16 C
Almaty
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023
Бейсенбі, Қыркүйек 21, 2023

Тәфуид және тәуил әдісі

Ислам тарихында Құран және сүннеттегі мүтәшабиһ (бірнеше мағынасы бар) аят, хадистерді түсіну мәселесінде Әһлу сунна уәл жәммаға ғалымдары арасында екі ұшты көзқарас бар. Олардың әрбірі өздерінің көзқарасына дәлел ретінде «Әл-Ғимран» сүресі, 7-аятын келтіреді. Сырттай қарағанда бұл екі түрлі көзқарас қарама-қайшы сияқты көрінгенімен, негізгі ойлары бір жерден түйіседі. Тақырыпқа кіруден әуел, «Әл-Ғимран» сүресі, 7-аяты туралы ғалымдардың көзқарасын келтіре кетелік.

Имам әл-Жассас, Құрандағы: «Ол (Алла) саған Құран түсірді. Онда мухкам (мағынасы айқын) аяттар бар. Олар Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары мүтәшабиһ (мағынасы нақты ұғынықты емес) аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар «қалай бүлік шығарып (адамдарды адастырамыз һәм қалай нәпсі қалауымызға қарай) олардың жорамалын жасаймыз» мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі. Шын мәнінде оның нақты жорамалын тек Алла және ғылымда тереңдегендер де біледі, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді…» (Әл-Ғимран сүресі, 7-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Бұл аятта Құранның кейбір аяттары мухкам, кейбір аяттары мүтәшабиһ болып екі түрде болатыны айтылады. Ал «Һуд» сүресі, 1-аятында: «Әлиф, Ләм, Ра. Бұл (Құран) – аяттары толық кемеліне жеткізілген кітап» делініп, Құран аяттары толығымен мухкам екендігі айтылса, «Зүмар» сүресі, 23-аятында: «Алла ең көркем сөзді (Құранды) мүтәшабиһ Кітап ретінде түсірді» деген аяты Құран аяты толығымен мүтәшабиһ ұғымына келеді. Осы жерде аяттардың кейбірі «мухкам» делінуі – кейбір мағынасы анық болмаған аяттарға негіз саналатын мағынасы анық аяттардың барын, ал аяттардың барлығы «мухкам» делінуі – Құранның әрбір аяты дұрыс және сенімділігімен өзге әрқандай бір сөзден абзалдығын көрсетеді. Аяттардың барлығы «мүтәшабиһ» делінуі болса, аяттардың арасында өзара бірін-бірі толықтыру, тұтастық барын білдіреді»[1] деген.

Құрандағы мүтәшабиһ аяттардың мағынасын Алла ғана біле ме, жоқ әлде ғылым иелері де іздену нәтижесінде тұспалдап аша ала ма? деген мәселе туралы ғалымдардың көзқарасын Қайрат Жолдыбайұлы былай түсіндіреді: «Мүтәшабиһ аяттардың жорамалын жасауға, ондағы мұрат болған мағынаны айқындауға бола ма?» дегенде ғұламалар екі пікірді ұстанған. Бірінші топтағылар қарсылық білдірген. Себебі, мүтәшабиһ аяттардың мағынасы ол Аллаға ғана аян, мұны аяттың өзі баяндап тұрғандығын алға тартады. Бұл көзқарастағылар: «Шын мәнінде оның нақты жорамалын тек Алла біледі және ғылымда тереңдегендер де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аяттың «Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла біледі» деген жерінен сөйлемді аяқтап, тоқтайды. Сөйлем бұл жерде аяқталған жағдайда, мүтәшабиһ аяттардың жорамалы мен мағынасын Алла ғана біледі деген мағына шығады. Одан кейінгі «және ғылымда тереңдегендер де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аят жаңа сөйлем болып басталады. Сөйлем бұл жерден басталған жағдайда ғылымда тереңдегендер «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» деп, мүтәшабиһ аяттардың мағынасын білмейтіндіктерін мойындап, терең бойұсынушылықпен иман келтіреді де жорамал жасаудан бас тартады деген мағына шығады. Сәлафус-салихиндердің көбісі тура мағынасы белгілі бір ағзаны яки жаратылысқа тән іс-әрекеттерді білдіретін аяттар – жоғарыда білдірілген мүтәшабиһ аяттарға жататындығын алға тартып, оны жорамалдауға болмайды деген көзқарасты ұстанған.

