10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Өсім және қарыз мәселесі

Ислам дінінде әрқандай бір істі істеуге тыйым салынса, оның альтернатив үлгісі ретінде бірнеше рұқсат етілген жолы көрсетіледі. Мысалы, Исламда доңыз, жыртқыш аң және құстардың етін жеуге тыйым салынғанымен, есесіне төрт түлік малдың, су жануарларының, жыртқыш емес аң, құстардың және егіндік өнімдері сияқты көптеген қоректік күші бар нәрселерді жеуге кеңшілік берілген. Тура сол сияқты арақ ішуге тыйым салынғанымен, суды, шәйді, қымыз, шұбат және сүт сияқты сусындықтарды ішуге рұқсат етілген. Ал шариғатта өсім беруге де, өсімді алуға да тыйым салынғанымен, оның альтернативы ретінде зекет, садақа және қарыз беру сынды өзара бауырмалдықты арттыратын игілікті істер ұсынылған. Төменде өсімнің зияны мен қарыз берудің қайырлы іс екендігіне тоқталып көрелік.

Өсімнің зияны: Араб тіліндегі «риба» сөзі тілдікте,  арттыру, көбейту сынды мағыналарды білдіреді. Бұл қазақ тіліне «өсім» деген ұғыммен қалыптасқан. Имам Матуриди, Құрандағы: «Өсім жейтіндер (қиямет күні қабірлерінен) бейне бір шайтан ұрып жынданған адамдай түрегеледі. Бұл олардың: «Сауда-саттық тура өсім сияқты», – деп айтқандығынан. Әйтсе де, Алла сауда-саттықты адал, ал өсімді харам қылды» (Бақара сүресі, 275-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Өсім жеу – хақиқи мағынасында емес. Бәлки, өсімді алу немесе өсім беру мағынасында. Құранда: «Оларға өсім алуға тыйым салынды» (Ниса сүресі, 161-аят) делінген. Олардың: «Сауда-саттық тура өсім сияқты» деген сөзі ақыли тұрғыдан қиястың дұрыстығына дәлел. Әйтпегенде, олардың бұл сөздерінде бір мағына болмас еді. Бірақ, олар «Қияс» жолымен салыстырудың мәнін, істің себептік жағындағы ұқсастықты дұрыс түсінбеді. Өйткені олар: «Сауда-саттық өсім сияқты» деген сөзін былай дәлелдеді. Он дирһамға (күміс ақша) бір киімді сатып алып, сол киімді қайтадан он бір дирһамға сату дұрыс болса, он дирһам ақшаны (өсімге беріп) он бір дирһам қылып қайтарып алу неге дұрыс болмайды? – дейді. Немесе он диаһамның үстіне қосылған бір дирһам (мысалы: бір айға берілген) уақыт үшін алынды емес пе? дейді. Олар бұл сөздерімен өсімнің екі түрін де (Риба фадл және риба нәсийа) дұрысқа шығарғысы келеді. Алла Тағала: «Алла сауда-саттықты адал, ал өсімді харам қылды» деп, олардың өздерінше жасаған қиястары дұрыс еместігін айта келіп, өсімде екі жақтың бірінің зиян тартуы бар болса, сауда да әр екі жақ үшін пайдалы екендігін білдіреді. Міне, бұл сауда мен өсімнің айырмашылығының бірі. Енді біреулер: «Өсімде үстіне қосылған артық ақша ғана харам, арадағы келісім дұрыс», – деп қарайды. Ал бізде (Ханафилерде), келісімде үстемеленіп қосылған бір дирһам қалған он дирһамды да харам етеді. Өйткені, үстеме қосылған бір дирһам қалған он дирһаммен араласты. Немесе өсім болған бір дирһам өзге дирһамдардың пайдасы артуына септігін тигізеді немесе өзге дирһамдардың зиянға кетулерінде де өз рөлін атқарады. Сол себепті, имам Әбу Ханифа: «Мұсылмандар мен зиммилер (Мұсылман елінде бейбіт келісіммен өмір сүріп жатқан өзге дін өкілдері) өсім саудасын істеуі дұрыс емес», – деді»[1] деген.

