10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Ең қымбат ем

Құран – ғылым-білім қақпасын айқара ашқан айрықша кітап. Онда адамзат үшін пайдасы орасан зор кеңес мол. Сондай-ақ Құранда медицинаға қатысты айтылған аяттар жетерлік. Соның бірі – ауыз бекіту. Осынау құлшылық түріне қатысты ғылымда «аутофогия» деп аталатын түсінік пайда болған. Мәлімет қызығырақ болу үшін назараңызға телеарнада айтылған ақпаратты ұсынамыз: «Биылғы жылдың медицина саласындағы Нобель сыйлығы Иосунури Усумиге берілді. Бұл туралы Сталкольмдегі Нобель комитетінің отырысында белгілі болды. Ең жоғарғы ғылыми атақ оған аутофагия тетігін ашқаны үшін табысталады. Жасуша ішіндегі зиянды заттарды жою үдерісін осылай атайды. Ғалым – Токио технология универстиетінің биологы. 75 жастағы қария аутофагия тетіктерін өмір бойы зерттеп келеді екен. Бұл еңбек рак секілді қатерлі ауруларды емдеуге көмектеседі екен». [1]

Иосонури Усуми – әлемдегі ең жоғары ғылыми атақ Нобель сыйлығының иегері. Ол аутофагия мехнизмін ашқан жаңалығы үшін 2016 жылы осынау марапатқа қол жеткізген. Аутофагия – бұл жасушаның өзінің құрағыш бөліктерін қайта өндіруі. «Аутофагия» – грек тілінен «өзін-өзі жеу» деп аударылады. Қарапайым тілмен айтсақ, жасуша өз ішіндегі қажетсіз, тіпті зиянды құрылыстарды бұзып, алынған құрылыс материалдарын жаңа жасушаның құрылысына пайдаланады. Яғни аутофагия жасушаның ішінде жинақталған қажетсіз қалдықтар мен зиянды таксиндерді қайта өңдіріп, алынған энергия мен шикізатты жаңа жасушаның құрылысына жұмсайды. Осылайша жасуша өзін-өзі тазартып, жаңарады. Аутофагия қауіпті фаркинсон, альцгеймер, қант диабеті, рак сынды т.б көптеген қауіпті аурулардың алдын алады. Аутофагия механизмін іске қосу үшін жасушаларды ашығуға мәжбүрлеу керек. Ашығу процесі кезінде жасуша өз ішіндегі зиянды қалдықтарын жей бастайды. Сондай-ақ қажетсіздерін шығарып тастайды. [2]

Нобель комитетінің баспасөз бетінде аутофагияның өмірге қажет көптеген физикалық процестерде орны зор екендігі мәлімденген. Сондай-ақ әсіресе аштыққа бейімделу кезінде және инфекцияға қарсы соққы ретінде маңыздылығы айтылған. Тарихқа көз жүгіртсек, осынау өзекті тақырып өткен ғасырдың 60-шы жылдары қозғалған еді. Алайда оны тереңірек зерттеу тек жапондық ғалым Усумиға нәсіп болды. Аутофагия құбылысы тіршіліктегі көп жаратылыста болады. Жасушалардың өзін-өзі таксиндер мен қалдықтардан тазарту қабілеті мен сондай-ақ қажетсіз жасушаларды жою арқылы бүкіл ағзаның тазару мүмкіндігінің орны зор. Ағзаның жасушалық деңгейде тазару қабілеті кімді болмасын таң қалдырмай қоймайды. Жалпы жасушалар артық һәм зиянды қалдықтарды үнемі қортып жіберіп отырады. Бұл процесс автоматты түрде жүреді. Қалдықтар болса аутофогосома деп аталатын арнайы қапшықтарда қапталып, лизасомаларда жиналады. Қалдықтар дәл осынау лизасомаларға барып, қайтадан қортылады. Бұл процестен алынған қайталанғыш шикізат болса жасуша өндірісіне жұмсалып отырады. Нақтырақ айтқанда жасуша жаңарады. Аутофагияның қаншалықты маңызды процесс екеніне көзіміз жеткен болар. Тағы айта кетерлігі, осынау құбылыстың әсерінен жасуша инфекция мен таксиндерден тазарады.

