«Екеуінде де һайыр бола тұра Аллаһ Тағалаға әлсіз мұсылманнан гөрі қуатты мұсылман сүйкімдірек»
Хадис
Біз сіздермен алдыңғы тақырыпта сәбидің туылған шағынан бастап атқарылатын шариғи амалдардың бірқатарына тоқталған едік. (Мақаланың 1-бөліміне сілтеме: https://igz.kz/post/1032 )
Бүгінгі қозғағалы отырған тақырыбымызға Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (ﷺ) «Екеуінде де һайыр бола тұра Аллаһ Тағалаға әлсіз мұсылманнан гөрі қуатты мұсылман сүйкімдірек» деген хадисі арқау болды. Ислам ғұламалары аталмыш хадистің тереңіне үңіле келе, әуелгі мағынасы – мұсылманның иманына қатысты десе, екінші мәні – мүминнің физикалық тұрғыдан қуатты, денсаулығы мықты болуында жатыр деген пікірге тоқталған. Адам баласының зор денсаулығының кірпіші оның сәби күнінен қаланады десек, шариғат шеңберінде сәбиімізді физикалық тұрғыда қалай дамытамыз?! Ендеше, бірге талдап көрелік!
Анасының құрсағына орныққаннан бастап кішкентай тіршілік иесі қимыл-әрекетін жасап қарқынды даму үстінде болады. Бұл сөзімізге дәлел «Муминун» сүресінің 14-аяты: «Сосын тамшыны ұйыған қан жасадық. Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, жан салдық». Адамзат, тіпті, қаперіне де алмайтын маңызды даму, міне, ана құрсағында жүріп жатады екен. Сондай кереметтердің бірі әрі сәбиге ең жайлы мекен – шарана. Медициналық тілмен айтсақ, бұл дегеніміз ұрықты қоршап тұратын, сәби мен ана ағзасының арасындағы сұйық орта. Жүктілік кезінде шарана суы ұрықтың еркін қозғалысқа түсіп, мүсінін қалыптастыруға, сондай-ақ сыртқы оқыс әрекеттерден қауіпсіз болуға, тыныш ортада жетілуге жағдай жасайды. [1] Құдайдың құдіреті, шарана суы – нағыз тірі су, яғни ол арқылы құрсақтағы «бақыт» қоректенеді, дамиды, ақпарат алмасады, тіпті, қажетін де өтейді. Біз зерттейтін бөлім – ұрықтың физиологиялық дамуы болғандықтан, осы тақырып аясында әңгіме өрбітейік.
Бізді қоршаған әлем, барша жаратылыстың өз жүйесі бар. Сол секілді сәби 9 ай бойы жүйелі сатымен өседі. Құранда Аллаһ Тағала: « Ол, сендер үшін: есту, көру және ойлау қабілетін жаратты» дейді [2]. Зерттеулерге сүйенсек, құрсақтағы сәбидің 21-ші күнінде құлақ құрылымдары бастау алады. Ал, 4 айға таяу құлақ толық жаратылып, өз функциясын орындауға кіріседі. Бұл жерде шарананың да «жайлы мекен» екендігін тағы айта кеткен жөн, неге десеңіз, есту қабілеті дами бастаған сәби сыртқы тым қатты дыбыстарды ұнатпайды. Өз кезегінде шарана суы сыртқы шуды балаға естіртпей, тыныштық сыйлай алады. Аятта аян болғандай есту мүшесінен соң көру қабілеті дами бастайды. Сәби көздері екінші айда пайда болғанымен, жарыққа сезімталдық өте зор болғандықтан 7 айына дейін өз жұмысын толық атқара алмайды. Адам баласына берілген нығметтердің бірі – ойлау қабілетіне әсер ететін жүйке жүйесінің алғашқы тіндері 3 айдан бастап қалыптасады [3]. Аллаһ пәк! Раббымыз жоғарыдағы аяттарды хикметсіз уахи етпеді. Мүлтіксіз жаратылыс Иесі адам баласы дүниеге келген соң да осындай жүйелілікпен дамығанын хош көрген екен. Дүние есігін ашқан бөбектің физиологиялық өсіп-жетілуі де тура солай. Алдымен есту қабілеті…көру мүшесі…ойлау қабілеті. Демек, біз де баламызды дамыту барысында осы бір сатылы жүйені сақтауымыз қажет.
