрнеулерін де, көместерін де білеміз. Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қиқарлық істейді. Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: «Міне, шіріген сүйектерді кім тірілтеді?», – деді. Мұхаммед (ъ.с): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол барлық жаратылысты біледі» деп айт» деумен Раббымыз қойылған сұраққа Елшісі арқылы тек сөз айтумен ғана үн қатады. Тәпсірші ғалымдар бұл аяттар дінді мазақ етіп келген Үбәй ибн Халаф немесе Ас ибн Уәйлге қатысты түскен дейді [2]. Жоғарыда айтылған Құранда келген үш қиссаның барысында Алла Тағалаға бірдей сұрақ, яғни «Алла Тағала өлгеннен соң қалай қайта тірілтеді?» деген сауал қойылды. Алайда, Аса Дана Раббымыз 3 түрлі форматта, 3 түрлі әдіспен жауап қату арқылы тәрбиенің 3 түрлі әдісін көрсеткен екен. Яғни, бірінші – адамның өзін сол іс-әрекетке қатыстыру, өз денесімен сезіндіру арқылы саналы түрде түсінуге итермеледі. Екінші – адамның көз алдында іс-әрекетті Өзі болдырып, үлгі ете тәрбиеледі. Үшінші – пенденің сауалына тек сөзбен жауап беруді жеткілікті санады. Біз де баламызды тәрбиелеу барысында позитивті ата-ана моделін ұстанып, тек бір сарынды әдісті қолдана бермей, керісінше тәрбие әдістерін жандандырып отырған жөн. Сондықтан ұрпағымызға үлгі де бола біліп, кейде өздерін сол жағдайға түсіріп, еңбекке араластырып, ал кейде даналықпен бір ғана сөз айту арқылы баламызға айтқымыз келген ойды жеткізе алсақ, қасиетті Кітабымыздан өнеге алғанымыз болар. Мәселен, қарапайым ғана телефон қолдануды алайықшы. Егер өзіміз шектеусіз оны қолдана тұра, баламызға «Балам, телефонды көп ұстама!» дер болсақ, құр сөзіміз өте ме? Ал егер өзіміз де уақытпен сөйлесер болсақ, мұны көрген бала қалай тыңдамасын? Оның зияндығын тәжірибе жүзінде көрсетсек ше? Баламызға, тіпті, қызық болып, арада жылы қарым-қатынас орнамайды ма? Бала тәрбиесіндегі құпия, міне, осы екен. Раббымыздың Өзі көрсеткен әдістерге жүгініп, Одан ғана жәрдем сұрау – тәрбиенің турасына жетелейді. Алла Тағала ата-анаға осындай керемет қиссалармен мотивация берсе, ал біз баламыздың жанына шуақ шашқан, пайдалы тұлға болып қалыптасуына қалай үлес қоса аламыз? Мұндай қадам жасаған ата-ана қандай сипаттарға ие болуы керек?
Баланы жігерлендіру жолдары
- Сыйластық. Сіз үшін балаға қатысты сыйластық деген не? Сіз балаңызды құрметтейсіз бе? Құрметтесеңіз, қандай әрекеттермен? Осы сұрақтарға іштей, шынайы жауап беріп көріңізші.
