-12.1 C
Almaty
Жексенбі, Қараша 27, 2022
Жексенбі, Қараша 27, 2022

Діни топтар және исламдағы жамағат ұғымы

Өткен жолғы мақаламызда діннің қоғамдағы көрінісі болатын діни топ ұғымына қысқаша түсінік берген болатынбыз. Ендігі кезекте діни топтың қалыптасу үрдісі және кейбір рухани және эмоциялық тұстарына шолу жасамақпыз. Сонымен қатар ислам дініндегі топтық ұғым болатын жамағат сөзінің аясында бірер ауыз сөз қозғалады. Жалпы ислам дінінің айрықша тұстарының бірі қалалық үлгіге және қауымдастық сипатқа өте ыңғайлы екендігіне әлеуметтанушылардың басым көпшілігі келіседі. Мейлі жамағат болсын немесе тариқат болсын, тіпті аты аталмаған кішігірім діни қауымдастық болсын, ислам дінін ұстанатындардың арасынан діни-әлеуметтік топтардың шығуы осы діннің табиғатынан туындайды. Сондықтан, діни топтарға сипаттама беріп, классификация жасамас бұрын олардың түп төркінін танып білу, діннің негізгі қайнар көзіндегі алғышарттарын білу әрі осы саланың зерттеушілеріне әрі жалпы қызығушылық танытатын оқырмандарға керек дүние. Діни топтарды танып-білуге өзіндік дәрежеде үлес қосады деген үмітпен осы мақаланы оқырманға ұсынып отырмыз.

 

Діни топтардың ұйытқысы

Діни топты ыдыратпай ұстап тұратын факторлардың тағы бірі дін ұғымының эмоциялық тұсы. Топ мүшелерінің ортақ рухани сезімдердің тоғысуынан пайда болған эмоциялық күштің қоғамдық қарым-қатынаста да әсері зор болады. Күнделікті өмірге қатысты рационалды ұғымдарды дінге негіздеудің немесе діннің ықпалында ұстауға тырысудың себебі осында. Мысал ретінде мына ұғымдарды келтіруге болады; өмірлік қағадаларды Құдай бекіткен, отан қасиетті ұғым, Алла әрдайым бізбен бірге т.с.с. Иррационалды және эмоция басымырақ сезімдердің рационалды әлеуметтік ұғымдарға өміршеңдік пен динамизм сыйлайтыны осыдан байқалады. Тұрмыстық өмірдің көптеген мәселелері мен қажеттіліктері діни сипаттағы бояумен қанығатыны да діннің эмоциялық зор күшке ие екенін байқатады.

Белгілі бір дінді ұстанатын сенушілер тобы біртұтыс болып, барлығы бір ізділікпен жүруі теологиялық көзқарастағы әртүрлілікті былай қойғанда әлеуметтік құбылыс ретінде мүмкін емес нәрсе. Сондықтан діннен шыққан діни топтар әр уақытта бола береді. Діни топтардың діннен немесе топ ішінен жаңа топ болып бөлініп шығып, жол айрығына түсуінің себептері діннің ішкі себептері және діннің сыртынан келген себептер деп екіге бөлінеді. Ішкі себептер діни тәжірибенің сипатына, орындалуына, діннің доктриналары мен теория практика арасындағы қарым қатынас және оны түсіндіріп жеткізу (интерпретация) сияқты факторларға байланысты. Сыртқы себептер болса техникалық, мәдени, әлеуметтік және экономикалық факторларға сүйенеді [1, 68 б.]. Сол себепті діни топтардың пайда болуын немесе тарих қойнауына еніп кетуін заңдылық деп қабылдағанымыз жөн болмақ.

 

Діни топтарға тән ортақ сипаттар

Дінтанулық немесе діндер тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ діни топтардың құрылымы, сипаттары, даму үрдістері әлемдік діндердің қалыптасу кезеңдеріне ұқсайды. Немесе шағын үлгідегі прототипі десек те болады. Ол топтар ауқымы кішкентай, бірнеше ғана адамның өзара қарым-қатынасынан бастау алады. Кейіннен лидердің және ғалымның харизмасына қарай кеңейе береді. Осылайша діни-әлеуметтік топ қалыптасады. Топтағы адамдарды бір жерге шоғырландыратын ең басты фактор, құрушысының харизмасы болады. Ал мүшелерге қатысты тұсы болса, бірлік рухы, көшбасшының дінді түсіндіру (интерпретациялау) үлгісінің барлық мүше тарапынан қабылдануы мен мойындалуы сияқты факторлардан құралады. Бұл жердегі топ мүшелері деген атауды мүшелікке ресми түрде тіркелу деген мағынада емес, шын көңілден сол топқа иланып өз қалауымен қосылушылар деп түсінген дұрыс.

