Құрандағы «Тәубе» сүресінің 60-аятында білдірілген зекет алуға лайықты болған сегіз түрлі топтың бірі «فى سبيل الله» (Алла жолындағылар). Осы терминдік ұғымның аясына кімдер кіреді? деген сұрақ төңірегінде ғұламалар өзге аяттар мен хадистерді негіз ете отырып, әртүрлі топты кіргізгенін көруге болады. Біз тек кейбір аяттарды мысал ретінде келтірер болсақ, төмендегідей:
- «Бақара» сүресі, 273-аятындағы «فى سبيل الله» сөзін дін білімін үйреніп, дін жаюшы ғалымдар деп түсіндіре отырып, суффа-әһлін, яғни, Пайғамбар (с.ғ.с.) медресесінде білім алған сахабаларды сөз етеді[1].
- «Бақара» сүресі, 218-аятындағы «فى سبيل الله» сөзіне дұшпанмен, шайтанмен және нәпсімен күресу мағынасын береді[2].
- «Әнғам» сүресі 116-аятындағы «عن سبيل الله» сөзіне Алланың шариғатынан, тура жолынан аздыру мағынасын береді[3].
- «Мұхаммед» сүресі, 1-аятындағы «عن سبيل الله» сөзіне пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) мойындамай, оның көрсеткен тура жолынан таю мағынасын береді[4]. Бұдан өзге де «فى سبيل الله» сөзі зікір етілген көптеген аяттарды келтіргенін кездестіреміз.
Әл-Марағи, «Аяттағы «فى سبيل الله» сөзі Алла разылығына қауыштыратын сауапты істер, әсіресе, адамдардың бақытты ғұмыр кешулері жолындағы жасалған игілікті шаралар»[5] десе, имам әл-Касани «فى سبيل الله» сөзіне қатысты: «Алла разылығы көзделген бүкіл жақсы амалдар кіреді» [6] – деген.
Бұл терминологиялық мағыналарды қорытындылай келе, «فى سبيل الله» сөзі зікір етілген аяттарда түрлі мағыналардың берілуі контекстік және аяттардың түсу себебімен байланысты десек де, ғұламалардың көпшілігі, зекет берілетін топтың бірі болған «فى سبيل الله» (Алла жолындағыларға) – негізінен Алла разылығы көзделіп, Хақ діннің адамдарға өз деңгейінде жетуі жолында еңбек етіп жүрген білім адамдарын және сол жолда жасалған жұмысты басты назарға алады. Осы тұрғыдан бұл терминнің ауқымы кең, тіпті, зекет берілетін қалған жеті топты да өз ішіне қамтиды десек болады.
Ислам ғұламалары да ғылым-білімсіз адамзат өмірі тұл деп, адамзатты өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіретін білім екеніне бір ауыздан келіскен. Міне, сондықтан Ислам ғұламалары бүкіл қажыр-қайратын Құран немесе дін білімдерін үйрету жолында тауысқан кісінің, өзгелерге жасаған қызметі үшін ақы алу мәселесі жайлы тоқталғанын да кездестіреміз. Көпшілік халық Ислам дінін дін мамандары арқылы ғана үйрене алады. Таңнан кешке дейін әр күнін Құран немесе діни білім берумен айналысқан адамға толыққанды жалақы төленбесе, олар басқа тіршілік қамымен болып кетері анық. Дін мамандарының азаюы қара халықтың Құран немесе діни білімнен сауатсыз қалуына себеп болады. Осыған байланысты Ханафи мәзһабының Марғинани, Ғәйни, Сарахси және Ибн Камал сияқты ғалымдары истихсан (бір істі ұнамды білу) негізінде Құран немесе діни білімге ақы төленудің дұрыстығын айтқан. Әрі дін қызметкерлеріне берілетін ақының үзілмеуі, адам баласының дүние және ақырет біліміне қатысты мәліметтерден бейхабар қалмауының бірден-бір жолы деп білген. Ал мұқтаждығы болмаған, басқалай кіріс көзі болған адамның жасаған дін қызметі үшін ақы талап етуі, истихсан негізіне сәйкес болмағандықтан дұрыс емес деген[7].
