10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Жүкті аналарға кеңес

Құрсақтағы сәбидің психологиясына әсер ететін тәрбие негіздері.

Жүктіліктің 4 айында баланың мінезі, ойлау қабілеттері дами бастайды. Қызығы бұл кезде баланың қаншалықты жалқау немесе еңбекқор болатындығы да шешіледі. Сондықтан бұл кезеңде белсенді өмір салтын ұстану, жақсы адамдармен қарым-қатынас жасау, жақсы кітаптар оқу, қызықты фильмдер көру, театрларға бару маңызды. Бесінші ай әкесімен тығыз қарым-қатынасты қалыптастыру үшін маңызды. Ал, алтыншы ай талғамға әсер етеді. Дәлірек бұл сізге байланысты қалыптасатын қасиет. Баланың талғамы жақсы не нашар боп дамуы мүмкін. Сондықтан сіз саябақтарда, сурет галереяларында, мұражайға да баруды қолға алыңыз. Бала болашақта өзіне қажет сенімділік пен дұрыс ойлай білуді 9 айға дейін анасынан қабылдайтын болады. Сол үшін де әрқашан сүйікті шығармаларыңызды, өлең-жырыңызды, балалар ертегілерін дауыстап оқыңыз. Бұл жерде интонацияға, тембрге, дауыс ырғағына назар аудару да өте маңызды. Эмоционалды атмосфераның орны да ерекше. Мәселен, сіз бір шығарманы оқып жатқанда одан ләззат алуыңыз мүмкін. Егер бұл сіз үшін үйреншікті дүние болса, онда нәресте ешқандай пайда көрмейді. Бүгінгі таңда болашақ ананың құрсағында бала тәрбиесін бастауға мүмкіндік беретін көптеген әдістер жасалды. Енді соларға назар аударалық.

Дүниеге келуден алдын 2 ай бұрын құрсақтағы бала дауыстарды нақты ажырататын болады. Тіпті, оларды әйел, еркек деп бөледі. Кейбір ғалымдар әкенің дауысы бәсең шығады деп санайды, ал балалар оны одан да анық естиді. Дыбыстар оларға тұтас дене сезетін дыбыстық тербелістер сияқты күшейтілген түрде жетеді. Сондай-ақ балалар да ата-аналарының дауыстарына әсер етеді екен. Кейбір зерттеушілер іштегі нәресте тілді де оңай ажыратады дейді. Ал егер оны шетелдіктер асырап алса, оған биологиялық өз анасының ұлттық тілін үйрену оңайға соғатын көрінеді. Осы тұжырым негізінде ғалымдар арасында эксперимент жүргізілген. Онда нәрестенің әкесі Гомердің «Одиссеясынан» үзінді оқиды және бала 7 жаста болғанда, оған осы поэмадан екі үзінді үйрену міндеті қойылды. Ал бала болса, бұрын естімеген бөлікпен салыстырғанда поэманың өзіне таныс бөлігін екі есе тез үйренген екен.

Балаға жақсы пікір айтуды ұмытпаңыз. Іштегі сәбиіңізге айналада не болып жатқанын айтыңыз, түсіндіріңіз. Әсіресе сіз егер бір себептермен толқып не қуанып отырсаңыз да балаға іштегі өз ойыңызды айтыңыз. Нәрестеге оны қалай жақсы көретіндігіңізді жеткізіңіз. Онымен қуанышыңызды бөлісіңіз, өзіңіз туралы, нені жақсы көретіндігіңізді, хоббиіңізді, балаңызбен бірге көргіңіз келетін келешектегі арман-мақсаттарды да айтыңыз. Сәбиден не жегісі келетінін немесе не ұнатпайтынын, оны не мазаламайтынын да сұраңыз.

Музыкалық шығармаларды тек қана тыңдап емес, қолдан келсе өзіңіз де ойнап балаңызға әсер етіңіз. Бұл үшін аспапты немесе кез-келген дыбыс беретін затты қолданыңыз. Ол үшін әуендер әдемі әрі әртүрлі болсын. Ырғақты сезінуді дамытыңыз. Сосын бұл сіз үшін сөйлеуде, ән айтуда, биді меңгеруде де пайдалы болады. Ырғағы бар жаттығулар жасаудан қорықпаңыз, барынша шынығып, мейлінше көбірек қимылдаңыз. Сіз бұны жасауда көп уақыт пен мол күшіңізді жұмсап, әуре болмайсыз. Бірақ бұл балаңыз екеуіңізге де зор пайда, қуаныш әкелетіні сөзсіз.

