, ,

Күн батыстан шыға ма?

igz Avatar

Бұл сауал көп адамды ойландыратыны хақ. Әдетте біз қияметтің үлкен белгілерінің бірі күннің батыстан шығуы екенін естіп, біліп жатамыз. Ал бұл шыныменде қалай жүзеге аспақ? Дәуірлер бойы шығыстан шығып келе жатқан күн қалай батыстан шығуы мүмкін? Осы секілді сұрақ көпшілік көкейін мазалайтыны анық. Біз осы мақалада ғылыми тұрғыда һәм ислам көзқарасы бойынша айтылған тұжырымдарды келтіріп, аталмыш сауал турасында сөз қозғаймыз.

Кей адамдар 2012 жылы неліктен ақырзаман болады деп даурыға қалды? Ал неге кейбір ғалымдар оны жоққа шығарды? «Жәнібеков әсері» аталған зерттеу не үшін он жылдай құпия сақталды?

Сіз бәлкім ғаламтор желісінен болтынан босап шығып, айналып келе жатып өз осін біресе оңға, енді бірде солға ауыстыра беретін сомынның (гайка) бейнетаспасын көрген шығарсыз. Сондай-ақ бұл қимыл белгілі бір уақыт периодында жалғаса беретінін байқаған да боларсыз.

Анығында бұл гравитация (тартылыс күші) кездеспейтін жерде орын алатын құбылыс саналады. Ол көбіне ғарыш бекеттерінде көрініс табады. Ал аталмыш осы құбылыс «Жәнібеков әсері (эффекті)» деп аталған. Кей жерде оны «Теннис ракеткасы теориясы» деп те жатады.

 

Тарихта болмаған тапсырма

Жәнібеков деген кім? Оның атына берілген физикалық құбылыс қалай, қашан орын алған? Осы сұрақтың жауабын білгіңіз келсе, келесі абзацқа өтіңіз.

Бұл ғарыш тарихынан ерекше орын алатын жайт болды. Сол қызық дерек туралы аз-кем ақпарат бере кетелік. 1985 жылы 12 ақпанда КСРО-ның ғарыш басқару орталығының «Салют-7» орбиталық бекетімен байланысы үзіледі. Ол кезде ғарыш бекеті автоматты режимде ұшатын. Бортта нақты не болғанын, ненің істен шыққанын Жерден анықтау мүмкін болмады. Станцияның толық істен шығуы мүмкін емес болған. Өйткені оптикалық құрылғымен жасалған бұл ғарыш кемесі тұтас әрі сапалы жасалған маңызды обьект саналды.

Осы кезде Кеңестік техниканың деңгейі көрінді. 1982 жылы сәуірде орбитаға шығарылған «Салют-7» бекеті өз уақытында озық ғарыштық техника саналған. Бұл «Ұзақ мерзімді орбиталық станция» («Долговременная орбитальная станция» (ДОС) жобасының екінші буыны болды. «Салют-7» пайдалану мерзімі 5 жылға есептелген: бұрын мұндай ұзақ мерзімге пайдалану үшін бірде-бір орбиталық кешен жасалмаған.

Сексенінші жылдардың басында Кеңес Одағы орбиталық станциялардың арқасында жоғалған ғарыш бағдарламасындағы «ай жарысынан» кейінгі кем-кетігін толықтырып отырды. Ал Америкалықтар болса ұзақ уақыт бойы орбитаны толық бағындыра қоймаған Space Shuttle бағдарламасымен шұғылданып жатты. 1984 жылдың қазан айында Леонид Кизим, Владимир Соловьев және Олег Атьков аттанған «Салют-7» үшінші негізгі экспедициясының экипажы бір ғарыштық ұшудың рекордын сол кезде 237 күнге жеткізді. Бұл сол кездегі фантастикалық көрсеткіш еді.

Содан жоспарланған ресурстың аяқталуына екі жыл қалғанда, станция орбитада ұшқан «өлі металлға» айналды. Солай КСРО-ның жерден басқарылатын ғарыш бекетіне қауіп төнді.

