Талай жаратылыстың жаратылу сыры айтылған Құранда былай делінген: «Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта! Ол жаратады да, ең керемет әрі үйлесімді кескін‑келбет береді. Ол әр нәрсе үшін белгілі бір өлшем (яғни, әрбір жанға өлшеулі өмір, өзіндік ерекшеліктер және мақсат) белгілеп, оны сол ұлы мақсатқа қарай бағыттайды. Сондай-ақ Ол шүйгін шөпті, өсімдік атаулыны шығарады. Содан кейін оларды солып, қара қошқылданып селмен аққан шіріген қоқысқа айналдырады». («Ағлә» сүресі 87:1, 2, 3, 4, 5) Шикізаттар қатарында айрықша орынға ие мұнайдың фоссилизация процесі барысында пайда болатыны көпшілікке аян. Фоссилизация – микроорганизмдердің, теңіз жануарлары мен өсімдік қалдықтарының жер қойнауында шіріп, іріп кетуі. Миллиондаған жылдардан кейін теңіз астында бұл қалдықтар майлы затқа айналады. Қалың лайдың астында қалған май қалдықтар бірнеше химиялық реакциялардан кейін, олардан газ бен мұнай пайда болады. Жер қыртысындағы қозғалыстардың әсерінен теңіздер құрлыққа айналады да, мұнай қабаттары мыңдаған метр тереңдікке барады. Жер қойнауында жатып, жетілетін мұнай жоғарыға қарай шыға бастайды. [1] Әдетте бұндай жағдай теңізде орын алады. Майлы мұнай қоюланып, теңіз бетіне шыға бастайды. Жоғарыдағы «Ағлә» сүресінде Алла мұнайдың пайда болуы жөнінде нақты айтқан. Мәселен, 4-ші аятта: «Сондай-ақ Ол шүйгін шөпті, өсімдік атаулыны шығарады», – делінген. Онда «әлмара’а» деген сөз бар. Қазақшаласақ, «шөп», «көгал», «жайылым», «өсімдік» деп аударылады. Яғни бұл мұнайдың пайда болу процесінде елеулі орын алатын – органикалық заттар. Ал, сүренің 5-ші аятында Алла: «Содан кейін оларды солып, қара қошқылданып селмен аққан шіріген қоқысқа айналдырады», – дейді. Мұндағы «қара» сөзі арабшада «аһуа» деп берілген. Бұл сөз нақтырақ «қара жасыл түс», «жасылданған қара түс» деген мағына береді. Байқасақ, екі аят арқылы Алла мұнайдың фоссилизация процесі арқылы пайда болатынын айтқан. Ал осынау екі ұғым «ғусаан» сөзімен байланысып тұр. Оны арабшадан тәржімаласақ, «шірігеннен қалған қалдықтар, селмен ағып келген балдырдың, өсімдік атаулының қалдығы, езілген қоспасы» деген мағыналарды қамтиды. Сондай-ақ өзге аудармаларда бұл сөз «селден қалған шөгінділердің шіріген қоспасы», «жердің мұнай шырышын сыртқа бүркуі» деп аударылады. [1]
Ғылым-білім қазіргідей деңгейге жетпеген кезде мұнайдың пайда болу процесі жөнінде ешқандай зерттеу жұмысы жүргізілмегені анық. Шөл далада күйбең тірлікпен жүрген қауымның осындай ақпаратты кітапқа жазып қоюы да мүмкін емес. Аяғының астында көл-көсір байлықтың бар екенін білмеген сол кездегі халықтар мұнай өндірумен бүгінде экономикасы жоғары елге айналған. Десек те олар сол жетістікке ғылым дамыған соңғы ғасырларда ғана қол жеткізді. Ғалымдар мұнайды зерттеп, аталмыш фоссилизация процесін дәлелдеп шықты. Әлем дамыған сайын құпия сыры ашыла беретін Құранда бұл процес 14 ғасыр бұрын айтылған болса, бұл жай кездейсоқтық деу адамдыққа жата ма?!
