10 C
Almaty
Жұма, Қыркүйек 22, 2023
Жұма, Қыркүйек 22, 2023

Кеңестік Қазақстандағы ислам дініне қарсы атеистік саясаттың салдары

Тарихымызды танып білудің бәрінен де маңызды екені белгілі. Айталық 2013 жылы «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламаға жол ашылып, ауқымды зерттеулер жүргізу мәселесі де көтеріле бастады. Соның ішінде Кеңестік Қазақстандағы ислам діні мәселесі де – әлі де түбегейлі қарастыруды қажет ететін түйткілді тақырып. Шындығында да Кеңестік Қазақстандағы ислам діні мәселесін жалпы отандық тарихтың ажырағыссыз  бір бөлшегі десек те, бұл саланың тар шеңберден шыға алмай, індете зерттелмей отырғанын жасыруға болмас. Сондықтан да кезінде атеистік саясат салдарынан қоғамда дін турасында біржақты қате түсінік қалыптастырылып, зерттеу аясынан шет қалыңқыраған бұл мәселеде жаңаша көзқарас, жүйелі зерттеу, тың серпін керек-ақ. Өйткені сол кезеңдегі исламға қарсы саясаттың, қарқынды теріс үгіт-насихаттың астарын ашу арқылы біз  Кеңестік Қазақстандағы діни ахуалды жан-жақты зерттеп, оның  елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи және мәдени дамуын қаншалықты тежегенін  анықтай аламыз. Демек Елбасымыздың «Тарихтағы өз орныңды білу, бабала­рыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Еуразия тарихында ұлы істерге ұйытқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар…»,-деп  туған тарихымызға тереңірек үңілуге, байыппен зерделеуге шақыруы бекер емес.

Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама­лық мақаласындағы  тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпаққа аманаттау, оны дүние жүзіне  таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын ұсынылуы,  «Қазақстанның киелі жерлерінің, географиясы» жобасының қолға алынуы, т.б. ұрпақ қамын, ұлт болашағын әріден ойлаудан туған тың бастамалар. Тіпті жарық көрген «Ұлы  даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлт Көшбасшысының: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыз­дың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұ­мыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жыл­намасындағы ақтаңдақтарды қайта қал­пына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы табысты іске асы­рыл­ды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көп­теген деректі құжаттар, әлі де болса, ғы­лыми айналымға түскен жоқ. Олар әлем­нің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі за­манға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отан­дық және шетелдік мұрағаттар дү­ние­сіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағ­дар­­ламасын жасауымыз қажет деп санай­мын[1]» деуі де туған тарихымыздың «ақтаңдақтарының» әлі де болса аз еместігін айғақтай түседі. Кеңестік Қазақстанғы исламға қатысты мұрағат құжаттарының да өз зерттеушілерін күтіп жатқаны анық.

31 – мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасады. Онда «Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүзмыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді» – деді. Былтыр қуғын – сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарына  тарихи әділеттікті қалпына келтірумен айналысады. Осылайша Кеңестік дәуірдегі жазықсыз жазаланған имам-молдаларды, ахун-ишандарды, діндар қауымды ақтауға мүмкіншілік туды.

