6 C
Almaty
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023
Сәрсенбі, Қараша 29, 2023

Қыз бен жігіттің кездесу этикасы

Қоғамның  өркендеп, ата дәстүрдің қайта жаңғыруына үлес қосатын бірден – бір фактор, ол – ата дініміздің жібінен мықтап ұстану болмақ. Өміршең сана- сезімі, ұлттық құндылықтарының  қайнар бұлағы асыл дінімізден бастау алған қазақтың әдеп-ғұрпында  өзіндік этникалық принциптері қалыптасқан. Ендеше, бүгінгі қозғалатын өзекті тақырыптың бірі, ұлттық менталитетіміздің шеңберінде екі жастың  «кездесу һәм танысу» шегаралары. Ең әуелі, қыздың абыройы мен ердің намысына, одан қала берді бүкіл қоғамның пайдасына шешілген осынау имани құндылығымыз бұл тұста да ескерілмей қоймады. Осы тұрғыда, екі жастың кездесу нормасын ардақты Алла Елшісі (с.а.у.) былайша баяндайды: «Ер кісі мен әйел оңаша қалмасын. Өйткені, олардың үшіншісі шайтан болады». [1] Отау құру мақсатында кездескен екі жастың арасында үшінші біреудің болуы шарт. Мысалы, қыздың жанында өзінің бір жақын туған- туысы, ата-анасы болуы керек. Үйлену ниетіндегі жігіт қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат. Ортада неке болмағасын, қыздың әуреті жабық  болуы әрі денесіне ер адамды елітетін хош иіс әтір себілмеуі  міндет етілді. Киім әдебінің маңызы сонда, логикалық теориямен айтсақ, қарапайым, жабық киім ер мен әйелдің арасындағы азғындықты азайтып, қоғамның рухани тазалығын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, әйелдің ар тазалығын сақтайды. Еркектердің әйелдер қауымына құрметпен қарауларына септігін тигізеді.

«Қазіргі  уақытта қалыпты жағдайға айналған «кездесулер» сол сезімге бір алдамшы нәрсемен келумен бастау алады, қате көзқараспен амалдайды. Махаббат орнымен болса, орынды болады. Шегарасыз, әдепсіз болса, ол махаббат емес. Дін бойынша айтсақ, ер мен әйел некесіз, тіпті қол ұстаса да алмайды. Дәстүрімізде де солай болған еді. Оның үлкен пайдасы бар. Неге десеңіз, қазіргі жас отбасында, сезімдері тез өшіп қалып жатады. Қазекең, бекер айтпаған. «Қызды жеңге бұзады, жеңгені теңге бұзады» деп. Қызға бұрын жігіт жеңгесі арқылы баратын. Ортаға адам салып алатын. Қазір оңаша кездесе береді, содан кейін ортада артық сөздер де кетіп қалып жатады. Ал, енді ортада біреу болғасын, артық сөз айта алмай, іште не деген ыстық дүниелер жинала береді. Бірақ шығара алмайды. Ал, ертең отбасы болған соң, сол ыстық өмірінің аяғына дейін таусылмайды. Адамдар елу жылдап, алпыс жылдап отау құрғандығы содан. Ал, қазір жастар ыстығының барлығын аузымен айтып, ісімен көрсете алмай өшіріп қойғаннан кейін, ертең отбасын құрғанда жоқ нәрсе қайдан шықсын?! Сол үшін, кездесуде де әдеп бар. Ортасында үшінші бір адам болуы керек. Жеке кездесу болмайды.

