«Балаға дінді, һайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету – ата-ана міндеті».
Имам Муқатил ибн Хаям
«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сендерге адам ұлының мінездері жайлы бірер сөз қалдырайын. Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» [1] деген хакім Абай атамыз бала тәрбиесі – бүтін ұлттың атсалысатын тәлімі екенін ұқтырады. Өскелең ұрпақтың жаратылу мақсатын жете түсініп, елі мен жеріне «кірпіш болып қаланып», қоғамға пайдалы бола алуы – тікелей бізге байланысты. Себебі, болашақ тау тұлғаның іргетасы оның сәби күнінен қаланады. Ендеше, бүгінгі мақаламызда бала тұлғасын дамыту мәселелеріне тоқталайық.
Қалай ойлайсыз, баланы тек ішіп-жеуімен, киімімен ғана қамтамасыз етіп, оның ішкі жай-күйі ескерілмейтін отбасында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болам!» дейтін бала тәрбиеленуі мүмкін бе?! Қиын-ақ! Неге десеңіз, бала сәби шағынан есейіп қанат қаққанынша махаббатқа, қамқорлыққа, ерекше көңіл бөлуге сыртқы қажеттіліктерінен де аса мұқтаж. Ахмет Байтұрсынов: «Бала тәрбиесін жақсы білейін деген адам әуелі балаға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші – баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы қажет» [2] деу арқылы, заманауи тілмен айтар болсақ, бала тәрбиесіндегі «мықты фишкаларды» айтып кеткен екен. Демек, ең алғашқы қадам – өзімізді тану.
Мен кіммін? Осы сұрақты өзіңізге қойып, бірнеше жауап іздеп көріңізші…Бұл сұраққа көп аналар «Мен Алланың құлымын, әйелмін, анамын, келінмін…» деп жауап беруі мүмкін. Әдетте бізге өз тұлғалығымызды айшықтамай, келесі бір объектіге тәуелді етіп сипаттау сіңіп кеткен көрінеді. Алайда, Пайғамбарымыздың (ﷺ) алғаш рет уахи алған сәтін еске алайықшы?! Үйіне қорыққан түрде келіп «Мені ораңдар! Мен өзіме қатысты қорқамын!» деп діріл қаға болған жағдайды баяндеп бергенінде, аяулы жары Хадиша анамыз сабырлы кейіпте «Жоқ, олай емес. Аллаһпен ант етемін! Аллаһ сені ешқашан қор қылмайды, өйткені сен туыстарыңмен жақсы қарым-қатынастасың, қорғансызды сүйейсің, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және дұрыс істегі қиындықтарға жәрдем етесің» [3] деп жұбатады. Даналықты көрмейсіз бе?! Хадиша анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) дара қасиеттерін нақты айтып, оның тұлғалық қабілеттеріне назарын аудара білді. Демек, жоғарыдағы сұраққа қайта ойланып, өзіңіздің тұлғалық қасиеттеріңізді жазып көріңіз. Оған қоса, «Мен нені қалаймын?» деп өзімізбен сөйлесу арқылы жанымызды жадыратар істерді табуға тырысқан жөн. Ғалымдардың зерттеуінше, әйел адамның кемінде сүйікті 3 хоббиы болса, бұл оның үнемі ресурста жүруіне әсер етеді екен. Ал егер бұл сұрақ шешілмесе, сіздің миыңызда «шешілмеген гештальт» болып, бар күш-қуатыңызды алып тұрады. Не үшін маңызды? Біз ішкі өзегіміз қалыптаспай, баламыздың тұлғалық қасиеттерін дамытуға жәрдем бере алмаймыз. Себебі, бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бала үшін үлгі тұтар, ең беделді тұлға – ата-ана. Ал осы ішкі өзекті қалай қалыптастырмақ керек?
«МЕН» концепциясы
Өмірлік мақсатты қалыптастырудың бастауы – адам өзінің жеке даралық қабілеттерін танумен басталады. Осындай қабілеттер жайлы ой-түсінік – «Мен» концепциясына әкеледі. «Мен» концепциясы 3 түрлі әрекетке негізделеді: өзіңді қабылдау, бақылау және өзіңе анализ жасау [4]. Өзіндік «мен»-нің қалыптасу маңыздылығын Абай атамыз бір ғана өлең жолдарымен ашып айтқан. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын, «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» деген тұшымды ойдан өзін тану арқылы Жаратушысына ұмтылып, екі дүниелік мақсатын айқындаған «толық адам»-ның өлмейтұғын артына із қалдыратын тұлға боларын ұғына аламыз.
