Кеңес үкіметінің алғашқы қадамдарының бірі ретінде В.И.Ленин халыққа білім беру жүйесінің жаңа сипаттағы реформаны жүзеге асырды. 1917 жылы 11 қарашада Ағарту Халық Комиссариаты қарамағындағы Мемлекеттік комиссия жариялаған үндеуде елдегі сауатсыздық және надандықпен күресу мақсатында қысқа мерзім ішінде жалпыға бірдей сауаттылық беріп, міндетті түрде тегін оқытатын мектептер жүйесін құру қажеттілігі атап көрсетілді. Мектеп реформасын жүзеге асыруды халыққа білім беру жөніндегі комиссияны басқарған А.В.Луначарскийге жүктелді [1, 118–119]. «Шіркеудің мемлекеттен және мектептің Шіркеуден бөлінуі туралы» декрет мазмұнына сәйкес 1917 жылғы 24 желтоқсанда Халық комиссарлар Кеңесі «Тәрбие мен білім беру ісінің дін басқармасы қарамағынынан Ағарту Халық комисариаты (АХК) қарамағына беру туралы» деп аталған қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес барлық шіркеу – приходтық мектептер, діни училишелер мен семинариалар, әйелдерге арналған епархиялық училищелер, миссионерліқ мектептер, академиялар Ағарту Халық комиссариаты қарамағына өтті [2, 129]. 1918 жылғы 17 ақпанда қабылданған қаулыға сәйкес 1918 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық діндердің ілімін оқытушы лауазымы жойылда [1, 19]. 1918 жылғы 18 ақпанда АХК жанындағы Мемлекеттік комиссия қабылдаған «Зайырлы мектеп жөнінде» деп аталған қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік, қоғамдық және жеке меншік метептерде дінді оқытуға тиым салынды [3, л. 44].
Халыққа білім беру реформасының жүзеге асырылуына діни қызметкерлер мен дінге сенушілер қарсылық білдірді. Жергілікті жерлерде дін қызметкерлері ата-аналарға балаларын кеңестік мектепке жібермеуге кеңес беріп, кедергі жасауға тырысты, 1918 жылғы мектеп нұсқаушыларының есептеріне сәйкес кейбір губернияларда мектептің діннен бөлінуіне байланысты туындаған ұжымдық қарсылықтар орын алған. Ауылдық және қалалық жерлерде кейбір ата-аналар мектепте бұрынғыдай дін ілімін оқытып, дұға оқуды үйретуді талап етті. Халыққа білім беру бөлімдерінің нұсқауларына қарамастан бір қатар мектептерде дін ілімін оқыту жалғасып, діни ғұрыптар орындалса, ал діни мейрамдар кезінде ата-аналардың қысымымен оқу сабақтары өткізілмеді [1, 120].
Осы мәселеге байланысты кейбір орын алған оқиғаларды қарап шығайық. 1919 жылғы 13 ақпандағы Ақтөбе уездік атқару комитетінің дін қызметкерлерін мектептерден шығару туралы отырысының хаттамасында дін қызметкерлерін училищелерді меңгеруден және мұғалімдік қызметтен босату туралы мәселе қаралғандығы жазылған. Билік органы шығарған осы шешімге байланысты училищелерде меңгеруші қызметін атқарған және мұғалімдік қызметтегі барлық дін қызметкерлерін жұмыстан шығарып, олардың орнына қажетті мұғалімдерді жұмысқа алған [4, 26]. Семей облыстық Кеңесінің 1918 жылғы 4 сәуірде қабылдаған қаулысында барлық мекемелерге қарасты азаматтық оқу орындарында дін пәндерінің оқытылуы тоқтатылып, білім алушылардың ата-аналарының қалауларына қарай және өзара келісім негізінде дін ілімін оқытуға арнайы тұлғаларды шақырта алатындағы атап көрсетілген [5, 160]. Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөліну ісінің іс жүзінде жүзеге асырылуы Кеңес өкіметі жоспарлағандай қиындықсыз біркелкі жүрмеді. Декретті жүзеге асыру мақсатында АХК халыққа білім беретін барлық жергілікті оқу бөлімдерін мектеп қабырғасында діни ғұрыптарды жүзеге асыру мен дін оқуына жол бермеуді міндеттегенімен декреттің ислам дінін оқуына қатысты жұмыстары орындалмауы жиі орын алды. 1922 жылға 28 сәуірдегі Қазақ АКСР АХК-нің жазбаша үкімінде елдің мектептерінде дін ілімін оқыту, декрет ережелерін бұзу арқылы жүзеге асырылып жатқандығы және ережені бұзған оқытушылардың жауапкершілікке тартылатындағы атап өтілген [6, 174].
