21 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

Ғаламатқа толы ғарыш

Құранда аспан әлемі, ғарыш туралы не делінген? Ендеше осы тақырып төңірегінде айтылған аяттар мен ғылыми ақпараттарға тоқталайық.

Құранда аспанда жарықтардың пайда болуы туралы айтылған. Астрономияда ғалымдар қазіргі таңда зерттей бастаған «интегралды кеңістік» деп аталатын бөлім бар. Егер біз кеңістіктегі кез келген нүктені алсақ, онда ол белгілі бір қашықтыққа ығысқанда оның массасы өзгеріссіз қалады. Себебі ғаламның әр нүктесі тепе-теңдікте, сондықтан оған әсер ететін қысым теңестірілген. Егер тепе-теңдік болмаса, ғалам қозғала бастайды, ал одан «жарықтар» пайда болады, бұл бөлінуге әкеледі. [1] Бұл жөнінде аятта былай делінген: «Сонда олар төбелеріндегі аспанға бір мәрте болса да зер салып қарамай ма?! Сөйтіп, Біздің оны қалай көтергенімізді және (жұлдыздармен) қалай безендіргенімізді һәм онда титтей де сызаттың (жарықтың) жоқ (екенін көріп, ғибрат алмай ма?!)» («Қаф» сүресі, 6-аят)

Құранда жұлдыздарға қатысты аят мол. Соның бірінде былай делінген: «Расында, Біз жерге ең жақын аспанды шам-шырақтармен безендірдік әрі олардың бір парасын шайтандарға атылатын оқ қылдық. Һәм сол шайтандар үшін алаулаған от дайындадық». («Мүлк» сүресі, 5-аят) Расында бізге жақын аспан денелерінің бірі бұлар – жұлдыздар. Жұлдыз (латынша stella немесе astrum) – салмағы ерекше ауыр, өзегіндегі термоядролық реакция арқылы айналасына тұрақты жарық шығаратын, плазмалық газ күйдегі аспан денесі. Жарқылдағанды жұлдыз дегенімізбен, жұлдыздар да үлкенді-кішілі, жарықты-жарықсыз, қозғалмалы-қозғалмайтын дегендей түрге тармақталады. [2] Олар сутегі (шамамен 3/4) және гелийдан тұрады (шамамен 1/4). Жасы ұзарған сайын гелий көбейіп, сутегі азаяды. Ал біздің галактикадағы жұлдыздардың саны 100 миллиардтан асады. Бірақ, бізден басқа жүздеген миллиард галактика барын ескерсек, жұлдаздардың санын дөп басып айту қиын. Киль атты жұлдыз ең ауыр жұлдыз саналады, оның массасы 150 Күнмен бірдей. Жалпы жұлдыздар бізден өте алыс қашықтықта орналасқан. Олардың Жерге ең жақыны – Проксима Центавра деп аталады. Заманауи ұшақ кемесімен оған 70000 жылда ғана жетуге болады. [3]

Құранға таң қалған ғалым

Алланың сөзін оқып, ой түйген ғалымдар аз емес. Соның бірі доктор Йошихиде Козай – Токио университетінің құрметті профессоры (Хонго ауданы, Токио, Жапония). Бұған дейін ол Митакадағы Ұлттық астрономиялық обсерваторияның директоры қызметін атқарған (Токио, Жапония). Ғалым қасиетті кітапқа қатысты былай дейді: «Мен Құраннан сенімді астрономиялық ақпаратты тапқан кезде таң қалдым. Өйткені, біз, қазіргі астрономдар, ғаламның өте аз бөлігін ғана зерттейміз. Оның үстіне біз күш-жігерімізді оның аз ғана бөлігін түсінуге жұмсадық. Шындығында, телескоптардың көмегімен біз аспанның жекелеген бөліктерін ғана көре аламыз және ғаламды біртұтас деп есептемейміз. Сондықтан Құранды оқып, сұрақтарыма жауап ала отырып, мен ғаламды зерттеуге негіз болар ақпаратты таба аламын деп ойлаймын». [4]

Келтірілген аят пен ғалымның сөзіне қарап, Құран мен ғылымның етене жақын екенін көреміз. Құран – Алланың сөзі. Ондағы аяттардың ғылыммен ұштасып жатқанын саналы адам жоққа шығара алмайды. Демек, Жаратушы мен оның діні – хақ. Олай болса, Алланың һәм Оның сөзінің растығына қалай күмән келтіруге болады?