Топ құрылып бастаған алғашқы кезеңдерде ұйымдасу, жүйе енгізу, жаңа мүше тарту т.б. сияқты жұмыстар жасалмайды. Яғни табиғи түрде қалыптасып, құрыла бастайды. Құрушы көшбасшы және оның айналасына шоғырланған бірнеше адамнан басталған шеңбер кейіннен үлкейіп, жан-жаққа жайыла береді. Мүшелерінің саны көбейген сайын жауапкершілік пен міндеттерді өзара бөлісу сияқты үрдістер байқала бастайды. Топтың үлкею сатысы осы кезеңде басталады деп айтуға болады. Мүшелер осы кезеңде қабілеттеріне, мамандықтарына, өз қалауларына және топтың қажеттіліктеріне қарай міндет (жұмыс) бөлісіп алады. Профессионализмге бір қадам жақындаған топтың құрылымына осы кезеңде кішігірім өзгерістер кіре бастайды, тіпті топтың ішінде кішкентай топтар немесе таптар пайда болады. Бұны топтың бюрократиялануы деп атасақ та болады.

Топтың құрылған қаласында немесе аймағында ең маңызды мүшелері және ең кіші бөлшегі топты кеңейте түседі. Ол қала үшін көзделген мақсатқа белгілі бір мөлшерде жеткеннен кейін маңайындағы қала мен ауылдарға немесе үлкен қалада болса басқа аймақтарға топтың миссиясын жеткізу қажеттілігі туындайды. Бұл міндет бірінші кезекте көшбасшының ең жақынындағы, өзін сол жолда дамытып жанқиярлықпен еңбек ете алатын  мүшелерге жүктеледі немесе олар осы міндетті өз ықтиярымен мойнына алады. Бұл топтың құрылымындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Осы кезеңде аталмыш мүшелердің білімділігі мен біліктілігі топтың мақсат мүдделері мен міндеттерінің басқа аймақтарға жету жолында өте үлкен рөл атқарады.

Топтың құрушысының дүниеден өтуі топ үшін ең маңызды және ең үлкен өзгеріс кезеңі болып саналады. Топ мүшелерінің бұдан кейінгі кезеңде руханиятын сақтап, мотивациясын белгілі бір деңгейге көтеріп тұратын фактор, құрушысынан қалған жазбалар мен сөздер және оның жасаған іс әрекеттері мен олардың қалай жасалғаны болмақ. Сонымен қатар табиғи түрде жаңа көшбасшы топтың басына тағайындалады. Кей кездерде ол кісінің бірінші көшбасшы сияқты харизмасының болмауы топтың бөлінуіне себеп болатын факторлардың біріне айналады. Топтың қалыптасуына әсер еткен барлық функциялары рухани құндылықтарға мүшелерінің қаншалықты мән беретініне байланысты жұмыс істейді, немесе сонымен парапар топ күшейеді және кең етек жаяды [2, 51 б.].

Діни топтарда тұлғалар арасы қарым-қатынас екінші деңгейде басымдыққа ие  болады. Бірінші басымдық мүшелердің құдаймен байланысы. Бұл діни терминологияда тақуалық, діндарлық деп аталады. Топты бір ғимаратқа ұқсатсақ мүшелерінің тақуалық деңгейі топтың фундаменті сияқты қызмет атқарады.

Діни топтардың басты мақсаты құндылықтарын қорғау, шарттар ыңғайлы болса сол құндылықтарын басқаларға жаю, қоғамда туындап жатқан мәселелерге шешім ұсыну және жалпы осы мақсаттардың іске асу үрдісін бақылау. Бұл кең ауқымды немесе тар шеңберде де болуы мүмкін.

