«Мал мен балалар – дүние тіршілігінің сәні» Кәһф, 46
Адамның бір қызығы – бала деген. Расымен де, шыр етіп дүние есігін ашқан сәби сол сәттен бастап шаңырақты шаттыққа бөлейді. Асыл дінімізде адамзаттың өмірге келуі мен Раббысына аттанар сәтіне дейінгі аралықты түгелдей қамтып, аяулы жаратылысқа қатысты барлық үкімдерді бұйырып қойғандығы – кемелдіктің белгісі. Ендеше, Ислам шеңберіндегі бөбек күтіміне қатысты бірқатар жайттарға және сол аралықтағы бала тәрбиесіне тоқталайық.
Алланың қалауымен, сіз қолыңызға аман-есен өмірлік аманатыңыз, Раббыңыздың ең керемет нығметін алдыңыз. Жаббар Иеңіздің қалауымен, сіз періштелер де санын білмейтін, оны жазып та үлгермейтін сауаптарға қауышып, анаңыздан жаңа туғандай күнәларыңыздан тазардыңыз! Сіз жасайтын ең алғашқы амал – сәбиіңізге емірене ата-анасының қамқорлығына, жарық әлемге қош келуімен құттықтап, «Әссәләмуъаләйкум!» деп жылы шыраймен, ыстық құшағыңызбен қарсы алуыңыз. Әбу һурайрадан жеткен хадисте былай делінеді: «Әрбір сәбиді туыла сала шайтан жанап өтеді. Туылған кезде жылауы, міне, осы жанасудан». Сол себепті, бөбегіңізді Алланың сөзімен қорғап қойыңыз. Әрі қарай не істемек керек?! Ендеше, бұл мақала сіздің көмекші құралыңызға айналсын!
Тәхниқ
Айша анамыздың (р.а.) жеткізуінше Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір отбасында сәби дүниеге келсе, оған дұға етіп, қолын оның денесіне жүргізіп, құрмамен таңдайына тәхниқ жасаған [1]. Қолымен сипалауы – берекелі болсын дегені. Әбу Мұсадан жеткен хабарда былай делінеді: «Менің ұлым туылғанда, мен Пайғамбарымызға бардым. Оған «Ибраһим» деп есім берді де, таңдайына тәхниқ жасады» [2].
Тәхниқ қалай жасалады? Сәбиді қолына алып, құрманың кішкене бөлігін шайнап, баланың аузын құрмамен жұмсақ қимылдар арқылы сипалайды. Бұл амалды бөбек ана сүтін емгенге дейін және ізгі бір кісінің берекесі балаға да болсын деген ниетпен жасатқан дұрыс. Алайда, өз анасы жасаса да болады. Сондай-ақ, құрма табылмаған жағдайда кез келген адал тәттімен жасауға да рұқсат берілген. Бұл амалдың хикметі – сәбидің ауыз қуысындағы бұлшықеттер нығайып, оның ана сүтін қабылдауға дайын болуына ықпал етуі.
Сүйінші хабарды жеткізуге асығу – Раббымыздан өнеге!
Мұсылман кісінің перзентті болғаны жайлы сүйінші хабарды жақындарына неғұрлым тез жеткізу сүйкімді амалдардың бірі болып саналады. Бұл туыстық қарым-қатынасты нығайта түспек. Сондай-ақ, бұл амал – Раббымыздың Өзі өнеге еткен іс. Алла Тағала Худ сүресінің 71-аятында: “Сонда оны Ысхақ және артынан Яғқубпен сүйіншіледік” деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келгенде, сүйінші хабарды естіген көкесі Әбу Ләхәб Суайба атты күңін азат еткен [3].
Қуанышты хабарды естіген туыстары баланың ата-анасын келесідей дұға айтып құттықтауы құпталады:
«Барака-Ллаһу ләкә фил-мәуһуби ләкә, уә шәкәртә-л-Уәһибә, уә бәләға әшуд-дәһу, уә рузиқтә бирраһ!». Мағынасы: «Аллаһ Тағаланың сізге берген сыйы берекелі болсын! Сіз бұл сыйды берген Сыйлаушыға шүкірлік етіңіз. Аллаһ Тағала сізге оның кәмелетке толып, оның сізге сый-құрмет жасауын көруіңізді нәсіп етсін!» [4].
