34 C
Almaty
Сәрсенбі, Маусым 29, 2022
Сәрсенбі, Маусым 29, 2022

Қазан төңкерісінен кейін Шығыс мұсылмандарының жағдайы туралы

Қазан төңкерісінен кейін билікке келген Ресей (большевиктік) коммунистік партиясы империя кезінде орнаған ескі жүйені түбірімен жойып, жаңа мемлекеттік құрылыс орнату мақсаты қоғамның барлық салаларында түбірлі өзгерістерді қажет етті. Бұл қоғамның рухани өмірі, оның ішінде дін саласына да қатысты болды.

Уақытша үкімет билігі кезіңінде дін саласында жоспарланған бірқатар реформаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешуге тиісті болған Құрылтай жиналысы таратылды. Мемлекет пен діннің өзара қатынастар үлгісі жөнінде большевиктік биліктің өз көзқарасы болды. Биліктің алғашқы жылдарында қабылданған жер туралы, неке бұзу, діннің мемлекеттен бөлінуі туралы декреттерінен көрініс тапты. Алайда, Ленин «мұсылман еңбекшілерінің сеніміне ие болу» және жалпы Шығыс мәселесіне келгенде абай болу қажеттігі туралы атап айтты. Соған байланысты Шығыс мұсылмандарының, тұрмыстық, мәдени-психологиялық ерекшеліктерін ескеруді талап етті. 1920 ж. Кавказ майданы революциялық әскери кеңесінің басқарушысы Г. Орджоникидзеге құпия жеделхатта В.Ленин мұсылмандарға қатысты әрекеттерде сақтық танытып, барынша оң ниет таныту қажеттігін айтып, мүмкіндігінше және салтанатты түрде мұсылмандарға, олардың автономиясына, тәуелсіздігіне және басқасына барынша жағымды қатынас көрсету қажеттігін атап өтті [1,с. 190]. Кеңес билігін орнату үшін Түркістанға жіберілген М. Фрунзе шығыс тілдерін біліп, Құранмен таныс болды, және оның жүзеге асырған алғашқы шараларының бірі – жұма күнін демалыс күні деп жариялау болды [2,с. 89].

Большевиктердің көшбасшысы В. Ленин мұсылман мәселесіне, оның ішінде ислам тараған ұлттық шет аймақтарындағы халық санына 1917 жылдың қазанына дейін көңіл бөлген. ХХ ғасырдың басында халықты ұлттық емес, діни белгісі бойынша жүргізілген халық санағының нәтижесіне сәйкес мұсылман халықтарының саны 30 млн. адам деп есептелді. Мұсылман қоғам қайраткері М. Исхаков орыс қоғамдастығына шығыс халықтарын «империяның кең байтақ даласына таралған мұсылмандар өзіндік ойлау және сезім білдіру тәсілі тән ұлттық-мәдени мінез ерекшеліктерін сақтап, әрдайым өздеріне берік болып келеді» деп сипаттап таныстырған болатын [3,с. 93].

Революцияға дейін бльшевизм идеясының мұсылмандар арасында кеіцнен таралмауы РК(Б)П-ның Шығыс саясатын жүзеге асыруында қиындықтар туғызды. 1917 жылға дейін шығыс аймақтарында еңбекші табы саны жағынан аз болғандықтан немесе мүлдем болмағандықтан партияның ықпалы әлсіз болды. Мұсылман большевиктердің қатары да көп болмады. 1917 ж. қазанына дейін партия құрамына мүше болғандардың ішінде Нариман Нариманов, Мешади Азизбеков, Магомед Далгат, Юсуф Шамсутдинов, Гайдар Бамматов, Мир-Саид Султан-Галиев және т.б. болды [4].

Кеңес өкіметіне бағыныштылық танытқан дін басылары жер-су, т.б. реформаларды жақтап, «бата беріп» фәтуа шығарып жатты. Әйелдерге біршама жұмсақтық танытылып, 1919 жылдың өзінде Мұхлиниса Бүбі есімді мұсылман әйел КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Сібір мұсылмандарының Діни басқармасы басшылығының құрамына сайланған болатын, сөйтіп, ол жиырма жылдан астам уақыт бойына діни мәселелерді талқылау ісіне қатысып жүрді. Өзара ымыраға келу саясаты тұрғысынан, Бұхара және Хорезм республикаларының 1922 жылғы Конституцияларында ар-ождан бостандығы жария етілгенімен, дінді мемлекеттен бөлу туралы ешқандай сөз болмағаны әбден түсінікті. 1924 жылдың 28-30 қаңтарында Бұхарада өткен жоғары дін басыларының Екінші Құрылтайында коммунистердің қысым көрсетуімен басмашылар «халық жаулары» деп жарияланды [5,б. 8].