Дін мен дәстүрді көркем ұштастырған ата-бабамыз сәбидің шымыр болуына да аса ыждаһаттылықпен қараған. Анасының жатырынан тыс, жаңа өмірге тез үйренісіп кетуі үшін қырық күн қатарынан жылы суда шомылдырған. Себебі, жоғарыда айтылғандай сәби 9 ай бойы шарана суында өзін қауіпсіз сезініп, жетілген еді. Бала дәрігерлерінің айтуынша, нәресте 6 айына дейін өздігінен жүзе алады, егер бұл қабілетті әрі қарай дамытпаса, өсе келе ұмытылады. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) да балаға 3 тәрбиенің бірі – жүзуді үйретуді өсиет еткен. Көненің көзі-әжелеріміздің немересін қасына дейін майлап жатқандығына куә болған едік. Зерделеп қарасақ, бұл да бір сүннетті ұстану үлгісі екен. Әр ісі мен сөзі пайдаға толы пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Кім бетті уқалағысы келсе, қастан бастасын. Өйткені, бұл бас ауруларының алдын алады. Қас – құрсақтағы адам баласының денесінде пайда болатын ең алғашқы түк» деген. 14 ғасыр бұрын ешбір құралсыз мәлім болған мұндай жаңалық қазіргі дәуірдің ғалымдарын таңдай қақтырды. Бұл сөзімізді медицина факультетінде оқылатын «Эмбриология» атты оқулықтың 207-бетінде жазылған «Құрсақтағы ұрықтың алғашқы түктері эмбриондық дамудың 4-кезеңінде пайда болады. Түктерден, ең алдымен, қас өсіп шығады» деген ақпараты растайды. Бұл хабарды әлем БАҚ өкілдері жарыса жазды. Ғылыми медицина жариялаған аталмыш жаңалықты Life Science Library «GROWTH» кітабы да қоштай жөнелді. Кітаптың 198-бетінен орын алған мақала «Пайғамбар шындықты сөйлеген екен!» деген атаумен жарық көрді [4]. Сүннеттің ұшан-теңіз пайдасын түсінген әжелеріміз сәби қасын бас ауруларының алдын алу үшін және қаста орналасқан түрлі нүктелерді ояту мақсатында сипалаған болса, тағы бір себебі – қасы керілген, әдемі кейіпте өссін деген тілектен жасалса керек.
Сәбиіңіз шымыр болсын десеңіз, кішкене күнінен шынықтырғаныңыз абзал. Бұл мақсатта бірнеше әдістер ұсынамыз.
Серуен
Мәңгі өнеге – Пайғамбарымыз (ﷺ) таза ауада көбірек болу әрі жаяу жүру мәселесінде де үлгі қалдырған. Тау тұлғаның өміріне көз жүгіртсек, көп жағдайларда мінерге түйесі бола тұра алыс сапарларға жаяу шыққанын көреміз. Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзін көргендер ол кісінің өте жылдам әрі алға қарай адымдап жүретінін айтқан. Мәселен, Әли ибн Әбу Талиб (р.а) Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүрісін «төменге түсіп келе жатқандай аяқтарын көтере басатын» деп сипаттаса, Әбу Һурайра (р.а): «Алла елшісінен (ﷺ) жылдам жүретін ешкімді көрген жоқпын, оған жер тартылып жатқандай болатын. Біз оған жету үшін бар күш-жігерімізді салатынбыз, ал ол болса, жайбарақат жүре беретін», – деген [5].