Перзентке жақсы есім беру – әкенің бір міндеті
Алла Елшісі (с.ғ.с) әрдайым мағыналы, жақсы ат қоюға шақыратын. Мұның мәнін: «Сендер Қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» деп түсіндіретін [5]. Ибн Аббас (р.а.) жеткізуі бойынша, әкенің бала алдындағы 3 міндетінің бірі – перзентіне ғұмыры салиқалы болсын деген ниетпен жақсы есім беруі. Сондай-ақ, перзентханадан үйге келгенде Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша әкесі баланың оң құлағына азан, ал сол құлағына қамат айтып, есімін береді. Бұл сөзімізге: «Пайғамбарымыз қызы Фатима Хасанды дүниеге әкелгенде сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқанын көрдім» деген Әбу Рафидың сөзі дәлел [6].
Бұл істің хикметі – сәби, ең алдымен, Раббысының сөздерімен сусындасын дегені. Азан мен қаматта Ұлы Алланың құдіреті мен шахада сөздері келтірілген. Бұл куәлік сөздері адамның Раббысына аттанар кезінде де айтылады. Сонымен қатар, тура жолдан тайдыруға «жаңа тұтқынын» асыға күтіп тұрған лағінеті шайтанды да азан сөздері қорқытып, сәбиден алшақтатады. Алладан келген әрбір сөз – басы асыл болған адамды кез келген жамандық атаулыдан қорып тұрады. Азан мен қаматқа да құлақ салсаңыз, әуелде таза болып жаратылған адам фитрасын сол қалпында сақтауға көмегін беретін өз Раббысына шақыру сөздері бар.
Ақиқа
«Ақиқа» сөзі араб тілінен аударғанда «сәбидің қырқылған шашы» деген мағына береді. Фиқһ ілімінің ғалымдары ақиқа деп сәбидің дүниеге келуіне орай шалынған құрбандық малын айтады.
3 мәзхабтың ғалымдарының ортақ пікірі бойынша ақиқа беру – мұстахаб, яғни ұнамды амал. Ал, ханафи мәзхабында ақиқа мұстахаб та, уәжіп те емес. Сондықтан шамасы келген адам ақиқа берсе, нұр үстіне нұр. Ұл балаға екі қой, қыз балаға бір қой шалу – сүннет. Құрбандық шалу баланың әкесіне жүктелген міндеттердің бірі.
Ақиқа шалғанда келесі дұғаны айтқан абзал. «Алланың атымен! Аллаһым, ақиқа Саған тиесілі және Өзіңе қайтады» деп сәбидің атын айту керек [7].
Қойды буындары жалғасқан тұстан кесіп, бөліктерге бөледі. Ескеретін жайт: ешқандай қажеттіліксіз сүйектерін сындырмау қажет. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (c.ғ.с) қызы Фатимаға: «Босандырушы әйелге құрбандық малдың сирақтарын апарыңдар. Бұл малдан жеңдер және басқаларды да тамақтандырыңдар. Сүйекті сындырып алмаңдар» деп айтқан [8].
Ақиқаға малдың кез келген түрін шалуға болады. Алайда, шалынатын құрбандық кемшіліксіз болғаны жөн. Тума-туысты, жақындарды қонақ еткен соң қалған етті садақа ретінде таратуға да болады.
Шаш алу және сүндеттеу
Сәби туылғанына 7 күн толғанда шашын алу – ұнамды амалдардың бірі. Сүннет бойынша, шаш түгелдей алынып, таразыда өлшеп, сол көлемде алтын немесе күміспен есептеп мұқтаждарға садақа берілуі керек [9].
Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен жеткізеді: «Фатима (Алла оған разы болсын) Хасан, Хусейн, Зәйнаб және Умму Күлсімнің шашын алып, өлшеді. Осы салмақта күміспен садақа таратты» [10].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүндеттеу мәселесіне қатысты былай деген: «Адамның фитрасына, яғни табиғи қажеттілігіне келесі 5 амал кіреді: сүндеттеу, қолтықтағы және шаттағы түктерден тазару, тырнақ алу және мұртты басу» [11].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хасан мен Хусейн туылғандарына 7 күн болғанда олар үшін ақиқа беріп, сүндетке отырғызған.
Ханафи мәзхабы бойынша, сүндеттеу үкімі – сүннет. Имам Мәлік былай дейді: «Сүндеттелмеген адамға имам болуға рұқсат берілмейді. Сондай-ақ, оның куәлік сөздері қабыл болмайды».
