10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Толерантты халық

Барлық адам баласының өміріндегі басты бақыт коцепциясы- жер бетінде тыныштық пен берекенің орнығуы. Ел басына күн туып, тар жол тайғақ кешкен замандарда, еліміз өзара бауырмалдық пен мейірімділік, ынтымақ- бірлікті жанына жалау ете жүріп, көк байрағын бейбітшілік тұғырына көтерген-ді. Қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін, ең әуелі, ұлтты ынтымаққа ұйыстырудан бастаған. Қалықтап ұшса, қыран қанаты талатын, құйындата шапса, аттың тұяғы сынатын, ата –бабамыздан қалған асыл мұра- ұлан-байтақ  жерімізді сақтап қалу жауапкершілігі, ендігі кезекте, ұлтымыздың ұрпағы, болашақ жастардың еншісінде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, қазақ азаматтары бір түп ши іспетті біртұтас қауымға айналса ғана, ұлт көрінгеннің  құрығында, тістегеннің аузында кетпесі анық. Потриоттық сезім мен ұлтшылдықтың аражігі бар. Жерге, ұлтқа, руға, дінге таласу үшін емес, таным үшін бөлінгенбіз.  Ұлтының дамуына үлес қосуды көздеген патриоттардың  басты стратегиясы: Бір-біріне деген сенім мен құрмет дәрежесі, өзара бітімгерлік, сауаттылық, білім тұрғысы жағынан кемел болуы. Елдегі өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау, діни наным- сенім бостандығына, егер ол қоғамға қандай да залалын тигізіп жатпаса, демократиялық көзқарас таныту- толеранттылық болып табылады. Халыққа жолдауында елбасымыз  Қасымжомарт Тоқаев қоғам бірлігінің маңызы жайлы былай деп үндеу жариялайды:«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» (1- Қыркүйек, 2021-жыл). «Демократия деген ұғым, өзгелердің әділетсіздіктеріне үнcіз қарап отыру емес, сондай-ақ, өзге ұлттарға құрметпен қарау деген сөз, өзге ұлтқа еліктеп, өзіндік тілі мен ділін ұмыту да емес. Елдегі қандай да ушығып жатқан у-шуларды, отқа май құймай, бүліксіз, сауатты түрде, заңмен шеше білу- нағыз потриот, интеллигентті қауымның образы. Тіпті, өткен тарихымызды алып қарасақ та, елдегі қандай да проблемаларға араласқан қазақтың алпауыт батыр азаматтары патшаның алдына келіп: «Дат,тақсыр!»  деп, парасаттылығын тілге тиек етіп, көп деген дауларды өзара бүліксіз, бір екі ауыз сөзбен-ақ  шешкендерін байқаймыз. Қазағымыздың  қамын жеген, ел азаматы Әлихан Бөкейханов айтады: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол- ұлттық ымыра-бірлікте». Тағы бір сөзінде: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады» [1] деп тұжырымдап кетеді. «Халық қандай болса, басшы сондай» дейтін тәмсіл бар. Халықтың сұранысына қарай, яғни білім, ізденіс, талпынысына орай қоғамның әл ауқаты дамиды. Әсте, бірлік болмай-тірлік болмас. Мұсылман қазақ жұрты бірліктің  жібіне жұмыла жармасса, өзге ұлтараздықтан, сырттан келген діни ағымдардан қауіп сейіледі. «Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін нақыл бар. Кешегі Әбілхайыр хан үш жүздің басын қосып, қалмақты ойсыратқаны тарихтан белгілі. Тақырыбымызға арқау етіп алған «толеранттылық» дейтін асыл қасиетке еге болуымыз үшін, алдымен, қазақ жұрты өзара бірлікте болып, өзінің туған тілін, ділін, дінін құрметтеуі талап етіледі. Сонда ғана еліміздегі өзге ұлт өкілдерінен қауіптену мен ұлтшылдықты ұрандатуды қойып, сыйластық пен тыныштықта ғұмыр кешетін боламыз.

«Ислам-бейбітшілік діні»

