«Балаға дінді, қайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету – ата-ана міндеті».
Имам Муқатил ибн Хаям
Әрбір ісін кемеліне жеткізіп, Раббысы разы болатын дәрежеде жасай алған Пайғамбарымыз (ﷺ) бала тәрбиесіне де аса ыждаһаттылықпен қараған. Ол жүріп өткен сара жол мен ардақты тұлғаның бала тәрбиесіндегі қолданған әдіс-тәсілдері бүтін бір мектеп іспетті. Сол мектептің табалдырығын біз алдыңғы мақаламызда аттаған болатынбыз. Бүгін Алланың жәрдемін тілей отыра осы еңбегімізді жалғастырмақ ниеттеміз. (Мақалаға сілтеме: )
Естеріңізде болса, алдыңғы тақырыпта ата-ананың 3 түрін айтып, оған талдау жүргізген едік. Яғни, өрт сөндіруші ата-ана, үйретуші ата-ана және позитивті ата-ана. Тәрбиелеу әдісінің ең жағымды түрі – позитивті ата-ананың қайнар көзі, күллі адамзат тәлімгері – Пайғамбарымыздың (ﷺ) педагогикасына негізделген деп айтқан болатынбыз. Егер біз ата-ана ретінде өз бойымызда 10 дағдыны дамытып, оны тәрбиелеу әдісі ретінде пайдаланар болсақ, Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетін, оның тәлімін жаңғыртқан болар едік. Ол қандай дағды? Тарқата айтайық.
- Махаббаттың көзіне айналу. Алла Тағала әу бастан ана жүрегіне Өз мейірімінің бір бөлігін ғана салып, сондай жылулық арқылы бауыр еті – баласына деген махаббатты дарытты. Сол секілді Раббысы фитрасынан таза етіп жаратқан кішкене жүрек те анасын бүкіл әлемге балап, оны ешбір шартсыз, себепсіз жақсы көреді. Анасы сәл мұңайса, көңіліне қаяу түсіп, айналасы түнекке оранғандай сезімде болатындығы да, міне, осы қасиетінен. Өзіміздің бала кезімізді еске алайықшы, мектептен оралғанда, табалдарықтан аттай сала анамызды іздейтін едік қой. Немесе жүрегіміздің нұры сырттан кіріп келгенде, үйдің іші бейнебір жарқырап, жылулық самалы есіп тұрғандай күй кешіп, бойымызды қуаныш кернейтін. Оны көргенде, еріксіз жымиятынбыз. Себебі, ол – біздің негізгі махаббат көзіміз болды. Ата-ана ретінде біз де сәбиімізге әрдайым жылулықтың, көтеріңкі көңіл-күйдің себепкері бола алуымыз – позитивті ата-ана болудың алғашқы сатысы екен. Пайғамбарымыз (ﷺ) жанұясына да, сахабаларына да, айналасындағы барша адамға сондай керемет мәміле жасауының әсерінен олардың әрбірі «Пайғамбар мені бәрінен қатты жақсы көреді!» деген ойда қалған. Яғни, ол (ﷺ) әрбір адамды өзі үшін құнды етіп, сүйіспеншілігін іс-әрекетімен, қарым-қатынасымен, сөзімен білдіре алды. Оның балаларға деген сезімі тіпті ерекше еді. Баланы кішкентай деместен өзі бірінші болып сәлем беріп, танысып, әрбіріне «Аллаһым, мен оны жақсы көремін! Сен де жақсы көрші!» [1] деп дұға тілеп жүрген екен. Ал мұндай ілтипатты көрген бала қалайша адамзаттың асылын жақсы көрмесін?!
- Стрестік ситуацияны басқара алу. Адам болғаннан кейін бірде қуанышты, бірде мұңлы болуы қалыпты. Бұл оның тірі екендігін, өмір сүріп жатқандығын білдіреді. Алайда, Ислам діні пенденің қайғыға батып, тіптен шарасыз күй кешуін құптамайды. Орынсыз қайғы адамның мақсатынан жаңылыстырып, белсенділігі мен құлшынысын төмендетеді. Біз неліктен кейде стрестік ситуацияға бой алдырып, ашу-ызамызды, қайғымызды біз емес, керісінше сол эмоциялар бізді басқарып кетеді? Абай атамыз бұл сұраққа «Төртінші қара сөзінде» былай жауап берген екен: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ақырет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі іс-әрекет болса керек. Әрбір орынды әрекет өзі де уайым-қайғыны азайтады».