Байқағанымыздай аутофагияның әлеуеті жоғары. Ал жапондық ғалым дәл осы аутофогияның механизмі болған ағзаның ашығуы және ауыз бекіту адам денсаулығына өте пайдалы екенін дәлелдей алды. Ақиқатында бұл әу баста Алла адамзатқа бұйырған парыз амал саналады. Ендеше, қасиетті Құранда келген оразаға қатысты «Бақара» сүресінің 183-аятына назар аударыңыз: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғы-ларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер».

 

Ғалым пікірі

2016 жылы медицина саласындағы Нобель сыйлығын алған Иосунури Усумиге бірқатар ғалымдар баға берген. Аутофагиядағы жаңалығын ашу үшін жапон ғалымы біраз еңбектенген. Әйтсе де, лауреат ашығу яғни ораза ұстау расында ішкі ағзаны тазалайды деген тұжырымын дәлелдеп шығады. Бұған қатысты ғалым Мария Масуччи былай дейді. «Усумидің жаңалығы аутофагияның жұмыс істеу механизмін және іргелі физиологиялық процес өзектілігін анықтауда маңызды рөл атқарады. Соның арқасында ісіктердің жәнп басқа да түрлі аурулардың пайда болуы мен адам денесінің қартаюында аутофагияның қаншалықты маңызды екендігін білдік». [3] Аутофагия расында ағзаны ерте қартаюдан сақтайды. Тіпті жаңа жасушалар тудыратындықтан ағзаны жасартуы да мүмкін. Себебі ол кезде жарамсыз ақуыздары зақымдалған ішкі жасушалы элементтер ағзадан шығарылып, ретке келтіріледі. Каралель медициналық институтының мәлімдемесінде бұл толық расталды. Бұл процесс жасушаның вирусқа қарсы тұрып, зиянды заттар және түрлі аурулармен күресу қабілетін арттырады. Аутофагияға жауапты гендер жұмысындағы ауытқулар адамның бойындағы обыр, екінші үлгідегі қант диабеті және паркинсон ауруын туғызуы мүмкін.

Ал кез келген адам қол жеткізе бермейтін сыйлық жөнінде ғалым Иосинори Усуми не депті? Ғалым бұл жайында: «Соңғы жылдары мен бірнеше марапатқа ие болдым. Әйтсе де Нобель сыйлығының мен үшін орны ерекше, деңгейі де бөлек. Бала кезімде осы жүлденің иегері болуды армандайтынмын. Бірақ өз зерттеу жұмысымды бастаған кезімде Нобель сыйлығына қол жеткізем деп ойламаған едім», – қуанышымен бөліскен.

Усуми зерттеуіне сәйкес ауыз бекіту кезінде аутофагия механизмі белсенді жұмыс істейді. Ол өз кезегінде ағзадағы зиянды қалдықтар мен таксиндердің, ауру тудырғыш бактериялардың жинақталуынан сақтайды. Енді осынау ғылыми жаңалық Нобель комитетімен де мақұлданды. Аутофагия ағзаны тазартып қана қоймай, сондай-ақ мезгілінен ерте қартаюдан сақтап, оны жасартады. [3]

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) үйреткен ораза

Ардақты Пайғамбарымыз өзінің хадис-шәрифтерінде ауыз бекітуге қатысты құнды өсиеттер қалдырған. Алла Елшісі (с.а.у) өзі нәпіл оразаға айрықша мән бергендігі соншалық, бұл құлшылық түрін бар ықыласымен атқарған. Соның ішіндегі Пайғамбарымыздан (с.а.у) қалған сүннет ораза саналатын дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсталатын ораза бар. Бұл жөнінде Айша (р.а.)  анамыз жеткізген бір хадисте былай делінген: «Хақ Елшісі (с.а.у) Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері ауыз бекітуге ерекше мән беретін еді». [4]