Сондай-ақ аяттағы «ғуса» сөзінің өзі «селмен аққан», «тасқын су» деген мағына береді. [2, 146] Ғылымға сүйенсек, мұнай папоротник пен балдыр тәрізді жасыл желектердің (шөптер) тау жыныстары арасында және ұзақ уақыт өткеннен кейін әртүрлі бактериялық процестерге ұшырауынан пайда болды. Бүгінде мұнайдың негізгі көзі органикалық заттар екені расталды. Адам жаратылғанға дейін пайда болған шөпті жерлер болашақта мұнайға айналу үшін өскен. Жалпы теңіз түбіндегі органикалық қалдықтар миллиондаған жылдар бойы ыдырап, тек майлы заттар қалды. Майлы заттар лай астында қалып, уақыт өте келе лай жабысып, тау жыныстарына айналды, ал ең төмендегі майлы заттар мұнайға айналды.
Аятта айтылғандай мұнай «тасқын судың» сипатын көрсетеді. Негізінен мұнай пайда болған жерден басқа жерлерге қоныс аударады. Яғни, мұнай шыққан жерінде тапжылмай тұратын қазба байлық емес. Мұнай әрдайым ағып тұратып, бір жерден екінші жерге ауысатын, жер қабаттарының астында тасты қатты қабатқа тап келсе, сол жерде жиналуға бейім қазба байлықтың бір түрі. Қазіргі күні пайдаланылып жатқан мұнай кен орындары осындай қатты жерлерге жиналған мұнай көздерінен алынып жатыр. Қысқасы мұнай аяттарда айтылғандай:
- Ол жайылымды шығарды.
- Содан кейін оны қара тасқын суға айналдырды.
Теория бойынша:
Ол өсімдіктер сияқты органикалық заттардан алынады.
Қалпы қою түсті.
Ол тасқын су сияқты әрекет етеді.
Мұнайдың жер бетінде атқаратын рөлі
Әйгілі Британ энциклопедиясында мұнай тарихы жөнінде былай делінген: «ХІХ ғасырдың ортасына дейін шикі мұнай табиғи түрде жер бетіне түсетін орындарда пайда болған шөгінділерде жиналды. Ол көбінесе адамдарға ұнамсыз зат болып саналды, өйткені ол жануарлар ішкен бұлақтарға немесе тұзды су алу үшін ұңғымаларға ағып кететін. 1850 жылы АҚШ-та Феррис және одан кейін Кир сынды зерттеушілер мұнайды шам майы ретінде пайдалануға болады деген оймен алғашқы зерттеу жұмысын бастады. Ал Эдвин Л. Дрейк, 1859 жылы 27 Тамызда 21 м тереңдікте жер астынан мұнай табады. Киттерді аулау сияқты қауіпті жұмыстарға қарағанда мұнай шам үшін майдың сапалы және арзан көзі болғандықтан, ол керемет шикізат саналды. Дәл осындай қарқынмен жасалған зерттеулер нәтижесінде мұнай дәуірі басталды».
Мұнай өндіріле бастаған соң, оны тұтынатын орындар да көбейе берді. Алла бұл шикізаттың құрамына сан түрлі химиялық қасиеттерді дарытқан. Айталық, мұнай өңделеді, содан кейін жалпы адамзатқа әртүрлі жағдайда қызмет етеді. Бізге жақсы таныс жанармай мен керосин – мұнайдан жасалатын танымал өнімдер. Ал сіз бұлардан басқа да заттардың аталмыш мұнай қоспасынан жасалатынын білесіз бе? Мәселен, майшам мен лак, иіс сулар мен косметика да, сондай-ақ ірімшіктің бұзылуына жол бермейтін кей заттар да мұнайдан жасалады. Сонымен қатар жәндіктерге қарсы қолданылатын пестицидтерде басқа да мұнай майлары бар. Этилен, тырнақты жылтырату үшін қолданылатын ацетон, жасанды резеңке, пластик, сұйық жуғыш заттарды жасау үшін қолданылатын химиялық заттар мен кейбір дәрі-дәрмектердің құрамын да дәл осы мұнай майы бар. [2, 147] Оның үстіне біз тұтынатын көптеген тоқыма өнімдері де мұнайдан алынған заттардан жасалған.
Әлемде мұнай қоры көп мемлекеттер бар. Айталық, Сауд Арабиясы, Венесуэлла, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар сынды елдер қазір осы шикізат көзінің себебімен байып отыр. Қазақстан болса мұнайлы елдер арасында 11-орында. Бұл жоғары көрсеткіш деуге болады. Ал шығыстағы Жапония сынды елдерде мұнай секілді қазба байлықтар болғамағанмен, олар дайын шикізатты мұнайлы елдерден сатып алып, өздері көлік және тұрмыстық технология өнімдерін жасап шығарады. Салыстырмалы түрде арзанға алынған шикізат дайын өнімге айналған соң, екі есе не одан да жоғары бағамен шығынды ақтап алады. Қызығы, шөптің шіріп кетуінен басталған оқиға су тасқыны сияқты жер астында ағып жатқан мұнай шөгінділерімен, жейде, лак немесе көлік бөлшектерін жасаумен жалғасады.