1923 жылдың қаңтар айында өткен Бүкіл Одақтық Атқару комиссариаты (БОАК) Төралқасы отырысының күн тәртібінде басқа бірқатар мәселелермен бірге декреттің 11 тармағы бойынша Түркістан өлкесінде мұсылман мектептерінде дін оқыту мәселесі қаралды. «Аса құпия» деген таңбасы бар бұл құжатта Түркістан Орталық Атқару комитетінің – кеңестік мектептерде дін оқуын енгізу ұсынысы талқыланып, қабылданбағандығы жазылған [3, л.30]. Жалпы ислам діни ілімін оқытуға қатысты декрет талаптарын жүзеге асыру мәселесі, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында күн тәртібінен түспеген және оны жүзеге асыруда қиындықтар болды. Ресей коммунисттік (большевиктер) партиясының орталық комитетінің (РК(б)П ОК) жанындағы Шіркеудің мемлекеттен бөлінуін жүзеге асыру жөніндегі Комиссияның 1923 жылғы 2 қантарда өткізілген отырысында мұсылман балаларына діни ілімді оқыту мәселесі қаралды. Алайда Комиссия нақты шешім шығармай, аталған мәселеге қатысты талқылауды Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссариаттының (ҰІХК-ның) комиссары Бройдо және Мемлекеттік Саяси Басқарма (МСБ) тарапынан Петерсті шақыртып, солардың қатысуымен болатын кезекті отырысқа дейін қалдыруды шешті [7, л.23]. Осы Комиссияның 1923 жылғы 20 наурызда өтізілген отырысына Смедович (төраға), мүшелері Панов, Менжленский, Красиков және хатшы Тучков қатысты. Бұл отырысты да мұсылмандық оқу мәселесі бойынша жоспарланған баяндама талқыланбай, Комиссияның 3 сәуірде болатын отырысына қалдырылды [8, л. 34-35]. 1923 жылдың 3 сәуірінде өткізілген Комиссия отырысында күн тәртібінде қаралған үш мәселенің – ішінде мұсылман мәселесіне қатысты Қарахан және Петерс баяндамасы тыңдалып, дін оқуы туралы: «2.2. Мектептерде ешбір жағдайда Құран оқытуды және жалпы діни оқытуға жол берілмесін…» дейтін қаулы қабылданды [9, л. 38-39]. Алайда бұл қаулы жергілікті жерлерде орындалмай заң бұзушылық орын алған. Мысалы, 1923 жылғы ақпан айында шыққан нөмірінде қостанайлық «Степная заря» газеті, губерниялық халыққа білім бөлімінің қалада оқушыларға діни ілімді насихаттаған жеке меншік екі мұсылман мектебінің жұмыс істеп жатқандығын анықтап жапқандығын, ал сабақ жүргізген мұғалімдердің сот алдында жауапқа тартылғандығы түралы жазған [4, 57].
Мұсылмандық діни оқуға қатысты билік органдарының шешімдері ойдағыдай нәтиже бермегеннен кейін бұл мәселені 1923 жылдың маусымында Уфа қаласында өткізілуі жоспарланған мұсылман дінбасыларының съезінде бірқатар мәселелерімен бірге талқылау ойластырылған болатын. Осы себепті Комиссияның 1923 ж. 15 мамыр күні өткізілген отырысында Бройдо ұсынған съезд жұмысының бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама бойынша: «Мұсылман діни ілімін оқыту саласында оны мектептерде оқытуға тиым салып, жеке үйлер мен мешіттерде оқытуға руқсат беру» мүмкін болды [10, л. 3-4]. Съезге қатысушы билік өкілдеріне дін ілімін оқытуға қатысты мынадай қосымша нұсқау берілді: «съезде діни ілімді оқыту туралы шешім қабылдаудың қажеттігі жоқ, бұл мәселе жөнінде сайланған Діни басқарма мен кеңес билігі өзара келісуі тиіс» [11, л. 8-9]. 1923 жылғы 17 шілде күні өткізілген Комиссия отырысында оқушыларға мұсылмандық діни ілімді оқыту мәселесі қайта қойылды. Алайда АХК комиссарының баяндамасы тыңдамағандықтан бұл мәселені талқылау Комиссияның кезекті отырысына дейін қалдырылды [12, л.19-20]. Комиссияның 1923 жылғы 21 тамызда өткізілген отырысының күн тәртібінде мұсылмандық оқу мәселесі қаралды. Комиссияның Төрағасы Смидович, мүшелері Менжинский, Нариманов, Красиков, Петерс және хатшы Тучков қатысқан отырыста мұсылмандық оқу мәселесі бойынша «Кеңес мектебінің сатысын аяқтаған оқушыларға мешіттерде діни ілімді оқыту мүмкіндегі берілсін» деген шешім шығарылып, аталған мәселеге қатысты Смидович пен Петерске және Ағарту халқоматы өкілдеріне бір апта ішінде БОАК-та қаралатын жобаны дайындап, оны Комиссия қарауына беру жүктелді [13, л. 30]. Смидович дайындаған БОАК жобасына түзетулер енгізіліп, Комиссияның 13 қыркүйекте болған отырысын қабылданды [14, л. 32].