Алла елшісі (с.а.у) ұстаған осынау ораза түрінің денсаулық үшін пайдасы мол екенін білеміз. Алайда ораза – бұл маңызды құлшылықтың түрі. Сондықтан да Алла елшісі (с.а.у) оразаның маңызын рухани жақтан түсіндірген. Усама бин Зәйдтің риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстаған. Одан «Неге бұл күндері ұстайсыз?» деп сұрағанда: «Адамдардың істері Аллаға дүйсенбі мен бейсенбі күндері тапсырылады», – деген. Басқа бір риуаятта «Ұлы Раббыма менің істерімнің ораза ұстаған кезімде ұсынылуын қалаймын»-деген екен. [5]

Ауыз бекіту жөнінде медицина не дейді?

Оразаға қатысты «The Daily Mail» газетінде тамаша ақпарат берілген. Егер адам аптасына екі рет ауыз бекітсе, бұл қартайған шақта мидың кеуіп кетуінен сақтайды. Нақтырақ, медицина мамандарының пікіріне сүйенсек, ауыз бекіту ағзаға пайдалы гармональдық және метабализмдық өзгерістерге алып келеді. Профессор Марк Маттсон оразаның көмегін спорт залында жасалатын жаттығуға ұқсатады. Сондай-ақ көптеген мамандардың пікірінше, және Nature Neuroscience журналының жаңа санында жарияланған есеп бойынша, ағзаға түсетін артық калорийді азайту жасушыларды зақымданудан сақтап, оларды күйзеліске (стресс күшейген сәтке) анағұрлым бейімді етеді. Сонымен қатар миды паркинсон мен альцгеймердің алдын алады дейді.

 

Құрандағы ораза үкімі

«Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім қайырымдылық жасап (аталмыш мөлшерден) асырып берсе, онысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болмақ. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы. Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Шынында, Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді. Ендеше қаза болған күндерді толықтырып, өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы құдіреті күшті ұлы жаратушы деп танып, (Рамазан айын ораза ұстап, намаз оқып, зекет-садақа беріп, Құран оқып өткізу арқылы) шүкіршілік етерсіңдер». («Бақара» сүресі, 184-185-аят)

Аятқа үңілсек, мұнда бірнеше өзекті тақырып пен ораза ережелері, тыйымдар мен жеңілдіктер қамтылған.

Алдымен парыз оразаның белгілі бір күндерде ғана ұсталатыны айтылған. Яғни, бұл – Рамазан. Жылына бір келетін осынау айдың рухани һәм физикалық жағынанда адам үшін пайдасы орасан. Ал бұл айда оны ұстауға шамасы келмейтін түрлі адам болуы мүмкін. Адамзатқа ауырлық қаламайтын Алла олар үшін жеңілдіктердің барын жеткізеді. Яғни денсаулығы жарамағанға підия ретінде бір жағдайы жоқ жанның бір күндік екі мезгіл тамағын немесе соның ақшасын беру керек делінген. Сондай-ақ аятта мұсылман жылына бір рет 30 күндік Рамазан айының оразасын ұстау парыз екендігі айтылған. Ал бұл айда кей күндерін қаза еткен жандар басқа күні соны толықтыруына болады. Бұл айда адам физикалық тұрғыда кемелденетіні сөзсіз. Алайда біз үшін ең маңыздысы –рухани тұрғыда дамып, Алланың кітабы түскен айда Құран оқып, Жаратқанға жақындау.

 

Шектен шықпау

Пайғамбарымыз (с.а.у) – адамзатқа жіберілген ең ардақты һәм ең білімді ұстаз. Оның көкейіне Алла тарапынан жіберілген ой мен аузына салынған әрбір сөз даналық пен ғылымға толы.