(ҚМДБ ұстазы, РАНТ мүшесі, А. Қуанышбаев уағызынан )

Шындығында, «заманауи» интеллигентті Европаның салтына жатқызатын жастарымыз  «дініміз бен салтымызда романтика, махаббатқа орын жоқ» деп ойлайды ма?!  Тазалық пен шынайылыққа тұнып тұрған нағыз романтиканың көкесі осы бізде, мұсылмандардың махаббатында. Тіпті, аузы дуалы ақсақалдарымыз қазақтың құты мен құрметіне айналған қасиетті дұға үлгісі- батасын бергенде, жас отауға: «Алла Тағала екеуіңе, Адам ата мен Хауа анадай, Жүсіп пен Злихадай, Мұхаммед пен Хадишадай махаббат берсін»,- деп киелі ақ батасына үлгі ретінде қосуы, осы салихалы жұптар нағыз ғашықтар жырының дастанына айналған тарихи тұлғалар екендігін білдіреді. «Қызға қырық үйден тиым, қала берді қара күңнен тиым», дейтін тағлымды санасына сіңіріп, салтына сақтаған бабаларымыз, бойжеткеннің абыройы мен тағдырына жеңіл қарамады. Балиғатқа толған қыз баласын ұзатуға асықты. Бірақ қазіргі замандағыдай қызды өз бетімен жіберген емес. Екі жастың танысу барысында, ортаға адам салып, оңаша кездестірмеуі, жақсы көргеніңнен алу, жақсы көрмесең ешкім де мәжбүрлей алмауы, деген сияқты мәселелерді ата салтымыз да, ата дініміз де аттап өтпеді. Қайта керсінше, орынды қатаң талаптар арқылы қыз баланың құқығы мен абыройы етене  қорғалды.

 

«Сәлемдесу»

Қазіргі уақытта бөгде әйел мен ердің арасында еркін қарым-қатынастың нышаны «қол алысу», «қол ұстасу» әдеті өзінше бір заманауи этикаға айналып кетті. Шариғатымызда  некесіз бөтен ер мен әйелдің қол ұстасуына тиым салынды. Өйткені, ол дінімізде үлкен күнәлардың санатына жататын- зинаға алып баратын бастама ретінде саналады. Ол жөнінде  хадисте былайша ескертіледі: «Сіздердің біреулеріңіз бөгде, өзіне халал болмаған әйелдің қолын ұстағаннан, басына темір инені қадағаны жақсырақ» [2] Өзге бір риуаятта, Алла елшісінің (с.а.у) жұбайы Айша анамыздан (р.а) жеткен хабар бойынша  былай баян етіледі: «Аллаға серт! Пайғамбарымыз (с.а.у) бірде- бір бөгде әйелдің қолын ұстаған емес». [3]  Ал, енді бөгде әйел мен ер кісінің бір- біріне дауыс шығарып сәлемдесу тұрғысында, әйел адамның дауысы әурет пе, жоқ па, соған байланысты ғұламалардың пікірі әр түрлі. Десек те, әйелдің даусы әурет болғандықтан, мейлінше көп мәміле жасай бермегені абзал. Осыған байланысты, кейде мынадай сұрақ туындайды: «Жұрттың бәрі шариғат заңын біле бермейді. Егер көршің жақсы араласып, құрмет көрсетіп, көрген сайын амандасып жатса не істейміз?» Егерде бөтен ер кісі бөгде әйелге сәлем берсе, әйел оған дауысын шығармай-ақ, басын изеп, іштей жауап беруіне болады, – деп айтады білім иелері. Діні діңгегі болған ата- бабамыз да қыз бен жігіттің сәлемдесу этикасына  аса мән берген. Бөгде әйелдің бетінен сүйіп амандасу былай тұрып, некесіз қол алыспаған тіпті. Келіндері қайын аға, інілерімен қазіргідей секіріп билемек түгілі, алыстан иіліп сәлем салуының өзі осы тиымнан туындаса керек. Мәселен, тағы бір ибалы дәстүрдің бірі, қазақта «қолұстатар» дейтін үрдіс бар. Екі жастың ақ некесі қиылған соң, кезінде жігіт пен қалыңдықты кездестірген жеңгесі қыздың қолына жібек орамал жабады. Содан соң ғана жігіт қалыңдығының қолынан ұстау құқығына ие болады. Жігіт қыздың қолын ұстатқан үшін, қыздың жеңгесіне сый-кәдесін ұсынады. Екі жастың қол ұстасуына жәдігер болған жібек орамалды көздерінің қарашығындай сақтап қояды. Қазақтың иманы мен ибалылығының дәрежесін осы көріністен ақ ұғынуға болады. Осы салт туралы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың бір айтқаны бар еді: «Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген «қолұстатар» талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол, әдемі ғұрып еді ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрістерінен жаңылады. Оның жүрісін бір күн ши жасырар. Бір күн туырлық жасырар. Бірақ  «көп жүрген жылан да аяғын көрсетіп алады» дегендей, ойнақтап жүріп от басып, өкінішке ұрынады. Құдайым сондайдан сақтасын де! Аяқты шалыс бассаң, қасың түгілі, досың да табалайды» [4]                    