Жүктілік кезінде нәресте тәрбиесі музыкасыз өтпеуі керек. Үйде классикалық шығармалардың үзінділерін қосып қойыңыз. Мәселен, Чайковскийдің «Балалар альбомы», Вивальдидің «Жыл мезгілдері», Моцарттың, Шопеннің шығармаларын байқап көріңіз.

Сондай-ақ, мұндай әдістерге жеңіл және тактильді сессиялар кіруі де мүмкін. Болашақ аналарға арналған кейбір курстар нәрестені математикаға үйретуді ұсынады. Мысалы, қолды асқазанға тигізіп, «бір» деп айту керек, содан кейін 2 рет түртіп, екіге дейін санау керек. Осындай тұрақты жаттығулардың нәтижесінде  сәби ішті тепкілеп бастайды. 1 немесе 2 рет аяғын ұрып сізге жауап береді.

Балаңыз құрсақта жатқаннан бастап тәрбие ісін қолға алсаңыз, сіз дұрыс қадам жасаған болып саналасыз. Бұл дегеніміз бала мен ата-ана арасындағы өзара түсіністікке жасалған қадам деп біліңіз. Ал, мамандар құрсақтағы тәрбиеге баланың пайда болуынан бастап, даму процесі кезінде де көңіл бөлу керек дейді. Бұл әдіс көптеген балалардың психологиясында кездесетін қиын жайттардың алдын алады екен. Болашақ ана әрдайым кітап оқудан, құлшылық жасаудан, фильм көруден, саябақпен серуендеуден жақсы әсер алатынын есте ұстауы керек. Егер сіз оған сүйіспеншілікті аямай, тыныштық сыйласаңыз, тәрбиесіне мән беріп, қамқорлық танытсаңыз, балының өзі-ақ келешекте жақсы нәрсеге ұмтылатын болады.

Міне ғалымдар жасаған зерттеулер осындай. Осы айтылғандарды жүзеге асыру сіз бен біздің жауапкершілігіміздегі дүние. Ал, енді өзімізге оралайық. Осы айтылғандарды өз жағдайымызға салып көрейік.

Мәселен, біріміздің анамыз, не әпкеміз, біріңіздің қарындасыңыз жүкті болды делік. Бұл кезеңде біз жасайтын амал қандай болмақ?

  1. Сабырлық

Әйел баласының жүктілік кезеңінде оның денсаулығында сәл-пәл өзгерістер орын алады. Мәселен, бұрынғыға қарағанда тез шаршап, соның әсерінен тез ашуға булығып, жүйкесі де жұқарауы мүмкін. Немесе бұрын біз байқамаған қырлары көрінуі ықтимал. Осындай кезде біз боз бала һәм ерлер қауымы олардың қас-қабағына қарап, сабырлық танытуымыз қажет. Аналарымыз кейде осындай сәттер де өздері қалаған өнімді аяқ-астынан сұратуы да мүмкін. Осы кезде біз оның амандығы мен құрсақтағы бөбектің салауатты сәби боп туылуы үшін қолдан келгенді аянып қалмауымыз керек-ті.

  1. Қолғабыс болу

Тіпті оларға көшеде кетіп бара жатса көмек көрсетіп, тым болмағанда жымия қарап, аман-есен жеңілденуін тілеуіміз қажет. Олар дүкенде тұрса, қолғабыс болып, қоғам боп қамқорлық көрсеткеніміз абзал. Бастысы олардың бір қолымен бізді, екіншісімен әлемді тербеп, әлдилетер әсем жандар екендігін ұмытпауымыз тиіс.

  1. Білгеніңмен бөлісу

Құрсақтағы тәрбие халқымызда бұрын сақталған үрдіс болғанымен, қазір ұмытылып бара жатқан ұғым. Біз осынау құнды дүниенін ерекшелігін өзіміз кезіктірген әрбір жүкті анаға жеткізе білуіміз қажет. Құрсақтан басталған тәрбиенің іштегі шарананың алдағы өмірі үшін маңызды екендігін айтуымыз керек. Өйткені, кей аналар мұндай тиімді әдістердің барынан бейхабар болуы ғажап емес. Егер расында біздің бойымызда халқымыздың қайратына сай намыс, ойымызда елім үшін деген еңселі мақсат болса, нәзік жандыларымызға жанашыр болуымыз керек.