Алла елшісі (с.а.у) жалпы құлшылықта шектен шықпай, орта жолды ұстануды насихаттаған. Сол сықылды Ол (с.а.у) ораза құлшылығына қатысты адамға қолайлы кеңес берген. Адамзатқа пайдалы сондай бір өсиетке кезек берейік.

Мужиба әл-Бәһилия әкесінен (немесе ағасынан) жеткізген хадисте: «Оның әкесі Алла елшісімен (с.а.у) жолыққаннан кейін еліне қайтып кетеді. Сол кеткеннен араға бір жыл салып, жағдайы және түр-тұлғасы адам танымастай өзгеріп (жүдеп), екі әлем Сардарының (с.а.у) алдына келеді. Сөйтіп ол өзін танымай қалған Пайғамбарымызға (с.а.у):

  • Уа, Алланың елшісі! Мені танымадыңыз ба? – дейді.

Сонда Пайғамбар (с.а.у):

  • Сен кім едің? – деп сұрайды.

Сол кезде ол:

  • Мен өзіңізге былтыр ғана келіп кеткен әл-Бәһилимін, – дейді.

Алла елшісі (с.а.у) оған:

  • Саған не болған? Былтыр ғана өңің жап-жақсы еді ғой, – дейді таң қалып.

Әл-Бәһили болса:

  • Сізбен қоштасып кеткелі бері түнде ғана ас ішіп жүрмін (яғни, үзбей ораза ұстап жүрмін), – деп жауап берді.

Сонда Алла елшісі (с.а.у) оған:

  • Өз-өзіңді әбден қинаған екенсің, – деді де: – Ең дұрысы сен сабырлық айында (Рамазан) ораза ұстап, содан соң ай сайын бір күн ауыз бекіт, – деп кеңес берді.

Әл-Бәһили:

  • Тағы қосыңыз, менің одан да көп ұстауға шамам жетеді, – дейді.

Сонда Алла елшісі (с.а.у):

  • Ай сайын екі күннен ұстап отыр, – деді.

Әл-Бәһили сонда да:

  • Тағы да қосыңыз, – дейді.

Үш күн ауыз бекіт, – дейді сонда Пайғамбар (с.а.у).

  • Әл-Бәһили:

Тағы да қосыңыз, – дейді Расулаллаға (с.а.у).

Сонда ардақты Елші (с.а.у) оған үш саусағын бір ашып, бір бүгіп көрсетіп тұрып:

  • Ендеше Харам (яғни, Рәжәп, Зулқағда, Зулхижжа және Мухаррам) айларында үш күн ұста, үш күн ұстама, үш күн ұста, үш күн ұстама, үш күн ұста, үш күн ұстама», – деп айтты», – деген. [6] Хадиске үңілсек, онда ораза ұстаудың бірнеше тиімді тәсілі айтылған. Сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.у) алдына келіп кеңес сұраған сахабаның өжеттілігі мен ықыласы да айқын көрінеді. Алайда мұнда күн сайын ораза ұстап жанды қинауға болмайтыны да ескертілген. Жалпы күнделікті ораза – Рамазан айына жарасқан құлшылық. Ал басқа айларда хадиске келтірілген кеңеске қарап, амал етуге болады.

 

Ораза – жан мен тәннің саулығы

Қазіргі медицинада аштықпен немесе тамақты аз жеумен жүргізілетін ем-шаралары бар. Әйтсе де ақиқатында адам баласы үшін оразаның пайдасы орасан зор. Осы орайда Алла елшісінің (с.а.у) мына бір хадисіне назар аударайық: «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!» [7] Ардақты елшінің (с.а.у) бұл сөзі оразаның тек жанды  емес, тәнді де рахатқа бөлейтін теңдессіз құлшылық екенін ұқтырса керек.

Ораза семіздікке қарсы ем. Қазіргі таңда семіздік – әлемдік деңгейде күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Семіздіктің қан айналымын нашарлатып, мидың белсенділігін бәсеңдететінің де дәрігерлер анықтап отыр.

