10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Көңіл қалауына бағыну немесе жасырын пұт

Хақ дін Исламдағы ең ауыр күнә – Аллаға серік қосу. Бұл бүкіл нығметтердің Иесі болған Құдіреті шексіз, Мейірімі зор Алла Тағаланы өз дәрежесінде бағаламаған сорақы әділетсіздік, соқыр шүкірсіздік һәм бітеу надандықтың көрінісі. Серік қосу – өмір Ақиқатын терістеу әрі сол арқылы өзіңді қорлау деген сөз! Өйткені Жалғыз Тәңірден басқа, ойдан-қолдан құрап алған жалған құдай-пұттарға табыну, солардан бір нәрсе күту – Ұлы Раббымыздың пәк болмысына еш нұқсан келтірмегенімен, ең алдымен сол жалған сенім иесін қор қылатын, оның адамдық абыройын жер қылатын; тек оны ғана емес, айналасындағы адамдарды да адасу мен азғындауға бастайтын, тұтас қоғамға зиян тигізетін ауыр күнә. Өйткені жалғанға сүйенген сана өмірдің бар саласына өтіріктің торын жаяды.

Пұт дегеніміз – жалған, жекеменшік «құдай»; нәпсі қалауына сай келетін, өтірігің мен иттігіңді ақтау үшін ойлап тапқан «құдайың». Жалпы жалған «құдайлардың» пайда болу себептерінің түптамыры – ақылдың адасуынан және нәпсі қалаларуына ойсыз ілесуден туындайды. Ал әр ұлыстың «өз құдайына» табынуы – бітпейтін соғыс пен қаныпезер фанатизмге себеп…

Қазіргі заманда, кейбір (мәдениеті сол жалған сеніміне байланған) елдер болмаса, негізінен пұтқа табыну көрінісі келмеске кеткен. Алайда сырттағы қолдан қашалған пұттар жоғалғанымен, санадағы, көңілдегі пұттар сенімді бұзып, тірліктің берекесін кетіріп тұрғаны шындық. Байлыққа, билікке, атаққа табынып, құмарлығының (наша, арақ, темекі, нәпсі-жыныс, т.с.с.) құлы болған, яғни өмірінің басты мақсаты, рахаты етіп сол құмарлықтарын алға шығарған, соған жету жолында ештеңеден тайынбайтын пенделердің қарасы баршылық. Байыптап қарасаңыз, осы құмарлықтардың түп тамыры – адам тәні, менмен эго-нәпсісі. Яғни ең үлкен пұт – пенденің Нәпсісі. Адам – айналып келгенде не Нәпсісінің (қоғамдық деңгейдегі «прогресс, механизм, материализм» секілді пұттардың да көздегені – нәпсі қамы), не шын Құдайдың құлы…

Үнемі тән құмарлықтарына, жеке басының ләззат-қызығына басымдық беретін пенде өз рахатының, өз нәпсісінің құлы болады. Тазармаған нәпсі – шайтанның досы болғандықтан, ол енді әзәзілдің жақтасына айналады. Ал нәпсінің құмары мен айла-шарғысына байланып, қалау-зауықтарын орындау үшін ақша табу жолында халал-харамға мән бермеу, жұрттың ақысын жеу – пенденің үшінші дұшпаны болған Дүниеге құлай берілудің белгісі. Қазақта «құлқынның құлы» деген тіркес, «Құмарың – құдайың» деген ғибратты сөз бар. Сол осы хәл. Өзіңнің пенделігіңе, құмарлықтарыңа құл болу – расында, қорлық! Ал дүниеқорлық, зинақорлық, мәнсапқорлық секілді пәс дүниелердің үстемдік-билігінен құтылып, шын Құдайға құл болу-бағыну – шынайы азаттыққа жеткізетін мәртебе!..

Көбіміз, «шүкір» дейміз, жоғарыда аталған нәпсіге байланған жалған  пұттарды танимыз және ырқынан шығып кеткенбіз. Өйткені мұсылманның  өмірсалты олардың үстемдік жүргізуіне жол бермейді. Бірақ, қасиетті Құранда ескертілген, тағы бір байқалмайтын Пұт бар екен. Оның атауы – көңіл қалауы, құмарлықтар (хәуә); түсініктірек айтсақ: көңіл күйі (настроение). Бұл жайлы аяттарда былай делінеді: «Құмарлықтарын (нәпсінің қалауларын) өзіне құдай етіп алған адамды көрдің бе?..»  («Жасия» сүресінің 23-аяты); «Егер олар саған жауап бермесе, шын мәнінде олардың өз көңілдері тартқан жаққа кеткенін біл. Алланың тура жолынсыз өз көңілдері ауған жаққа (құмарлығына) ілескеннен өткен адасушы бар ма? Ақиқатында, Алла әділетсіз адамдарды тура жолға салмайды». («Қасас» сүресі, 50-аят.)