Қазіргі таңда «Мен» концепциясын «атақты психология» кеңінен насихаттап жүр. Алайда, нарық қарқынды дамып тұрған заманда «маркетинг» құрығына түсуден де сақтанған жөн. Ол қалай жұмыс жасайды? Кеңес үкіметі заманында адамдардың барлығына бірдей өмір сүру жүйесін сіңдіріп, «мен»-ді жоғалтып, «біз»-ге алмастырды. Ал осы уақытта, керісінше, батыс елдерінде «мен» дами түсіп, зерттеулер жасалып, том-том кітаптар жарық көре бастады. Сондай жинақтар шетел асып, біздерге де жетті. Дәл қазіргі сәтте психологияның кең етек алуы, міне, осыдан. Дегенмен, ақпараттарды ұлттық құндылықтарымыз мен шариғат шеңберіндегі «фильтр»-ден өткізіп қана қабылдау – маңызды. Себебі, «атақты психология» кез келген нәрсені тым жеңілдетіп қарауға үйретеді, сондай-ақ, анамыздың сүтімен сүйекке дарыған мінезімізге сай келмейтін «құндылықтар»-ға баулиды. Мәселен, «Самооценканы көтеру керек!» деген «айқайлап тұратын» тақырыптарды көз шалып жатады. Үңіліп қарасаң, артында «қымбат киім, кафе …» деген кеңестерді оқуға болады. Бұл өз ойы қалыптаспаған адамды өзгенің қалауымен өмір сүруіне алып келеді. Иә, уақытша пайдасын беруі мүмкін, алайда жетістікке жеткізуі неғайбыл. Себебі, мұндай сыртқы ғана әрекеттер адамды кенеттен келген сыни пікірлермен сындырады да, ешқандай «мен»-ді қалыптастырмайды. Асылында, адам баласы кемшіліктерімен жұмыс жасап, дара қабілеттерін дамытуға күш сала ішкі жай-күйін Раббысына байлағанда ғана – өзін-өзі бағалауы (самооценка) артады. Кемшіліктерімізді анықтаған соң сол жерде «қатып қалу» да құпталмайды. Өзімізді «жаманмын» деу – жақсылыққа жетелемесі анық. Тиісінше оны түзеп, артықшылықтарымызға әр күн сайын мән беріп, жұмыс жасауды аз да болса, тоқтатпау керек. Аллаһ Тағала «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Адам өзін өзгертпейінше, Аллаһ оның жағдайын өзгертпейді» деп қағида қойған. Осы орайда Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегесі ойға оралады. Ислам діні келмей тұрып, барша жұрты меңіреу пұтқа бас иіп жатса да, ол (ﷺ) ешқашан табынбады. Яғни, өзіндік «мені» мықты болған еді. Ол (ﷺ) әрдайым ақиқатты іздеумен болды. Мекке халқының жоғарысынан қарайтындай Хира үңгірінде оңашаланып, оладың әрекеттерінің бұрыстығы жайлы ойлануды сүйді. Ол (ﷺ) құлшылықты қалай жасау керектігін анық білмесе де, әйтеуір бір талпыныста болды, тоқтамады ақиқатты іздеуде. Раббысы оған Исламның шапағын атырумен жауап қатты. Ал ақ пен қараны ажырата алатын біздің заманда, Мұхтар Шахановша айтсақ, батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кету – ұят шығар, сірә. Осы жүйені, ең алдымен, өзімізге сіңдіріп, кейін баламызға насихаттар болсақ, оның көз алдында сіз берген «модель» болғандықтан қабылдауға әлдеқайда жеңіл болады.