Қазіргі таңда сәбиді туылғанынан 7 күнге дейін сүндеттеу көп айтылып жүр. Иә, бұл дінімізде айтылған амал. Ерте сүндетке отырғызудың пайдасы өте зор. Мәселен, ер баланың жыныс үрлісінің жиырылып ашылмай қалуынан көптеген сәбилер қиналып жатады. Бұл медицинада фимоз деп аталады. Сонымен қатар, сүндеттеу фимоз секілді парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады. Жалпы, дәстүрімізде де сүндеттеу ұғымы ерекше орын алады. 7 жасқа дейін баланы сүндеттеу міндет деп қалыптасқан. Бұл сүннет амалдың ұшан-теңіз пайдасын ескерген ата-бабамыз баланы жігерлендіру мақсатында ауыл-аймақты жинап, той да берген.
Емізу мәселелері
Алла Тағала «Бақара» сүресінің 233-аятында емізу жайлы былай деген: «Емізуді тәмамдағысы келген кісі үшін; аналар балаларын толық екі жыл емізеді». Құранда айтылған әрбір Алла ұнатқан істе береке, хикмет бар. Емізу мәселесіне қатысты да бірнеше пайдалы мәлімет келтіре кетейік.
Ана сүті жаңа туылған сәби үшін теңдессіз ас. Ойлаңызшы, екі бірдей ана сүтін кездестіру мүмкін емес екен. Бұл дегеніңіз, сіздің сәбиіңізге қандай дәрумен қажет болса, сүт те соған сай болады. Тұңғыштарын босанған көптеген аналар алғашқы күндері сүттің жоқтығына шағымданып жатады. Бұл ретте уайымдауға еш негіз жоқ. Себебі, алғашқы 3 күнде уыз болуы қалыпты жағдай. Ал, өз кезегінде уыздың болуы да өте пайдалы. Бұрын-соңды қазақтың «уызға жарыту» деген сөзін естіген боларсыз. Демек, уыздың бала иммунитеті үшін атқаратын қызметі үлкен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ана омырауынан шығатын сары түсті уыз ақуызға, майға бай болады екен. Оның көлемі 1-ші күні – 150 ккал, 2-ші күні – 100 ккал, 3-ші күні – 80 ккал болады [12]. Сәйкесінше, уызға жарыған бала да жұқпалы аурудан алшақ болады. Алланың құдіретіне шек жоқ! Сондықтан «БисмиЛЛәһ» деп бөбегіңізді емірене емізе беріңіз, қосымша сүт беруге асықпаңыз. Әрі қарай кеттік. Ана сүтінің құнарлы асқа, дәрумендерге бай екендігі соншалық, ғалымдар шамамен ғана есептей алған. 2 жылға дейін кеуде сүтімен қоректенген бала өзге қатарластарына қарағанда физикалық тұрғыда күштірек болады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты ұмытшақтықтан, түрлі инфекция, жұқпалы аурулардан, өкпе қабыну дерттерінен қорғайды. Емізу тек балаға ғана емес, анасына да пайдалы. Медицина ғалымдарының зерттеуінше, емізулі аналарда омырау және жатыр қатерлі ісіктері кездеспейді. Мұнымен қоса, емізу – мезгілсіз жүктілік орын алмауына кепіл. Жоғарыда ана сүтінің бұл дүниелік пайдалары келтірілді. Ал, сауап қалтаңыз қалай толықпақ?! Ендеше, қуаныңыз! Емізген әр жұтым сүт үшін сауап жазылады. Сонымен қатар, баласы жылап, ұйқысы бұзыла емізген аналар үшін 70 құлды азат еткендей сауап уәде етілген. Сайып келгенде, емізудің ең үлкен пайдасы – ана мен бала арасындағы махаббатты, берік қатынасты арттырады.
Емізуге қатысты бірнеше практикалық кеңестерді ұсынамыз:
- Босана сала сәбиіңізді емізуге асығыңыз.
- Сәбиді қажеттілігінше емізіңіз. 3 сағаттың өткенін күтіп, санап әуре болмаңыз. Себебі, бұл сүттің азаюына әкеліп соғады.
- Балаңызды емізікке және бөтелкеге үйретпеңіз. Бұл баланың ему қабілетін төмендетеді. Емізікпен емгенде, сүт лезде шығады, терлеп-тепшіп тамақтанудың қажеті жоқ. Міне, бала осы оңай әдіске тез үйреніп, кеудені алмай қою қаупі бар. Омырауды емгенде, баланың ауыз қуысындағы бұлшықет қозғалысқа түсіп, шымырланады.
- Емізу барысында салауат, зікір көп айтыңыз. Ана сүті – ақпарат тасымалдаудың ең керемет үлгісі!