Енді осынау «өлі бекетке» экспедиция жасау қажет. Мамандар арасында бекет жөнделмейді деп санап, болған жайтқа көне салуды ұсынғандар көп болған. Бірақ көпшілік басқа нұсқаны қолдады. Ол – «Салют-7» станциясына құтқару экспедициясын жіберу.

Космонавтика тарихында бұрын мұндай батыл қадам орын алмаған. Енді тұтас экипажға сигнал бермейтін, оның үстіне ғарышта ретсіз айналып жүрген өлі станцияға баруға тура келді. Жай бармай өздері мінген ғарыш кемесі мен бұзылып тұрған бекетті түйістіріп, жапсыру керек болды. Содан соң оны жөндеп шығу қажет.

Расында тәуекелдің жүгі ауыр. Өйткені ғарышкерлер станциямен соқтығысуы мүмкін. Не олар түйісіп, оған мәңгілікке тұрып қалуы ықтимал немесе «Салют-7» станциясында өрт болған жағдайда зиянды заттардан уланып, бақилық боп кетуі де мүмкін еді.

Мұндай тапсырма арнайы дайындықты қажет етті, бірақ оны орындау уақыты өте шектеулі болды. Баллистиктер «Салют-7» баяу төмендеп, шамамен алты айдан кейін орбитаны тастап кетеді деп болжаған. Содан кейін қаңбақ шалдай қалқып жүрген станция қалаған жаққа құлауы мүмкін деген пікір де айтылды. Бәлкім ол ірі қалалардың біріне немесе алып атом электр станциясының біріне құлар ма еді?!

Мұндай жауапты тапсырманы орындауға кімдер барады? Кімнің тәуекелі жетпек?

Экспедицияға бортинженер бірден таңдалды. Ол – Виктор Савиных. В. Савиных – Сергей Королевтің бұрынғы ОКБ-1 тәжірибелік машина жасау орталық конструкторлық бюросында 20 жылдай қызмет еткен тәжірибелі маман. Ресей космонавтикасының негізін салушылардың бірі Борис Раушенбах Савинихтың тікелей басшысы болды. Виктор Савиных бөлімі ғарыш аппараттарын басқару жүйелерін және «Союз» ғарыш кемесі мен «Салют» станциясына арналған оптикалық аспаптарды жасаумен айналысқан. Ал ғарышкерлер корпусында Салют-7-ні жақсы білетін одан басқа адам болған жоқ.

Экипаж командиріне ауыр міндет жүктелгелі тұрған еді. Дәлірек оған екі ғарыш кемесін қолмен басқару арқылы түйістіру керек болды.

 

(«Союз Т-13» пен «Солют-7» бекетінің түйісу сызбасы. Дереккөз: @planetarium_mos)

 

Бортинженер негізгі үміткердің есімі белгілі болғанымен, тағы бірнеше кандидатпен жаттығу өткізген. Ендігі таңдау Владимир Жәнібековке түсті. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, полковник Владимир Жәнібеков – төрт мәрте ғарышқа ұшқан һәм төтенше жағдайларда бірден-бір дұрыс шешім қабылдай алатын беделді маман.

Бірақ Жәнібеков орбитадан 1984 жылдың шілдесінде ғана оралған. Сондай-ақ тағы да ғарышқа ұшу үшін медициналық комиссиядан өтуге мәжбүр болды. Дәрігерлер Жәнібековке 100 күннен аспайтын экспедицияға рұқсат бергенде, экипаждың жасақталғаны белгілі болды.

Енді олар зымыранға қарсы қорғаныспен түйісу міндетін сәтті орындау қажет. 1985 жылы 6 маусымда Мәскеу уақытымен 10:39-да Байқоңырдан «Союз Т-13» ғарыш кемесі әуеге көтерілді. Жалпы Кеңестік баспасөзде ғарышқа кезекті бір зымыранның аттанғаны хабарланды. Бірақ оның үлкен мақсатпен ұшып бара жатқаны айтылмаған. Бірнеше аптадан кейін ғана журналистер Кеңес халқына бұл сапар бұрынғылардан өзгерек екенін жеткізе бастайды.