Отан сүю-иманнан. Ал, иман- адам жүрегіндегі махаббатты менмендікпен, алауыздықпен, қатігездікпен орнатпасы анық. Ендеше, сол иман нәрінің  бастауы, ата- салтымыздың сара жолы, қадірлі дініміз -Ислам шариғаты ұлтаралық бірлік пен бір елдің ынтымақтастық ошағына айналу нүктесіне тоқталмай өтпеді.                                    «Дін- бүкіл әлемдегі ұлттардың рухани дүниетанымын байытып, адамзат баласының бірлік пен татулықта өмір сүруіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан, сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет…»деп жазады, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының (ҚМДБ) бас Мүфтиі Наурызбай Тағанұлы мырза, өзінің әлеуметтік желі @nauryzbai.taganuly парақшасында. Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға,дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» [Мәида сүресі, 2- аят] деп бұйырады. Ел дұшпандарының  үндеуі  мен жетегіне еріп, елде проблема туындай қалса, араға бүлік салу «патриотизм» емес. Ақ пен қараны ажыратушы, адамзаттың өмірлік ережесі болған, Қасиетті Құрани Кәрімде, бейбітшілік, ымырашылдық мағынасындағы «сәләм» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. «Ислам» сөзінің өзі «бейбітшілік» дейтін қасиетті ұғым болса, «Мұсылман» сөзі: «бейбітшілік адамы» деген мағынаға саяды екен. Құранда: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)» [«Бақара» сүресі, 217- аят] десе, енді бір аятта: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» [«Мәида» сүресі, 64-аят ] деп ескертіледі. Өйткені, «Бір күн ұрыс болған жердің, қырық күн берекесі қашады» дегендей, бүлікпен проблема шешілмек түгіл, қоғам екі есе берекесіздік пен шығынға ұшырайтыны анық. Ислам әлемі кең қанатын жайып, көп жерлер Халифа билігіне қараған тұста, сол жерлерді мекендеген әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың , өзге дін өкілдерінің жеке бас құқықтарына мұсылман тарапынан қысым жасалмайтыны жөнінде «ымырашылдық» келісімшарттарын орнатқан еді. Бейбіт келісім дегенде, ең алдымен, Худайбия есімізге оралатыны заңды. Себебі, Худайбия көптен бері аңсаған тыныштықтың ең ұзаққа созылған тұсы болатын. Күн сайын ұрыс- керіс пен қиыншылықтарды туындатқан ауыр өмір шарттары орын алған Мекке кезеңінің өзінде, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бейбіт келісімге тоқталып, жан-жалға түбегейлі қарсы болған. Ол (с.а.у) ең мінезі ауыр деген адамдардың өзімен жекелей кездесіп, мәмілеге келіп, дастарханынан дәм татқызып, кәдесый жасап, ауызбіршілікті үлгі еткен. Мәдинаға хижрет жасаған кезде, бір- біріне ұқсамайтын екі түрлі қауыммен бірдей тіл табысқан. Өзі басқа қаладан қоныс аударып келгеніне қарамастан, жергілікті арабтар мен яһудилердің сеніміне кіріп, Мәдинада бейбітшілік пен түсіністікке негізделген  кішігірім мемлекет құрған. Расулалланың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келуімен бірге жылдар бойы жалғасын тауып келген соғысқа нүкте қойылып, екіжақты келісімшарттар жасалып, бейбітшілік орнаған. Осыған дейін бір қаладан бір қалаға жолға шығудың өзіне адамдардың батылы бара бермейтін мекенде, қысқа уақыт ішінде, ер адамдар түгіл, әйел қауымының өзі емін- еркін халықаралық сапарға шыға алатындай сенімді орта қалыптасып үлгерген. [2] Сол бір үлгілі уақиғадан біршама түсінік қалыптастыруға болады. Соның ішінде, осы тақырыбымызға сәйкес ұғымдарға тоқталсақ. Мәселен:

  1. Басшының қол астындағы қауымына мейірімділік көрсетуі, тіпті қажеттілік туындаса, оларға ұнамсыз істі жүктеуді жоққа шығармайды;
  2. Керек кезде өзге дін өкілдерінің діни рәсімдеріне құрметпен қарап, құптау рұқсат етіледі;
  3. Тыныштық пен бейбітшілік үшін стратегиялық шегіністер жасау-сүннеттен екен;
  4. Соғыс пен жауластықты тоқтату-діннің өркендеуі мен қоғамның дамуына алып келеді;
  5. Сабыр етіп, істің нәтижесін Аллаға тапсыру, әрқашан жақсылық пен берекеге қауыштырмақ;

«Сендердің араларыңнан кімде-кім мемлекеттеріңде тұру үшін рұқсат алып өмір сүріп жатқан, мұсылмандардың қолдау көрсеткен адамын өлтіретін болса, бақи әлемде Жәннаттың өзі түгіл, иісін де сезе алмайтын болады» [3]  және «Кімде- кім емін-еркін жүріп- тұруына рұқсат етілген шеттен келген адамға зұлымдық жасап немесе оны қиындықтарға душар қылса, Қиямет күні болғанда оның дұшпанына айналамын» [4]  деген мүбәрак сөздеріне қарасақ, мейірім Пайғамбары (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлтаралық бейбітшілік пен тыныштық адам баласының бақыты үшін басты бағалы принцип екенін айқындап өткендей. Асыл дініміздің эстетикасын өмірлік ереже тұтып, иманды ұрпақ, бейбіт  мемлекет қалыптастыру, әрбір Отанын сүйген азаматтың парызы. Ұлттың ұлттан айырмашылығы,  менталитеті, экономикалық немесе жаратылыс ерекшілігі тұрғысынан емес, әуелі моральдық  байлықпен, яғни адамгершілік, сабырлық, мейірім, иман, білім сынды эстетикалық образдармен ерекшеленеді әрі дамиды. Адамзаттың асыл тәжі болған Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына бір сөзін осыған фактор ретінде алуға болады: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу. Ешбір араб араб еместен, араб емес, арабтан, ақтың  қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың» [5]