Қазан төңкерісіне дейін қазақ ауылдарында балалар сауатын молдалардан ашқан. Молдалардан басқа сауаты бар адам болмаған соң олардың беделі жоғары болды. Молдадан сабақ алу үшін ата-аналар натуралды ақы төлеп немесе балалар оқу ақысын молдалардың шаруашылығында жұмыс істеп өтеген. Ұлын молдаға оқуға берер кезде қазақ әдетте: «баламның сүйгі менікі, еті сенікі» дейтін қағиданы басшылыққа алып отырған. Басқаша айтқанда молда қандай әдіс қолданып, жазаласада өз еркі, бастысы – балаға жазуды, діни ілімді оқытуды үйретсе болғаны. Қазан төңкересіне дейін қазақ жерінде медреселер мен мектептер саны төмендегідей болды: Ақмола облысында 1896 ж. 13 медресе мен мектеп болса, ондағы оқушылардың саны 547 болды, ал 1898 ж. 11 медресе мен мектеп және онда оқитын оқушылар саны 425 болды; Семей облысында 1884 ж. 10 медресе мен мектеп, ал 1895 ж. 17 мектеп пен медресе болып, оларда сәйкесінше 615 және 900 оқушы окыған. Медресе мен мектептердің саны жағынан Орал мен Сырдария облыстары алдыңғы қатарда болды. Орал облысында 1896 ж. 206, ал 1897 ж. 198 мектеп пен медресе жұмыс істесе, ал Сырдария облысында 1892 ж. олардың саны 1535, ал 1895 ж. 2443-ке дейін жеткен. Аталмыш облыстардағы оқушылар саны аталған жылдар аралығында 27082-ден 28898-ге дейін өскен. Жетісу облысында 1891 жылы 64 мектеп – медреседе. 12510 оқушы білім алса, ал 1897 ж. 88 мектеп пен медреседе 12835 бала оқып білім алған [5, 93].
Мектептердің екі түрі болған. Олардың бірі мешіттердің қарамағындағы стационарлық мектептер болса, ал екіншісі – «көшпелі» мектептер. Қазақтар арасында мектептің «көшпелі» түрі кең таралды. Мысалы, ХХ ғасырдың басында Жетісу облысында 247 «көшпелі» мектеп болса, ал мешітке қарасты мектептердің саны небары 34 болды [5, 94]. Медреселер негізінен мешіті бар ірі елді мекендерде, қалаларда орналасқандықтан оларда оқитын оқушылар үнемі тіркеулі болды. Медресе ғимараты кейде дінге сенушілердің қаражаты есебінен немесе «қайырымдылық жасаушылардың» қаражатына салынды. Солтүстік пен батыстағы қалаларда мешіт ғимараттары көп жағдайда татар кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен салынды. Осыған байланысты Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Семей, Орал мешіттерінің сырт бейнесі, Еділ бойы қалаларының мешіттеріне ұқсас болып келді. Қазақстанның Оңтүстігіндегі қалалардағы мешіттер, ортаазиялық үлгіде салынды. Медреседегі оқу 20-30 жасқа дейін жалғасты. Осы кезең аралығында тәлім алушы оқытудың үш деңгейінен – төменгі, орта және жоғарғы сатылардан өтуі тиіс еді. Медреседе оқытылатын пәндер арасында араб тілі, логика, риторика, мұсылман догматикасы, философия және құқық болды. Шығыс әдебиеті мен поэзиясын оқытуға көп көңіл бөлінді [5, 94-95]. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының мұсылман халықтары арасында жаңа үлгідегі мектептер кең тарады. Қазақстан да мұндай мектептер Қазалы, Перовск, Верный, Семей, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Орал және басқа қалаларда ашылды. Осы мектептерде ислам ілімімен қатар жалпы адамзатқа ортақ дүнияуи білім де берілді. Патша өкіметі мұсылман мектептерін жаппады, бірақ жаңадан ашылған мектептерде орыс тілін оқытуды енгізді.