Ғаламдағы газ құрылымы
Содан кейін (шексіз ілімін, қалауын, құдіреті мен шарапатын) ол кезде тұмандық (газ бұлты күйінде) болған көкке бұрды (қаратты) да көк пен жерге: «Мейлі өз еріктеріңмен, мейлі еріксіз түрде болсын келіңдер (әміріме мойынсұныңдар)!» – деп, бұйырды. Сонда олар: «Біз әміріңе мойынсұнған күйде өз еркімізбен келдік», – деді. («Фуссилат» сүресі, 11-аят)
Құрандағы газ туралы мұғжиза сырға өтпес бұрын, осы аяттың аудармасы туралы пікірімізді айта кетейік. Сөйлемнің басында тұрған «содан кейін» сөзі араб тілінде «суммә» деп айтылады. Аталмыш сөздің «екінші жағынан», «содан соң» деген мағыналары бар. Сондықтан осынау «суммә» сөзі қазақ тіліне «содан кейін» деп аударылған. Аяттағы «тұмандық (түтін)» немесе «газ» деп аударылған сөздің арабшасы – «дуһан». Дуһан – әдетте газ тәрізді элементтен және атмосферада аз, тұрақты, қозғалмайтын ұсақ бөлшектерден құрылады. [2, 44] Аяттан мына ғаламның алдымен газ күйінде болғаны, одан кейін Алланың қалауымен бүгінгі таңдағы тіршілікке ыңғайлы күйге келтірілгенін түсінеміз.
Біздің Жер мен Күн, миллиардтаған жұлдыздар Үлкен Жарылыстан (Big Bang) соң бірден пайда болмаған. Кез келген жұлдыз пайда болғанға дейін ғалам газды бұлт түрінде болды. Ал осынау газ бұлтының негізі сутегіден құралған. Сутектен кейін пайызы басымдау болған элемент гелий еді. Осынау газ бұлттарында кейінірек пайда болған тығыздалу және көбеюлер жұлдыздардың, түрлі планеталардың пайда болуына тікелей әсер етті. Жер шары мен күлімдеген Күн де, жымындаған жұлдыздар да – бұл газ бұлтының ең алғашқы сатысы еді. Айта кетерлігі, біздің осылардың қалай пайда болғандығынан бүгінде хабардар болуымыз – ғылымның дамуына үлес қосқан өнертабыстардың, бақылаулар мен зертханалық жұмыстардың нәтижесі. Ал аятта бұл 1400 жыл бұрын айтылған. Дәл осындай ғылыми тұжырымды телескоп ойлап табылмаған, астрономия дамымаған сол кезеңде адам баласының айтуы мүмкін бе? Құранды Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жазған деп пікір айтатын кей адамдарға дәлел ретінде осынау бір ғана аяттың өзі жеткілікті емес пе?! Расында, Мұхаммед Пайғамбар – Құранды жазбаған, керісінше оны жеткізген. Ал Құран – адамның емес, Алланың сөзі.
Магнолия гүлі де газдан пайда болғанын білесіз бе?
Құранның ғылыми мұғжизалары тағы бір мұғжиза пайда болсын немесе Құранның ақиқат екенін адамдар түсінсін деген мақсатта ғана айтылмағынын байқаймыз. Иә, бұл мұғжизалардың барлығы Құранның Алла тарапынан жіберілгенін және басқа ешбір кітаптың Құранмен бәсекелесе алмайтынын дәлелдейді. Сонымен қатар, кереметті құрайтын аяттар өте маңызды ақпарат береді. Сондай-ақ Алланың жаратуындағы жай көзге көрінбейтін дәлдіктерге және әдеттен тыс жағдайларға назар аудартады. Құранның бірде-бір аяты Динозарвлардың өмір сүргені, олардың қалай жойылғаны туралы ақпарат бермейді. Құран түсіріліп жатқан уақытта ешкім білмейтін бір мағлұмат онда мұғжиза ретінде айтылуы маңызды тұстың бірі ғана емес. Расында ең маңызды нәрсе – сол аяттардың мағынансы үңіліп, адамзаттың Раббысының құдіретін тануы. Егер осы аятты мысалға алатын болсақ, Құранның 1400 жыл бұрын Ғаламның бұрын газ тәрізді күйде болғанын түсіндіруі – ғажайып бір мұғжиза. Алайда, үнемі кеңею үстінде болған осындай ғаламат ғаламның газ күйіне тәуелді болып қалмауы, Алланың физикалық заңдылықтарына сәйкес осы газдардан жұлдыздардың, галактикалардың, адамдардың һәм жайқалып өсетін магнолияның қалыптасуы да – Алла Тағаланың бір мұғжизасы. Құран мұғжизаларына қарап отырып, аяттар түсіріліп жатқан кездегі адамдардың сана-сезімдерінің деңгейіне қарай олардың терең мәселелерді қозғауы бір мұғжиза десек, оған қоса аят мәтінінде айтылып жатқан ақиқатқа да көз жұма қарай алмаймыз.