Осыған байланысты большевиктік билік, бір жағынан, мұсылман әлемінде діни үстемдік еткен Түркияның қолдауына ие болып, екінші жағынан Түркияны жақтаған ел мұсылмандарын өз жағына тартуға тырысты. Түркияның мұсылман әлемінде үстемдік етуіне қатысты зерттеуші Г. Мухтарова «1517 жылы Осман империясы Египетті жаулап алғаннан кейін соңғы халиф Стамбұлға жіберілді. Каирде түрік пашасы I Селимге Пайғамбар плащ, ту, Меккедегі Қағба ғибадатханасының кілті сияқты билік атрибуттары табысталды»,– деп жазып, «1920-шы жылдары Түркияда мемлекет пен діннің өзіндік өзара қатынас үлгісі қалыптаса бастады. 1924 жылы Түрік республикасының бірінші президенті М. Кемаль секуляризацияны жүзеге асырды. Ол халифат институтын жойып, зайырлы мемлекетті жариялады. Құранның орынынна заңнамалық жүйені енгізді. Ислам сот ісі мен мұсылмандық білім беруге тиым салып, араб алфавитін латынға ауыстырды. Тіпті, фески деп аталтын түріктің ұлтық бас киімінен бас тартты. Нәтижесінде елде үнсіз қарсыласу пайда болды. (1938 жылы М.Кемаль өлімінен кейін реформалар тоқтатылды)», – деп атап өтеді. Большевиктердің жоғарыда аталған әрекеті нәтижесінде Түркиямен, Ауғанстанмен, Иракпен достық қатынас туралы келісімге қол қойылды [3,с. 97].

Түркістанда діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі қағидасы жергілікті халық арасында объективті себептерге байланысты жүзеге асырыла алмады. Ислам бұрынғыша азаматтық-құқықытық қатынастарды реттеді. Қазы және билер сотын жою туралы шешімдерге халық немқұрайлықпен қарады. Жаңа заң құжаттары жергілікті халық тілдеріне аударылмай, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімдері қызметкерлерінің жергілікті халықпен жұмыс істеу тәжірибелері болмады. Сонымен бірге қызметкерлер ер адамдар болғандықтан әйелдер олармен қарым-қатынас жасай алмады. 1919 ж. Закаспий облысының азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі 431 акті тіркеген. Оның ішінде 211-і неке және 21-і ажырасу актілері болды. Яғни, шариғат пен адат құқықтың негізі ретінде күшін жойған жоқ. Осыған байланысты Орта Азияда исламға қатысты жеңілдіктер жасалды. 1922 ж. 18 мамырдағы РК(б)П ОК-нің «Түркістан-Бұхара істері жөнінде» атты қаулысына сәйкес діни мекемелер – мешіт пен медреселерге вакуфтық жерлер қайтарылып, қазылар мен билер соты қалпына келтірілді. Түркістанның АХК қарамағында Бас факуфтық басқарма құрылды. Бұхара және Хорезм кеңес халық республикаларының конституцияларында ар-ождан бостандығы жарияланды, бірақ діннің мемлекеттен бөлінуі туралы жазылмады [6,с. 152-153].

Кеңес өкіметінің ислам дініне және мұсылмандардың түпкілікті мүдделеріне деген дұшпандық пиғылдары бүкілресейлік мұсылмандар қозғалысын ресми түрде басып тастау, Қоқан Автономиясын асқан қатыгездікпен талқандап, күйрету, революцияны Бұхара, Хиуа жеріне экспорттау, т.б. оқиғалар кезінде байқалған. Көптеген ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан діни бастауларға қарсы күрес оңай болмайтындығы мойындалды. Осыдан барып қайшылықтар, бұлтару, алдау туындады. Дінге қарсы күресті жанама түрде жүргізу, оның негізін жаңа дүниетанымдық көзқарастарды кеңінен тарату арқылы біртіндеп әлсірету қажет деп саналды. Коммунистердің тактикасы уақытты оздыра отырып, асықпастан іс-әрекет жасауға бағытталған еді, бұл саясаттың әсіресе мұсылмандар мекендейтін аймақтарға қатысы болды. Шығыстың консервативтік күйі, діннің ұлттық әдет-ғұрыппен бірге тұтасып кетуі, сонымен қатар, «мұсылмандардың арасында христиан миссионерлерінің ұзақ жылдар бойына жұмыс жүргізгендігін еске ала отырып, олармен біздің насихатшыларымызды шатастырып алуға сылтау табылуынан сақ болу керек» деген жәйт те алға тартылды. Большевиктер мұсылмандық қозғалыстан сескеніп, алғашқы кезде ислам дінімен тікелей күресуге күш салмай, ең алдымен түркі-мұсылман халықтарының араларына жік түсіре отырып, олардың ауыз бірліктерінің шырқын бұзуға тырысты. Этникалық ерекшеліктерге көңіл бөлу, ұлттық сезімдерді қолдау іс жүзінде дінге қарсы қолданылатын өте белсенді саясат болды [5,б. 6].