8 маусымда ғарышкерлерге «Салют-7» станциясымен түйісу тапсырмасы жоспарланған болатын.

 

(«Солют-7» (2017) фильмінен. Реж: Клим Шипенко)  

 

Тарихта тұңғыш рет ғарыш кемесін өзі сынды тағы бір объектіге бағыттау (қосу) зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) арқылы қамтамасыз етілді. Сексенінші жылдардың ортасында бұндай дерек баспасөз үшін таңсық болғаны анық.

Жәнібеков пен Савиных «Союз Т-13» кемесін «өлі станция» аталған «Салют-7-мен» сәтті түйістірді. Өлімге бас тіккен ғарышкерлер үшін бұл тапсырманы орындау оңай болмаған. Екі кемені түйістіргеннен кейінгі минуттарды бортинженер былайша еске алады: «Сол кезде бір-бірімізге қарап, қуана берсек те болар еді. Әйткенмен біз олай етпедік, өйткені ішімізде бұл сезімге енді орын қалмаған еді. Шиеленіс, шаршау, ештеңені түзету мүмкін болмайтын кезде дұрыс емес нәрсені жасаудан қорқу… Бәрі, бәрі мидан шықпай қойды. Біз тапсырма сәтті орындалғанын көріп, орындықта жай үнсіз отырдық. Тек толқудан қызып кеткен бетімізден тұзды тер ағып жатқан-ды…»

Ал Жәнібеков болса: «Мен ғарыш кемесін қолмен басқара алатынмын. Бірақ тапсырма ойдағыдай іске аспай қалғанда, басымыз салбыраған күйде қайта кетер ме едік. Дәл осы жайт орын алса, кі-үш күнде есептеу бойынша кеме Үнді не Тынық мұхитына құлайтын. Ал Виктор екеуміз жерге түсер едік», – деген. [1]

«Жәнібеков әсері» жайында не білеміз?

Владимир Жәнібеков 1942 жылы 13 мамырда Қазақ КСР Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы Ескендір ауылында туған. (Қазіргі таңда бұл елді мекен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысына қарайды). Әкесі – Александр Крысин. Сіз бәлкім ғарышкердің тегі неліктен қазақша деп таңданып отырған боларсыз? Айтайық, кейінірек Владимир Александрович отау құрғаннан кейін әйелі Лилия Жәнібекованың тегін алған. Ал ол этнограф Абдул-Хамид Жәнібековтің немересі еді.

В. Жәнібеков –  бұрынғы КСРО-дағы ұшқыш, ғарышкер маман. Авиация саласының генерал-майоры. Ол 1982 жылдың 19 сәуір күні «Салют-7» ғарыш бекеті протон тасығыш зымыранымен ғарышқа сапар шеккен. Ал 1985 жылдың 12 ақпан күні жарты жылдай экипажсыз қалған бұл бекетпен байланыс бұзылады. Содан соң басқару орталығы «Солют-7-ні» құтқару жайында шешім қабылдаған. Артынша 1985 жылы 6 маусым күні Владимир Жәнібеков пен Виктор Савиных басқарған «Союз Т-13» ғарыш кемесімен экспедиция ұшырылады. Жоғарыда айтқандай бұл тапсырманы орындау оңайға соқпаған. Дегенмен тәуекелден тайсалмаған қос ғарышкер соңында жақсы нәтиже көрсетеді.