Діни топ мүшелерінің, басқа адамдарға деген көзқарасы немесе қатынасы өзінің болмысына қарай және де топтың оған берген рухани құндылықтарын түсінуіне, оған қаншалықты маңыз беретініне қарай өзгеріп отырады. Діни топтар өз қатарына мүше қосу мәселесіне мұқият мән береді. Өйткені кез-келген адамды бірден діни құндылықтарға шақырса ол адам шошып қалу ықтималы көбірек болады. Мүшелікке бейім немесе дайын болғандар мен мүше болу ықтималы өте төмен адамдарға деген қарым-қатынас осы себепті екі түрлі болады. Алайда сырттағылармен байланыс құрғанда ешбір бөлінушілік немесе алалау әрекетіне бармайды [3, 112-114 бб.].  Өйткені әрбір сырттағы адам діни топ өкілі үшін потенциал болашақ дін бауыры болуы ықтимал.

 

Діни көзқарастардың әртүрлілігіне себеп болатын әлеуметтік факторлар

Баршаға ортақ бір құндылық, барлық сенушілері мінсіз деп қабылдайтын қасиетті кітаптар, қоғамдағы қалыптасқан діни дәстүр сияқты діннің негізін құрайтын құндылықтардың болуына қарамастан, тарих бойынша әлемдік діндерде қасиетті мәтіндер мен құлшылық түрлеріне деген интерпретацияның әртүрлі болуып соның нәтижесінде иман етушілердің жікке бөлініп кетуін тоқтату мүмкін болмаған. Әртүрлі әлеуметтік тапқа бөлінетін қоғамдарда діни терминдер, тақуалықтың түрлері, құлшылық сияқты ұғымдардың қалыптасуында әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдағы өзгерістер де тікелей әсер етеді. Діни практика немесе қасиетті мәтіндегі айтылған насихат түрлері қаншалықты универсал сипатта немесе діннің тарихында нақты үлгілері болса да қоғамдағы құбылыстардың әсерінен болып әртүрлі болып кетеді. Ол құндылықтардың өзі емес адамдардың тәжірибесіндегі көрінісі өзгешелікке ұшырайды. Осылайша діндегі нақты ұғымдар, көбінесе әлеуметтік плюрализмнің әсеріне ұшырайды. Мысал берер болсақ бір уақытта, бір мәдениеттің аясында өмір сүретін екі адамның бір жамағаттың ішінде әлеуметтік статустары, мамандықтары, және экономикалық жағдайы бөлек болса да трансцендентальдық (құдаймен байланыс) тәжірибелері бірдей болады. Алайда иманға деген түсініктері, құлшылықты қабылдау психикалары бір бірінікінен өзгеше болады және екеуі екі басқа діни ортаның өкілі болуы мүмкін.

Қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайлар діни топтардың қоғаммен қарым қатынасында ең маңызды рөл ойнайтын факторларға жатады. Қоғамның құндылықтарына қатысты қандай-да бір дағдарыс болып жатқан болса, сол қоғамның мүшелері сол дағдарыстан оларда алып шығатын рухани тірек іздейді. Діни топтардың қиындық мен дағдарыс кезінде адамдарды жұбататын, тығырықтан шығатын жол көрсететін ерекшелігі осы сәтте үлкен рөл ойнайды. Әлемдік діндерде көзқарас пен интерпретацияның көп болуы да адамдарды солардың арасынан өзінің жан дүниесіне ең жақынын таңдауға мүмкіндік береді.

 

Исламда діни топ ретінде жамағат ұғымы

Ендігі кезекте ислам дінінің әлеуметтік топтарына берілетін жамағат ұғымына тоқталайық. Жамағат, араб тіліндегі «жә-ма-ға» етістігінен шыққан [4, 27 б.].       Жинау, біріктіру, құрастыру деген мағыналарда қолданады. Дін әлеуметтануы саласының термині ретінде қандай-да бір діни топтың және мешіттің құлшылығы мен жоралғыларына қатысып, рухани ортасын сол жердегі адамдармен араласу арқылы қалыптастырған адамдардан құралған топқа қолданады.

Жамағат ұғымы ислам дінін ұстанатын халықтарда ерекше орынға ие. Жамағат – мұсылмандардың діни сеніміне негізінделген қауымдастық. Бұл тұрғыда қарасақ ислам дінін жамағат діні деп те айтуға болады. Себебі ислам дінінде жамағаттың ауызбірлігі, ынтымағы сияқты ұғымдарды дәріптейтін аят хадистер көп.