 

Құрсақта жатқан сәбиге қоғам боп тәрбие беру

Құрсақта жатқан шаранаға 4 ай болғанда ол анасынан һәм оның айналасындағылардан тәлімі мол тәрбие алуы қажет. Бұны бойына бала біткен әр ана маңызды деп білуі тиіс. Сондай-ақ осы кезеңде, сәбидің анасы бос сөз, қажетсіз әңгіме, артық жүріс-тұрысты тиып, барынша көркем мінез қалыптастырып, жаман істерден аулақ боп, денсаулығын қадағалауды күшейтуі қажет. Уақытты берекелі өткізіп, шама келсе әсем табиғаттың әдемілігін тамашалап, халқымыздың жауһар жырларын, батырлар дастанын, әсем әні мен шертпе, төкпе күйлерін жиі тыңдауы қажет. Ал, осылардан алған әсер мен тебіреністі іштегі балаға жеткізе білуі тиіс. Оны қалай жеткізеді деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған жауап бар. Ол үшін Р. Нүсіпбектің мына жазбасына назар аударалық.

«Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді пенде болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Адуын мінез бәйбішелердің өздері келін-кепшікті алқақотан жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?! Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген, шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген. Ән-әуенді айту бар да, оны тыңдау бар. Қазақ айта да білген, тыңдай да білген. Таңды таңға ұрып шырқаған сал-серілер мен ақ тер, көк тер боп арығанша жырлаған жырауларды ұйып тыңдаған ел едік. Сонан да болар негізіміз әнші, күйші халықпыз. Қазір қайда сол жырлар, алты қырдың астынан естілер әндер қайда қалды? Ұйыған, «құлақты» тыңдаушысы бар ма қазір? Жоқ. Оның ауылы алыстап кетті. Жас ананың тыңдайтыны жарықшақ қатқыл музыка, жұлқынған ырғақ, тұрмыстағы ұрыс-керіс пен тыстағы тарсыл іштегі нәрестеге де сол күйінде әсер етіп жатыр. Сонан да болар қазіргі туған балалар психикалық дағдарыспен дүниеге келеді. Мінезі кең бала аз. Тумай жатып тозық жүйкеге шалдыққандар басым. «Жаңашылмыз» деп баланы бесіктен айырдық. Құлақ ашып, азан шақырып ат қою ұмытылды. Шыр етіп жарық дүниеге келген нәрестеге шілдехана жасап, ән күймен күтіп алатын ел бар ма? Баланың адам боп алғашқы еститіні акушерлердің «мальчик», «девочка» немесе «богатырь», «красавица» деген анықтамасы, көретіні пышақ (кесарево сечение) пен жалғыздық болды. Ол ертең жалғыздыққа, қатігездікке үйрене бастайды. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатып, ырғалған түйенің үстінде ырғақты ән салған анадан туған баланы сол ырғағынан бірден жаңылдырмай, шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Сөйтіп, ырғақты тербелісті бұзбай, құрсақтағы көмескі үнді ананың бесік жырына ұластырған. Неткен зеректік десеңізші?! Қос дүниені үндестіру, үйлестіру осындай-ақ болар. Бұндай әуенмен тербеліп, өмірге келген бала қандай мейірімді де, мінезді болып өсер еді. Қазіргі бала жарық дүниемен үндесіп емес, үркіп келеді. Үркек, тентек мінезімен өмірден үйлесім іздеп сандалған сәби аз ба? Соғыс жылдарында аналарымыз жүкті боп жүріп трактор айдаған, айырлап шөп маялап, түн қатып станоктардың басында тұрған. Сөйтіп жүріп-ақ өмірге дені сау ұрпақ әкелген. Қазіргі жастар оны ертегідей көреді. Іштегі балаға үнемі қимыл-әрекет қажет. Дәрігерлер екіқабат әйелдерге: «Еңкейіп еден жу, шалқайып беліңді жаз, жаяу көбірек жүр» деген ақылдарын бекер айтпайды. Құс екеш құстың өзі күн аралатып, басып жатқан жұмыртқаларын тұмсығымен қағыстырып, аударыстыра, үнемі шайқап отырады. Аталарымыз келіндері мен жүкті әйелдеріне белі қатты қазанаттар емес, әсте маң басқан түйелер, тайпалған су жорғалар ғана мінгізгені білгендік емей немене?! Ол кезде түсік ілуде бір кездеспесе, жасанды іш тастату деген болмаған. Қазіргі жастар өзінің теріс қылықтарын экологияға жабады. Істейтін жұмыс, іс-әрекет жоқ, мінгені мәшине, жаяу аттап баспайды. Және ауыр толғақ, өлі перзент осыдан екенін білмейді де. [1]