Имам Матуриди, Ислам шариғатында өсімнің  екі түрі барын, ол екеуі де харам екенін айтады. Біріншісі: «Риба фадл», яғни, ақша немесе жынысы бір бидай сияқты заттарды қолма-қол айырбастау кезінде бірін екіншісінен артық қылу түрі. Екіншісі: «Риба насийа», яғни, қарызға берген ақшаны немесе бір затты белгілі бір уақыттан кейін қайтарып алған кезде өзі берген заттың түрінен бергенінен артық қылып қайтарып алуды білдіреді. Сол белгіленген уақытта қайтара алмай қалған жағдайда уақытты ұзартумен бірге үстіндегі үстемені де еселей түседі. Бұл жерде де адам иелігінде болмаған уақыт үшін ақы талап етіліп отыр. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Алтын алтынға, күміс күміске, бидай бидайға, арпа арпаға, құрма құрмаға және тұз тұзға тең болып, қолма-қол есеп айырбастау шартымен қалай сататындарың өз еріктеріңде»[2] деп, өсімнің аталмыш екі түрінен сақтандырады. Яғни, бір түрден болған затты айырбастаған кезде тең болуын және қолма-қол болуын ескертеді.

Көп жағдайда заттардың құны алтын, күміс (ақша) арқылы өлшенген. Сондықтан, алтынды-алтынға, күмісті-күсімке немесе алтын мен күмістің орнына жүретін ақша түрлерін бір-бірімен ауыстырғанда немесе қарыз беріп қайтарып алған кезде тең болуы шарт етіледі. Сол сияқты, адам баласының негізгі қорегі болған бидәй, арпа, тұз және құрма сынды тамақтарды да өз түрімен ауыстыру барысында яки сол заттарды қарыз беріп кейін сол түрден қайтарып алған кезде тең болуы шарт. Өйткені, алтын, күміс және аталмыш қоректік тағамдар адамдар арасында ауыс-күйісі көп болатын ең қажетті заттар. Тепе-теңдік сақталмаған жағдайда, адамдар арасында бай мен кедей парқының алшақтауы, құлдық жүйенің қалыптасуына әкеліп соғады. Сол себепті, Ислам діні қолында бар адамдардың мұқтаж жандарға өсім жолымен қарыз беруіне тыйым салады. Бұл адам баласы өсім арқылы дүние таба бастаса, оңай жолмен келетін ақшаға үйреніп қалады. Сөйтіп, өзара бауырмалдықты, көмек қолын созуды ұмыта бастайды. Ал дін адамдардың тең өмір сүруін басты орынға қояды.

Аталмыш қоректік тағамдардың түрі өзгерсе, яғни, біреуін басқа біреуіне ауыстырса немесе атап айтар болсақ, 1 кг ұнды 2 кг күрішке айырбастаса әр екі жақтың келісімі арқылы қолма-қол болу шартымен дұрыс. Бұл жағдайда «Тең болу» шарт емес. Өйткені, бір адам тағамның бір түріне қажеттілігі болғанымен екінші түріне қажеттілігі болмауы мүмкін. Бүгінгі капиталистік қоғамда жоғары оқу орындарына түсу, баспана және көлік сатып алу сынды адам баласы мұқтаж болған үлкен істермен қатар күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі ұсақ істерге дейін кредиттік (өсімқорлық) жүйе кеңінен жалпыласуда. Бұдан пайда тапқандарға қарағанда зиян тартқандардың саны көбірек. Өсім – жеке тұлғаға экономикалық тұрғыдан зиян тигізумен қатар, моральдық тұрғыдан да күйзеліске дұшар етеді. Сөйтіп, жеке тұлғалардан тұратын қоғам бүтіндігі бұзылады. Бір хадисте: «Бір елді мекенде өсім мен зина кең етек алса, олар өздеріне Алланың азабын адал еткендер»[3] делінген.