Кейбір әлемдік діндерде қоғамнан барынша алшақтап, дүниеден баз кешіп, монастырларда өмірін өткізу салты бар. Олар көпшіліктің атынан құлшылыққа беріліп, тіпті кей жағдайларда дінде тыйым салынбаған нәрселердің өзінен барынша алшақтап өмір сүреді. Бұл жеке тұлғанын өз шешімі және қарапайым діндарлық формасы секілді боп көрінгенмен, кейіннен дами келе институционалды деңгейге жеткенде белгілі бір діни-элиталық тапты қалыптастырды. Бұның салдарынан діни практика  мен діндарлық ұғымы күрделене түсті. Сөйтіп ол діндердің шариғаты тұрмыстық өмірден барынша алшақтады [5, 204-205 бб.]. Нәтижесінде дін ұстану тар шеңбердегі аз ғана топқа тән ұғым болып қалыптасады.

Ислам ғұламалары дін адамы немесе діни қайраткер институтының қалыптастыруына және қоғамнан тыс монастырлық сипатта дін бағуға үзілді-кесілді қарсы болды. Оның себебі жоғарыда тоқталған күрделі мәселеге қатысты Мұхаммед пайғамбардың мына хадисі: «Ораза да ұстаңдар, тамақ та жеңдер, құлшылық та жасаңдар және уақытында ұйықтаңдар. Менің ораза ұстайтын және аузым ашық жүретін кездерім де бар, құлшылыққа да беріле отырып ұйықтайтын кезімде ұйықтаймын. Ет жеймін және үйленемін, менің жолымнан алшақтаған адам менен емес» [6]. Бұл хадис мәтініндегі сөздерге қарасақ тікелей монастырлық өмір салтына бағытталып айтылғаны түсінікті болады.

Мұсылмандықта діни практиканы толыққанды өмір сүргісі келетін әрбір мұсылман имам, ұстаз, шейх т.б. діни сауаты жоғары әрі діндарлығы мен харизмасы басым тұлғалардан тәлім алады. Жамағатпен бірге ғибадат ету жалғыз жасаған ғибадатқа қарағанда әдеқайда дұрыс екендігі және жамағатпен бірге болудың ұжымдық сана-сезімді қалыптастыруда үлкен рөл ойнайтыны белгілі. Тіпті, исламдағы үмбет/үммет ұғымын, жамағат ұғымының ең ауқымды формасы ретінде қарастыруға болады [7, 75 б.].

Ислам дініне қатысты кез-келген мәселеде жол көрсететін екі қайнар көз Құран мен сүннет екені даусыз. Жамағатқа қатысты аяттар мен хадистерге көз жүгіртсек жік-жік болып бөліну мен алауыздықты еш құпталмайды, керісінше ауызбіршілік, татулық, ымыраға келуге шақырады. Мысал берер болсақ Әли Имран сүресіндегі бір аятта: «Барлығың Алланың жібін мықтап ұстаңдар және өзара бөлінбеңдер» [Құран 3/103],- деп бұйырады. Сондай-ақ мұсылмандардың діни қағидалар мен Пайғамбар сүннетінің айналасынан алыстамау туралы насихат  көптеген аяттарда кездеседі [6/153, 21/92, 23/52].

Ислам дініндегі жамағат ұғымын кеңірек ұғыну үшін ол тақырыпты жеке бір мақалада қарастырып талдаған жөн. Сондықтан діни топ ретінде мұсылмандықтағы жамаған түсінігіне келесі мақаламызда орын бермекпіз.

Жанболат Құмархан, Исламтанушы

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Wach J. Sociology of religion. – Chicago: The university of chicago press, 1967, 420 p.
  2. Durkheim E., Fauconnet P. Terbiye sosyolojisi çev: Seydol M. – İstanbul, 1991. – 150 s.
  3. Bilgiseven A. K., Genel Sosyoloji. Filiz, 5. baski, –Istanbul 2005. – 252 s.
  4. 4. Мухитдинов Р.С. Діни терминдер сөздігі –Алматы, 2012. – 140 б.
  5. Ислам энциклопедиясы, 35-том, İSAM 2008, – 676 б.
  6. Бұхари, “неке бабы”, 1; Мүслім, “неке бабы”, 5; Зәмахшари, II, 283; Фахруддин әл-Рази, XII, 70).
  7. Mardin Ş. Bediüzzaman Said Nursi olayı, modern Türkiye’de din ve toplumsal değişim 2. baskı. – İstanbul: İletişim Yayınları, 1992. – 353 s.

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here