Пайдасы ұшан-теңіз ораза жайында көптеген мақала мен кітап жазылған. Неміс ғалымы-профессор Гехардет (Cehardet) адамның қажыр-қайратын жануға қатысты жазған кітабында ораза жайлы адамның тәндік қалауларын басып, нәпсіні құрықтайтындай ғұмыр кешуі жолында рухтың тән қалауларын тізгіндеуде ең ықпалды жол екенін айтады. [8]

Ғылым докторы Рофи: «Ораза сырқаттануға қарсы иммунитетті күшейтеді. Осындай маңызды медициналық жаңалықты Ислам оразаны парыз ету арқылы дәлелдеді, ал бүгінгі медицина оразаны ауруларға қарсы дәрі әрі қорғаушы ретінде қолдануда»[9], – дейді. Бұл сөзде шындық бар. Мәселен, ғылым докторы Генрий Лахман Саксонияның Дрэзден қаласындағы ауруханасында, сонымен қатар Бершербенр мен Молиер өздерінің емханаларында ауруларды ораза арқылы емдейтін көрінеді. [10]

Міне оразаның медицина тұжырымдаған пайдасы осындай. Әйтсе де әлі де толық зерттеліп жатқан адам физиологиясынан ғалымдар біз білмейтін тың жаңалықты да ашуы мүмкін. Өйткені Алла дейтін ең ұлы әрі кемшіліксіз автордың әр туындысында толық зерттелмеген талай сырдың тұнып жатқаны хақ. Сондықтан ораза – жанды рухани кемел қылып, тәннің қуатын арттыруға сеп болар керемет құлшылық.

Дегенмен ғылыми тұжырымдар адам тек денсаулығын реттеу үшін ораза ұстау керек екен деген бұрыс ойға жетелемеу қажет. Біз бұл мақаламен жаратқан нәрсесінде бір мін жоқ Алла Тағаланың бұйырған парызы адам үшін екі жақтан да пайдалы екендігін жеткізгіміз келді. Оған рухани һәм физикалық артықшылық жатады. Сол Жаратқан Хақтың разылығы үшін ауыз бекіткен жан ең әуелі имани жақтан баюды ойлауы қажет. Ислам әлеміне аты мәшһүр Хасан Басридан (рахимаһулла) риуаят етілген мынадай бір оқиға бар: «Бірде бір ғалым кісі Рамазан айында бір топ күліп жатқан кісілердің жанынан өтеді де оларға былай дейді: Рамазан айын Алла Тағала мұсылмандар арасында рухани жарыс ретінде берді, бір қауым бірінен озып мәз болады екінші қауым қалып қойып бармақ шайнайды. Осыны біле тұра бекерге ойнап күлгендерге таң қаламын…». [11]

Біз де бұған толық қосыламыз. Өйткені оразаның қабыл не қабыл болмауы алдымен ниетке байланысты. Сондықтан мұсылман үшін маңызды құлшылықты кемеліне жеткізіп орындағанымыз біз үшін екі дүниеде пайдалы болмақ.

 

Ораз Елмұрат

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. https://www.youtube.com/watch?v=y1fW-uURMgE
  2. https://www.youtube.com/watch?v=dLJ6S_80ip4
  3. https://www.youtube.com/watch?v=FzPJKKrWvOo
  4. (Тирмизи, Саум, 44)
  5. http://www.ihsan.kz/kk/articles/view/4102
  6. (Әбу Дәуіт, саум 55)
  7. (Хадисті Әбу Наим жеткізген, дәрежесі – хасан)
  8. Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов «Ораза – теңдессіз құлшылық». – Алматы: «Таным» баспасы, 2021. – 28 бет. А. Tabbara, «İlmin ışıgında İslamiyet», İstanbul, 1977. – 274-s.
  9. Kırca, «Kuran ve fen bilimleri», İstanbul, – 141-s.
  10. Nevfel, «İslma ve modern ilim», İstanbul, – 209-s.
  11. https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2015-06-24/20011-imam-azali-orazanyi-drezheler/

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here