Владимир Жәнібеков «Солют-7» ғарыш бекетін жөндеу кезінде бір ғажап құбылысқа куә болған. Ол сомынды (гайканы) алып бұрап отырады. Сол сәтте тартылыс күші жоқ ғарышта салмақсыздық күйінде ол әрбір 40 см-ден кейін 180 °C-қа бұрылып, тағы кішкене ұшып тағы 180 °C-қа бұрыла бере береді. Белгілі бір периодпен қозғала берген сомынға сырттан келетін бір күш әсер етіп жатты деу дұрыс болмас. Өйткені ол тартылыс күші жоқ орында айналым жасап жатты. Осынау процес үздіксіз қайталана берген соң, Жәнібеков бұған таңырқап, Жердің пішініне ұқсас пластелинге сомын (гайка) бекітеді. Сөйтіп, оны да айналдырып, тағы да дәл сондай нәтиже алады. Салмағы жоқтай әуеде қалқыған дененің айналу осін қандай да бір сыртқы күш қарама-қарсы бағытқа өзгерте берген.

Тапсырма орындалған соң Жәнібеков жерге қайта оралады. Сол кезде өзі көрген құбылыс жайында әріптестеріне айтқан. Содан Кеңес ғалымдары бұл құбылысты зерттеп, оны ғарышкер құрметіне «Жәнібеков әсері» деп атады. Уақыт өте мамандар Жер шары да осылай аударылуы мүмкін деген байлам жасапты. Қызығы бұл мәлімет көпшілік жария етілмей, 10 жылға құпия сақталған.

Енді сұрақ: Осынау зерттеуді неліктен Кеңес Үкіметі құпия ұстап, істің бетін жаба салды? Себебі мұндай құбылыс орын алса, Жер бетіндегі тіршілік жойылуы мүмкін деген тұжырым  айтылды. [2]

 

«Теннис ракеткасы» теориясының қандай ерекшелігі бар?

Біз жоғарыда бұл құбылыс «теннис ракеткасы» теориясы деп те аталатынын айттық. 1989 жылдары «Dynamics and Differential Equations» деп аталатын журналда осы теорияға қатысты зерттеу жұмысы жарияланған. Зерттеуде ғалымдар неліктен теннис ракеткасы өзгешелеу құбылысқа ие екендігін математикалық есептеулермен түсіндірген.

Біз енді ракетканың ерекшелігін мысалмен жеткізелік. Үстел теннисіне арналған ракетканы алайық. Оның айналатын үш осі бар. Біріншісі ұзыннан бойлай айналады. Ол ракетканы сабынан қолға ұстап тұрып, оңға және солға айналдырғанда көрінеді. Екінші түрі орта тұстан, яғни ракетканы екі жағынан жалпағынан ұстап айналдырумен жүзеге асады. Үшінші тігінен айналу. Яғни пышақ жүзі сынды ракетканы үстелге қырынан қойғанда тік тұрады. Дәл солай қолға ұстап, айналдырамыз.

Бірінші ось бойынша айналдыра бастағанда ракетка тез-тез айналады. Себебі масса симметрия бойынша жақын орналасқан. Ал үшінші ось бойынша айналдырсақ, ракетка жай айналады. Өйткені масса центріне масса симметрияны бойлай алысырақ орналасқан. Сондай-ақ ешбір артық қозғалыссыз айналым жасайды. Ал қызығы екінші ось бойынша айналдырсақ, алдыңғы екеуіне қарағанда ерекше айналым жүзеге асады. Ауаға лақтырсақ, тігінен ол тағы да жарты айналым жасайды. Бұдан арылу мүмкін болмай қалады. Дәл осы құбылыс ракеткадан бөлек, телефонды осылай айналдырсақ та сондай жарты айналым пайда болады. Дегенмен мұндай жарты айналымдар барлық құралда бола бермейді. Мысалы, жабысқақ таспаны (скотч) айналдырсақ, кәдімгідей еш өзгеріссіз айналатынын көреміз. Бұлай айналдыру үшін үш осінен айналдыру бір-біріне ұқсамауы қажет.

Теннис ракеткасының теориясы түсінікті болған шығар. Енді бір тарихи қызыққа тоқталайық. Анығында физикалық талдаулар осыдан 150 жыл бұрын Луи Пуансо деген математик ғалымның түсіндірме жұмыстарында берілген көрінеді. Десе де тек өткен ғасырда ғана ғарышқа зымыран ұшырылып, мамандар осындай құбылысқа куә болған. [3]

 

Жер ғаламшары да басқа жаққа айналып кетуі мүмкін бе?