Көне грек ойшылы Аристотель рибаны дұрыс емес деп өзгелерді онымен айналыспауға, қабылдамауға шақырған. Оның айтуынша риба  ақшаның өзін пайда көзіне айналдырады, ал ол – ақшаның негізгі атқаратын қызметіне қайшы келетін нәрсе. Ақша тауар айырбасын жеңілдету үшін пайда болған деп ақшаның негізгі мақсатын сол ескі заманда белгілеп кеткен. Сондықтан, оның жеке өзін саудаға салып табыс көзіне айналдыруға болмайды.  «Ақша – тұл. Ақшадан ақша тумайды» деген әйгілі сөз Аристотельдің сол сөзіне негізделген.   Атақты грек ойшылы Платон да өзінің «Заңдар» атты еңбегінде «өсіммен қарыз беруге болмайды»,- деп өсімнің қандай мөлшерде болмасын, дұрыс емес екенін айтқан. Өйткені, рибамен айналысқан адам еш күш-қайрат жұмсамастан ақшаны негізгі табыс көзіне айналдырады. Бұл – табиғи кәсіпке жатпайды деп есептейді[4].

Ресми статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың сәуір айында Қазақстан тұрғындарының кредиттік қарызы 6,2 трлн теңгені құрапты. Өкініштісі, аталған көрсеткіш жыл емес, ай өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, бұл көрсеткіш 2019 жылдың наурыз айындағы жағдайдан 1,4 пайызға ұлғайған. Ал жыл басынан бері қарыз көлемі 2,8 пайызға артқан. Кредиттік қарызды Қазақстан халқына шақсақ, әрбір тұрғынның еншісіне тиетін қарыз көлемі 300 мың теңгені құрайды екен. Бұл өте қиын жағдай. Ал ең өкініштісі, ел тұрғындары кредиттің көп бөлігін (54,7 пайызын) тұтынушылық мақсатта алған. Жалпы қарыз көлемінің 25,6 пайызын ипотека, 11,8 пайызын кепілдік қойылған тұтынушылық кредит, 6,8 пайызын автокредит құрап отыр. Ал қаржы заңдылығына салсақ, тұрғындардың тұтынушылық мақсатқа кепілсіз кредит рәсімдеуі жақсылық емес. Бұл ел азаматтарының әлі де болса, қаржылық сауаттылық тұрғысынан ақсап отырғанын көрсетеді[5].

Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай, банктен несие алу — харам. Алайда ол қазіргі жағдайда банктен несие алмай өмір сүру мүмкін емес деген пікірде. Өмірлік қажеттілік адамдарды несие алуға мәжбүрлейді, олардың басқа шарасы жоқ. Өйткені өмір сүріп жатқан қоғамының тұрмысынан сырт болу мүмкін емес. Міне, осындай қиындықтар мен мұқтаждықтар діндар мұсылмандарға ислам шарттарына сәйкес өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Оларды бұлжытпай орындау үшін белгілі жағдайлар қажет. Ал жағдай жоқ болса, мың жерден «өсімге несие алуға болмайды» десең де, ешкім сөзіңе құлақ аспайды, – дейді. Сонымен қатар, қазір елімізде 9,6 миллион ересек адам болса, оның 7,3 миллионы екінші деңгейдегі банктерден несие алғандар. Міне, солардың 1,1 миллионы үш айдан астам уақыт бойы банктен алған қарызын төлемей алмай жүрген бейбақтар екен[6].

Демек, дінде мұқтаж жандарға өсімсіз қарыз берудің қоғамдық тәсілдерін қалыптастыра білу сауапты іс. Соның бір мысалы ретінде елімізде жұмыс істеп жатқан «Al Hilal» Ислам банкі» және «BestWay» корпоротивтік тұрғын үйі» сынды істерді айтуға болады. Алайда, бұл мекемелердің кейбірінің талап-шарттары көпшілік халықтың тыныс-тіршілігімен толық үндеспесе, кейбірі мемлекеттік мекемелер арқылы халыққа кепілдік пен сенімділік бере алмай отыр. Осы тұрғыдан бұл салаларда әлі де дамытылуы керек.

