-12.1 C
Almaty
Жексенбі, Қараша 27, 2022
Жексенбі, Қараша 27, 2022

Майлықожаның діни дүниетанымынына концептуалдық талдау

ХХ ғасыр соңында ғылым адамзаттың мәдениеті мен тарихында діннің маңызын қайта мойындады. Сондай-ақ әлемдегі жаһандану үрдісінің нәтижесінде қоғамдағы діннің рөлі күн сайын артуда. Сондықтан еліміздегі діни тұрақтылықты сақтап, діннің дұрыс бағытта дамуына жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда тарихтағы дін туралы сөз қозғап, өз кезегінде оның жанашыры бола білген ұлы тұлғаларымызды халыққа, әсіресе жастарға жақыннан таныстырып, олардың еңбектерінің өзегіне айналған діни мәселелерге дінтанулық-исламтанулық тұрғыдан концептуалды талдау жасай отырып халыққа ұсынудың рухани жаңғыруымызға да септігін тигізеріне күмән жоқ. Осы себепті ғылыми зерттеуімізге сол ұлы тұлғалардың бірі – Сұлтанқожаұлы Майлықожаның шығармаларындағы діни ұстанымы мен ой-идеяларын негіз етіп алып отырмыз.

Қазақ даласына шариғат кең тарап, мұсылмандық дәстүр халықтың негізгі ұстанымына айналған тұста ислами сенімнің маңыздылығы арта түскені хақ. Осы орайда халықты өздерінің өлең-жырларымен сусындатып, уызын қандырып жүрген ақын- жырауларымыздың бұл тақырыптардан қалыс қалмағаны белгілі. Сондай ақындарымыздың бірі Майлықожа болатын.

Атақты Жамбылдың өзі «Майлықожа, Сүйінбай пірім еді сиынған» деп ақындығы мен ғибраты мол өлең-термелеріне бағасын берген Майлықожа өзінің шығармаларына көбінесе ислами негіздерді арқау етіп отырған. Әсіресе, ақынның шығармаларынан ислам сеніміне қатысты ой-пікірлерді, тқжырымдарды көптеп кездестіруге болады. Мысалы, сондай өлең жолдарының бірінде халыққа Алла тағаланы кең таныту мақсатында ақын Жаратушы иенің

«ирада», яғни қалау сипаты туралы жырлайды. Егер Алла қандай да бір нәрсенің болуын қаласа болда, сол мезетте болатынын айтады:

«Бісміллә» дедім, ия Алла,

Екі әріп «кәф» пен «нун» болды,

«Кәф» пенен «нун» қосылса, Оқымаққа «кун» болды, – дейді ақын.

Арабшадағы «Кун» сөзінің мағынасы «бол», яғни Алла қаласа болады, сол мезетте жүзеге асады дегенді білдіреді [1]. Осы өлең жолдарынан Майлықожаның теологияны терең түсінгеніне көз жеткіземіз. «Кун», яғни Алла тағаланың «бол» деген әмірі жайлы Құранда сегіз жерде айтылған. Мысалы, Құранның бір аятында: «Бір нәрсенің болуын қалағанда, сөзіміз тек қана оған: «Бол» деу; сонда бола қалады» делінген [2]. Алла бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын Өз қалауы бойынша жасайды. Алланың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе шарасыз, яғни еш нәрсе Оның қалауындағы нәрсеге әсер ете алмайды. Бүкіл ғаламшардың және бізге беймәлім басқа да әлемдердің басқарылуы мен ішінде болып жатқан әрбір іс тек Алла Тағаланың қалауымен жүзеге асады. «Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы» [2] аяты бұған толық дәлел. Алла қалаған нәрсеге «бол» әмірін берген мезет, сол нәрсе болады. «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола кетеді» [2] аяты Жаратушының бұл сипатының қаншалықты құдіретті екендігін паш етеді.

Аспан мен жердің арасындағы барлық жанды жансыз нәселердің, жүгірген аң мен ұшқан құстың, адамзат баласының, бір сөзбен айтқанда ғажайып ғаламның жаратушысы – құдіретті құдай екендігін паш етеді. «Бақара» сҥресінің 117 – аятында: «Ол, көктер мен жерді жоқтан бар етуші. Егер бір істің болуын қаласа, сонда тек қана оған «бол» дейді. Ол, бола қалады» [2] деп айтылған, Алланың құдіреті жайында Майлықожа өз өлең жолдарында былай жырлаған:

Жаратыпты бір құдай, Аспан мен жер, күн мен ай. Орман, тоғай, тау мен тас, Бірі биік – бірі сай [3].