Расында да большевиктік биліктің  қалыптасуының алғашқы жылдарында коммунистер дәстүрлі исламның ел арасында кеңінен таралуына, әр адамның  діни сенім бостандығына кепілдік берілуіне тосқауыл қоймай, уақытша болса да оң саясат ұстанды. Мұны 1922 жылы Уфа қаласында Мұсылмандардың Орталық рухани басқармасын (МОРБ), Башқұрт Рухани басқармасы мен Қырым мұсылмандары діни істерінің халықтық әкімшілігінің т.б.  құрылуынан да байқауға болады. Тіпті МОРБ-ның «халықтар достығын», «барлық елдердің пролетарларын біріктіу» секілді бос дақпырт пен жалаң үрандарды ту еткен большевиктік биліктің күннен-күнге бел алып бара жатқанына қарамай,  КСРО-ның барлық мұсылмандары үшін рухани орталық болуға ұмтылуын ерлік деп те бағалауға болатын сияқты. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, олардың елімізде  жергілікті муфтияттар құру талпынысы жүзеге асқан жоқ. Өйткені  ОГПУ-дың Шығыс бөлімшесінің агентуралық бөлімі исламның ықпалының артып бара жатқанын ұдайы бақылап, қарсы  үгіт-насихаттық жұмыстарын күшейтіп отырды, дінге қарсы теріс ақпараттар таратуды да тоқтатпады. Нәтижесінде ол1928 жылы Кеңестік Қазақстанның МОРБ-ның қарауынан шығып кетуіне алып келді[2].

Жалпы  кеңестік биліктің исламға және мұсылмандық білімге қарсы үгіт-насихаттық жұмыстары алғашында астыртын түрде жүрген болса, коммунистік билік толық орнасымен ол қатаң әрі ашық түрде жүзеге аса бастады. Осыған байланысты түрлі декреттер, заңнамалар, қаулылар, тәртіптік ережелер шығып, оны жүзеге асыруда «асыра сілтеуге»  жол берілді. Дінге қарсы идеологиялық қысым да мейлінше артты. Яғни  атеистік кітаптардың оқу-ағарту саласында кеңінен насихатталуы, дінді «апиынға» теңеу өз нәтижесін бермей қалған жоқ, қайта  «атеистік комитеттердің» белсенді әрекеті өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де кері әсер етіп, жастар рухани тірегінен, ата дәстүрінен біртіндеп ажырай бастады.

Былайша айтқанда 1921 жылдарда  ел ішінде шариғаттық соттар өз қызметін жалғастырып, дін басылары Кеңес үкіметінің саясатына белсене араласқанымен, Ораза айт және Құрбан айт секілді діни мерекелерді тойлауға тыйым салынбағанымен, бұл жылымық ұзаққа созылмады. Өйткені исламға қарсы жоспарлы іс-қимылдар осы тұста күшіне еніп, мешіттерді жабу науқаны 1929 жылға дейін созылды.

Ал 1922 жылдың 19 қазанында «Дінге қарсы комиссия» құрылысымен, жас буынды коммунистік идеологияның шырмауында ұстауды мұрат тұтатын  ауқымды шаралар қолға алынып, жастарды  «пионер» және «комсомолға» өткізу үдерісі тоқтаусыз жүріп жатты. Нәтижесі белгілі. Қашанда ислами құндылықтарға сүйене отырып ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін сеуіп,  ата-анаға құрметті діни тәрбие арқылы беріп отырған халқымыздың отбасы институты күйреді, сан ғасырлық ұлттық тәрбиеге де сызат түсті. Соның салдарына туған ата-анасын, бауырларын жау санайтын П. Морозовтардың, «батыр бала Болатбектердің» заманы туды. Олардың адам шошырлық әрекеттері «ерлік» деп дәріптеле бастады. Мұның баршасы даатеистік үгіт-насихаттық жұмыстарының,  жас ұрпақың санасына  коммунистік идеяларды сіңірудің жемісі болатын. Осыған байланысты Ресейлік Коммунистік Жастар Одағы (РКЖО) құрылып, олар бірінші кезекте дінге қарсы күрестің  жаңа жүйесін жасады, жаңа кеңестік рәсімдерді үйлестіруді қолға алды.

Одан бөлек исламға қарсы насихат жұмысын жандандыру үшін арнайы мекемелер, бөлімдер  ашылып, олардың мүшелері атеизмді насихаттау мәселелеріне байланысты құжаттар даярлаумен айналысты, арнайы дінге қарсы мәжілістерді ұйымдастырып отырды [3].