Ханафи мәзхабы бойынша, емізу мерзімі – толық екі жыл. Бұл уақыттан астам емізуге тыйым салынады. Алайда, емізуді доғарудың өзін өте жұмсақ атқарған дұрыс. Балаңыздың жүрегін жаралап алмастан кеудеден шығарудың үздік әдістерін зерттеп білгеніңіз жөн. Бұл сұраққа қатысты бірнеше кеңестер ұсына кетелік. Ең алдымен, Алладан жеңіл өтуін, балаңызға да, өзіңізге де зиян келмеуін сұраңыз. Отбасы мүшелерінің бірінен көмек сұрай алыңыз. Жоғарыда айтылғандай, балаңызды бұл кезеңде де бөтелкеге үйретпеген дұрыс. Емізу сағаттарын біртіндеп азайту арқылы оң нәтижеге жетуге болады.
Қосымша тамақ және оған қатысты әдептер
Қазіргі таңда педиатрлар баланың 6 айынан бастап қосымша тағам беруге болады деген пікірді құптайды. Ескеретін жайт, бұл мерзімге дейін балаңызда қажеттілік болмаса, (іш қату, дәрі-дәрмек қабылдау) тіпті судың өзін бермеген абзал. Себебі, ана сүтінің 80% су құрайды. Демек, балаңыз сұйықтыққа мұқтаж емес. Керісінше, оның көп мөлшері баланың бүйрегіне зинын тигізуі бек мүмкін.
Баланың қосымша тамаққа дайын екендігін қалай ажыратамыз? Сәбидің 6 айына қарай асқорыту жүйесі 2 есе жұмыс істеуге машықтана бастайды, яғни ана сүтінен бөлек тағамдарды қорытуға жарамды. Баланың өзінде де тағамға деген қызығушылық пайда болады. Міне, осы кезеңінен бастап аз мөлшерде көкөніс немесе жемісті беріп бастауға болады. Егер ата-анасы дұрыс тамақтануды ұстанатын болса, балаға да аз мөлшерден күніне арттырып беруге болады. Сондай-ақ, балаға тек адал тағамдарды, құрамы таза, зиянсыз өнімдерді берген жөн.
Сүннет бойынша тамақтану әдептерін баламызға қалай үйретеміз? Оңай! Сүннетті әуелі өзіңіз ұстанып үлгі болыңыз! Ең қарапайымынан бастаймыз: балаға тамақ берер алдын дауыстап «БисмиЛЛәһ» деп айту керек. Сондай-ақ:
- Оң қолмен тамақтандыру. Баланың қолына қандай да бір тағам берсеңіз, оң қолына ұстату.
- Суды отырып ішуге дағдыландыру.
- Тамақты асықпай жеуіне мүмкіндік беру.
- Салауатты өмір салтын кішкене күнінен қалыптастыру. Құнарлы тағамдарға үйрету.
- Тамақты ысырап етпеуге, оған қатысты жаман пікірлерді айтпауға әдеттендіру.
- Ризықтандырған Аллаға алғыс айту.
Сәбилі болу құлшылыққа кедергі емес!
Сәбилі болған соң намаз оқу қиындай түскенін көп естіп жатамыз. Кейде бала намаз кезінде мазасызданып, жылағанда аналар қолдарына алып намаздарын жалғастырып жатады. Осы төңіректегі мәселені қарастырып көрелік.
Намаз нәжістен таза болуды талап етеді. Сәбилі ана бұл тұрғыда нәжістің 3 түрімен жиі ұшырасып жатады. Олар: баланың 2 түрлі дәреті және құсық. Ханафи мәзхабы бойынша намазға арналған нәжістің кешірімді түрі – дирхам көлеміндей. Ең дұрысы, одан тазару. Алайда, осы көлемдегі нәжіс киімде болып қалса, кешіріледі.
Балаңыз жөргекте (подгузник) болса, қандай үкім жүреді? Ханафи мәзхабының ғалымы Наил Акбарали келесідей пәтуа берген: егер дәретке отырып (горшок) үйренбеген баланы анасы қолына көтеріп намаз оқыса, сонымен қатар баланың киімінде немесе денесінде кешірімді көлемнен аса нәжіс болса, онда намаз бұзылады. Керісінше, дәретке барып үйренген баладағы нәжіс тек оған қатысты, яғни намаз бұзылмайды [13]. Баланың намаз кезіндегі ойындары оның дұрыстығына кедергі емес. Балаға намаздың сіз үшін маңыздылығын түсіндіруге тырысу керек, яғни оның да қимылдарды қайтлауын сұрап баулуға болады.