Құдіреті шексіз Алла Тағала осынау аспан әлемін кім, қашан және қайда зерттейтінін білді. Анығында бар жаратылысты жасаушы Жаратқан Иеміз олардың сырын бәрімізден жақсырақ біледі. Өйткені Ол – Әл-Алим – Бәрін білуші, Терең білім иесі. Ол әр нәрсені толық біледі және де Ол білмейтін ешнәрсе жоқ. Алла Тағала – білушілердің білушісі. Алла Тағала ғайыпты да, көмескіні де біледі. Кім бұл есімді атап, зікір етіп жүрсе Алла Тағала оған білім мен даналықтың есіктерін ашады. [5] Бәрін біліп, қалағанын хикметімен орындаушы Раббымыз осынау ақиқат нұрына малынған маңызды аяттарымен бұл Исламның хақ дін екенін айтуда.

 

Ғарышқа ұшу үшін…

Ғарыш – сан ғасыр адамдар үшін қызық әрі жұмбақ болған аймақ. Әйтсе де адамзат баласы сол ғарышты бағындырды. Сан рет сынақ өткізу арқылы орбитаға жол ашты. Алайда ғарыш кемесі орбитаға оңайлықпен ұшып шыға алмайды. Ендеше оған дәлел бірер ғылыми деректерге назар аударайық.

Бастапқыда ауырлық күшінен басқа зымыранға ауа қарсылық күші де әсер етеді. Жер бетіне жақын жерде атмосфераның тығыздығы жеткілікті жоғары, сондықтан бұл аймақтан өту үшін көбірек отын шығыны қажет. Осы уақытта зымыранды ауа жеткілікті сирек болатын биіктікке жеткізуге болады, бірақ бұл ұшақ ұша алатын деңгей саналады. [6]

Жалпы Жер атмосферасы қалыңдығы шамамен 500 км-ді құрайтын 5 қабаттан тұрады: тропосфера, стратосфера, мезосфера, термосфера және экзосфера. [7] Зымыранға осы қабаттардан өтіп, ғарышқа жету үшін қанша уақыт жетеді деп ойлайсыз? Бір-екі сағат? Мүмкін жарты сағат? 118 км биіктікке жету үшін зымыран шамамен 500 секундта орбитаға шығуы керек, бұл 10 минутқа да жетпейді. Биіктігі 118 км (100 км) – аэронавтика мүлдем мүмкін болмайтын Карман сызығы деп аталады. Ал Карман сызығы – атмосфера қабаттарының ішіндегі мезосферадан кейінгі құрылым. Егер зымыран Карман сызығын еңсерген болса, ол ғарышта деген сөз.  Ал сондай кедергілердің бәрінен ұшып өту үшін жоғары жылдамдық керек. Жер шарының орбитасына шығу үшін 7,9 км/с (29 мың км/сағ) зымыран жылдамдығы қажет. Егер зымыран планетааралық саяхатқа ұшар болса, 11,2 км/с (40 мың км/сағ) оған жылдамдық керек. [6] Бұл – тым жоғары жылдамдық. Ал зымыран бұндай қарқында ұшу оған көп отын қажет. Сондықтан оның көлемі үлкен болады.

Ал біз мінетін ұшақ ғарышқа ұша ала ма? Бұл сұраққа келесі деректер жауап берсін. Ғарышта ауа болмағандықтан, көтергіш те, отынға арналған тотықтырғыш та жоқ. Әйтсе де бір ұшқыш бұл фактілерді елеп-ескермей орбитаға ұшам шығам десе де, бәрібір Жерден ұшып кете алмас еді. Мұның бәрі ауырлық күшіне байланысты. Сондықтан біздің планетамыздың гравитациялық әсерінен алыстау үшін Boeing 747 ұшағын максималды жылдамдығын 40 есе жылдамдату қажет болады. [7] Ғарыш бізден жүздеген шақырым биіктікте болса да, оған жету оңай емес екен.