Ал 1925 жылдың 15 қазанында Орталық Комитеттің арнайы ережесі қабылданып, соның аясында  Казкрайком «дінсіздікті» өміршең етуге жан сала кірісті. Дінге қарсы күрес те жаңа сипатқа ие болып, діни бірлестіктердің бас қосуына үзілді-кесілді  тыйым салынды, діни идеологияның таптық мәні халық арасында түсіндіріліп, оған қарсы шыққандар қатаң жазалана бастады. Ел ішінде діннің ғылымға қарсы сипатын материалистік дүниетаныммен байланыстырып түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мешіт пен түрлі діни идеологтардың насихаттық жұмыстардың алдын алу басты назарға алынды[4].  Тарқата айтқанда, діни идеологияның орнын  ешқандай негізі жоқ коммунистік идеология басты.

Мұны мұрағат деректеріндегі нақты айғақтар арқылы да толық дәлелдеуге болады. Мәселен, 1928 жылдың өзінде Сырдария облысында 276 мұсылмандық мектеп қызметін атқарып, онда 5150 шәкірт білім алған болса,  рухани құндылықтарымыздан бас тартудың, исламға деген билік органдарының теріс қөзқарасының салдарынан аз жылда-ақ  ондай діни ағарту орындарынының есігіне құлып салынып, көбі қиратылып, халықпен тығыз байланыста болатын имамдардың тізімін жасалып, тұтқындалды, қуғын-сүргінге ұшырады .

Ал біз айтып отырған  исламды қазақтан алшақтатау үдерісі кезінде ел тізгіні В.И.Нейнишвили (1924-1925 жж.), Ф.И. Голощекин (1925-1933 жж.) және Л.И.Мирзояндардың  (1933-1938 жж.) қолында  болды. Байыппен үңілсеңіз, бұлардың қай-қайсысы болмасын, халқымыздың ұлттық болмысынан,  салт-дәстүрінен мұқым-мүлде бейхабар жандар.

Әрине, мұндай бассыздыққа қазақ зиялылары, олар басқарып отырған мерзімді басылымдар көз жұма қараған жоқ. Қапысын тауып, аяусыз сынады, кемшіліктер мен асыра сілтеулерді көзге шұқып көрсетіп отырды. Бұл басылымдар дінге қарсы күресте де анау айтқандай белсенділік танытпады. Сол басылымдардың бірі әрі бірегейі – «Ақ жол» болатын. Осы «дінсіздікке» байланысты жұмыстарда И.В.Сталинді «Ақ жол» газеті туралы Киркрайком бюросының барлық мүшелеріне 1925 жылдың 29 мамырында жіберген хатына байланысты Қазкрайқомның жауабы қанағаттандырмады.

«Ақ жол» газеті негізінен Түркістан республикасының аумағын қамтығанымен, ол ішінара Қазақ автономиялық республикасына да тараған. Тіпті, оның астыртын жолдармен шет елге де тарағандыңын М.Шоқайдың енбектері арқылы біле бастадық республикалық басшылық бекіткен 12 мың дана газет тиражы сол кезең үшін аз емес еді. Ал партиялық  билік баспасөзге қатаң бақылау орната бастаған тұста атеизмді, барлықтар бірлігін тиісінше ұдайы әрі кең көлемде насихаттай алмаған Сталинннің сол бір салқын көзқарасынан соң  газет мазмұны ұлтжанды сипатынан айырылып, қатаңресми қалыпқа түсті. Оның үстіне Республикалық мәртебесінен айырылған газетке Қазақ автономиялы республикасы жоғары билігі тарапынан ешқандай көңіл бөлінбеді де,  жабылуына алып келді. «Ақ жол» газеті сынға алынып, газет бағыты жағынан антикеңестік делінді. Шындығында да газетке Кеңес өкіметіне қарсы бағытта жазылған мақалалар жарияланып жатты.

