21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

Орамал таққаның…

Әртүрлі атаумен аталғанымен, қай кезде болсын қоғамда ерекше құрметке, мәртебеге ие болып келеді. Орамал, жаулық, кимешек, хиджаб сөздері кей жерде бір мағынада қолданылады. Дегенмен басқа тағу, сәндік жағынан және әйелдердің жас айырмашылығына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған тоқталып, әр сөздің мағынасын аша кетелік.

(Орамал)

“Орамал” атауына келер болсақ, қазақ қоғамында бағзы заманнан бері қолданылып келеді. Этнолог Садық Қасимановтың айтуынша, “орамал” сөзі парсы тілінен алынған: “рой” – бет, “мал” – мата деген мағынаны береді екен. “Орамал” қолданылуына қарай бірнеше түрге бөлінеді: майлық орамал, бет орамал, сулық орамал, қол орамал. Біздің сөз етіп, кеңірек тарқатып айтатынымыз басқа тартатын орамал. Оның қиықша, шаршы секілді түрлері қазақ халқының арасында кең етек жайған. Сонымен қатар, әйел адамдардың жас ерекшелігіне қарай әртүрлі орамал түрін таққан. Мәселен, жаңа түскен келіннің басына ақ орамал жапқан, бұл келіннің әппақ пейілін, үлкендерге деген құрметін білдірген. Ақ орамалынан сол әулеттің келіні екенін аңғарған. Бұдан бөлек, орамалдың “бөртпе”, “шәлі”, “салы” сынды түрлері бар. Атаулары әртүрлігіне қарай, матаға байланысты, тоқылуына қарай атау берілген. Қазіргі кезде хиджабты да “орамал” деп атап жүр. Тіпті «орамал» деп ән де шырқаған:
“Орамал таққаның,
Иманның дәмін татқаның.
Нұр тұнып жүзіңе,
Бқыттың жолын тапқаның”.

Орамалды түрлі мақсатта қолдана білген. Айталық, “орамал тон болмайды, жол болады” сөзі құда болып, қызын алғысы келген үйге орамал байлап кететін дәстүрден шыққан. Сонымен қатар, қыз бір жігітке көңіл білдіргісі келсе кестелі орамал сыйлаған. Соғыс заманында қиындық, соғыс аяқталған уақытта әйелдер бастарына ақ орамал тартқан. Бұл бейбітшілік, соғыстың бітуін білдірген. Осылайша, бір ғана орамал арқылы қаншама мән-мағынаның сырын ашқан. Ұлттық дәстүрде де, дінде де орамалдың дәрежесі жоғары болып келеді.

Әр халықтың әйелдері климаттық, тарихи қалыптасуларына қарай әсемдеп жаулық таққан. “Жаулық” атауының орамалдан айырмашылығы – жаулықты кимешектің сыртынан тартқан. Орамалдың көлемі шағын, жинақы, квадрат болса, жаулықтың  ені қысқа, ұзындығы бір жарым метрдей түрлері болған. Жаулық кимешектің сыртынан оралғандықтан, шашты тұтастай жауып тұрған. Сондай-ақ, жаулықтың екінші түрі ретінде бірнеше түстегі жаулықтар бар. Мәселен, қырғыз елі мен қазақтарда тұрмыс құрмаған қыздар қызыл жаулықпен жүрген. Ал үйлі-баранды болған әйел адамдар ақ жаулық жамылған. Кейін баласы дүниеге келгенде жаулығын кимешекке алмастырған. Бұл қазақ пен қырғыздар арасында кең тараса, әзірбайжандықтарда “келеғай” атты жаулық танымал. Әзірбайжанда бұл жаулықты “чарғат” деп те атайды. Оның ерекшелігі жаулық түгелімен таза жібек матадан тігіледі де, таза бояулармен әртүрлі ою-өрнектер бастылырған.

«Келеғай»

 

Орыс халқның әйгілі “плат” атты жаулығы әйелдердің көркіне айналған. Сан алуан шаш үлгісін емес, әртүрлі плат жаулықтарды тағуды жөн көрген.

Ұлттық бас киім саналатын кимешекті кей жерде “шылауыш” деп те атайды. Кимешекті қарт әжелер де, жас аналар да тағады. Кимешектің жалпы көрінісі біркелкі көрінгенімен, әр өңірге, заманға қарай өзгеріске ұшырап тұрады. Кимешектің ерекшелігі ол басты, иықты, кеудені жауып тұрады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ хиджабқа ұқсата аламыз.

«Кимешек»

Байқасақ, әр елді мекеннің әйелдері әртүрлі кимешек таққан. Осылайша әйел адамның қай рудан, қай өңірден екенін аңғарған. Ұлттық дәстүрімізде де, дінде де ананың орны, мәртебесі биік. Нәрестесін дүниеге әкелген жас ананы құттықтап, тілек тілеп арнайы кимешек тарту еткен. Кимешек кигізетін адамды да арнайы сайлаған.