Қош. Біз жаңа Владимир Жәнібековтың пластелинге сомын бекітіп тәжірибе жасап көргенін айттық. Оның пішіні Жер шарына ұқсас болған. Жердің де бірнеше осі бар. Бірақ неге ол басқа жаққа айналып кетпейді деген орынды сұрақ туады.

Кейіннен Жәнібеков куә болған құбылыс жұртшылыққа тарай бастаған шақта батыстағы ғалымдар мұны қарапайым классикалық механиканың заңы деп көрсеткен. Яғни олар бұны қатты дененің әртүрлі үш негізгі инерциялық сәті мен қозғалысы деп түсіндіреді. Ғалымдар аралық осіндегі айналымның тұрақсыздығы туралы әуелден белгілі дүние, сондай-ақ мұны жоғарыда айтқан қарапайым теннис ракеткасының мысалымен түсіндіруге болады деген тұжырым айтқан.

Қазір сәйкесінше Жер планетасы қалыпты иннерциялық сәтпен өз осінде айналым жасауда. Кейбіреулер әу баста біздің ғаламшар да Жәнібеков көрген сомындай басқа жаққа айналып кетіп, тіршілік жойылуы мүмкін деген тұжырым да айтқан. Кейін бұл жоққа шығарылып, Жердің Жәнібеков әсеріне сәйкес аударылуы мүмкін еместігін хабарлады. Бұған толығырақ тоқталамыз.

Есіңізде болса, әлемнің көп жерінде 2012 жыл ақырзаман жылы аталды. Сол кезде кей ғалымдар осы тұжырым бойынша Жер 180 °C айналып кетуі мүмкін деп қауіптенген-мыс. Расында планеталар неге айналып басқа бағытқа айналып кетпейді? Осынау ғылыми сұраққа жауап ретінде біз Дональд Петтит жасаған тұжырымды ұсынып көрелік.

Дональд Рой Петтит – американдық инженер-химик, НАСА-ның ғарышкер маманы. Ол өзінің 2003 жылғы зерттеуінде микрогравитация аймағында сұйықтықтың энерция моментіне әсерін зерттеген. Ғалым іші сұйықтықпен толтырылған ыдыстарды алып, оларға зерттеу жүргізеді. Негізінде үш басты осі бар делінген теннис ракеткасы сияқты айналуы қажет болған обьекттер бірінші және үшінші осінде айналып келе жатып, екінші осінде айналуын бастағанда оның айналымы сол күйі өзгеріссіз жалғаса берген. Одан кейін де осьтен ауытқымай солай айналым жүре береді. Ал планеталар арасында магма, вулкан сияқты сұйықтықтар негізінде ғалым пайдаланған ыдыстар ішіндегі сұйықтықтай оларға әсерін тигізеді. Сондықтан барлық дерлік планеталар екінші осінен айналуларын тоқтатпайды. Яғни солай бір қалыпты жоймай айналым жасай береді. [3]

 

Бұл жөнінде Ислам не дейді?

Осы орайда қиямет белгісі саналатын Күннің батыстан шығуына тоқталайық. Алла елшісі (с.а.у) былай деген: «Күн батыстан шықпайынша қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман етеді. Оған дейін иман етпеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні еткен имандары пайда бермейді». [4] Расында Күннің батыстан шығуы тура мағына бойынша жүзеге аса ма, жоқ әлде басқалай бола ма, ол Аллаға мәлім. Бірақ біз оның болатынына кәміл сенеміз. Ал кей Ислам ғалымдары бұған түрліше пікір айтқан. Мәселен Ибн Касир: «Егер кәпір адам осы сәтте иман келтірсе, оның амалы қабылданбайды. Ал, бұрын иман келтірген адам ізгі амалдар жасаған болса, үлкен пайдаға кенелді. Ал егер күнәһар болып тәубе етсе, тәубесі қабыл болмайды», – деген. Ғалымның бұл сөзінен біз қияметке дейін ашық тәубе есіктері күн батыстан шыққан сәтте жабылатынын, ол кезде жасаған тәубе мен құлшылық қабылданбайтынын аңғарамыз. Сондықтан біз қазіргі кезде руханиятымызға, амалдарымызға мән беруіміз қажет.