Көрінгенін молдалар Кітапқа қарап айтады, Саһар уақыт болғанда Пәленің бәрі қайтйды.

Бұл жерде «саһар» уақыты Құрандағы «Лайлату ал – Қадр» аяттарындағы таң сәрінің артықшылығы мен ерекшелігіне меңзейді. Бұл уақыт мінәжат уақыты, яғни Алламен бір сәтке бір болуды армандау, аңсау, дидарына сағыныса ұмтылу сәті, сағаты ретінде бағаласа да болады [4].

Көңілінде Құдай жоқ адам Күн шыққанша жатады, Күн шыққанша жатқан соң, Шайтанға дінін сатады!

Тағат қылған пендесі Сауапқа ақыр батады. Бағасы кеткен жігіттің Бетінен алар зайыбы, Бір Алладан басқаның

Көп дүр қылған айыбы! [3] – деуі құранда «Ықылас» сҥресі толығымен Алланың бір (жалғыз) екеніне, теңдесі жоқ, мұңсыз, кіршіксіз екендігіне ишарат етіп: «Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес» дейді [2].

«Алымға мойын ұсынбасаң, Мұсылман емес бір түгің!

Мүсәпірлік тартпасаң, Білмессің қадірін жұртыңның»

Алым дегеніміз – Құдайдың бір сипаты. Ақын Алла тағаланың сипатын қолдана отырып, бүкіл мұсылмандарды Аллаға күмәнсәз, күдіксіз бағынуды сұрайды [5]. Алым сөзінің мағынасы – білуші, яғни Алла бүкіл нәрсені білуші.

Құранда: «Алла әр нәрсені толық білуші» [2], «Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі» [2] дейді. Ілім сипаты Алла Тағаланың барша құбылыс пен табиғатты білетіндігін, бүкіл ғылымның Иесі екендігін білдіреді. Жаратушы Ие өткен, кеткенді, болғанды, болатынды, жарияны, жасырынды, бүтінді, бөлшекті, мысқалдай сыбырды тағы басқа болатын һәм болуы мүмкін әрекеттер мен құбылыстарды біледі. Яғни, алып қара тастар мен жеті қабат жердің астындағы тіршілік иесінің не істеп жатқанын да айна қатесіз біледі. Себебі, барлық нәрсе Алла Тағалаға әуел бастан белгілі. Құранда Алланың білімі жайлы былай деп баян етеді:

«Ғайыптың кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ тҥссе де, Алла оны біледі» [2].

«Сөздеріңді жасырсаңдар немесе әшкерелесеңдер де шәксіз Алла көкіректегіні, көңілдегіні толық біледі. Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші» [2].

«Расында Алла барлық нәрсені толық біледі» [2].

«Мұхаммед (с.а.у.) көрмедің бе? Шәксіз Алла көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Алла. Тағы бұлардан аз немесе көп тіпті қайда болса да, әрине Ол, олармен бірге болады. Сонан кейін қиямет күні оларға не істегендерін білдіреді. Шүбәсіз Алла әр нәрсені толық білуші» [2].

«Ол ғайыпты, көрінгенді біледі. Аса ұлы өте жоғары. Сендерден кім сөзді жасырса да, жарияласа да және кім түнде жасырынып, күндіз шықса да Аллаға бәрі бірдей» [2].

Майлықожа шығармаларында халықтық дүниетаныммен сабақтасып жатқан, мұсылмандық ойлау формасымен барынша қабысқан сакральды сипат – Алла есімімен іс жасау, яғни жырға «бісміллә» айтып кірісу үрдісі қалыптасқан. Бұл – Майлықожамен тұрғылас ғұмыр кешкен, сөз ұстаған көрнекті жыраулардың да шығармашылығына тән құбылыс. Қазақ топырағындағы қабырғалары тұлғалардың бір де бірі осы сара жолдан жаңылыс кетпеген [1].

«Бісміллә» деп бір Алла Бере ме жыласақ тілекті. Үкіміңізге разымыз Қуантқай біздің жүректі.

Майлықожа «Алал дінің иман нұр» атты еңбегінде, әрбір істі «Бісміллә» деп бастау керектігін, сонда ғана берекелі болып соңына дейін жалғасатынын, ал «Бісмілләмен» басталмаса кез келген істің аяқталусыз қалатынын айтқан.

