Озық дәстүрлердің түп тамырын зерттей келе, қоғамға келіп -кетер пайдасын көздесек, қазақ халқының саралы салты сауатты да, салауатты ұғыммен қалыптасқанын аңғарамыз. Өйткені, бірқатар этноүрдістеріміз Ислам шариғатының заңдылықтарымен негізделген. Дәстүр мен дінді сапалы ұштастырған ұлтымыздың көптеген рәсімдері жәй ғана салт емес, міндет болып бекітілген бұлжымас ережеге айналып кеткендей. Өмірінде орын алып жатқан әр бір ерекше процестерге бейжай қарамай, әрқайсына өзіндік орнын бере білді. Соның бірі, баланың жарық дүние есігін ашуы – мұсылман жұрты үшін жай ғана қуаныш емес, жауапкершілігі мен атқарылуы тиіс міндеттемелерден құрылған ұлттық эстетикалық форматқа айналған. Адам баласының дүниеге келуі, ананың құрсақ көтеруі табиғи заңдылық болғанымен, ол бір жағы мереке, қуаныш, бір жағы отбасы үшін маңызды қадам болып есептеледі. Мәселен, «баланы қырқынан шығару» рәсімі жай ғана қуанышты атап өту мақсатындағы дәстүр емес, медициналық жағынан алып қарасақ, бала мен ананың қырық күндік күтімі – біртұтас адам өмірінің салауатты салты десек болады. Алдымен, бұл мерекелі рәсімнің қалай жүзеге асуына тоқталсақ.
Этнологтардың айтуынша, осы бір қырқынан шығару рәсімі арқылы сәбиді адам қатарына қосылды деп есептеп, шаш, тырнағын алып таза әрі жылы суға шомылдырып, үлкендердің батасын алып, сый кәделері ұсынылады. Бұл рәсімге тек әйел кісілер қатысады. Шаш алудың өзі бейберекет жасалмайды. Үлкендеріміз оған аса мән беріп, жастарға ескертіп жатады. Мәселен, баланың шашын маңдайына дейін тақап алмайды, желкесіне дейін қырмайды. Маңдайы тар, мінезі қырсық болмасын, «жазық маңдай», жайдары болсын деген тәліммен шаш алу үлгісіне де ұқыптылықпен қараған. Баланы қырқынан шығарып, қарын шашы мен сүт тырнағын алып, тазалау құқығы – араларындағы сыйлы, жұртқа жақсы жағынан танылған, көпке үлгілі ересек кісіге табысталады. Кейбір өңірлерде сәбиді жуындыратын суға таза күміс бұйымдарды салады. Оның мәні сонда, күмістің емдік қасиеті бары баршамызға мәлім. Соны ескерген халқымыз «алтын –сәндікке, күміс емдікке» деп мақалдап, тазартылған, шипалы суға баланы шомылдырған.
«Исламмен сабақтастығы»
Бұл рәсім діни емес, дәстүр болып саналғанымен, шариғатқа қайшылығы жоқ, қайта үйлесім тапқан десек болады. Баланың шашын алған соң, оны таза шүберекке орап, аяқ баспайтындай етіп, жерге көміп тастайды. Кейін сол шаштың салмағындай садақа береді. Садақа беру шариғатымызда барлық жаманшылықтың алдын алу болып есептеледі. Осыған қатысты бір риуаятта: Жағфар ибн Мұхаммедтің жеткізуі бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) қызы Фатима анамыздың (р.а) ұлдары Хасан мен Хусейін, қыздары Зейнеп (р.а) пен Үмму Күлсім (р.а) туылғанда олардың шашын алып, сол шаштың салмағындай садақа берген екен. [1] Шариғат заңы бойынша, сәби туылған күніне жеті күн толғанда азан шақырып ат қойып, ақиқа құрбандық шалып, баланың шаш, тырнағын алады. Дәстүрімізде, аты ақиқа деп аталмаса да, құрбандық шалып, көпшіліктің батасын алып, «Құдайы тамақ» деп дастархан жайып, Құран оқытып, қуанышты жиын жасайды. Баланың шашын алуға қатысты басқа бір деректе, Әзіреті Әлидің (р.а) айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) немересі Хасан туылғанда бір қой құрбандыққа шалып, қызы Фатимаға: «Шашын ал да, алынған шаштың ауырлығындай күміс садақа бер» деген.[2[
Ислам дінін салтына айналдырған ұлтымыз, бұл дәстүрдің озығын алып, тозығын тастаған. Қайта, керсінше шариғатымыздың заңына бұрмалап, салтымен сабақтастыра білді. Қалай десек те, жаңа туған нәрестенің шашын алу адам баласының пайдасына шешілген саралы сүннет жолы. Әр бір іс әрекеті бекерге жасалмаған ардақты Алла Елшісінің (с.а.у) осы бір рәсімі де медициналық тұрғыда маңызды рөл атқарады. Айта кетсек, бір жылдары жарық көрген мақалада баян етіледі. Германияда осыдан бірнеше жыл бұрын мынадай оқиға орын алған-ды.