Мінекей, құрсақтағы кезеңдегі тәрбиенің басты ерекшелігі осы мәселеде жатыр. Іштегі бала сырттағы дүниелерден тәлім алады дедік. Ал, осынау сырттағылардың қатарына тек сәбидің жанұясы ғана емес, оның айналасындағылар яғни қоғам, мына біз де жатамыз. Қарапайым мысалдар келтірелік. Мәселен, бір жүкті ана көше де тым баяу жүріп бара жатса оны асықтырмай, жаяу жүргіншілер жолында ақырын басып келе жатса, көлік сигналын баса бермей, қоғамдық көлікте оларға күліп қарап, жылы сөз айтып, дәріхана немесе дүкенде тауарға кезекте тұрса, алға қарай өткізіп,

өоғамдық орында ауыр жүкпен кетіп бара жатса, дереу көмектесіп,

АДАМГЕРШІЛІК ТАНЫТУЫМЫЗ ҚАЖЕТ!

Бұлай жасау біздің бірлігіміз бен елдігіміздің айқын дәлелі болмақ. Қазақтың «сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген тамаша сөзі бар. Біз бұл жерден аналарымыз сәбилерін қалай тәрбиелейтін болса, бала да сол тәрбиемен тұтас ғұмырын өткізіп, бұл өмірмен қош айтысатынын түсінеміз. Ал, сол тәрбиенің бастауы осы құрсақтағы кезеңде бастау алатынын есте ұстауымыз қажет.

 

Пайғамбарлар тәрбиесінен бірер мысал

Тәрбие – баланы жақсы адам етіп шығар құрал. Оны дұрыс пайдаланған тәрбие беруші адам оң нәтижеге жетпек. Бұл психолог ғалымдар әлденеше рет айтқан қағида. Ал ардақты пайғамбарлар перзенттерін қалай тәрбиелеген? Олардың тәлімінде қандай ерекшелік болыпты?

Пайғамбарлар алдымен дұға тілейтін. «Сол кезде Зәкәрия Раббысына: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің», – деп мінәжат етті». («Әли Имран» сүресі, 38-аят) Бұл Зәкәрия (а.с) пайғамбардың дұғасы. Сондай-ақ әкесі Ибраһим (а.с) мен ұлы Исмайыл да (а.с) жақсы ұрпақ тілеп дұға еткен. «Ибраһим мен Исмайыл Бәйтулланың (яғни қасиетті Қағбаның) ірге тасын қалап жатып: «Уа, Раббымыз! Бұл ісімізді қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен – барлық нәрсені естушісің һәм бәрін білетін шексіз ілім иесісің! Уа, Раббымыз! Екеумізді бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман еткейсің! Нәсілімізден де бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман үмбет шығарғайсың! Һәм бізге құлшылық рәсімдерімізді көрсетіп, тәубелерімізді қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен – шынайы тәубелердің барлығын қабыл етушісің һәм (тәубеге келіп, Өзіңе бет алған құлдарыңа) ерекше мейірімдісің!» («Бақара» сүресі, 127-128 аят) Кейде періштелердің өзі пайғамбарға сүйінші жасайтын сәт те болған.

«Олар Ибраһимнің үйіне кіріп келгенде: «Есендік, тыныштық тілейміз!» – деп сәлем берді. Ибраһим болса: «Расында, біз сендерден бір түрлі секем алып, қорқып тұрмыз», – деді. Сонда бейтаныс қонақтар: «Қорықпа! Шынында, біз сені сондай ілімдар ұл баламен сүйіншілейміз», – деді». («Хижр» сүресі 52-53 аят) Енді сұрақ: Пайғамбарлар тілегендей баланы жақсы етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек? Осы орайда бізге адамзаттың сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у) өнегелі тәрбиесі үлгі болады.