Бісміллә қалам алалы Жад етіп жаппар дананы Нұсқаларда әр сөзде Алланың намы жоғары Сол себепті алдында

Бісміллә‖ деп салады Бісмілләмен айтқан сөз Орынына барады

Бей бісміллә деген сөз

Шайтанның депті амалы [3].

Майлықожа бұл шығармасында Пайғамбарымыздың сахих хадистеріне сҥйенген: Абу Хурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген. «Бісмілләмен басталмаған әрбір іс аяқталусыз қалады [6]». Ибн Хажар «Фатху ал – Бари» кітабында пайғамбарымыздың мына хадисін келтірген, «Бісмілләмен басталмаған әрбір іс, кесіліп қалады, яғни аяқсыз қалады» [6].

Алланың есімімен жыр бастау ойдың дұрыс өрлеуіне, тілдің тереңінен қозғауына, жалпы айтқанда мағыналы мұра қалдыруға басты себеп. Бұған біздің өз тарапымыздан келтіретін пікіріміз Майлықожа шайыр да осы сүрлеу-соқпақты шабытының қуатымен жаңғыртты. Алла есімінің киелілігін, қадірлілігін ұқтыруға талпынды. Оның жырларындағы Алла тағаланың есімі – медет, жәрдем сұраудың кілті:

Медед тілеп сөйлейін, Атын айтып Алланың. Алладан медет жетілсе,

Көңілде қалмас арманың [3].

Медет, мінәжәт, зікір – пенденің Алла тағалаға мұңын, зарын жеткізіп, одан көмек сұрауына басты жол. Біз бҥкіл істерімізде көмекті тек Алладан ғана сұраймыз. Алланың ешнәрсеге мұқтаж емес, керісінше адамдардың Аллаға мұқтаждығы жайында «Фатыр» 15 – аят айтылған: «Әй адам баласы! Аллаға мұқтажсыңдар. Алла тағала Ол, әр нәрседен мұңсыз, өте мақтаулы [2].

Жүректі кірден тазарту – рухани ілімнің ең маңызды саласы. Жүректі тазарту қажеттілігі жайында Майлықожа Сұлтанқожаұлы көп жырлаған. Ол бірде:

«Алланың аты ашады Көңілдегі қараңды, Нышаны дейді пейіштің Жазғы соққан самалдың, – десе, енді бірде:

«Алланың аты ашады Көңілдегі қараңды.

Адамның бәрі молда боп [3].

Қолына бір-бір нама алдың, – деп жүрек тазалығынң маңыздылығын көрсетеді. Алла Тағала, педесін жиған дәулетіне қарап емес, жүрегіндегі иманына қарап бағалайды, бұл жайында Муслим өзінің «Сахих Муслим» жинағында «Әбу Хурайрадан (р.а) Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алла Тағала сендердің бет – әлпеттерің мен дүниелеріңе емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген хадисті келтірген.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы «Ілімге толса көкірек» атты өлеңінде, білімді адамның көкірек көзі ашық болатынын, санасы жоғары болатынын және де ілімді мен ілімсіз адамның арасында «аспан мен жер арасындай» айырмашылық бар екенін ашық, айқын айтқан.

Ілімге толса көкірек Ашылар көзі сананың, Құлақ салсаң, жақсылар, Азырақ сөзді жазамын, Айтқан сөзің бармайды Көңіліне наданның, Аспан жердей парқы бар