Ал, екінші топ ғұламалар мүтәшабиһ аяттардың мағынасын ғылымда тереңдегендер де біледі, сондықтан жорамал жасауға болады деген көзқарасты ұстанады. Олар да жоғарыдағы аятты өз көзқарастарына басқа қырынан дәлел ретінде келтіреді. Олар «Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла біледі» деген тұстан емес, «және ғылымда тереңдегендер де» деген жерден бірақ тоқтап, сөйлемді осы жерден аяқтайды. Сөйлем бұл жерден аяқталған жағдайда «мүтәшабиһ аяттардың жорамалы мен мұрат болған мағынасын Алла және ғылымда тереңдегендер де біледі» деген мағына шығады. Ал, оның жалғасында келетін «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аят жаңа сөйлем болып басталады[2].

Ислам дініне өз салқынын тигізген мүшаббиһа (Алланың затын жаратылысқа ұқсататындар), мүжассима (Аллаға жисм-дене, ағза-мүше телитіндер) және муғаттила (Алланың есім-сипаттарының бәрін немесен кейбірін жоққа шығаратындар) сынды ағымдарға әсерленген кейбіреулер, тәфуид – сәлаф (алғашқы үш ғасырда өмір сүрген) ғалымдардың мәзһабы, тәуил – халаф (соңғы ғасырларда өмір сүрген) ғалымдардың, әсіресе, Матуриди және Әшғари сенімдік мәзһаб ғалымдарының жорамал жасау арқылы адасқан жолы, – дейді. Мұндай көзқарас Ислам ғұламаларына жабылған жала екендігін діни еңбектерге үңілу негізінде көрумен қатар, «Тәуил» тәсілі адасуға апаратын жол емес, керісінше діннің мәніне тереңдеп үңілу, ақиқатты көпшілікке ашып түсіндіру екендігін ұғамыз. Сөзімізге төменде бірер дәлел келтіре кетелік.

Тәуил – дін білімінің мәнін ашып түсіндіру мағынасында дедік. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.ғ.) өзінің сүйікті сахабасы Ибн Аббасқа (р.ғ.): «Уа, Аллаһым! Оны дін білімінің тәуилін көкейіне салып ғалым ет»[3] деп дұға жасау кезінде «Тәуил» сөзін қолданады. Яғни, бұл хадис Құран аяттарына тәуил жасаудың дұрыстығының тағы бір дәлелі.

Осы ғалым сахаба Ибн Аббас (р.ғ.) Құрандағы: «Қиындық күнінде ақиқат ашылады» («Қалам» сүресі, 42-аят) деген аяттағы «Сақ» сөзіне тікелей мағынасы болған балтыр, жіліншік мағынасын бермей, астарлы «қиямет күні, қиындық күні» деген мағынасын берсе[4], Құрандағы: «Одан (Алладан) басқаның бәрі түбінде жоқ болады» («Қасас» сүресі, 88-аят) деген аяттың мағынасы жайлы Атоның Ибн Аббастан риуаятында және әс-Сәури: «Алла қалаған нәрсе ғана мәңгі қалады» десе, Даххак және Әбу Ғұбайда: «Оның заты ғана мәңгі қалады» деген[5]. Яғни, сахабалар мен тәбиғиндер мүтәшабиһ аяттарың сыртқы мағынасы болған «жүзі, беті» мағынасын қабыл етпей, астарлы мәні болған Алланың заты, мәңгі болуын қалаған махлуқаты мағынасын беріп, тәуил (жорамал) жасаған.

Имам Ибн Атия әл-Әндалуси: «Алла Тағала: «Ол (Алла) қайда болсаңдарда сендермен бірге» («Хадид» сүресі, 4-аят) деген. Яғни, Алланың құдіреті (жәрдемі) және білімі (істеріңнен хабардар болып тұруы) «сендермен бірге» сөзінің мағынасы. Аятты осылай тәуил (жорамал) жасауға үмметтің ижмәғы (бір ауыздан келісуі) бар. Ижмәғқа аяттың сыртқы (денемен бірге болу) мағынасын алмаған, астарлы мағынасына иман ете отырып, тәпсір жасамағандар да кіреді»[6] деген.

Имам әл-Құртұби, Құрандағы: «Алланың екі қолы да ашық» («Мәйда» сүресі, 64-аят) деген аятты былай түсіндіреді: «Алла Тағаланың нығметтері сан жетпес көп. Бұл жердегі «екі қол» сөзінің зікір етілуі болса, дүние және ақырет нығметтерінен ғибрат»[7] деген. Яғни, аталмыш ғалымдардың ешқайсысы аятқа ағза-мүше сияқты сыртқы мағынасын бермегенін көреміз.