 

Қызық мәлімет

Жер шарында жеті үлкен ғарыш аймағы бар. Бұған біздің «Байқоңыр», АҚШ-тағы «Канаверал» әуе күштері базасы, 14000 қызметкері бар «Кеннеди» ғарыш орталығы (NASA), Франциядағы «Куру» (Еуропалық ғарыш агенттігі), Қытай Халық Респубкасындағы «Цзюцюань», Жапониядағы «Танэгашима» ғарыш орталығы және «Одиссея» Халықаралық теңіздік ғарыш аймағы кіреді. Бұдан басқа 17 ғарыш аймағы бар. Олардың барлығы қазіргі уақытта жұмыс істейді.

Егер Ресейде ғарышқа ұшуға жеткілікті бірнеше ғарыш аймағы болса, неге ол ғарыш кемесін Байқоңырдан Қазақстанда ұшыруға мәжбүр? Өйткені Байқоңырда жеткілікті техника мен зымыран үшін ыңғайлы орын бар. Ал еуропадағы танымал ғарыш аймағының бірі – «Француздық Гвиана». [3] Бұдан байқайтынымыз тәуелсіз мемлекеттердің бәрін де жеке ғарыш аймағы жоқ. Ал ғарышты бағындыруды қалағандар ұзақ та күрделі зерттеу жасап, лайықты орын табуы шарт.

Алла «Мүлік» сүресінің 3-4-аяттарында Өзінің ең шебер суреткер һәм ең ұлы Хақ Жаратушы екенін баяндайды: «Сондай-ақ Ол жеті қат көкті бірінің үстіне бірін келтіріп асқан шеберлікпен жымдастырып, сондай үйлесімді етіп жаратты. Рахманның жаратуында ешқандай ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Көз тігіп қарашы: қандай да бір ақау көре аласың ба? Содан соң тағы да қайта-қайта көз жібер, ақырында жанарың (Алланың шексіз құдіретінің алдында) қор болған әрі (Оның жаратқанынан еш ақау таба алмай ұнжырғасы түсіп) талған күйде кері қайтады».

Ақиқатқа айналған арман

Тұңғыш ғарышқа ұшқан адам – Ю.А. Гагарин. Оның аспан әлеміне жасаған сапары жайында бірқатар кітап жазылып, өзі қалдырған естелік жазбалар көпшілікке жария етілді. Десек те, ғарышқа ұшу процесі кей адамдар үшін оңай жүзеге асқан іс боп көрінуі мүмкін. Гагарин аспанға саяхат жасамас бұрын оған дейін талай сынақтар жасалған. Олардың бірі сәтті болса, бірі қайғылы оқиғамен тынды. Алайда осынау жауапты жұмысты соңына дейін апармаққа бекінген мамандар күрделі болса да тәуекелге барды.  Бұл туралы Ю. А. Гагариннің өзі 1961 жылы 10 сәуірде отбасына арнаған «Гагариннің өсиеті» жазбасында айтады.  Ал ол тек 1991 жылы жарияланған. Хатта былай делінген: «Мен техникаға толық сенемін. Одан ақау тумауы керек. Бірақ кейде адам сәтсіздікке ұшырап, сан соғып қалады. Мұнда да сондай жағдай орын алуы мүмкін». [8]

Тұңғыш ғарышкер ғажайып сапарға Байқоңырдан аттанады. Байқоңыр ғарыш аймағы – Кеңес одағында (Қазақ КСР аумағында) 1955 жылғы 12 қаңтарда құрылған және 1957 жылғы 15 мамырда пайдалануға берілген әлемдегі алғашқы, сондай-ақ ең ірі ғарыш аймағы. [9] Гагаринді ұшыру барысында жүргізілген жұмыс дәл осы осы ғарыш аймағында рет-ретімен жазылып алынған. Жоспар бойынша ол 1961 жылы 12 сәуір сәрсенбі күні ұшуы керек. Ақыры көптен күткен бұл күн де жетті. 1961 жылы 12 сәуірде келді. Жергілікті уақыт бойынша 5.30-да ғарышкерлер оянды. 6.00-де Мемкомиссияның іске қосу алдындағы отырысы өтті (ескертулер болған жоқ). Төменде декреттік Мәскеу уақыты көрсетілген (жергілікті уақытпен айырмашылық — 2 сағат). Ю. А. Гагарин ұшу кезінде «Кедр» деп аталса,  «Заря» деп Жердегі мамандар айтылды.