Пайғамбарымыз (ﷺ) хадис шәрифінде: «Мен сондай сөз білемін. Егер сол сөзді айтқанның ашуы тарқар еді. Ол «Әъузу биЛләһи минәш-шайтан…» сөзі» [2] десе, сондай-ақ тағы бір хадисінде «Егер қайсыбірің ашуланғанда тұрып тұрған болса, отырсын. Ал егер ашуы тарқамаса, жатсын» [3] деп дәрет алып, Алладан сабыр мен намаз арқылы дұға, жәрдем тілеуін өсиет еткен. Яғни, ата-ананың басында сынақ болып жатқанның өзін де көркем сабырмен, сондай-ақ қайғыға батып кетпес үшін өзінің сүйікті ісімен айналысуын тоқтатпау арқылы және баласы үшін осындай халде де махаббаттың көзіне айнала отырып үлгі көрсете алса, сауапты амалдан үміткер болады. Себебі, сүйікті Ұстазымыз (ﷺ) сүйіншілейді: «Алла Тағала мұсылман құлының басына келген шаршап-шалдығу, ауру-сырқау, үрей, уайым, күйініш пен қайғы-қасірет секілді қандай да бір ауыртпашылық себепті, тіпті, қолына немесе аяғына кірген тікен үшін де оның күнәларын жарылқап кешіреді» [4].
- Рухани деңгейі жоғары болу. Бұл дегеніміз Раббысымен байланған, жан-дүниесі таза, парасатты адамның күйі. Мұндай халді бізге көз алдымыздағы сәбиіміз өзі-ақ үйретеді. Баланың көңілі пәк және рухани толық болуымен олар үшін бүкіл әлем – ізгілік мекені іспеттес. Осы орайда, қазір көп қолданылып жүрген «баланың деңгейіне түсу» сөзін керісінше, баланың деңгейіне дейін көтеріле алу деп өзгерткіміз келеді. Себебі, олардың рухани байлығы бізге қарағанда қазыналы, жоғары. Егер баламыздың сезімдерінің себебін білмесек, оның деңгейіне көтеріле алмағанымыз. Осыған қатысты өмірде болған оқиғамен бөлісейік. «Ізгілік педагогикасының» негізін қалаушы – Ш.А. Амонашвили балаға сүйіспеншілікпен, жұмсақтықпен қарап білім беруді жақтайтын бірден-бір тұлға. Ол мұғалімдерді әр балаға рухани күш иесі, болашақ тұлға ретінде қарауға шақырады. Міне, осындай ізгі тұлғаның өмірінде ерекше оқиға орын алады. Бірде оған адамдардың бірі тас лақтыра беретін бала жайлы айтып, шағымданады. Амонашвили баланы айыптамас бұрын оның іс-әрекетін бақылауға кіріседі. Бір ауыз сөз айтпастан баладан әрірек жерде оның тас лақтырып, өзі қашып жүрген әрекетін бақылаумен болады. Ерекше бала ол кісіні байқайды да, әдеттегі адамдар секілді ұрыспағанына таң қалады. Бірнеше күннен соң Амонашвили баланың жанына келіп бірге тас лақтыруға рұқсат сұрайды. Осылайша енді олар екеулеп тас лақтырып, қаша бастайды. Балада ол кісіге деген сенім пайда болады. Мұны сезген Амонашвили негізгі сұрағын қояды: «Біз не үшін тас лақтырып жүрміз?» дейді. Сонда бала бар сырын ақтара жөнеледі: «Мен бір фильм көрдім. Онда алып динозаврлар өмір сүреді. Бір күні кенеттен аспаннан тас жауып, олардың барлығы қырылып қалады. Егер сол жағдай қайталанар болса, бізге де тастан қашып үйрену керек қой. Міне, осы себепті жаттығу жасап жүрмін» дейді. Көрдіңіз бе, пәк көңілді балада өз ерекше әлемі, ойлары, ұшқыр қиялы бар! Сонда Амонашвили баланың әрекетін бағалап: «Сенікі дұрыс екен. Сен тастан қашып үйреніп алдың. Бірақ қарашы, айналаңдағы адамдар сен секілді үйренбеді. Сондықтан жаттығуды басқа жерге барып жалғастыра аласың ба?» дейді. Сөйлесудің нәтижесінде бала еш қарсылықсыз көнеді де, уақыт өте келе, бұл әрекетін мүлдем қойып кетеді. Яғни, баланың