«МЕН» тұжырымдық жүйесі
Жоғарыда айтылған тақырып негізінде көпшілік аналар «Мен» концепциясында қатып қалады. Алайда, аталмыш концепция өз орнына орныққан соң «Мен» тұжырымдамасымен жүйелі жұмыс жасау қажет. Бұл дегеніміз өмірде тек «мен» бар емес, сонымен қатар бізді қоршаған ортамыз бар екендігін де ескеру. Тақырыпты Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріндегі бір оқиғамен тарқатайық. Ол (ﷺ) мешітте отырғанында, бір кісі келіп немерелері – Хасан мен Хусейннің жоғалып кеткендігін хабарлайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) бар шаруасын кейінге қалдырып, іздестіруге шығады. Бір кезде алыс жерден екеуінің бір-бірін құшақтап тұрған сұлбасын көзі шалады. Жандарына барып қараса, жылан жатыр екен. Пайғамбарымыздың (ﷺ) мүбәрак жүзін көре сала, жылан өз жөніне кетеді. Аталары екі немересін ештеңе деместен, отыра қалып құшақтайды. Осылайша олардың қорқыныштары басылғанша бірнеше минут үнсіздікпен жалғасады. (Зерттеулер көрсеткендей, адам қорыққанда кортизол гормоны көп бөлініп, жүрек соғысы жиілейді) Бала қорыққанда да, оған ұрса жөнелмей, қорқынышымен бөлісіп, құшақтау – сүннет. Немерелерінің үрейлері сейілген соң Пайғамбарымыз (ﷺ) оларды «Жәннаттағы райхандарым!» деп еркелете бастайды. «Мен сендер үшін қатты қорықтым!» деп олардың әрекеттерін «Мен» хабарламасы арқылы әдемі жеткізген соң ғана «Неге кеттіңдер?» деп жай ғана сұрайды. Ойын баласы ғой, қызыққа беріліп қалай мешіттен ұзап кеткендерін байқамай қалған болса керек. Соңында Пайғамбарымыз (ﷺ) енді бұлай жасамауларын өтініп, оларға өмірлік сабақ береді. Осындай жағдайда кейде біз ұрыса жөнелмесек те, баланы көргенде, жылап жіберуіміз мүмкін. Мұндай әрекет – қорқып тұрған баланы одан сайын үрейлендіреді.
Демек, «Мен» жүйесі адамның құндылықтарын көрсете алады. Балаңыз құндылықтарыңыздың бірі болса, оны жоғарыдағыдай әрекеттермен сездіре алу керек. «Мен» концепциясы мен «Мен» жүйесі теңдікпен іске асқанда, адамның ресурсы көп болып, өмірдің ұсақ-түйектеріне шаршай бермейді.
Өзімізді зерттеп болсақ, бұл жүйе баламызда қалай жүретінін анықтап көрейік. Баланың «мені» қай кезде қалыптасады деп ойлайсыз?
Сәби дүниеге келгеннен бастап танымдық процесс жүреді. Ол жатырдан мүлдем басқа әлемге келіп, бейімделеді. Ол үшін бәрі қызық, ғажап әлеммен танысуға асық. Әрине, мұндай процесс өздігімен жүрмейді, көп жағдайда ата-ананың көмегіне мұқтаж болады. Баланы «тым кішкентай, ол әлі ештеңе түсінбейді» деп оған назар аудармау – қате пікір. Мысалы, 1 жасар баланың көзінше ата-анасы үнемі айқайласып ұрсысатын болса, оның жадында «отбасы моделі» құрылып, мұндай әрекет қалыпты деп жатталады. Әр кезеңге сай бөбектің өз қажеттіліктері бар. Тіпті, сіз «өзіңізді жоғалтып алып» депрессияда жүрсеңіз де, балапаныңыз күте алмайды. Танымдық процесс жалғаса береді, алайда орны толмаған қажеттілік үңірейіп тұрады. Аллаһ Тағала баланың фитрасына Раббысын тануды салып қойған, тек сол қабілеттің одан әрі дамуы – ата-ананың қолында. Қимыл-әрекеттің бәрі – сол бір Ұлы танысуға алып келеді, негізінде. Бұл әрекет – сәби 3 жасқа келгенде қарқынды дамиды, бала өзіндік «мен»-ін қалыптастыра