«Бір мұсылман отбасында сәби дүниеге келеді. Ата-анасы шариғат бойынша жеті күннен кейін шаш, тырнағын алып, садақасын береді. Бірнеше күннен соң, сәбиді медициналық тексеруден өткізуге барады. Сонда педиатр: «Баланың шашын өздеріңіз алдыңыздар ма?» деп таңырқап сұрайды. Анасы: «Иә» деп жауап береді. Сонда, дәрігер өзінің таңқалу себебін былайша түсіндіреді: Жақында ғана дәрігерлер жаңадан туылған баланың шашын қырық күннің ішінде алатын болса, онда көру қабілеті жақсарып, шашы қатайып, ой–санасы кеңейтіндігін және көптеген пайдасын анықтады. Ал, шаш алуды жеті күн толғанда жасаса, онда әлгінде айтқан көрсеткіштер одан да жақсы нәтиже береді. Бірақ бұл жаңалықтың ашылғанына екі күндей ғана болды. Әлі ешкімнің хабары жоқтұғын. Сіздер қайдан білдіңіздер?– дейді таңғалып. Сонда, әлгі әйел айтады: «Бізге мұны Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бұйырып кеткен. Мұсылмандарда бұл кәдімгі бала туылғанда жасалатын сүннет әрі дәстүрдің бірі» дейді. Дәрігер: «Ал, сіздердің пайғамбарыңыз қайдан білген?» дейді одан сайын таңырқап. – Пайғамбарымыз (с.а.у) осыдан 14 ғасыр бұрын өмір сүрген. Сол кезде айтқан сөзі бізге жетіп, біз оны күнделікті өмірімізге қалыптастырып, орындап жүреміз,– дейді әйел. Дәрігер басын шайқап, таңырқаған бойы қалған екен»[4]
Ата-бабамыз бұл рәсімді қырық күнге созуында да бір мән жатыр. Мәселен, баланың ана құрсағында қырық апта болуы. Босанған әйелдің нифас мерзімінің қырық күнге дейін созылуы. Яғни, сол аралықта әйелдің тазаруы және күтінуі. Денедегі қылдарды тазалауды қырық күннен кешіктіру дінімізде ұнамсыз болып саналуы сынды сабақтастық бар. Хадис шәрифтің бірінде баланың жетілуіне байланысты былайша баяндалған: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен, (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң, (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді: ризығын, қанша өмір сүретінін, істейтін амалын, бақытты не бақытсыз болатынын. [5]
«Сәби күтімі»
Ана тоғыз ай күткен баласын аман- есен бауырына басып, сәбиінің хош иісіне тамсана, бөпесін уызына қандырып, аналық мейіріміне бөлеп, ерекше сезімге бөленеді. Перзентханадан тезірек шығып, үйіне жетуге асығады. Осылайша, үш күннен соң сәби әкесі мен ата- әжесінің көзайымы болып, босағасына құт болып кіреді. Ендігі кезекте, ана мен баланың жауапты күтімі басталады. Қырқынан шыққанша, анасы да сәбиіндей нәзік, пәк болады. Олай дейтін себебім, әйел босанғасын, күнәлары төгілетіні айтылған. Мәселен, мына бір тамаша хадисте баян етіледі: «Әйел жүктілік кезінен босанғанға дейін және сәбиін емізе бастағаннан, сүттен шығаратын күнге дейін , Аллаһ жолында қарауылдық қызметіндегі мүджаһид сияқты болады. Осы кездерде қайтыс болатын болса, оған шәһид сауабы бар» [6] Сәби дүниеге келгеннен бастап, қырық күнге дейінгі кезең ана мен баланың денсаулық күтіміне аса мән берілетін уақыт. Өйткені, осы уақыт аралығы ана мен бала үшін қауіпті кезең деп есептеледі. Ананың гормоналды фоны, репродуктивті жүйесі қайта қалпына келу үшін қырық күн қажет. Сол үшінде жаңа босанған әйелге ерекше күтім жасалып, қалжа жегізіп, күннің аптап ыстығына да қарамай тұмшалана киініп, белді бекем буып, жиі сорпаланып, терлеу керек болады. Қазіргі уақытта көп жастар осыған аса мән бермейді. Тіпті перзентханадан шықпай жатып сән қуып, бір аптадан соң шыдамай шомылып алып, жеңіл жүре береді. Соның салдарынан сүт безіне суық тиіп, температура беріп, аурып жатқанын талай көзіміз көрген