Имам ән-Нәуәуй, Алла елшісінің (с.а.с.): «Алла екеуіңнің түнде қонақтарыңа көрсеткен құрметтеріңе ғажаптанды» деген хадисті түсіндіру барысында: «Қади: «Алланың ғажаптануындағы мақсат – сол іске разы болуы», – деді»[8], – десе, Алла елшісінің (с.а.с.): «Ұлы Раббымыз әр түні түннің үштен бірі қалған уақытта аспан әлеміне түседі. Содан кейін: «Кім Маған дұға етсе, дұғасын қабыл етемін», – дейді…» деген хадисі туралы: «Бұл Алланың сипаттарын баяндайтын хадистерден болып табылады. Мұндай мәселелерге қатысты көпшілік сәләф және бір бөлім мүтәкаллим ғалымдардың көзқарасы бойынша, Алла Тағаланы жаратылысқа тән қозғалу, жөткелу, т.б. сипаттардан пәктей отырып, Затына лайықты түрде иман етеді, тәуил жасамады. Яғни, хадистің сыртқы мәнін мұрат етпейді. Енді, бір бөлім сәләф ғалымдар мен көпшілік мүтәкаллим ғалымдардың көзқарасы бойынша, хабари сипаттарға тәуил жасалады. Мәлік ибн Әнас сынды ғалымдар, хадистегі: «Раббымыз түседі» деген сөзді – Алланың рахметінің түсуін, әмірінің және періштелерінің келуін білдіреді», – деп тәуил жасаса, тағы бір бөлім ғалымдар, «Сол уақытта дұға-тілек жасағандардың дұғасын қабыл ету мағынасын білдіреді», – деді»[9] деген.

Қорытай айтар болсақ, сәлаф ғалымдар «Тәуил» жасамады, мүтәшабиһ аят және хадистерді тек қана сыртқы мағынасы негізнде түсінді деудің өзі үлкен қателікке ұрындырады. Осы жерде дін адамдары арасындағы «السلف أسلم والخلف أعلم وأحكم» (Сәлаф ғалымдар есендікте, халаф ғалымдар білгіш, үкім шығарғыш) деген кең таралған мәтелдің де дұрыс еместігін айта кеткен жөн. Бұл мәтелді бүгінде өзін сәлафиміз (сәлаф ғалымдар жолын ұстанамыз) деп, халаф ғалымдарды жоққа шығаратындар көп айтады, өздерінің ыңғайына пайдаланады. Біз сәлаф ғалымдардың мәзһабы «Тәфуид» болған, халаф ғалымдардың мәзһабы «Тәуил» деп бірінен екіншісін бөліп қарамаймыз әрі олардың арасында үзілмеген тізбектің барын да баса айтамыз. Сәлаф ғалымдардың мүтәшабиһ аят және хадистерге «Тәфуид» жасауы «Алланың бұл сөзінің ешқандай мағынасы жоқ» деп қалдыра салу емес, керісінше аят, хадистің сыртқы (ағза-мүше сынды) мағынасын мақсат етпеулері. Яғни, халаф ғалымдардың «Тәуил» әдісінде де басты мақсат осы. Осы тұрғыдан мүтәшабиһ аят, хадистердің сыртқы (ағза-мүше, дене сынды) мағынасын мақсат етпей түсіндіруде ғалымдардың ижмәғы бар. Сондай-ақ, халаф ғалымдардың мүтәшабиһ аят, хадистерге кең тәуил жасауы адамзаттың түрлі қажеттілігінен туындаған әрі бұл жол сәлаф ғалымдарының жолына қайшы емес. Керісінше, соларың ұстанымын кеңінен нәсихаттап, ары қарай дамыту болып табылады.

 

Самет Оқанұлы,

Исламтанушы

 

 

[1] Имам Әбубәкір әл-Жассас, Әхкамул Құран, 2-том, 3 б.

[2] Қайрат Жолдыбайұлы, Дін мен Діл, 1-том, 135-136 бб.

[3] Мүснаду Ахмад, 4-том, 225 б. 2397 хадис.

[4] Сайф ибн Әли әл-Ғасри, Қаулут-тамам би исбатит-Тафуид мәзһабан лис-салафил-кирам, 395 б.

[5] Задул-муяссар, 6-том, 251 б.

[6] Әл-Мухаррарул-уажиз, 5-том, 257 б.

[7] Имам әл-Құртұби, Жәмиғу әхкамил-Құран, 6-том, 236 б.

[8] Шарху сахих Мүслим лин-Нәуәуй, 14-том, 209-бет.

[9] Мүслим, 1-том, 521-бет. 758-хадис; Доктор, Омар Абдулла Камил, Әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф, «Әл-Уабилус-Сайиб» баспасы, Қаһира. – 2011. 800 б. 325-бет.

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here