бастайды. Мұны «3 жас дағдарысы» деп атайды психилогияда. Осы кезде «дағдарыс» деп қарамай, жаңа белеске мүмкіндік деп қараған жөн. Бала бұл кезеңде «өзім істеймін, мен өзім…» деу арқылы тұлғалық іргетас қаланады. Бірақ көбіміз баламыздың қауіпсіздігін ойлап, оны шектей беріп, бұл іргетастың құлауына әкеп жатқанымыздан күмәнданбаймыз да. Бала қалап тұрса, барынша қауіпсіз жағдай жасап, оған ерік беру керек. Әрине, балақай қалап тұр екен деп қолына өткір пышақты ұстата салуға шақырмаймыз. Дегенмен, «Мүмкін бірге ұстап көрерміз? Оны былай ұстайды» деген секілді келісімге келген дұрысырақ. Сондай-ақ, оның тәтті былдырлаған тілі қандай да бір сөзді анық айта алмай жатса, оған мүлдем күлмеу керек. Себебі, бала дұрыс түсінбей, соққы болып тиюі ғажап емес. Әуесқой балақай жан-жағындағы құбылыстар туралы сұраса, міндетті түрде жауап қайтарған жөн. Осы тұста даналықпен барша жаратылыс Иесімен таныстырып жүрер болса, тіпті керемет. Өз нұсқаңызды ұсынған соң оның да ойын сұрап, құнды етер болсаңыз, өзінің орнын тани бастайды. Баланың қуанышымен қатар мұңын да онымен бірге өткізе алу – оның тұлғалық дамуы үшін маңызды. Олар ата-анасын еш шартсыз жақсы көре алатындықтан жақын жандарының қамқорлық көрсетуі бала үшін бағалы. Кейде ата-аналар балаларын шартпен қабылдап, «егер мынаны жасасаң, жақсы көремін» деп кішкентай жүректі жаралайды. Бұл тұста баланың темпераментіне мән берген жөн. Мүмкін ол интроверт болар, ал біз одан экстроверт шығаруға тырысып, баланы әбден мезі етеміз, мұнымен қоймай, дегеніміз болмаса, «жұрттың баласы» деп үлгі көрсетіп, оларды мүлдем сындырып аламыз, өкініштісі. Мінез-құлық пен темпераментті шатастырмаған жөн. Абай атамыз «Мінезді түзеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім» оны жақсы жаққа өзгертуге болатындығын айтса, темперамент өзгеріске келмейді. Сондықтан баланы бар болмысымен, шартсыз қабылдаған жөн. Ересек болғанда, баланың ата-анамен аз қарым-қатынас орнатуының түпкі себебі – балалық шақтағы қажеттіліктерінің орны толмай, маңыздылық ала алмағандығынан болады.
Сіз қандай ата-анасыз?
Ұрпақ тәрбиесі – адамзат дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірден-бір айрықша құбылыс. Келешек тірегі – бүгінгі жас шыбықты ақыл-парасаты мол, саналы етіп тәрбиелеу, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігінде. Ата-ана болу – ең маңызды мамандық десек артық айтпаймыз. Бала тәрбиесі кезінде ата-ана бөбегінің жай-күйін көзінен аңғарар психолог та, тән жарасын емдеп алар білікті дәрігер де, таңдай қақтырар аспазшы және сол секілді түрлі ситуацияларға қарай түрлі мамандық иесі болуына тура келеді. Ең бастысы ол – педагог. Қазіргі таңда бала тәрбиесіндегі ата-аналардың моделін үш топқа бөліп қарастыруға болады. Сіз қай түріне жатасыз?
1) Өрт сөндіруші ата-ана. Әдетте өрт сөндіруші шұғыл жағдай орын алмаса, қай жерде отырады? Яғни, оның жұмыс орны қайда? Иә, олар өрт болып жатқандығы туралы шұғыл хабар келмейінше казармада, яғни арнайы станцияда болады. Олар қарапайым күндері айтып келмейтін апатқа дайын жүреді де, нағыз жұмысы өрт болғанда басталады. Ал мұндай типтегі ата-ана қалай болады?
