21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

Бала туылғанға дейін тәрбиеле

Ол сендерді бір ғана жаннан жаратты һәм сол жан (жұбына) бауыр басып, жаны жай тапсын деп, оның өз болмысынан жұбын жаратты. Сөйтіп, екеуі көңіл қосып, ер жұбайын «бүркегенде», жұбайы жеңіл ғана жүкті болып, оны біраз уақыт көтереді. Содан ай-күні жақындап, аяғы ауырлай түскенде, екеуі Раббылары Аллаға: «Егер бізге он екі мүшесі сау перзент берсең, ант етеміз, шүкіршілік ететін құлдарыңнан боламыз!» – деп жалбарынады. («Ағраф» сүресі, 189-аят)

Осылай сөз жазып отырған мен де, оны оқып жатқан сіз де бір кезде Жаратқан Хақтың қалауымен анамыздың құрсағына ендік. Оның ақиқаты Алла түсірген аятта келтірілген. Кейін біз құрсақта алғаш жетілген соң, жарық дүниенің есігін айқара ашып, жаңа мекенімізге кіріп келдік. Бәріміз де сәби болдық. Алғашқы кезде орнынан өздігінен тұра алмас қалдегі біз кейін бұғанамыз бекіп, өсіп жетілдік. Құран аятына зер салыңыз: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылады. Сөйтіп, адам баласы есейіп, (тәндік һәм рухани жағынан) кемеліне келіп, қырықтың қырқасына шыққанда: «Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың! Сондай-ақ маған (иманды, ата-анасын құрметтейтін) ізгі ұрпақ нәсіп еткейсің! Расында, мен тәубе етіп, бір Өзіңе жан-тәніммен бет бұрдым. Анығында, мен Өзіңе қалтқысыз мойынсұнғандардың бірімін», – деп айтады». («Ақхаф» сүресі, 15-аят)

Аятта Алла біздің құрсақтағы кезең мен одан шығып, жетілу процесін мезгілге бөліп тамаша түсіндірген. Ал аяттың екінші жартысында рухани кемел адамның өзін өмірге әкелген ата-анасына қалай дұға қылатынын айтады. «Рухани кемел» деген қандай адам? Есейген шағында ата-анасына дұға жасайтындай етіп баланы қалай тәрбиелеуге болады? Енді ойланатын сәт келді. Біле білсек, тәрбие атты мәні терең, тағылымы биік дүние екі кезеңге бөлінеді екен. Бұлар құрсақтағы және құрсақтан кейінгі кезең. Бұлар аятта анық көрсетілген. Яғни туылғанға дейінгі һәм туылғаннан кейінгі десек түсінікті шығар. Дүниеге келер біріңіздің балаңыз, біріміздің бауырымыздың баянды болашағы үшін бұл кезеңдер өте маңызды екендігін есте ұстауымыз қажет.

Құрсақтағы кезең.

Ең ұлы құдірет Иесінің пәрменімен жаратылып, кішкентай жүрегіне жан біткеннен соң  жарық әлемге шығатын сәтке дейін анасының құрсағында болатын әрбір сәби біз үшін бағасы жоқ құндылық болуы қажет. Бұл қалай? Мәселен, арамыздағы кез-келгеніміздің бір қымбат бұйымымыз бар делік. Біз оны көптің көзінен таса, қауіпсіз таза жерде ұстаймыз. Оған тазалық жасап, қай кезде болмасын барынша байыппен қарауға тырысамыз. Міне, сәби де сол сияқты. Ол да құнды. Тіпті, келтірілген мысалдан да бағалы. Ақиқатында біз сол бөбектің сау өсіп, аман жетілуін, ата-анасын ардақтап, бауырларын басқадан артық көріп тұрар азамат болуын қалаймыз. Ал, біз қалаған сол баланың келешекте елінің ертеңі болар ер жігіт не бойжеткен атануын қаласақ, оның пайда болған кезінен бастап іске көшуіміз керек.

Құрсақтағы сәбиге берілетін тәрбиені талдап түсіндіретін ғылыми дәлелелдер жетерлік. Мәселен, өткен ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін жүктілік кезінде басты назар балаға емес, ұрыққа аударылды. Сол үшін олар әлі туылмаған балаға жеке тұлға емес, өзіндік талғамы мен мүмкіндіктері жоғары адам ретінде қарайды. Сондықтан қазіргі көп ата-аналар ұрықты белсенді дамытуға көп көңіл бөледі. Ал әлі туыла қоймаған құрсақтағы баланы тәрбиелеуді көп ата-аналар абсурд дүние деп санайды. Басқалары болса бұған басты назар аударады.