1924 жылдаң 22 сәуірінде Комиссия ислам діни ілімін оқытуға руксат беру жөнінде РК(б)П ОК Саяси бюросының қаулысын негізге ала отырып, Бүкіл одақтық мемлекеттік саяси басқармаға (БМСБ-ға) жергілікті жерлерге арналған құпия нұсқау үкімін шығаруға міндеттеді. 1924 жылдың 9 маусымындағы БОАК Төралқасының отырысында ислам діни оқуына қатысты арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалып, төмендегі шешім қабылданды: «Патша өкіметінің түркі халықтарының тілі, мектептері мен мәдениетіне қатысты қудалау мен тиым салу саясатының нәтижесінде олар басқа халықтармен салыстырғанда экономикалық және мәдени даму жағынан артта қалды. РКФСР үкіметі халықтар арасындағы теңсіздікті түбірімен жою үшін қаулы етеді:
- а) Ағату халық комиссариаттары тарапынан түркі халықтары үшін мектеп, басқа да саяси-ағарту мекемелері санының артуы мен оқытудың ана тілінде болғанына назар аударылсын; түркі халықтары үшін өскелең үрпақтың тиісті білім алуына мүмкіндік беретін кеңес мектептер жүйесінің жоспары жасалсын; аталған жоспардың неғұрлым қысқа мерзім ішінде және жергілікті халықтың қолдауымен жүзеге асырылуы үшін шаралар қолданылсын.
б) Шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы декретті негізге ала отырып, Ішкі істер және АХК тарапынан кеңес мектептерінде діни ілімді оқытуға жол бермеу мақсатында қажетті шаралар қолданылсын.
в) Түркі халықтарының тұрмыс ерекшелігін ескере отырып, мешіттерде мұсылман дін оқуына: 1) бірыңғай еңбек мектебінде 1 сатыны толық аяқтап, аяқтағаны туралы ресми куәлігі бар тулғаларға. 2) 14 жасқа толып, толғандағы туралы ресми куәлігі бар тұлғаларға рұқсат етілсін. [15, л. 31].
РКФСР үкіметінің жоғарыдағы қаулысын орындау мақсатында Ағарту халық комиссариатының орынбасары Яковлев және Ішкі істер халық комиссарының орынбасары Болдырев қол қойған «аса құпия» деген таңбасы бар нұсқау шығарылды. Нұсқаудың мазмұны мынадай: «БОАК Төралқасының 9/VІ-24 ж. және 28/VІІ-24 жылғы мұсылман дінін оқыту туралы қаулысын (18 – хаттама) орындау мақсатында Ішкі істер және Ағарту халық комиссариаттарына түсіндіріледі:
- Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі туралы декреттің нақты мағынасына сәйкес кеңес мектебінде, соның ішінде түркі және мұсылман дінін ұстанған басқа да шығыс халықтарының мектептерінде дін ілімін оқытуға жол беруге болмайды.
- Шығыс халықтарының кейбір топтарының мәдени жағынан артта қалуын ескере отырып, ислам діни ілімін оқытуға, бірақ жалпы сауат ашуына емес, кеңес мектептерінен тыс, тек мешіттерде БОАК Төралқасының 9/VІ-24 ж. және 28/VІІ-24 ж. қаулысына сәйкес келетін тұлғаларға рұқсат етілсін.
- ІІХК және АХК-нің жергілікті органдарына төмендегіні қадағалау міндеті жүктелсін:
а) мешіттерде дін оқуы түрінде жалпы білім беретін пәндер оқытылмасын;
б) дін ілімі сабақ уақытынан тыс оқытылсын;
в) дін оқуы оқытылатын ғимараттар оқу орындарына қойылмайтын санитарлық талаптарға сай келсін;
- Ислам діни оқуын рұқсат уездік, губерниялық және облысты атқару комиссарлар мен әкімшілік органдар арқылы беріледі:
- ІІХК-нің әкімшілік органдары дін оқуын оқытатындарды нақты тіркеуге міндетті.