«Батыстық өркениет»

Еуропалық философтардың төзімділік мәселесіне көңіл қоюы діни соғыстар кезінде күшейді. Бұл кезеңде толеранттылықты католиктер мен протестанттардың келісімге келуі ретінде түсінуі басым болды. «Толеранттылық» дейтін  терминнің пайда болуы осы кезеңмен сәйкес келеді деп көрсетеді. Толеранттылық принципі Батыста үш негізгі элементке негізделді: жеке меншікке деген құрмет, адам құқығына деген құрмет, қоғамның құқықтық институттарына деген құрмет. Осы үшеуі батыстық мәдениеттің негізінде жатқаны белгілі. [6] Экономика, ғылыми зерттеулер жағынан бізден әлдеқашан, бірнеше ғасыр алға озып кеткен Европа елі, қоғамның интеллигент болып қалыптасуы үшін, ең алдымен, материалдық емес, қоғамның рухани дамуы, ел ішінде өзара татулық, әділдік пен  адамгершіліктің орнауы маңызды екенін әлемге паш етіп, алпысыншы жылдар шамасында, түрлі рухани психологиялық тренингтер ойлап тапты. Адамды татулық пен кешірімге, ақыл- парасатқа, түзу мәмілеге, білім арттыру, сауаттылыққа шақыратын осынау семинарлар, қазіргі уақытта біздің шегарамызға енді ғана ентелеп жетті. Алайда, сол заманауи психологтардың жаңаша стильдік  өсиетке айналдырған танымдарын, осыдан бірнеше ғасыр бұрын ата дініміз бен ата салтымыз жалпақ тілмен тағлым еткен еді. Сол тәлімдердің астарын енді ғана тренингтер арқылы талдап, тамсанудамыз. Ел ішінде болсын, мемлекет араларында болсын, өзара бітімгерліктің тамырына балта шабылмасын. «Нағыз байлық  дүниенің көптігі емес, нағыз байлық көңілдің байлығы» деген еді  ардақты Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). [7]  Aл, көңілдің байлығы, елдің тыныштығы болған жерде экономика да өз сатысымен дами бермек. Бірліктің қадірін түсіндірген қазақтың алыбы, Қаблиса  жырау шығармасында елдің  бақыт концепциясын бір шумаққа сыйдырып былай деп жырлайды:

-Бақыт қайда барасың?                                                                                          – Соғысқа құмар ойы жоқ,                                                                                          Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын! [8]

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауының бірінде: «Сауд Арабиясы, Мысыр және тағы басқа елдердің Имамдары мен христиан дінінің өкілдері бас қосып, өзекті мәселені талқылағанын тыңдаған қандай жақсы. Құдай біреу. Адамды Құдай жаратқан. Кісі өлтіріп, бүлік тудырсаң, Құдайдың жаратқан тіршілік иесін өлтірдің деген сөз. Қазақстандықтардың, қазақтардың толеранттылығы мен кішіпейілділігінің арқасында, біз береке- бірлік пен тыныштықта өмір сүреміз» деп тұжырымдайды. [9] Жалпы ойдың түйіні: мемлекеттің гүлденіп, өркендеуі бірінші кезекте экономикалық, табиғи ресурстарына емес, ішкі тұрақтылығына, бірлігіне байланысты. Қандай экономикада өмір сүрсе де, бастысы айрандай ұйыған ынтымақтың арқасында, төбедегі келетіні сөзсіз. Толеранттылық- қоршаған әлемнің және оны мекендейтін халықтардың әртүрлі екендігін түсіну және оны қабылдауды, ұлтаралық бірлік пен татулықты білдіреді. Әрбір этнос ерекше және қайталанбас. Тек этникалық және діни көптүрлілікті мойындау, мәдени ерекшеліктерді қабылдап, құрметпен қарау- нағыз толерантты атмосфераны орнатудың нышаны.

Раян Болатқызы

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] abai.kz

[2] «Пайғамбарымыздың өмірлік стратегиясы» кітабы, «Көкжиек» баспасы, 2020 ж

[3] Бухари, Ахмад ибн Ханбал жеткізген хадис;

[4] Әбу Дәуіт жеткізген хадис;

[5] Ахмад, хадистер жинағы;

[6] https://www.kaznu.kz

[7] Бухари, Муслим жеткізген хадис;

[8] «Заман-ай, заман- ай» кітабы, «Қаблиса жырау»

[9] «Айғақ» ақпараттық порталы;

                                                                                                                            

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here