Коммунизм мен мұсылмандық Шығысты практикада үйлестіруге тырысып, орталықтың ұлт аймақтарына қатысты саясатын ұлы державалық және шовинистік деп сынаған М. Сұлтан-Ғалиевтың әрекеттері оның барлық лауазымдардан шеттетіліп, 1923 ж. қамауға алынуымен аяқталғаны белгілі. Мемлекет барлық діни бірлестіктерге қатысты, оларды конфессияларға бөлмей, ұлттық аумақ ерекшеліктерін ескермей, қатал секуляризация саясатын ұстанды [7,с.130-131]. Дінге қарсы жалпы қастандық әрекеттер, қызыл гвардияшылардың шектен шыққан жүгенсіздіктері, бұзақылығы бекітіліп, рұқсат етілмегеніне қарамастан, діни қызметшілерді тұтқындау, өлтіру, монастырьлар мен шіркеулерді талан-таражға салып, тонау сияқты адамның жаны түршігерліктей зұлымдық әрекеттер барлық жерлерде жүріп жатты. Дін басылары (ең алдымен христиан дініндегілер) «құдайсыз өкіметтен» қорыққандықтан, белгілі дәрежеде революцияға қарсы күштерге қолдау көрсетуі, идеологиялық қарсы тұру әрекеттерінің күшейіп, үдей түсуіне себепкер болды [5,б. 6].

Кеңес өкіметі мұсылмандарына қатысты саясатта 1920-шы жж. басынан мұсылмандардың діни сезімдеріне көңіл аударуы дінге қарсы жауыққан саясатпен қайшылыққа келгені байқалды. Революция және азамат соғысы жылдары институттардың мұсылмандық сипатын анықтайтын (мұсылман комитеттері, мұсылман съездері, мұсылман әскері бөлімшелері) терминдер бірте-бірте ресми тілден шығарылып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс ісінде халықтардың (конфессиялық емес) этникалық еркіндігі қағидасына баса мән берілді. Бірақ Таяу Шығыстағы одақтастарға кеңес өкіметінің мұсылмандардың құқықтары мен мүддесі қорғаушы саясатын көрсететін ескі жүйе сақталып, жаңа жалпыодақтық және республикалық конституцияларда бекітіліп отырды. Мысал ретінде Грузия құрамындағы Аджар АКСР-ын алуға болады. Ол этноаумақтық емес, конфессиялық негізде, яғни Ислам дінін ұстанатын грузиндер үшін құрылған жалғыз автономия болды [8,с. 110].

Кеңес өкіметі насихаттаған «халықтар достығы», «адамдардың жаңа қоғамдастығы – кеңес халқын» құру, қоғамның «моральдық-саяси бірлігі» сияқты ұрандары сөз жүзінде қалып, іс жүзінде халықтардың жақындасып, достық қатынас орнауына барынша кедергі келтірді, діні мен мәдениеті жақын халықтарды қолдан шиеленістірі, іріткі салуға тырысты. Мысалы, 1918 жылы декларативті түрде еділ татарлары мен башқұрттарын біріктерген «Татбашреспубликасы» құрылып, кейін ол ұлттық (этникалық) белгісіне қарай бөлініп, 1919 жылы Башқұрт, ал 1920 жылы – Татар АКСР болып бөлінді. Шекараны бекіту барысында бұрыннан татар халқы мекендеген кең аумақтар башқұрттарға берілді (сонымен қатар башқұрт жайылымдары мен башқұрт отырықшы мәдениетінің дәстүрлі аймақтары башқұрттарға ешбір автономия бермейтін Орынбор, Курган жәна басқа да орал облыстарына қосылды). Сөйтіп халықпен санаспай, ерікті түрде татар халқының көп бөлігін Башқұртстанның құрамына қосу және башқұрт халқының «өз» республика аумағында азшылықты құрауы аймақта ұлтаралық шиеленісті тудырды.