Өрт сөндіруші ата-ана баласын тамақтандырады, киіндіреді, сабағын қадағалайды, яғни оның сыртқы қажеттіліктерін өтейді. Алайда, бала мен ата-ананың арасында байланыс жоқ, сөйлесуге уақыт тапшы. Ал баладан қандай да бір қыңыр мінез байқай қалса, өрт сөндіруші машинаның дыбысындай дабыл қағып, іске кірісе бастайды. Баладан проблема шыққанда ғана дабыл қағу да кеш, бірақ жөндеуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, проблема баламызда болмаған еді, негізінде. Өтелмеген қажеттіліктер жиналып, осындай жағдайға ұласып жатады. Содан кейін ата-аналар «Неге менің балам қырсық? Неге ол басқаларды ұрады, тістейді? Ашуы қайдан шығып жатыр?» деген секілді сан сұрақпен бас қатырады. Бала тәрбисіне қатысты тым көп сұрақ қоятын ата-аналардың тәрбиелеу моделі, міне, осындай екен. Алайда, бұл – тәрбие құралы емес. Себебі, мұндай отбасында баланың тұлғалық өсуі тежеледі, оның қалаулары жай ғана тыңдалмайды.
2) Балаңыздың сізді кез келген жағдайда бір айтқаннан тыңдағанын қалайсыз ба? Егер жауабыңыз «Иә» болса, тәрбиелеу моделінің екінші түрі сізге қатысты.
Үйретуші (дрессировщик) ата-ана. Әдетте үйретуші деп асау жануарларды момын болуға машықтандыратын мамандарды атайды. Осындай типтегі ата-ана бауыр етін «мінсіз бала» қылуға ұмтылады. Бұл жолда олар «айқайлау, ұрсу, ұру» секілді құралдарды да қолданып, баланы пәрмен берумен ғана тәрбиелейді. «Отыр! Тұр! Оқы!» деген бұйрықтарға еті әбден үйренген балада өз ойы болмайды. Алайда «мінсіз бала», негізінде, қауіпті көп тудырады. Неге десеңіз, ата-ана өзі де білмей «жылдамдығы тежелген жарылғыш»-ты қосып қояды екен. Үнемі ата-ананың бақылауында болып, басқа объектінің айтуымен ғана жүрген бала олардың ырқынан шығып, қоғаммен қарым-қатынасқа түскенде, басқа біреудің құрығына оңай түседі. Мәселен, айналамызда орын алып жатқан «радикал, сатанист» деген секілді атынан адам шошырлық шайтани ұйымдардың жетегіне кететіндердің көбісі – балалық шағында өзіндік «мені» қалыптаспағандар екен. Олар өмірінің соңына дейін өзінен ықпалды адамға бағынумен болады да, тез сынып кетеді. Сонымен қатар, ата-анасынан «Аузыңды жап! Жылама!» деген айқайды көп естіген бала педофилге тап бола қалса, «Аузыңды жап!» деген пәрменге үйреніп қалған ми оған жыламауға да дабыл береді екен. Есіңізде сақтаңыз, сізге қалтқысыз бағынған бала басқаға да тез көніп кетеді. Бұл типті талдау барысында «баланы толық еркіне жіберу керек, өз айтқанымен жүрсін» деген түйін шығарудан аулақпыз. Егер мұндай тәрбиелеу моделі орын алған болса, түзету үшін не істеу керек? Баламен үнемі қарым-қатынас, сөйлесу, сырласу, пікірлесу. Отбасылық мәселе болса, оны баладан жасырмай, оның да ойын сұрау – балаға құндылығын сездіреді, ата-анасының сенімін жоғарылатады.