еді. Баланың да бабын дұрыс жасаудың өзіндік методикасын кейбір жас аналар біле бермейді. Баланы қырқынан шығарғанға дейін де күнделік бір мезгіл жуындырып отырады. Суға әр күнде әр түрлі бала денесіне пайдалы шөптер мен тұз салынып отырады. тұзды су баланың терісі пісіп, жақсы жетілуіне, шымыр болып, болашақтағы дене жарақаттарының тез жазылып кетуіне ықпал етеді. Ал, арнайы емдік шөптер баланың терісіне шығатын аллергия сынды қышыма, бөрітпелерге шипа. Баланы күнделік жуындырып, бабын жасап тұрудың өзі епсіз жандар үшін өзінше бір күрделі процеске жатады. Сол үшін көбіне үйдің үлкені, келіннің енесі секілді тәжірибесі бар адам сол жауапкершілікті қолға алады. Бала қырқынан шыққанша арнайы бір таза сүлгі мен кезектесіп тұратын екі ит жейде арнайды. Сонымен қоса, екі- үш таза жаялық болуы керек. Дене температурасына сай жылы су мен жылы бөлме қажет. Әжесі немересін жуындырып болғасын, таза сүлгіге дереу орап алып, ең алдымен бет жүзі мен құлақтарының суын сорғытқан абзал. Бұл суық тиіп қалмаудың алдын алу мақсатында. Кей бала өзінің табиғи мінезіне орай жылауық болуы мүмкін. Әр шомылдырған сайын мазасы кетеді. Анасы соған қарамастан баланың қажетті күтімін толығымен жасап алып барып, емізіп, ұйықтату керек. Баланың денесін құрғатып болғасын, маңдайынан немесе қасынан бастап жәймен сипалап отырып май жағылады. Осылайша, барлық денесіне ауырлық салмастан, арнайы массаж жасай отырып, сылап- сипап шығу керек. Бұл баланы тынышталдырады. Егер жылауын қоймай жатса, сіз әлденені дұрыс жасап жатқан жоқсыз. Дұрыс образда жасалған массаж бен денені сылау процесі баланың денесін жібітіп, ұйқыға тартуы керек. Жаңа туған сәбидің мұрнын тазалау көбіне бір бейнет болып жатады. Оның оңай методикасы бар. Мақтаны мұрнына сиятындай етіп ұзынынан ширатып аласыз. Баланың терісі нәзік болғандықтан, оны құрғақтай қолданудан аулақ болыңыз. Мақтаны денесін майлаған маймен аздап майлап алып, немесе жылы суға дымқылдап алуға болады, ширатылған дымқыл мақтаны мұрнына жәймен ғана кіргізіп, шыр айналдырып жіберсеңіз , қарапайым ширатылған мақта таптырмас тазалаушы құралға айналып шыға келеді. Практикадан өткізіп көріңіз. Келесі кезекте, баланың арнайы ит жейдесін кигізу. Ит жейде дегеніміз, сәбидің қырқынан шыққанша киетін арнайы тігісі денесіне батпау үшін сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігілетін киім. Етек- жеңін бүкпей, кең мол етіп тігуі нәрестенің жайлы, еркін жатуына септігін тигізеді. Кейін баланы қырқынан шығарғанда, сол ит көйлекті баласы жоқ әйелдерге ырымдап, сыйға тартатын үрдіс те бар. Ендігі кезекте, оның сыртынан жаялықтарымен қатты бунамай, ұқыптылықпен бастан -аяқ орап, бауырыңызға басыңыз. Бала ояу уақытында бір мезгіл қол -аяғын босатып, еркін жатуына жағдай жасаңыз. Түске дейінгі терезеден түскен күн сәулесіне, болмаса жаз мезігілі болса, есік алдына шығарып, бірер сәт күн шуағына жатқызып қою балаға өте пайдалы. Өйткені, ол күннен С дәруменін алуы қажет. Қоршаған ортаға әлі бейім болмаған үлбіреген ұлпадай пәк сәбиді көшеге шығармайды, ешкімге көрсетпейді. Өйткені, жарық дүние есігін енді ғана ашқан сәби қоршаған ортаға бірден бейімделе алмай, «үп» еткен желге салқындап, вирус жұқтыруға бейім болады. Тіл, көз сынды теріс энергияларды да тез қабылдағыш келеді. Иммунитеті толық қалыптаспаған баланың аурып қалу қаупі де жоғары. Бала қырқынан шыққанша сүймеу, иіскемеу керектігін үлкен кісілерден жиі еститін боларсыз. Сол кеңеске құлақ асқан жөн.