Сыйлау – баланы Алланың сыйы, аманаты деп қарау. Оның сәби, кішкентай болғанына қарамастан оны сыйлай білу осы сипатқа әкеледі. Біздің қоғамда көбінесе баланы жеке меншік етіп алу белең алған, яғни оны «бала» көріп құрметке лайық көрмеу немесе ерте санау. Баланы мінез-құлқымен толық қабылдап, алайда жақсы қарым-қатынас үшін жұмыстану – сыйластық. Мәселен, балаңыз ұялшақ делік, бірақ сіз ашық жансыз. Әрине, кез келген ана баласының ортасында ашық, жарқын болғанын қалайды. Сол себептен сіз оның осы сипатын қабылдай алмай, оны да, өзіңізді де кінәлауыңыз мүмкін. Бұлай жасаудың қажеті жоқ, керісінше балаңыздың талантты тұстарын зерделеп, дәл соған акцент қою арқылы ортасында сол ерекше қасиетімен пайдалы болуына жәрдемдесу – сыйластық. Осыған қатысты Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында болған оқиғамен бөлісе кетейік. Ансарлардың арасында сондай ұялшақ кісі болған екен. Бір күні Пайғамбарымыз (ﷺ) ұялшақ сахабасына бауырының: «Сенің ұялшақтығың басқа істеріңде зиянын тигізеді. Бұл қылығыңды қой!» деп насихат айтып жатқанын құлағы шалып, жанына келіп: «Тиіспе! Расында, ұят – иманнан!» деген екен [3]. Яғни, Пайғамбарымыз (ﷺ) оны бауырын бар болмысымен қабылдауға шақырды. Шынында, күнәлі іске жетелемеген әрбір ұят жақсылықтан басқа ештеңе әкелмейді екен. Ал баламыз жағымсыз іс жасай қалса, бала мен әрекеттің ара-жігін айыра алуымыз керек. Дін Ислам да адамның олқы іс-әрекеті үшін оның өзін емес, сол амалын ұнатпауды насихаттайды. Яғни, баламызда, оның тұлғасында ешбір ақау жоқ. Ендеше, оның теріс қылығын қалай жеткіземіз? Бұл жерде «Мен» хабарламасы көмекке келеді. «Балам, мен сенің осы әрекетіңді ұнатпай тұрмын. Егер сен осылай істер болсаң, мен қуанар едім!» деп құшағыңызға ала отырып айтар болсаңыз, бала жүрегі мұны әп-сәтте-ақ түсіне қояды. Егер тым ашуға булығып тұрған жағдайда, көмегін тигізер әдіс ұсынамыз. Ашу үстінде артық сөз айтып қоймас үшін дереу басқа бөлмеге кіріп кетіңіз де, екі қолыңызды көз алдыңызға әкеліңіз. Оң қолды – бала, сол қолды – қылығы деп алайық. Қараңызшы, екеуі екі бөлек қой. Енді ойымыздағыны ақтару үшін сөйлесеміз. Оң қолды көтеріп: «Балам, білем, сен жақсысың! Ақылдысың! Мен сені жақсы көремін!», алайда сол қолға қарап: «Бірақ мына қылығың, тіпті, сорақы! Мені ашуландырды!» деген секілді. Мұндай әдіс, ең алдымен, сізді тыныштандырады. Ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болып, ақылмен достастырады. Сабаңызға түскен соң бөлмеден шығып, баланы құшақтап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Балам, ойының қанғанша ойна! Алайда, менің ыдыстарыма тиіспеуіңді сұраймын. Себебі, байқаусызда сынып қалуы мүмкін. Маған ол ұнамайды» деу арқылы балаға өз шекараңызды көрсетесіз. Дәл сол секілді өзіміз де баламызға қатысты оның шекарасын құрметтеп бастаймыз, қарапайым ғана оның бөлмесіне есік қағып кіруден басталады. Бұл «баламыздың өміріне араласпай, оның шекарасын миға құйып алып, бос қою» дегенді білдірмейді. Бұл – сыйластықтың тармағы ғана, керісінше қарым-қатынас нығая түсуге қадам.
Сондай-ақ, көзайым болған баламызға айтар сөзімізге де абай болған жөн. Тіпті, еркелету сөздерінің өзін орынды қолдану қажет. Біздің әр сөзіміз періштелер тарапынан жазылатындықтан, сондай-ақ ата-анасының жылы сөзі бала үшін дұға іспеттес болғандықтан әдемі еркелету дұрыс саналады. Ал ата-ананың балаға жасаған дұғасы кері қайтарылмайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Хасан мен Хусейн немерелерін «Жәннаттағы райхандарым» деп еркелетсе, «Константинопольды азат етуші» – Мұхаммед әл-Фаатихты бала күнінен анасы қалай атағанын білесіз бе? Пайғамбарымыздан (ﷺ) жеткен: «Константинополь міндетті түрде ашылады. Оны алған қолбасшы қандай игі еді! Оның әскері қандай керемет!» деп әр сахаба мен күллі мұсылманның жүрегінде «Игі адам» болуға деген отты маздатып қойған хадис Мұхаммед әл-Фатих анасының да көңіліне жаға кетіп, үміт сыйлаған еді. Міне, сол мақсатта батыр ұлына үнемі «Сен Константинопольды аласың!» деп әрі еркелетіп, әрі нағыз жігер берген. Аяулы анасынан осындай қолдау көрген бала қалай батыр болмасын, ендеше?! Ал Меккедегі жүрек тебірентер Құран оқып, әсем қырағатымен талай адамның дінде тереңдей түсуіне себепкер болған, Қағбаның бас имамы Абдул-Рахман Судәйс жайлы естуіңіз бар ма? Асылында, қасиетті мекенде, әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын миллиондаған адамға имам болып, кез келген сұрақты қанағаттандырып жауап берерліктей білім иесі болу қиынның қиыны түсінген адамға. Ең басты шарт – Құранды толық жатқа білетін хафиз әрі қырағаты, дауысы әсем болуы. Мұнан бөлек қаншама міндеттері тағы бар. Енді ойлаңызшы, ол кісі мұндай дәрежеге қалай жетті? Раббысын таныған анасы, тіпті, ұлы тентектік жасаған кезінде «Қағбада имам болғыр, Судәйс!» деп «қарғаған» екен. Міне, ата-ананың дұғасы қабыл деген осы болса керек!