Таза ауада серуендеу жаңа босанған анаға да, сәбиге өте пайдалы. Бала дәрігерлері қолайлы ауа-райы кезінде сәбилердің ең кемі 1 сағат, жалпы 4 сағат серуендеуін қолдайды. Себебі, күннің көзі сәбидің сүйек жүйесін ретке келтіріп тұруда маңызды орын алатын D дәруменінің бөлінуіне үлкен ықпал етеді, сонымен қатар, домалақ бездің мелатонин гормонын шығаруына да септігін тигізеді. Ал, мелатонин ағзаның көптеген қызметін арттырады, атап айтсақ, иммунитетті нығайтып, сәбидің бойының тезірек өсуіне көмегін тигізеді [6]. Бұл кеңестен баланы тек жылы мезгілде серуендету керек деген қорытынды шығармаймыз. Адам ағзасы қашан да таза ауаға мұқтаж. Таза, салқын ауа тәбетті ашып, суық тию мен рахиттің алдын алады. Қысқы ауада жаздағы ауаға қарағанда оттегі 1,5 есе көп және баланың ағзасын тынышталдырып, иммунитетті шыңдайтын, жүйке жүйесін қалыпқа түсіретін, іш шаншуларын азайтатын теріс иондарға әлдеқайда бай. Қыста сәбилердің жеңіл дем ала алуының тағы бір себебі: қар улы газдар мен шаңды өзіне жақсы сіңіреді.
Табиғат аясында серуендеу – нәрестенің есту және көру сезім мүшелеріне де пайдалы. Қоршаған ортадағы түрлі дыбыстар мен сан алуан жаратылыс пен таза ауаның иісі оның қызығушылығы мен белсенділігін оятады. Сәби әлі кішкентай болса да, оны айналасындағы табиғат ғажайыптарымен таныстыра берген дұрыс. Бала тәрбиесін зерттеуде еңбектер қалдырған В.А. Сухомлинский: «Егер баланы қоршаған орта оны дамытуда үлкен рөл ойнайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Табиғат баланың ақыл-парасатын өздігінен жетілдіретіндей тылсым күшке ие емес. Қоршаған ортаның ғажайыптарына ойланып, тереңінен сүңгігенде ғана, ол – даналық бұлағына айналады» деген екен. Ал Раббымыз бізді қалай үйретті? «Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да «Раббым, Сен мұны босқа жаратпадың!»» деу арқылы аспанға, жердегі жаратылысқа, тіпті, түйенің жаратылуына қарап ой жүгіртуге шақырды. Мұның бәрі – баланың ойлау қабілетін дамытуға оң әсерін береді.
D дәруменіне талдау
Жоғарыда айтып өткеніміздей, күн сәулесінен балаға қажетті Д дәруменін алуға болады. Алайда, тек күннен алу жеткіліксіз. Сондықтан сәбидің 1 айынан бастап Д дәруменін берген жөн. Ең алдымен, дәруменнің қажеттілігіне тоқталайық. Д дәрумені рахит ауруының алдын алуға, бала иммунитетінің тыныс жолдары арқылы келетін жұқпалы ауруларға қарсы тұра алуына, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу үшін керек [7]. Дәруменді күннің алғашқы бөлігінде тамақпен немесе сумен ішкен тиімді. 7 жасқа дейінгі балаларға дәруменнің тамшы және май негіздегісі ұсынылады. Қазіргі таңда Д дәруменінің көптігіне байланысты құрамдық талдау ұсынамыз.
Құранда Аллаһ Тағала «Бақара» сүресінің 168-аятында: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» деп бұйырады. «Бала – Алладан келген аманат» десек, сәби күнінен адалдан астануына мән бергеніміз дұрыс. Фармацевтика саласында күмәнді қоспалар, спирт көп қолданысқа ие болғандықтан, балаға берілетін дәруменге де абай болайық!
Көпшілік дәріханаларда «Аквадетрим» дәруменін ұсынып жатады. Құрамында бензил спирті, сахароза және ароматизатор бар. Су негізді. Демек, мұндай дәрумен түрін қолдану құпталмайды. Айта кеткен жөн, дәл осындай құрамдағы «Коледан» дәруменін де сәбиіңізге бермегеніңіз жөн.
«Детримакс бейби» дәрумені құрамы жағынан қуантады. Иіссіз, қоспасыз. Сондай-ақ, май негізді болғандықтан сәби ағзасына сіңімді. Осындай құрамға ие дәрумендерді атап кетсек, мұсылман қауымына пайдасы тиер: «California gold nutrition», «Carlson labs», «Natural factors».