Қарыз берудің сауабы: Ислам діні адам баласының кәсіп етіп, тіршілік жасауы жолында да «Өзіңе қалағанды өзгеге де қаламайынша толық иман еткен болмайсың»[7] хадисіндегі идеал мұсылмандықты өмірлік ұстанымы етуін ұсынады. Сондай-ақ, тіршілік етудің өзі нан табудан, қаржылық қиындықты еңсеруден тұрады. Өмірде біреудің жұмысы оңға басып, айы оңынан туып жатса, енді біреудің тауы шағылып кедейліктің кебін шеше алмай жүретіні де жоқ емес. Осындай кезде Ислам діні қолында қаражаты бар, бай бағландардың кедейлерді сүйемелдеп, ақшалай қарыз беріп, қоғамда өз орнын табуына көмектесуге шақырады. Бұл түсінік қасиетті Құранда «قرض حسن» (қарыз хасан, яғни, әдемі қарыз, пайда күтпей Алла разылығы көзделген қарыз) деген сөзбен «Бақара» сүресі, 245-аят, «Мәйда» сүресі, 12-аят, «Хадид» псүресі, 11-аят мен 18-аят, «Тағабун» сүресі, 17-аят, «Муззаммил» сүресі, 20-аят және т.б. аяттарда, хадистерде кеңінен баян етіледі.

Қарыз беру – адамдар арасын жақындастырып, өзгеге жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелейтін сауабы мол іс. Жеке тұлға және қоғам үшін маңызы зор болған «قرض حسن» сауапты істің бүгінгі қоғамда өз әлеуетін көрсете алмауының көптеген себептері бар. Соның негізгілері ретінде, «قرض حسن» беру мәселесінің мәнінің халыққа жеткілікті деңгейде түсіндірілмеуі, адамдар арасындағы сенімділіктің жоғалуы және эгойстік көзқарастың басымдық алуы сынды жәйіттерді айтуға болады. Халық арасындағы «қарыз қатынас бұзады» деген мәтел де  осындай себептерден, яғни, қарыз алған адамдар қарызын уақытында қайтармауынан, соңының ұрысқа, жаңжалға апарып соғуынан айтылса керек. Негізі сауапты істің соңы ұрысқа, ат кекілін кесісуге апармауы тиіс. Алайда, қарыз мәселесінің, тіпті, ғибадаттардың да өзіндік орындалу шарттары бар. Міне, осы шарттарға көңіл бөлінбеген жағдайда соңы нәтижесіз болмақ. Енді, қарыз мәселесінде неге көңіл бөлу керектігіне қысқаша тоқталып көрелік.

Имам әл-Жассас, Құрандағы: «Кімде-кім (қарыздар кісі) қиын жағдайда болса, онда уақыт беріп күтіңдер» («Бақара» сүресінің 280-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Бұл аятта қарыздар адам мүмкіндігі бола тұра, қарызын уақытында қайтармаса, зұлымдық жасаушы болады. Оған алдындағы: «Ал егер тәубеге келіп (өсім алудан бас тартсаңдар), негізгі қаржыларың өздеріңдікі. Осылайша өзгелер де, өздерің де зұлымдыққа ұшырамайсыңдар» («Бақара» сүресінің 279-аят) деген аят дәлел. Яғни, қарызға берген ақшаның үстіндегі өсімі қарыз алушыға жасалған зұлымдық болса, алған қарыздың өзін уақытында толық қайтармау қарыз берушіге жасалған зұлымдық болады. Қарызды қайтару мүмкіндігі бола тұра уақытында қайтармаған кісіге, қамау (үш айға дейін делінеді) жазасы берілуі уәжіп екендігіне, ал басқа ұрып азаптау сияқты жаза қолданудың дұрыс еместігіне ғұламалардың ижмәғы бар. Сондай-ақ, біздің асхабымыз (Ханафи мәзһабы ғалымдары): «Оның қарызы бар екендігі қазының (соттың) құзырында дәлелденген жағдайда қамауға алынады» деген»[8] деген.

Имам әл-Жассастың, маңызды мынандай үш мәселені сөз етіп отыр деуге болады. Әуелгісі, мүмкіндігі бола тұра қарызды уақытында қайтармау. Бұл қарыз берушіге жасалған зұлымдық болады. Екіншісі, қарыздар адамды жарақаттап ұру, тіпті, қарызы үшін қарыздарды өлтіріп кететін жағдайлар да кездеседі. Мұның шариғатқа қайшы екендігін ескертіп, қазының құзырында дәлелденген жағдайда тек қамау жазасына рұқсат екендігін айтады. Үшіншісі, келесі аяттардағы: «Ей иман келтіргендер!  Егер бір-біріңе белгілі бір мерзімге дейін қарыз берсеңдер, оны жазыңдар. Бір хатшы сендердің араларыңда әділдікпен жазсын… Және (қарыз) кіші не үлкен болса да, оны мерзімімен қоса жазудан ерінбеңдер. Осылай ету – Алланың алдында әділдірек әрі куәлік тұрғысында туралыққа және күмәнданбауларыңа көбірек жақын…» («Бақара» сүресі, 282-аят) делінген нұсқаудың орындалуы дұрыстығы ұсынылады.