«Жәнібеков әсеріне» сүйенген кейбір Кеңес ғалымдары Жер планетасы кез-келген уақытта аударылуы мүмкін деп айтқанын келтірдік. Ал батыс ғалымдары керісінше, Жердің айналуының тұрақтылығын классикалық механиканың заңымен түсіндіріпті. Сонымен қатар ғарыштағы салмақсыздық күйінде тәжірибе де жасаған.

Жоғарыда атап өткеніміздей классикалық механиканың 3 негізгі энерциясына сәйкес, қатты денелер екі жағдайда тұрақты тек бір жағдайда ғана Жәнібеков әсеріне сәйкес қозғалады. Демек ғарыштағы салмақсыздық күйінде Жер планетасының айналуын бір құдіретті күш адамзатқа қолайлы энергиямен қозғалысқа келтіріп, оның осінің тепе-теңдікте сақталуы үшін жанына Айды серік еткен. Әрине құдіретті күштің кім екені оқырманымызға аян болар. Ай өзінің гравитациялық күшімен Жердегі биосфераға әсер етіп, Жердің магнит өрісін өзгертеді. Ал айдың ырғағы судың көтерілуі мен қайтуына, ауаның қысымына, температураның өзгеруіне, желдің қозғалуына дейін әсер етіп жатыр. Ай Жердің айналуын тепе-теңдікте ұстайды деген тұжырым да бар ғылымда. Себебі Ай кішкентай болғанмен, Жердің анағұрлым үлкен серігі саналады. Жердің диаметрі – 12 742 км болса, Айдыкі – 3 474 км. Дәл осы айырмашылықпен планетологтар Ай Жердің тұрақталуына һәм өз орбитасынан және өз осінен ауытқымауына әсер етеді деп тұжырым жасаған. Ал күн жүйесінде тек Меркурий мен Шолпанның ғана серігі жоқ. [2]

«Күн де оларға бір айғақ: ол өзінің жолымен, болмыстағы мінсіз жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, өзі үшін белгіленген ақтық межеге қарай ағызып кетіп барады. Бұл – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы) және Алим (бәрін лайықты түрде білетін, шексіз ілім иесі Алланың) жазуы. Сондай-ақ, (жылдардың саны мен уақыттың есебін біліп жүрулерің үшін) айға да бірқатар кезеңдер (яғни, белестер, фазалар) межелеп қойдық. Ол (сол межелі кезеңдерден өте келе) құрма ағашының әбден қуарып иілген бұтағына ұқсаған әуелгі қалпына қайта түседі. Күннің айды қуып жетуі лайықсыз, сондай-ақ түннің күндізді басып озуы да мүмкін емес. (Күн мен ай сынды) өзге жұлдыздар да әрқайсысы өз жолымен көк кеңістігінде жүзіп барады». («Иәсин» сүресі, 38-40 аят)

Бұл аяттарда Күн мен Айдың белгіленіп қойған бір тұраққа қарай жүзіп бара жатқаны һәм мезгілі жеткенде бұлар бір жерде түйісетіні айтылған. Яғни Ай серігі болған Жердің тартылыс күшінің аумағынан алыстайды да, Жердің айналуы осі бұзылады. Сонда «Жәнібеков әсері» орын алуы мүмкін. Бірақ бұл бір жай ғылыми болжам ғана. Нақты солай болады деу қиын. Расында барлық ақиқат Аллаға ғана аян.