Есіңізде болсын! Кішкентай заттың (крохи) пайда болуы үшін алдын-ала бір ғана физикалық тұрғыдан емес, сондай-ақ психологиялық тұрғыдан дайындалуыңыз керек. Сіз жүктілік кезеңінде балаңыздың дүниеге аман-есен келуін тілеп, адал ниетпен оған көңіл бөлуіңіз қажет. Ал өмірге келуін асыға күтіп, іңгәлаған даусын естуді қуана арман еткен ата-ананың баласы емін-еркін туылып, емін-еркін өсетін болады. Ондай балалар келешек өмірінде сондай ашық, жетістікке ие, өмірге риза адамдар боп қалыптасады.

Құрсақтағы баламен байланыс орнатудың екі бағыты бар.

Біріншісі – түстер терапиясы. Бұл бағытта жүкті ана балаға қоршаған ортаның табиғи иісін сезіп, түсін көру секілді нығметтері арқылы әсер ете алады. Екінші бағыт  – ананың әлемге эмоцианалды тұрғыда қарап, бақыт гормонын бөлу арқылы жүреді. Баланың орталық жүйке жүйесін, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін: жүкті ана эмоциясына мән беруі қажет.

Нәрестені құрсақта тәрбиелеу кезінде оның анасы құр бос жүріп, іш пыстырарлық нәрселермен айналыспағаны жөн. Керісінше, ол іштегі сәбиді қуантатын амалдарды жасау қажет. Анасы би билеп, кесте тігумен айналысса да өз еркі. Тек қарапайым дүниелермен шұғылданбаса болғаны. Ғалымдардың пікірі бойынша, жүкті әйелді қызықтыратын кез-келген өнер, музыка немесе кескіндеме сынды дүниелер бастысы, іште дамып жатқан ұрықтың (баланың) физикалық жағдайының жақсарып, физикалық белсенділікке ие болуына оң әсер етеді. Спортпен айналысудың да, балаға пайдасы мол. Мәселен гимнастика, жүзу сынды спорт түрлері жүкті анаға жақсы сәйкес келеді. Ал, оны босанғанға дейін жасаса, баланы ойдағыдай босана алады. Ал йоганың пайдасы ол байламдарды созып қана қоймай, жүкті ананы физикалық тұрғыда дайындап, оның ішкі жағдайын қалыпқа келтіреді. Дегенмен біз осы орайда намаз деп аталатын «рухани медитаияның» жүкті анаға әсерін баса айтқымыз келеді. Намаз – бұл ұлы құлшылық, Жаратқанмен байланыс. Оның рухани һәм физикалық та пайдасы бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Назарыңызға жүкті әйел үшін намаздың 7 пайдасын ұсынамыз:

  1. Тазалық сақтау үшін дәрет алу.

Дәрет алудың өзіндік қағидалары бар: ол алдымен қос қолды жуу, кейін ауыз бен мұрынды шаю (3 рет), содан соң бетті жуып (3 рет), қолдарды шынтаққа дейін жуу (3 рет) бас пен құлақты дымқыл қолмен сипау (мәсіх тарту) және ең соңында аяқты башпайларымен қоса жуу. Неліктен бірінші кезекте қолды жуу керек? Мәселе мынада, микробтардың таралуын болдырмау үшін қолдарыңыз таза болуы керек. Жүктілік кезінде тазалық  сақтап, микробтан қорғану маңызды. Бұл иммундық жүйеге жақсы әсер ететін қосымша қорғаныс қабатын жасауға көмектеседі. Жүктілік кезінде аурудың басталуын тудыратын бактериялар мен вирустар аналарға ғана емес, сонымен қатар әйелдің іш қуысында өсіп келе жатқан ұрыққа да әсер етеді, ең қауіптісі бұл өлімге әкелуі мүмкін. Дегенмен жеке гигиенаны үнемі сақтау арқылы мұның алдын алуға болады.

  1. Сырт сымбат пен тепе-теңдікті жақсарту үшін тәкбір алып, қиямда тұру.