Кішкентайға деген құрмет

Алла елшісі (с.а.у) сәлем берудің артықшылығын баса айтқан. Ол тіпті кішкентай балаға да сәлем беруді де үйреткен. Пайғамбар (с.а.у) ойнап жүрген бүлдіршіндерге сәлем беретін. Бұл – алдымен балаға үлгі, екіншіден бойдағы тәкаппарлық пен өркөкіректікті басатын амал.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз жылаған сәбиді жұбататын. «Кімде-кім жылаған баласын жұбатуға тырысса, Алла Тағала жәннатта оған риза болғанға дейін нығметтерін үйіп-төгеді», – деген ол бір сөзінде. Алла елшісінің бала мен құлшылыққа деген құрметі сондай ол сәби жылап жатқан уақытта намазды тез аяқтауға тырысқан екен. Бірде таң намазын әдеттегіден жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таңданып: «Уа, Расулалла, бүгін намазды неліктен жылдам аяқтадыңыз?» – деп сұрағанда, «Арт жақтан жылаған баланың дауысын естімедің бе? Анасы барып тезірек жұбатқанын қаладым», – деген жауап естіген. Сондай-ақ Алла елшісі (с.а.у) үйге кірген шағында: «Мына бала неге жылап жатыр, көз тиюге қарсы оқытпап па едіңдер?» [4] – деп сұрап, сәбиге бей-жай қарамаған.

Пайғамбарымыз балалардың кіш етіп қойғанына да түсіністікпен қарайтын. Бұл жайында Уммул-Фадл басынан өткен мына бір оқиғаны баяндаған: «Мен Әлидің ұлы Хүсейінді емізіп жатқанымда Алла Елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп, баланы сұрады. Қолына ұстатқаным сол еді, сәби үстіне сиіп қойды. Баланы қайта алмақ болып қолымды соза бергенімде: «Асықпа, аяқтасын. Кедергі жасама», – деді. Ал, киімінің былғанған жерін сумен тазалап жіберді». [4] Ардақты елші тіпті бала еріксіз жасайтын осындай дүниеге түсіністікпен қараған.

Баланың орнын біліп, қадірлеген адамзаттың асылы (с.а.у) баланы алдап, уәдеде тұрмауға да тыйым салған. Бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а.) Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:
– Балам, келе қойшы, саған бір нәрсе беремін, – дейді. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу одан:
– Ұлыңызға не бермексіз? – деп сұрайды.
– Құрма берейін деп едім, – дегенінде:
– Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты»
деп жазылар еді, – деп ескерткен. [2]

Балаға деген мейірім мен шынайы сүйіспеншілік

Алла елшісінің балаларға қатысты көп оқиғасы оның немерелерімен байланысты екенін білетін боларсыз. Ол соларды көбірек жанына шақырып, иіскеп, мейірлене сүйетін. Сосын артынша: «Иә, Алла Тағалам, бұларды мен жақсы көремін, Сен де жақсы көре гөр!», – дұға жасайтын. [2] Алла елшісінің немерелері тіпті аталары мешітте имам боп тұрғанда да оның үстіне шығып ойнайтын. Мәселен сәжде кезінде балалар оның мойнына шыққанда, Алла елшісі (с.а.у) немерелері түспейінше басын көтермеген. Міне, Алла елшісі осындай болған. Оның өнегеге толы өмірінен бала тәрбиесіне қатысты талай мысал келтіруге болары сөзсіз. Расында біздің болашағымыз – балаларымыз, іні-қарындастарымыз. Оларға пайдасы ислами көзқарас пен ғылыми тұрғыдан да анық көрсетілген тәрбие беруге міндеттіміз. Біз мақаламызда соны түсіндіргіміз келді.

Сөзіміздің соңын Аллаға бет бұрып, перзентін де иманнан қайнарынан сусындатқан жандардың ақыры қандай болатынын айтатын аятпен түйіндейік: «Ал иман келтірген, сондай-ақ ұрпақтары да өздеріне еріп имандылық жолына түскен мүміндерге келсек, Біз оларды (жұмақта) ұрпақтарымен қауыштырамыз және сол үшін олардың игі істерінің сауабын титтей де кемітпейміз. Әркім өз тапқанының (өз ісінің) тұтқыны, (яғни, жұмаққа кірген әрбір жан дүниеде тапқан сауабына һәм иманының дәрежесіне қарай нығметке бөленеді, сондай-ақ тозаққа түскен әрбір күнәһар да өз қолымен тапқан күнәлары мен күпірлігінің деңгейіне қарай азап тартады)». («Тур» сүресі, 21-аят)

 

Ораз Елмұрат

 

Пайдаланған дереккөздер:

  1. https://www.inform.kz/kz/bala-tarbiesi-ana-boyyna-bitkennen-bastalady_a2189272
  2. https://muslim.kz/article/bala-tarbiesindegi-payigambar-s-g-s-sunnetteri

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here