Сәби массажы
Сәби ағзасының жақсы жетілуі үшін массаждың алар орны ерекше. Балдырған анасын әрдайым сезеді әрі өзін қауіпсіз сезінеді. Массажды да өз анасы жылы, таныс қолдарымен жасайтын болса, бұл балаға жағымды әрі 80% нәтиже кепілі. Алайда, массаж барысында оқыс қимылдардан, сәбидің қол-аяғын, мойнын созудан аулақ болған жөн. Мамандар 1 жасқа дейінгі бөбектерге түрлі дерттердің алдын алу мақсатында, жалпы шынықтыру үшін 4 кезеңдік массаж жасалуын құптайды. Сондай-ақ, бұл 4 кезең сәбидің физиологиялық дамуында ерекше қарқынды үрдістердің жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Сонымен, алғашқы кезең – 3 айында. Бұл кезеңде сәбидің жаңа әлемге толық үйренісіп, қоршаған ортасына бейімделе бастаған шағы. Осы орайда Ислам әлеміндегі бала тәрбиесі жөнінен шоқтығы биік – имам Ғазалидың сөзі ойға оралады: «Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Оны кез келген пішінге салуға болады. Кішкене күнінде ешбір пішінге енбеген таза топырақ секілді. Таза топыраққа не ексең, өскенде соның жемісін көресің» [8]. Бұл ғибратты сөзді имани тәлім тұрғысынан да, дене тәрбиесі тұрғысынан да ұғынсақ болады. Демек, енді ғана жетіліп келе жатқан сәби физикалық жағдайына қарай мойынның қисаюы, рахит, гипотонус, гипертонус секілді мезгіл күттірмейтін халге душар болуы бек мүмкін. Міне, осы себепті де сәби денесіне алдын-алу шараларын жасаған абзал. Сондай-ақ, көпшілік аналар осы жастағы бөбектерінің түнгі уақытта тым көп мазасызданып, тоқтаусыз жылайтындарына шағымданады. Себеп әртүрлі, дегенмен көпшілігінде – іш түйнеуі (колики) және іш қатуы. Wessel зерттеуі бойынша, іш түйнеуі (колики) – сәбидің ас қорыту жүйесі әлі дұрыс қалыптаспағандығынан еш себепсіз ішектердің кенеттен шаншуы [9]. Әдетте, бұл кешкі уақытта басталып, үзіліссіз 3 сағатқа дейін созылады. Осы орайда, практикалық кеңес ұсынуды жөн көрдік:
- Ең алдымен, сабыр етіңіз! Раббыңыздан жеңілдік, шипа сұрап дұға етіңіз!
«Раббым, жеңілдет! Ауырлатпа! Раббым, соңын һайырлы ет!»
- Сәбиіңіздің ішін сағат тіліне ұқсас қимылдармен массаждай отыра, «Фатиха» сүресін 7 рет оқыңыз!
- Сәби жадында әлі де құрсақтағы халі сақталатындықтан, оған сол жағдайды жасап, тыныштандыруға тырысыңыз. Бөбегіңіз шарана суының дыбысына үйреніп алғандықтан, оның құлағына «түш-ш-ш» деген секілді дауыстап немесе ютуб желісінен «Белый шум» қойсаңыз болады. Ең дұрысы, Құран – шипа.
- Сәбидің аяқ-қолын құрсақта жатқандай бүгіп, отырып тұрыңыз. Тексерілген әдіс!
- Балаңыздың шаншу белгілерін азайту үшін, сонымен қатар дамуын жеделдету мақсатында фитбол добында жаттығулар жасаңыз. Мұндай жаттығулар арқылы бірнеше қабілеттерді қалыптастыруға болады: гипертонусты түсіретін бірден бір құрал, қанайналым жүйесін жақсартады, баланың тепе-теңдікті сақтай алу қабілетін нығайтады.