- Тамсану. Негізі Алланың жаратқан әрбір жаратылысы таңданыс тудырады ойлы адамға. Баламызға көз салар болсақ, оның әр тәтті қылығы тамсандырмай қоймайды. Бірге ойнаған, уақыт өткізген кездері оның тапқырлығына тамсана тілге тиек етіп отырсаңыз, оған жақсы әсер етеді. Мәселен, далада жүрген сәттеріңізде, табиғат аясында Алланың шеберлігіне тамсанып, балаңызбен бөлісер болсаңыз, таңдануды сіңдіресіз. Бұл қасиет баланың эмоционалды интеллектісін арттырады, ол өз кезегінде тәрбие процесін жеделдетеді. Мұның сырын түсінген Жапония елі мектептерінде табиғатқа тамсану сабағын өтеді екен [4]. Табиғатқа парасатпен қарап, таңдана білген бұл әрекеттерінің әсері – олар табиғаттың 240 реңін ажыратып, 40 түрлі түсті тани алады. Пайғамбарымыз да (ﷺ) сахабаларының ерекше қабілеттеріне тамсанып, олардың жетістікке жетуіне қанаттандырып отырған. Біріне «Жәннаттағы қадам басқаныңды естідім» десе, енді бірінен Құран оқып беруін сұрап, Алланың Өзі атын атағанын айтқан. Сонымен қатар, баланың ата-анасына тамсануы да маңызды. Себебі, бұл баланың ата-анасына ұқсағысы келуіне, олардың жақсы әдеттерін қайталауына әкеледі. Мәселен, Құраннан бір аят жаттасақ та «Аллаға шүкір, мен бүгін бір аят жаттадым!» деп баламызға айтар болсақ, жетістік екенін сезініп, тамсана қарайды. Немесе дәмді тамақ пісіргеніңізді айта кетсеңіз, бұл да бала көңілін тамсандырады.
- Шартсыз махаббат. Баланы ешбір жетістігінсіз-ақ, бар болғаны үшін жақсы көру – шартсыз махаббат. Өмір тек жеңістен тұрмайтыны секілді баламыз да кейде сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Мәселен, сабақтан 2 алып келген баламызға ұрыспай, мән-жайды анықтап: «2 алу үшін де еңбектену керек шығар. Ертең 5 алып келетініңе сенемін!» деп жігер беріп, сабақта қиындық тудырған сұрақтарына көмек беріп жіберер болсақ, үлгерімін жақсартуға тырысатынын өзіміз де байқай аламыз. «Егер 5 алып келсең, мен саған кәмпит беремін» деген секілді шарт қою, баланы тек бірнәрсе үшін жасауына алып келуі мүмкін. «Балаңды 7 жасқа дейін хандай көр» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Махаббатымызды білдірудің бір түрі – құшақтап, сүю. Тіпті, қолымызбен баламызды сипалаудың өз мағынасы бар екен. Мәселен, баланы желкеге жақын тұсынан сипау – мейірімді білдірсе, басының жоғарғы жағынан сипау – «Басымдағы тәжім» дегендей намысты көрсетеді. Маңдайынан сипау – тыныштық сыйлайды. Бетінен сипау – сағыныш. Қолынан ұстау – қолдауды білдіреді. Баланы сүю түрлері: басынан сүю – құрмет, екі қасының ортасынан сүю – сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті. Ал қолынан сүю – оның тұлғалығын ардақтауды білдіреді. Егер баланы күніне кемі 7 рет құшақтау – жылулық нышаны.
- Үміт ету. Баланың болашағынан ештеңе талап етпестен үміт күту – баланы қанаттандырудың бір жолы. Жоғарыда айтқан аналар тарапынан болған керемет оқиғалар үміт етудің нағыз көрінісі!