Тұңғыш ғарышкер скафандырын киген кезде, көмекшілерінің бірі: «Егер қапыда бір нәрсе дұрыс болмай басқа елдің аумағына қонсаңыз, қайтесіз?  Сондықтан ғарышкердің азаматтығын көрсету керек», – деп қызыл бояу мен қылқалам тауып, Гагариннің шлеміне төрт әріп – «КСРО» деп жазып қояды.

8.50-де ғарышкерлер стартқа келді. Ұшуды бастаудан екі сағат бұрын Ю.А. Гагарин ғарыш кемесіне жайғасады. Жазылған сұхбат:

7.10. «Кедр»: Мені қалай естіп тұрсыз?

«Заря-1» (Каманин): Жақсы естіп тұрмын. Сіз ше?

«Кедр»: Маған да сіздің даусыңыз жақсы естіліп тұр.

Бәрі дәл осылай басталған еді. Әйтсе де әлі еш нәрсе бола қойған жоқ еді. Бәрі алда болатын. Бұл сапарға бірнеше уақыт дайындық кетті. Үміт пен үрейдің арасында тәуекелге бас тіккен мамандар бәрін мұқият жасауға тырысты. Дегенмен бәрі сәтті өтеді ешкім нақты айта алмады. Толқуға толы сол кездер жөнінде алғашқы КСРО ғарышкерлерінің ұйымдастырушы маманы болған Н. П. Каманин өз күнделігінде былай деп жазған: «4 сәуір. Ғарышқа ұшудың, әсіресе осы бірінші ұшудың сәтті болатынына «жүз пайыз» сенім жоқ және ол ешқашан болмайды.

5 сәуір. Көп адамның біреуінің басын өлімге тігу оңай емес. Сондай-ақ екі-үш адамның қайсысы әлемге әйгілі болуға және оның есімі адамзат тарихында мәңгі сақталуға лайықты екенін шешу де қиын.

Мұндай қорқынышты сөзден кейін әзіл деуге болар ма?»

Әрине, ғарыш сапарының бас жетекшісі болған С.П. Королев пен оның қарамағындағы мамандар Гагарин үшін қатты алаңдады. Дегенмен, ол ғарыштан аман-сау оралған. Демек оның ғарышқа ұшуын Алла қалады әрі ол Каманин қауіптенгендей өмірімен қош айтыспады. Осы жайтқа қатысты мына бір аят үзіндісіне назар аударайық: «Ешбір жан Алланың қалауынсыз, о бастан жазылып қойған ажалы жетпейінше өлмейді». («Әли Имран» сүресі, 145-аят) Кейін 1961 жылдың күзінде Гагарин осы кезге қатысты бір сөзінде былай деген: «Мен бұл адамдарға қандай да бір жолмен көмектескім келгені сондай оларды шаршатқан бар мазасыз ойды құртуды қаладым. Содан шешу сәтте зымыранның қозғалтқыштары іске қосылып, жерден көтеріле бастағанымда, бар уайымды сейілту үшін әдеттегідей даусыммен жай ғана: «Кеттік!» дегім келді». [8]

Зымыран 1961 жылы 12 сәуірде сағат 9.07-де әуеге көтерілді. Ал соның ішінде болған Гагариннің ғарыштағы сапары небәрі 108 минутқа созылды. Бірақ бұл сапар адамның ғарышта өмір сүріп, жұмыс жасай алатынын дәлелдеді.