Келесі кезең – сәбидің 6 айына қараған уағы. Бала отыруға, еңбектеуге талпыныс жасай бастайды. Көптеген аналар бөбекті ерте жасынан арқасына жастық тіреп отырғызып жатады. Алайда, бұл буыны қатпаған балаға орасан зиян келтіруі мүмкін. Арқа, бел буындары әлі дамымаған баланы отырғызу – оның омыртқасына күш түсіп кетуіне қауіпті. «Шура» сүресінің 30-аятында Раббымыз: «Сендерге келген қиындық өз қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен» деп ашық ескертеді. Сондықтан «әттеген-ай» демес үшін Жаратушымыздың келесі аятына амал еткеніміз жөн: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» [10]. Бала дәрігерлерінің кеңесі бойынша, баланың отыруына және еңбектеуіне массаждау әдісі арқылы көмектесе аламыз. Аяқ-қолдарына баса назар аудара отырып жасалатын бұл амал – сәбиіңіздің «6 айлық» даму шыңын бағындыруына септігін тигізеді. Айта кетерлік тағы бір жайт, заманауи «итарба» (ходунок) жайлы. Жоғарыда айтқанымыздай, отыру қабілетін игермеген баланы итарбаға салу да зиян, сондықтан қолданбаған жөн. Ал, медицина дамымаған кезде де ақыл-парасатымен таңқалдырған ата-бабамыздың «ескі итарбасын» еске алайықшы. Бала өзі итеріп, жүре алу қабілетін меңгеретін құрал. Міне, осындай түрі сәби денсаулығына пайдалы.
3-ші және 4-ші кезең – баланың 9 айды толтырып, алғашқы «тәй-тәйына» қадам басқан шағы. Мамандар баланың жүріп кетуіне көмектесу үшін массаждау әдісін және ортопедиялық кілемшені ұсынады. Немесе тиімді тәсіл – жаздың күні баланы ауылдағыдай далаға жалаңаяқ қоя беру. Қазіргі физиолог ғалымдар адамдардың табанында өте күшті рефлексогенді нүктелер орналасқан дейді, яғни ол – сезімтал жүйке ұштары шоғырланған аймақ [11]. Ортопедиялық кілемше де баланың сезімтал нүктелерін оятып, майтабандылық, вальгус секілді дерттердің алдын алады.
Нейрогимнастикалық жаттығулар
Жоғарыда айтылған әдістердің барлығы балдырғанның бүтін болмысын, мүсінін қалыптастырып, түрлі ауытқулардың алдын алу үшін жасалатын шаралар еді. Енді баланың дыбыс шығару, анық сөйлеу және сезім мүшелерінің жақсы дамуына бағытталған жаттығуларға кезек берелік.
Бейтаныс тақырыпты оқып қорқып кетпеңіз! Есіңізге түсіріңізші, баршамыз әжеміздің алақанымызға жасаған «Қуыр, қуыр, қуырмашымен» өстік емес пе?! Міне, осы ойын – нағыз нейрогимнастикалық жаттығу! Әндете отырып алақан арқылы саусақтарды да қамтып, одан соң қолды нүктелі қимылдармен қолтыққа дейін жүріп өтетін бұл ойын баланың есту мүшесін дамытып қана қоймай, сезім мүшелерін іске қосып мидың екі бөлігінің де жұмысын жақсартады. Осы орайда, мидың құрылымына тоқтала кетейік. Аллаһ Тағала миды күрделі құрылыммен жаратқан. Ми әрқайсысының атқаратын қызметтері бар екі жарты шардан тұрады. Оң жақ ми қимыл-әрекетке, қоршаған әлемді қабылдауға, шығармашылық дамуға жауап береді. Ал сол жақ бөлігі математикалық қабілеттерге, сыни ойлау қабілетіне ие. Егер адам тек біржақты миды қолданар болса, миаралық байланыс күшін жояды. Зерттеулер көрсеткендей, миаралық байланыс 7 жасқа дейінгі балаларда жақсы қалыптасады [12]. Айталық, сиырдың дауысын «мө-ө-ө» деп салып, аттың шабысын тықылмен келтіру арқылы баланы қызықтыра отырып оның қайталауын сұрау оның миына шабуыл жасайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) балаға, ең алдымен, «Ләә иләһә иллә Аллаһ» деп айтып үйретуді тапсырған. Жаратқан Иесімен таныстырып қана қоймай, бұл сөз балаға артикуляциялық жаттығу болады. Аталмыш жаттығу – баланың сауатты, таза әрі ритмді сөйлеуіне ықпал етеді. Мұнымен қоса, әз Елшінің (ﷺ) сүннеті болған – күлімсіреу де баланың ауыз қуысындағы бұлшықеттерді нығайтып, тілі шығып келе жатқан сәбиге жаттығу болады.