Ханафи мәзһабының ғалымдары, аяттағы келіс-шарт жазысу мен екі куәгердің болуын уәжіп деп міндеттемеген[9]. Әйткенмен, қазіргі таңда қатардағы бір мұсылман екінші біреуге сеніп қарыз беріп көмектесу былай тұрсын, жақын адамдардың өзі бір-біріне сене алмайтын хәлге жеттік. Мұсылмандар арасындағы бауырмалдық пен сенімділіктің қайта жанданып, беки түсуі үшін де келісім-шарт пен куәгердің болуын қарызға қатысты шарттарға жатқызуға болады. Бүгінде бұл шарттар нотариус сынды заңды орындар негізінде атқарылса, қарыз беруші де қарыз алушыға сеніммен қарап, көңілінде күдік болмайды. Әрі қарыз алған соң «Ой күте тұр», «мұсылман болып тұрып дүниеге құнығып кеттің бе?» деген сынды сөздермен қарызын уақытында бергісі келмейтіндер де аязаяды. Әр екеуі келісім-шартқа сай бір-бірінің құқықтарын сақтайды. Қандайда бір даулы жағдай жүз берсе, сот арқылы шешіледі, әр екі жақ зиян тартпайды. Міне, осы тұрғыдан әрбір қарыз беруші мен қарыз алушы арасында бұл шарттардың орындалғаны дұрыс.

Ал жақын туыс-туғандар арасындағы аз мөлшердегі қарыз мәселесінде бір-екі куәгердің болуымен, өзара қолхат жазысумен іске аса береді. Ал «Кімде-кім (қарыздар кісі) қиын жағдайда болса, онда уақыт беріп күтіңдер. Ал кешіріп, садақа етулерің өздерің үшін қайырлы» («Бақара» сүресінің 280-аят) деген аяттағы кеңшілік ісін қиындыққа жолыққан адамды кейбір кешіргісі келген адамдарға берілген ерік деп ұққан жөн. Алайда, қарыздар адамның қиындыққа жолығуы ақиқат болса да, қарыз берушінің сол адамға тағы да уақыт беруге немесе қарызын біржолата кешіруге міндетті емес, ал мүмкіндігі болып оны жасаса сауапты іс.

Айша (р.ғ.) жеткізген хадисте: Алла елшісі (с.ғ.с.) ағрабиден (сахралық адамнан) белгі уақытқа келісіп, бір түйе сатып алады. Әлгі ағраби келісілген уақытта келіп, түйесінің ақшасын сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бізде ақша болмай тұр, садақа келгенше уақыт бер», – дейді. Ағраби: «Жоқ», – дейді. Оған Омар (р.ғ.) реніш білдіре бастағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Оны еркіне қалдыр. Ақысын талап етуге құқығы бар» деген. Хадистің мәтінінен екі нәрсені аңғаруға болады. Біріншісі, қарызды өзі үшін емес, халық үшін алғанын көрсетеді. Себебі өзі садақа ешуақытта алмаған. Екіншісі, қарыздар адамның жағдайы жоқтығы қарызынан айықтыра алмайтынын ескертеді.