Адамзат тарихында ең алғаш ғарышқа ұшқан жанның қысқаша оқиғасы осылай. Әйтсе де бұған дейін біраз сынақтар жасалып, зымырандар да ұшырылған. Бірақ олар кейбірі сәтсіз шықса, енді бірі жүзе асады. Мәселен ғарышқа Белка мен Стрелка секілді иттердің, тышқан мен маймылдың ұшырылғанын білеміз. Алайда ғарышта болған ең алғаш адам – Ю.А. Гагарин. Біз бұдан Алланың қалауынсыз еш нәрсе жүзеге аспайтынын көреміз. «Сондай-ақ оларға: «Егер Алла бастарыңды бәлеге қалдыруды қаласа немесе сендерді рақымына бөлегісі келсе, Одан сендерді кім қорғап қала алады, яки Оған кім бөгет бола алады?!» – де. Егер Алла оларды (пенделерін) назарынан мүлдем тыс қалдыратын болса, онда олар өздеріне Алладан басқа қамқор ие де, жәрдемші де таба алмайды». («Ахзаб» сүресі, 17-аят)

 

Жүзеге аспаған мақсат

Бірқатар атеист ғалымдар 1986 жылы 28 қаңтарда Жаратушының жоқтығын дәлелдеу үшін Challenger ғарыш кемесін жасайды. Осынау ғарыш кемесін жасауға көп ақша құйған NASA зерттеу үшін бірнеше жыл жұмсады. Аты айтып тұрғандай, Challenger зымыранының мақсаты Жаратушыны «ашық күреске» шақыру болды. Нәтижесінде, Challenger STS-51L ғарыш кемесі ұшудың 73-ші секундында сыртқы жанармай багының жарылуы салдарынан апатқа ұшырады. Ал экипаждың барлық 7 мүшесі қаза тапты. Апат АҚШ-тың орталық Флорида жағалауында Атлант мұхитының үстінде болды. [3] Осылай адамзаттың дәрменсіздігі Жаратушының алдында тағы да дәлелденді. Түсіне білген жанға кішкене құм түйірі де – Жаратушының құдіретінің айқын дәлелі. Алайда ақын Д.Руми айтқандай біз көп нәрсеге бей-жай қараймыз:

«Бір тамшыдан алып теңіз құралғанын білгендей,

Ойлансаңыз, бұл ғаламда күн күші бар көлемді.

Бірақ бізге сол рухани соқырлық шын мән бермей,

Толық айдың жарық нұрын көруге де кедергі».

Әрине, мұндай алып ғарыш кеңістігіне тек Алланың қалауымен ғана өтуге болады. Солай Жаратқан бізге асқан шеберлікпен жасаған құрлықтағы, мұхит пен аспандағы бар құдіретін көрсетуде. Бұл туралы «Фуссилат» сүресінің 53-аятында былай делінген: «Біз оларға жер-көктегі һәм өз болмыстарындағы (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) ап-айқын дәлелдерімізді ашып көрсетеміз. Сөйтіп, ақырында оларға Құранның бастан-аяқ ақиқат екендігі айқын көрінетін болады. Әсілі, Раббыңның бар нәрсеге куә болуы (һәм барлық нәрсенің Оны меңзейтіндігі ең үлкен дәлел ретінде) саған жетпей ме?!»

 

Ораз Елмұрат

 

Дереккөздер:

 

  1. http://www.islamisemya.com/lyubopytnye-fakty-iz-korana-ob-astronomii.html
  2. https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/56422/
  3. https://faktiler.kz/zhyldyzdar-turaly-kyzykty-malimetter/
  4. https://www.islamreligion.com
  5. https://muslim.kz/kz/page/allanyn_korkem_esimderi
  6. https://tjournal.ru/science/359389-slozhnosti-vyhoda-na-orbitu-osobennosti-traektoriy-i-analiz-podhodyashchih-dvigateley-bolshaya-statya-o-kosmose
  7. https://new-science.ru/kakovy-osnovnye-sloi-atmosfery-zemli/
  8. https://v-nayke.ru/?p=12933#:~:text=Скорость%20ракеты%207%2C9%20км%2Fс%20(29,отправить%20корабль%20в%20межпланетное%20путешествие
  9. https://zen.yandex.ru/media/different_angle/chto-esli-poletet-v-kosmos-na-samolete-5ce02d003f91de00b373fc4e
  10. https://novayagazeta.ru/articles/2021/04/11/podlinnaia-istoriia-poleta-gagarina
  11. SPACE FLIGHT 2007 — The Year in Review. Other Countries Space Activities. NASA
Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here