- Осы нұсқаудың орындалуы ІІХК және АХК-нің жергілікті органдарына жүктелсін…» [16, л. 32].
Осы қаулығы сәйкес БОАК қарамағындағы Ұлт істері жөніндегі бөлім шешімі бойынша ислам діни ілімін оқытуға мұсылман діннін ұстанушы түркі емес халықтарға рұқсат етілді [17, л. 33]. 1924 – 1926 жылдарға қарай мұсылман мектептері санының өсуі, жалпы мұсылман қозғалысының белсенділігі, Кеңес өкіметінің дінге қарсы жүргізген үгіт-насихат жұмысының жүзеге асырылуы айтарлықтай қиындықтар тұғызды. 1926 жылғы 27-29 сәуірде БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімінің дінге қарсы өткізілген жиналысында қабылданып, кейін ОК жанындағы Дінмен күрес жөніндегі Комиссия мақұлдаған» КСРО ұлттары арасындағы дінге қарсы үгіт-насихат туралы» деп аталған тезистерде мұсылман ұйымдарына баса назар аударылып, мұсылмн діни мектептерінен келетін қауіп атап өтілді.
МСБ-нің 1926 жылдың екінші жартысындағы дінбасылардың қызметін сипаттайтын ақпаратында Қазақстанның Жам-Бөкей уезінің Урдин болысына қарасты Жекун ауылдық кеңесінде бай, ақсақалдар мен молдалардың бастамасымен заңсыз түрде Құран оқытатын мектеп ашылып, онда 30 ербаланың білім алғандығы, сабақ молдаға оқып жатқан балалардың ата-аналары өз есебінен ай сайын 30 рубль төлеп отырғандағы туралы жазылған. Орал, Сырдардария, Ақмола губернияларында заңды және заңсыз түрдегі діни мектептер қатар жұмыс істеп қана қоймай, олардың санының артуы байқалды. Ал Сырдария облысының Хұсман ауылында жергілікті халықтың бір бөлігі өз балаларын кеңестік мектептен алып, мешіт қарамағындағы мектепке берген.
Темур Аманқұл – Дінтану ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы.
Әдебиеттер:
- Атеизм в СССР: становление и развитие / редкол.: А.Ф. Окулов (отв.ред) и др.. – М.:Мысль, 1986. – 238 с.
- Собрание узаконений и распоряжений правительства за 1917-1918 гг. – М.: Управление делами ХККа СССР, 1942. – 1483 с.
- Выписка из протокола №1 заседания Президиума ВЦИК от 4 января 1923 года. Копия // РГАСПИ. Ф.. Оп. 1 Д. 117
- Преодолевая религиозное влияние ислама (Из опыта Коммунистической партии Казахстана). 1917-начало 1960-х годов. – Алма-Ата:Казахстан, 1990. – 256 с.
- Нургалиева А.М. Очерки по истории ислама в казахстане. – Алматы:Дайк-Пресс, 2005. – 224 с.
- Культурное строительство в Казахстане (1918-1930 гг.): сборник документов и материалов / сост. М.А. Абдулкадыров, С.С. Голубятников, А.Г. Кукушкина и др. – Алма-Ата: Казахстан, 1965. – 564 с.
- Протокол № 10 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП от 2-го января 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.443-а
- Протокол № 16 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП от 20 марта 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.443-а
- Протокол № 18 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП от 3-го апреля 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.443-а
- Протокол № 21 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП 16 мая 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.565-а
- Протокол № 23 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП от 5-го июня 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.565-а
- Протокол № 30 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП 17 июля 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.565-а
- Протокол № 34 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП 21 августа 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.565-а
- Протокол № 36 заседания комиссии по проведению отделения церкви от государства при ЦК РКП от 13 сентября 1923 года. Сов[ершенно] Секретно. Хранить конспиративно. Машинописный подлинник // РГАСПИ Ф.17.Оп.112. Д.565-а
- Выписка с протокола № 18 заседания Президиума ВЦИК от 9 июня 1924 года. Копия // РГАСПИ. Ф.89. Оп.1 Д.117
- Указание к выполнению постановления Президиума ВЦИК о мусульманском вероучении среди восточных народов от 9/VI-24 и 28/VII-24 // РГАСПИ Ф.89 Оп.1 Д.117
- Приложение к протоколу № 24 заседания Президиума ВЦИК от 28 июля 1924 года. Секретно. Копия // РГАСПИ Ф.89 Оп.1 Д.117