Кейбір ғалымдар, қарыз алушының қарызын уақытында қайтаруы үшін мынандай тәсілді ұсынады. Қарыз сұраған (А), ақшасы бар деп ойлаған кісіден (Б) 800.000 тг. беруі үшін өтініш жасайды. (Б) банктегі (есеп шотында) 1.000.000 тг. бар делік. А, Б-дан алған өтініш қағазын (чехін) алып банкке барады. Банк А-ға 800.000 тг. береді. Борыштың өтелу мерзімі бір жыл. Бұл мерзім аяқталған кезде екі түрлі жағдай болуы мүмкін. Біріншісі, А қарызын келісілген уақытында төлеп бітіреді, есеп аяқталады. Екіншісі, А қарызын келісілген уақыты біткенде төлеп бітіре алмайды. Мұндай жағдайда банк өзіндегі Б-ның 200.000 теңгесіне А-ның қарыз алған 800.000 тг. қосып есеп шотын толтырады да, ары қарай А-дан қарызды банк талап етеді, банктік системеге қарай айыппұл (штраф) салуы мүмкін немесе әуелде банк А-ға Б-ның 800.000 тг. беру барысында кепілдік (залог) алған болса соны ұстап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда Б ақшасын уақытылы қайтарып алады, зиян тартпайды. Ал қарызын келісілген уақытында қайтармаған А-мен мемлекеттік заң бойынша банк жұмыс істейді. Яғни, А мен Б арасындағы достық пен сенімділіктің жоғалмауына және қоғамда «قرض حسن» (қарыз хасан, яғни, әдемі қарыз, пайда күтпей Алла разылығы көзделген қарыз) ісінің жалғасын табуына да кері әсері болмайтынын айтады[10].

Демек, адам жеке басының қарекетімен ғана көздеген мақсатына жете алмайды. Адам өмірінің мәні – қауымдастық. Өзгелермен қарым-қатынас, жәрдем, көмектесу арқылы ғана мақсаттарын орындай алмақ. Адамның айуандардан айырмасы осында. Адам ғылым, білім – рухани жағынан да басқалармен қарым-қатынас жасауға мұқтаж болады. Егер бір адамға Лұқман хакімнің ақылы берілсе де, ол басқалармен қарым-қатынассыз жалғыз өзі ештеңе тындыра алмайды. Сол себепті адамдар бір-бірімен қатысуға, пікірлесуге, ортақтасуға, қандай ұлы болса да, өзін басқалардан зор санап, қауымнан оқшау ұстамауға тиіс[11]. Әрі дана халқымыздың, «Достығым берік болсын десең, есебің анық болсын» деген ұлағатты тұжырымын ескере отырып, жақсы көңілмен қарыз берсек де аяттарда көрсетілген «Өзара келісім-шарт жасасу», «куәгердің болуы» сияқты қарыз мәселесінің кейбір шарттарын орындаған жөн. Бұл келісім-шарттар қарыз беруші мен қарыз алушының өз жауапкершіліктерін сезініп, толық орындауларына түрткі болады. бұл қоғамда мұсылмандардың бір-біріне деген сыйластық пен сенімділіктің артуына, байлардың кедейлерге қарыз беру арқылы кәсіптеніп кетуіне, жастардың білім алуына түрткі болуы сияқты игілікті істің жалпыласуына ықпалын тигізбек.

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 

 

[1] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 2-том, 195-197 бб.

[2] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим, 1007 б.

[3] Зәкиуддин Абдулазим әл-Мунзири, Әт-Тарғиб уәт Тарһиб минәл хадисиш шәриф, «Дәру Ибн Хазм» баспасы, Байрут. – 2001. 370-бет.

[4] Mahmoud Arif Uahba, Nazariatul-faida fi fikril-iktisad // al-Muslim alMugasir, 2012. 97; Стамбакиев Н.Ж., Монотеистік діндердегі риба (өсім) мәселесі.

[5]https://kazislam.kz/ қарызды-қайтаруға-қам-жасаңыз/?lang=ru

[6] https://7kun.kz/imamdar-nesiege-kuna-retinde-qaramauy-kerek-dintanushy/

[7] Ән-Нәсайи, Иман, 5017-хадис.

[8] Имам әл-Жассас, Әхкамул-Құран, 1-том, 574-576 бб.

[9] Имам әл-Жассас, Әхкамул-Құран, 1-том, 588 б.

[10] Доктор, Ахмед Өздемір, Түкетім амачлы борчланмаларда ве ихтиячларын каршыланмасында файызсыз альтернатив чөзім өнерілері, Ислам хукуку араштырма дергісі, 32-сан, 2018. 25-45 бб.

[11] «Ғұмар Қараш шығармалары», II том ойтолғамдары, мақалалары/ Жантас Набиоллаұлы, Қазыбек Құттымұратұлы. Орал, 2018. 376 бет. 46 б.

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here