1920-жж. жарияланған «жергіліктендіру» саясатының қағидалары мен «ұлттық» республикаларда этникалық басымдықтарға сәйкес Башқұртстандағы татар азшылығы қысым жағдайында қалды. Олардың этникалық тұрғыдан ассимиляциялануы көзделді (көп жағдайда татарларды башқұрт деп «жазылуға» күштеп көндірді); татар халқы наразылық танытып, башқұрт мәдениетін жатсынып, Татарстан татар халқы бар Башқұртстан аумағының бір бөлігін өзіне алғысы келіп, бұл татар-башқұрт шиеленіісн күшейтті. Ерте орта ғасыр кезеңінен аймақтағы сунниттік исламның тірегі болған ислам мәдениетінің тұтастығына кері ықпалын тигізді. Башқұрттардың көп бөлігі (башқұрт интеллигенциясымен қоса) «татар діні» деп исламнан бөлініп шықты. Кейін Ресейдің еуропалық бөлігі және Сібір мұсылмандарының діни басқармасының негізгі тірегі болған «адал мұсылмандар» қатарында қалып, білімді дін басылар ортасынан шыққан татарлар мен башқұрттар да өзара келісе алмады [8,с. 112-113].

Қорыта айтқанда, бұрынғы Ресей империясының бірқатар аумағын мекендеген мұсылман халықтарының саны жағынан, әлеуметтік-мәдени, саяси тұрғыдан үлкен әлеуетке ие болғандықтан большевиктер үкіметі олармен санаспай отыра алмады. Шығыс аймақтары, оның ішінде, дәстүрлі және жаңашыл идеялар өзара әрекеттесіп, саяси козғалыстар орын алған Түркістан мен Дала аймағы ерекше назарда болды. Мұсылмандардың саяси мүдделерімен санаспай, оларға қарсы шабуыл бастау жаңа орнаған биліктің өміршеңдігіне қаіпті болды. Сондықтан алғашқыда жаңадан құрылған кеңес өкіметі «Шығыстың қаналған халықтарының қорғаушысы» болып, мұсылмандар мүддесінен шығатын бірқатар саяси шаралар ұйымдастырды. «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» қабылдап, «Ресей мен Шығыстың барша мұсылмандарына үндеуін» жариялады. Мұсылмандарға қатысты империялық саясатты сынға алып, мұсылмандарға еркіндік пен бостандықты уәде етті. Демократиялық мазмұны бар құжаттар большевиктердің ұлттық шет аймақтарындағы мұсылман халықтарының қолдауына ие болуға жәрдемдесті. Кеңес билігі ұлттық шет аймақтарда большевизм идеясын кеңінен тарату үшін мұсылман дін басыларының көмегін пайдаланды. Әсіресе дәстүрлі ислам кең тараған аймақтардың мұсылман халқының қолдауын қамтамасыз ету мақсатында коммунизм мен шариғаттың ұқсастығы туралы идея насихатталды. Мұсылман дін басылары тарапынан «Кеңес билігі үшін, Шариғат үшін !» деген ұрандар айтылды. Бірақ, кеңес билігінің алғашқы жылдарында ұлттық шет аймақтырының мұсылмандарына қатысты ниеттілік сипаттағы саясат дінге қарсы ашық шабуыл мен жазалау шараларына ұласты.

 

Темур Аманқұл – Дінтану ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы.

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

  1. Ланда Р. Ислам в истории России. – М.: Восточная литература, 1995. –

321с.

  1. Неизвестное и забытое. Публицистика, мемуары, документы, письма (М.

В. Фрунзе). М.: Наука, 1991. – 312 с.

  1. Мухтарова Г. Д. Ислам в советском Казахстане (1917-1991 годы): дисс. …

канд. ист. наук. – Уральск, 2007. – 281 с.

  1. Абдулатипов Р.Г. Судьбы ислама в России: история и перспективы. – М.:

Мысль, 2002. – 317с.

  1. Нұртазина Н.Д. Исламға қарсы шабуыл. Кеңес өкіметінің Қазақстанда

жүргізген саясаты (ХХ ғасырдың). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. –

36 б.

  1. Саидбаев Т.С. Ислам и общество. – М.: 1984 – 303 с.
  2. Юнусова А.Б. Ислам в Башкортостане. – Уфа,1999. – 352 с.
  3. Каппелер А., Червонная С. Мусульманские народы России: историческое

введение – М., 2001. – 118 с.

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here