Білім адамдары дегеніміз – дүние тауып, басқа тіршілікпен айналысудан бас тарта отырып, өмірін білім жолына арнап, сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандар. Әр заманның талаптары мен қажеттіліктері тұрғысынан білім адамдарының да өздерін әрдайым дамытып отыруы керек болғаны сияқты оларға өзге мұсылмандар тарапынан қолдаудың да өзілмеуі мұсылмандық міндет болып табылады. Көпшілік ғұламалардың, «فى سبيل الله» (Алла жолындағыларға) білім жолындағы адамдарды жатқызуы содан болса керек.
Бірде Әбу Һурайра (р.ғ.): «Мүмін бауырларым менің көп хадис риуаят етуіме наразылық білдіріп жүр. Сондай-ақ, ансар (Мәдиналық) бауырларым егіндіктерін егіп өсіруде, муһажир (Меккелік) бауырларым да сауда-саттықпен айналысуда, мен және қасымдағылар аш болғанымызға қарамастан Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасынан бір елі қалмай хадистерін жаттадық»[8] деп, суффалық сахабалардың дін ғылымын жеткізу жолында аянбай еңбек етіп жүргендерін кейбір айналасындағылар түсіну былай тұрсын, сөз ететінін де тілге тиек етеді.
Бірде Жағфар ибн Әби Талип (р.ғ.) Әбу Һурайраның (р.ғ.) қасынан өтіп бара жатып: «Уа, Әбу Һурайра! Орныңнан тұра салып Алла елшісінің (с.ғ.с.) артынан кететін едің. Қаншама рет жаратылыстың мақтанышы болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне кіріп, сыйға тартқан сүтімен қарныңды тойдырдың» деп өзіне тартып құшақтайды[9]. Әбу Һурайра да (р.ғ.) дүние тіршілігіне жан кіріп, қайта түлеуін дін ілімінің толық жетуінен деп ұқты. Сол үшін бойындағы бар қажыр-қайратын Хақ дін ілімін үйреніп, оны жеткізу жолында жұмсады. Алла елшісі (с.ғ.с.) оның осы бір адалдығына сүйсіне қарап, ерекше құрмет көрсететін әрі дін білімін үйреніп, сол жолда еңбек еткендерге құрмет көрсету мұсылмандық міндет екендігін де үмметіне үйреткен-ді.
Қорыта айтар болсақ, зекет берілетін топтардың қатарындағы «فى سبيل الله» (Алла жолындағылар) сөзі жалпылық мағынаны берумен бірге, Құран аяттары мен хадистерде әртүрлі мағыналарда келгендіктен, ғұламалар арасында түрлі терминологиялық мағыналар туындаған әрі ғұламалар «فى سبيل الله» (Алла жолындағыларға) ғылым жолында болғандардың жататынына бір ауыздан келіскен десек болады. Сонымен қатар, Құрандағы зекет берілетін орындар бір немесе екі түрімен шектелмей, сегіз түрлі топты қамтуы жеке тұлғаға немесе қоғамға қатысты материалдық қажеттіліктерді шешуде «Зекет» құлшылығының орны ерекше екендігін ұқтырса керек.
Самет Оқанұлы
Исламтанушы
[1] Имам Замахшари, Әл-Кәшшаф ғән хақайиқит-тәнзил уә ғуюнил-ақауил фи ужуһит-тәуил, 1-том, 272-273 бб.
[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 2-том, 20 б.
[3] Имам Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 5-том, 191 б.
[4]Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 13-том, 383 б.
[5] Әл-Марағи, 10-том, 145 б.
[6]Бәдәиғус санайғ фи тартибиш шарайғ, 2-том, 154 б. 338-339 бб.
[7] Махмуд ибн Ахмад әл-Ғәйни, Әл-Биная шәрхү дил Һидәя, Дәрүл фикр, Байрут. – 1990., 9-том, 342-бет.
[8] Бұхари, ғылым/42; Мүслим, фадаилус-сахаба/159.
[9] Бұхари, фадаилус-сахаба/10.