ренжіп қалуының өзінде бір себеп бар. Оны білмей жатып, айыптамау және онымен сөйлесуге, мәмілеге келуге тырысу керек. Алдыңғы мақаламызда Пайғамбарымыздың (ﷺ) немерелері – Хасан мен Хусейнге деген жұмсақтығын, олардың мешіттен ұзап кетіп, соңында жыланға тап болған әрекетін айыптамастан, құшақтап түсіндіргенін айтқан болатынбыз. Сондай тәрбиемен сусындаған Пайғамбарымыздың (ﷺ) Жәннаттағы райхандарының да даналығын тілге тиек етуді жөн санадық. Бір күні Хасан мен Хусейн түскі намазға дәрет алуға бет алады. Дәретханадан жасы егде тартқан қарияның дәреттің шарттарын дұрыс орындамай жатқандығын байқайды. Жұмсақтықтың нәрінен қанып ішкен олар сол арада мәселенің қайырлы шешімін ойластырады. Содан қарияға: «Ата, біз мұнда дәретті сүннет бойынша кім жақсырақ алатынын білу үшін жарысып жатыр едік. Сіз соған төреші болыңызшы» деп өтінеді. Екеуі кезек-кезек дәретті нақышына келтіріп алады. Мұны көрген қария: «Сендер бір-біріңнен асып түстіңдер. Бұл әрекеттерің маған сабақ болды. Енді мен де сүннетке сай дәрет алатын боламын» дейді [5]. Міне, рухани деңгейі жоғары адамның әрекеті осындай болса керек. Сондықтан біз де баламыздың шалалығына шамданбай, даналықпен қарай білейік!
- Тәуелсіз етіп өсіру. Шынында, баламызға Алласын танытып, тек Оған ғана құл болуға тәрбиелеу – оны еркіндікке, тәуелсіздікке үйрету. Сондай-ақ, күнделікті тіршілік барысында да баланы «бірнәрсеге ұрынып қалады» деген қорқынышпен оған аса қамқор болу – оның ата-анасының көмегіне есейгенде де мұқтаж болуын арттырады. Себебі, ол ыңғайлы мекенге еті үйреніп, одан шыққысы келмей қалады. Алайда адам қателігінен сабақ алу арқылы сол әрекетті кемеліне жеткізеді. Сондықтан балаға мүмкіндік беріп, оны тым шектей бермеген жөн. Осы орайда, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тағы бір өнегелі оқиғасы ойға оралады. Бірде оған аяулы қызы, кемел әйелдердің бірі – Фатима анамыз қолы күстенген, шаршаған халде келіп, бір көмекші тағайындап беруін сұрайды. Сонда мейірімді Пайғамбарымыз (ﷺ) төсекте жатқан қызының жанына келіп: «Қызым, Суффа сахабаларының қажеттілігін өтеместен саған ешнәрсе бере алмаймын. Бірақ саған бұл қызметшіден де артық нәрсе үйретейін. Ұйқыға жатар алдын «33 рет субханаллаһ, 33 рет әлхамдуЛилләһ, 33 рет Аллаһу әкбар» деп айтар болсаң, сұраған нәрсеңнен де артық» [6] деп жауап береді. Бұл оқиғадан қандай ғибрат аламыз? Пайғамбарымыз (ﷺ) билігі бола тұра, қызын өзіне сеніп қалмауын, тәуелсіз болуын үйретті. Сондай-ақ, оның жүрегін Раббысына байлады. Ісінің жеңілдігін қызметшіге артуды емес, қажеттіліктерді Өтеуші – Алла Тағалаға мұқтаж болуды тәлім етті.
- Өмірлік дағдыларды дамыту. Өмірлік дағды дегеніміз күнделікті орын алып жатқан жайттар мен қиындықтарды тиімді шешуге көмектесетін қабілеттер. Мұндай қабілеттер арқылы адам тек қана қиын жағдаяттарды шешіп қана қоймай, қуанышты сәттерде де өзін қалай ұстау керектігін меңгереді. Яғни, өмірлік дағдының қамтитын саласы өте ауқымды. Жоғарыда айтып кеткен қабілеттердің барлығы осы өмірлік дағдының аясында өсіп, жетіледі. Сол себепті өзіміз арқылы баламызға олардың ұл, қыз болу ерекшеліктеріне қарай өмірді жақсы сүрудің үлгісін көрсете аламыз.