Деп айтады адамның [3]. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты. Ислам – білім алуды міндетті деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Ислам дінінде ілім алуға өте үлкен мән берілген. Бұл сөзімізге Қасиетті Құранның алғаш түскен аяты дәлел: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласынн ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» [2]. Осы Құран аяттарынан-ақ ілім алудың маңызды, әрі биік дәреже екенін түсінеміз. Адам білім алу арқылы екі дүниенің қыр-сырын, мәнін түсініп жетеді. Адам баласы білім арқылы әр істің хикметін, Алла тағаланың разылығына жету жолдарын түсініп жетеді, нәтижесінде өз бойын жаман амал-әдеттерден сақтап, қоғам мен ел пайдасы үшін адал қызмет етеді. Білім иелері тіралы, білім алудың маңыздылығы туралы айтылған пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан хадистері жеткілікті. Сол хадистерге тоқталар болсақ, пағамбарымыз (с.а.у.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен»,-деп насихат айтылған. Қасиетті Құран мен сүннет тағылымдарына сүйеніп өмір сүрген мұсылмандар білім мен ғылымды негізге алып, ғаламға шуақ нұрын төкті. Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» [2]. Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Абу Дардадан жеткен хадисте былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді» Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадис шәріпінде былай деген: «Алла Тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп, сол ортаны қоршап, (білім үйреніп жатқандармен бірге) отырады. Ал, (ғылыми мәжілістен) қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала оларға: «Сендер куә болыңдар мен сол жерде (яғни, ғылым үйреніп) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, Жаратқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді». Тағы бір хадисте: «Олар (білім алушылар) сондай қауым олармен отырған адамдар ешқашан бақытсыз болмайды», – делінген. Демек, «білім ошағынан табылу – бақытты ортадан, Алланың жарылқауына іліккен топтан табылу» деген сөз.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы өзінің «Жақсы ісің» атты өлең жолдарымен жақсы амал мен жаман амал жайында, жақсы амал адам баласы үшін о дүниелік азық екенін, ал жаман амал үшін жазаланатындығын айтып жеткізген.

Тартасың жаман істің жазасын – ай, Жақсы ісің – ақыреттік азығың – ай, Жамандық арқандаулы ат секілді

Табады қайта айналып қазығын – ай [3].

Ислам дінінде жақсы амал мен жаман амалдың ара-жігі ашып айтылған, әрі ол амалдар үшін берілетін сый-сияпаттары мен жазалары да айтылған. Алла Тағала: «Иманға келген және ізгі амал жасағандарды, жақында астынан өзендер ағып жататын (Жәннаттағы) бақтарға кіргіземіз. Алланың хақ уәдесі бойынша, олар онда мәңгі қалады. Сөзде Алладан тура кім бар? (Бұл игілікке) сендердің (мұсылмандардың) қиял-армандарыңмен де, Кітап берілген қауымның қиял-армандарымен де жету мүмкін емес…», ‒ дейді [2]. Ибн Аббас (р.а): «Игі іс ‒ адамның жүзіндегі нұрды күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал, жаман іс ‒ жүзді қарайтады, жүректі қарайтады, денені әлсіретеді, ризықты кемітеді және жаратылыстардың ол адамға деген жек көрушілігін тудырады», ‒ деген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Анас ибн Маликтен жеткен хадисте «Қайтыс болған адаммен қабіріне үш нәрсе барады: туыстары, малы және амалы. Туыстары мен малы қайта оралады, ал жасаған амалы онымен бірге қалады» – деген, яғни адаммен тек қана амалы ғана бірге болады.

Қорыта айтқанда, Майлықожа Сұлтанқожаұлының діни тақырыптағы еңбектері толығымен Құран мен сүннетке негізделгеніне көз жеткіздік. Тарихта ата-бабаларымыз қалдырған мұра өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбие болғандықтан, алдағы уақытта бұл тақырыпты әлі де кеңірек зерттеу қажет деген ойдамыз.

Әдебиеттер

  1. Ысмайылов Е. Сын мен шығарма. – Алматы: –11-бет.
  2. Құран Кәрім қазақша мағына және тҥсінігі. Ауд: Халифа Алтай. – Алматы:
  3. Майлықожа шығармаларының жинақтары. Құр: Оспанұлы Ә. – Алматы: Шымкент, 2005. – 896 б.
  4. Алтынсарин Ы. Мұсылманшылықтың тұтқасы. – Алматы: – 79 б.
  5. Оспанұлы Ә.Майлықожадан тараған ақындар әулеті // Жұлдыз – – №10. – 11-17 б.
  6. Мұстафа ал-Бұға, Сағид ал-Хина Нузхатул-муттахин. – Ливан:
  7. Кенжетай Д., Омаров Ж. Майлықожа дүниетанымындағы Алла және оның сипаттары туралы // Әль – Фараби философиялық – саясаттанулық және рухани – танымдық журнал. – Алматы, – №4(32). – 7-15 б.
  8. Имам Жалалуддин ибн аби Бакр ас – Суюти. Жамиғус-сағир. – Ливан: – 591 б.

 

Ш. Әділбаева, М. Шоханова

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті

 

Соңғы жазбалар
Қазір оқылып жатыр
- Advertisement -spot_img

ПІКІР ЖАЗУ

Please enter your comment!
Please enter your name here