Егер сіз йогамен таныс болсаңыз, онда тәкбір сізге тау тұрысын (поза) еске түсіреді. Тәкбір мен қиям өзінің мен тепе-теңдік артықшылықтарымен танымал. Жүктілік кезінде, әсіресе үшінші триместрде қозғалыстағы кейбір шектеулерге байланысты дұрыс тепе-теңдік тұрысты сақтау қиын. Дегенмен, тәкбір – бұл кез келген адам, соның ішінде жүкті әйелдер де оңай жасай алатын қарапайым қимыл. Бұл қимыл сонымен қатар жоғары қан қысымын жақсартуға көмектеседі, бұл преэклампсия белгілерінің пайда болуын болдырмауға көмектеседі. Тәкбір астма және жүрек аурулары бар науқастардың әл-ауқатын жақсарту үшін де қолайлы.

  1. Рукуғта тұрып, бұлшық етті созу.

Алдымен қос қолды тізеге қойып, дәл сол күйде басты арқамен бір түзу қатарда ұстаңыз. Тізені жақсылып ұстаған қолдарды бүкпей, денені тіреп тұру керек. Бұл тұрыс 90 °C-та болса дұрыс шығады. Дәл осы қимыл йогада алға иілу ретінде белгілі. Рукуғтың қандай кереметі бар? Қол омыртқаның төменгі бөлігіне өте пайдалы, сондай-ақ бұл жиі арқа ауруымен ауыратын жүкті әйелдерге жақсы. Сонымен қатар, іш қату – жүктілік кезінде әйелдерде кездесетін тағы бір мәселе. Қол арқылы рукуғта тұру іш бұлшықеттерін қатайтумен ішектің жұмысын жеңілдетіп, оны әлдеқайда жақсартады.

  1. Ми мен жүйке жүйесін жақсарту үшін сәжде жасау

Сәжде – Жаратқанмен жасайтын қарым-қатынаста орны ерекше құлшылық саналады. Ардақты Пайғамбарымыз: «Алланың құлына жақын болатын кезі – сәждеге барған сәт», – деген. Сәжде құбылаға қараған күйде екі алақан мен маңдайды жерге (бас тиетін орын) тигізу арқылы жасалады. Сол кезде Алланы «Субхана Роббиәл ә’лә» деп кемшілік атаулыдан пәктейсіз (парыз, сүннет, уәжіп намаздарда). Ал нәпіл құлшылық кезінде сәждеде жатып кешірім сұрап, дұға қылсаңыз орынды. Расында дәл осы қимыл түрі жүкті әйелдер үшін ең маңызды саналады. Бұл әсіресе дәрігердің қабылдауында баланың әлі дұрыс позицияны қабылдамағаны белгілі болған кезде пайдалы. Құрсақтағы сәбидің қаліне әртүрлі факторлардың әсері болуы мүмкін, ал сәжде жасау балаға көбірек қозғалуға мүмкіндік береді. Сәжде жасау мойын бұлшықеттерін қозғалтып, жерден басты көтергенде миға тыныштық сыйлайды. Сондай-ақ намаз оқитын бұл қимылды көп жасағандықтан арқа бұлшықеттері қатаяды. Сол себепті арқа аурулары да болмайды. Адамның денесінен шығатын электромагниттік сәулелердің күшін жоюға көмектесетін құрал да осы – сәжде. Ғалымдар сәжде еткен кезде жердің гравитациясы өзіне барлық зиянды сәулелер мен толқындарды тартатындығын дәлелдеген. [1] Сонымен қатар, сәжде бас пен миға қан ағымын жақсартуға көмектеседі. Әрі бұл қимыл қан арқылы тасымалданатын оттегі ми мен жүйке жүйесінің жұмыс істеуі үшін өте маңызды.

  1. Метаболизмді жақсарту үшін «әт-тахият» отырысы

Жүктілік кезінде, әсіресе үшінші триместрге жақындағанда, аяқ пен табан ісінген кезде, әт-тахият жасау қиын болуы мүмкін. Бірақ күш-жігер жұмсып осы қимылды жасасаңыз, оның пайдасы соған тұрарлық болады. Жүктілік кезінде дененің дұрыс метаболизміне (зат алмасу) кедергі келтіруі мүмкін көптеген факторлар бар. Ал намаз кезінде әт-тахиятта отыру жағымсыз белгілерді жеңілдетуі мүмкін. Сондай-ақ бұл отырыс ас қорытуды тездетуге және ішек жұмысын жақсартуға, іш қату қаупін азайтуға көмектесетінін білесіз бе? Әт-тахият тоқ ішектің жиырылуын жақсарту үшін пайдалы. Сонымен қатар, осынау отырыс ағзаның токсиндерден табиғи жолмен құтылуына әсер етеді, өйткені ол бауыр жұмысын жақсартады.