Алла Тағаланың даналығы сонда – Пайғамбарымызды (ﷺ) өмірінің 40 жасынан басталатын ең маңызды кезеңге сонау құрсақтағы сәтінен дайындады. Ең Ұлы Ұстаздың тәрбиесінде болған ол (ﷺ) дін жолында тар жол, тайғақ кешсе де сынып кетпеді. Бір Аллаға деген сенімімен адамдардың ықпалынан тәуелсіз болды. Кез келген ситуацияға сай салмақтылық танытты. Шешімі қиын тұста да ең һайырлы шешім айта білді. Адамдардың қисынсыз әрекеттеріне де ұстамды болып, салқынқандылықпен қарай алды. Намаздағы халінде үстіне нәжіс төккендерді де сөкпеді. Таифтағы сапарынан халықтың тас атқылауынан зардап шегіп, алайда бірде-бір айып сөздерін айтпай, керісінше Раббысына дұға етіп келе жатқан сәтінде Жәбірейіл періштенің «Бұйыршы! Тау періштесі бұл жерді жермен жексен етеді!» деген сөзіне «Раббым, олар білмейді ғой. Керісінше, Аллаһ Тағала олардың үрім-бұтағынан Оның жалғыз Өзіне ештеңені серік қоспастан ғибадат ететіндерді шығаруын үміт етемін» [7] деп дұға етті. Ал қуанғанда қалай қабылдайтын еді? Ол (ﷺ) ұнамды бірнәрсе байқаса, жүзі нұрланып, маржан тістері түгел көріне күлімсірейтін. Хазірет Әли (р.а): «Алла Елшісі адамдар арасындағы ең жомарты болды. Жүрегімен – ақкөңіл, сөзімен – ең әділетті еді. Ол өзін табиғи ұстайтыны сонша – оның жанында бір сәт отырсаң, өзіңді ыңғайсыз сезінбек түгілі досыңмен отырғандай боласың. Ол сондай рухани күштің иесі, дәрежесіне ешкім жете алмаған. Ол қарапайымдылығымен ерекше, өзімен отырған адаммен айырмашылығын ешқашан тілге тиек етпейтін» деп керемет сипаттайды. Тұрмыстық өмірде де қой бағып, өз киімін өзі тігіп, үй шаруасына да көмектескен. Өнегелі ғұмыр осындай тұнып тұрған өмірлік дағдылар еді. Оның салиқалы әрекеттерін айтып тауысу мүмкін емес. Оның басқан ізімен ілесу үшін өмірімен танысып, зерттеп, біртіндеп бойға сіңірген жөн. Сонда ғана Алланың жәрдемі келіп, баламызға үйрету оңайырақ болмақ.
Баланың 7 жасына дейінгі кезеңі өмірлік дағдыларды қалайтын шағы. Яғни, бұл кезде оған құндылықтарды үйретудің қажеті жоқ. Ғұлама Әл-Фарабише айтар болсақ, бұл шақта білімнен гөрі тәрбие маңыздырақ. Яғни, 7 жасына дейін әртүрлі ситуацияда өзін қалай ұстау керектігін, әдептілікті, еңбекке араласуды және т.б. маңызды дағдыларды үйретер болсақ, есейген шағындағы тұлғасына алғашқы баспалдақ болады.
- Позитивті ынталандыру арқылы тәрбиені бақылауға алу. Алла Тағала Құранның көптеген аяттарында жақсы істерді істеуге ынталандырып, сүйінші хабарын жеткізеді. Мәселен, «Олардың бақытқа бөленгендіктерін шырайларынан танисың. Олар, мөрленген ішімдіктен сусындатылады. Оның сарқыны жұпар аңқиды. Жарысушылар осыған жарыссын» [8] деп иманды болудың жемісін айтады. Пайғамбарымыздың да (ﷺ) сахабаларын түзеп, сын айтқан кездері өте аз болған. Насихат айту жөнінде одан (ﷺ) асқан дана кісі болмаған. Айтқан ақыл-кеңесі қысқа-нұсқа, адамның өзі түсініп аларлықтай болған. Сондай-ақ, мақтау сөздері де шындыққа негізделіп, жақсылығын асыратындай болған. Бір күні таңертең Пайғамбарымыз (ﷺ) азаншы Біләлды (р.а) жанына шақырып: «Біләл! Менен бұрын Жәннатқа кіретіндей қандай амал жасадың? Мен қай кезде (түсімде) Жәннатқа кірсем де, алдыңғы жақтан сенің қадам басқан дыбысыңды естідім» дейді. Сонда Біләл (р.а): «Мен азан айтқан сайын міндетті түрде екі рәкағат намаз оқимын. Дәретім бұзылғанда, дереу қайта дәрет алып екі рәкағат намаз оқуды Алла алдындағы борышым деп санаймын» [9] деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабасының нәпіл амалын құнды етіп, сол амалында оны тұрақты етіп, одан әрі ынталандыру үшін Жәннатпен сүйіншілейді және бұл әрекетін өте әдемі жеткізеді.