- Достық. Баламен тек ата-анасы ретінде ғана емес, қиналған сезімдері мен қуанышын, мұңын қысылмай бөлісе алатын досы болу маңызды. Бұл ата-ана мен бала арасындағы жақындықты, сенімді білдіреді. Баламен достық қатынас орната алу үшін күнделікті 20 минут онымен тілдесу керек. Бұл әдеттегінше сабағын сұрау емес, ішкі халін, күнінде орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісу. Пайғамбарымыз (ﷺ) мен қызы Фатима анамыздың арасы жақын болғаны сондай, олар кез келген қуанышы мен ешкімге айтпаған сырларын бөлісе алды. Сондай оқиғалардың бірі – Пайғамбарымыздың (ﷺ) Раббысына аттанар сәтіне жақын күндері орын алған еді. Фатима анамыз әкесін зиярат етуге келгенде, Алла елшісі (ﷺ) оны жанына шақырып алып, құлағына бірнәрсе сыбырлайды. Мұны естіген Фатима анамыз көз жасына ерік береді. Жылағанын көрген Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы да сыбырлайды. Сонда Фатима анамыз шаттанып, күлімсірейді. Айналасындағы адамдар аң-таң қалады. Артынан Айша анамыз Фатима анамыздан жылап, кейін күлуінің себебін сұрағанда: «Мен Пайғамбардың сырын жая алмаймын» деп жылы жауап береді. Бұл құпияны тек Пайғамбарымыз (ﷺ) өмірден озғанда ғана ашады, басқаларға ғибрат болсын деген мақсатта болса керек. «Алла елшісі (ﷺ) алғаш рет құлағыма сыбырлағанда: «Жәбірейіл (ъ.с) әр жылы маған Құранды басынан аяғына дейін бір рет қайталататын, ал бұл жылы екі рет қайталатты. Осыған қарағанда, менің өлім сәтім таяды-ау» деді. Сонда мен жылап жібердім. Ал екінші мәрте сыбырлағанда: «Отбасымның ішінде бірінші боп маған жолығатын сенсің», – деді. Мұны естіп қуанып, күлдім!» деп баяндап береді [5]. Бұдан бөлек Пайғамбарымыз (ﷺ) Әли мен Фатимаға, Хасан мен Хусейнге қарап: «Мен сендерге қастасқанға қаспын, достасқанға доспын!» [6] деген сөзімен достық сезімін анық білдірген. Қызына деген махаббаты ерекше Пайғамбарымыз (ﷺ) оны өзінің бір бөлшегі санады.
- Гармония. Өз өзімен үйлесімділікте болған адам басқаларға да құрметпен қарай алады. Жан-дүниесімен гармонияда болған ата-ана баланың жан-дүниесін ұғынуға тырысады, оның әрекеттері үшін айыптауға асықпайды. Сондай-ақ, баламен жасанды болмайды, бар-болмысымен шынайы қатынас жасайды.
Міне, жоғарыда келтірген барша сипаттар ата-ана ретінде бізді жетістікке жетелейді. Бұл тәрбие процесіндегі тың әрі Жаратушымыздың Өзі тәлім еткен, Пайғамбарымыздың (ﷺ) амалында болған әдістер. Егер әрбіріміз отбасымызды бүтін қоғамның жүрегі деп санап, өзімізбен жұмыс жасауға, ұрпағымызға саналы тәрбие беруге «бас қатырар» болсақ, «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыздың өсиетінен сабақ алғанымыз болмақ. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, бүкіл ағза сау болады. Ал егер ол бұзылса, қалғандары да бұзылады» деді емес пе?! Ендеше, ұрпақ тәрбиесін әрбір отбасы өзінен бастағаны жөн. Мақаламыздың соңында бала тәрбиесіне қатысты лайфхак ұсынғымыз келеді: құлшылықта немесе күнделікті нәпақа табуда шаршап, әлсіреген сәтіңізде балаңызға қараңыз. Ойлаңызшы, оның салиқалы ұрпақ болуы үшін қолдарыңыз талғанша дұға жасасаңыз, асы адал болсын деп маңдай тер төксеңіз, Раббымыз жайған алған бос қайтарудан ұялатыны себепті шаршау жемісін балаңыз өскенде көрсеңіз, неткен ғанибет! Тіпті, өмірден өткен соң да артымыздан үзілмейтін сауаптың бірі – ата-анасына дұға етер ұрпақ емес пе?! Бұл мақаламыз да сізді жігерлендіреді деп сенеміз!
Дана Талғатқызы
Дереккөздер
- http://taglym.kz/component/k2/item/1247-fatima-alla-elshisini-yzy.html