«Баланы емізу»
Баланы бауырыңызға басып, емізудің өзі бір үлкен білім. Емізу барысында, баланың шалқайып емес, бауырыңызға басып, бір қырмен жатып емуіне аса мән беріңіз. Бұл баланың шашалып қалмауына қажет. Оған қоса, емізе салып жатқызбау керек. Басын сәл көтеріп, кекіртіп алып барып жатқызса, бала құса бермейді. Кейбір әйелдер дене бітімінің өзгеріп кетуінен қорқып, баланы хақысынан айырып, емізуден бас тартып жатады. Бұл үлкен қателік. Біріншіден, ол сәбиін иммунитеті дұрыс қалыптасуынан, көптеген дәрумендерді бойына сіңіруінен, аналық махаббат, мейірім сезімінен айырды. Екіншіден, ананың өзі мұсылман үшін өте маңызды факторға жататын Алланың разылығына бөлендірген сансыз сауаптан құр қалды. Оған дәлел мына бір хадис: Әйел жүкті кезінде күндіз саим (ораза тұтқанның) түнде қаим (ғибадат еткеннің) және Аллаһтан қорқатын мүджаһидтің сауабын алады. Ауру күшейген кезде, оған берілген сауаптың көптігін ешкім біле алмайды. Сәбидің әр емгенінде бір жан тірілткендей сауап алады». [7] Лактация өзі тоқтап қалмаса, сәбиді екі жылға дейін емізу керек. Ол баланың иммунитеті толық қалыптасып, жеткілікті дәрумен алуына таптырмас шипа. Ал, ана үшін сүті тартылғанша емізудің пайдасы сол, сүт омырауда қалып қойып, қатып қалу, соның себебінен түрлі ауру туғызу сынды проблемалардан аман болады. Білім-ғылымның ұлығы болған, Қасиетті Құрани Кәрімдегі :«Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін» (Бақара сүресі, 233- аят) дейтін Алланың бұйрығының мәнісі сонда болса керек. Медицинаның алғаш іргесін қалаған, Ислам ғұламасы Ибн Сина былай депті: «Балаға мүмкіндігі барынша өз анасының сүті берілуге тиіс. Өйткені, ана омырауындағы сүтте зиянды нәрсені кетіру тұрғысынан өте үлкен пайда бар» Ана сүтімен перзентке тек дәрумен ғана емес, тәрбие, мінез-құлқы да қалыптасады. Жүсіп Баласағұнның « Ана сүтімен біткен мінез сүйекпен кетеді» деуі де осыдан. Сондай –ақ, ана баланың жанынан табылып, оған толық күтім жасауы үшін декреттік демалыс берілу де Исламнан бастау алған екен. Күндердің бірінде, халифа Омар (р.а) бір үйдің сыртынан жылаған баланың дауысын естиді. Оның анасына барып: «Оны еміз!» деп бұйырады. Сонда әйел: «Мүминдердің билеушісі баланы емшектен шыққанға дейін жәрдемақы бөлмейді. Содан соң, оны емшектен шығарып қойғанмын» дейді. Сонда, Хазіреті Омардың (р.а) көзіне жас іркіліп: «Баланы өлтіруге сәл қалыппын ғой. Еміз, еміз, ақша бөлінеді» деп шығып кетеді. Содан бері, әр бала үшін туылған күнінен бастап, мемлекеттік қазынадан қаражат бөлінетін болған.[8] Баланы емізгенде, барынша дәретпен, тазалықпен, Алланың ризалығын ойлап, сауабынан үміт етіп, сәбиге деген жылулықпен емізіңіз. Сонда, Алла қаласа, осынау мол сауаптар мен игіліктерге қауышасыз. Сөздің түйіні, ата-ана болу – жәй ғана баланы топырлатып дүниеге әкеле беру емес. Перзентті болғасын, оның жоғарыда айтылғандай жан-жақты күтіміне қатысты алғы шарттарын меңгерудің өзі тұнып тұрған білім. Баланы дүниеге әкелу бір бөлек. Оның денсаулығына, күтіміне, сәбилік сезіміне жауапкершілікпен, мейірім, махаббатпен қарап, ата дініміз бен озық болған ата дәстүрімізді тең таразыға сала отырып, балаға дәстүрлі имани тәрбие, үлгілі өнеге бере білу- отбасылық басты концепция екенін ескеру керек.
Раян Болатқызы
[1] «Дін мен дәстүр» II кітап. Астана, 2017. 37-бет
[2] Тирмизиден жеткен хадис;
[3] islam.kz
[4] stan.kz
[5] Бухариден жеткен хадис;
[6] Табараниден жеткен хадис;
[7[ Әбушшәйһтен жеткен хадис;
[8] kazislam.kz