  1. Сәлем беру – қарапайым релаксация жаттығуы

Күйзеліске түсіп, шаршағанда әдетте не істейсіз? Көптеген адамдар автоматты түрде иығына және мойнына массаж жасай бастайды. Мұның себебі – нерв жолдары тамақ пен мойыннан иыққа өтеді. Екі жаққа сәлем беру – бұл жүйке жүйесін, сондай-ақ иық пен арқадағы бұлшықеттерді босаңсытуға арналған қарапайым жаттығу. Жүктілік кезіндегі бас ауруы мен мигрень – екі қабат әйелдердің көпшілігінде кездесетін мәселе. Дәл осы сәтте олар ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдай алмайды. Ал, бұл мәселені шешуге басты алдымен оң, сосын сол жаққа бұру әдісі септігін тигізеді. Оның үстіне намаз оқушы жан сәлемді екі иықтағы періштеге береді. Бұл әрі рухани әрі физикалық жақтан пайдалы қимыл саналады. Сәлем беру сондай-ақ мойындағы нервтердің кернеуі мен бас ауруы және мигреньді жеңілдетуге көмектеседі.

  1. Намаз арқылы психиканың қал-ақуалын сақтау

Жоғарыда айтқанымыздай, намаз тек физикалық дене саулығына ғана емес, ақыл-сананың саулығына да өте пайдалы. Жүктілік кезінде сіз стрессті сезінбеуіңіз керек. Намаз өтеу адамды шыдамдылыққа, сабырлылыққа және шүкіршілікке үйретеді. Мұндағы кей дүние йогада да кездеседі. Сонымен қатар, намазда орындалатын барлық жаттығулар эмоционалды және психикалық денсаулықты сақтауға көмектеседі. Кейбір ғылыми зерттеулерде депрессиядан зардап шегетін адамдар «бақытсызбын» деп бас ауыртпай, Құдайға бет бұрып, көбірек шүкір ету керектігі көрсетілген. [2]

Дәрет алып тазарудан сәлем беруге дейінгі жүктілік кезіндегі намаз әйел баласының физикасына орасан зор пайда береді. Егер жүктілік кезінде қандай да бір қиындықтарға тап болған әйел намаз оқыса, ерекше мол сауап алумен қатар денсаулығын да реттей алады.

 

Құрсақтағы баламен байланыс

Құрсақтағы тәрбие кезінде көбінесе қарым-қатынасқа назар аударылады. Сіз іштегі баламен жиі сөйлесіңіз, ішіңізді ақырын сипап, балаңызды тыңдаңыз. Уақыт өте келе ол да сізге белгілі бір қимылмен немесе аяғының соққысымен жауап бере бастайды.

Негізінен түрлі дыбыстар құрсақтағы даму процесі кезінде үлкен маңызға ие. Мәселен, бесік жырын айту. Оны айтуға жалғыз ана емес, сәбидің әкесі де ат салысуы қажет. Ана дауысы мидың дамуына, жүрек жүйесіне, қол моторикасына оң әсер етеді, әкесінің дауысы аяқтың моторикасына әсер етеді. Ата-анасы туылғанға дейін де көңіл бөлген балалар жеңіл әрі оңай өмірге келетін болады дейді ғалымдар. Олардың есте сақтау қабілеті жақсы әрі ақыл-ойлары да жоғары деңгейде жетілетін болады. Жүктіліктің 35-ші аптасынан бастап, іштегі бала ойнап тұрған әуенді нақты есте сақтай бастайды. Ал, бұл кезеңде сіз де ұйқыға жатар алдын Құран тыңдасаңыз, бұл іштегі нәрестенің де тыныш демалуына әсер етеді. Сондай-ақ жанға жайлы күй мен даңзаға емес жайлы әуен тыңдау да көңіл-күйге әсер ететінін ескерген жөн. Ал құрсақтағы балаға анасының көңіл-күйінің әсері барын ұмытпаған абзал.

 

 

Ораз Елмұрат

 

Пайдаланған дереккөздер:

  1. http://www.ihsan.kz/kk/articles/view/4385
  2. https://polzaotvrachey.com/polza-namaza-vo-vremya-beremennosti

 

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here