Ал біз балаларымызға ынта-жігер бере алып жүрміз бе? Кішкентай әрекетін елеп, мақтау оны үлкен шыңдарға жетелейді. Баланың қолынан бір іс келмей жатса «осыны да жасай алмайсың ба? Жұрттың баласы жасап жүр ғой!» деген секілді айыптау мен салыстыру балаға ешқашан мотивация бермейді. Керісінше, жеке тұлғасына тиіп кеткен ауыр сөздер оның нәзік жүрегіне жара салады. Мәселен, Пайғамбарымыз (ﷺ) Айша анамыздың (р.а.) бір әйелді «Аяғы қысқа әйеліңіз ба?» деп сипаттағанын естігенде «Бұл сондай ауыр сөздер. Егер теңізге тасталынса, теңіз бүлініп кетер еді» деп тыйып тастайды. Сондықтан да баламыздан болашақ алыпты көрсек, қазірден сағын сындырып алмауды абайлайық!
- Өмірдегі позитивті көре білу. Жағымсыз жағдайдың өзінен жақсы тұстарын көре алу – жарым ырыс. Мәселен, балаңыз сабаққа ұйықтап қалды делік. Егер сол жерде дау шығарып, онсызда уайымдап тұрған баланы одан сайын тығырыққа тірер болсақ, бүл ешқандай нәтиже бермейді, өтілетін сабақ бітіп те кетеді. Баланың көңіл-күйі түскен күйі апыл-ғұпыл шығып кетеді. Ал егер баламызға «Ештеңе етпес, балам! Есесіне сенің ұйқың қанды. Демек, көңіл-күйің жақсы. Енді ертерек ұйықтау керек екен, иә?» деп күліп шығарып салар болсақ, баламызбен позитивті қатынас орнайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) тіпті өлекседен де жақсы тұсын байқап, «Тістері неткен әдемі!» деген екен.
- Өз құндылықтарымызбен өмір сүру. Отбасында ортақ салт-дәстүр қалыптастыру әр адамның құндылығын маңызды етеді. Мәселен, сіз үшін намазды тыныштықта, ешкімнің кедергісінсіз оқу маңызды. Егер үй-ішіндегілерге осы құндылығыңызды іспен түсіндіре алсаңыз, бұл мәселеде сізді құрметтейтін болады.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) бірнеше әйелі болған. Бір күні оған келіп наздарын айтады: «Сіз барлық адамдармен, бізбен жақсы қарым-қатынастасыз. Алайда үйге келген заттарды түгелдей садақа етіп беріп жібересіз. Бірақ бізге көбірек қалса екен дейміз…». Сонда Пайғамбарымыз салмақты түрде: «Менің табиғатым сондай. Мен Алла жолында көп садақа бергенді жақсы көремін. Егер сендер менің осы қасиетімді қабылдап, шүкір етсеңдер, Раббыларың арттырып қояды. Ал егер қарсы келсеңдер, мен сендердің бастарыңды босатайын. Бай кісіге тұрмысқа шығарсыңдар» деп көркем насихат жасайды. Яғни, сондай рухани құндылықтарымызды ара-қатынасқа сызат түспейтіндей шешіп алар болсақ, бұл өзімізді де құнды етері сөзсіз.