 

«Заманауи танысу форматы»

Қазіргі таңда кеңінен белең алып жатқан «виртуалды қарым-қатынас» форматы. Әлбетте, біз қоғамға заманына сай мүмкіндіктерді пайдаланба, он бесінші ғасырдың үлгісімен өмір сүр деуден аулақпыз. Десек те, кез- келген өлшем бірлігі өзінің нормасынан асып кетпей, дұрыс өлшенсе, оның есебі де нақты болмақ. Ғаламтор арқылы танысып, өз теңін тауып жатқан жастар да жоқ емес. Алайда, сол танысу барысында ортада артық сөздер мен әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.  Әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасудың олқылықтарына тоқталсақ. Ең алдымен, екі адам көзбе-көз жүздеспегесін, арада тым еркін пікірлер мен сырласулар туындап жатады. Ұялу, қымсыну дейтін қасиеттер ұмытылады. Эмоцияларын көріп отырмағасын, кейбір сөздерді басқаша қабылдап, ортада түсініспеушіліктер туындайды. Сондай –ақ, ол адаммен реалды тұрғыда кездескенде, ол мүлдем басқа кейіптегі адам болып шығуы бек мүмкін. Мінез-құлқы, түр-тұлпаты, тіпті біреулер өзінің өмір сүру салтын, қызметін жасыруы да мүмкін. Көзбе- көз жүздесуге келген адамның өзін бірден танып, білу оңай емес. Кез -келген адам кездесуге өзінің ең жақсы тұстарын асырып, жамандығын жасырып келетіні мәлім. Ал енді, виртуалды әлемнің 90% көрінісі жасандылықтан құралған десек те болады. Ғаламтордың ғаламаты алыстан жылдам хабар алғызып, жердің бір бұрышындағы адаммен еркін әрі жеңіл қарым- қатынас жасауға мүмкіндік берсе де, ол адамды толық танып, біліп, дұрыс шешім жасауға кедергі болады. Олай болса, виртуалды таныстыққа жол берсеңіз де, оны шегарасынан асырмаған жақсы. Ұзақ уақыт тек желі арқылы флирт жасап, әрі толық танымай жатып, барыңмен ашылу үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Қазіргі жастардың сөйлесу этикасына айналған «флирт» мәселесі адам өз теңін таңдауда салмақты ақылмен басқарып, шешім шығаруына кедергі болады. Өйткені, ондай жеңілтектік алдамшы бір еліткен сезімнің жетегіне ертіп кетеді де, тек уақытша құмарлықпен, көзсіздікке ұрынып, артынша өкініп жатқандар қаншама. Қалауыңды ғаламтордан кездестіріп қалған жағдайда, шариғат шеңберінен шықпай, жоғарыдағы айтылып өткен өз ережелерін сақтай отырып, көзбе- көз жүздескен дұрыс.