Дененің кез келген (ерін, құлақ, тіл, жыныс мүшелері, кірпік және саусақтан басқа) 3 мүшесінің бірінен соң бірі қимылдауы намазды бұзады. 1 не 2 қимыл намазды бұзбайды. Баланы алу үшін иілу мен қайта тіктелу намаздың дұрыстығына қиындық туғызады. Бұл жерде 3 қимылға саналып кетуі мүмкін. Осы мәселеде абай болған жөн.
Сондай-ақ, баланы қолда ұстап оқығанда, алақанның сәждеге толық тиюін қадағалау керек. Яғни, намаздың барлық қимылдары дұрыс орындалғанына мән беру қажет.
Кейде аналар баланың ұйықтағанын күтіп, намазын кешіктіріп алып жатады. Бұлай жасау құпталмайды. Фиқһ ілімінде, егер тек 2 нұсқа болатын болса «көп жамандықты болдырмау үшін аз жамандық рұқсат етіледі» деген пікір бар. Намаз кезінде баланың жылауы мен намаздың мүлдем қаза болуы арасында намазды өз уақытында орындауды таңдаған жөн. Балаңызды аз уақытқа ойыншықпен немесе басқа да нәрсемен қызықтырып қоюға болады. Алла біздерге жеңілдік берсін!
Ашраф әл-Тануидың бала тәрбиесіне қатысты насихаты
- Бала тәрбиесі – кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі. Оны ешқашан кейінге шегермеңіз!
- Ана сүті сәбидің болашағына әсері мол екенін ұмытпаңыз. Балаңызды тақуалықпен емізсеңіз, нұр үстіне нұр!
- Балаңызды таза ұстауға тырысыңыз. Тазалық – иманның жартысы.
- Егер ұл болса, шашын ұзын етпеңіз. Оларға сүннет бойынша ақ киімді таза киюді үйрете бастаңыз.
- Кішкене күнінен бауырларымен тәттіні бөлісуді үйретіңіз. Үлкейген кезінде садақа беруде қиналмайтын болады.
- Балаңызға Пайғамбар өмірінен, сахабалардың бастан кешкендерінен үзінділер оқып беруді әдетке айналдырыңыз.
- Баланы жетістігі үшін мақтаңыз. Егер қателік жіберсе, дұрыс еместігін түсіндіріп, жұмсақ жеткізуге тырысыңыз.
Ата-ана баламен бірге есейіп, тәрбиелене түседі. Біздің заманда бала тәрбиесіне қатысты білім де көп. Алайда, батыстың ұстанымдары араласып кеткен, дінімізге, дәстүрімізге жат пікірлерді де ұшырастырып жатамыз. Сондықтан бала тәрбиесіне даналықпен қараған жөн. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәбилерді көбірек сүйіп, құшақтауды үгіттеді. Оларға мейірім көрсетуге шақырды. Балаға жекіп сөйлемей-ақ тәрбиелеуді көрсете алды. Бүгінде бала тәрбиесімен айналысып жүрген көпшілік «Бала ашуын шығарып үйренуі керек» деген ұстанымдарды да айтып жүр. Ал, Пайғамбарымыз бізді қалай үйретті? «Ашуланба! Егер тұрып тұрсаң, отыр! Отырған халде болсаң, жат! Дәрет ал!» деп үйретпеді ме?! Міне, осы қағидатты біз баламызға да дарыта алуымыз қажет. Барынша мейірімді, ұстамды болуға кішкене күнінен баулыған абзал.
Халқымыз «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Болашақ салиқалы ұрпақтың тәрбие тұтқасы біздің қолымызда. Сондықтан, шариғат шеңберіндегі әдептерге алдымен өзіміз, одан соң баламызды әденттендіру – оптималды нұсқа. Аллаһ бұл ісімізге жеңілдігін берсін!
ДАНА ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Пайдаланылған әдебиеттер
- Муслим, №2147
- Бухари, №5467; Муслим, №2145
- «Фатх-әл-Бари», 9/124
- Әл-Хатыб аш-Ширбини, 4/296
- Әбу Дәуіт
- Тирмизи
- Абдур-Раззақ «Әл-Мусаннаф» ,№7963
- Әбу Дәуіт
- Әл-Хатыб аш-Ширбини, 4/67
- Мәлік, 2/501
- Бухари, №5889; Муслим, №257
12.https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-otbasy/balany-eki-jasqa-deiin-emizudin-qandai-paidasy-bar-1149/#gsc.tab=0
- «Малыши в Исламе», 159 бет