Сондай-ақ, намаз оқығанда баланы Аллаға құлшылыққа баулуға әрі ми қабілеттерін дамыту үшін тәсбихты баланың қолына тартар болса нүктелі массаж іспеттес пайдасын тигізеді. Бұл арқылы баланың ұсақ моторика қабілетін де ашуға болады. Ұсақ моторика – бұл білек, алақан, саусақ, тіпті аяқ саусақтарының ұсақ бұлшықеттерінің қимылдарын үйлестіру қабілеті. Жалпы қозғалыс дағдылары – бұл қолдың, аяқтың және аяқтың үлкен бұлшықеттерінің қозғалыстарын үйлестіру, сонымен қатар бүкіл денені басқару қабілеті [13]. Бұл дағдыны баланың тамақты өзі жей алуы, жоғарыда айтылған фитбол добын алақанмен соққылау, қолды тікенекті доппен ойнату, сәбидің ойыншықтарды ұстауы, тіпті, баланың майда заттарды шұқылауы арқылы да дамытуға болады. Біздің күнделікті баламызбен ойнайтын ойындарымыздың өзі оның ұсақ моторикасын жеделдетуге бағытталған болуы мүмкін. Дегенмен, баланың дамуы әртүрлі жолмен жүретіндігін есте ұстаған жөн және әркім өз қарқынымен дамиды. Басқа балалармен салыстырғанда, сіздің кішкентай балаңыздың ұсақ және жалпы моторикасын дамыту мерзімінен бұрын немесе кешіктірілген болуы мүмкін және бұл қалыпты жағдай.
Қорыта келе айтарымыз, біз жоғарыда келтірген мәліметтер мен әдістер тек шектеулі ғана. Егере ізденер болсақ, заманауи әрі пайдалы көптеген жаттығуларды табуға болады, әрине, сәбиіміздің ерекшелігіне қарай. Балаларымызды салауатты өмір салтына баулу – саналы да мықты ұрпақ кепілі. Мамандардың айтуынша, 3 жасқа дейінгі бала барлық жағынан көп, тым көп назар аударуды қажет етеді. Себебі, дәл осы уақытта сәби бойында тұлға қалыптаса бастайды және оның іргетасы қаланады. Сондықтан, бұл жаста балалар тәуелсіз болып, өз бетімен айналыса алатындығына қарамастан, олармен көп уақыт өткізіп, дұрыс қарым-қатынас жасау өте маңызды. Бөбектер сол қалпында қалып қоймайды, дамиды, өседі, ер жетеді. Содан кейін біздің көмегімізге мұқтаж болмайды. Алайда, кішкентай кезінде мән берілмеген кейбір ауытқулары немесе ерекше қабілеттері оның болашақ тұлғасына зиян келтіруі мүмкін. Абайша айтсақ, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп сан соғып қалмас үшін қолымыздағы Алланың аманатына ақырын жүріп, анық баса, жауапкершілікпен қарауымыз ләзім. Сөз соңында баланы серуенге шығарғанда, жалпы кез келген жағдайда оқылатын дұғаны ұсынамыз.
«Уъизикумә би-кәлимәтил-ләһит-тәммәти мин кулли шәйтонин уә һәммәти, уә мин кулли ъайнин-ләммәһ»
Мағынасы: «Сендерді «бүкіл шайтаннан, әрі түрлі зиянкестерден және сұқ көзден сақтай гөр!» деп Аллаһтың кәміл сөздерімен сыйынамын!»
Аллаһым біздерге салиқалы, рухы да денсаулығы да күшті ұрпақты тәрбиелеуді жеңілдетіп қойсын!
Дана Талғатқызы
Пайдаланылған әдебиеттер
- https://kazmedic.org/archives/1689
- «Муминун» сүресі 78-аят
3.https://orken.info/advice_during_pregnancy/jcms/kk/%D0%B6%D0%B0%D1%82%D1%8B%D1%80%D0%B4%D0%B0
- https://old.sunna.kz/ru/post/view?id=138
- 5. Тирмизи
- http://arqas.kz/maqala/38
7.https://bmcudp.kz/kz/patients/prevention/hls-center-news/d-darumeni-turaly-kobirek-biliniz.html
9.https://ru.wikipedia.org/wiki/%
- «Нәхл» сүресі, 43-аят
12.https://detsad63.odinedu.ru/assets/img/detsad63
- https://www.pampers-gorodok.ru/toddler/development/article/melkaia-motorika