Бұл пұт қалай билігін жүргізеді? Мазмұны сынақ болған тірлікте көңіл-күйіңізді шайқайтын, ашуға бой алдыратын, ренішке бастайтын неше түрлі оқиғалар орын алып жатады. Сондай бір дегбіріңіз қашып, нәпсіңіз (менмендігіңіз-эгоңыз) тасып тұрған кезде шариғат талабын орындай аласыз ба? Құран үкімі мен хадиске тоқтай аласыз ба? Ақылыңыз бен ар-ұятыңызға жүгіне аласыз ба? Бір сөзбен айтқанда аят-ұятқа тоқтай аласыз ба? Жоқ әлде ішіңізді кернеп тұрған көңіл күйіне ілесіп кете бересіз бе? Міне, іштегі бұл пұттың әсері мен көрінісі, күші осындайда көрінеді! Иманыңыз бен ар-ұятыңыздың қуаты да сол кезде сыналады!

Мысалы: бір туысыңызбен немесе жолдасыңызбен сөзге келіп, ренжісіп қалдыңыз делік. «Туыстан безбеңдер» деген аятты еске алып, «Үш күннен артық ренжімеңіздер, кешірім сұрап, татуласыңыздар» деген хадиске амал ете алдыңыз ба? «Әр дүйсенбі мен бейсенбіде іс-амалдар Алланың құзырына шығарылады; сонда барлығы қабыл болып, тек серік қосушылар мен араздасқан мұсылмандардың амалдары қабыл болмай қайтарылады» деген мағынадағы хадисті ести сала, «өзі кінәлі ғой» деген шайтанның азғыруы мен нәпсінің сыбырына құлақ аспастан, татуласуға талпындыңыз ба? Жоқ бірнәрсе жібермей қойды ма? Жүрегіңіздің бір бұрышында қалған сол нәрсе – «нәпсі» деген пұттың «көңіл қалауы» деген баласы…

Қалай жеңеміз? Ақылға салып сараптаумен, бойымыздағы құбылысты сезініп-түсінумен, шариғат талаптарын орындаумен – мінезімізді көркемдеумен, ерік-жігерімізді жетілдірумен жеңеміз. Өз ойымызды, көңіл күйімізді бақылаумен, олардан асып түсумен, асып түсіп Алла разылығын іздеумен жетеміз. Алла Тағаланы барша нәрседен артық жақсы көрумен, сүюмен жеңеміз! Себебі: сүю – құлшылықтың шыңы, таухидтың талабы! Аяттарда былай делінеді:  «(Уа, Мұхаммед!) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, сонсоң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды!» («Ниса» сүресі, 65-аят.); «Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер Алланы бәрінен артық сүйеді…» («Бақара» сүресі, 165-аят.)

«Бәрі – Құдайдан» деген таухид сеніміне жеткен адам: пенденің құрал екенін, ар жағында сынаушы, тәрбиелеуші Тәңір Тағала тұрғанын түсінеді. Түсінген соң: тез кешіреді, тез татуласады. Назарын жаратылыстан Жаратушыға бұрып, шариғат жолымен «Дидар талап» Мұратына бет алады…

Өзін жақсы көрген, өз нәпсісін бәрінен жоғары қойған пенде ар-ұятының үні мен шариғат талабына селқос келеді. Сондықтан нәпсіні игеру де осы екі тараптан жүзеге асырылса, құба-құп: ар-ұятты тыңдай білу және шариғатты сыйлай білу, яғни рухани сезімталдық пен нұрлы ақыл біріксе, Алланың жәрдемі сол болмақ…

Мың құбылған көңілді игеру – айтар ауызға оңай. Десе де, көңіл толқынындағы нәпсінің қыңырлығы мен ар-иманының шуақты сәулесін ажырата білу – адамшылық талабы. Лап еткен сезімге ие бола алмай қалғанмен, артынша иілу, жіберген қателікті түзеу – нәпсісіне би болған ердің сипаты. Тән мен жанның бел баласы көңілдің кірлемеуіне мән беру – иман талабы. Осы үддеден шығу – көңіл қалауын пұтқа айналдырмаудың шарты.

Түйіндей кетсек: Серік қосу күнәсінің кешірілмеуі – біріншіден: барша жаратылыстан артық көріп, сүйіп жаратқан Иесін өз ойы мен әрекетінде кемсітіп қорлағаны үшін; сол арқылы өзінің де «халиф-орынбасар» деген абыройлы атына күйе жағып, сенімді ақтамағаны үшін;  екіншіден: әлімсақта берген Уәдесінде тұрмағаны үшін; үшіншіден: адамдар арасындағы алауыздық пен қантөгістің, бақытсыздық пен қасіреттің басты себепкері болғаны үшін.

Шын Құдайға құлшылық – Оны танудан, шексіз разылықтан, зор құрметтен, риясыз сүйіспеншіліктен туындайды. Шын Құдайын танығанға пұт – проблема емес! Сондай дәрежеге жеткізсін!

Алғадай Әбілғазыұлы

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here