Күннің батыстан шығуы – қияметтің үлкен белгілерінің бірі дедік. Егер «Жәнібеков әсері» қайталанса, айналу осьстері өзгеріп, Жер аударылар еді. Алайда дәл сол кезде Күн батыстан шыға ма, процестің бәрі Жәнібеков әсеріне сәйкес орын ала ма, жоқ па, оны бір Алла ғана білуші. Біз тек ғылыми тұжырымдарға сүйеніп, іздене аламыз. Десек те Күннің батыстан шығуы ақиқат. Сонымен қатар Алла өзін Құранда екі батыстың да, екі шығыстың да Раббысы деп атаған. «Ол екі шығыстың да, екі батыстың да Раббысы. Ендеше, (ей, жындар мен адамдар) Раббы-ларыңның қай нығметін жоққа шығара аласыңдар?» («Рахман» сүресі, 17-18 аят) Міне бұл аят та адамды ойландырып, ізденіске шақырады.

 

«Олар (иман етпей) нені күтуде? (Жан алатын, яки, азап әкелетін) періштелердің түсуін бе? Жоқ әлде, Раббыңның жермен-жексен ететін азабының немесе (күннің батыстан шығуы, Тажалдың келуі сынды) қиямет-қайымға қатысты кейбір белгілерінің келуін күтуде ме? Раббыңның қиямет-қайымға қатысты кейбір белгілері келген күні бұрын-соңды иман келтірмеген немесе тек сөз жүзінде иман келтіріп, ешбір қайырлы іс істемеген адамға (сондағы) иманы ешқандай да пайда бермейді. Ендеше, ондайларға: «(Істеріңнің қарымын) күте беріңдер, Біз де күтудеміз», – деп айт». («Әнғам» сүресі, 158-аят)

 

Ораз Елмұрат

 

Дереккөз:

 

  1. https://aif.ru/society/history/spasti_salyut-7_podlinnaya_istoriya_podviga_sovetskih_kosmonavtov
  2. https://www.youtube.com/watch?v=BaaPS4fy49s
  3. https://www.youtube.com/watch?v=ylI_rkB2_B4
  4. (Бухари,Фитән 25; Муслим, Иман 72; Әбу Дәуіт, Мәлахим 12).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Comment moderation is enabled. Your comment may take some time to appear.

Author Profile

John Doe

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit, sed do eiusmod tempor incididunt ut labore et dolore magna aliqua. Ut enim ad minim veniam.

Search
Tags

"Діни білім беру" ұғымын зерттеудің ерекшеліктері (1) igz (7) igz kz (7) Дана Талғатқызы (3) Жадыра Жанарбек (2) Жаннұр Таласбаева (3) Жаруллуах (1) Жаруллуаһ (1) Жәдидшілдік (1) Ислам (6) Ислам және мәдениет (1) Классикалық Ислам құқықы (1) Лизингтік қаржыландыру мен ислам құқығындағы жалдау арасындағы мәселелер (2) Муса Бигиев (1) Муса джаруллах (1) Мұса Бигиев (1) Мұса Жаруллаһ (1) Нұрбол Сейілбекұлы (1) Ораз Елмұрат (9) Раян Болатқызы (3) Сакралды құндылықтарды талдаудың дінтанулық қырлары (1) Самет Оқан (1) Самет Оқанұлы (6) Сәдібеков Медет (2) Темур Аманқұл (2) Хұсам ад-дин Ас-Сығнақидың "Иләһият" танымындағы әлемнің жаратылуындағы метафизикалық құбылыстарды дәлелдеу тәсілдері (1) абай (1) бала тәрбиесі (3) дәстүр (1) игз кз (2) ислам және дәстүр (3) ислам мәдениеті (1) ислам туралы (5) ислам әдептері (1) куран казакша (1) куран туралы (1) материалдық (1) рухани (1) сәмет оқан (1) сәмет оқанұлы (1) Құран қандай кітап (1) құран туралы (1) құран қазақша (1) ұлттық (1) әлеуметтік құндылық (1)