 

«Қыз бен жігіттің достық қарым -қатынасы»

Достық –қасиетті ұғым. Әр кім өзінің жанына жақын, моральдық тұрғыдан үйлесім тапқан жандармен тез тіл табысып, сырласына балап жатады. Дос деген ұғымның ішіне қыз бен жігіттің араласуын кіргізе аламыз ба? Әркімде әрқалай түсінік бар. Біреулер «қыз бен жігіттің арасында достық болмайды, ол сезімге ұласып кетуі мүмкін» десе, енді біреулер «дос болу әбден мүмкін, тіпті тіл табысу оңайырақ» деп жатады. Осы орайда, әркімнен жеке пікірін сұрастырып көрдім. Қыздар үшін өз құрбысымен тек материалды тұрғыда, мәселен, сән топтамалары, косметика, жиһаздар секілді тақырыптар өзара кеңесуге қолайлы болатын көрінеді. Ал, ер адаммен көбіне моральдық тұрғыдағы сұхбаттар өрбітуге болады екен. Олардың арасында қарама- қайшылық туындамайды, себебі ер мен әйел екі бөлек планеталық  іспеттес. О бастан екі түрлі жаралған жандардың талғамы, табиғаты, менталды дамулары әр қилы болғандықтан, сырласу барысында қарама -қайшылық туындамайды екен. Соның салдарынан қыз бен жігіт арасында күндестік те орын алмаса керек. Ол менен әдемірек, ақылдырақ деген сияқты бәсекелестікке жол жоқ. Екеуі екі бөлек әлем болғандықтан, бір- бірінің әлемімен таныса түсу қызықтырақ болмақ. Әрі физикалық күш жұмсалатын көмек қолы керек кезде, әйел жігіттің  жәрдеміне еш қиындықсыз жүгіне алады. Бұл шындыққа жанасса да, достықтың шегарасы өз жақын туысың, не өз некелі серігіңмен құрылғаны  дұрыс шығар.

 

Ер мен әйелдің психологиясы

Психологиялық тұрғыда  ер мен әйелдің екеуінің көз қарасы әр түрлі болуы арқылы, бірін- бірі толықтыра түсетіні айтылады. Әйел адам эмоцияға көп беріліп, әр нәрсені арыдан терең ойлаумен, фантазиясы дамыған, тыңдап отырып, сөйлей де алатын ұшқыр болатын көрінеді. Ал, ер азамат қандай да жағдайдың, көбінесе , сырт пішініне салқын қандылықпен қарап, материализмдік көз қараспен өлшей салады екен.«Еркек Марстан, «әйел Венерадан» атты психологиялық кітаптың авторы атақты психолог, Джон Грей ер мен әйелдің екі бөлек жаратылыс екенін былайша логикалық сипаттармен дәлелдейді: «Ер адамдар мына нәрсені түсінуі керек. Әйелдер олармен проблемаларын шешіп беру үшін бөліспейді. Тек жақындық, сырласу мақсатында ғана айтады. Ал, ер адамдар әйел оған проблемасын шешіп беруі үшін айтып жатыр деп ойлайды». [5] Осы орайда, жоғарыдағы тақырып бойынша, «ер мен әйелдің» достығын талқылауға болады. Әйел әйелмен сырласса, өзара бірін -бірі естіп, сонымен қатар, екеуі жарысып сөйлеседі. Яғни, сіз біреуге сырыңызды айтқанда, ол өз мұңын араластырмай, сізді үнсіз тыңдағанын қалайсыз кейде. Бірақ әйелдер қауымы ішіндегісін құрбысымен толық қанды бөлісу арқылы жеңілдейді. Сондай қарама- қайшылықта ер адам сізге таптырмас сырлас болып табылады екен. Өйткені, ер адам не сізді үнсіз тыңдайды, не тыңдап алып барып сөйлейді, әрі барынша көмектесуге, қолдау жасауға тырысады. Әйелдер секілді бір- бірін тыңдай отырып, бірге сөйлеу қасиет оларға дарымаған. Бұл психологиялық танымда әзілге жақын ақиқаттың бір бұрышы.