3) Позитивті ата-ана. Тәрбиелеу моделінің балаға да, ата-анаға да тиімді, жағымды түрі. Бұл типтегі ата-аналардың ерекшелігі – Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетіне өте жақын. Аллаһ Тағала «Әли Имран» сүресінің 159-аятында «Мұхаммед (ғ.с.) Алланың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай таныттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, олар маңайыңнан тарқап кетер еді» деп адам баласына жұмсақ болу – оның жүрегіне жол табудың төте жолы екенін айтады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір тарихына қарасақ, Әнас ибн Мәлік атты сахабаны 10 жасынан бастап жеке тәрбиесіне, қазіргі тілмен айтар болсақ, менторлыққа алады. Бір күні оған жұмыс тапсырады, бірақ Әнас Ибн Мәлік ойын жасындағы бала болған соң есінен шығып кетеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны көріп, жүктелген жұмысты атқарғандығы жайлы сұрайды. Мән-жайды білген соң қатты сөз айтып ұрыспастан қабақ шытып қана қойған екен. Тәлімгер Пайғамбар (ﷺ) өмірінде ешқашан ұру тұрмақ, ұрсу құралын қолданбаған. Адамның жеке басына, тұлғалығына мүлдем қол сұқпаған. Сондай ұлы тұлғаның тәрбиесінде болған Әнас ибн Мәлік «Асырауындағыларға мейірімділік танытуда Пайғамбардан асқан адамды көрмедім» деп сипаттаған. Ол кісінің Пайғамбарға (ﷺ) ұқсауға тырысқандығы соншалық – оның жүрісіне дейін жаттап, су ішкен кесесі мен ая-киімінің бауына дейін қастерлеген. Ұрыспай тәрбиелеудің нақ үлгісін көрген ол – жанжал атаулыны жаны сүймейтін, керісінше татуластырып, ақыл-кеңесін аямайтын [5]. Бұл тек бір ғана мысал. Дәл осы секілді баланың еліктеуге тырысатын басты тұлғасы – ата-ана. Сондықтан бала бірнәрсені түсінбей жатқанның өзінде ойланудың дәстүрлі емес, ерекше форматын қолданып ұқтыру – позитивті ата-ананың маңызды тұсы. Осының арқасында балаға ерекше ой тастай отырып, оны креативті ойлануға баулуға болады. Сонымен қатар, баланы позиивті тәрбиелеуге өту барысында бастапқы да ұру құралымен қиындық туындаса, баланы ұруға болады. Иә, баланы ұрыңыз! Тек бір шартын сақтасаңыз болғаны: аптасына 1 рет қана және ұру 30 секундтан 1 секунд та аспауы тиіс. Ұру деп бір түртіп қалуды айтып тұрмыз. Міне, осы әдіспен ұру туралы ұмытып кетуге тәрбиеленеміз.
Баламен сөйлесіп түсіндіру барысында да сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) асыл өнегесін қалдырған. Пайғамбарымыз (ﷺ) ақыл-кеңес, насихат бергенде, қысқа-нұсқа айтқан. Жұмсақтық таныта отырып, алдына келген адамның жай-күйіне бағдарлай алған. Содан кейін ғана ақылын қысқа қайырып, оны өзге адамдардың алдында жария етпеген. Аллаһ Тағала «Саф» сүресінің 2-аятында «Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар?» деген. Пайғамбарымыз (ﷺ) секілді біз де өз баламызға жұрттың баласын үлгі етпей, керісінше олардың алдында жақсы үлгіні өзіміз көрсетсек 2 есе сауап аларымыз сөзсіз. Осы орайда ұстазымыз Әбу Ханифаның алдына баласының бал жейтіндігіне шағым жасап келген ата-анаға қырық күннен кейін келуін сұраған оқиғасын айта кеткен жөн. Не себепті деп ойлайсыз? Әбу Ханифа сол күндері өзі бал жеп жүргендіктен Алладан келген аятқа амал етіп өзі жасамайтын іске ақыл айтпаған. Қырық күн ішінде адам ағзасы толық тазаратындықтан осы аралықта келуін сұраған екен. Содан кейін ғана бала дана ұстазды тыңдаған. Міне, баланың деңгейіне көтеріле алудың керемет үлгісі.
Асылында, Аллаһ Тағала адам баласының табиғатына тұлға болу қасиетін салып қойған. Тек сол жүйенің іске асуына кедергі жасайтын өзіміз екен. Бала – өміріміздің гүлі, сондықтан олардың сағын ұрсып, ұрып, тұлғаларын құнсыздандырып солдырып алмайықшы. Келесі мақаламызда Пайғамбар (ﷺ) педагогикасын және ондағы қағидалар жайлы кеңінен тарқатып айтатын боламыз. Аллаһым бұл зерттеуімізде жеңілдік беріп, амал етуді нәсіп еткей!
Дана Талғатқызы
Дереккөздер
- http://fatua.kz/kz/post/view?id=263
- https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/38695/
- Сафиар-Рахман әл-Мубаракфури, «Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны мен кезеңі», 46-бет
- https://melimde.com/1-men-koncepciyasi.html
- https://ummet.kz/makalalar/344-makalalar/294-nas-ibn-m-lik-ra-andaj-edi.html