Ал жоғарыда айтылған Сталиннің көзқарасына келер болсақ, ол ұлттық сипаттағы басылымның дінге қарсы күресте бейтарап позиция ұстанғанымен, ұлтттық мәселеге келгенде үнсіз қала алмайтын өткірлігінен шошып, мұндай басылымның  тез арада жабылуын қолдады. Бұл ойымызды «халықтар көсемінің» : «…Я имел возможность на днях познакомиться с журналом «Ак-Жол». Я вспомнил с связи с этим некоторые статьи небезизвестного Чокаева в белогвардейской печати и к ужасу своему открыл некоторое ,так сказать, духовное «единство» между этими статьями и журналом «Ак-Жол». Невероятно, но факт. «Ак-Жол», конечно, помимо своей воли дает громадный материал Чокаеву… » [5],- деп басталатын мына бір  хаты да толық дәлел бола алады.

Ал Ф.И. Голощекин  басшылық жасаған жылдарда елімізде зорлық пен зобалаң орын алып, 1926 жылы С.Сәдуақасов, С. Қожанов секілді тұлғалар «ұлтшылдықпен» айыпталды, қудалауға ұшырады. Сұмдығы сол, осы жылы  Казақстан КСР мұсылмандар дініне қарсы үгіт-насихаттық тезистері жарияланып, ислам діні шаманизммен салыстырылды «Ислам таптық езушілік құралы, байларға қызмет етеді» деген ұстаным пайда болды. Тереңірек ойлансаңыз, осы іспетті көптеген құжатттардан-ақ «теңдікті» ту еткен әкімшіл-әміршіл жүйенің шынайы бет-бейнесі көрініп тұрған жоқ па?!

Жалпы ұр да жық, шолақ ойлы Ф.И. Голощекин сияқтылар  И.В. Сталиннің саясатын артығымен асыра сілтеп орындау үшін де керек болған сияқты. Өйткені бүтіндей бір республиканың тоз-тозын шығарса да оған айтарлықтай қолдау көрсеткендігі туралы көптеген құжаттық дәлелдер бар. Мәселен,  Голощекинге астыртын жіберген қарарлардың, тапсырмалардың бірінде ол былай дейді: «…Атеизмге халықты сендіру, иландыру үшін міндетті түрде дінге қарсы құғын-сүргін саясаты жүргізілуі тиіс. Бұл саясат еш жарияланбай, құпиялық мазмұнда, біртіндеп іс жүзіне асырылу қажет. Сонымен қатар діни мәселелерді зерттеуге жол берілмейді. Ислам «дін-апиын» деген танымдық мағынада және коммунистік таптық идеология шеңберінде қалады» [6].

Осылайша Ф.И. Голощекиннің дінмен күресу үдерісін қазақ зиялы қауымын жаппай жазалауға ұластыруы исламның ел ішіндегі ықпалын басыбүтін жойып жібермесе де, қатты құлдыратқаны белгілі. Тіпті 1932 жылдың 15 мамырында И.В. Сталиннің үкіметі қол қойған «Құдайсыз бес жылдық жоспары» жария  болғанда елде тұрғындар  Құдырет Иесінің есімін атауға да қорықты.

1929 жылы дін қайраткерлерін, еліміздегі ислам ілімінің ғұламаларын қудалау басталып, еліміз діни-рухани тұрғыда дағдарысқа тап болды. Ал жоғарыдағы Сталинннің өкімінің ауқымдылығы сонша, жоспарлы түрде әбден елеп-екшелінген осы қарар негізінде 1932-1933 жылдары барлық шіркеулер, синагогалар мен мешіттер, 1933-1934 жылдары идеологиялық үгіт-насхаттың нәтижесінде барлық діни идеялар жоқққа шығарылып, күресінге тасталып, 1934-1935 жылдары әсіресе жастар арасында «дінсіздікті» тарату шарықтау шегіне жетіп, 1935-1936 жылдардың соңына қарай діни орындар мен барлық діни қызметкерлер жойылып бітуі керек болатын [7]. Бұл міндеттің артығымен орындалғаны да айқын.