 

«Ер мен әйелдің араласуындағы шариғат шегарасы»

Бөгде қыз бен жігіттің арасындағы  екеуара достық пен етене араласуының  кемшін тұстары жетерлік. Әсіресе, жанұялы жандар үшін жары бөтен еркекпен, ері бөтен әйелмен достық тұрғыда  мәміле жасаулары, жұптардың өзара қызғаныш пен күмән сезімін оятары анық. Және ол заңдылық. Тіпті, сіз дос деп жүрген адамыңыз іштей сізді ұнатпауына, теріс ниеті  болмауына кепілдік жоқ. Бөтен ер мен бөтен әйел сөйлескенде әдеппен, көркем мінезбен  қарым-қатынас жасаулары лазым. Сондай-ақ, бір-бірінің шаһуат сезімдерін қоздыратын қандай да бір қылықтар мен сөздерден аулақ болулары керек. Осыған орай, Аллаһ Тағала әйелдерді бөтен еркектерге қылымсып сөйлеуден тыйып, нақты сөйлеуге бұйырып: «…бөтен еркектерге назданып сөйлемеңдер. Әйтпесе жүрегінде дерті бар адам сендерден дәмеленіп қалады. Сөзді қылымсымай, дұрыстап айтыңдар», – деген. («Әхзаб» сүресі, 33/32 аяттар)  Әйелдің еркін қарым қатынас жасап, еркелеп сырласуына рұқсат етілген бірден бір адам, ол – күйеуі. Екіншісіне жақын туыстарыңның шектеулі саны жатады. Олар: қандас туыстар, сүт ағайындар, сондай-ақ күйеуіңнің әкесі. Бұл  еркектердің бәрін махрам деп атайды, яғни, оларға тұрмысқа шығуға тыйым салынады. Ең соңғы үшінші топ – бөтен еркектердің барлығы. Теориялық тұрғыдан алғанда әйел адам олардың қайсысына болса да тұрмысқа шығу мақсатында, өзіндік шарттарын сақтай отырып, кездесуіне болады. Некеден кейін ғана ол еркек үшінші категориядан бірінші категорияға ауысады.  Қызмет бабымен ғана араласуына болады. Әйел кісінің бет жүзі әурет болмағанымен, оған тесіле қарау әйелді ыңғайсыздыққа душар етуі мүмкін, әрі ер адам қыздың сұлулығына байланудан қорықса, жүздерін төмен салып сұхбаттасулары абзалырақ. Жоғарыдан бері тізбектеп айтып келе жатқан тақырыбымыздың  басты концепциясын дәлел ретінде, бірегей жинақтап беретін мына бір айқын аят, Алланың ақиқатымен сөзді тұжырымдайық: «Мүміндерге айт: (бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас, Алла олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгені басқа (беті, қолының басы, тобықтан төмен аяғының басы). Және бүркеншектерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға- бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңілдерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдің ұятты жерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер! Түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине, құтыларсыңдар». («Нұр» сүресі 30\31 аяттар)

Сөздің түйіні, этникалық нормамыз болсын, шариғат талабы болсын, қоғаммен араласу бабында, сондай-ақ ер мен әйелдің қарым -қатынасы эстетикалық тұрғысында, қазіргі кейбір жастарымыздың келте ойлары іспетті «өмірден тиып тастау» «заманнан қалу» сынды кері тартпалық емес. Қайта керісінше,  сол жастардың өздері қиялдап, бәрін тек сезіммен өлшеп, ертегіге балап жүрген «кіршіксіз әрі тұрақты махаббат» осындай бір қатар маңызды процесстерге негізделген сауатты методикамен ғана жүзеге асатынын білуі керек. Ретсіз әрекеттен туған есепсіз ғашықтық көз тұндырып, жеңіл ойдың таразысымен өлшеп, желініп қалмаңыз.

 

Раян Болатқызы

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Бухари,Тирмизиден жеткен хадис.
  2. Табари 20\212\487)
  3. Бухари 6674, Муслим 3470, Тирмизи 3228
  4. alashainasy.kz
  5. mybook.ru (Джон Грей, лучшие цитаты из книг)

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here