Сапалы жұмыс атқаратын заңдылықтар
Жоғарыда газ бұлттары қысылып, жұлдыздарды құрайды дедік. Бұл – жоғары дәрежеде жасалған жаратылыс заңдылығы. Гравитациялық күштің қатты жұмыс істеуінінің нәтижесінде жұлдыздар пайда болады, алайда тартылыс күші тоқтамай жұмыс жасау арқылы оларды жойып жібермейді. Тартылыс күшін осындай өлшеммен жұмыс жасатып тұрған қандай құдірет? Бұл өлшем, бұл тепе -теңдік бүкіл нәрседен хабардар бір Жаратушының бар екеніне ишарат жасап тұрған жоқ па?! Ғаламда қойылған заңдылықтар жұлдыздардың да қалыптасып, дамуына мүмкіндік беретіндей кейіпте жаратылған. Осылайша бұлардың бәрі Жаратушының ғаламды жаратудағы мақсат-мұратын айқындай түседі. Гравитациялық күш – бұндай өлшемді, дәлдікті өздігінен есептеп барып жасай алатындай сана-сезімге ие емес. Егер Жаратушы тартылыс күшін жаратпаса, не болатынын елестетіп көріңізші. Мәселен, жұлдыздар, планеталар мен Ай теңселіп кепесі үшін қалың шынжырмен байланып тұрса, онда ғаламда қандай хаос болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Осылардың қазір аман тұрғанына қарап, Жаратушымыз тартылыс заңын орнатумен бұл істі қаншалықты дәл шешкен дерсіз. Исаак Ньютон (1642-1724) – Алла Тағала жаратып қойған заңдылықтың алғаш сырын тапан ғалым. Ол тарихта гравитацияны алғаш ашты. Бірақ ол да, көптеген физиктер де ғаламның бірінші кезекте газдан құралғанын білмеді. Құранға дейін де, Құраннан мың жыл кейін де.
Ньютоннан кейін Күн газды бұлттың қысылуынан пайда болды деген ойлар айтылды. Мысалы, Лаплас 1796 жылы шыққан «Жер жүйелерінің түсіндірмесі» кітабында Күн газ бұлттарының гравитациялық қысылуының нәтижесінде пайда болды және Жер Күннен бөлінді деп тұжырымдады. Кейінірек британдық физик Клерк Максвелл өзінің математикалық тәсілдерімен Жердің Күннен бөлінгеніне қарсы шықты. 1943 жылы Вейзсокер, содан кейін Тер-Хаар, Чандиосехор және Куйпер осыған қатысты өз теорияларды жасады. Тіпті Уилсон тауы мен Паламар телескоптарымен жүргізілген бақылаулар да талқыға түсті. (Құранда Жердегі тіршілік Күннен пайда болғаны туралы ешқандай түсініктеме жоқ). [2, 46] Десе де бүгінде ғаламның әу баста газ тәрізді болғандығына қатысты ешқандай дау жоқтығын көреміз. Қорытындылай келе айтарымыз, Алла сәулесін шашқан Күннен бастап, сылдырап аққан өзенді, көп сыры тұңғиығында тұнып жатқан мұхитты газ бұлтынан жаратты.
«Енді кім қаласа, (Құранға) ой жүгіртіп, ғибрат алсын». («Абәсә» сүресі, 12-аят)
Ораз Елмұрат
Дереккөз:
- kz
- Kur’an Hiç Tükenmeyen Mucize