- Ұстаз бола алу. «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Үстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп Абай атамыз жырлағандай ата-ана балаға өмірлік үйретуші, мұғалім. Кез келген пайғамбардың негізгі мақсаты – халықты тура жолға бағыттап, оның шарттарын үйрету болған. Тіпті, Нұх пайғамбар (ғ.с.) 950 жыл бойы насихат айтып, адамдарды жақсылыққа үйретуден жалықпаған. Құранда «Лұқман» атты бүтін бір сүре бар. Зер салар болсақ, Лұқман атты хакімнің ұлына айтқан қазыналы өсиеттеріне толы. Яғни, ол кісі ұлының тәрбиесін, тәртібін өзгеге артпай, өзі ұстаздық етті. Ұлына иләһи тәрбие беруде барлық қажыр-қайратын аямаған.
- Тірек бола білу. Кез келген жағдайда балаңыздың жанынан табылып, оны қолдай алу, қамқорлық көрсете білу – нағыз тірек. Раббысынан кейінгі ең сенімді арқа сүйерлері ата-анасы екендігін білген, сезінген бала шалалықтары үшін өтірік айтуға, қателіктерін жасырамын деп тағы да от басуға, еленбеген сәттерінің әсерінен тұйық болып кетуге мәжбүр болмайды. Сондықтан көз-қуанышымыздың, бөбегіміздің шын қолдаушысы бола білейікші! Мейлі ол қанша жасқа келгендігіне қарамастан!
Пайғамбарымыздың (ﷺ) Мединада тұрып жатқан кезі еді. Бір күні Эфиопиядан отбасы көшіп келеді. Олардың 3-4 жасар сүйкімді қыздары бар еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны көре салып, езу тартып, еркелетеді. Олардың тілі басқа болғандықтан Пайғамбарымыз (ﷺ) эфиопиялық тілде «әдемі» деген сөздің қалай айтылатынын сұрап алады. Осылайша оған «Сина (әдемі)» деп ат қояды. Бір күні Сина Пайғамбарымызбен (ﷺ) ойнап жүріп, оның пайғамбарлық мөрін қызықтап шұқылайды. Мұны байқап қалған әкесі ыңғайсызданып, қызын қойдыртпақ болады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) «Тиіспе!» деп ойнауына рұқсат береді. «Баласы бар, баламен бала болсын» деп өсиет қалдырған ол сәбилерге келгенде көңілдерін жықпауға осылайша қатты тырысатын. Қауырт жұмысы, отбасы, халық күтіп тұрса да көшеде кезіккен әр балаға уақытын бөлді. Кейбіріне ат болып, үстіне мінгестірсе, кейбіреуімен жарысып ойнады. Мешітте баланың шуылдаған дауысын ұнамды көрді. Намаз кезінде мойнына отырып ойнаған немересін де сол қылығымен сүйді. Бұл әрекетіне сүйсінген Омар (р.а.): «Әй, балақайлар! Мініп алған сайгүліктерің қандай тамаша!» дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ) «Олар да осал атқамінерлер емес!» деп мақтан еткен. Әр баладан болашақ көре білген ол балаларды шартсыз жақсы көрді.
Пайғамбар (ﷺ) тәлімі, міне, осындай еді. Ол үшін тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілік болды. Балалар бұл сезімдерге қашан да шөлдеп тұрады. Себебі, ата-ана махаббаты мен қамқорлығы олардың дұрыс дамып, жақсы өсіп, жетілуі үшін аса маңызды. Баламызға неғұрлым Алланың сыйы, аманаты және нығметіміз деп қарай бастасақ, Раббымыз осы ниетіміз үшін де көз алдымызда оның тәтті қылықтарын көрсетіп, балапанның ақ жүрегін ашып беретіндей…
Уа, Аллаһым! Балаларымызды Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетіне сай, Өзің разы болатын деңгейде, салиқалы, ізгі, дінін, елін, жерін сүйетін ұрпақ етіп тәрбиелеуді нәсіп етші!
Дана Талғатқызы
Дереккөздер
- https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2016-12-12/19293-bala-trbiesndeg-pajambar-snnetter/
- https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2015-03-20/20453-zhnnata-bastajtyin-18-zhol/
- https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2015-03-20/20453-zhnnata-bastajtyin-18-zhol/
- https://sunna.kz/archives/17601
- https://kazislam.kz/hasan-men-husejnni-danaly-y/
- «Саңлақ сахабалар», А. Әділбаев. 310 бет
- «Әр-Рахиқ әл-Махтум», Сафиар-Рахман Мубаракфури, 115 бет
- «Мутаффифин» сүресі, 24-27 аяттар
- https://vk.com/wall-74338024_47318