Шындығында  Патшалық өкімет тұсында ұлтымызды жасырын, астыртын түрде  шоқындыру қолға алынса, Кеңестік Қазақстанда құдайсыздық белең алды. Кейбір белгілі белсенділердің де  бұл үдеріске сүбелі үлес қосқанын бүгінде мұрағат құжаттары да айғақтап отыр . Мысалы Кеңес өкіметінің орнауына белсене араласқан большевик Әліби Жангелдиннің Мәскеу мұрағаттарынан алынған, 1925 жылы  Орталық Комитетке және оның хатшылары И. Сталин мен В. Молотовқа  жазған жеті беттен астам хатында

ол Қазақ Автономиялық Кеңестік тарихи бесінші съезі барысын, орын алған мәселелерді баяндай келе арыз-шағымында: «Съезде ілінген жалаулардың ішінде бұрынғы Алаш-Орда өкіметінің жасыл туы желбіреп тұр. Онда «Алла жар болсын! Барлық мұсылмандарды Мұхаммед пайғамбарымыз бен қасиетті Құран қолдап жүрсін!» [8],- деп жазылған дейді. Мұрағат дерекерінде осы сияқты арыз-шағымдар, дінді құбыжық етіп көрсетуге ұмтылушылық жетіп артылады.

Ұлттың рухани құндылықтарын сақтау, туған тарихымыздың осындай қасіретті беттерінің шындығын ашу, ислам құндылықтарын ұрпаққа мейлінше дәріптеу – қасиетті борышымыз. Сонда еліміз өркениет көшінен кейін қалып қоймай, кемел келешекке, жарқын болашаққа нық қадам басатын болады.

«Байырғы ұлы бабаларымыздың ұрпағы ретінде, біреудің шайнап бергенін малдану бізге жараспайды. Сондықтан да өткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті» деп Тұңғыш Президентіміз тәмсілдегендей, зар замандар мен талайлы кезеңдерді бастан кешіп, тәуелсіздік жолында талай тар кезеңдерден өткен халқымыздың, дана бабаларымыздың  арман–аңсарын өмір шындығына айналды. Ендеше тарихымызды тану да күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Яғни ізгілік нұрын таратушыларды «шпион», «Түркия мен Жапонияға» қызмет етуші жансыз, «халық жауы» етудің асарында не жатыр? Өскелең ұрпаққа осыны жете ұғындыру керек.Қазіргі кезге дейін бәзбір  имам-қазіретттердің  жеке ісі «аса құпиялы» саналады,  зерттеушілерге қолжетімді емес. Бұл да ескерерлік мәселе. Демек Кеңестік Қазақстандағы ислам діні мәселесін тереңірек зерттеу алдағы уақытта қолға алынуы керек.

 

Темур Аманқұл – Дінтану ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің оқытушысы.

 

Әдебиеттер

  1. 1.Назарбаев Н. Ұлы даланың жеті қыры // Егемен Қазақстан, 21 қараша,2018 жыл.
  2. ҚР ПМ, 708 қор, 34 тізбе, 1651 іс, 182-183 парақтар.
  3. Хенци П. Спектр и последствия внутреннего националистического диссидентства: исторические и функциональные сравнения // Советские национальности в стратегической перспективе. – М.: Прогресс, 1986. – С. 33-70.
  4. РФ ММ, 17 қор, 3 тізбе, 523 іс, 7 парақ.

5.ҚР Президенттік Мұрағаты 141-қор, 1-тізбе, 479а – іс, 1-2 пп.

  1. РФ ММ, 558 қор, 1 тізбе, 5267 іс, 1 парақ.
  2. Струве Н. Христиане в СССР. – М., 1998. – C. 87.

8.Ресей Федерациясының әлеуметтік-саяси тарихының мұрағаты (РФМӘСТМ). 17-қор, 67-тізбе, 82-іс, 241-п.

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here