Хиджабтың кимешек, орамал, жаулықтан өзгешелігі ең алдымен қандай мақсатта тағуында секілді. Себебі, хиджабты Алла разылығы үшін, парыз болғаны үшін тағады. Хиджабтың пайдасы, көркі одан кейін қозғалатын мәселе. Хиджаб сөзі араб тілінен аударғанда “шымылдық”, “қалқан” деген мағынаны білдіреді. Хиджаб – мұсылман әйелдеріне парыз, бұл дегеніміз мұсылман әйел беті, білезікке дейін қолы, тобығынан өзге жерінің бәрін жауып жүруі керек дегенді білдіреді. Ер адамдарға сақал қоюдан бұрын, әйел адамдардың хиджаб киюінің маңызы жоғарырақ. Қасиетті Құран Кәрімде: Әй Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: “Үстеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл, олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақыны

рақ. Алла (Т.) аса жарылқаушы, тым мейірімді. (“Ахзәб” сүресі, 59-аят) делінген. Аятта айтылған бүркеншік әр ұлттың климаттық жағдайына, ұлттық құндылықтарына, дәстүріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, Ханафи мәзхабінің ғұламалары хиджаб жайлы берген түсініктемесі бойынша хиджаб:

– бет, екі қол (білезікке дейін) және, екі аяқ табанынан өзге бүкіл денені жауып тұрады;

– еркін киілетін (дене пішінін білдіртпейтіндей) кең болуы;

– өте жұқа болмауы тиіс;

– иіс сулар және өзге де парфюмерия түрі себілмеген;

– өзгенің назарын аудармас үшін, көзге түсер өте ашық түстер болмауы керек.

Мұсылман әйелдерге хиджабтың парыз екені айтылған алғашқы аят “әхзәб” сүресі, 53 аят, тіпті бұл аят “хиджаб аяты” деп те аталып кеткен:

“Егер пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар! Осылай істеулерің сендердің де, олардың да, (яғни екеулеріңнің де) жүректерің үшін (шайтанның азғыруынан, яғни жаман ойлардан) таза болмақ”. (“Ахзәб” сүресі, 53-аят) Алғашында хиджабты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері киіп бастаған, кейін барша мұсылман әйелдері арасына таралды. Хиджаб әр ұлттың менталитетіне қарай өзгереді. Бастысы Қасиетті Құран кітабында көрсетілген әйел адамның дене мүшелері жабық болса жеткілікті. Мәселен, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін орамалмен сабақтастырып тағуға дініміз де, дәстүріміз де қарсы болмайды. Керісінше, заманына, ортасына қарай өзгертіп, сәндеп таққанның еш айыбы жоқ. Кимешек жайлы сөз қозғағанымызда әр өңірде әртүрлі тағатынын айтқан едік. Кимешектің хиджабтан аса үлкен айырмашылығы жоқ. Керісінше кимешек хиджабтың қазақи үлгісі іспетті. Ою-өрнекпен, қазақи нақышта дайындалған бас киім түрі. Кимешек қазақ әйел адамдарына міндетті емес, ал хиджаб – мұсылман әйелдеріне міндетті, парыз, хиджаб ұлт талғамайды, бүкіл мұсылман әйелдеріне ортақ киім үлгісі. Хиджаб жайлы аят та, хадис те көптеп кездеседі. Хиджаб жайлы танымал болған хадистердің біріне тоқталар болсақ: «Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткені: Әбу Бәкір қызы Әсма (Алла ол екеуіне разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), қасына жұқа киіммен кіріп келеді. Сонда Пайғамбарымыз (ған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), оған қарап: « Әй, Әсма! Қыз бала балиғат жасына жеткен күннен бастап, мыналардан басқа жерлері көрінбеуі керек», – деп, беті мен екі қолын (білезігіне дейін) көрсетті». [1]  Аят, хадистерде хиджабтың парыз екені айтылады, алайда қандай түсте, түрде болуы жазылмаған. Яғни, хиджабтың түсіне ешқандай шектеу жоқ. Бастысы, хиджаб әйел адамның әуретін жауып тұруы маңызды.

Осы орайда өзге елге саяхаттап жүрген жас саяхатшы Диана Яшевадан шетелдегі қыздардың хиджабты тағу стилі жайлы сұрадық.

  • Түркияға барғанымда мен көргеніме қатты таңқалдым. Қазақстандағы қыздар хиджабты жақсырақ тағады екен деп ойладым. Әрине, бұл ойым дұрыс емес. Ол жақта хиджабтағы қыздар сән үшін тағатын секілді. Жергілікті түрік достарымнан сұрағанымда олар қыздардың хиджабты әдемі болып жүруі үшін киетінін айтты. Хиджабтағы қыздар біз күтпеген дүниелер жасап тұруы мүмкін. Ал, Араб Әмірлігіндегі хиджаб қыздардың күнделікті киетін киімі болып кеткендей.

Хиджаб – Алланың парыз еткені болса да, кейбір елдер үшін жергілікті халықтың ұлттық киімі, сәнді киімі болуы әбден мүмкін. Расында бәрін Алла білуші. Тарқатып айтқан тақырыбымыздың қорытындысы, орамалды қандай мақсатта тақса да жарасымды дегіміз келеді.

 

Пайдаланған әддебиеттер:

[1] Әбу Даудтен жеткен хадис.
2) azan.kz
3) fatua.kz
4) ihsan.kz
5) the-village-kz.com

Жадыра Жанарбек

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here